Сенбі, 23 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 2701 10 пікір 22 Шілде, 2023 сағат 12:04

Ермек Тұрсынов дұрыс айтты ма?

Кешелі бері Ермектің «Экономика көтерілмейінше қазақ тілі оған кедергі» деген сөзі қатты талқыланып жатыр.

Әрине, Ермек жәй бір елеусіз жан болса, оны ешкім елемес те еді...

Алайда, Ермек танымал тұлға. Ол қоғам дамуы заңдарына сүйеніп, ақиқатты айтты.

Шынында да, егер тіл қоғамдық қатынастар жүйесін даму мүмкіндігіне сай қамтамасыз ете алмаса- соның ішінде экономика (бизнес) да бар - онда Экономика (не басқа салалар) өзіне ыңғайлы коммуникация құралын (тіл) (егер мемлекет тарапынан бақылау болмаса) табиғи түрде сұрыптап таңдайды.

Ермектің айтуы осы!

Бұл жағдай Ермекке де, басқамызға да тәуелді емес.

Негізі, бұл туралы 15 жылдай бұрын сарапшы қызымыз Толғанай Үмбеталиева да айтқан. Ол: «Дәл қазір қазақ тілін күштеп ендірсек, бірқатар салада регересс болуы мүмкін. Бірақ біз болашақты ойласақ ондай «шығынға» саналы түрде баруымыз керек» деп... (Дат газеті).

Сол кездегі билік еш шығынға барғысы келмеді. Ақша ұрлаудың қалыптасқан ретін бұзбай, өз мемлекеті мен халқын тонауды қалады....

Ермектің қателескені де осы тұста! Себебі, сол заманғы зор тонаушылық өзге тіл (орыс тілі) арқылы жүзеге асты. Ол сонымен экономиканы қарқындата отырып, ұрланатын ақша көлемін де көбейтті!

Ақыр соңында 167 млрд доллар шетке кетті. (Біреулер одан да көп дейді).

Осының бәрі «өзге тіл аясында» жасалды.

Яғни, «өзге тіл» дамуға ғана емес, жалпы мемлекеттік экономиканы құлдыратуға да бірдей ықпал етті.

Енді, сол жағдайда Қазақ тілі үстемдігін күшпен орнатқанда не болар еді?

Ұрлық болмас па еді?

Меніңше, сол кезден бар саланы қазақы тілге көшіргенде, «тіл әлсіздігінен» пайда болатын регресстік шығындар «елден ұрланатын қаржы» шығынын әлдеқайда төмен етері сөзсіз еді.

Себебі, сол кездегі «қазақыланған экономикаға» шеттен келіп жатқан небір алаяқтардың араласуы қиындап, бұл олардың «қызметіне» (тонау) тұсау болып (тілдік барьер), оның қарқынын тежеуші еді... (мысалы, 100 млрдтың орнына 50 млрд дегендей... Ұрламау мүмкін емес еді ғой)...

Жоқ, олай болмады.

Біздегі экономикалық тілді (орыс тілін) экономиканың өсуі не дамуы принципі таңдаған жоқ. Оны КОРРУПЦИЯЛЫҚ ЖҮЙЕ таңдады....

Енді, осыған қарсы күрес жүріп жатқанда, Қазақ тілін толық қатынас тілі ету керек....

Ол ұрлаған дүниесін қорғау үшін сыбайластардың бірігіп кетпеуіне септігін тигізіп, коррупционерлердің жылдам қорғанысқа көшуіне кедергі болады. Яғни, ендігі «коррупция тетігіне» айналған қатынас құралының әлеуетін төмендетеді.

Коррупция мен «коррупциялықтіл» құралын жетік меңгергерген ескі кадрларды мем.басқару жүйесінен ығыстырып, осы бағыттағы ахуалды тазартуға ықпал жасайды.

Ермек осыны көрмей, мүлт кетті.

Бірақ, онда ешқандай бөтен ниет жоқ.

Оның сөзі - өз халқына деген сүйіспеншіліктен туып жатыр.

Ол экономист емес, ол - киногер, суреткер, қайраткер.

Халқым қалай, қайтсе көтеріледі деген адам!

Сондықтан, демография мен тіл түзеліп келе жатқанда «экономикалық даму ырғағын» бұзбасақ деген ой айтты. Жақсылық болсын деп айтты!

Бірақ, Ермек, мен айтар едім - біз қалайда «қазақ тілінен келетін шығынға» баруымыз керек!

Болмаса, «Қазақ халқының тарихи субьектіге айналу процесін» экономиканың дамуы жолына құрбандыққа шалып жіберуіміз мүмкін, байқаусызда...

Онда бізге ақшаның да, экономиканың да қажеті не?

Осыны түсінерсің деп ойлаймын, қадірлі Ермек бауырым.

Әбдірашит Бәкірұлы,

философ

Abai.kz

10 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394