Біз – қазақ ежелден... (жалғасы)
Басы: Біз – қазақ ежелден...
Жалғасы: Біз – қазақ ежелден...
Өзіңді-өзің тану тәжірибесінен
7.
Шапырашты руы жайындағы тауарих бастауында, күллі Үйсін шежіресінде айрықша қадірленетін Бәйдібек баба тұр. Бәйдібек Қарашаұлы туралы әңгімелер мен аңыздар өте көп. Соңғы он жылдықтарда шыққан әртүрлі деректер келтірген кітаптар да баршылық. Соларды қорыта қарап, ортақ ой қорытқан, сөйтіп, «Бәйдібек баба – алып бәйтерек. Ұрпақтар шежіресі» аталатын қалың шежіре кітапқа алғысөз берген ғалымдар мен тарихты сүйетін азаматтар: Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академиктері, тарих ғылымының докторлары, профессорлар Әбдуәлі Қайдари, Бәйдібек Төлепбаев, Кеңес Нұрпейісов, Карл Байпақов, Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртаза, филология ғылымының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбеков, жазушы, тарихшы Байұзақ Албани, тарих ғылымының докторы, профессор Мәмбет Қойгелдиев, геология-минералогия ғылымының докторы, профессор Әділхан Байбатша, жазушы Әшірбек Көпіш, жазушы, тарихшы Бақгияр Әбділдәұлы, тарих ғылымының докторы, профессор Талас Омарбек, тарихшы-шежіреші Аубай Байғазыұлы, сондай-ақ, Қазақстан Ұлттық Ат спорты федерациясының президенті Қайрат Сатыпалдыұлы Сатыпалды. Міне осылар арнайы жобаның бастауында тұрды. 2000 және 2006 жылдары үлкен-үлкен кітаптар шығарды. Солардың Шапырашты руы шежіресіне апаратын кіріспе әңгімесінде Ұлы жүз Үйсін Бәйдібек баба жайында айтқан зерттеу пікірлеріне көз жүгіртелік.
Ағыл-тегіл аңыз-әңгімелердің мазмұнын ой-саналарына терең сіңіре отырып, олар аты аңызға айналған «нақтылы өмір кешкен, орда ұстап, отау көтерген тұлға» Бәйдібектің өзіне дейінгі аталарының да тарихы болғандығын парықтайды. Ал оның ұлдары мен қыздары, өзінен кейінгі үрім-бұтағы әр ғасырларда халық тарихының алтын діңгектері болған екен. Келесі буындарға аңыз-әңгімелер ғана емес, барынша нақтыланған тарихи деректер қалдыруды мақсат еткен авторлар тарихи генеологиялық қисынға сүйене отырып, мейлінше әділетті болуды мұрат ете келе, Қарашаұлы Бәйдібектің туып-өскен, ту тігіп билік жүргізген мемлекетінің аумағын былай белгілейді: «батысында – қазіргі Сыр алабын, күнгейдегі – Ыстық көл алабын, жеті Алатау және Қаратау жоталарын, Жетісу өзендерінің бойын, терістігі – Ұлытаудан ары асатын кең жазықты, шығысында – Алтай, Ертісті қамтыған ұлан дала».
Авторлар бұл деректің бізге – әрісі Батыс және Шығыс елдерінде нұсқалары сақталып тұрған М. Қашқари (XIII ғ.), Ж. Баласағұни (XI ғ.), М.Х. Дулати (XVІ ғ.) еңбектерінде, арабтың саяхатшы ғұламалары Ибн Хордадбек (ІХ ғ.), Кудама ибн Жафар (Х ғ.), Ибн Ыдырыси (XIII ғ.), тарихи жазбаларында, берісі – Н.Я. Бичурин, В.П. Васильев, Н.В. Кюнер, Л.Н. Гумилев, Лю Маоцайдың ғылыми тәржімелері арқылы жеткенін атап өтеді. Қытай шежірешілерінің жылнама кітаптарында анық көрсеткеніндей, аталған кеңістік б.з.б. V–IV ғасырлардан бастау алып, б.з. VІ–Х ғасырларындағы Түркі қағанаттары мен қарахандықтар мемлекетінің дамуына дүмпу берген ежелгі Үйсін мемлекетінің төл өлкесі болатын. «Көне тарихи тұлғалардан тараған ұрпақтарының бірі – Қараша бидің баласы – Бәйдібек Баба өзінің түп атасы Үйсіннің тарихи тізбегін үзбестен осындай кең аймақта тайпалық одақ құрып, сол мекендерде үрім-бұтағының туын тігіп кеткен тарихи тұлға».
Бұдан әрі авторлар деректі жазбалардың көпшілігінде Бәйдібектен бертінгі кезеңдерден әрқилы мәліметтер барын, тек оларда оның өмір сүрген кезеңі көрсетілмегенін айтады. Мәселен, Жалайыр Қадырғали би Қосымұлының қалдырған жазбаларынан Қара үйсін деген атаудың Үйсіннің бертінгі Қараша – Бәйдібек тармағы екендігін анық аңғаратындарын сөз етеді. Олар Жетісу өзендері бойының шұрайлы жерлеріне қалалар салдырып, көп ғасыр бойы бірінен соң бірі билік құрып келген. Бәйдібек Қарашаұлы өмір сүрген кезең туралы тарихи деректер қытай жылнамаларында кездеседі. Олардан алынған деректерді қалың қауымға орыс ғұламалары Н.Я. Бичурин, Л.Н. Гумилев және басқалар жеткізген.
Сонымен, Бәйдібектің әкесі Қараша хан (530–604) Батыс Түрік хандығын әкесінен, 576 жылы қайтыс болған ұлы қаған Естеместен мұралаған. Қараша немесе Қараша би, қытай жазба деректеріндегі Қараша хан – қазақ халқының белгілі айбарлы тұлғаларының бірі. Қараша ханды қытайлар Дяньгу, ал Л. Гумилев оны түркішелеп Қара Чурин деп жазған. Ел билеу сырларын ерте ұғынып, сан соғыста шыныққан тәжірибелі Қараша таққа отырып, хан болған кезде, мемлекет барынша нығайған. Қараша хан мемлекет ордасын әкесі Естемес (кейде Естеми, Иштими, ал қытайша Шиндяньми) қаған мекендеген Түркібасы – Мыңбұлақтан ежелден Үйсін мемлекетінің астанасы болған Есік аңғарына, қазіргі Қараша тауларының баурайына ауыстырады. Мемлекетте тыныш заман орнап, ел Қазақ Даласын еркін жайлайды.
Қараша ханның жасы ұлғайған кезде шығыстағы азулы көршісі Қытай қалың қолмен соғыс ашады. Бірлігінен ажырай бастаған елін, бытырай бастаған билерін икемге келтіре алмаған Қараша хан ордасын тастап шегінуге мәжбүр болады. Тараздың іргесінде өткен осы қырғын соғыста 74 жастан асқан Қараша хан 604 жылы қаза тапқан деп Қытай жылнамашылары жазып кеткен. Тараздың шығысындағы Қараша қорғандары деп аталатын жалпы саны 95 төбелер тізбегі сол қанды соғыста қаза тапқандар жерленген, қазір бізге қорғандар ретінде жеткен ескерткіштер. Осы қорғандарға археологтар қазба жұмысын жүргізіп, көптеген құнды мәліметтер тапты.
Қазақ жеріне сұғына кірген қытайлар тұрақтап көп тұра алмаған. Шешуші сәтте мемлекет билігін өз қолына алып, елдің басын біріктірген Қараша ханның кіші ұлы Бәйдібек басқыншыларға соққы берді. Осы соғыста ерекше талантымен танылған 18–20 жас шамасындағы Бәйдібек хан сайланады. Ол ағасы Байтулы (Байдолла) екеуі бірігіп қимылдайды да, басқыншыларды Еренқабырға тауларынан асыра қуып, ежелгі мекендерді – Тұрфан өлкесіне дейінгі жерлерін қайта азат етеді.
Қытай билеушісі жеңілгенін мойындап, толысқан жігіт Бәйдібек ханға ежелгі салт бойынша қызын беріп, бейбіт келісімге келеді. Осыдан кейін қытайлар қазақ жеріне ұзақ уақыт соғыс ашпаған. Тек өздерінің жеңістерін ғана жырлап, жеңілісі туралы жазбайтын Қытай жылнамашылары бұл оқиғалар туралы толық дерек келтірмейді.
«Сыр алабынан Тұрфан алқабына дейінгі байтақ өлкеге Бәйдібек хан 604-жылдан өмірінің соңына дейін билік етеді. Ал, Байтулы бабамызға келсек – ол қазіргі Ыстық көлдің батысы, Нарын өзенінің алабын, Ферғананы және Ташкенттің оңтүстігін қамтитын өлкені мекендеп, билігін жүргізген. Оның есімі осы өлкедегі Алатау жүйелерінің бірінде «Байдула тауы» деген атпен сақталған».
Тарихта қалған шежірелерге сүйенген аталған ұжымдық авторлар белгілі бір уақыт кесінділерін айқындап көрсете отырып, мынандай бұтақты түзеді: Ұлы жүз Үйсін (б.з.б. V–IV ғғ.), Ақарыстан – Ұзын Сақал Ибрайым (Жұмабай), одан Күрті, одан Кейкі би (Киікбай), одан Төбей би, одан Құйылдыр, Қоғам, Мекірейіл, Майқы тараған. Майқы би христиан жыл санауына дейінгі І ғасырдан біздің заманымыздың І ғасырларында – дәуірлер тоғысында өмір сүріп билік жүргізген.
Қоғамнан – Бәйтерек, одан Қаңлы, Шанышқылы (Қатаған) тараған.
Құйылдыр мен Мекірейілден тараған ұрпақтар басқа елге барып, солардың әдет-ғұрып, дәстүрін қабылдап, сіңіп кеткен.
Қатаған мен Қаңлы Үйсіннің жетінші ұрпақтары. Қатаған Үйсін мемлекетіне Дәу би билік жүргізген кезде Грек-Бактрия елдеріне әскер бастап барып, үлкен жеңістерге жеткен. Өзі осы елге билік жүргізген. Сол өлке Ауғанстанның Қатаған аймағы деп аталады. Памир, Ауған тауларында Қатаған атты асулар, қамалдар сақталған. Қатағанның ұрпақтары (шанышқылылар) қазақ халқының бір тайпасы.
Қаңлы енші алып шығып, Үйсін мемлекетінің батысындағы Сыр алабында билік жүргізген. Бұл алап б.з.б. ІІ – б.з. XI ғасырлары аралығында Қаңлы мемлекеті аталған. Қазір қаңлылар қазақ халқының құрамындағы көрнекті тайпа.
Майқыдан – Бақтияр, одан Ойсыл мен Үйсіл. Ойсылдан он екі ата Сіргелі. Үйсілден – Жансақал, Жансақалдан – он екі ата Жалайыр (Тарақ), Ақсақалдан (Абақ) – Айдарлы, Сақалды тараған.
Айдарлы мен Сақалды – егіз.
Сақалды Керей елінің ішіне барып бір қызға үйленеді де, сонда қалып қояды. Одан тараған ұрпақ Абақ Керей аталып, он екі атаға бөлінетіні айтылады.
Айдарлыдан – Асан мен Қараша шығады.
Асан үйленбей өткен адам екен.
Қарашадан – Бәйдібек, Байдолла тарайды.
Байдолладан – Айтыкел, одан Шақшам, одан Атым, Сары, Имам, Жәнібек, Қазақбай, Қара деген аталар шыққан.
Бәйдібек жайлы ертеректе ел арасында сақталған аңыз-әңгіме де, жыр да, шежіре де мол.
Халық жадындағы көп деректер Бәйдібек бидің жеке өміріне байланысты. Оның үш әйелі болған.
Бірінші әйелі Сарыбәйбішеден он ұл туған. Солардың біреуі – Байтоқтыдан (кейбір деректерде Сарыбайдан) Түркеш (Сарыүйсін) дүниеге келеді.
Екінші әйелі Зеріптен Жәлменбет туған. Жәлменбеттен Шапырашты, Ысты, Ошақты өрбиді.
Үшінші әйелі Нұрила – Домалақ ана деген атпен белгілі. Домалақ анадан туған Тілеубердіден (Жарықшақтан) Албан, Суан, Дулат тараған.
Бәйдібек бидің осы аталған немерелері Сарыүйсін, Шапырашты, Ысты, Ошақты, Албан, Суан және Дулат – қазіргі қазақ тайпаларының аталықтары болып табылады.
Авторлар Бәйдібек бидің үшінші әйелі Нұрила жайында мынандай деректер береді: «Домалақ ана (Нұрила) қазақ даласына VІІ ғасырда жеткен Араб халифатының әскери өкілдерінен бұрын бейбіт мақсатпен келген, ислам дінін уағыздаушыларының бірі болған араб дегдарының қызы. Өзі де елді имандылыққа шақырып, жас кезінен сәуегейлігімен танылған. Осындай игі ісімен, тартымды қылықтарымен Бәйдібек бабамыздың ерекше назарына іліккен. Елге танымал болған Домалақ ана немерелері Албан, Суан, Дулатпен қатар, Бәйдібек баба билігінің күллі ауқымында жалпы қауымды терең имандылыққа тәрбиелеп, Қазақ Даласында мәдениет пен ізгілік таратушысы болған»[1].
Нұрила (Домалақ Ана) жасынан сөзіне жұртты ұйытатын сәуегей, жаратушы бір Алланың күшімен болған және болатын оқиғаларды күні бұрын біліп отыратын көріпкел, әулие кісі болған екен. Ол кісінің сондай қасиеттеріне жалпақ елдің түкпір-түкпіріндегі замандастары мен кейінгі ұрпақтарының көзі анық жеткен, сондықтан да қай кезде де таң тамаша қалып отырған көрінеді. Бәйдібек баба әулетінің күндердің күнінде өсіп-өніп, кең жайылып, мол тарайтынын да Домалақ Ана көрегендікпен айтып кеткен екен деген аңыз ел арасыңда кеңінен тараған.
Осы жерде осынау ғажайып кісі жайындағы Ұлттық энциклопедияға кірген деректі келтіре кету орынды болмақ. Онда есімі ел ұранына айналған абыз аналардың бірі – Домалақ ананың (Нұриланың) өмір сүрген уақыты нақты даталармен көрсетілген: 1378 жылы Түркістан қаласында туған да, 1456 жылғы 28 мамырда Қаратау қойнауындағы Балабөген өзенінің жағасында дүние салған делінеді[2]. Нұрила – түркістандық Мақтым Ағзам қожаның немересі. Әкесі – Әли Сылан, шешесі – Нұрбике, нағашы атасы – Моғолстанның билеушісі болған Уәйіс хан. Әкесі Әмір Темірдің әскерінде қызмет еткен. Өмірін әскери қызметте, жорықта өткізген адам. Ал анасы ерте қайтыс болған. Жетім қалған Нұрила атасы Мақтым Қожаның қолында тәрбиеленеді.
Мақтым Қожаны Бәйдібек би шақыртып, ол сонда Қаратау маңына қоныстанады да, мектеп-медресе ашады, мешіт салдырады. Осы жерде бой жеткен немересі Нұрила атасының өсиетімен 1397 жылы 19 жасында Бәйдібек биге тұрмысқа шығады. Оның ақылдылығымен, даналығымен, тазалығымен елге аты шыға бастағаны, одан Домалақ ана атанғаны сол шақтан басталады. Бәйдібекке тұрмысқа шыққаннан бастап кең танылған даналығы, әулиелігі, тапқырлығы жайында ел арасына көп әңгіме тараған[3].
Жаңа үлгімен салынған Үлкен Қаратаудың Қостұра бөктерінде тұрған Әулие Ананың аппақ жұмыртқадай әсем ғимаратына бас иіп, тағзым етіп келушілердің қатары бұрын да көп болған, қазір де толастар емес[4]. Домалақ ананың басына кесенені ұлысбегі Дулат салдырған. Бұхарадан Абдулла Шери ұстаны алдырып, төрт қанатты, төбесі күмбезбен көмкерілген там тұрғызады. Бұл күмбез-зират қастерленіп, елдің арнайы келіп зиярат ететін орнына айналған. 1456 жылы алғаш салынып, ғасырлар бойы бірнеше бұзылып, жөндеуден өткізілген, әлсін-әлсін қайта өңделген кесене 1957 жылы дөңгелек пішінде, негізгі ғимараттың үстінде жаңартылған. Ол да ұзақ сақталмай, Маңғыстаудан арнайы әкелінген ақтаспен 1996 жылы жаңадан өрілген[5].
Бәйдібек бидің бейіті де Қаратауда. Сүйегі тау басынан кең сай арқылы төмен қарай сыңғырлап аққан мөп-мөлдір Балабөген өзенінің орталық аңғарындағы биік төбенің үстіне қойылған. Үлкен әрі биік етіп, күмбездетіп салынған ескерткіш қазір осы Бәйдібектің есімімен аталған өз ұрпақтары тұратын ауылға және сол төңірекке ерекше бой көрсетіп, сән беріп тұр[6]. Қарахан дәуірі үлгісімен тұрғызылған бұрынғы кесененің орнына 1998 жылы Бәйдібек және Қасиетті бес ана тарихи ескерткіш кешені салынды[7].
Кешен маңындағы ауыл Қаратаудың бел ортасында орналасқан. Балабөгеннің жоғарғы аңғарында Бәйдібек ауылынан алты шақырым жерде енелі-келінді Зеріп пен Сыландының, ортасында Бәйдібек пен Мараудың, Жарықшақтың (Тілеубердінің), томенгі аңғарында Домалақ Ананың (Нұрила) осы бір өзеннің алабына шоғырлана орналасқан мазарлары, бұл күндері олардың өткен жолдарын қастерлеуші ұрпақтың бас иіп көрісер қасиетті орнына айналған. Ұлы бабалар мен аналардың жатқан орны, олардың әруағын қастерлеуші жұрт қазақ елінің әр атырабынан үздіксіз келіп жатады. Олардың есімі ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, өскен халқымен бірге жасай бермек. Бәйдібек баба туралы мәлімет жоғарыда келтірілген қысқаша деректермен шектелмек емес.
Кезінде күллі сахараға белгілі болған Қараша бидің ұлы Бәйдібек өмір сүрген кезеңге байланысты әлі де талай дуалы ауыздар пікір айтады, талай жаңа деректер қосылатын болады. Әсіресе, үстіміздегі XXI ғасырдағы өз тарихымыз бен әлем елдері тарихының қағаберіс қалып келген ақпараттық қатпарлары бүгінгідей кеңінен ашылып жатқан жағдайда, келешек ұрпақтың өзі де бұл тақырыпты тереңдете түсінетіндігі анық. «Бәйдібек Бабаның тарихтың қай кезінде өмір сүргендігін, кім болғандығын, қандай тарихи үлкен жүк көтеріп өткендігін – ұлы-ұлы қағандары мен ел билеушілері болған, ержүрек ұлдары мен қыздары елдің басынан кесек-кесек оқиғаларды қапысыз өткізіп келген, ежелгі Үйсін елінің ішкі және сыртқы тізгінін көп ғасыр бойы тепе-тең ұстай отырып, тәуелсіздіктің туын көтерген – бүгінгі Қазақстанға бірге жеткізіскен мыңжылдық ұрпақ тарихтың небір сұрапыл толқындарының соққысына ұшырап келген кәрі Азияның бүкіл Әлемдік тарихтың қойнауынан алатын орнына қарай алдағы кезеңде тағы да анықтай түседі»[8].
Оған дау жоқ. Өйткені, бүгінгі зерттеулердің кей нәтижелерінде де болашақ ұрпақтың жаңа ізденістеріне ілік боларлық жәйттер бар.
Мәселен, Бәйдібек Қарашаұлын шамамен VІ – VІІ ғасырлар тоғысында өмір сүріп, қазақ халқын құраған тайпалардың аумақтық және этностық тұтастығын қалыптастыру жолында көп еңбек сіңірген тарихи тұлға ретінде таныған секілдіміз[9].
Жоғарыдағы әңгімемізде шамамен 600-ші–700-ші жылдар ішінде өмір сүрген осынау қасиетті кісінің тарихына азды-көпті шолу жасадық. Бұл кісінің үшінші әйелі әулие Домалақ ана екенін де айттық, және ол кісі жайындағы нақты энциклопедиялық мәліметті келтірдік. Сондағы айтылған деректерді тағы бір еске салайық, оқырман аңғарған болар, Ұлттық энциклопедияда Нұриланың Бәйдібек биге 1397 жылы тұрмысқа шыққаны[10] айтылады.
Сонда қателік қайда? Бәйдібек бидің 600-ші–700-ші жылдары өмір сүргеніне күдік келтіреміз бе, әлде Нұриланың (Домалақ ананың) Бәйдібек биден жеті ғасыр кейін, 1378 жылы Түркістан қаласында туып, 1456 жылғы 28 мамырда Қаратау қойнауындағы кішкене өзен бойында қайтыс болғанын хабарлайтын деректерге шүбәмен қараймыз ба? Екі мәлімет те ресми анықтамалықтан – «Қазақстан» Ұлттық энциклопедиясынан алынған. Шикілік қай мағлұматта және қалайша, неліктен жіберілген? Бұның анық-қанығына жету – болашақ зерттеушілерге парыз.
Сонымен, қазіргі заманғы Шапырашты шежірешілері Бәйдібек сынды түп аталарына былай тереңдейді: 1) күллі адамзат тарихы шығыс бәйтерегінің алтын бұтақтарының бірі – көне ғұн (б.з.б. VІІ–б.з. ІІІ ғғ.), 2) Үйсін империясы (б.з.б. V– б.з. VІ ғғ.), 3) Үйсін империясынан тікелей тарап, өрбитін (арасын ғасырлар үзіп тұрса да) Үйсін (б.з.б. V– ІV ғғ.) – Дәу би (б.з.б. 178 жылы қайтыс болған) – Елсау би (б.з.б. 178–104 жж.) – Нулы би, Дулуы (Дулу, Дуло) би – Майқы биге (б.з.б. І – б.з. І ғғ.) келіп тіреледі. Одан санаға сіңіп: «Түгел сөздің түбі – бір, түп атасы – Майқы би» деген өсиет қалған. Бәйдібектің түп атасы – Үйсін, өз атасы – Қараша. Өрісі, дәулеті жайылған өлкесі – Сырдария алабынан Алтай, Ертіске, Сарыарқа жазирасына, Еренқабырға тауларына дейін жетіп-қайтып отырған. Бәйдібектің өз кіндігінен тараған ұрпақтары бұл күндері Жеті Арыс Ел болып өсіп-өркендеп отырған қалың жұрт[11].
Аталған жаңа заман шежірешілері Бәйдібек Баба балаларының арғы-бергі тарихын анықтауға, мүмкіндігінше, тарихи мезгілі мен тізбегін нақтылап жазуға тарихта тұңғыш рет әрекеттеніп отырғандарын атап айтады. Сол себепті Бәйдібекке дейінгі тым алыс тарихта да, одан кейінгі тарихи тізбекте де, әрине, көмескі қалған, мүлт кеткен, тіпті, білместіктен белгісіз болып қалып қойған, кейде мүлдем қателескен тұстар болуы әбден мүмкін. Осылай мойындай тұра, олардың, дегенмен, ру-тайпа тарихын тұтас қазақ халқы тарихымен сабақтастыра, астастыра қарауына, исі қазаққа ортақ қасиеттерді дөп басып атауына ризашылық білдірмей тұра алмайсың.
Дүние жүзі тарихына көз жүгіртер болсақ, алыс-жақын өзге елдермен, бөгде нәсілдермен, бөтен ру-тайпалармен қаны араласып көрмеген бірде бір ұлт та, ұлыс та жоқ. Қазақтар да дербес әрі тұйық өмір сүрген емес, бірақ қиын-қыстаулы ғұмыр кеше отырып, атаны, руды, тайпаны, жүзді, ұлыс пен ұлтты анық білуі арқылы көшпенділік тарихында өзін-өзі сақтап қала алды. Бірен-саран кішігірім рулық-тайпалық қақтығыстары болмаса, өзі тарих сахнасына шыққалы казақ халқы жұртпен жұрт, атамен ата, румен ру, жүзбен жүз, ұлыспен ұлыс болып ешқашан және ешбір уақытта ірі қантөгістерге, соғыстар мен қырғын апаттарға барып көрмеген. Керісінше, басқыншы жаулар сырттан лап қойғанда, этностық біртұтастық пен қандық бүтіндік көрсетіп, тез арада дүр ете көтеріліп, жауға қарсы бір кісідей атой салып шығып тұрған.
Қазақ халқының: «жеті атаңды біл», «ер жігіттің үш жұрты бар», «қарға тамырлы қазақпыз», «сұраса келсең – қай қазақ та қарын бөле болып шығады», «атаның баласы болма – адамның баласы бол» деген қағидалары өзіндік идеология міндетін атқарды, сол арқылы шалқар далалар мен асқар тауларды мекендеген қазақ елінің біртұтастығы сақталып тұрған, осы ретпен билеушілер елді басқарып отырған. Осыны жақсы білген, Батыс пен Шығыстың ақыл-ой інжу-маржанын түгел зерделеген ғұлама Шоқан Уәлиханов: «Далалықгар (қазақтар) өзінің ахлақи (моральдық) қасиеті, ақыл-ойы жөнінен басқа халықтардан биік тұр», – деген.
Ал осындай қазақтың терең бір тарихи тамыры – Қарашаұлы Бәйдібек. Ол, жоғарыда айтқанымыздай, VI—VII ғасырларда Үйсін мемлекетінің ішінде ірі тайпалық одақ құрып топтастырған, кейінірек Қазақ хандығына жеткен тайпаларды қалыптастырып кеткен тарихи тұлға[12].
8.
Тарихты зерделеуде ғылыми айналымға қосып қарастыруды тілейтін маңызды жазба шежірелік деректер Матайдың, Қазбек бектің шежірелерінде де мол екені айтылып жүр[13]. Бұл жерде әңгіме өткен ғасырдың соңғы онжылдығы ішінде оқырман қолына тиіп, көп пікірталас туғызған Қазбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқияннан өзіме шейін» атты кітабында келтірілетін Матай шежіресі жайында болып отыр.
Аталмыш кітап үстіміздегі ғасырдың басында «Қазыбек бек Тауасарұлы – тарихи тұлға, ғалым және ақын» деген тақырыппен еліміздің басты жоғары оқу орнында – әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде өткен арнайы ғылыми конференция талқысына алынған болатын, оған біз кейінірек оралармыз. Қазіргі әңгімеміз сондағы шежіре мәліметтері төңірегінде болмақ.
Конференция назарына ұсынылған баяндамасында ғалым Т. Омарбеков еңбектің әр бөліміне талдау жасап, оның алғашқы бөлігіне тоқталады. Ол әуелі ондағы шежіренің кітап авторы Қазыбек бек Тауасарұлына атасы Матайдан қолжазба түрінде қалғанын еске салып, сосын сол мұрада тізілген ізбен, ата шежіресін былай таратады: Мұхаммед туардан мың тоғыз жүз жыл бұрын (яғни бізше – б.з.д. 1330 жылы), дейді ол, Қадыр, Қалша деген кісілер болған. Қадырдан Алаш, Алаштан Жайыл, Жайылдан Қазақ. Қазақтың екі ұлы Жұман және Тұман өмір сүрген. Жұманнан екі ұл – Арыс пен Сабыр туған. Арыстан алты ұл болыпты, бірақ олардың үшеуінен – Ақарыс, Жанарыс, Бекарыстан ғана ұрпақ тараса керек. Кезінде жүз-жүзден әскер басқарған бұлар үш жүздің негізін салған көрінеді[14].
Осы жерде зерттеуші жалпы қазақ шежірелерінде айтылатын деректі айта кеткенді жөн көреді, оларда әдетте қазақтың арғы атасын Қадырдан емес, Алаштан бастайтыны мәлім. Алаштан Қазақ, Қазақтан – Бекарыс, Ақарыс, Жанарыс атты үш ұл туады деп айтылатын мағлұмат халық ішінде кең тараған[15]. Ал Қазыбек бектің аталмыш еңбегіне қарар болсақ, Ақ деген кісіден, яғни Ақарыстан Киікбай (Кейкі), одан Төбей мен Моған. Төбейден Бақтияр, Байтерек, Жаңылық туған болып шығады. Осылардың ішіндегі Байтеректен – Қоғам, Қоғамнан – Қаңлы, Шанышқылы (Қатаған), Бақтиярдан – Қотан, Қотаннан Үйсін тарайды екен[16].
Зерттеуші бұл тұста Қазыбек бек шежіресінің қалыптасқан дәстүрлі қазақ шежіресінен тағы бір ауытқушылық барын аңғарады. Дәстүрлі қазақ шежіресінде Үйсін Бекарыстан тарайды деп есептелсе, Қазыбек бек бойынша – жоғарыдағы тізбеден көретініміздей, бұл тұқым Ақарыстан бастау алады. Ал Үйсіннен Қазыбек бек 7 атаны таратып, Елсауға келеді. Елсаудан кейін 6 атаны санамалап, Майқы биге шығады. Майқы биге келген соң, одан бері қарай тәптіштеп 18 атаны таратады да, көпшілікке мәлім Бәйдібек атаға жетеді. Ал Бәйдібектен бастап, шежірешінің өзінің атасы Матайға жеткенге дейін 40 ата таратылады[17].
Егер әр ұрпақты шартты түрде 25 жастан есептесек[18], онда Бәйдібек пен Матай арасы 1 мың жыл уақытқа созылатынын есте ұстайық. Бәйдібектің, Ұлттық энциклопедияда келтірілетін ресми дерекке қарағанда – VI–VII ғасырлар тоғысында өмір сүргенін білеміз[19]. Демек Матай ХVI–VII ғасырлар тоғысында ғұмыр кешкен.
Шежірені әңгімелеу барысында Қазыбек бек Тауасарұлы аты аңызға айналған ірі тарихи тұлғалар туралы және Ұлы жүздің басты тайпалары туралы кеңінен баяндайды. Мұны мұқият қарастырған зерттеуші-ғалымның ойынша, жоғарыда көрсетілген кейбір сәйкессіздіктерге қарамастан, өзінің атасы Матайдың жазбаларына сүйенген Қазыбек бектің шежіресі, негізінен алғанда, «жалпы қазақ шежіресінен ауытқымайды, және шежіретану саласын жаңа деректермен толықтырады». Сондықтан да ол шежірені тарихи дерек ретінде қарастырып жүрген зерттеушілердің бұл еңбектен қашқақтамай, қайта оны басқа шежірелік деректермен салыстыра зерттеу ісін қолға алулары керек деген пікір білдіреді[20].
Ендеше, Қазыбек бек Тауасарұлының еңбегіне көз салайық. «Менің атам Матай – бізден бұрынғы хандарға қызмет қылған, едәуір сауаты болған адам, Қытайдың, Қалмақгың, Парсының тілін, жазбасын қайдам, ауызша бірсыдырғы білген кісі» – дейді автор өзінің естелік кітабында. Ол Матай ақсақалды қартайған кезінде «бөгде ел ұлық адамдарымен, елші-жаушыларымен, саудагер-саттықтарымен, жиһангез-дәруіштерімен сөйлес-кенін» айтады. Тіпті үйіне ертіп әкеліп қонақ қылғанын, «олармен ұзақ түн бойы шүршітшілесіп, қалмақшыласып отырғанын талай көрген» екен. «Атам айтар еді, – дейді ол, – ертеректе қазақ елінің өзі салған мәдениеті, әдебиеті болды деп. Жазуы, өнері болған еді, енді біз ғараптың шыймайына (араб әрпіне дегені – Б.Қ.) көштік деп...» Сосын: «Атам менің есімді білген кезімде дүние салды» – деп, Матай ақсақалдың өмір сүрген мезгілінен де хабардар етеді.
Шамамен ХVII ғасырдың ішінде – ХVIIІ ғасырдың басында өмір сүрген Матай ақсақал немересінің құлағына ата-бабалары жайындағы деректерді былай құйған: «...бар қазаққа белгілі жай – атам алдына отырғызып қойып, бабаларымызды үйрететін-ді». Ақсақал жазбаша шежіре де жүргізген екен. «Ер жеткен соң ол кісінің жазбасы да қолыма келді», – деп, атасынан қалған сол мұраны әкесінің ең кіші інісі Төлекейдің өзіне сыйға тартқанын айтады. Қолжазбаның сапасы өте нашар екеніне де назар аудара кетеді: «Китап әбден ескірген, төңірегі жұлымданып, қағазы сарғайып, іріп, бөлек-бөлек түсіп қалуға әзер тұр. Егер ұқыпсыздау кісі морт ұстар болса, китап пайра боларға керек». Дегенмен, жазбаша шежіре өзіне табысталған тұста, Қазыбек бектің ағынан жарылуынша, бұл дүниеде одан бақытты да, дәулетті де адам жоқ еді. «Өйткені Ата шежіре өзім ішіндегісін тегіс жатқа білсем де, талай осы кітапты қолыма алып тоқсан аударып оқысам да, енді бұл қолыма біржола келгенде патша тағы, қор қызына мұны айырбастамақ емес едім. Төбем көкте, көңілім аспан ғаламын шарлап, шартарапқа кеткен-ді»[21].
Енді Қазыбек бектің жоғарыда аталған шежірелік кезеңдерінің уақытын одан әрі анықтауға тырысайық. VI–VII ғасырлар Бәйдібек атадан әрі қарай 18 ата бұрын Майқы би өмір сүрді, ал бұл жоғарыда аталған бір ұрпақты 25 жасқа шаққан есепті басшылыққа алғанда, 18х25=550 жыл ілгеріге кетеді. Яғни Майқы би шамамен б.з. V ғасырында өмір сүрген деп шамалауға болады. Майқы биден әрі 6 ата бұрын Елсау ғұмыр кешкен. Демек Елсау Майқыдан 6х25=150 жылдай бұрынғы, яғни б.з.б. І ғасырдағы ата. Одан 7 ата ілгеріде, яғни 7х25=175 жыл әріректе – б.з.б. ІІІ–ІІ ғасырда Үйсін тұр. Егер шежірелік деректерді орта есеппен алынған буын жасы арқылы шамамен шығарғанымызды ескерсек, тарихи деректерден соншалықты көп ауытқушылық жоқ екенін аңғарамыз.
Үйсіннің дәуірі тарихтағы усунь заманына сәйкес келеді. Бүгінгі қазақ үшін екеуінің бір атау екені дау туғызбайды. Бұл осы заманғы ғылымда да мойындалған, усуньнің «қазіргі айтылуы қазақ этнонимдерінің бірі – ұлы жүз қазақтарының басты этникалық компоненті болып табылатын тайпаның өзін атайтындай «үйсін» сөзіне сәйкес келеді» дейді ғалымдар. Қазіргі деректер бойынша – олар Жетісуды қосқанда, неғұрлым байтақ аумақты алып жатқан[22]. Ал Жетісудың географиялық жағдайы үйсіндердің шаруашылығының даму ерекшелігіне де көбіне-көп себеп болды. Мұнда көшпенді мал шаруашылығы егіншілікпен ұштастырыла жүргізілді. Тиісінше, жұрт тек көшпенділікпен күн кешкен жоқ, көшпенді өмір салты жартылай отырықшылықпен ұштастырылды.
Ал осындай тұтас этностық топтың, тіпті «орталығы – Іле аңғары, дегенмен олардың ордасы – «Қызыл аңғар қаласы» Ыстықкөл мен Іле өзенінің оңтүстік жағалауы аралығында» орналасқан[23] мемлекеттің атын «Үйсін ата» деп бір адамға телудің қате екені дау туғызбайды. Дегенмен, мұндай «дерттің» шежірешілердің бәрінде дерлік кездесетін балалық аңқаулық пен аңғалдық сипатты қасиет екеніне түсіне қарап, шежірелерді зерттей берген жөн.
9.
Жоғарыда айтқанымыздай кеңшілікпен қарай отырып, Қазыбек бектің шежіресімен танысуды жалғастыралық. Ол өзі өмір сүрген ХVІІІ ғасырдағы қазақтың ауыр жағдайына байланысты: «Бұл менің де, ел билеген Төле, Қазыбек ағаларымның да жанына қатты батады, еңірегенде етегі толады, – дей келіп, қазақтың «соңғы үш жүз жыл соғыста да жартысынан көбі қырылып қалғанын» айтады. «Ал біздің еліміздің, басқасын айтпағанда, тек Үйсін атаулының шежіре-тауарихы мәлім жылдарының өзінде де жартылап қырылып, жойқан төбе болғаны он шақты дүркін болыпты», – дейді.
Сосын онысын: «Өзімізді өзіміз қырған кезіміз де аз болмапты», – деп үстемелей түседі. «Оған Шыңғыстың, Темірдің, Қатағандардың жасаған жорықтарын айтсам да болар еді. Ол үшеуі де бізден бөлек адамдар емес еді. Бірақ, не керек, үшеуінің қазақ жеріне істеген зияны шашымыздан көп». Солай дегенмен, олардың тигізген залалын санамаламайды. «Тауарих зерттеуші адамдар» оған шейін де, одан кейін де «еліміз туралы айтқан, әлі де айтар» деп түйеді де, «шапқыншылықта басы қосылып, аузы бірігіп қалмақты, Аштарханда қалған азғантайы болмаса, бәрін жер бетінен жоқ қылып жіберген қазақтың бір әкенің баласы екеніне» өзінің кәміл сенетінін айтады.
Сеніміне дәлелі: «сонау түп-тұқыйаннан жатталып келе жатқан, егер менің аталарымның жазбасы, жаттауы болмаса, Төле ағам да, Қазыбек ағам да (әйгілі Төле би, Қазыбек би – Б.Қ.) біле алмайтын Ата шежіре». Оны Ата шежіре атайтын себебі: «қолы хат білгені жазып, қара танымайтыны жаттап келе жатқан үшбу шежіре біздің қазақ өңіріндегі көбесі де, көріктісі де. Біршама біздің жұртымыздың бір ығылым, қадым заманнан бері келе жатқандығына айғақ». Алайда осы шежіре, неге екенін, орыс шығыстанушыларының назарынан тыс қалған...
Өз шежіресін жазып отырған Шапырашты Қазыбек бек бүткіл қазақ қауымын әңгімелеуге шамасы келмейтінін мойындайды. «Сондықтан тек тірі қалған Шапыраштының атасын айтып бермекпін, – дейді ол. – Тіпті Шапырашты атанбай қалған оның үш баласының да шежіресін айтып бере алмаймын. Оны соларды талдауға жеткенде әңгімелермін. Шапыраштының арғы ұрпағын түгендемек түгіл, оның бергі Асыл балаларының өзін түгендеп айту оңай болмаса керек. Өйткені Байбағыс деген Асыл баласының төрт ұлы басқа ел болып, әлде өзбек, әлде Кіші жүз Бай ұлы болып кеткендігін білемін, ал қазіргі Асыл балалары алты ұлдың екеуі ғана – Батыр, Түнқатар ұрпағы.
Қазыбек бек атадан балаға мұраға қалған қарт тауарих ішінде сан қилы ертегі, аңыз, тіпті шындыққа жуыспайтын әңгімелер толып жатқанын еске салып, олардың бәрін тізуден қашады, өйткені ондай тірліктің ақиқаттан алыстатып жіберуі ықтимал дейді. Сөйтіп, тек өзі білетін тауарихты әңгімелеп беруге бел буады.
10.
Матай–Қазыбек бек шежіресі бойынша «Мұхаммед Расулалла тумастан бір мың тоғыз жүз жыл бұрын біздің аталарымыз Хазар мен Алаштың, Алатау мен Алай орманының арасын шыр айналып көшіп, шиырлап... бірақ Жетісуға осы заманғы алты арыс Орта жүз, жиырма тоғыз тамғалы Кіші жүз, алты арыс Ұлы жүз жатқан жерлерді, тіпті Бижнек теңізінің төңірегін де жайлайды екен». Сол заманда өмір сүрген Қадыр, Қалша деген екі ағайынды жігіттің үлкені Қадыр, Қазыбек бектің жазуынша, Шапыраштының арғы бабасы болыпты. Оның баласы Алаш екен.
«Міне, біздің ұранымыз Алаш болатыны осыдан, – дейді ол. – Мен тауарихшылардың, ілім адамдарының Алаш деген мұңғұлдың алашы деген сөзінен екен, сөйтіп қалмақтар қорыққан соң, алашылап шауыпты дегеніне бой ұсынбақ емеспін», – деп, одан әрі Алаш атауына байланысты өз пікірін жазады. «Атасының аты аталғаңда оның делебесі қозып, арқасы, екі жаурынының арасы шымырлап, айбаттанып, аруақтанып, жауланып-жалауланып кетер болар. Міне, ұранымыздың Алаш болуы осыдан делінгені дұрыс деп есептеймін».
Алаш есімді кісіге байланысты ертегі-әңгімеде оның дүниені аралап, шарлап жүріп, әлдеқандай бір теңіз жағасындағы елден әйел алып қайтқаны, әйелінің өлер алдында айтқан өсиеті сөз болады. Әйел көрінде ұл туатынын айтады. «Соны ал да, мені қайта көм, – дейді. – Балаңды алып өзің асырарсың. Атын Жайыл қой. Жайыл дейтін менің арғы атам. Ол менің елімде асқан білікті адам болған. Сол кісінің маған берген аяны осындай. Сенің балаңның ұрпағы, яғни біздің ұрпағымыз атқа мінгенде жер қайысқан қол болып, күннің көзі көрінбей қалады. Ол аттың үстін үйіндей жайлайтын болады. Жылқы малы ақылды мал – ол өзін арлаған, ардақтаған елге ерекше қызмет қылады, біздің ұрпағымызды жылқы баласындай көретін болады. Жайылдың жар дегенде жалғыз ұлы болады. Оның атын Қазақ деп қой». Одан әрі бәрі солай болады[24].
Шежіреші одан әрі Қазақтан Жұман, Тұман деген екі ұл туғанын жазып, алыс тектің бастапқы тізбегін жасайды: Қадыр – Алаш – Жайыл – Қазақ – Жұман, Тұман. «Бұл аңыз сияқты әлде ертегі сияқты әңгіменің растығына, хақиқаттығына ешкім куәлік бере алмайды, – дейді ол одан әрі. – Бұдан кейінгі айтылатындарға бұл кітапты оқыған адам шүбә келтірмесе де болады. Өйткені ендігі әңгіме тек біздің түп-тұқыйанымыз Жұманнан тараған ұрпақ туралы болмақ». Қазыбек бек оқырманын осылай бір сендіріп қойып, шежіресін әрмен қарай тарқатады.
Жұманнан Арыс, Сабыр деген екі ұл тараған. Арыс деген кісі шамадан тыс ірі, өте күшті, айбатты адам болыпты. Барлық қазақтың «ой, мынау Арысым екен», «Арыстай кісі екен» дейтіні осыдан қалған тәрізді. «Міне, бүгінгі 1154-жылында тірі жүрген қазақ атаулының атасы осы кісі», – дейді Қазыбек бек.
Осы жерде көрсетілген датаға орай бір пікір айта кетуге тура келеді. «Біз мұсылман атаулыда, бұл шақта жыл қазақшасынан басқа Мұхаммед пайғамбардың дінді жария еткен кезімен айырылар еді. Сондықтан мен де кітабымды Мұхаммедтің (хижра) жыл санауымен бердім», – деген-ді автор кітабының алғашқы беттерінде. Сосын осы дата қою мәселесіне тағы бір айналып соғып: «...мен хижыра жылнамасымен бердім. Мен басқалардай ай санамадым, жылды күнмен есептедім. Мен жазған жылға 622 жыл қоссаңыз, тура нығрани-христиан дінінің жыл санауы шығады. Мұны келешектегі ұрпақты шатастырмау үшін әдейі істедім», – дейтіні бар. Егер жоғарыда көрсетілген 1154-ші жыл мұсылман жылсанағының датасы болса, онда ол біздің қолданыстағы күнтізбенің шамамен 1741-ші жылына сәйкес келеді. Егер автор көрсеткендей, әлгі датаға (хижра бойынша 1154-ші жылға) 622 жыл қоссақ, онда «нығрани-христиан дінінің жыл санауы» бойынша 1776-шы жыл болар еді. (Бұл Қазыбек бектің кітабын бітіріп, дүние салған жылы деп айтылатын уақыт). Бірақ бұлай есептеу дұрыс болмайды. Алдағы уақытта, нақты тарихи даталар келтірілетін тұстарда, біз бұл мәселеге кеңірек тоқталатын боламыз.
Шежірешінің әңгімесіне оралайық.
Ол қазақ ішінде басқа, бөтен сіңбелер де бар екенін айтады. Түрлі себеппен, әсіресе жаугершілікте қолға түскендердің сіңіп, қазақ руының бір баласы болып кеткендері қаншама, жаудан қыз алмаған қазақ аз десе де болады, бүгінде солардың бәрі қазақ дейді ол. «Дегенмен қазақтың өз ұрпағы да жеткілікті. Еуропада ерекше елміз, Арыс ұрпағымыз дейтіндер бар. Оны біз Өтен екеуміз Дұнай дайрасы жағасынан кездестіргенбіз. Ал егер Арыс ұрпағы ерекше ел болса, ол – осы жүрген, бүгінде қалмақты, Жоңғар атанған қалмақты жердің бетінен жоқ қылып жіберген қазақтар»[25]. Бүгінгі тарих ғылымына жағдайдың тап бұндай болмағаны – қазақтардың қалмақты жер бетінен жоқ қылып жібермегені – белгілі, дегенмен, автордың одан әрі: «Әрине, еліміз дарақылықтан да құралақан емес, дегенмен ер екендігін ешкім мансұқ ете алмақ емес», – деп жазғанын оқи келе, ондай тұжырымына түсіністікпен қараймыз.
Қазыбек бек: «...Арыстың дүниені кезіп оқыған адам болғанын Майқы бабамыз үнемі айтып отырады екен. Арыстың өз аты Анарыс болған деседі. Шешесі еркелетіп Арыс деп атап кетіпті», – дей келе, оның өмір жолын сипаттайды. Арыс-Анарыс ілімді Европа елдерінде алып, көп ғұмырын сол жақтарда өткізген көрінеді. Өз еліне оралған соң он екі-ақ жыл тұрыпты. Ол артына пәлсафа қалдырған. Жазба Майқы заманына дейін келген екен. Сол замандағы бір жер сілкіністе онысы топырақ астында қалған дейді. «Арыс ақын да, ахун да адам болған. Еуропада көрген өнегесінің жақсы жақтарын өздерінің патшалығына кіргізуге ұмтылған. Ол өзінің туған ағасымен осы жөнінде келісе алмай мерт болған. Әсіресе табиғат сырына көп үңілген» деп түсіндіреді шежіреші. «Дүние шексіз, оның алды да, арты да жоқ, хакиқатта да мөлшер жоқ, өткен күннің белгісі жоқ» деген сөз содан қалған тәрізді. Оның көп өлеңі жер сілкінгенде құрыған деп хабарлайды автор. Артында алты бала қалыпты. Олардың аттарын шежіреші Ақ, Пан, Жан, Бол, Бек, Бал деп тізеді.
Аңызға қарағанда, Арыс ата Тәңір тауының маңын қыстайды екен. Ол алты баласын үшке бөліп, екі-екіден еншілес етіп қойыпты. Алғаш аталған екі ұл жылқы кезегіне кетіп, Тәңір тауының түбінде мұздап дүние салыпты. Алтаудың үлкені Ақтан бала қалыпты. Пан үйленбеген, одан тұяқ болмапты. Жетісуда қаңтардан кейінгі айды қазақтар ақпан немесе екіағайынды дейді. Ағайынды Ақ пен Пан өлген ай екіағайынды атанған. Алатаудың сол Тәңір шоқысының жанында одан да биік шоқы бар. Екі жігіт өлімі сонда болған деседі. Сондықган да ол шоқы Ақпан аталған. Бал өз заманында қатал хан болған деседі. Елді қатты ұстаған хан туралы жұрт «аты Бал, ісі сал» деп мәтел шығарған. Сарарқадағы Балқан аталған тау да соның атынан қалған. Ал Жан мен Бек атты екі ұлдың түқымы кең тараған. Осылай дей келе, Қазыбек бек «Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс деп жүргеніміз – Арыстың үш баласының аты» деп түйеді. Оның пайымынша, үш жүз деген де осы бір шақта пайда болған тәрізді. «Алты ұлды екі-екіден еншілес етіп қойған ата жаугершілікте оларға жүзден әскер беріп, қол басқартқан деседі, Үш жүз осыдан қалған, – дей бере, оның анық еместігін де: – Бірақ мен бұл пікірдің дәлдігіне кепілдік ете алман», – деп ескерте кетеді.
«Ақ деген кісінің Киікбай (Кейкі) деген жалғыз ұлы болған. Одан Төбей, Моған атты екі ұл туған. Моған да, Төбей де заманында ел билеген, хан десе де, би десе де болатын адамдар екен. Ал Моған баласы Далабай елдің батыс жағын билеуге жіберіледі. Моған мен Төбей тұсында Қытайдың біраз елі оларға алым-салық төлеп тұрған. Олардың орталығы Жетісудағы Үш шаһарында болған. Бұл екі хан Еуропа елдерінің көбімен елшілік алысқан». Қазыбек бек өзі кітабын жазып отырған кезде – «қазіргі хижыраның 1154-жылында мен Ұлы жүзбін дейтін қазақтардың бәрі дерлік Төбей тұқымы».
«Қытайдың біраз елі ...алым-салық төлеп тұрған» шақтағы ел билеген Төбейден – Бақтияр, Бәйтерек, Жаңылық. «Бақтияр біздің пұстымыз болғандықтан, оны кейінге қалдыра тұрып, Бәйтерек тұқымын әңгімелейік. Бәйтеректің баласы – Қоғам. Қазіргі Қаңлы, Шанышқылы (Қатаған) соның тұқымы. Жаңылықтан тұқым жоқ.
Қаңлыдан Қанкөжек, одан Келдібек, одан Сары, Қара, Қызыл. Міне, Қара қаңлы, Сары қаңлы, Қызыл қаңлы осы болады.
Шанышқылыдан (Қатаған) Сымыршық, одан төрт бала – Айрылмас, Саңырау, Дарқан, Бектау.
Бақтияр – біздің бабамыз. Оның төрт ұлы – Қотан, Қора, Болат, Алшын делінеді.
Қотан деген кісіден Үйсін екен. Міне Үйсіндер – осы тұрпайылау атты кісінің үрім-бұтағы. Қотанның көп баласынан үш ұл – Үйсін, Байсын, Исін қалыпты»[26].
[1] Қайдари Ә., Төлепбаев Б., Нұрпейісов К., Карл Байпақов ж.б. Бәйдібек баба// Бәйдібек баба – Алып Бәйтерек.Ұрпақтар шежіресі. Құрастырған А. Байғазыұлы. – Алматы, 2006. – 11–14-бб.
[2] Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 3-том. – Алматы, 2001. – 263-б.
[3] Домалақ ана//Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 3-том. – Алматы, 2001. – 263-б.
[4] Бәйдібек баба – Алып Бәйтерек. –Алматы, 2006. – 14-б.
[5] Домалақ ана кесенесі//Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 3-том. – Алматы, 2001. – 263-б.
[6] Бәйдібек баба – Алып Бәйтерек. –Алматы, 2006. – 14-б.
[7]Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 2-том. – Алматы, 1999. – 222-б.
[8] Қайдари Ә., Төлепбаев Б., Нұрпейісов К., Карл Байпақов ж.б. Бәйдібек баба// Бәйдібек баба – Алып Бәйтерек.Ұрпақтар шежіресі. Құрастырған А. Байғазыұлы. – Алматы, 2006. –14-б.
[9] Бәйдібек//Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 2-том. – Алматы, 1999. – 222-б.
[10] Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 3-том. – Алматы, 2001. – 263-б.
[11] Қайдари Ә., Төлепбаев Б., Нұрпейісов К., Карл Байпақов ж.б. Бәйдібек баба// Бәйдібек баба – Алып Бәйтерек. – Алматы, 2006. – 13–15-бб.
[12] Бәйдібек баба – Алып Бәйтерек.Ұрпақтар шежіресі. – Алматы, 2006. – 6–7-, 15-бб.
[13] Егемен Қазақстан. – 29 желтоқсан 2010 жыл.
[14] Тауасарұлы Қ. Түп-тұқияннан өзіме шейін. – Алматы, 1993. – 37–38-б6.; Қазыбек бек Тауасарұлы – тарихи тұлға, ғалым және ақын. Ғылыми конференцияның материалдары. – Алматы, 2001. – 13-б.
[15] Мыңжан Н. Қазақтың қысқаша тарихы. – Алматы, 1994. – 39-6.
[16] Тауасарұлы Қ. Түп-тұқияннан өзіме шейін. – Алматы, 1993. – 37–38-б6.
[17] Омарбеков Т. Қазыбек бек Тауасарұлының еңбегі – тарихи өмірбаяндық шығарма// Қазыбек бек Тауасарұлы – тарихи тұлға, ғалым және ақын. Ғылыми конференцияның материалдары. – Алматы, 2001. – 14-б.
[18] Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 5-том. – Алматы, 2003. – 444-б.
[19] Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 2-том. – Алматы, 1999. – 222-б.
[20] Қазыбек бек Тауасарұлы – тарихи тұлға, ғалым және ақын. Ғылыми конференцияның материалдары. –Алматы, 2001. – 14-б.
[21] Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқыйаннан өзіме дейін. – Алматы, 2008. – 771–772-бб.
[22] Қазақстан тарихы. Көне заманан бүгінге дейін. Бес томдық. 1-том. – Алматы, 2010. – 248–249-бб.
[23] Қазақстан тарихы. 1-том. – Алматы, 2010. – 248–250-бб.
[24]Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқыйаннан өзіме дейін. – Алматы, 2008. – 770–773-бб.
[25] Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқыйаннан өзіме дейін. – Алматы, 2008. – 767, 773-бб.
[26] Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқыйаннан өзіме дейін. – Алматы, 2008. – 774–775-бб.
Бейбіт Қойшыбаев
(«Рух-Сарай», 5-том, «ҚазАқпарат» баспасы, 2012 ж.)
Жалғасы бар...
Abai.kz