Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Болған оқиға 3324 2 пікір 31 Шілде, 2023 сағат 14:01

Жалаңашкөл жаңғырығы: Ұмыт болған ұрыс

Фото: ашық дереккөзден

1969 жыл, 13 тамыз. Бұл Үшінші дүниежүзілік соғыстың тұсауы кесілуге сәл ғана қалған күн. Кеңес Одағы мен АҚШ өзара тіресіп, «қырғи-қабақ соғыстың» қызып тұрған шағында орын алған бұл оқиғаны бүгінде біреу білсе, біреу білмес. Бұл күнді, бұл оқиғаны адамзат естен шығарып, әлем ұмытса да, қазақ жадында сақтауға тиіс, анығы міндетті. Неге? Өйткені үшінші дүниежүзілік соғыс жағдайына тіреп қойған қарулы қақтығыс еліміздің шығысындағы Жалаңашкөл деп аталатын жерде орын алды, яғни қазақ елінде болды. 

1969 жылы 2 наурызда Ресейдің Қиыр Шығысындағы Даманск аралы үшін Қытай-КСРО әскери қақтығысы орын алды. Екі тараптан қосқанда 400-дей адам қаза тапқанымен, әлемдік баспасөз құралдары бұл оқиға жайында ләм-мим демегені өте қызық. Сол кезде дәл осындай оқиға қайталанса деп, үлкен әскери соғысқа бару жоспары КСРО-да жасақталып жатқан еді. Алайда осы жолы Қытайдың қарулы күштері, Қиыр Шығыстан емес Қазақстан тарапынан кіруді жөн көрді. 1957 жылдан бастап коммунистік идеологияны ұстануына қарамастан Қытай Халық Республикасы сол кезеңдегі Кеңес Одағының бірнеше аймағына байланысты жер дауын көтерді. Қытайда жер дауына қатысты үлкен провокациялық үндеулер орын алып, тіпті «Мао Цзэ Дун әйелінің қырық жылдығына Алматыны сыйламақ» деген ойлар да айтылған еді.

Атап айтқанда Қиыр Шығыстың үш ауданын, Қазақстанның екі ауданы (Үшаралға дейінгі аралықты) және Қырғызстанның екі ауданын өз тарапына қосқысы келді. 1969 жылдың мамыр айынан бастап КСРО-Қытай қатынасы қатты шиеленісті. Маусым, шілде айларында Қытай тарапы еліміздің шығысындағы шекара аймағына әскер топтастырып, түнгі және күндізгі әскери жаттығулар ұйымдастырды. 12 тамызда Қытай тарапының шекарашылары «Жалаңашкөл» мен «Родниковая» әскери заставасына жақын аймаққа топтастырыла бастады. Түні бойы шекара маңына топтасқан қытай шекарашылары, түнгі сағат 3-4-тер шамасында КСРО-ның шекарасын кесіп өтіп, шекара маңындағы жартасты мекендер мен жоталарға окоптар қазып, дайындық жүргізді. КСРО шекарашыларының мемлекеттік шекараны бұзуды тоқтатып, өз елдеріне оралуға берілген кеңеске қытай шекарашылары құлақ аспады. Тіпті бірінші болып шекараны бұзып өткен 17 қытай шекарашысына көмекке артынша 70-тей, одан кейін тағы да 100-дей қытай сарбазы келді. Жалаңашкөл маңында автоматпен және танкіге қарсы қару-жарақпен жасақталған  200-дей қытай  сарбазы топтастырылды. Соңғы мәрте берілген ескертпеге қытай тарапы атылған оқпен жауап қатты.

Солайша ресми түрде «Жалаңашкөл оқиғасының» тұсауы күкірт иісімен кесілді. Бұл 1969 жыл, таңғы сағат 07:50-де орын алды. Жалаңашкөл маңындағы қиян кескі ұрыс бір сағатқа созылды. 200 қытай сарбазына 54 шекарашы қарсы тұрып, ұрыс таңғы сағат 09:15-те КСРО шекарашыларының жеңісімен аяқталды. Ұрыс барысында КСРО тарапынан 2 шекарашы қаза тауып, 10-ны жараланды, ал қытай тарапы 19 жауынгерінен айырылып, 3-і тұтқынға түсіп (екеуі Үшаралға апара жатқан сәтте жарақаттан тікұшақта қаза тапты), 40 сарбазы ауыр жараланды. Бұл оқиғадан кейін 1969 жылдың 11 қыркүйегінде  Пекинде КСРО мен Қытай тараптары келіссөз өткізіп, жауластықты доғару және әскери қақтығысқа бармау жайлы келісімге келді.

Бір өкініштісі бұл қақтығыста көптеген қайсар қазақ ұлдарының қатысқандығына қарамастан, бірде-біреуінің аты аталып, марапат берілмеді. 36 марапатқа ие болып, кеудесіне медаль тағылған шекарашылардың ішінде бірде-бір қазақ баласы болмады. Жә-жә, жарар, ол қылышынан қан тамған Қызыл империяның саясаты еді. Ендігі таңда тарихта ұмыт болған, марапатқа лайық болғанымен, шаң басып мұрағатта жатқан қазақ ұлдарының есімін елге танытып, насихаттау біздің парызымыз. 1997 жылы Қазақстан мен Қытай арасында шекара мәселесін толыққанды шешетін 11 құжатқа қол қойылды. Ендігі таңда ешбір мемлекет тәуелсіз де азат Қазақстанға территориалық мәселе бойынша талап қоя алмайды, өйткені біз оны құжатпен реттеп, БҰҰ-мен мойындаттық.

Алайда құжат - ол қағаз. ХХІ ғасыр құжаттың ғасыры болғанымен, КСРО-ға қару кезенген Қытайдың құжатқа қолды бір сілтеп, Қазақстанға қайта талап қоймасына кім кепіл?! Бұл тек Қытайға ғана қатысты айтылған ой емес. Сондықтан шекараны берік қылып, үнемі күкіртті құрғақ ұстау міндетіміз. Сонда ғана «Жалаңашкөл оқиғасы» тарихта ғана оқылып, шынайы өмірде қайталанбайтын болады. Лайым, үнемі солай болғай.

Авторы белгісіз жазба

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963