Сенбі, 23 Қараша 2024
Ақмылтық 3421 21 пікір 2 Тамыз, 2023 сағат 15:27

Билікке дат: Бізге Ауғанның тауарынан бұрын қазағы керек!

Ауғанстанның қазіргі билік өкілдері, Тәліптер билігі Қазақстанға арнайы 200-ден астам адамды бастап, делегация болып келді. Оларды ҚР Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин күтіп алды. Ал Ауған делегациясын АИР Өнеркәсіп және сауда министрі Нуриддин Азизи бастап келді.

Қазақ билігі бүгін Ауғанстанға ерекше назар аударып отыр. Әуелі: «Тәріптер терроршы емес, санкцияланған адамдар», - деп сөйледі СІМ өкілі. Талибан басқаруындағы Ауғанстанның дипломаттарын Қазақстан Орталық Азияда алғашқы болып акредиттеп, Елші қабылдайтынын айтты. Онан соң «Қазақстан ОА-да Ауғанстанмен ең көп сауда жасайтын мемлекет. Ауған жұрты қазақтың астығына мұқтаж», - деп насихаттады.

Енді 3-5 тамыз аралығында Астанада қатар-қатар бизнес форумдар мен Ауған тауарларының көрмесі ұйымдастырылуда.

Біз мынаны айтпақпыз: Қазақ билігінің осынша назары ауған Тәліптер билігінен сұралуы тиіс басты мәселе бар. Ол – Ауғанстандағы қазақтар мәселесі, қандастар мәселесі.

Қазақ өмір сүретін қай мемлекетпен де қандайда бір алыс-беріс, барыс-келіс жасайтын кезде бірінші кезекте қазақ мүддесі тұруы керек! Әуелі қазақтың сөзі сөйленуі керек. Астық сатып, Ауғанды асырауға аса ынталы болып отырған Қазақстан билігі, қырық жыл қырғыннан (соғыстан) аман қалған аз қазақтың тағдырын дөге-дөге дүниенің тасасында қалдырмаса дейміз!

Біз алыстағы ағайынға араша болып жүрген азаматтарды сөзге тарттық...

Ауғандағы қазақтар қырылып бара жатыр...

Жәнібек Қожық, қоғам қайраткері:

- Қазір Астанаға Ауғанстаннан арнайы делегация келіп жатыр. Олардың саны 200-ден асады деп естиміз. Олардың басты мақсаттары Қазақстанмен екі ортада сауда-саттықты нығайту екен. Осыған дейін олар Қазақстанмен 1 млрд долларға жуық сауда-саттық жасап келген. Ал осы келген сапарда бұл көрсеткішті одан сайын көтергісі келеді. Былайша айтқанда, олар біздің астығымызға, басқа да шикізаттарымызға зәру. Өз кезегінде олар өз кілемдерін, жеміс-жидектерін т.б. біздің елге әкелгісі келеді.

Бұл кездесу Ауғанстан тарабының сұранысы бойынша өтуде. Ал біздің мемлекет осы мүмкіндікті қалай пайдалануы керек? Егер де халыққа жаны ашитын Үкімет болса, дәл қазір Ауғанстандағы қазақтарды осы мүмкіндікті пайдалана отырып, шұғыл елге қайтаруы керек!

Қазақ тарыдай шашылған. Әлемнің барлық елінде бар. Бірақ ең қиын жағдай қазір Ауғандағы қазақтардың басында. Кешегі қырық жылдық соғыстан қаншама қазақтар қаза болды. Қаншама жас балалар мүгедек болып қалды. Қазір елге оралғандары бар. Ал келмегендері Ауғанстанның әр түкпірінде тарыдай шашылып жатыр.

Сол Ауған еліндегі бауырлармен біз жиі сөйлесіп отырамыз. Күнде айтатын зары – «Бізді елге қайтарыңдар», - дейді. Олар бізден «үй тауып бер», «жұмыс тауып бер», деп сұрамайды. Қазір ол жақта адамдар аштан өліп жатыр. Ауруханалар жоқ, жабылып қалған. Қыз балалар мүлдем оқи алмайды. Көшеге де шыға алмайды. Ауғандағы қазақтар қырылып бара жатыр. Олардың Қазақстанға келгісі келеді. Көбісінде мүмкіндік жоқ. Көпшілігі өздерінің тілдерінен жаңыла бастаған. Оларға сөкеттік айтуға болмайды. Қазақстан Үкіметінде отырғандардың өздері қазақша білмей, орысша сөйлеп жүр ғой... Бірақ олар өздерінің руын біледі. Ата-бабаларының қайдан келгенін біледі. Олар Қазақстанға келгісі келеді. Келгенде де масыл болып келмейді. Тері илейді, егін, бақша өнімдерін егеді, кілем тоқиды, құрылысқа араласады. Олар Қазақстанға келетін болса, бізде жүрген өзбек, қырғыз, тәжік, қарақалпақ мигранттарды ысырып шыға алады. Олардай еңбекқор адам жоқ. Олар біздің өз бауырларымыз. Сондықтан осы мүмкіндікті пайдаланып, оларды Қазақстанға алдыруымыз керек. Солтүстік облыстарға орналастыруымыз керек. Қазір ол жақ бос қалды. Шекаралық аймақтардың бос тұруы – елдің Тәуелсіздігіне қатер деген сөз.

Кейбіреулер: «Ауғандағы қазақты қайтеміз, өз қазағымызды жарылқап алмаймыз ба», - деуі мүмкін. Біз кеше миллиард қытайға визасыз келіңдер дегенде үндемедік қой. Миллиондаған орыс келіп жатқанда үндемедік қой. Біз Қазақстанды керек етпей, «жиһадқа» кетіп қалған қазақтарды арнайы ұшақ жіберіп, алдырттық қой. Оларға үндемейміз. Ал Ауғаннан қазақ келеді десе ішіміз тарылып қала ма?!

Қазір бізге көшіп келген Ауған қазақтары бар. Солардың ішінен тіл білетін, жөн білетін азаматтарды шығарып, арнайы комиссия құру керек. Оларды Ауғанстанға делегация ретінде жіберіп, ол жақтағы қазақтарды түгендеуіміз керек. Бұл сол жақтағы қазақ балаларының көз жасына жіберіліп отырған мүмкіндік шығар. Осы мүмкіндікті құры жібермейік! «Жау кеткен соң, қылышыңды тасқа шап», - дейді. Қазақстан Сыртқы істер министрлігі, қарап отырмай, Ауғандағы қазақтың жағдайын мәселе етіп көтеруі керек!

Бізге Ауғанның кілемінен бұрын қазағы керек!

Ауыт Мұқибек, қоғам қайраткері:

- Өткенде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің кеңесшісі Мәлік Отарбаевты Кіші Құрылтайға Германияға жіберді. Осы жолы Моңғолияға жіберді. Ондағы қандастардың хал-жағдайын білдіріп, құттықтауын оқытты. Сол жерде тұрып жатқан қазақ қаламгерлерінің, зиялы қауым өкілдерінің кеуделеріне Қазақстанның орден, медальдарын қадатып қайтарды. Бұның барлығы Қазақстан Президентінің шеттегі қазақ диаспорасына деген қамқорлығы деп білемін. Ал бірақ, ҚР Сыртқы істер министрлігі осындай барыс-келіс, алыс-беріс келісімдерін жасаған кезде ылғи да сол жерде тұрып жатқан этникалық қазақтарды ұмыт қалдырады. Бұл Президенттің «Қасиетті парызына» қайшы. Сосын бұл ҚР Мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы заңының 7-8 баптарына қайшы. Біздің дипломаттар осы заңдарды бірінші білуі керек!

Осыған дейін «Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы күндерде Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара визасыз режим туралы келісімге қол қояды екен» деген ақпарат тарағалы тыншымыз кетіп, ҚР Сыртқы істер министрлігіне бірнеше мәрте сұрау салдық. «Екі ел арасында визасыз режим туралы келісім жасасарда Қытайда тұратын қандастарымыз туралы қандай жаңа уағдаластыққа қол жеткізе алдыңыздар?!», - деп сұрадық. Осы сауалымызға ҚР Сыртқы істер министрлігі сырғыма жауап берді.

«Сыртқы істер министрлігі қызметінің сыртқы саясаттағы маңызды бақыттарының бірі - Қазақстан азаматтары үшін шет елдердің визалық талаптарын жеңілдету, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау болып табылады.

Қазақстан Республикасы дүниежүзілік қоғамдастықтың өркениетті мүшесі ретінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысында және өзге халықаралық нормаларда белгіленгендей, басқа мемлекеттердің ішкі істеріне араласпау және олардың егемендігі мен аумақтық біртұтастығын өзара құрметтеу қағидаттарын берік ұстанады. Бұл орайда, ҚХР азаматтары болып табылатын этникалық қазақтар мәселесі Қытайдың ішкі ісі екенін ескеру қажет», - деп жазды ресми жауаптарында.

Иә, біз Қытаймен екіарада визасын режим орнатылады деген сөз желіге тараған сәтте-ақ, осы мүмкіндікті пайдаланып, Қытайдағы этникалық қазақтардың жағдайын Қазақстан билігі басты мәселе етіп қарастыруы керектігін айттық. Сөзіміз құмға сіңген судай болды.

Енді міне, елімізге аттай қалап Ауған делегациясы келіп жатыр. Ұзын-саны 200-ден аса адам. Әлем елдерінің оқшауындағы Тәріптер билігі Қазақстанмен мемлекетаралық байланыс орнатуға ынта-шынтасымен құлық білтіруде. Ал Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі осы жолы Ауғандағы қазақтардың мәселесін ұмыт қалдырмауы керек! Бізге Ауғанның кілемі мен қауын-қарбызынан бұрын, араша сұраған қандастар керек!

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

21 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364