Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 2970 0 пікір 3 Тамыз, 2023 сағат 13:15

Біз – қазақ ежелден... (жалғасы)

Басы: Біз – қазақ ежелден...

Жалғасы: Біз – қазақ ежелден...

Жалғасы: Біз – қазақ ежелден...

Жалғасы: Біз – қазақ ежелден...

Жалғасы: Біз – қазақ ежелден...

Жалғасы: Біз – қазақ ежелден... 

Өзіңді-өзің тану тәжірибесінен

22.

Үйсін бірлестігіне кіретін тайпалардың біразымен бірге Шапырашты да, өңірді билеп-төстеушілердің ауысып тұруына қарамастан, негізінен тұрақты түрде Жетісуды мекендеген секілді. Тіпті, жоғарыда көрсеткеніміздей, өз араларынан шыққан Шапырашты Ұран ежелгі бабаларынша Майқы би атанып, қаһарлы әмірші Шыңғысханның уәзірлерінің бірі дәрежесіне көтерілген. Майқы бидің  Шыңғысханға шежіреде аталатындай ықпалы болды ма, болмады ма, Шыңғысхан оның ақыл-кеңесін тыңдады ма, тыңдамады ма, – қалай болғанда да, ол өзінің ат үстінде семсер көтеріп жүріп жиһангерлікпен құрған алып империясынан көзі тірісінде балаларына үлес бөліп берді.

Қазақ елінің кең-байтақ жерін ол үш үлкен ұлына бекітті. Ертістің батыс жағы –  Жетісудың солтүстік бөлігін, Орталық, Солтүстік және Батыс Қазақстан жерлерін қамтитын мол алқап, сондай-ақ төменгі Еділ бойы мен одан әрі қарайғы Шыңғысхан жауынгері аттарының тұяғы тиген жерлердің баршасы Жошы ұлысының кұрамына кірді (бұл ұлыс ұзамай іргесін батысқа қарай кеңейтіп, Алтын Орда деп аталғаны мәлім). Оңтүстік Қазақстан мен Оңтүстік-Шығыс Қазақстанның аумағы Шағатай ұлысына жатты. Бұл өңір Жетісудың үлкен бөлігін алатын. Ал оның солтүстік-шығыс бөлігі Үгедей ұлысына берілді.

Ұлыс билеушілері бірте-бірте күллі билікті өз қолдарына шоғырландырғандықтан, Шыңғысхан империясы ұзамай дербес мемлекеттерге ыдырап кетті. Оған, әрине,  құлдыққа түсірілген сан текті, сан тілді халықтардың езгіге қарсы күресі, шексіз-шетсіз қырқыстар, экономикалық байланыстардың, ортақ мәдени дәстүрлердің жоқтығы да елеулі әсерін тигізді. Семсер ойнатып, атпен шауып жүріп көптеген елдер мен халықтарды империя қоластына қаратып алуға болғанмен, құрама болғандықтан да, олардың біртұтастығын тап сондай жолмен сақтау мүмкін емес-тін.

ХІІІ ғасырдың 50-ші жылдарының басында ұлы хан Мөңке мен Жошы ұлысы басшысының ықпалдары жүретін шекара Шу мен Талас өзеңдері арасынан өтетін. Мөңке өлгеннен кейін, 60-шы жылдары, империяның бірлігі мүлдем сетінеуге бет алды. Мөңкенің інілері Арықбұқа мен Құбылай император тағы үшін соғысуға кірісті.  Соғыс қимылдары Жетісу жерінде де жүрді. Арықбұқа жауынгерлерінің халыққа қысымды күшейткені сонша, Іле аңғарында жұрт ашаршылыққа ұшырады.

Сол кезеңдегі өзара қырқысқан соғыстар салдары жайында: «Сол уақытта көп адам қаза тапты, аймақтар қаңырап қалды, ал шабындықтарда топырақ құрғап кеуіп кетті. Шайқастарда екі жауласушы тарап та көп жауынгерінен айырылды. Екі жақтың да қазынасы сарқылды, қалалар мен құрылыстар қаусатылды, ал адамдар оларды тастап кетті де, үй-күйсіз қаңғыбастарға айналды», – деп жазды шежіреші Махмұд бен Уәли.

Сөйтіп, әйгілі жиһангер Шыңғысхан қосындары шабуылының өзінде зардап шекпеген Жетісу қалалары енді оның ұрпақтарының өзді-өзі жауласып соғысуы кезінде қиратылды.

Қазіргі заманғы ғылыми тарихқа мәлім жазбаша дереккөздер мен археологиялық айғақтар өлкеде моңғолдар үстемдігі орныққаннан кейінгі алғашқы онжылдық ішінде-ақ, Жетісудың күйзелгенін көрсетеді. Қалалық және отырықшы-егіншілік мәдениет тез құлдырады. Бау-бақша және егіс өсіру мақсатында игерілген жер телімдері жайылымдарға айналдырылды. Өстіп, қала мәдениеті дамыған, отырықшы-егінші және жартылай көшпенді мал шаруашылығы заманына сай өркендеген, кәдімгідей гүлденген, халық тығыз тұратын оңтүстік-шығыс аумақ өзінің бұрынғы экономикалық және мәдени маңызын тез жоғалтты.

Өйткені монғолдар жаулап алысымен бұл өлкеге Орталық Азиядан көптеген көшпенді жұрт лек-лек болып ағылып келген болатын. Бұл жәйт егістікті, өңделетін жер көлемін күрт қысқартуға мәжбүр етіп, отырықшы тұрмысын шектеу есебінен көшпенділік өмір салты күшейді. Монғол шонжарлары Шығыс Қазақстан мен Жетісуда жақсы жайылымдарды басып алып, байырғы халықты ата қонысынан ығыстырды. Ал   олардың өздері басып алған аумақты ұлыстарға бөлуі этностық  жағынан туыс топтардың бір-бірінен ажырап қалуына апарып соқты.

Ал Жетісу үш монғол ұлысына қараған шақта тұтастығынан да айырылды. Елді мекендердің  қаусатылуы, бау-бақшалардың, егістіктердің мал тұяғы астында тапталып қалуы, суландыру жүйелерінің жойылуы, отырықшылардың босқындыққа ұшырауы, Оңтүстік Қазақстанның қалаларымен экономикалық байланыстардың Шыңғысхан жорығы кезінен-ақ күрт құлдырауы салдарынан Жетісудағы қалалар тіршілігінің шаруашылық негізі бұзылған-ды. Осының бәрі өлкені XIV ғасырдың ортасына қарай көшпенділер аймағына айналды.

Монғолдардың қазақ жерін жаулап алуы және билеп-төстеуі барысында көптеген этностық топтар Монғолиядан Қазақстанға қоныс аударды. Олардың ішінде наймандар, керейіттер (керейлер мен керейіттер), қоңыраттар мен жалайырлар болғаны ғылымға көптен мәлім. Олар өздерінің атын сақтай отырып, түркі халықтарына қосылып кетті. Сондай-ақ, осынау елеулі тайпалардан басқа да этностық топтардың шашырандылары (мәселен, қият, оңғыт, т.б.) қазақ жеріне келіп, жергілікті ру-тайпаларға сіңіскені анық байқалады.

Жалпы, моңғол шапқыншылығы қазақ жеріндегі түркілердің  құрамы мен антропологиялық бітіміне белгілі бір дәрежеде әсерін тигізді. Түркілердің бет-пішініндегі моңғолоидтік сипаттар күшейе түсті. Дегенмен, моңғолдар қазақ жері аумағында өздері құрған ұлыстарда тұратын халықтардың шағын ғана бөлігі болғандықтан,  жергілікті түркі бұқарасымен тез сіңісіп кетті. Түркілердің  тілін, дінін, ділін, ғұрпын қабылдады. Әйтсе де ең жоғары дәрежелі монғол шонжарлары, түркілене тұра, өздерінің тегін ұмытпай, мақтан етті.

Бұл жәйт XV–XІХ  ғасырлардағы Қазақ хандығы дәуірінде олардың төре деп аталып, билеуші каста дәрежесінде дәріптелуіне жетті. Төрелер ішіндегі Шыңғысханның тікелей ұрпақтарынан саналатындар  қазақ қоғамының қоғамдық-саяси құрылысынан хан тағын жеке иеленуге құқықты сұлтандардың жоғары сословиесі ретінде көрініс тапты[1].

Шыңғысхан империясының жоғарғы басшылығын құраған шонжарлар қатарында болды деп саналатын Майқының Үйсіннен шыққанын әйгілі Шәкәрім шежіресінен, оның ішінде Шапыраштыдан шыққанын жоғарыда әңгімеленген Қазыбек бектің «Түп-тұқияннан өзіме шейін» деп аталатын жазбаларынан білеміз. Сондағы шежіре мәліметтері бойынша –  Майқыдан Еменбек және Еренбек деген екі бала тарапты. Еменбек әкесінің ұлы император Шыңғысханның уәзірі лауазымында қызмет атқарғанына қарамастан, билікке араласпаған, жәй шаруашыл ғана адам болған деседі. Ал оның Өркен атты жалғыз ұлы салдық құрып жүріпті.  Шамасы, кедей болса керек, жаяусал атанған екен. Жаяусал Өркен салдыққа салынып жүріп, алпыс жасқа  келгенде ғана Көркембек, Көгенбай деген егіз бала көріпті. Уақыт тұрғысынан қарағанда, бұл егіз ұл ХІІІ ғасырдың соңында дүниеге келген  сияқты...

Қазыбек бек жазбаларында осы егіздің сыңары Көркембек жайынан қызық әңгіме айтады, соны мазмұндап еске салайық... Көркембек тас шебері болған екен де, онысына туысқандары қатты намыстаныпты. Ал Көркембек бұл мамандығын жүрегі қалаған және оның қыр-сырын  меңгеруді әбден жетілдірген кісі болса керек. Ол  ел билеушілерге арнап Әулиеата маңындағы орасан зор табиғи тастан үш сарай қашап шығарған көрінеді. (Бұндай оқиғаның – аталмыш тас шебері 25–35 жастар шамасына жеткенде, яғни, шамамен ХІV ғасырдың бас кезінде орын алуы ықтимал). «Сарайды мен өзім көзіммен көрдім, – деп жазады 1776 жылы Қазыбек бек. – Сарай тастан қаланбаған, бітеу тастан қашалған».

Байқап тұрғандарыңыздай, шежіреші айтып отырған сарайды Көркембек тұтас жартас ішін үңгіп жасаған екен. Ол тұрғызған тас сарай үш жерден орын теуіпті, үшеуінің де сапасына  Қазыбек бек «мың жылдық десем артық болмас» деп ірі баға береді. «Бірақ соңғы үш жүз жылда сондай ғимаратты пайдаланбай, босқа қалдырғандықтан, енді ешкі ойнаққа айналған» деген өкініш білдіреді. Ол көрген шақта сарайдың «тас төбелері тесілген, заман өткендіктен, жел-құздан тастары жарылып мұжылған». Бітеу  белтіреулер ғана аман-жақсы тұрса керек. Ал терезе, есік орындары мұжылған екен, ішіне су жиылып, көлшік тұратын болыпты. Ұдайы су тиіп тұрған соң тастары жарылған көрінеді. Сарайдың ХVIІІ ғасырдағы көрінісі осындай болыпты.

Қазыбек бек оның мөлшері жайында: «зәулім, биіктігі он бес құлаштай», – дейді. Бір құлаштың кемі біржарым метрден асып түсетінін ескерсек, Көркембек сарайының ХVIІІ ғасырға жетіп тозып тұрған шағындағы биіктігі жиырма бес метр шамасында  болса керек. Шежіреші оның сәулет өнерінің ерек туындысы болғанынан да хабардар етеді: «жеке іргенектер,   босағалар,   маңдайшалар   ойылып   қашалған». Нақыштары да сәнді болған сияқты, тек «бедері өшіп барады». Соған орай: «Әттең, мен мұны қартайған, көз іріңдеп, буын дірілдеген кезімде кезіктірдім, – деп өкінеді. – Әйтпесе, ұялмай-ақ, бала-шаға үрім-бұтағыммен, зәузатыммен бар ғұмырымды осы сарайды тірі күніндегідей етуге жұмсар едім».

Назар аудара кетелік: жоғарыдағы жүрекжарды сырына қарағанда, Қазыбек бек төбесінен су аққан иесіз сарайды «қартайған, көз іріңдеп, буын дірілдеген кезі» деуге болатын шағы –  ХVIІІ ғасырдың 60-шы – 70-ші жылдарында көрген. Демек «соңғы үш жүз жылда» одан мекендеушілер кеткен уақыт шамамен ХV ғасырдың 60-шы жылдарына сәйкес келеді. Шежіреде сарайдың неліктен тастап кетілгені айтылмайды, бірақ,  сонша мезгіл «ғимаратты пайдаланбай, босқа қалдырғандықтан», оның жоғарыда айтылғандай күйге түскені баяндалған.

Қазыбек бек ата-бабаларының Көркембекті лайықты дәрежеде қадірлемегеніне қынжылады. Олар сәулетшінің тастан сарай тұрғызған осыңдай өнерін бағалай алмай: «Одан да ағайын арасында ет жеп, қымыз ішіп, серілік құрып, сәукім салып жүрмес пе?» – депті-мыс... «Мен мұндай ғимарат тұрғызған адамды ғұмыр бақи ардақтап өтер едім, – дейді шежіреші ХVIІІ ғасыр тереңінен, – бірақ біздің ата-бабаларымыз ол «тас қашады, біреуге үй салды» деп намыс қылған»[2].

Байқап отырғандарыңыздай, Қазыбек бек сонау алыс замандарда «тастан салған сарайларымыз бұзылып, кесене-кешендеріміз, сағана-мазарларымыз күл талқан болғанын еске алғанда», ата-бабалардың осынау кертартпа намысы үшін қынжылатынын сездіреді. «Миллиондаған адамның ғұмыры атқа мініп найза атып, күн-түн қатып, бел буулы, жең сұғулы өткеніне қан жылаймын» дейді. Тұтас жартастан ғаламат шеберлікпен салынған алыс заманғы сарайдың «құлап мұжылып жатса да» ұрпақ назарында болмағына ой жүгіртеді. Бір замандарда – мына тасты кім қашады екен, кімнің үлгі-өнегесімен істелді екен деген сауал қойылғанда – жұрттың сәулетші есіміне құрметпен қарарына күмән келтірмейді: «атам Көркембектің есімінің аталуы дүниеге жар салып тұрмай ма? Атамның сол салған сәулеті дәулеті емес пе?» Алайда, өміршең өркениет жолын «көкірегі көр, айдағаны жер» болған өзінің өткен замандардағы бабалары түсіне алмағанына өкініш білдіргеннен басқа амалы жоқ...

Бұл орайдағы оның өмір сүрудің мәні хақындағы пайымдаулары ойландырады. Міне, ол Қазыбек батыр атанды, Қазыбек бек атанды. Ханның тізесін басып, ақылшысы іспеттеніп, ордасында отырды. Сонда не бітті? – ол өзіне осындай сауал қояды. Сондай сауал қояды да, ізінше: «Әттең, ғұмыр босқа кетті» деп шешімтал байлам жасайды. Олай деу себебін өзінің күллі саналы тіршілігі сарп етілген жаугершілік дәуірден көреді: «Бәріне кінәлі – қалмақ салған сүрен, соның қазақты ырың-жырың еткені». Сосын сол орайдағы да өкінішін айтады. «Кейде отырып бүкіл бір жұртты жер бетінен жоқ қылып жібергенімізге іренжимін де, жаным да ашиды», – дейді.

Мұндағы шежіреші ренжіп те, жаны ашып та еске алып отырған тарихи оқиға жайына кішкене көңіл аудара кетелік. Оның «жер бетінен жоқ қылып жіберген» дұшпан – «бүкіл бір жұрт» – деп отырғаны қалмақ екені түсінікті. Ғасырлар бойғы шабуылдарымен «қазақты ырың-жырың еткен» қалмақ қазақтың қаһармандық әскери іс-қимылдары нәтижесінде ойсырай жеңілді. Қытайдың жойқын соққысы салдарынан жоңғар мемлекеті ретінде өмір сүруін тоқтатты. Батыр осыны айтқысы келген болу керек. Бірақ қалмақтар жер бетінен жойылып кеткен жоқ, олардың ұсақ шоғырлары өз тарихи отанында тіршілік кешуде, үлкен тобы өзіндік мемлекеттілігін сақтап, Еділ сыртында түтін түтетіп отыр, бірер шашырандылары біздің де елімізде бар, ал хисапсыз бөлігі ішімізге кіріп, сіңісіп, қан араластырып алғалы қай заман…

Қазыбек бек өз дәуірінің белгілі тұлғасы болған. Бірақ ол өзінің жеткен мәртебесіне де разы емес. «Ең болмаса жұрт айта жүретін, мәңгі тұратын, тас сарай салмағанмен, тауарихтың болашағына тастай жол тартатын бірдеме қалдыра алмаған ғұмыр ғұмыр ма, ол иттің күні емес пе?» – деп налиды. Ең болмаса қолға алған кітапбын бітіре алсам екен деп армандайды.

Алайда оны қоршаған замандастарының талабы да қызық, олар Қазыбек бек «атамыз Ұран-Майқыдай неге болмайды» деп көңіл толмаушылық білдіреді, сол атақты Майқы би «сияқты елді малдай айт деп өргізіп, шайт деп қайырып отырмас па» деген сөздермен үзілген үміттерін сездіреді. Олардың мұндай көзқарастарын шежіреші құлазушылық сезіммен атай кетеді де, негізгі пайымын былай тарқатады: «Қолымен тасқа нақыш ойып, бүгінгі күнге жеткізген атам Көркембек бірнеше тасқа сурет те қашапты деседі. Оны қазақтың шетсіз, шексіз даласының қай тауынан, қай тасынан қарарсың? Қайбір оның аты айғайлап жазылып тұр!? Сол он саусағынан өнері тамған, қарауындағы үш жүз шебер тасқа тамға басып, бедер қалдырған адамның енді бес жүз жылда олар түгіл Көркембек есімі де ұмыт болары сөзсіз. Әттең, Қожахмет сағанасын тұрғызған шеберлердей олар да есімдерін жазар ма еді. Кім біледі, жазған да болар. Заман өткен соң, бетін тауарих шымылдығы көлегейлеп қалған болар. ...Өлдің-өштің, дүниеден кеттің, сонымен бәрі бітті».

ХVIII ғасыр авторының осы пессимистік пікірі, айтып отырған сарайы одан екі ғасырдан жиырма-отыз жылдай астам уақыт өткендегі ұрпаққа – біздің замандастарымызға беймәлім екенін ойлағанда,  шынымен де шындыққа айналғандай секілденеді. Бірақ, қанша айтқанмен, біздің өткен жолдарымызда «тауарих шымылдығы көлегейлеп қалған» тұстар жеткілікті екені рас қой. Демек, соларды табуға, анықтауға тырысу ләзім, сондай мақсаттағы ізденіс еш тоқырамауы керек. Бұған ХVIII ғасыр авторының жазбаларын ХХІ ғасырда екінші басылым ретінде дүниеге әкеліп отырған баспа ұжымының: «Қазіргі Ақыртас атап жүрген ескерткішіміз осы Көркембек салған сарай болар. Баспагер»[3], – деген ескертпесі де елеулі түрткі боларлықтай...

Баспагер Көркембек салған сарай болуы ықтимал деп отырған «Ақыртас» – қабырғалары ірі тас блоктардан қаланған, қазіргі қалдық сілемдерінің биіктігі бір метрден бір жарым метрге дейін жететін, төрт бұрышты жоспармен тұрғызылған монументті құрылыс. Қаланың басты көшесі солтүстік және оңтүстік қақпаларының арасын жалғастырады. Сол басты көшеге кесе-көлденең, шығыстан батысқа қарай өтетін тағы бір көше бар, ол өз заманында терең айвандарға барып тірелгенге ұқсайды. Көшелер қаланы төртке бөлген. Оның үшеуі ішкі ауланың айналасына топтастырыла салынған тұрғын үйлерден тұрады. Ал қаланың солтүстік-батысындағы төртінші бөлігіне құрылыс салынбаған. Барлығының қақ ортасында периметрі бойынша мөлшері 5×5 метр болатын тас сәнтіреу (колонна) қойылған аула орналасқан. Ауланың оңтүстік жағында су жиналатын әуіт іспетті екі қазаншұңқырдың сілемі байқалады. Қала құрылысы соңына дейін тұрғызылмай, аяқсыз қалдырылған[4].

Ақыртасты «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясы Тараз қаласының шығысында 40 шақырым жердегі ескі құрылыс орны ретінде сипаттайды. Оны құрылыс материалдары тас болғандықтан және пішімінің малға шөп салатын ақырға ұқсас болуына байланысты Ақыртас деп атаған деген түсіндірме береді. Алыстан көрініп тұруы үшін таудың үстіне төртбұрышты жобамен салған деп тұжырады. Қазіргі кездегі қабырғаларының сақталған сілемдерінің мөлшерінен хабардар етеді. Құрылыстың қарама-қарсы екі бүйірінің ұзындығы 160 метрден, ал екінші жақтары 146 және 140 метр шамасында көрінеді. Қабырғалар көлемі 40х70х70 (80) см болып келетін ірі тас блоктардан қаланыпты.  Қорғанда біреуі солтүстігінен, үшеуі оңтүстігінен ашылатын  4 қақпа бар екен. Аула ішінде қабарғаларға жапсарластыра тұрғын үйлер салынған. Олар қызмет көрсететін және шаруаға қажетті бөлмелер кешенін құрайды.   Ақыртас қожайынының жатын жайы мен меймандарға арналған үйі ауланың түпкі, оңтүстік есік жағында болған. Ал солтүстік есік жақтағы үйлер Ақыртаста қызмет ететін адамдарға, күзетшілерге арналған, сондай-ақ бір бөлегі атқора болған тәрізді[5].

Әлемдік өрмекторға тоқылған «Ақыртас» сарай кешені» деген хабарламада  қазіргі кезде ҚР Ұлттық ғылым академиясы жанындағы Археология және этнография институтының басқаруымен кешен аумағында қазба жұмыстары жүргізіліп жатқаны, алдағы кезде республикалық «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында мұражай кешенін құру жоспарланып отырғаны айтылады. Археологиялық зерттеудің соңғы нәтижелерінің деректері бойынша – Ақыртасты Ұлы Жібек жолындағы орта ғасырлық қала Касрибаспен байланыстыруға болады делінеді осынау ғаламтор хабарында.

Көптеген ғалымдардың пайымдаулары Ақыртас араб қолбасшысы Кутейбаның бұйрығы бойынша соғылған дегенге саяды. Көрушілердің түйсігін құрылыстың алыптығы, кеңдігі, құрылысқа тастарды пайдалану шеберлігі таң қалдырады. Сарай кешенінің іргетасы 4 метр тереңдікте қаланған. Аңыздардың кейбірінде құрылыстың мақсатын түсіндіріп, оның аяқталмай қалу себептері айтылады. Көлемінің алыптығына байланысты оны ежелгі египеттік пирамидалармен салыстырады. Ақыртас құрылысынын толық аяқталмауына бір кездегі қуатты Тараз қаласының күйреуі, шет жерліктердің жиі шабуылы мен өзара соғыстар теріс әсерін тигізді деген болжам бар екені де ескертіледі[6].

Ғалымдар К. Байпақов пен С. Жолдасбаев Ақыртас араб қолбасшысы Кутейбаның бұйрығы бойынша соғылған деген жорамалды аса жоққа шығармайды.  Олар  Ақыртастың VIII ғасырдың екінші жартысында, дәлірек айтқанда – 751 жылы Атлах маңындағы шайқаста  қытай әскерін қарлұқтар мен арабтар бірлесіп жеңіп, екі мемлекет арасында бейбіт қатынас орнаған кезде салына бастауы мүмкін деген ой айтады. Бірақ құрылыстың салынуы белгісіз себептермен тоқтап қалған  дейді. Сондай-ақ олар араб ғалымдары ибн Хордабек пен ибн Кудам деректерінен мәлім Ұлы Жібек жолында орналасқан Касрибастың тап осы Ақыртас болуы ықтимал деген болжам жасайды[7].

Тараздан шығысқа, Ақшолақ теміржол стансасынан оңтүстікке қарай шығатын жолда Оңтүстік Қазақстанның жұмбағы мол ескерткішінің бірі Ақыртас жатқанын айтады ғаламтордың «Ақыртас жұмбағы» деген бір шағын мақаласы. Онда құрылыстың салыну тарихы, құрылысының авторы жайында ешқандай дерек жоқ екендігі атап өтіліп, есесіне түрлі қызықты, керемет аңыздар бар екені еске салынады.  Көптеген көріпкелдер Бермуд үшбұрышының үшінші нүктесі осында дейді екен... Бұл бір орасан зор, батыл жоспармен қолға алынып, бітпей қалған құрылыс ауқымды ауланың ішіне шоғырланған үйлер кешенінен тұрады. Қазақстан мен шетелдердің біраз ғалымдары осы сәулет ескерткіші жөнінде өз жобаларын ұсынды. Осынау бірегей сәулет кешені Қазақстанның, түркі мемлекеттерінің Таяу және Орта Шығыс мемлекеттерімен Ұлы Жібек жолындағы ерте, орта ғасыр кезеніңде саяси және мәдени байланыстарын анықтау үшін әлі зерттей түсуді талап етеді. 2004 жылы Ақыртаста қаланың ежелгі келбетін қалпына келтіретін реставрациялық жұмыстар басталды[8].

Егер ХVIII ғасырда Ақыртас сол заманғы көзі ашық тұлғалардың бірі санатындағы Қазыбек бектің ғана қаламына ілігіп, өзегін өртеген ойларға жетелеген болса, соңғы екі жүзжылдық бойы ол ғылыми жұртшылықты да, қалың көпшілікті де ерен де ерек сәулет ескерткіші ретінде таңырқатып келеді.

Бүкіл дүние жүзінің  назарын аударған, адамдарды тамсандырып, күні бүгінге дейін таңғалдыратын әлемнің жеті кереметі іспетті таңғажайыптар қазақ елінде де жеткілікті екенін бүгінде ізденімпаз отандастар жарыса айтып жүр. Әлемнің алғашқы кереметіне кіретін Мысыр пирамидаларынан, Эфестегі Артемида ғибадатханаларынан бірде-бір кем түспейтін кереметтердің барын, солардың ішінде Ақыртас кешені де  тұрғанын қаперден шығарып алғанбыз, «қолда барда алтынның қадірі жоқтың» кері осы деседі олар.

Еліміздің тарихи-мәдени ескерткіштерін насихаттау мақсатында «Қазақстанның жеті кереметі» атты жоба қолға алынған-ды, кейіннен жобаға бірнеше министрлік белсене атсалысып, «Қазақстан Республикасында «Қазақстанның жеті кереметі» байқауын өткізу туралы» шешім қабылданған болатын. Соған байланысты арнайы ашылған сайтта байқау үшін берілген тізімге еліміздегі 25 мыңға жуық тарихи ескерткіш ішінен екі жүзге жуығы енгізілді. Байқау мәреге жетіп, Қазақстанның жеті кереметі анықталды, бірақ ешкімнің де таласы жоқ таңғажайыптар (Оғыландыдағы Бекет-Ата жерасты мешіті, Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Сауран қалашығы, Қаратау жотасы, Қазақстандағы ең терең Қарағия ойпаты, Шерғала, Астанадағы Бәйтерек монументі) қатарынан ойып тұрып орын алуға тиіс тағы бір ғажайып – Ақыртас сарай кешені назардан тыс қалды[9].

Оңтүстік өңірдегі баға жетпес асыл қазыналардың бірі болып табылатын «Ақыртас», «Ақырташ», «Тасақыр», «Хасри бас» деген атаулармен ғалымдар мен жергілікті тұрғындарға кеңінен танымал болған, құрылысы аяқталмаған тас қаланың қалдықтарын – Ақыртас сарай кешенін, шынында да,  таңғажайыптардың ерекше тобына жатқызуға әбден болады. Ол Тараз қаласының шығысында 40 километр қашықтықтағы  Ақшолақ теміржол станциясының оңтүстігіне қарай төрт километр жерде, Қырғыз Алатауының етегінде жатыр. Бүгінгі отансүйгіш ұрпақ бұл көне жәдігерлікті ұлан-байтақ даланы мекендеген ұлы бабаларымыздың әлемдік өркениет өнерінен хабардар болғандығының бұлтартпас дәлелі ретінде мақтан етеді. Олар Ақыртас сарай кешенін шамамен XIX ғасырдың орта тұсынан бастап   әр жылдарда Знаменский, Лерх, Бартольд, Бернштам, Каллаур секілді ғалымдар мен өлкетанушылар зерттеп, жария ғылыми әлемге еткен деп біледі. Алайда құпиясын ішіне бүккен осынау ғаламат мұраның қандай мақсатқа арналғандығы және оны кімдердің, қай кезеңде іргетасын қалағандығы туралы күні бүгінге дейін бір ауыздан мойындалған белгілі бір тұжырым жоқ екенінен де хабардар.

Осы салынып бітпеген ежелгі қала орнын зерттеушілердің бірі, белгілі шығыс танушы ғалым Г.И. Пациевичтің 1949 жылы жасаған сипаттамасы бойынша – Ақыртас қалашығы Ұлы Жібек жолы бойындағы тас блоктардан тұрғызылған бірден-бір ірі құрылыс болып табылады. Ғалымды қала құрылысының ауқымдылығы таң-тамаша қалдырған. Ол солтүстіктен оңтүстікке қарай, қалыңдығы 4–5 метр аралығындағы құрылыс қабырғаларымен, 205 метрге созылып, жалпы аумағы 4 гектар жерді алып жатқан еді. Г. И. Пациевич «Ақыртас» тарихи кешені туралы қалдырған өз жазбаларында қаланың тұрғызылу мақсаты мен міндеттерінің түсініксіз әрі жұмбақ екендігін айтқан.

Жергілікті өлкетанушылар кешен материалдарының беріктігі тастан да қатты, жерасты су көзінен 180–200 метр биіктікте жатқан тау жынысынан жарып алынған аса ірі көлемдегі тас бөлшектерден тұратынын көріп-біліп жүр. Сондай блоктардан қаланған Ақыртас іргетасының биіктігі, жер бедерімен салыстырғанда,  3,5–5 метр болады екен. Іргетас үстіне қаланған тастың енінің өзі 2 метрден асады. Ал «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша 2004 жылы басталған археологиялық қазба жұмыстары «Ақыртас» тарихи кешеніндегі қала қабырғаларының биіктігі бес метрге жететіндігін дәлелдеп отыр.

Қабырға тұрғызуға аса шеберлікпен қашалған қызыл тастар пайдаланылған. Зерттеушілер Күзенбай Байбосынов, Жұмакүл Омарова, Балтабек Өмірбаев «Ақыртас ежелгі өркениетіміздің алтын көмбесі» деген мақаласында академик Карл Байпақовтың сипаттауына сүйене отырып, тас блоктардың және өзге де өңделмеген кесек тастардың көлемі 115x50x50 және 60x60x50 сантиметрге дейін жететінін көрсеткен. Өңделген тастардың  бізге жеткен нұсқалары сол ерте дәуірлерде өмір сүрген шеберлердің үздік сәулеткерлік өнерін паш етеді.

Археологиялық зерттеулер Ақыртасты салу үшін ірі-ірі тастардың тау етегінен қазылып, бірнеше шақырым жерге тасылғанын, сосын асқан шеберлікпен өңделгенін, одан шеберлер оларды аса дәлдікпен бір-біріне қиюластырып қалағанын көрсетеді. «Қала қабырғасын құрайтын тас блоктарды қалау кезінде лай қоспаның қолданылмағандығы археологтар мен кәсіби құрылысшылардың назарын өзіне аударатындығы сөзсіз. Мысалы, құрылыстың бұрыш, өтуге арналған орын сияқты неғұрлым күрделірек бөліктерінде, айрықша нормадағы тас блоктар пайдаланылған. Бұл ретте блоктардың бір жақ беті астау, немесе бесік түрінде, ал қарама-қарсы жақ беті қиық шошақ формасында қашалған. Мұның өзі тас блоктың астындағы өзі пішіндес басқа блокқа тығыз тереңірек еніп кірігуіне мүмкіндік туғызған. Сірә, блоктардың осындай формаға келтірілуі осынау теңдессіз алып құрылыстың «Ақыртас» атануына себепші болуы керек».

Алып құрылысқа су апару үшін 2–3 шақырым қашықтықтағы тау шатқалында аққан бұлақтардан қыш құбырлар тізбегі тартылған. Әрқайсысының ұзындығы жарты метрдей бөлшектерден құрастырылған осы құбырлар арқылы аққан су кешен аумағына жеткізілген. Жалпы, ертедегі билеушілердің, сәулетшілер мен құрылысшылардың тұтас бір қалашықты ауыз сумен қамтамасыз ету жолдарын қалай тапқандығы айрықша назар аударатын мәселе болып табылады. Белгілі өлкетанушы, кезінде Түркістан әуесқой археологтар үйірмесінің мүшесі, Әулиеата уезінің бастығы болған В.А. Каллаур Ақыртастың шөлейтті жерге орналасқанын жазған. Оған ең жақын су көздері – Қырғыз Алатауының солтүстік беткейіндегі шатқалдардан бастау алатын қайнар бұлақтар. Олар кешеннен 4–5 километр қашықтықта жатыр. Әрі олардың суы шағын егістік танаптарын суаруға ғана жетеді. Ал қалашықтың маңынан өтетін өзеншіктің суы жаз айларында  мүлдем тартылып,  құрғап қалады. Осыларды ескере келе, В. А. Каллаур қалашық құрылысын жүргізушілер оны ауыз сумен қамтамасыз етудің анағұрлым күрделірек тәсілдерін қолданған болуы керек деген қорытындыға келеді. Сөйтіп, іздестіру жұмыстарын осы бағытта жалғастырады.

Ұзамай оның бұл болжамы расқа айналады. Зерттей келе, Қырғыз Алатауының Ұзынбұлақ, Қызылқайнар, Сазөзек деп аталатын үш шатқалынан саз балшықтан жасалған су құбырларының көптеген сынықтары табылады. Осы артефакттар ертедегі құрылысшылар Ақыртасты үш су көзі арқылы ауыз сумен тұрақты түрде қамтамасыз етуді ойластырған деген ғылыми тұжырымдама жасауға негіз береді. Ғалымдардың пікірінше, біріншіден, күйдірген саз балшықтан жасалған құбырлармен аққан су жолшыбай шығынға ұшырамайды. Екіншіден, қалашықтан 100–150 метр қашықтықтан су жинауға арналған аумағы 50×50 метр, тереңдігі 2–2,5 метр болатын екі су қоймасы табылған болатын, солар тұрғындар мен жұмысшыларды қажетті ауыз сумен қамтамасыз етуге толық мүмкіндік жасаған.

Зерттеулерге қарағанда, Ақыртасты суландыруға қызмет еткен саз балшықтан жасалған құбырлардың ұзындығы 60 сантиметр, ал енділеу жағының диаметрі 20 сантиметр, ал енсіздеу келген қарама-қарсы жағыныкі 18 сантиметр болған екен. Су жолындағы құбырлардың әр буынында енсіздеу басы енділеу келген жағына кіріктіріліп кигізілу арқылы жалғастырылған. Ұзынбұлақ шатқалынан тартылған  су құбыры арқылы су әуелі кешендегі су жиналатын әуітке, одан арнайы құбыр желілері арқылы тұрғын үйлерге, бау-бақшаларға және басқа да шаруашылық нысандарына жеткізіліп тұрған[10].

Қазіргі замандағыдай құрылысқа қажет техника жоқ алыс заманда осылай су тасымалдау да, ірі тас блоктарды жартастан ойып алу, сол ауыр тастарды қасындағы дөңеске  тасымалдап  шығару, оларды өңдеу, одан биікке көтеріп, қиюын келтіре қалау жұмыстары да жалаң қолмен қалай орындалғанын елестету қиын. Бұл, шынында да, түсіндірілуі қиын, таңғаларлықтай ғажап құбылыс. «Бұл ғажайып құрылысты ежелгі қазақ жұртындағы көреген көсемнің қолға алып жүргізгені анық», – дейді тараздық автор Гүлжан Көшерова[11]. Оның  бұл сөздері бізге осындай пікірімен ХVIII ғасырдан тіл қатқан  Қазыбек бекпен үндес шығып жатыр. Көркембек сарайының Қазыбек бек қалдырған суреттемесі Ақыртастың бүгінгі сақталған кейпінен-ақ тура оған келмейтіні аңғарылғанмен, алыс заманғы алып құрылысты басқарған белгісіз қазақ сәулетшісінің жұмысына сүйсіну сезімі барша жұртты бірлестіріп, мақтанышқа ортақтастырады.

Енді осынау ғаламат тарихи ескерткіш жайындағы  дерек көздеріне шағын шолу жасайық. Ежелгі Ақыртас қаласы жайлы алғашқы мағлұматты даостық монах Чань-Чунь жазып қалдырған. Ол Шыңғыс ханмен кездесу үшін 1222 жылы Қытайдан Орта Азияға келген еді. Сол жолсапарында жүргізген күнделігіне Чань-Чунь: «...жол бойында қызыл түсті тастардан тұрғызылған тас қалашыққа тап болдық. Көне дәуірдегі әскери тұрақтың орны бар. Батысында үлкен Аю жұлдыз шоғыры сияқты шашырай орналасқан бейіттер жатыр», – деген жолдар түсіріпті.

Дегенмен, Ақыртас қалашығының тарихын ғылыми тұрғыда зерттеу жұмыстары, шығыстанушылардың пікірінше, бұдан 130 жылдан астам уақыт бұрын қолға алынған.  ХІХ ғасырда орыс суретшісі М.С. Знаменский аталған тарихи кешенге бірінші болып назар аударады. Ол Орта Азияға жаулап алу жорығын жасаған генерал Черняевтың әскери экспедициясының құрамында келген-ді. Ақыртасты 1864 жылы көреді. Құрылысы аяқталмаған қалашық орнын аралап, қағазға кешен  қабырғаларының жалпы панорамасы мен фрагменттерінен кескіндемелер түсіреді. Үш жылдан кейін (1867) ескерткішті белгілі шығыстанушы-ғалым П. И. Лерх зерттейді. Ол жекелеген тас блоктардың қалдықтары жайында ХІІІ ғасырда монах Чань-Чунь жинаған деректерді келтіреді және Ақыртасты монастырь деп қарайды. Бұл ориенталист оны Будда ғибадатханасы ретінде санаған.

ХІХ ғасырдың 90-шы жылдарында ғалымдар Ақыртасқа тағы да назар аудара бастайды. 1893 жылы онда академик В. В. Бартольд болып, ескерткіш туралы   аңыз-әңгімені   келтіреді және Ақыртастың христиан, соның ішінде несториандар ғибадатханасы болуы ықтималдығы туралы өзінің болжамын білдіреді[12]. Әулиеатаның шығыс жағынан жақын жатқан көне ескерткіштер Жетітөбе (Джеты-тепе) мен Ақыртас (Ахыр-Таш) кең танымал болғандықтан да, оған толық тоқталуды қажет деп таппай,  Бартольд өз жазбасында Лерхтің кітабына сілтеме жасайды. Онда осы ескерткіштер жайындағы ең ежелгі хабар ретінде қытай Чань-Чуньнің әңгімесі келтірілген. Ал Чань-Чуньнің жазғандарынан сонау ХІІІ ғасырда, дәлірек айтқанда 1221 жылдың өзінде Ақыртастың құлап, қаусаған қалыпта жатқаны көрінеді. Ал Қазыбек бектің жазбасында баяндалатын Шапырашты ұрпағы Көркембек ұста өзінің ғажайып сарайын тұтас тастан қашап салуға бұл мерзімнен кейінірек, жоғарыда келтірілген ұрпақ сандарының орта жасымен жобалап жасаған есебіміз бойынша – ХІV ғасырдың бас кезінде кіріскен болуға керек.

Бартольд бұл жұмбақ бүккен қирандылардың шығу тегін анықтауға жәрдемі тиюі ықтимал дерек ретінде: «Дудин мырзаға және маған өзге суреттеулерде еске алынбайтын ою-өрнегі бар бірер тасты көрудің сәті түсті, – деген хабар береді.  – Осы орында болған жазуы бар тастар туралы қазақтар (киргизы)   Дудин мырзаға да,  келесі жылы маған да айтты».  Бірақ оларға сол тастар хақында әлдеқандай нақтырақ мәлімет табудың орайы келмейді. Өйткені тастарды жергілікті тұрғындар түрлі мақсаттарына бола кешеннен жиі-ақ тасып әкетіп жататын. Көбіне диірмен жасауға алатын.

Қазыбек бек ХVIII ғасырда көрген Көркембектің сарайы мұндай  дәрежедегі тонауға ұшырай қоймаған-ды. Одан тек тұрғындары кеткен, әрі төбесінен су кететіндей жарылғанмен, құламаған. Яғни ол Ақыртас секілді аяқталмай қалған емес, салынып біткен құрылыс еді. Ең бастысы, шежіреші бізге оны, жоғарыда баяндағанымыздай, ірі тас кесектерден қаланған деп емес, біртұтас жартастан қашалып жасалды деп түсіндірген болатын. Демек, Көркембек сарайының Баспагер жорамалдаған Ақыртас емес, соған ұқсайтын басқа құрылыс болуы да мүмкін. Қалай болғанда да, Бартольд Ақыртасқа ұқсас Тасрабат (Таш-рабат) тас ғимараты туралы да жазады. Ол Нарын гарнизонының офицері Карнаухов жасаған құрылыс сызбасына қарағанда және көргендердің айтуынша – Тасрабаттың Ақыртастан аумайтынын, бұл тас ғимараттың Нарыннан Қашқарға барар жолда, теңіз деңгейінен 11  мың фут биіктікте тұрғанын, оны христиандық әлде буддалық монастырь ретінде көретіндерін келтірген. Бартольд Лерхтің Ақыртасты Будда монастырі деп білгенін де еске ала кетеді.

Қызығы, Бартольд қазақтардың Тасрабат туралы да, Ақыртас туралы да бірінен бірі аумайтын аңыз айтатынын ескертеді. Екі аңызда да құрылысты белгілі бір себеппен аяқтай алмаған әкелі-балалы құрылысшы жайында сөз болады екен. Ал Ақыртас жөнінде Бартольд Дудиннен мынандай да аңыздар естиді: Алан-Хазар деген алып жігіт бір қызды жақсы көреді. Ал оның жақсы көрген қызы оған тұрмысқа шығу шарты ретінде өзіне арнап қала және сарай салып беру керек екенін айтады. Алан-Хазар Буттам-Буйнак тас тасып, қашайды да, құрылысты бастайды. Қаланы салып біткеннен кейін ол Буттам-Буйнак тауын қопарып, Талас өзенін өзінің қаласының жанынан ағызғысы келеді. Өйткені Ақыртас қабырғасы қаланған жер о бастан сусыз, шөл дала екен. Сондай мақсатпен тауға тағы бір бара жатқанында басқа  бір сұлу қызды кезіктіреді. Соны қатты ұнатқан әрі онымен тез тіл табысқан жігіт құрылысын аяқтамай, жаңа ғашығының қасында қалады. Екінші бір аңыз бойынша Ақыртасты Манас пен оның баласы Семетей салған көрінеді...

Бартольд көрген кезде Ақыртас маңында мүлдем су болмаған, әйтсе де, бір кезде елеулі боп аққан өзеннің кепкен арнасы әлі де көрініп жатқан еді. Кешен оның оң қанатына салынған екен. Қазақтардың сөзіне қарағанда,  бұл өзеннің бастауы тауда екен және ол әлі күнге дейін құрғамаған көрінеді[13].

Көне заманның сәулет ескерткіші бұдан кейінгі кезеңде де ғалымдар назарынан тыс қалған жоқ. Онда академик А.Н. Бернштам басқарған Жетісу археологиялық экспедициясы болды. Экспедиция Талас жазығында 1936–1938 жылдар аралығында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген еді. 1945 жылы тарихи қалашықты Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы сәулет өнері істері жөніндегі экспедиция зерттеді. Зерттеу нәтижесінде Ақыртастың жоспары жасалды, белгілі сәулетші Т.К. Бәсеновтің сол зерттеу материалдарын пайдаланып жазған еңбегі жарық көрді. Онда ғалым Ақыртасты буддашылдар немесе несторийшілдер ғибадатханасы болуы ықтимал деген болжамдарды теріске шығарып, өзінің зерттеу барысында оны VІІІ–ІХ ғасырларда салынған қамал-сарай деген ұйғарымға келгенін айтты[14]. Ірі бектің салынып бітпей қалған сарайының іргесі деп те тұжырды[15].

Одан сәл кейініректе  ескерткіш құрылысының жоспарын Л.Ю. Маньковский деген ғалым сараптап-саралады. Ол Ақыртасты керуен-сарай, аралық бекет және алып сауда орталығы ретінде салынған деп қорытып, сол орайдағы ғылыми тұжырымдамасын ортаға салды. Ғалым Ақыртастағы құрылыс жұмыстары X ғасырға дейінгі кезеңде жүргізілген деген пікір білдірді, сондай-ақ, араб жазбаларындағы Касрибас атауы Ақыртасты көрсететіні жөніндегі пікірлерге қосылды[16].

Қазақстан және Франция ғалымдары 1996 жылы бірлесіп жүргізген зерттеулері барысында, құрылыс жобасының Ирак пен Сириядағы ортағасырлық кешендерге ұқсастығын ескере отрып, Ақыртасты VІІІ–ХІ ғасырларға жататын, бітпей қалған  Керуен-сарай ғимаратының қалдығы болуы мүмкін деген тұжырымға келді[17].

Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының директоры К.М. Байпақов Ақыртасты ІХ–Х ғасырларда Жетісуда билік жүргізген қарлұқтардың құрылысы аяқталмаған ставкасы, дәлірек айтқанда – 766–893 жылдар аралығында Жетісудың батыс бөлігін билеген қарлұқ қаһанының жазғы резиденциясы болуы мүмкін деп санайды. Ғалым Ақыртасты зерттеуді қайта қолға алудың осы ғажайып сәулет ескерткіші жайындағы пікірлерді қорытып тұжырымдауға жағдай жасайтынын және оның Ұлы Жібек жолы бойындағы түркі мемлекеттерінің саяси және мәдени байланыстарын анықтау тұрғысынан да аса маңызды болмағын мойындайды. Ол, сондай-ақ, Орта және Таяу шығыстың сәулет өнері туындыларында Ақыртасқа парапар, салыстырып қарауға сұранып тұрған аналогиялық нұсқалар бар деген пікірге қосылады. Сирия мен Йорданиядағы құрылыстар, араб халифтерінің жазғы резиденциясы орналасқан Самаррадағы сарайлар, әсіресе өзінің сән-салтанатымен әлемге әйгілі Каср аль Хайр Тарби сарайы жобаланулары жағынан Ақыртас кешенін еске салады. Ақыртастың  араб елдеріндегі атамыш сарайларға ұқсастырылып салынғаны жөніндегі пікірлер жаңа ізденістерге, қызықты пайымдарға жетелейді[18].

Ақыртастың салыну уақыты, мақсаты және онымен байланысты саяси оқиғалар жөнінде зерттеуші-ғалым В. Брентьес те өз болжамын ұсынды. Ол Ақыртасты салу араб қолбасшысы Кутейбаның бұйрығымен  басталған дейді. Құрылыстың басталған нақтылы мерзімін Кутейба ибн Мүсілімнің Орталық Азияның басқарушысы болған 714–715 жылдармен байланыстырып, Ақыртас оның солтүстіктегі резиденциясы ретінде соғылған деп болжайды.

Францияның белгілі ғалымы, Сорбонна университетінің профессоры Амрст Нортхедж 1997 жылы екі жас әріптесімен бірге  Ақыртас қалашығында жетілдірілген лазерлік қондырғылардың көмегімен зерттеу жұмыстарын жүргізді. Соның нәтижесінде көптеген археологиялық мәні жоғары  құндылықтар табылды. Олар сол уақытқа дейін беймәлім болып келген еді. Мәселен, қабырғалардың бұрыштарында дөңгелек мұнаралардың болғандығы анықталды, сондай-ақ негізінде тас тіректері сақталған сәнді бағандары бар үлкен ауланың анағұрлым айқынырақ жобасы қалпына келтірілді[19].

Байқалып тұрғандай, Ақыртастың қандай мақсатқа арнап салынғаны жөнінде – керуен-сарай, ірі шонжардың мекен-жайы, яки діни ғибадатхана болуы ықтимал делінетін қилы болжам бар.  Жоғарыда жазғанымыздай, Қазыбек бектің айтуынша – Көркембек есімді тас шебері Әулиеата маңынан салған үш сарай ел билеушілерге арналған болатын. Егер бұл сарайлар, Қазыбек бектің жазбаларын шығарушы ескерткендей, шынымен Ақыртас кешеніне жататын болса[20], жоғарыдағы жорамалдардан гөрі нақтырақ дерекке кенелер едік.

Алайда Ақыртас кешені мен Көркембек сарайы, жоғарыда атап өткеніміздей,  салыну тұрпаттары жағынан да, салынған уақыттары бойынша да сәйкессіздік белгілерін байқатады. Сол себепті  кешеннің ғибадатхана сипатында салынуын немесе сондай мақсатқа пайдаланылуын мүмкін ететін   қандай алғышарттар бар екенін қарастырайық.

Қазақ елінің ұлан-байтақ аумағын –  Орта Азияны, Оңтүстік Қазақстан мен Жетісуды ежелгі заманнан-ақ Ұлы Жібек жолының тармақ-тармақ жолдары басып өтетін. Б.з.б. ғасырларда салынған Жібек жолының қызметі  XIV ғасырға дейін созылды.  Ақыры, Қытай сауда жасауға қолайлы теңіз жолын игергеннен соң, өзара қырқыстар мен соғыстар берекесін кетірген көне жол мүлдем қолданыстан шықты.

Баршаға белгілі,  Жібек жолы  алғашында қытай жібегін өзге елдерге тасымалдауға қызмет етті. Сол жолмен өз кезегінде Рим, Византия, Үндістан, Иран, Араб халифаты, кейінірек Европа мен Русь тауарлары өтіп жатты. Қазақ, араб тұлпарлары, түйелер мен пілдер, өзге де түрлі хайуанат сатуға шығарылып жүрді. Ұлы Жібек жолымен мәдени өсімдіктер, жеміс-жидектер де жер-жерге тарады. Елдер арасындағы мәдени байланыстар артты.

Орта ғасырлар басында Азияда әлемдегі төрт патшалық тұжырымдамасы кең танылған болатын. Осы «әлем патшалықтарының» әрқайсысы ірі елдер мен аймақтардың символындай еді. Олар өздеріне ғана тән артықшылықтарымен бір-бірінен ерекшеленетін.  Дүниенің төрт жағына қарап жатқан әлемдік төрт монархия идеясына – Суй (589-618) және Тан (618—907) әулеттерінің билігімен біріккен Қытай,  үнді билеушілерінің патшалығы, Тынық мұхиттан Қара теңізге дейін созылған  түркілер бірлестігі, Парсы елі мен Византия негіз болған еді. Оңтүстіктегі пілдер патшасының империясы (Үндістан), батыстағы бағалы заттар патшасы (Иран мен Византия), солтүстіктегі жылқылар патшасы  (түркі қағанаттары), шығыстағы адамдар патшасы (Қытай) осы негізде мойындалған әлемдік елдер болатын.

Мұндай тұжырымдаманы сәл кейінірек мұсылмандар да ұстанды. Самарқан маңындағы елді мекен ғимараттарының қабырғаларына ұлы елдер билеушілерінің бейнеленуі (бір қабырғаға – қытай императорларының, екіншісіне – түркі хандары мен үнді брахмандарының, үшіншісіне  парсы патшалары мен рим императорларының суреттерін салу) осы идеяның Орта Азиядағы көрінісі еді.

Сонау алыс замандар авторлары өз мемлекеттерінің табыстары туралы ғана емес, өзге мәдениет құндылықтарын өз елдерінде игеру дәрежелері туралы да жазатын. Ұлы Жібек жолы дүние жүзіндегі сан түрлі мәдениеттердің өзара  алмасуына ықпал етті. Бұл жолмен діни идеялар да кең тарады. Үнді елінен Орта Азия мен Қазақстанға, Шығыс Түркістанға, одан Қытайға б.з.б. І ғасырда буддизм келді. VI ғасырдағы түркілер буддашылдық (буддизм) ықпалын қатты сезінді. Зерттеушілерің пікіріне қарағанда, VIІ ғасырдың алғашқы жартысында батыстық түркілердің кей билеушілері буддашыл болған немесе буддашылдыққа қамқорлық жасаған көрінеді.

Буддизм Қазақстанның оңтүстігі мен Жетісуда біршама кең тараған. Ұлы Жібек жолы бойымен буддизммен қатар, Батыстан Шығысқа қарай, христшілдік (христиандық) та келді.  Христиандықтың  Шығыстан Батысқа қарай жылжуы, жалпы, күні кеше кеңестік империя шаңырағы астында бір өмір сүрген халықтардың түркілік тамыры жөнінде танымды әңгіме қозғап, түркі әлемінің және Ұлы Даланың тарихы мен мәдениеті жайында «Қыпшақ даласының жусаны», «Европа. Түркілер. Ұлы Дала», «Қыпшақтар. Түркілердің және Ұлы Даланың ежелгі тарихы», «Қыпгшақтар, оғұздар», «Түркілер және әлем: асыл тарих», «Азиялық Европа», «Армагеддонның тыныс алуы» сынды тамаша кітаптар берген жазушы-тарихшы Мұрад Аджидің бұл орайда өз алдына бір төбе екенін мойындауға тиіспіз.

VI ғасырдың алғашқы жартысында Шығыс Рим империясындағы Несторий деген священник (византиялық патриарх Нестарий) христиандық ішінен жаңа ағымның негізін салып, айналасына өз жақтастарын топтастырды. Несторий  (Нестарий) Мәрия қыздан құдай емес, адам туды деп нығарлай уағыздаған-ды. Оның ойынша, Иисус Христос дүниеге адам болып келіп, тек кейіннен ғана Құдайдың Ұлына (Мессияға) айналды. Ол тек қасиетті рухты алып жүруші, «құдайдың мекені» ғана болған. Несторийдің пайымы бойынша – Мәрия қызды құдайды туушы деп емес, христті туушы деп атаған жөн болмақ.

Мұндай пікір бұқараның ойын дағдарысқа ұшыратты. Бұл Христосты адамшылдық пен құдайшылдық қырлардың бөлінбес құймасының иегері ретінде қарау нәтижесінде Нике жиыны (соборы) 325 жылы қабылдаған дін символына қарама-қайшы келетін. Христостың құдай-әкемен жан-тәні бір екенін жоққа шығаруды шіркеу аса масқара ересь деп таныды.  Содан, Несторий ілімін 431 жылы Эфес соборы  (жиыны)  айыптады. Артынша несторийшілдер (несториандар) қатаң қуғынға ұшыратылды. Олар Иранға қашуға мәжбүр болды.

Несторийдің жақтастары парсы елінде мектеп ашып, Византияға саяси оппозиция топтастырды. Соның салдарынан сириялық бай көпестер мен қолөнершілер Византия орталығы Констиантинопольдегі базардан (рыноктан) айрылды да, Шығысқа бет алды.

VII–VIII ғасырларда несторийшілдік (несторианство) Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу қалаларына кең жайылды. Оның артынша Жібек жолымен зороастризм (ізгілік пен жауыздықтың, жарық пен түнектің күресі идеясы) мен  христиандықтың   (мессиандық идеясының) синтезі іспетті  манихейлік (манихейство) келді. Ол Жетісу мен Қазақстанның оңтүстігіндегі отырықшы жұрт арасында көп жақтас тапты.

Дегенмен Қазақстанға  VIII–IX ғасырлардан тарай бастаған  ислам, әсіресе Қарахандар әулеті оны Х ғасырда мемлекеттік дін деп жариялаған соң (Тараздағы басты шіркеу 893 жылы мешітке айналдырылған болатын. Археологиялық қазба жұмыстары IX–Х ғасырларда Тараз бен Миркидің (Меркінің) христиан шіркеулері мұсылман мешіттеріне өзгертілгенін, осы кезеңде жерлеу ғұрпына да өзгеріс енгенін – Отырар алқабында ең ертедегі мұсылман зираттары табылғанын  көрсетті[21]) олардың бәрін біртіндеп ығыстырып шығарды.

Алайда бұл үдеріс ғасырларға созылған болатын. Несторийшілдер (несториандар) Жетісудың солтүстік бөлігінде ΧIIΙ ғасырда да болды. ΧIIΙ ғасырдың басында Моңғолияның батыс бөлігіндегі көшпенді наймандар арасында және отырықшы ұйғырлар ішінде христиандар (христшілдер) көп-тін. Христшілдіктің (христиан) дініндегі   керейіттер, наймандар мен ұйғырлар Шыңғысхан мен оның Орта Азиядағы, Қытайдағы және парсы еліндегі (Персиядағы) ізбасарлары ордаларында едәуір ықпалға ие болып тұрған еді.

Баршаға белгілі – Шыңғысхан да, оның ізбасарлары да дін әртүрлілігіне төзіммен қарады. Олар басып алған ел-жұрттарды рухани жағынан қудалаған жоқ, тек экономикалық тәуелділікте ұстауға тырысты, дәлірек айтқанда, тек қана салық алумен шектелді. Ал бағындырған елдерден түсуге тиіс алым-салықты есепке алу үшін халық санағын да жүргізді.

Моңғолдар күллі держава аумағында шаруашылықтың өркендеуіне жағдай туғызды, құқықтық тұрғыдан да барша бағыныштыларына міндетті біртұтас тәртіп енгізді. Олардың билігі кезінде жаңа қалалар салынды, Шығыс пен Батыс, Солтүстік пен Батыс арасында тауар алмасу, сауда қатынастары жандандырылды. Шыңғыс ханның өсиетіне сай, оның ұрпақтары жаулап алған жерлерінде діни істерге, жалпы рухани мәдениетке – тілге, жазуға, әдет-ғұрыпқа, адамгершілік-имандылық қалыптарға – араласпады[22]. Бұл орайда олар басшылыққа алған Шыңғыс ханның «Ұлы Яса» (яса, ясак, жасақ, моңғолша – дзасак, «қаулы», «заң» деген ұғымды білдіреді) деп аталған заңдар мен ережелер жиынтығы үлкен империядағы жаңа жағдайларды ескеруден туған, әдеттегі құқық нормаларын уақыт талабына сай өзгертіп, соны ахуалға орайластыра жасалған құқықтық нормалар мен заңдық ережелерді біріктіретін[23]. Сол Ұлы Ясақ жарғысында жазылған ережелерге сәйкес,  саналы түрде «ешбір дінге артықшылық бермей, барлық иланымды құрметтеу» рухында жүргізген шыңғысшылардың бұл саясаты алып қағанаттың жаңғырып дамуына белгілі дәрежеде оң ықпалын тигізді[24].

Дегенмен, әр аймақ пен ұлыстардың әлеуметтік-экономикалық, этно-мәдени, саяси мүдделері бірдей болмағандықтан, алып империяны біртіндеп ішкі қайшылықтар әлсірете бастады.

Шағатай әкесі Шыңғыс хан (1162-1227) мен ағасы Жошы хан[25] (1187–1227) бірінен соң бірі 1227 жылы өлгеннен кейін, Шыңғыс тұқымының тірі жүрген үлкені ретінде зор бедел мен билікке ие болды. Ол інісі Үгедейді ұлы хан деп жариялаған ханзадалардың басшысы еді. Ясаны (Жасақты), қилы қағидаларды, қағанатты сақтаудың амалдарын жетік білген[26]. Шыңғыс хан оны өз жарлығымен Ясақ заңының бас сақшысы етіп тағайындаған[27]. Онымен – ағасы Шағатаймен – ұлы хан болғанына қарамастан, Үгедейдің өзі қатты санасатын, оның мақұлдауынсыз маңызды шешімдердің ешбірін қабылдамайтын. 1241 жылы Үгедей, артынша Шағатай өлген соң, империяда бес жылға созылған дүрбелең кезең басталды. 1246 жылы Үгедейдің үлкен ұлы Күйік ұлы хан болды. Ол 1248 жылы өлгеннен соң Үгедей мен Төлей ұрпақтары арасында билік үшін күрес басталды. 1251 жылы Төлейдің үлкен ұлы Мөңке Жошы Ұлысын билеп отырған Бату ханның (1208–1255, Жошы ханның екінші ұлы[28]) қолдауымен 1251 жылы ұлы хан болып жарияланды[29].

Сыртқы экспансиялар басталғаннан шамамен жарты ғасырдай өткенде, 1259 жылы Мөңке хан өлгеннен кейін, Шыңғыс хан мен оның балаларының суперимпериясының тұтастығына елеулі сызат түсті. Мөңке ханның екі інісі  Құбылай мен Арық-Бұға ұлы хан тағына отыру үшін өзара күреске кіріскенде, алып қағанаттың бірлігіне ақырғы соққы беріліп, орталық биліктің әлсіреуі шапшаңдады. Ұзамай, ұлы қағанат орнында  төрт жаңа мемлекет пайда болды[30].

Олар да өз аумақтары мен халықтарының құрамы жағынан өз алдына дербес бір-бір ірі империялар еді: бірі – Ұлы хан үлесі, кейін ол Юань империясы (негізін Шыңғыс ханның немересі Құбылай салып, 1264 жылы астанасын Қарақорымнан қазіргі Пекинге, сол кезде Даду аталатын қалаға көшірген, әулетіне қытайша Юань атауын берген, 1386 жылға дейін моңғолдар билік құрған қытай мемлекеті[31]) деп аталды, келесілері – Шыңғыс ханның балалары мен немерелерінің үлестері – Жошы, Шағатай және Хулагу (Хулагу хан –Шыңғыс ханның Төледен туған немересі, 1217–1265 жылдары өмір сүрген, Хулагу әулетінің мемлекеті 1256–1351 жылдар аралығында қазіргі Иран, Ирак, Ауғанстан, Түрікменстанды, Кіші Азияның шығыс бөлігін, Әзербайжан мен Армения елдерін бағындырған, Грузия, Трапезунд империясын, Кипр корольдігін тәуелділікте ұстаған[32]) ұлыстары[33].

Негізгі аумағы қазақ жазираларын алып жатқандықтан, ұрпақтары қазақ мемлекеттігінің қайраткерлеріне айналғандықтан,  біздің Жошы Ұлысына көбірек назар аударатынымыз түсінікті болса керек.

Тарихнамада  Жошы Ұлысының, яғни Алтын Орданың дербес мемлекет ретінде қаз тұрған, құрылған шағына балап, Жошының мирасқоры Бату ханның батысқа жасаған жорығынан Еділ бойына оралған кезеңін – ХІІІ ғасырдың 40-шы жылдарын атайды. Бату қолының Руське және Еділден батысқа қарайғы өңірлерге жасаған жорықтары Жошы Ұлысын Алтайдан Дунайға дейінгі байтақ өлкені алып жатқан, орталығы Төменгі Еділде орналасқан Алтын Орда атты ұлан-байтақ мемлекетке айналдырды.

Алтын Орданың астанасы  Сарай-Бату (Бату хан Сарайы, Ескі Сарай, Үлкен Сарай, І Сарай,  Сарай-әл-Махруса – Құдай сақтайтын Сарай)  – ортағасырлық қала, Алтын Орда мемлекетінің алғашқы астанасы. Еділ өзенінің төменгі ағысына, дәлірек айтқанда, оның саласы Ақтөбе (Ахтуба) өзенінің сол жағалауына салынған. Бұл қаланың негізін Бату хан 1254 жылы венгр жорығынан оралғаннан кейін Ұлы Жібек жолына арнайы қалаған. Алғашында ол көшпенділік аумақтың орталық қонысы, ордасы іспетті болған, біртіндеп қалаға айналды. Алтын Орданың басты саяси орталығы, астанасы болды.

Сарай-Бату көлемі 36 шаршы шақырым аумақты алып, өзеннің бойымен 10 шақырымға созылған, жалпы саны 70 мыңнан 600 мыңға дейін адам тұрған, Евразиядағы  аса ірі шаһар еді. 1280 жылға дейін астана мәртебесімен өмір сүрді. Алғашқы теңгелер (монеталар) осында соғылған. Орыс дереккөздерінде «Ұлы тоқырау (великая замятня)» (айта кету жөн, осы кезеңнің орысша аталымы – «великая замятня» – Қазақстан тарихында «ұлы алапат»  деп берілген[34], біздіңше, мұнда «замятня» анықтамасы қазақшаға дәл мағынасында аударыла қоймаған, бұл кезеңге бір сөзбен тура анықтама беру қиын, дегенмен оған – «алапат» дегеннен гөрі «тоқырау» дейтін сөздің мазмұны жуықтау) деп аталған кезеңде – Жәнібек ханды өз ұлы Бердібек өлтіргеннен кейін басталған хандардың өзара қырқыстары (1359–1380 жылдары, яғни 20-шақты жыл ішінде  Алтын Орда тағына 25-тен астам хан отырған) кезінде қатты зардап шеккен, әсіресе 1395 жылғы Ақсақ Темірдің жорығы салдарынан қайта көтерілместей етіп қаусатылған.  XV ғасырдың соңына қарай біржола босап қалды. Қаланың қираған қала орыны қазіргі Астрахан маңында[35].

Алтын Орданың астанасы 1280 жылы  Сарай-Беркеге көшірілді.  Бұл қаланы 1260 жылы Алтын Орданы билеуші Берке хан (Бату ханның інісі) салдырған болатын. 20 жылдан кейін ол (Сарай-Берке – Берке хан Сарайы, Жаңа Сарай – Сарай әл-Жәдид) Алтын Орданың екінші астанасы болды. Өзбек ханның тұсында – 1312–1342 жылдары – мұнда сауда, қолөнер қатты дамыды, осы кезде империяның әскери қуаты мейлінше артты. Астана «Ұлы тоқырау (замятня)» тұсында хан тағына үміткерлердің күресі салдарынан қолдан қолға өтіп тұрды да, ақыры оны 1396 жылы Ақсақ Темір мүлдем қаусатты. Қаланың қираған орыны Сарай-Батудан жоғарырақ, Еділдің бойында жатыр. Үлкен Совет энциклопедиясы оны Волгоград облысының Ленин ауданындағы  Царев ауылы (современное с. Царёв Ленинского района Волгоградской области) деп көрсетеді[36].

Алтын Орданың бірінші астанасы секілді, Сарай-Берке де өте ірі және дамыған қала болса керек. Қала қақпасын безендірген, кейін із-түзсіз жоғалып кеткен алтын аттар туралы аңыз айтылады. Оның кең де жазық көшелерімен ғалымдар мен суретшілер, көлөнершілер мен саудагерлер және әскерилер сейілдеп жүретін. Халқы 100 мыңдай болған. XIV ғасырдың алғашқы жартысында мейлінше өркендеп, гүлденген.

Сол XIV ғасырдағы араб саяхатшысы Ибн Баттута: «Сарай-Берке қаласы жазық жердегі, өте зор көлемге дейін ұлғайған, адамға, көрікті базарларға және кең көшелерге толған өте әдемі қалалардың бірі, – деп жазды. – Бірде біз қаланың ақсақалдарының бірімен бірге оның мөлшерін байқау үшін салт атпен айналып қайтпаққа шыққан едік. Біз Сарай-Беркенің бір шетінде тұратынбыз,  сол жақтан  таңертең шығып, екінші шетіне тек түстен кейін ғана жете алдық... және жолдың бәрі араларында не бос жерлер, не бақтар жоқ тек жаппай үйлер тізбегі болатын.  Сарай-Беркеде жиналып діни құлшылық жасайтын он үш мешіт бар... олардан басқа да мешіттер көп. Сарай-Беркеде түрлі халықтар: елдің нағыз тұрғындары және иелері болып табылатын Моңғолдар (олардың кейбірі мұсылмандар), мұсылман Астар, христиан Қыпшақ, Шеркеш, Орыс және Византиялықтар тұрады.  Әр халық өз телімінде жеке өмір сүреді, олардың базарлары  да сол жақта. Екі Ирактан, Мысырдан, Шамнан және басқа орындардан  келген көпестер Сарай-Беркенің көпестердің мүліктерін қабырғалармен қоршап қойған айрықша телімінде тұрады».

Осы жазбадан көне астана кейпін біршама елестетуге болады. Өкінішке қарай, Сарай-Берке қирандыларының қалдықтары Сарай-Батудан әлдеқайда аз мөлшерде ғана және өте нашар сақталған[37].

XIII ғасырда Жайық өзенінің жағасына Сарайшық қаласы салынды. Ол Алтын Орданың Еділ бойынан Орта Азияға баратын сауда жолында тұрғызылып, империяның сауда жасау және экономикалық тыныс-тіршілігінің орталығы ретінде қалыптасты. 1395 жылы Темірлан (Ақсақ Темір) қаусатқан. XV ғасырдың 30–40-шы жылдары қалпына келтірілді. Сол жүзжылдықтың екінші жартысында Ноғай Ордасының, біраз уақыт Қазақ хандығының астанасы болды. Орыстар оны 1580 жылы Сібірді жаулап-бағындырып алуға барар алдында толығымен қиратып тастаған. Қазір қала орнының жанында Атырау облысы Махамбет ауданының Сарайшық ауылы бар[38].

Бату хан «солтүстік елдеріне» жасаған жеті жылдық жорығынан 1242 жылы оралғаннан соң, інілері Орда-Ежен мен Шайбаниге үлес ретінде жеке ұлыстар бөліп береді[39]. Сол оқиғаларды Алтын Орданың дербес мемлекет ретінде 1240-шы жылдары қалыптасқанының нәтижесі ретінде қарауға болғандай-ды.

Алайда жекелеген тарихшылар, айталық, М.А. Усманов, бұл дата нақты ақиқатқа сай келмейді деп санайды.  Ол мұндай деректің орыс шежірешілері қолданған аса дәл емес мәліметтерді бергі тарихшылардың абсолюттендіріп пайдаланғандығынан тарихнамаға еніп кеткенін айтады.

Олай болатын себебі, ғалымның ойынша – орыс шежірешілері үшін және орыс князьдері үшін де Бату хан – «Батый (царь) патша»  – аса беделді еді.  Міне сол ірі тұлға артында тұрған Ұлы ханды – ол шақта әлі де біртұтас болып саналатын үлкен мемлекеттің шынайы әміршісін – олар алыста отырғандықтан да көрмей, танымай, білмеген. Тиісінше, Бату басқаратын ұлыстың – Алтын Орданың – алып мемлекеттің бір пұшпағы ғана екеніне ой жүгіртпеген.  Сөйтіп, үлкен державаның құрамындағы Жошы Ұлысының – Алтын Орданың – Бату ханнан кейінгі екінші нақты билеушісі Берке хан (Жошы ханның 1209 жылы туған үшінші ұлы, Бату ханның інісі) 1256–1266 жылдары хандық құрған кезінде өз теңгелерін соғуға әрекеттенгенін дербестігінің белгісі ретінде ұққан. Бірақ ол ниетінің ұлы хан тыйым салғандықтан жүзеге аспағанына ой жүгіртпегендіктен де, алып империяның шын қожайыны кім екеніне мән бермей қалған болатын[40].

Ғалым бұл пікіріне дәлел ретінде жоғарыда айтылған жәйтті – дербес ақша шығару әрекетінің сәтсіздікке ұшырағанын айтады. Тек Менгу-Темір хан билік құрған (1266–1280) жылдарда ғана Алтын Орда билеушісі Моңғол империясының орталық билігінен біржола оқшауланып, дербес әмірші ретінде тұңғыш рет өзінің толық аты-жөні-титулымен теңге жасатты[41]. Оның ақшасы кедергісіз тарады, айналымнан алынған жоқ. Демек, Алтын Орданың дербестігі заңдық тұрғыда рәсімделген уақытты ХІІІ ғасырдың 60-шы жылдарының соңынан санаған дұрыс болмақ[42].

Ұлы монғол империясы ыдырағаннан кейін құрылған төрт ұлыс-қағанат-империя ішіндегі аумағы жөнінен ең ірісі Алтын Орда еді. Тек Юань империясы ғана одан халқының саны жағынан елеулі түрде озық болатын.

Ал Алтын Орданың шекарасы бүгінгі Қазақ Елінің аумағын орай, зор аумақты алып жататын. Шығысында шамамен Саян–Алтай және Тянь-Шань тауларынан басталып, Сырдария өзенінің алабымен, Хорезмді қамтитын. Терістік Каспий жазықтарын, Кавказдың Иран Әзірбайжанымен бірге көп бөлігін,  оңтүстікте Қырым мен Қара теңіздің солтүстік  жағасындағы даланы қосып, Төменгі Дунайға дейін созылатын. Ал батысында ұлыс шекарасы солтүстік-шығыс Русьтің оңтүстік облыстарын жанай өтіп, оңтүстік орыс князьдіктері аумақтарының бір бөлігін алып жататын. Одан, шекара сызықтары ұлыс аумағының құрамына бұрынғы Булгар патшалығының территориясын қосып алып, Оралдан өтетін де, күллі Батыс және Оңтүстік Сібірден, яғни қазақ жерін терістігінен қамти өтіп, Саян тауларына дейін жететін. Кей тарихшылар Жошы Ұлысының солтүстік шекарасы, тіпті, Мұзды мұхит жағалауларымен өтетін деп есептейді[43].

Бату 1227 жылы әкесі Жошы өлгеннен кейін, атасы Шыңғыс ханның ұйғарымымен Жошы ұлысының ханы болды. Ол 1235 жылы Қарақорымда өткен құрылтайда талқыланып бекітілген  Русь пен Шығыс Европаға шапқыншылық жасауды ұйымдастыру жоспары бойынша бір жылдан астам жүргізілген дайындық жұмыстарын,  одан Шыңғыс хан империясының біріккен әскерінің батыс елдеріне жаугершілік   жорығын тікелей басқарды. Сыртқы экспанциясын 1236 жылы Еділ бойындағы булгарларды талқандаудан бастаған моңғол әскерінің құрамында Ұлы даланы мекендейтін түркі тайпаларының, оның ішінде бүгінгі қазақ халқының денін құраған далалық рулардың адамдары көп болғаны дау тудырмаса керек. Әскер құрамы «150 мыңға жуық адамнан тұратын»[44]. Тарихшы М.А. Усманов: «...1236 жылдан кейін Еділ Булгариясына, одан кейін Руське лап берген моңғол әскері өзінің этностық құрамы жағынан моңғолдықтан гөрі, көп дәрежеде түркілік болатын»[45], – деп жазды.

Сондықтан да Русьтің Ордаға тәуелділігі айқын боп тұрған заманда орыс тіліне шығыстан кірген сөздердің көбі моңғолдікі емес, түркінікі, түркі лексикасы еді. Бұл орайда белгілі түркітанушы Н.А.Баскаковтың «Түркі текті орыс фамилиялары» деген кітабы терең ойға жетелейді. Түрколог Алтын Ордадан орыс қызметіне ауысқан түркі тілді халықтар өкілдері арқылы қалыптасқан орыстың тарихи фамилияларын зерттейді.   Ол оқырманды осы реттегі тарихи-этимологиялық талдауларымен таныстырады. Түбі түркі 300 орыс фамилиясын шежірелерінен мәліметтер бере отырып, тарихи-филологиялық тұрғыдан сипаттап, талдауға алып, түсіндіріп береді[46].

Мынандай да қызық деректер бар.  ХІІІ ғасырдың ортасында, Берке хан (1256–1266) Еділ бойындағы астанасында «Мысырдан келген елшілікті қабылдағанында, мамлюк сұлтанының арабша хатын қади түркі тіліне аударды, міне соның өзі ханның  оның мазмұнын парықтауына жетіп жатқан еді»[47]. Егер бұл кезде Мысыр тағында қазақ даласынан шыққан Бейбарыс сұлтан (1277–1277) отырғанын, оның Алтын Орда билеушісі Берке ханға өзінің алғашқы хатын 1261 жылы жолдағанын ескерсек,  бірінші елшісін Византия арқылы 1262 жылы жібергенін[48] ойласақ, сол хаттың өзі түркі тілінде жазылған болуы ғажап емес.

Араб саяхатшысы Ибн-Баттута Берке хан салдырған Алтын Орданың екінші астанасы,  империяның әміршісі Өзбек ханның (1280–1342) ордасы орналасқан Сарай-әл-Жәдидте ұзақ уақыт бойы – 1312–1342 жылдары тұрып, соңына жоғарыда кішкене бір үзігін келтіргеніміздей маңызды жазбалар қалдырған. Сол естеліктерді мұқият оқи келе, Ибн-Баттутаның жергілікті сөздерді көп қолданғанын, бірақ ішінде бір-де-бір моңғол текті сөз жоқ екенін академик В.В. Бартольд атап айтады.

Демек, Жошы Ұлысы билеуші әулеттің тегіне байланысты ғана моңғол империясы деп есептеле тұра, негізгі халқының құрамына сай, о бастан-ақ түркі мемлекеті болған[49]. Жошы Ұлысының   негізін бұрын Дешті-Қыпшаққа кірген, кейіннен біртұтас қазақ халқы ретінде тарих сахнасына шыққан бірыңғай түркі тілдес тайпалар құрады. Жошының өзі де, шешесі Бөрте кейіннен қазақ құрамына кірген қоңырат тайпасының қызы болғандықтан, қол астындағы ел-жұртпен өте жақын қарым-қатынаста болды, тілі, ділі, өмір сүру салты жақын түркі тайпаларының басын біріктіріп, тәуелсіз саясат жүргізуге тырысқан.

Қазақ даласының төсінде, Жезқазған қаласынан 45 шақырым жерде, Кеңгір өзенінің жағасында Жошы хан мазары тұр. Қазақ халқында Жошы ханның қазасына байланысты туған «Ақсақ құлан, Жошы хан» деген тарихи күй бар. ХІХ ғасырда «Алаша хан мен оның ұлы Жошы хан туралы» деген аңыз, ХХ ғасырда «Жошы–Алаша хан» деген дастан ел аузынан жазып алынған. Жошы ханның аң аулап жүріп қазаға ұшырауын әңгімелейтін аңыз желісімен, өткен ғасырда (1968, суретші-мультипликатор Әмен Қайдаров) «Ақсақ құлан» мультфильмі түсірілген[50].

Алтын Орда XV ғасырда ыдырады. Сол ғасырдың басында Ноғай Ордасы, 1438 жылы Қазан, 1443 жылы Қырым, 1459 жылы Астрахан, 1456 жылы Қазақ, ғасыр соңында Сібір хандықтары, Үлкен Орда және басқа да хандықтар құрылды.

23.

Демек, негізгі жұрты түркілер болғандықтан да, Жошы Ұлысы дәуірін «Алаш қауымдастығының» қа­лыптасуына  тікелей әсер еткен кезең ретінде арнайы қарастыру нысаны деп санауға болса керек. Бұл орайда, әрине, қазақ халқы мен қазақ мемлекетінің қалыптасуына Шағатай мемлекеті үлкен әсерін тигізгенін, оның 1346 жылы Балқаш көлінің екі жағына Шығыс және Батыс ұлыс ретінде бөлінген шағы, ал Моғолстан атанған Шығыс бөлімінің орталығы Жетісуда болғандығын есте ұстау ләзім. Бұл мемлекеттің құрамында кейін қазақ халқын құраған түркі тайпалары қатарында үйсіндер, тиісінше, оның ішінде шапыраштылар да бар еді[51].

Осы пайымдарды негізге ала отырып-ақ, Т. Омарбековтің жоғарыда аталған проблемалық мақаласында бір топқа бөліп жеке жіктеген 5-кезеңін – «Қазақ қауымдастығының қа­лып­тасуына» кеткен уақытты «ХV ғасырдың ортасынан ХVІІІ ғасырдың басына дейін» деп белгілегені де көңілге қоныңқырамайтынын айтуға тиіспіз. Бұл жерде Қазақ мемлекеттігінің тарих сахнасына ХV ғасырда өз атауымен шыққандығын ұмытпау керек. Хандықтың шаңырағын тілі, діні, ділі, өмір сүру салты, психикалық бітімі, мәдениеті бір болғандық негізде қалыптасқан қазақ халқы көтергенін есте ұстаған жөн. Бұл үдерісті «ХVІІІ ғасырдың басына дейін» созу, біздің ойымызша, соншалықты тура бола қоймайды.

Біздің ойымызша, «қазақ қауымдастығының қа­лып­тасуы» ХІІІ ғасырдан басталған, ал «ХV ғасырдың ортасынан» оның тәуелсіз жеке мемлекеттік құрылым ретіндегі дербес  өмірі басталды. Яғни, қазақтың өз атымен хандық құрып тарих сахнасына шығуы оның халық ретінде қалыптасып, өз алдына мемлекеттілік құрған ұлт дәрежесіне көтерілгенін  көрсетеді.

Қазақ халқының этностық топтары мен олардың мекен еткен жерлерін жинастыру әр кезгі басқарушылар тараптарынан, жоғарыда айтқанымыздай, Шыңғыс заманынан бері-ақ жүріп жатқан-ды. Көп ғасырлық этностық-саяси және мәдени-шаруашылық даму нәтижесінде қазақ-түркі тайпалары біртұтас мемлекеттілік тіршілікке едәуір дәрежеде әзір болып қалған-ды.  Алтын Орда дәуірінде мейлінше айқындала бастаған бұл үдеріс  ХІV–ХV ғасырларда аса маңызды кезеңіне аяқ басты. Осы шақта Қазақстанның Шығыс Дешті-Қыпшақ аталатын далалық бөлігі мен Оңтүстік Қазақстанның кейінгі ортағасырлық дереккөздерінде Жетісу және Түркістан деп аталған аумақтарын қоныстанған көшпенді, жартылай көшпенді, отырықшы-жер өңдеуші халқының этностық және саяси тұрғыда топтасып бірігуі жүзеге асып келе жатты[52].

ХІV ғасырдың басында Жошы Ұлысының (Алтын Орданың) батыс қанаты Еділ бойы далаларын, Еділден батысқа қарайғы жазираны, Қырымды, Солтүстік Кавказды және Зорезмнің солтүстік бөлігіне созылып жатқан-ды. Ал Ұлыстың Солтүстік-Шығыс, Орталық және Оңтүстік Қазақстан аумағын ХІІІ ғасырдың ортасынан Ақ Орда мемлекеті біріктіретін-ді.  Ақ Орданың билеушілері, Рашид ад-диннің айтуынша, Сарай-Беркеде отырған Алтын Орда әміршілерінің вассалы екендіктерін сөз жүзінде ғана мойындап, іс жүзінде ұлыстарында тәуелсіз, дербес патшалық құрған. Ал ХІV ғасырдың екінші ширегінде, астанада «Ұлы дағдарыс» мазмұнын білдіретін өзара қырқыс басталар қарсаңда, жергілікті этностық негізде құрылған «Ақ Орда» сынды тұңғыш ірі мемлекеттік құрылым өзіндік келбетін ашық танытты – ол Алтын Ордадан біржолата дербестенді.

Оңтүстік-Шығыс Қазақстан мен қырғыз жерінде ХІV ғасырдың ортасында Моғолстан мемлекеті пайда болған-ды. Оның құрылуы Шағатай мемлекетінің батыс және шығыс бөлікке ыдырауы нәтижесінде орын алған еді.  Шағатайшылдар иелігінің Моғолстан деп атала бастаған шығыс бөлігіне Жетісу мен Шығыс Түркістан кірді. Орталығы Жетісу болды. Ал бұл «Моғолстан» делінетін тарихи-географиялық термин әрі жаңа мемлекеттік құрылымның атауын «Моғол елі» мағынасында көрсететін сөз «моғұл», «моғол» этнонимінен шыққан-тын. Бартольдтің «Түрік-моңғол халықтарынң тарихы» атты еңбегінде куәлендіруіне қарағанда, «моңғол» сөзі Орта Азияда осылай айтылып жүрген сықылды. Солай жазылған да. Өйткені осы аймаққа қоныстанған моңғол рулары мен тайпалары, сан жағынан аздау болғандықтан, жергілікті түркілер арасында жұтылып, Моғолстан өмір сүріп тұрған дәуірде түркіленіп кеткен болатын[53].

Сонымен, Моғолстан – жергілікті түркі және түркіленген моңғол тайпаларының «моғол» деген атаумен ортақ этностық-саяси біртұтастыққа құйылысып-сіңісуі нәтижесінде он төртінші жүзжылдықта пайда болған, билеушілері Жетісудан орын тепкен мемлекет. Осынау мемлекеттік-саяси бірлестікке атын берген моғолдарға – дулат, қаңлы, керейіт, аргинуд, баарин, арлат, барлас, бұлғашы секілді ірі-ірі түркілік те, моңғолдық та тайпалар жататыны түрлі дереккөздерде көрсетілген. Солардың қатарынан үйсіндерді (тиісінше – шапыраштыларды) көре алмаймыз, алайда, сол заманғы әскери-саяси жағдайлардың қандай болғанына да қарамастан, олардың осы өз тарихи өлкесінде  өмір сүріп келе жатқанына күмән жоқ[54].

Қазыбек бек жазбаларында Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу аумағында әр кезде бой көтерген мемлекеттік құрылымдардың ешқайсысы жайында да арнайы сөз болмайды. Мұның себебі, бәлкім, сол замандарда Шыңғысхан уәзірі болған Майқы биден өзге аталарының билікке араласпағандығында жатқан болар.  Есесіне ол күллі халық басына түскен нәубетті атайды: «Хижраның 693-жылы қазақ даласында» бұрын-соңды құлақ естіп, көз көрмеген «жұт болыпты»[55].

Бұл жұттың сұмдығы сол, дейді шежіреші, қатарынан он жыл бойы су тартылып, жаңбыр атаулы тамбай, тақыршылық болған. Ел қайың сауып, орманды, шөп шыққан сайларды қуалап кеткен көрінеді. Жоғарыда аталған Шапырашты ішіндегі «тас қашаған атамыз» Көркембектен Нарынбай, Алымқұл деген екі ұл тарапты да, екеуі де сол жұтқа ұрынып, «ит көзі түтін танымас ғұмыр кешкен» екен. «Балапан басына, тұрымтай тұсына» делінетін заман «тек менің аталарым Нарынбай мен Алымкұлдың басына ғана түспеген» дейді Қазыбек бек, бұл нәубет бүткіл елге қасірет әкелген –  «туып шуын, тапса құстың қуын жегендей сор заман болған». Сол қиын кезде өмір сүрген Нарынбайдан Ар, Нар деген егіз ұл қалыпты. Ардан Бөрте, Беке, Жеке деген үш бала туған екен. Слардың ішінде Бөрте өз заманының көзі ашық адамы болыпты...

Шапыраштылардың Моғолстан дәуірінде қалай өмір сүргенін бұл шежіреден аңдау қиын, жалпы жобасы – моғол хандары Шағатай ұрпағы мемлекетін қалпына келтіру мақсатымен жүргізген соғыстар, олжа түсіруді көздеген күрестер, бітпейтін өзара қырқыстар басқа тайпалар секілді, оларды да әбден қалжыратқан. Қазыбек бектің айтуынша, «осы бір заманда қанды жорықтардың кесірінен Жетісу әбден жұтап, жұрттың халі нашарлаған. Әсіресе Азық тұқымынан тарайтын Барлас ұрпағы Ақсақ Темір шабуылы Жетісуды қатты жүдетті. Жетісу жұрты азайды, ел тентіреп кетті»[56].

Шағатай ұрпағы мемлекетінің батыс бөлігі болып табылатын Мавераннахрға (Сырдария мен Әмудария аралығына) Моғолстан хандарының әлсін-әлсін ескі ұлыс аумағын қайтадан қалпына келтіру мақсатымен жорықтар жасауы ондағы ірі-ірі түркі-моңғол тайпалары көсемдерінің өзара қырқысымен қосыла келе, шынайы патриоттық халық қозғалысын туғызған-ды.  Сол кезде, қозғалыстан зор көтеріліс тұтанып кетер ме екен деп қауіптенген Мавераннахр шонжарлары мен жоғарғы сауда жасау топтары елде қатаң билік орната алатын басшы іздеген екен де,  таңдауларын Темір әмірге тоқтатыпты.

Әмір Темір (Ақсақ Темір, Темірлан, 1336–1405) монғолдың түркіленген Барлас тайпасынан шыққан Тарағай бектің ұлы, жігерлі, алған бетінен қайтпайтын, билікке жету жолында жауыздық, опасыздық секілді әрекеттерді шімірікпестен жасай беретін, намысқой, атаққұмар адам болатын. Ол басшылыққа мақсаткерлікпен кірісіп, халық қозғалысын басып-жаншыды да, 1370 жылы Мавераннахрдың жоғарғы билігіне жетті. Содан  35 жыл бойы көршілес аймақтар мен елдерге толассыз шапқыншылықтар жасап, әлемдік империя құру мақсатында, жаулап алу соғыстарын  жүргізді. ХIV ғасырдың 70–90-шы жылдарында ол өзінің ең жақын көршілері Ақ Орда мен Моғолстанға оннан астам жорық жасады. 1395 жылы Алтын Орданы ойрандады. Ол Моғолстанға жаңа жорық жасар алдында, 1405 жылы, Отырарда қайтыс болды. Тек сондықтан ғана Моғолстан оған біржола бағындырылу қаупінен аман қалды[57].

Дегенмен, Темірдің әскери жорықтары салдарынан ХV ғасырдың алғашқы ширегінде Моғолстандағы бытыраңқылық күшейді, ал Ақ Орда екіге бөлінді: тарих сахнасына Ноғай Ордасы мен Әбілқайыр хандығы шықты. Олардың бәрінде де мемлекеттік және әкімшілік-саяси құрылым да бірдей, халықтары да тілі, ділі, мәдениеті ұқсас түркі ру-тайпалары болатын. Осы мемлекеттік бірлестіктерде енді аз уақытта түркі ру-тайпаларының көпшілігін өз ішіне топтастырып алатын қазақ халқы бір ұлт ретінде қалыптасу үдерісінің жаңа кезеңіне аяқ басты.

Бұл кезде Шапырашты тайпасы, өзге де Үйсін бірлестігінің ру-тайпалары тәрізді, Моғолстан билеушілері басқарған Жетісу аймағында сол шақтағы саяси ахуал ортасында тіршілік етіп жатты. Ал Моғолстанда ішкі саяси жағдай тұрақсыз болды. Ақсақ Темірге вассал болған  Моғолстан ханы Қызыр-Қожа хан өлгеннен кейін, оның балалары (Шам-и-Жаһан, Мұхаммед оғлан, Шерәлі, Шаһ-Жаһан) билікке таласып өзара қырқысты. Темірдің немересі, Ферғана билеушісі Ескендір Моғолстанда іс жүзінде бекем биліктің жоқтығын пайдаланып, ХV ғасырдың 2–3-ші жылдары жорыққа шықты. Қашқарияны басып алғаннан кейін, Жетісуға жетті. Бұл аймақта моғол бисқарушылары оған қарсылық көрсете алмады.

Темір әулеті билігінен Моғолстанның батыс аудандарын, Шу–Талас алқабын Мұхаммед хан (1408–1416) азат етті. Ол Түркістан мен Ферғананың егіншілік алқаптарын қол жеткізуге күш салды. Оның сәтті сыртқы саясаты ішкі саяси жағдайды да ретке келтірді. Мұхаммед ханның ел басқару тәртібін тәртіпке келтіргенін, соның нәтижесінде өзара қырқысулардың азайғанын тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулати атап көрсеткен[58].

Бірақ, Мұхаммед хан өлгеннен кейін, өзара дау-дамай қайта өршиді. Моғолстандағы мұндай ахуалды Мавераннахр билеушілері жылдам өз пайдаларына асырады. Олар Жетісу жерлеріне, солтүстік Тянь-Шань аймағына Темір әулеті мүшелерінің (тимуридтердің) ықпалын тартуға тырысты. Моғолстанды  екі жыл Нақш-Жаһан билеп, Мавераннахрмен дос-көршілік қарым-қатынас орнатты. 1418 жылы (хижра бойынша 821-ші жыл) оны немере бауыры Уәйіс-оғлан  өлтірді (Нақш-Жаһан Моғолстан ханы Қызыр-Қожа ханның үлкен ұлы Шам-и-Жаһаннан, ал Уәйіс (Вайс) – үшінші ұлы Шерәліден туған). Уәйіс хан Моғолстандағы өкімет билігін 1418 жылдан 1421 жылға дейін ұстап тұрды. 1421 жылы ел билігі оның ағасы Шер-Мұхамедке тиді. 1425 жылы Моғолстанға Ұлықбек әскері шапқыншылық жорықтар жасады. 1428 жылы Ыстықкөл маңындағы шайқаста моғол ханы Уәйіс  қаза тапты. 1433–1434 жылдар шамасында Моғолстан тағына 13 жасар Есен-Бұға отырғызылды[59].

Осы аласапыран кездер Қазыбек бек шежіресінде таратылып айтылмайды, тек: «Уәйіс хан тұсындағы тыныштық бүзылып, Бөрте бабам балаларын басқа жаққа жіберіп паналатуды ойлапты», – деп, жалпылама ғана хабарлайды.  Сосын «басқа жақтарды» ашып айтады.  «Шапырашты-Ыстықтың Дөйіл тұқымынан тарайтын» бәрін, шорастар «Масаншы тайшы билеген ойраттарға өтіп кетіп, кейін олар қайтпай қалды»[60].

Ойраттар Монғол империясындағы Үгедей ұлысы монғолдарының батыс бұтағы еді. Олар ХV ғасырда батысында Моғолстан, шығысында Хангай тауының батыс бөктері, солтүстігінде Ертіс пен Енисейдің жоғарғы ағыстары, оңтүстігінде Гоби құмдарымен шектелетін алып аумақты иеленіп үлгерген-ді. Ал олардың Моғолстанға шапқыншылық жасаулары ХІV ғасырдың аяқ кезінен басталған-тын.  Ойраттарды түркілер мен парсылар «қалмақ», ал монғолдар «жоңғар» («сол қанат») деп атаған.

1418–1428 жылдары, Уәйіс хан тұсында, олар Моғолстанның шығыс шекараларына  қысым жасауын тоқтатпады.  Уәйіс хан 1422 жылы Турфан қаласын басып алып өз астанасы еткенде, ойраттар сол аумақтағы Хами қаласына шабуыл жасады. Жалпы, Уәйіс хан он жыл ішінде қалмақтармен 61 мәрте шайқас жүргізуге мәжбүр болған.  Қалмақтар одан бір-ақ мәрте жеңілді, бірақ, сонда да, ХV ғасырдың 20-шы жылдарына дейін Жетісу шекарасына жете алмады. Дегенмен олар Уәйіс ханды Моғолстанның шығыс шептерінен ығыстырды. Ол астанасын Турфаннан Іле жағасына, Ілебалық мекеніне ауыстырды. Моғолстанда орталықтандырылған билік әлсіреген шақта, ойраттар 30-шы жылдары шапқыншылығын жаңғыртып, Ыстықкөл төңірегіне дейін жетті. 50-ші жылдары Оңтүстік-Шығыс Қазақстан ойраттардың Есен тайшы бастаған шапқыншылығына ұшырады. 1452 жылы олар Моғолстан аумағына кіріп, Шу өзені жағасына жетті, 1457 жылы Моғолстанның шығыс бөлігі арқылы Жетісуға өтті.

Бұл шақтарда Қашқариядағы алауыздықтарды басудан қолы тимей жүрген Моғолстан ханы Есен-Бұға қалмақтарға елеулі қарсылық көрсете алмады. Осы 50-ші жылдар шамасында оның Батыс Жетісудан Жәнібек пен Керей сұлтандарға жер беруі ойраттардың бетін қайтаруға қазақтарды пайдалану мақсатынан да туған болуға керек[61].

Шапыраштылардың кей бөлігінің, жоғарыда айтылғандай, қалмақ ішіне сіңіп кетуі кезіндегі тарихи жағдай осындай болған. «Ал Шапырашты-Ыстықтың Бейіл балаларынан тараған біраз ел Әбілқайыр қол астына өтіп, өзбек атқа ие болып кетті. Қазақ осылай жаугершіліктен телім-телім болып тозды»[62], – дейді шежіреші. Бұл сөздердің ғылыми тарихтан мәлім жәйттермен үйлесе бермейтініне, шежіре болғандықтан да, түсіністікпен қараймыз.

Әбілқайыр Батыс Сібірдегі Тура аймағында 1428–1429 жылдарда хан болып жарияланған болатын. Бұл кезде ол бар болғаны 17 жаста еді. Оны қыпшақ, найман, маңғыт, қарлұқ, қоңырат, қаңлы, ұйылуны, күрлеуіт, кенегес және басқа да ру-тайпалардың 200-дей ірі өкілі қолдаған-ды. Оның әкесі Дәулет-Шайх  аумағы Батыс және Орталық Қазақстаннан Сырдарияның төменгі ағысы мен Арал маңын алып жатқан Шайбан ұлысы шегінде өзге шайбанидтермен (Шайбан әулеті мүшелерімен) бірге ел билеп жүрген. Олардың бәрі де әуелі Алтын Орда билеушілеріне, сонан соң, Алтын Орда құлдырай бастаған кезеңде – Ақ Орда хандарына бағынатын. ХV ғасырдың алғашқы ширегінде Шығыс Дешті-Қыпшақ аумағында орын алған өзара талас-тартыстар мен соғыстар (Дәулет-Шайхтан кейін билікті Суфи хан басып алған, одан оның ұлы Жұмадық хан  таққа отырған-ды. 1428 жылы ол маңғыт әмірлерімен  және Жошы әулетінің бірімен болған шайқаста қаза тапты. Осы оқиғалардан кейін шайбанид-сұлтан Әбілқайырды жоғарыда аталған рулар мен тайпалардың беделді шонжарлары хан көтерген болатын.

Әбілқайыр хан шайбанидтердің тағына отыруға дәмелі тағы бір үміткер Махмұд-Қожа ханды 1430 жылы Тобыл шайқасында жеңді, сосын әмір Едігенің немересі, маңғыт әмірі Уақас биді, басқа да қарсыластарын талқандады да, 1440-шы жылдардың ортасына қарай, бұрынғы Орда-Ежен ұлысының Ертіске дейінгі және Солтүстік-Батыс Балқаш маңына  дейінгі далалық алқапты өз иелігіне қосып алды. Тарихи әдебиетте «Көшпенді өзбектер мемлекеті» деп аталып жүрген хандығын Әбілқайыр хан қырық жыл билеп-төстеді. Шындығында, бұл негізінен көшпенді қазақтардың мемлекеті еді. ХVI ғасырдың басындағы мағлұматы өте мол, жан-жақты хабардар автор  Рузбихан Исфахани «Михман-наме-ий Бухара» атты еңбегінде осы мемлекетте негізінен қазақтар мен маңғыттар тұрғанын жазған.

Ғылыми тарихқа жасаған осынау шолуымызға қарағанда, жоғарыда айтылған шежірелік дерек – Жетісудағы Шапырашты-Ыстықтың Бейіл балаларынан тараған біраз жұрттың Әбілқайыр хандығына өтіп, өзбек болып кетті делінетін хабар – қисыны аздау көрінеді. Әбілқайыр ханның Сырдарияның төменгі ағысы аймағына жорыққа шыққанда, оның әскебасылары қатарында маңғыт, бүркіт, шымбай, қият, қоңырат, қытай, таңғұт, күшші, ұйғыр, дұрман, шымбай, өкіреш-найман, кенегестермен қатар үйсіндерден  шыққан әмірлер болған. Демек, үйсін әмірінің жасағында шапыраштылықтардың да болуы әбден ықтимал. Әбілқайыр хан осындай қолбасшылары бар әскерімен Хорезмді, Үргенішті алды, Самарқан мен Бұхараға шабуыл жасады. Сырдарияның орта ағысындағы бірнеше қаланы басып алды. Сығанақ оған ұрыссыз берілді. Бұл қала  Әбілқайыр хандығының Тура мен Орда-Базардан кейінгі астанасына айналды[63].

Шамасы, шежіреде аталған шапыраштылықтар Мавераннахрдың өзбегі көп елді мекендерінде қалып өзбектенген болар. Қалай болғанда да, елде қалғандары басқа жолмен жүрген екен. Қазыбек бектің жазуынша, сол шақтағы өз атасы Бөрте «жалғыз ұлы Бесті мағұріпке де, мәшүріпке де жіберіп оқытыпты». Бөрте аса малды кісі болыпты, баласының окуынан, сол адам болсын деп, ештеме аямаған көрінеді. Баласы Бес Теһранды, Бағдатты, Шамды, Басыраны, Хартумды тегіс аралап, дін оқуын да, басқасын да бітірген екен. Ол араптың, парсының тілін жақсы меңгерген, қытайдың, қалмақтың тілін де білген. Бес «он жылдай ғарап, парсы жерінде жүріп, балалы болып қайтыпты. Парсыдан әйел алыпты». Екі ұлы екі қалада туғандықтан, аттарын Басыра, Шам қойыпты.

Шежірешінің жазуынша, Шапыраштының бұл балалары құдайды мойындаған да, өздері ешқашан құлшылық қылмаған адамдар екен. Заманында Басыраны да, Шамды да жұрт «кәпір молда» атандырған көрінеді. «Бірақ бұл сөзге олар қысылып, қымтырылмаған, апыр-ай, мына жұрт бізді «кәпір молда» атандырды-ау деп қыңбаған. Жұрт жақтырмаса да, малды, ауқатты, ешкімге бас имей кеткен екеуге ашық ештеме дей алмаған. Олар сол шақтағы мүлгіген молдалардың шариғатты шала білетінін, араптың сөзін түсінбей, қарасын жаттап көрсоқырлық жасайтынын мінеген[64].

Қазыбек бектің айтуынша, осы кездері қазақ хандығы құрылып, жұрт біраз тыныштық тапқан көрінеді. Алайда ол жазбасында бұл тарихи кезеңге аса тоқталмайды.   Жалпы онда Жетісу жерін алып жатқан Моғолстан, іргелес Әбілқайыр хандығы ішіндегі мазасыздықтардың ешқайсысы сөз болмайды. Сондықтан да біз қазақ хандығы құрылар қарсаңдағы Қазақстан жерінде өмір сүріп тұрған мемлекеттік бірлестіктерге шағын шолу жасайық.

[1]  Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. Бес томдық. 1-т. – Алматы, 2010. – 445–448-бб.

[2] Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқыйаннан өзіме шейін. 2-басылым. – Алматы, 2008. – 825–826-бб.

[3] Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқыйаннан өзіме шейін. 2-басылым. – Алматы, 2008. – 826-б.

[4] Байбосынов К.,   Омарова Ж.,  Өмірбаев Б. Ақыртас ежелгі өркениетіміздің алтын көмбесі// Ақ жол, 19.05.2005

[5] Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 1-т. – Алматы, 1998. – 235-б.

[6] http://visitkazakhstan.kz/kk/guide/places/view/401/

[7] Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 1-т. – Алматы, 1998. – 236-б.

[8] http://visitkazakhstan.kz/kk/guide/tours/view/143/

[9] Көшерова Г. Қазақстандық жеті кереметтің бірі – Ақыртас...//Алаш айнасы,  17.04. 2010

[10] Байбосынов К.,   Омарова Ж.,  Өмірбаев Б. Ақыртас ежелгі өркениетіміздің алтын көмбесі// Ақ жол, 19.05.2005

[11] Көшерова Г. Қазақстандық жеті кереметтің бірі – Ақыртас...//Алаш айнасы,  17.04. 2010

[12] Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 1-т. – Алматы, 1998. – 236-б.

[13] http://www.bartold.ru/node/941

[14] Бәсенов Т.Қ.  VІІІ–ХІІ ғасырлардағы Қазақстан архитектурасы. – Алматы, 1959; Ақ жол, 19.05.2005.

[15] Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 1-т. – Алматы, 1998. – 236-б.

[16] Байбосынов К.,   Омарова Ж.,  Өмірбаев Б. Ақыртас ежелгі өркениетіміздің алтын көмбесі// Ақ жол, 19.05.2005

[17] Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 1-т. – Алматы, 1998. – 236-б.

[18] Байпаков К.М., Нордхедж А., Новые данные об Акырташе//Известия МН–АН РК, № 1, 1997;  Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 1-т. – Алматы, 1998. – 236-б.; Ақ жол, 19.05.2005;

[19] Ақ жол, 19.05.2005.

[20] Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқыйаннан өзіме шейін. 2-басылым. – Алматы, 2008. – 825–826-бб.

[21] История Казахстана. Т.1. – Алматы, 2010. – 388-б.; Қазақстан тарихы. 1-т. – Алматы, 2010. – 388–389-бб.;

[22] Усманов М.А. Золотая Орда: истоки и наследие//Сокровища Золотой Орды. – Санкт-Петербург, 2000. – 30-б.

[23] Қазақстан тарихы. 2-т. – Алматы, 2010. – 84–85-бб.

[24] Сокровища Золотой Орды. – Санкт-Петербург, 2000. – 30-б.

[25] Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 4-т. –Алматы, 2002. – 43-б.

[26] Қазақстан тарихы. 2-т. – Алматы, 2010. – 79-б.

[27] Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 9-т. –Алматы, 2007. – 409-б.

[28] Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 2-т. –Алматы, 1999. – 182–183-бб.

[29] Қазақстан тарихы. 2-т. – Алматы, 2010. – 79-б.

[30] Усманов М.А. Золотая Орда: истоки и наследие//Сокровища Золотой Орды. – Санкт-Петербург, 2000. – 30-б.

[31] Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 10-т. –Алматы, 2007. – 111–112-бб.

[32] Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 9-т. –Алматы, 2007. – 351-б.

[33] Сокровища Золотой Орды. – Санкт-Петербург, 2000. – 30-б.

[34] Қазақстан тарихы. 2-т. – Алматы, 2010. – 81, 102-бб.

[35] http://ru.wikipedia.org/wiki/Сарай-Бату; http://www.kazakh.ru/talk/mmess.phtml?idt=35021; Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 7-т. –Алматы, 2005. -553-б.

[36] Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 7-т. –Алматы, 2005. -553–554-бб.; http://slovari.yandex.ru/Сарай-Берке/БСЭ/Сарай-Берке/; http://www.spsl.nsc.ru/history/descr/orda.htm

[37] http://slovari.yandex.ru/Сарай-Берке/БСЭ/Сарай-Берке/; http://www.spsl.nsc.ru/history/descr/orda.htm

[38] http://www.spsl.nsc.ru/history/descr/orda.htm; Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 7-т. – Алматы, 2005. – 554-б.

[39] Қазақстан тарихы. 2-т. – Алматы, 2010. – 82-б.

[40]Усманов М.А. Золотая Орда: истоки и наследие//Сокровища Золотой Орды. – Санкт-Петербург, 2000. – 30-б.

[41] Қазақстан тарихы. 2-т. – Алматы, 2010. – 83-б.

[42] Усманов М.А. Золотая Орда: истоки и наследие//Сокровища Золотой Орды. – Санкт-Петербург, 2000. –31-б.

[43] Усманов М.А. Золотая Орда: истоки и наследие//Сокровища Золотой Орды. – Санкт-Петербург, 2000. –31-б.

[44] Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 2-т. –Алматы, 1999. – 183-б.

[45] Сокровища Золотой Орды. – Санкт-Петербург, 2000. – 33-б.

[46] Баскаков Н.А. Русские фамилии тюркского происхождения. – Бакы, 1992. – 280 б.

[47] Усманов М.А. Золотая Орда: истоки и наследие//Сокровища Золотой Орды. – Санкт-Петербург, 2000. – 33-б.

[48] Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 2-т. –Алматы, 1999. – 237–238-бб.

[49] Сокровища Золотой Орды. – Санкт-Петербург, 2000. – 33-б.

[50] Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 4-т. – Алматы, 2002. – 43–44-бб.

[51] Шағатай ұлысы// Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 9-том. – Алматы, 2007. – 410–411-бб.

[52] История Казахстана. Т.2. – Алматы, 2010. – 96-б.; Қзақстан тарихы. 2-т. – Алматы, 2010. – 100-б.

[53] Бартольд В.В. Сочинения. Т. V. Москва, 1968. – 212-б.

[54] История Казахской ССР. Т.2. – Алма-Ата, 1979. – 154–158-бб.; Қазақстан тарихы. 2-т. – Алматы, 2010. – 123-б.

[55] Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқыйаннан өзіме шейін. 2-басылым. – Алматы, 2008. – 827-б.

[56] Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқыйаннан өзіме шейін. 2-басылым. – Алматы, 2008. – 827-б.

[57] История Казахской ССР. Т.2. – Алма-Ата, 1979. -163–176-бб.; История Казахстана. Т.2. – Алматы, 2010. – 123–130-бб.

[58] Қазақстан тарихы. 2-т. – Алматы, 2010. – 146-б.

[59] История Казахстана. 2-т. – Алматы, 2010. – 140–146-бб.

[60] Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқыйаннан өзіме шейін. 2-басылым. –Алматы, 2008. – 827-б.

[61] История Казахстана. 2-т. А Алматы, 2011. – 146–148-бб.

[62] Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқыйаннан өзіме шейін. 2-басылым. – Алматы, 2008. – 827-б.

[63] История Казахстана. 2-т. А Алматы, 2011. – 148150–152153-бб.

[64] Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқыйаннан өзіме шейін. 2-басылым. – А., 2008. – 827–828-бб.

Бейбіт Қойшыбаев

(«Рух-Сарай», 5-том, «ҚазАқпарат» баспасы, 2012 ж.)

Жалғасы бар...

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3235
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5367