Сенбі, 23 Қараша 2024
Ақмылтық 2483 5 пікір 15 Тамыз, 2023 сағат 14:06

Қостанай басшылары үшін Абайдың қадірі жоқ!

Күні кеше ғана бүкіл еліміз болып, халқымыздың бас ақыны - Абай күнін ардақтап атап өттік. Тіпті, оның сиясы да кетпкен жоқ десе болғандай. Осы айтулы датаға орай ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы мәлімдеме де жасады.

Алайда, күн дегені болмаса, анау-мынау мерекеге бергісіз салтанат Қостанайда лайықты аталып өткен жоқ. Осындағы полиция департаментінің қаладағы үлкен бір сауда орталығына барып бір өлең айтып, челендж жасағандығы немесе мұражайда тығылып отырып, Абайдың өлеңдерінен жарыс ұйымдастыруды облыс көлемінде өткізілетін үлкен шаралардың қатарына қосуға ауыз бармайды.

Оның өзіндік себебі бар. Мұнда тағы да Ұлы хәкімді жат жұрттық санау, Абайдың орнына бөтен ұлттың ақынын ардақтау секілді теріс пиғыл тағы да байқалды. Кезінде осында талай тартыспен әзер қойылған Абай даңғылын Назарбаев көшесіне ауыстыру науқаны да басталған. Сонда, мақтанғанымыз емес, мұндай бассыздықты тоқтату туралы республикалық деңгейде шу көтерген тек осы жолдардың авторы еді. Әншейінде өздерін жергілікті жердің асқан патриоты санайтын, жиын-тойларда қазақтың қамын ойлағансып, қызыл сөзге салынғанда ешкімге дес бермейтін ақын-жазушысымақтардың ешқайсысының дауыс көтеруге батылы жетпеді. Сірә, мұны айтсам, жергілікті билікке жақпай қалып, аз-мұз сый-сияпаттан айырылып қалам деп қатты қорықса керек.

Мұның сыртында «Бізде неге қаланың қақ ортасында орыстың ақыны Пушкинге зәулім ескерткіш қойылады да, өз Абайымыз неге ескерусіз қалады?» деген жанайқайымызды мұнда ешкім ескерген емес! Ешкім де жанашырлық үнін қосқан емес. Өздерін әдебиеттен де мәдениеттен де мол хабары бар дейтін облысымыздағы қоғамдық даму басқармасының, болмаса атағы жер жаратын мәдениет басқарасының тарапынан қолдау таппадық. Абай атамыз айтпақшы, «Баяғы жартас, бір жартас» күйінде былқ етер түгі байқалмайды.

Әттең, дейміз-ау, егер Пушкинмен қатар Абай да қаламызда еңсе көтеріп тұрса, күні қала орталығындағы саябаққа барып, жасы мен жасамысы, ақыны мен ақын емесі де жарыса өлең оқып жатса, қазақтың өзге ұлт алдында еңсесі бір көтеріліп қалмас па еді?.. Оған да шамасы келмеген жергілікті билік пен соның сойылын соғудан басқаға жарамайтын жергілікті зиялы қауым дегеннен не күтерсің?..

Ал көршіміз - Көкшетау қаласындағы Абай көшесінде қалың халық оның өлеңдерін оқып, мәре-сәре болып қалды. Ал біз әзірге өзгелердің бізге деген құрметі есебіндегі мынау Мәскеудің ортасында Чистые пруди деген жердегі Абай атамыздың еңселі де көркем ескерткішіне сүйсіне қарап отырғанға ғана шүкішілік етеміздағы. Тек «Іш қазандай қайнайды, қолдан келер дәрмен жоқ».

Айтпақшы, Қостанай қадір тұтпаса да, өзге елдер хал-қадірінше ұлықтап жатыр. Мәселен, Абай хәкімнің ескерткіші әлем елдерінің 18 елінде қазақ халқын өзгелерге паш етіп тұр. Мәселен, ұлы ақының ескерткіші өз елінде 30-дан асып жығылады. Мұның сыртында, өз елімізді былай қойғанда, бүкіл әлемге танымал Берлин, Женева, Париж, Пекин, Сеул, Тегеран, Нью-Дели мен Стамбұл секілді әйгілі шаһарларда «мен мұндалап» тұр.

Оны айтасыз-ау, масқара болғанда, жанымызда терістік өңірі саналатын Қызылжар мен Павлодарда да Абай ескерткіші баяғыда-ақ бой көтерген. Ал бізге қайдағы бір Семей ақынының ескерткішін қойғаннан гөрі алдымен осындағы Пушкинге табынып, одан қалса қала орталығындағы Напольон, Жанна д.Арк, Чарли Чаплин секілді өзге ұлттардың ақындары мен батырларына барып табынған жөн емес пе? Ал өзіміздің Абайымыз әзірге күте тұрар. Оған да түбі кезек келер. Өзгелердің ақындарының барлығының ескерткіштерін салып болғаннан кейін, әрине.

Жә, айтарын айтып келе жатырмыз-ау. Дегенмен, бұл фактілердің де Қостанайдың жайбасарларын ойландыра қоярына үлкен күмән бар. Иә, қазіргі жағдай осындай.

Жайберген Болатов

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5496