Алпамыс БЕКТҰРҒАНОВ: «Ұлы қабырға»... ушықтырып жатыр
Ақтөбе мұнай компаниясына қарасты «Ұлы қабырға» («Ұлы қорған» деген сөзді қиғыңыз келмейді!) серіктестігінде басталған еңбек дауы әлі шешілген жоқ. Бұл екі арада Қашаған мұнайшылары арасындағы наразылық бұрқ ете қалды. Қашағандағы еңбек дауына қатысты ресми жауаптар мен жергілікті жұмысшылар айтатын ақпараттар да бір-біріне қарама-қайшы. Қазір мұнайлы аймақ қана емес, бүкіл Қазақстан жұртшылығы осы екі жағдайға алаңдаулы. Себебі Жаңаөзенді қанды қақтығысқа әкелген кейбір түйінді мәселелер бүгін тағы да дәлме-дәл қайталанып отыр. Ақтөбе мұнай компаниясының жұмысшыларына араша болып жүрген қайраткер құқыққорғаушы Алпамыс Бектұрғанов жағдайдың ушығып кетуі мүмкін деп дабыл қағуда. Қоғамдық құқық қорғаушының Ақордаға жұмысшылар атынан жеткізген шағымы да әзірге жауапсыз қалған.
«Дат, тақсыр!» айдарына сұхбат берген Алпамыс Бектұрғанов мұнайшылардың ғана емес, өзге де жұрттың өзек өртер ойларын ортаға салған еді.
– Алпамыс мырза, «Ұлы қабырғадағы» ереуілшілер көтерген мәселенің соңы не болып жатыр? Соңғы хабар қандай?
Ақтөбе мұнай компаниясына қарасты «Ұлы қабырға» («Ұлы қорған» деген сөзді қиғыңыз келмейді!) серіктестігінде басталған еңбек дауы әлі шешілген жоқ. Бұл екі арада Қашаған мұнайшылары арасындағы наразылық бұрқ ете қалды. Қашағандағы еңбек дауына қатысты ресми жауаптар мен жергілікті жұмысшылар айтатын ақпараттар да бір-біріне қарама-қайшы. Қазір мұнайлы аймақ қана емес, бүкіл Қазақстан жұртшылығы осы екі жағдайға алаңдаулы. Себебі Жаңаөзенді қанды қақтығысқа әкелген кейбір түйінді мәселелер бүгін тағы да дәлме-дәл қайталанып отыр. Ақтөбе мұнай компаниясының жұмысшыларына араша болып жүрген қайраткер құқыққорғаушы Алпамыс Бектұрғанов жағдайдың ушығып кетуі мүмкін деп дабыл қағуда. Қоғамдық құқық қорғаушының Ақордаға жұмысшылар атынан жеткізген шағымы да әзірге жауапсыз қалған.
«Дат, тақсыр!» айдарына сұхбат берген Алпамыс Бектұрғанов мұнайшылардың ғана емес, өзге де жұрттың өзек өртер ойларын ортаға салған еді.
– Алпамыс мырза, «Ұлы қабырғадағы» ереуілшілер көтерген мәселенің соңы не болып жатыр? Соңғы хабар қандай?
– Газет оқырмандары дұрыс түсіну үшін ескертейін: мұнда ешқандай ереуіл болған жоқ. Тек тәуелсіз кәсіподақ құру үшін әрекет етіп жүрген қоғам белсендісі, тәжірибелі бұрғышы, жұмысшыларға қатысты орын алған әділетсіздікті ашық, өткір айтып жүрген Марат Қарамановқа жазықсыз жала жабылып, оны қамауға алған кезде, жүздеген жұмысшының ереуілге шығамыз деп мәлімдегені рас. Жұмысшылардың бұлайша шамырқануынан сескенген компания басшылары, жергілікті атқарушы билік Қарамановты тергеу алды қамаудан үй қамағына шығарған болатын. Енді сот болады деп күтілуде. Қазір тергеу ісін билік әдейі созып отыр. Себебі жұмысшылар жүріп жатқан тергеу ісінің қолдан жасалып отырғанын, Марат Қарамановты «соттау» да ойдан шығарылған нәрсе екенін біледі. Жұмысшылар бүгін басшыларға емес, Қарамановқа сенеді. Мараттың өзі амалсыздан әлі күнге дейін үй қамағында, жұмыссыз отыр...
Мен – Марат Қарамановтың қорғаушысымын. Ал Марат Қараманов арқылы мұнайшылардың да мүддесін қорғауға тура кеп тұр. Әзірге: «Бәрін заңды түрде, бейбіт түрде шешуге болады» деп, жұмысшыларды ақылға шақырып, басып отырған да – мен. Мұны мұнайшылардың өздері де айтады.
– Ал сіз немесе басқа біреу басу айтпағанда, жағдайдың ушығып кетуі мүмкін бе?
– Әбден мүмкін! Бізге Жаңаөзеннен кейін адам қанының төгілгені керек емес: ортақ диалог, өзара келісім қажет. Қазірдің өзінде мен жұмысшылармен әр жарты сағатта, болмаса әр сағат сайын хабарласып отырмын. Соңғы кезде «Ұлы қабырға» серіктестігі орналасқан Мұғалжар ауданының әкімдігі: «Бәрі жақсы болады, Бектұрғанов сияқты адамның бізге керегі жоқ. Оған қарсы қылмыстық іс қозғалып жатыр» деп, жұмыс жүргізіп жатқан көрінеді. Ал қытайлық басшы Ху Эр Тай болса, өз серіктестерімен ұжымды аралап: «Бізде барлық жағдай жақсы» деп, қол қойыңдар» деп, жұмысшыларды үгіттепті. Бірақ қол қойып жатқан ешкім жоқ. Қытайлықтарды айтпағанда, жергілікті басшы атаулының неге халыққа қарсы және мен туралы неге мұндай теріс пиғылда екенін өз басым түсінбеймін. Мен қандай да бір қылмыстық іс істеп, заң бұзған емеспін. Ал халқыңның жағдайы мынандай болып тұра берсе, ертең ереуілдің көкесі боларын олар білмей ме? Әлде халықты әскердің күшімен басып-жаншып отырмақ па? Елдің бас көтерер азаматтары, кәсіподақ, тіпті бір ауыз сөзімен ханды да, қараны да тоқтата алатын, тіпті тоқтатуға тиіс ақсақал, қарасақалдарымыз қайда? Дәл осы сәт – қара қылды қақ жаратын сәт қой!
Олай болмаған күнде жұмысшылардың арасында қобалжу көп... Тағы да қайталап айтайын, бізге екінші Жаңаөзеннің керегі жоқ.
– Алпамыс мырза, Қашағандағы ереуіл қандай шарттармен аяқталды? Мұнайшылар жұмыс берушінің ұсынысымен толық келісіп пе?
– Қашағандағы жағдай маған қазір толық түсінікті емес. Мен оны бар болғаны интернет арқылы ғана бақылап отырмын. Ереуілдеудің шын астары әлі ашылған жоқ. Сондықтан «мынау былай еді» деп ешнәрсе айта алмаймын.
– Осындай ереуілдердің соңғы кездері көбейіп кетуіне қандай себептер бар деп ойлайсыз?
– Бұл өте орынды сұрақ. Ереуілдердің болуы да орынды нәрсе. Ереуіл – қолдан жасалатын нәрсе. Жұмысшылардың бүгінгідей жағдайы – билігі мен қолында мүмкіндігі бар адамдардың әрекетінен туындауда.
Біз бүгін мұндай әділетсіздікті ашып айтпасақ, ертеңгі ұрпаққа не қалдырамыз? Жаппай қорқып-үрку, әлімжеттілік пен қорлық-зорлықтың неше түрін қалдырамыз ба? Қазіргі кезде қай жерде болсын әлеуметтік жағдай ушығып тұр. Оған елдегі жаппай қымбатшылықты қосыңыз.
Елдегі ереуілді жағдай неден туындап отыр? Біріншіден, әсіресе шетелдік жұмыс берушілер жұмысшыларды ашықтан-ашық қанап отыр! Мәселен, «Ұлы қабырғаның» жұмысшылары осы уақытқа дейін бәріне шыдап, үндемей келген. Ушыққан барлық мәселені серіктестік және компания басшысының алдына сан-мәрте қойып, әділдік күткен. Шын мәнінде шешуге болатын мәселенің шиеленісуіне бір себеп – осы. Ал мәселе шешілмеген соң, мұнан әрі жұмысшылардың шыдамы да таусылған. Себебі күн сайынғы қымбатшылық оларды әбден қажытқан. Бір жағынан жарытымсыз жалақы, екінші жағынан қымбатшылық – жұмысшылар екі бірдей қыспақтың арасында қалып отыр. Әр жұмысшы бір-бір отбасының асыраушы, оның бала-шағасы бар екенін жұмыс берушілер де, шетелдік, жергілікті басшы атаулы да ұмытқан сияқты. Бала-шағаның күнделікті ішер асы, киер киімі бар. Баланың киімі ересектердікінен де қымбат!
Қазіргі нарық заманында бала жан-жақты дамып, тәрбие алу үшін қажет дүниенің бәрі сатулы. Ал «Ұлы қабырғаның» жұмысшылары балаларын балабақшаға да апара алмай отыр! Өйткені балабақшаға төлейтін қаржылары жоқ! Сондықтан жартымсыз жалақы мен күн сайынғы қымбатшылықтың қыспағына ұшыраған жұмысшылардың дәл қазіргі жағдайда қаны көтерілмесе, көңілі көтерілмейді!
Нарық деген адамның еңбегін қанау деген емес қой! Қандай қоғам болса да, адамның ақ, адал еңбегі дұрыс бағалануы тиіс емес пе?!
Егер басшы жұмысшыларына адамшылықпен қараса, заңды бұзбай жұмсай білсе, оларға жағдай жасаса, адамдардың өзі-ақ басшыны алақанға салып құрметтейді! Мұндай мысалды күні кеше Алматыға келіп, баспасөз мәслихатын өткізген кәсіпкер Барлық Меңдіғазиевке қатысты айтуға болады. Мен қазір оның қоғамдық қорғаушысымын. Қазір ол басқаратын компанияның екі жүзден аса қызметкері өз басшыларын қорғауға әзір. Егер облыс әкімдігі тарапынан оған жасалып отырған қысым тоқтатылмаса, қызметкерлер наразылық шеруіне шығуға әзір!
Сондықтан менің пікірім: «Ұлы қабырғадағы» дәл қазіргі жағдайды басшы атаулы қолдан жасап отыр. Түбінде бұл шешілуге жататын және шешілуге тиіс мәселе деп ойлаймын.
– Бұл ереуілдерге жұмыс беруішер тарапынан жасалған қысастық қана себеп болуда ма, жоқ әлде оларды жөнге салатын қазақстандық заң әлсіз бе?
– Менің пікірімше, Қазақстанда жергілікті мамандарға, жұмысшыларға шетелдіктердің қоқан-лоққы танытуына өзіміз мүмкіндік жасап отырмыз. Тіпті, заң бар болған күнде – ол орындалмайды. Шетелдіктер Қазақстан жерінде жүріп, Қазақстанның заңдарын белден басады.
Неге? Себебі, жоғарыда айтқанымыздай, бұған өзіміз жағдай туғызудамыз...
– Айналып келгенде, шетелдік компаияның және олардың мердігерлерінің қазақ кен орындарын игеруіне Қазақстан билігі рұқсат беріп отыр. Бұл орайда екіжақты жасалған келісімшарттар бар. Сіз қалай ойлайсыз, осы келісімшарттарда Қазақстан жағы шетелдіктерге шектен тыс өкілеттіктер беріп қойған па?
– О баста мемлекеттер арасында қандай келісім-шарттарға қол қойылғанын мен әлі зерттеп үлгерген жоқпын. Ол келісім-шарттардың көпшілігі құпия құжат саналады.
Бірақ мен үшін түсініксіз бір жағдай бар: бүгінгі күні басшы атаулы өз халқына қарсы кімнің сөзін сөйлеп, кімнің сойылын соғып отыр? Және не үшін соғып отыр? Қайталап айтайын, мен мұны түсініп отырған жоқпын. Неге басшы атаулы жұмысшылардың арыз-шағымына құлақ асып, мән бермей отыр? Неге біздің билік ойланғысы келмейді? Мен қазір жұмысшылар атынан қоғамдық құқық қорғаушы ретінде «Нұр Отан» партиясының (Ерлан Қарин, Қайрат Амандықов) алдынан өттім. Жұмысшылардың арызын ресми түрде тіркеп, табыс еттім. Бірақ әлі күнге жауап жоқ.
Ал енді осындай кезде жұмысшылардың арызына жұмыс істейтін жергілікті кәсіподақ неге үнсіз?
Қазіргі менің ойым: жұмыс беруші мен жұмысшылар арасында жасалған келісім-шарттар бұл жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру үшін, сөйтіп мемлекеттің іргетасын бекіту үшін жасалған келісімшарт емес. Бұл әлдекімдердің жеке басының қамы үшін жасалған бизнес-жоспар дер едім...
– Мәселен, қазақстандық жемқор билік шетелдіктермен келісім-шартқа қол қойғанда, мүдделі лауазым иелері өз үлестерін оффшорлық есепшоттар арқылы алады. Ал жемқор лауазым иесі пара сұрап отырған соң, шетелдіктер де келісім-шартты өз пайдасына қарай шешуге тырысады. Айналып келгенде, мұнан қазақ халқы зардап шегіп отырған жоқ па?
– Кім, қандай оффшордан есепшот ашып, ақша алып отырғанын мен айта алмаймын. Әйтеуір, алатын «пайлары» барға ұқсайды. Бүгінде пара алмайтын, пара сұрамайтын лауазымды тұлғалар жоқ көрінеді ғой... Айналып келгенде, парақорлық пен әділетсіздіктің бар қиындығын тек қана халық көріп отыр. Қазақта «Екі түйе сүйкенсе, ортасында шыбын өледі» деген сөз бар. Халықтың жағдайы қазір шыбыннан да жаман, қанша ызыңдаса да, оның дыбысын ешкім естіп жатқан жоқ!
– Сіз өткен аптада елдегі оппозиция өкілдері мен қоғамдық белсенді тұлғалар, қоғамдық ұйымдардың өкілдері бас қосқан жиында неге реніш танытқаныңызды білуге бола ма?
– Иә, мен ол жиынға үлкен үмітпен барған болатынмын. Нақты іс айтылар деген ойда болдым. Бірақ жиын басталғаннан байқағаным, олардың айтатыны баяғы бір сөз... Қазір нақты іс керек. Бізге грантқа жұмыс істейтін ұйымдар немесе «Халықтық майдан» да керек емес. Бізге «Азаматтық альянс» құру керек. Бірақ бұл коммерциялық та, үкіметтік те болмауы керек. Мәселен, қазір біреулер әйелдердің зейнеткерлік жасының ұзартылуына наразылық танытып жатса, екінші біреулер тарифтің көтерілуіне риза емес. Мұндай қоғамдық ұйымдар көбейе беруі керек. Бір сөзбен айтқанда, халық ұйқыдан оянып, жағдайын жақсартуды биліктен өзі талап етуі керек.
– Әңгімеңізге рахмет!
Гүлмира ТОЙБОЛДИНА,
«D»
Түпнұсқадағы тақырып: ХАЛЫҚТЫҢ ЖАҒДАЙЫ
екі түйенің ортасында қалған
ШЫБЫННАН ДА ЖАМАН
Дереккөзі: «Общественная позиция»
(проект «DAT» № 27 (203) от 18 июля 2013 г.