Сенбі, 23 Қараша 2024
Өнер 2392 2 пікір 14 Қыркүйек, 2023 сағат 15:40

Өмірге ғашық әйел

Әлемге әйгілі әнші, француз шансонының бұлбұлы Мирей Матье өз шығармашылығын, оның әлгі танымал әнінде айтылатындай, «өмірлік махаббатқа» балайды.

Он төрт баланың тұңғышы

Қара шашын дөңгелете қиған қиғаш қасты, аққұба өңді, аласа бойлы ару өз заманының гүлі болып қана қойған жоқ, тіпті бірнеше ондаған жылдар бойы бүкіл Францияның пірі ретінде қастерленіп келеді. Францияның ұлттық символы саналатын Марианна есімді әйел-статуя бұрын негізінен тек суретшілердің қиялынан туындаса, 60-жылдардың аяқ шенінен бастап айтулы мүсіннің прототипі ретінде елдің ең сұлу әйелдерін көруге құштарлық күшейді. Алғашында киноактриса Брижит Бардо «Марианнаға айналса», 1978 жылы таңдау әнші Мирей Матьеге түсті.

Елінің ұлттық символына айналған сахна жұлдызы ешқашан мұндай табысты, мұндай бақытты армандап та көрген емес-ті. Ол өте кедей отбасында өскен еді. 1946 жылдың 22 шілдесінде дүниеге келген Мирей шаңырақтағы 14 баланың тұңғышы болатын! Әкесі Роже кәдімгі тас қалаушы болып жұмыс істейтін, ал шешесі Марсель-Софидің бала бағып, үй шаруасымен айналысудан-ақ қолы босамайтын. Үй дейтіндей олардың үйі де жоқ еді, сыз бүркеген салқын барақта тұратын. Тек отбасында сегізінші бала дүниеге келгенде барып, олар төрт бөлмелі пәтерге ие болды. «Мен кейде өткеніме ойша оралып отырып, қаншалықты жолымның болғанына көз жеткіземін. Сенер-сүйенер ешкімі жоқ кедей отбасында дүниеге келуім мені тынбай тер төгуге мәжбүрледі. Болып-толған бай үйде туғанымда, мұншалық еңбекқор болмас па едім, кім білсін» дейді әнші өз естелігінде.

Әкесінің азаннан ақшамға дейін ауыр жұмыс істеп, бейнеттеніп тапқан ақшасы көпбалалы отбасыны асырауға жете бермейтіндіктен, ата-анасына көмектесу үшін Мирей 13 жасынан бастап еңбекке араласты. Жабықхат, ашықхат, қағаз шығаратын фабрикада жұмыс істеп жүріп, ол мектепті тастауға мәжбүр болды. Бұған ол онша өкіне де қойған жоқ, өйткені мұғалімімен аса тіл табыса бермейтін. Мирей солақай еді, ал ұстазы мұны үнемі «оң қолыңмен жаз!» деп қинайтын. Жаратылысы солай болса, бұл қалай оң қолымен жазады – ақыры ұрсысып тынған-ды. «Алақаныңды аш!» деп қойып, сызғышпен ұратын мұғалімінің қаталдығы қыздың қолында ғана емес, жүрегінде де өшпес із боп қалды.

Әнге әуестік – әкеден

Бала күнінен ән салуды жақсы көрген Мирей 15 жасқа толғанда, Матье отбасы бес бөлмелі жаңа пәтерге көшті. «Қуанышымызда шек болған жоқ. Менің ерекше шаттанғаным – бұл пәтерде ванна бар еді! Осыған дейін қалай қиналғанымызды білсеңіздер ғой!» дейді әнші сұхбаттарының бірінде. Ал музыкаға қызығушылық оған әкесінен жұқса керек. Роже ағай жұмысында да, үйінде де үнемі арқырап ән айтып жүреді екен. Оқымай қалғаны, жалпы әншілік дарынын құнттап, сол саланы қузамағаны болмаса, ол кісі операға сұмдық ғашық, анау-мынау өнер адамына дес бермейтін тенор болған деседі. Мерекелік жиындарда, шіркеудегі діни жоралғыларда әрдайым бірінші дауыс Роже мырзаға тиесілі болған.

«Әкем шеберханасында жұмыс істеп отырып ән айта бастағанда-ақ жүрегім өрекпіп, атқақтап сала беретін, – деп еске алады Мирей Матье 1987 жылы шыққан «Мен сенемін» атты ғұмырбаяндық кітабында. – Бірте-бірте оның айтқан әндерін мен де қайталап айтып, қосыла шырқайтын болдым. Әкем мұнымды құптап, қуанып отыратын. Көп ұзамай тек мені шырқатып қойып, тыңдайтынды шығарды. Мен Эдит Пиафтың әндерін керемет сүйетінмін. Бірде «Жарайсың, қызым! Ертең шіркеуде менімен бірге өнер көрсетесің» деді. «Ол әлі кішкентай ғой, әрі ұяң, үркек, ел алдында күлкі қылмақсың ба?» деп анам қарсы болып еді, әкем: «Күлкі болғаны несі? Көр де тұр, менің қызым нағыз бұлбұл болады!» – деді нық сеніммен. Ертеңіне мен тұңғыш рет көпшіліктің көзінше ән салдым. Қорқып, толқығаным сонша, төртінші тактіде... қателесіп тындым. Әкем дереу түзеп, демеп жіберді де, әрі қарай шатаспай шырқадым. Жұрт ду қол шапалақтады. Әкем маңдайымнан сүйіп, маған бір кәмпит берді. Бұл – менің тұңғыш «гүлім», «сыйақым» еді».

16 жасында Мирей өзі туып-өскен Авиньон қаласындағы ән байқауына қатысып, 2-орын алды. 1965 жылы осы өнер додасына тағы да бағын сынаған болашақ бұлбұл әнші жеңімпаз атанып, күллі Францияға танымал «Сәттілік ойыны» атты бағдарламаға шақырылады. Телекөрермендер алдында ол Э.Пиафтың әйгілі «Жезебель» әнін орындайды. Жұртшылық жас әншінің талантына тамсана қол соғады – оның дауысы, шырқау мәнері содан екі жыл бұрын ғана дүниеден озған Э.Пиафтың үнінен еш айнымайды екен!

Ертеңінде-ақ талай сахна саңлағының бағын ашқан продюсер Джонни Старк Мирейдің әкесімен келісім-шартқа отырды. Сөйтіп, 1965 жылдың 22 қарашасында 19 жастағы Мирей кәсіби әнші ретінде жұмысын бастады. Старктың бұған қойған бірінші талабы – Пиафты тыңдауға тыйым салды. Кәнігі маман жас өнерпазды әйгілі әншінің көшірмесіне айналудан сақтандырып, өз жолын іздеуге бағыттаған еді.

Мыңнан астам ән салған саңлақ

Дж.Старк Мирейге сахнада өзін қалай ұстауды, қалай сөйлеуді, дауысын сақтап-күтуді, сондай-ақ адамдармен қарым-қатынас мәдениетін үйретті, нотаға сауатын ашты. Мирейдің оны өзіне ұстаз тұтып, үнемі «Джонни әкей» деп атауы да содан. Көп ұзамай дарынды әнші Францияның ең киелі де жауапты сахнасы – Париждегі «Олимпия» залында ән шырқады. Былтыр ғана «екінші Пиаф» делінген жас талант бұл жолы өз стилі бар дара дауысты әнші екенін танытты. Концерттен соң француз шансонының ақсақалы Морис Шевалье өрімдей қыздың қолын алып тұрып: «Үнің қандай тұнық еді, жарқыным! Сен Пиаф емессің, сен әлі одан да асып түсесің! Осы бағытыңнан тайма!» – деп батасын берді. Расында да, Мирейдің алғашқы «Mon credo» («Менің ұстанымым») атты дискісі миллион данамен таралды.

Содан бері, міне, елу бес жыл өтті, М.Матье әлі де сахнаның сәні болып келеді. Оның «Femme amoureuse» («Ғашық әйел»), «Nos souvenirs» («Есімізде қалған сәттер»), «Paris un tango» («Париждегі танго»), «Ciao, bambino, sorry!» («Қош, жігітім, кешір!»), «Pardonne moi ce caprice d’enfant» («Сол бір балаң еркелігімді кешірші») және т.б. көптеген әндері дүниежүзі тыңдарманының сүйікті хитына айналды. «Une vie d’amour» («Өмірлік махаббат») әнін ол атақты әнші Шарль Азнавурмен жұптаса шырқады, содан бірнеше жыл бойы екеуі шығармашылық байланыста болды. Поль Мориа, Эннио Морриконе, Пьер Деланоэ, Клод Лемель секілді композиторлардың әндерін әлемге танытты. Мыңнан аса туындының бағын ашқан әнші тек француз ғана емес, ағылшын, неміс, итальян, испан, каталан, орыс, фин, тіпті жапон және қытай тілдерінде ән салды. 1989 жылы Эйфель мұнарасының 100 жылдығына орай Республика гвардиясы оркестрінің сүйемелдеуімен француз әнұранын – «Марсельезаны» шырқады.

Мирей Матье қазір қайырымдылық шараларын жиі ұйымдастырады, концерттерден түскен қаржының біраз бөлігін балалар үйіне аударады, мүгедек балалардың ем-домына көмектеседі. Әр мереке сайын сондай мекемелердің бәріне арнайы сыйлықтар жібереді. «Өз перзентім болмаса да, жалпы бала атаулының ештеңеден тарықпағанын қалаймын» дейді ол.

«Мен өнерді таңдадым»

Әнші ешқашан тұрмыс құрмаған, кіші сіңлісі Моникпен бірге тұрады. 1983 жылы бір жігітпен сөз байласқанымен, тура сақина алмасар сәтте шешімін өзгертіп, шіркеу алдынан қайтып кетіпті. Себебін ол еш жерде ашып айтпапты, дегенмен, баспасөздің жазуына қарағанда, күйеу жігіт некелесу рәсіміне келе жатып: «Бала туған соң, ән айтқаныңды қоясың!» – деп шарт қойса керек. Өмірін өнерінен бөліп қарай алмайтын Мирей бірден бас тартқан тәрізді. Содан бері үйлену туралы ешкімнің де ұсынысын тыңдамапты. Әйтпесе мұндай сұлу әйелге сөз салғандар аз болды деймісіз...

Журналистердің жеке өмір туралы сауалдарын жақтыра бермейтін әнші: «Рас, өмірді махаббатсыз елестету қиын. Махаббат –дүниедегі ең ғажап сезім. Бірақ біреуді жақсы көру – онымен некелесу деген сөз емес шығар? Құдай адамға бәрін бірдей үйіп-төгіп бере салмайды, бір салада бақытқа жету үшін басқа бағытта тізгін тартуға, құрбандыққа баруға тура келеді. Махаббат па, өнер ме? Мен өнерді таңдадым», – дейді. «Онда, өз басыңыздан өткізбесеңіз, ғашықтық сырға, махаббат сезіміне толы әндерді қалай шырқайсыз?» деген сұраққа Мирей Матье: «Кинодағы сияқты ғой. Актер кісі өлтіргіш қанішер болып ойнайды, ал өзі өмірде ешкімнің мұрнын да қанатпаған. Менікі де солай», – деп жауап беріпті.

Салмағы 45 келіден асып көрмеген әншінің бойы – 153-ақ сантиметр. Жас күнінде осы кемшілігінен қатты қысылған ол бойын өсіруге ниеттеніп, волейболмен де айналысыпты. Бірақ ешқандай өзгеріс болмаған. Өз сұлулығының сырын Мирей гені арқылы түсіндіруге тырысады. «Менің анам 95-ке келіп дүниеден өтті, соңғы күніне дейін сүйкімділігін сақтады, – дейді ол. – Сол кісіге тартқан шығармын. Әйтпесе еш құпиям жоқ. Темекі тартпаймын, күнге күймеймін, тамақты көп жемеймін. Рас, көп ұйықтаймын. Өйткені ұйқы ғана адамның шаршауын толық басады, тынықтырады».

* * *

Дөңгелене қиылған шаш қою үлгісін Мирей Матье ешқашан өзгерткен емес. «Жарасымды нәрсені бұзудың қажеті қанша? Оның үстіне, Францияда да, жалпы әлемде де менің шаш үлгіме еліктеушілер аз емес» дейді ол. Жүзінен қашанда дүниеге іңкәрлік лебі есіп тұратын әнші: «Өмірден артық аяулы ештеңе жоқ. Сондықтан да мен ақырғы демім үзілгенше Өмірді жырлап өтемін. Кім біледі, бәлкім, менің әнім өзімнен де ұзақ жасайтын шығар?» – депті жоғарыда аталған кітабында.

Біз, әрине, ұлы әншіге ұзақ өмір тілейміз, алайда оның өнерінің ғұмыры адамдар жүрегінде замандар бойы жасай беретініне де сенеміз.

Сәкен Сыбанбай

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5502