Жұма, 22 Қараша 2024
Алашорда 4881 1 пікір 4 Қазан, 2023 сағат 14:18

«Нәзір – Кеңестің Сауд Арабиясындағы елшісі»

Өткен ғасырдың басында ұлт үшін өлшеусіз қызмет жасаған алаш қайраткерлерінің ішінде Нәзір Төреқұловтың есімі ерекше құрметпен аталады.

Нәзір 1892 жылы қазан айында Өзбекстанның Қоқан қаласында туылған. Әкесі Төреқұл заң қызметкері, әрі кәсіби мақта саудагері болған. Ол қызмет бабымен Өзбекстанның Қоқан қаласына көшіп келген. Нәзірдің жастық шағы өзбек жерінде өткен. Нәзір бастапқыда ауыл молдасынан және жергілікті медреседе білім алған. Ол  Мәскеуде білім алып, еліне оралған соң көптеген жоғары лауазымды қызметтерді атқарады.

Нәзір Мәскеуге шақырылып, 1922-1928 жылдары Орталық баспа басқармасының төрағасы қызметін атқарды. 1928-1936 жылдары КСРО-ның Сауд Арабиясындағы өкілетті елшісі қызметін атқарады.

1937 жылы шілде айында тұтқындалып, 3-қараша күні «халық жауы» деген айыппен ату жазасына кесілді. Денесі Мәскеу түбіндегі Коммунарка қорымына жерленеді.

Нәзір Төреқұлов шебер дипломат ретінде өз мемлекетінің беделін лайықты дәрежеде ұстап тұру, оның саяси, сауда-экономикалық, басқа да мақсаттарын табанды түрде қорғау және аса қажетті ақпараттарды дер кезінде ой елегінен өткізе білу сияқты салаларды терең меңгеріп, осыларды өз қызметінде бұлжытпай орындап отырды. Ол сол кезеңде өзі төтенше және өкілетті елшісі болып отырған Кеңес Одағының беделін көтеруге күш салды,  әр түрлі дәрежедегі келіссөздерді  біліктілікпен жүзеге асырып отырды.

Нәзір Төреқұлов 1958 жылы ақталғанымен, кеңес заманында ол туралы зерттеулер мен ізденістер жоқтың қасы болатын. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ ғалымдары Нәзір Төреқұлов туралы жан-жақты зерттей бастады. Түркістанда  алғаш рет 1996 жылы Нәзір Төреқұловтың 105 жылдығы кең көлемде аталып өтті.

Қоғам қайраткері Ыбырай Ысмайылов – Нәзір Төреқұлов туралы ізденіп, Өзбекстан, Ресей тіпті сонау Сауд Арабиясына дейін іздеп барған азамат. Осы ізденістің нәтижесінде Түркістанда Нәзір Төреқұловтың атына мектеп, мешіт-медресе, кітап үйі ашылып, қаланың ортасынан Нәзір Төреқұлов атына көше берілді және музейі ашылды.

Нәзір Төреқұлов – тарихи тұлға. Оның асыл бейнесін, ел алдындағы ерен еңбегін әрдайым есте сақтаған жөн. Музей қызметкерлерінің міндеті – Нәзір Төреқұловтың есімін өшірмей, өскелең ұрпаққа жеткізу.

Бағлан Ташимов

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1455
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3217
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5262