Жұма, 20 Қыркүйек 2024
Әдебиет 4247 4 пікір 10 Қазан, 2023 сағат 14:27

Бір қолында кетпені, бір қолында қаламы бар ақын

– Болат Құрсақбайұлы, әлеуметтік желіден сіздің өлеңдеріңізді оқып жүрген оқырманның бірі мен едім. Дидар ғайып демекші, өзіңізбен кездесіп, танысып, әңгімелесудің сәті бүгін түскендей. Әңгімеңізді арғы беттен бастасаңыз?

– Сізге көп рақмет, Әлеке! Сіз секілді көзі ашық, көкірегі ояу оқырманымның болғанына қуанамын.

Мен Шынжаңның Іле қазақ автономиялы облысы, Қорғас ауданы, Кеген ауылында 1963 жылы дүниеге келген екенмін. 1973 жылдан 1981  жылға дейін Кеген ауылындағы толықсыз орта мектептің 8-сыныбын бітіргененен кейін, ары қарай оқуымды Қорғас аудандық толық орта мектепте жалғастырып 1983 жылы тамамдадым. Ол кезде Қытайда жоғары мектепке емтихан тапсыру үшін, алдымен дайындық емтиханынан өту керек болатын. Дайындық емтиханнан өткен соң барып мемлекеттік емтиханға қатыстым, өкінішке орай менің емтихан балым жоғары мектептерге қабылдау шегіне жетпей қалып, одан қалып қойдым. Содан ауылыма барып, өзім оқыған толықсыз орта мектепке уақыттық (штаттан тыс) мұғалім болдым. Қосымша ауылдың  комсомоль жастар ұйымын басқардым. Несін жасырамыз, ол кезде  аудардағы мектептерге мұғалім жетіңкіремейтін заман болды ғой. Содан болса керек, Іле облыстық Оқу-ағарту басқармасы мектепті жақсы бітірген оқушыларға штаттан тыс мұғалімдік жұмысқа тарту рұқсатын беріп қойған.

Мен сабақ бере жүріп қосымша қысқа мерзімді білім толықтыру курстарына қатысып білімімді толықтырып жүрдім. Одан сырт әдеби шығармаларды, әдебиет назариясын (теориясын), қазақ тілі грамматикасын оқып, білімімді одан ары шыңдай түсіп, оқушыларға қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ бердім. 1996 жылдан Үрімжідегі Биңтуан сыпанына (дивизия педагогикалық техникумына) арнайы барып екі жыл оқып келіп, мектептің тәрбие жөніндегі директорының орынбасарына дейін көтерілдім.  2006  жылы наурыз айында  тарихи отаным Қазақстанға көшіп келіп, бұрынғы Алматы облысы, қазіргі Жетісу облысының Панфилов ауданы, Алмалы ауылына көшіп келіп қоныстандым.

– Қытайдың Қорғас ауданының Кеген ауылы мен Панфилов ауданының Алмалы ауылының арасын шекара бөліп тұрғаны болмаса, арақашықтығы онша алыс емес болар.

– Дұрыс айтып отырсыз. Қорғас ауданының Кеген ауылы мен Панфиловтың Алмалы ауылы жапсарласқан көрші аудан, тек ортасын Қорғас өзені мен шекара бөліп тұр. Әсіресе, біздің ауыл сол Қорғас өзеніне жақын орналасқан. Жайлауымыз да қатар Қорғас өзенінің екі жағалауы болатын. Бала кезімізден Қазақстан жақтағы адамдар мен қалың техникаларды арғы беттен көріп өстік. Ол кезде біздің ел «Совет» деп атайтын, бұл  жаққа қарағанымызды ауыл басшысы мен  сақшылар көріп қойса «ол жаққа қарауға болмайды, олар Совет түзетімпаздары» деп бәле салатын. Деседе баламыз ғой, ұрланып қызыға қараушы едік. Ал Қорғас ауданы шекаралық аудан болғандықтан, шекара жағалауына өндіріс, құрлыс дивизия полктарын боз жерді өзгертеді деп орналастырған болатын, оған қоса қалың ханзу ауылдары да бой көтеріп қойған болатын. Олар жазық, тың жерлерді иемденіп егін шаруашылығымен шұғылданатын, одан сырт Олар егінмен қосымша шекара күзететін болған.

– Менің білуімше Қорғас өңірінде ежелгі тарихи қалалар мен мазарлар бар ғой.

– Қорғас ауданында сонау Чиң патшалығы салған әскери орталығы Күре жамбылы бар, шамамен үш ғасырдан асқан байырғы көне құрлыс. Чиң патшалығы 1762 жылы Іленің Күре (Хүйюань) деген жерінде Іле генералы мекемесін (Іле жияңжүн фу) құрып, әскери әкімшілік арқылы Тияньшан тауының оңтүстігі мен солтүстігіне өзінің феодалдық үстемдігін жүргізгені тарихтан белгілі. Одан батысқа қарай орналасқан Қорғас ауданының орталығы Сүйдің күре қалашығы, баяғы Орынбор казак-орыс әскерінің атаманы, генерал-лейтенант А.И.Дутов тығылып, артынша сол қалады атылды деген сөз бар ел арасында. Одан бері ХVІІІ ғасырларда салынған «Тұғлықтемір» кесенесі бар. Ол кәзірде Тұғықтемір хан мазары деп аталады. Ал оңтүстігінде Іле өзенімен шектесіп жасыл желек жамылып  жататын  Тұғлұқтемір хан орталық еткен көне Алмалылық қаласы да Кеген өзенінің аузындағы Қараой деген жазықта болған екен. Сол жерден көптеген көне қазба бұйымдар, теңге, мыс қазан, қылыш сияқты дүниелер табылатын. Шекараға жақын қазіргі Қорғас өткелінің (кеденінің) қасында бұрынғы «Шипаңзы» ауылы да  бар.

Ең қызығы менің сол бала кезден көріп жүрген, Алмалы ауылына қоныстанғаным болды. Қазірде жайлау жаққа барсақ, арғы беттегі елді алыстан көріп танимыз. Осы Қорғас өзеніне қатар ағып жатқан, бір бел асқанда Кеген өзені де жөңкіліп ағатын. Табиғаты тамаша өзен еді. Ол менің туған ауылым болатын, бұл менің «Кегенім» деген өлеңімнің бейнесі еді.

– Айғай салсаңыз даусыңыз естілетін жердегі туған ауылыңызға бармағалы да біраз жыл болған шығар. «Кегенім» деген өлеңіңіз артыңызда қалған ел-жұртыңыз бен туған жерге деген сағыныштан туған болар.

– Иә, өзіңіз айтқандай айғай салсақ даусымыз жететін жердегі туған жерге бармағалы бес жыл болыпты. Сол сағыныштан бұрқырап шыққан өлең еді ғой:

Асқары ақ қар, аспанмен иық тірескен.
Алқабы думан, арайлы еді жыр ескен.
Кегеннің анау, керіліп жатқан төскейі,
Ақ бас таулар, кетпейді шіркін бір естен!

Таулары шуақ, сулары бұлақ мөлдіреп.
Қапталы қатпар, шатқалы ақ тал желбіреп.
Жеміспен жидек, аққу мен үйрек қойнауы,
Қарсы алады таңқурайы елжіреп.

Қарғалдақ тауы, қарағайы қайысқан.
Қарабас шалғын, жел соқса билеп майысқан.
Аюлары балдырған терсе балпаңдап,
Тауешкісі жартаста үркіп жарысқан.

Шұғынық гүлдер, Шұғаны еске салады.
Тербетіп тұрма, қызғалдағы даланы.
Белесі биік, даласы киік, аққайың,
Бір көрген жанды, баурап алып қалады.

Керлері кербез, кеудесі шалқақ салалы.
Гүлдерді құшып, көресің ұшқан араны.
Бүлдірген исі, кеңсірікке келгенде,
Аймалап қана жатасың искеп даланы.

Осындай бейіш, жер ұйықтан нәр алдым.
Еңсесі биік, ер мінез таудан жаралдым.
Өркештеп аққан, өткел бермес Кегендей,
Буырқанған өзеннен тамшы қан алдым.

Жырларым ұқсап, қарғалдаққа мұз жарған.
Бүршік жарса, мұқалмай суық ызғардан.
Тау ұлы болып туылған соң таусылмас,
Шалқыса шабыт, тау суындай құздардан.

– Кір жуып, кіндік кескен туған жеріңіздің келбетін көркем бейнелепсіз. Осындай тамаша жерді қалай қиып кеттіңіз?

– Басты себеп, Қазақстан 1991жылы дербестік жариялап, егемендік алуы  болды да, еркіндікті аңсаған арман мені жетеледі.

1978 жылы Қытай билігіне Дың Шаупиң  (Дэн Сяопин) келіп, саяси реформа жасады да, «есікті сыртқа айқара ашу»  саясатын  жүргізді, сол кезде мемлекеттік саясатта жылымық болып, 1988 жылдан кейін Қазақстан мен Қытай арасындағы саяси, экономикалық байланыстар жасалып, шекара ашылып, ары-бері туысшылап өткен жолаушылар мен туристердің қарасы көбейді. Ақырындап шекарада сауда-сатық жүре бастады. 1962 жылғы мамыр оқиғасында өтіп кеткен туыстардан хабар келді, біз шекараның түбінде болғандықтан, хабарды ерте естіп отыратынбыз. Үрімжіде қазақ тілінде шығатын халықаралық «Пайдалану хабарлары» деген газетке жазылып оқитынмын, соның бір санына «Дүниені дүр сілкіндірген Ельцин оқиғасы»  деген  тақырыппен көлемді мақала жарияланыпты. Онда СССР-дың күйреп құрдымға кеткенін, Б.Н.Ельциннің Ресей мемлекетінің президенті болғаннан кейін құрамындағы республикалар бірінен соң бірі тәуелсіздігін жариялап кетіп жатқаны жазылыпты.

Қазақстанның телеарналары бізде анық шығып тұратын. Қазақстанның хабарын, айтыстарын көріп отыратынбыз. Әсіресе айтыстары керемет еді. Қазақстанның тәуелсіздік жариялағанын бірінші болып біз көрген шығармыз. Ертесі бір топ жігіт жиналып, тәуелсіздікті  тойлап таңға отырдық. Біздің шекара өңірінде алдында айттым ғой, боз жер өзгерту деген сылтаумен «Өндіріс-құрлыс полкы»  деп аталатын, алдыңғы шептен қайтқан қызыл армия мен Гоминдаңның тұтқынға түскен әскерлеріне Полк құрып, шекараның жағасына мыңдап, он мыңдап орналастырады. Басқа өңірлерге қарағанда түзім өте қатты болды. Әкем марқұмда қазақ тарихын,  шежіресін көп айтып отыратын, көзі ашық, көкірегі ояу ел басқарған кісі еді.  «Қазақстанға кетсек!» деуші еді. Содан да болар Қазақ еліне аңсарым ауып, 2000 жылы Қазақстанға алғаш рет келіп, біраз уақыт қыдырып қайтқан болатынмын.

2006 көші-қон шақыртуымен  біржолата көшіп келдім. Меннен басқа туыстарым ол кезде менімен бірге көшіп келгілері келмеді. Үш балам мен жұбайымды, қолымдағы екі қарындасымды ертіп, ешқандай қаражатсыз кеттім. Қысқасы, Қазақ елінің дербес ел болуы мені қатты баурады. Оның үстіне ұрпақтың болашағы үшін, азда болса тәуелсіз еліме барып еңбек етейін деген мақсат болды. Алғаш шекарадан өткенде жазған «Отаным сен деп келдім» деген өлеңім есіме түсіп отыр, айта кетейін:

Отаным сенің мерейің деп келдім.
Бойдағы барды берейін деп келдім.
Елім деп туған, еңіреп туған,
Отаншыл ерге ерейін деп келдім.
Бабалар рухы қолдаған елге,
Тыныстап өсіп, өнейін деп келдім.
Тыныштық тірлік, бірлікті бұзған,
Сұмдармен алысып өлейін деп келдім.
Шаттықпен туған ұрпақтар үшін,
Шаттанып бірге күлейін деп келдім.
Кең байтақ осы өлкеміз үшін,
Маңдайдан терді төгейін деп келдім.
Шет асып бір кез, қапыда кеткен,
Бабалар ісін төлейін деп келдім.
Бір тамшы термен, бір тамшы қанмен,
Арманның гүлін егейін деп келдім.

Отаным сенің арайың деп келдім.
Шүлен шуағыңа қанайын деп келдім.
Сұлтан болып жүргенше шетте,
Ұлтаның болып қалайын деп келдім.

Отаным сенің нуың деп келдім.
Қазақы кәусар суың ден келдім.
Жер шарының желкенін ұстап,
Беліңді бекем буын деп келдім.
Ғасырлар бойы жоғалып кеткен,
Көк жасыл көркем туың деп келдім.

– Оныңыз рас, Қазақстан тәуелсіздігін жариялағанда шетелдегі қазақтардың қуанышында шек болған жоқ қой. Сол кезде-ақ Қытайдағы патриот ағайындардың біразы жайлы орнын, жақсы қызметін тастап елге орала бастады. Сіздің кешінкіреп көшіп келуіңізге не себеп болды?

– Дұрыс айтасыз. Менде сол 1990 жылдардың басында кетуге бел буғам. Бірақ 1993 жылы әкем, 1995 жылы шешем  қайтыс болды да, мен үйдің үлкені болған соң, іні-қарындастарыма бас-көз болу маған қалды. Содан олардың үлкендерін  үйлендіріп, жеке отауға бөліп шығарғаннан кейін барып, 2006 жылы қызметімді біржола тастап көшіп келдім. Қытайдан ештеңе алғаным жоқ, қысқасы зейнетақы да алмаймын.

Жаркент өңірінде Бәйдібек бабаның үш ұлының бірі – Суан елі мекен еткен ғой. Суан елі  елдің ала жібін аттамайтын, өте бауырмал, қолы ашық ел екен. Оның үстіне кезінде Қытайдан келгендері басым орында болып, салт-сана, дәстүрді жоғалтпаған, тілін мен дінін сақтаған ел екен. Біздің Қызай елінен еш айырмасы жоқ, арғы ата-бабаларымыз қыз алысып, қыз беріскен сарсүйек жегжаттығыда бар.  Қызай анамыздың інісі Жарқышақтан тараған қаны да, жаны да бір ел екенбіз. Содан да болар Алмалы ауылына келе сала елі бірден баурап әкетті.

– Алғаш Қазақстанға келіп-кетіп жүргеніңізде Алмалы ауылында болған ба едіңіз?

– Көшіп келерден бір жыл бұрын, ауылға келіп, ауыл әкімі Жармұқаметов Бірлікбай Сәрсенбайұлымен кездесіп кеткен едім. Ол ағамыз сол кезде әкім болғанына бір жыл болыпты. Бұрын аудандық полиция бөлімінің орынбасары, падполковник болып зейнет демалысна шыққан соң, ауыл халқының өтініші бойынша Алмалы ауылына әкім болып келген екен. Заңға да жүйрік, аңқылдаған жан екен. Ол кісімен танысып арғы-бергіні қозғап, істеген қызыметімді, келгендегі мақсатымды айтып едім, әкім ағамыз бірден келісіп, көшіп келуімді қолдап, ауылдың жағдайын, егістік жерлердің бар екенін, оны жалға беретінін айтып, «Елге ел қосылса құт» деген бұрынғы бабаларымыз, Суан мен Қызай бұрыннан ауылы аралас, қойы қоралас құдандалы ел, бұдан кейін де қан тазалығы үшін ұрпағымызды үйлендіріп жегжат-жұрат боламыз, көшіп келсеңдер жақсы болар еді. Егер ел-жұртыңнан тағы көшіп келем деушілер болса түгел шақыр, үй салатын учаскелік жер мен егістік жер береміз», – деп ағынан ақтарылды.

Ол кезде басқа облыстар мен аудандарға көшіп келген елге жер берілмеген екен. Әкім ағамыздың пейіліне, жермен қамтамасыз етем дегеніне бола осы ауылға қоныстандым.  2006 жылы наурызда көшіп келгенімде Бірлікбай ағамыз уақытша отыратын үй дайындап қойыпты. Келе сала  ауыл тұрғындары көліктен жүгімізді түсірісіп, бала-шағаны үйлеріне апарып шайын беріп дәл өздерінің жеті әкесі келгендей қызу қарсы алды. Ол кезде ауылдың жағдайы да онша мәз емес екен, бірақ қазақтың кең пейілдігі мен бауырмалдығы, бізді жатсынбауы артта қалған елді онша сағындырмады. Қорғас өзенінің арғы жағынан бергі жағына, небәрі алты шақырым ғана жайлауға көшіп келгендей болдық.

– Қазақстан азаматтығын қашан алдыңыздар?

– Азаматтық алғанда да қиналмадық, Әкім ағамыз мамандарын қосып беріп, мектептің кітапшасына тіркеп құжаттарымызды өткізіп берді. Көп өтпей азаматтығымыз шығып, Қазақстан азаматы атандық.
Содан не болды дейсіз ғой, «жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» демекші, тағы да сол әкім ағамызбен, ауыл шаруашылығына жауапты орынбасары Тұрған Батырқұлов екеуі үйдің орнын және ел игере алмай үкіметке қайтарған жерден 60 га суармалы жер мен 300 га жайылымды 49 жылға жалға беріп, шаруа қожалық құрып берді.

Ол ағамызға айтқан бір қалжыңым бар еді, кезінде Қызай елі Аякөзден ауып Іледегі ұлы нағашыларына келген екен, нағашылары 1962 жылы қырық шыбар тайларын бермей, бізді Қытайға тастап өздері Советке кетіп қалыпты. Ал сол қырық шыбар тай үшін  міне тағы келдік, сол тайымызды бересіз ғой дегенім де, ол кісі күліп, «Қалағаыңды ал жиен, бұрынғылар қырық шыбар тайыңды бермей кетсе, енді ел Қазақстаннан қашпайды, мына жер сенің нағашыларыңнан ала алмай жүрген қырық шыбар тайың болсын» деп әзілдегені бар еді.

Өзім де қарап жатпадым, саудагер достарыма айтып, ауылдың мәлениет үйіне екі мың долларға мұзика аспабын алып бердік. Екі қарындасым мен қызымды көшіп келмей тұрып, арнайы тігіншілікті Үрімжіден оқытқан едім, олар  ауылдық мәдениет үйінің сахана шымылдығын, орындықтарының жапқышын, Қытайдан матыриалдар алғызып тіктіріп бердім.

– Сізге Алмалы ауылы құтты, берекелі ауыл болған екен, ал сіз бұл ауылға қызыр болып келген сияқтысыз ғой. Сонымен қазір 60 гектар жерді игеріп жатырсыз ба?

– Жерді толық игеріп жатырмын. Алғашында техника жақтан өте қиналған едік. Ауылда калхоздан қалған ескі тракторлар бір күн жүрсе, бес күн бұзылып жататын. 2010 жылы Қытайдан 30 ат күші бар трактор сатып алып, оған қоса жүгері себетін селке әкелдім. Ол шағын жерге арналғандықтан, бұл жерге шамасы келмеді. Сонымен 2013 жылы 120  және 82 ат күші бар екі жаңа тракторды үкіметтің көмегімен, лизингке алғашқы жарнасын төлеп, қалғанын жеті жылға бөліп төлеуге алдым. Екі ұлым мектеп бітірген соң осы техникаға ие болып жүргізді. Бұл ауыл халқына үлкен көмек болды. Егістік жер уағында жыртылып, ұрығы уағында себілетін болды. Соның арқасында өнім артып, кірісіміз жоғарылады. Келесі жылдан бастап ауыл азаматтары да жаңа техника ала бастады.

Қазір ауылдан көне техника көрмейсіз. 2013-жылы үкіметтің шаруа қожалықтарды ірілендіру бағытына сай ауылдағы он ұсақ шаруа қожалық  бірігіп ірі шаруа қожалық құрдық. Мен осы шаруа қожалығының төрағасы болып, егін егу, ұрық себу, тыңайтқыш беру және сапалы ұрық алу мен өнімді өткізуді бір тұтас басқарып жақсы нәтижеге қол жеткіздік.
Содан 2013 жылдың соңында аудан әкімінің  «Құрмет грамотасымен» марапатталып еңбек озаты болдым.

Су ішкенде құдық қазушыны ұмытпа дегендейін, ауылдағы жағдайы жоқтарға, күзгі өнімге қаратып жерін жыртып жүрдік. 2016 жылы 95 ат күшіндік трактор, Түркиядан жасалған жүгері себетін селке сатып алдым. Содан бері тағы екі рет аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталдым. Үлкен ұлым, Батыл Болатұлы 2016 жылы Алматы облысы әкімінің «Алғыс хатын »  алды. Қазір егіншілікпен бірте мал шаруашылығымен де айналысып отырмыз.

«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп Абай атамыз айтқандай, ауыл тұрғындары, ауылдық Қоғамдық кеңестің мүшесі, Ата-аналар комитетінің төрағасы, мектеп жанындағы Қамқоршылық кеңестің орынбасары етіп сайлап жүр. Мен де шамамның келісінше ауылым үшін ерінбей, жалықпай жұмыс істеп келемін.

Жаркент өңірі жүгері егумен атағы Кеңес Одағы кезінде шыққан ғой. Сіздер де жүгері дақылын егесіздер ме?

– Иә, Жаркент өңірі ежелден жүгері егеді екен. Өйткені топырағы жүгеріге келеді. Қытайдың Қорғас ауданы да солай жүгерімен айналысатын еді, өйткені жер қыртысы мен климаты ұқсас. Казір ауыл шаруашылығы біршама дамыған кез ғой, гектарына он, онбес тоннаға деиін өнім алып жүрміз.

– Сіздердің шаруа қожалық субсидия алып жүр ме?

– Біздің қожалық ірі шаруа қожалық болғанмен, әркім өзі егіп, өзі себеді. Өнім өткізгенде келісіпшарт бойынша бір жерге өткіземіз. Ақша қожалықтың шотына түскен соң, өткізген жүгерісіне қарай есептеп таратып береміз. Ал жүгері ұрығы мен химиялық  тыңайтқыш алғанда бір тұтас қожалық арқылы алып, бір тұтас егеміз. Әркім өз жерін өзі бағып басқарады.
Жүгеріге бұрын гектарына 30 мың теңге субидия берген. Ал қазір тоннасына 60 мың теңге субсидия береді. Оны жеке мал бордақтау немесе тауық фермалар алса, онда ала алмайсың. Тек «Крахмал зауытына» өткізсең аласың. Шағын шаруа қожалықтар, жинайтын құжаттар көп болғандықтан шығыннан қорқып, көбінше алмайды. Ал біз ептеп алып жүрміз.

– Биыл қанша гектар жерге жүгері ектіңіздер?

– Биыл 40  гектарға жүгері ектік, қалған 20 гектар жерге көп жылдық өсімдік жоңышқа (беде) еккен болатынбыз.

– Жүгерінінің бағасы биыл қанша теңге болайын деп тұр?

– Жүгерінің бағасы әр жылы әр қалай болып тұр. Былтыр жүгерінің ылғалдығы 15 пайыз болып, келеграмы 120 теңге болған. Оның сыртында үкімет әр келеграмына 6 теңгеден субсидия берді. Демек, өткен жылы жүгерінің тоннасын 120 мың теңгеден саттық, үкіметтің 6 теңге субсидиясын қосқанда тонасы126 мың теңге болған. Ал биыл ылғалдығы15 пайыз болса, тоннасы 80 мың теңге болайын деп отыр. Егер ылғалдығы 20 пайыз болса, тоннасы 75 мың теңге болмақшы. Жалпы биыл жүгеріннің бағасы дұрыс болайын деп тұрған жоқ. Баға шынымен осылай болса, шаруалар қатты зиян тартады. Өйткені соляркы, жер жырту, химиялық тыңайтқыш, ұрық және оны комбайынмен шаптырып жинаудың бәрі қымбат. Бұлай болса біздің жаздайғы еңбегіміз ақталмайын деп тұр.

– Өзіңіз өткен жылы қанша субсидия алдыңыз?

– Биыл егінді енді орамыз. Өткен жылы 355 тонна жүгері өткіздім. Субсидия 2 130 000 теңге болды.

– Мал шаруашылығымен де айналысып жатырмын дедіңіз. Қандай мал түлігін өсіріп жатырсыз?

– Мал шаруашылығынан бір атар қой мен отыз неше бас сиыр, бір үйір жылқы бар. Малға інілерім қарайды.

– Мемлекеттің ауыл шаруашылығын қолдау жағы қалай болып жатыр?

– Мемілекеттің ауыл шаруашылығын қолдауы өте төмен. Үкімет ауыл шаруашылығын қолдап, ауыл шаруашылық заңын кемелді етіп жасаса, елімізде азық-түлік былай қымбаттамас еді. Халықтың тұрмысы да айтарлықтай жақсы  болып, қаңтар дағыдай жағдай туылмас еді. Өйткені біздің ел аграрлық ел. Қазір үкімттің ауыл шаруашылығына бөлген ақшасы, ауылға жетпей қолды болып отыр. Екінші деңгейлі банк арқылы ауылды қаржыландыру да ұстағанның қолында, тістегеннің аузында, тамыр, таныстықпен кетіп, нақты мұқтаж немесе мал өсіріп, егін егемін дегендерге  жетпейді. Оның үстіне банктың пайызы жоғары. Халық алғанмен өтей алмайды. Екіншіден мал өнімдері арзан, әсіресе ет пен сүттің, бидай мен жүрері  секілді дәнді дақылдардың  бағасы төмен. Жүн, тері алатын орын жоқ, далада бекер босқа шіріп қалады. Жеке шаруа қожалықтары өз өнімін шетелге шығарып сата алмайды. Оның құқығын жоғарымен жемтіктес бір бай алып алған. Солардың аталмыш компаниясы арқылы шығады. Ал «тоқ бала аш баламен ойнамайды, тоқ бала ашқаламын деп ойламайды»  дегендей, олардың қарапайым халықпен жұмысы жоқ, өйткені  өздерінің есебі дұрыс, қарны тоқ.

Бізде жүгерімізді шетелге тікелей шығара алмай отырмыз. Егер шетелге шықса баға бұдан да жақсы болар еді. Біздің ауданда жүгерінің басым бөлегін, «Жаркент крахмал зауыты» алады да бағаны құбылтып, ойына келгенді істеп  отырады. Сол зауыттың иесі, қазір ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болып отыр. Халық қалаулысының өзі осылай бағаны төмендетсе  басқалар не істемейді?!

Сонымен бірге үкімет бөлген субсидия да қарапайым халықтың қолына тимейді. Субсидия алудың шартын ауырлатып тастаған. Ауылдағы бес сиыры бар шаруаның қолы жетпейді. Үйткені туатын сиырдың басы елудеп жоғары болу, нәсілді бұқасы болу, жайылым болу, т. б. шарттарды жіпке тізеді. Соңында оны да байлар алады, кедейлерге ұлтарақ та тимейді. Қысқасы біздің үкімет шығарған заң байларға қаратылған секілді. Үкімет кедейлердің емес, байлардың тікелей сүйемелдеушісі болып отыр. Ауыл шаруашылығының заңын түземей, ауыл ешқашан түзелмейді

– Жаңа қарындасым мен бір қызым тігінші деп қалдыңыз. Олар қазір тігіншілік кәсібімен айналысып жатыр ма?

– Қарындасым Зібила Құрсақбайқызының ауылда тігін дүкені бар. Қазақы ою-өрнекпен әр түрлі киімдерді шебер тігеді. Ал қызым Мөлдір Болатқызы кәсібін ауыстырып Алматы облысы, Жетіген ауылында үлкен сән салонын ашып, сонда кәсібін жүргізіп отыр. Шәкірт тәрбиелеп  оларға сертификат береді. Тәрбиелеген шәкірттері өз алдына кәсіп істеп жүр. Қызым мереке-мейрамдарда Алматыдағы Респубылика сарайына барып өнер жұлдыздарын бояндырады.

 – Шығармашылығыңыз туралы әңгіме айта отырсаңыз. Қай кезден бастап өлең жаза бастадыңыз?

– Әдебиетке бала кезден бастап жақын болдық. Әкем марқұм сандық- сандық кітап сақтып оқып жүретін. Мен әкемнің сол кітаптарын шетінен алып  оқып жүрдім. Өлең жаза бастадым, алғашқы өлеңдерім махаббатқа арналды. Бірақ өлеңдерімді Шынжаңдағы газет-журналдарға бермедім. 1993 жылдан бастап қазақтар тойханада (мейрамханада) тойлар өткізе бастағанда, алғашқы асабалардың бірі болып мен де той жүргіздім. Ал атамекенге келген соң  барып, ресми өлең жазуға кірістім. Менің көсіліп өлең жазуыма тәуелсіз еліміздің  еркін саясаты мен елдің ыстық ықыласы болды.

– Әкеңіз көзі ашық, көкірегі ояу адам болған екен ғой. Сіздің өлеңдеріңіз Шынжаңда баспа бетінде жарияланбағанымен той-томалақтарда оқылып тұрған көрінеді. Оқырман мен көрермен қазір тойда отыратын заман ғой. Елге оралғаннан  кейін алғаш жазылған өлеңіңіз есіңізде ме?

– Ең алғашқы өлеңім десем де болар, шекарадан аттай сала «Ата мекен – арман ел» деген өлеңді жаздым. Артынша жазған көп өлеңдерім «Жетісу»,  «Алатау» газеттеріне, ауданымызда шығатын «Жаркент өңірі»,  «Орбұлақ» және « Жаркент айнасы»  газеттеріне, Халқаралық Таңжарық қоры шығаратын «Таңжарық» журналына жарияланды. 2021 жылы қазанда «Ақ жауын» атты кітабым жарық көрді.  «Түркі әлемі  жазушылар одағы» құрастырған өлеңдер жинағы мен «Талантқа тағзым әдебиет тобы құрастырған  «Көсеге»  жыр жинағына өлеңдерім енгізілді. Оның сыртында отыз неше өлеңіме ән жазылып,  «Тұран әуендері»  деген әндер жинағына енгізілді. «Бұл далада» деген мәтініме жазылған әнді «Керқұлан тобы»  және Қарлығаш Қалыбаева қатарлы әншілер біраз әндерімді орындап жүр. Мұны бір қолыма кетпен, бір қолыма қалам ұстап, тынбай еңбектенуімнің нәтижесі болар деп ойлаймын. «Қазақстан авторлар қоғамының лауреаты медалымен», «Халықаралық Таңжарық» зерттеу қоғамы сыйлығының лауреаты медалымен, ҚР «Білім өркениеті»  ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығы, Мәдениет саласына қосқан айырықша еңбегі үшін «ҚР тәуелсіздігіне 30 жыл»  мерекелік төс белнісімен, Әлем Халықтары Жазушылар одағының «Құрмет иесі»  төс белнісімен, Қоғамдық марапаттар жөніндегі республикалық Кеңес марапат алқасының 2021 жылғы 6 желтоқсанындағы №247 бұйрығы бойынша «Қазақ мәдениетінің қайраткері» медалымен марапатталдым.

Әлем Халықтары жазушылар одағы ұйымдастырған, ақиық ақын  Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына арналған, «Ғасыр құрдасымен сырласу» атты жыр жарысында, «Сіз ұшырған аққу жыр» өлеңім бірінші орын, Түркі әлемі жазушылар одағының «Түркі әлемі түгендел» атты жыр мүшайрасында «Отаным сен деп келдім»  деген өлеңіммен бас жүлдені жеңіп алдым.

Менің өлеңдерімнің басым көбі азаматтық лирикалар. Ұрпақты отанды, елді, жерді  сүйуге, ата дәстүрді  сақтауға, адамгершілік пен ар-ұятты сақтауға шақырады. Жемқорларды аяусыз шенеймін, арасында махаббат лирикалары мен табиғат лирикалары да бар.

– Сонау шекараның түбіндегі ауылда жүріп қазақ мәдениеті мен руханиятына біраз үлестер қосыпсыз. Тіпті еңбектеріңіз бағаланып, көптеген марапаттарға да ие болыпсыз. Одан басқа қандай жұмыстармен айналысып жатырсыз?

– Жоғарыда Алмалы ауылы туралы айттым ғой. Өз басым отаным маған не береді деп емес, мен отаныма не беремін деп келдім. Ауылдың қоғамдық жұмыстарына белсене араластым. 2020 жылы Елтінді батыр атындағы ата, аналар қоғамының  жанынан, «Болашақ қорын» құрдық. Бұл қордың мақсаты – қамқоршысы жоқ балалармен көп балалы отбасының балаларына, мүмкіндігі шектеулі  балаларға көмектесу еді. Әу баста 9 адамнан бастасақ, қазір 350 адамнан асты. Әр адам айына қорға бір мың теңге салады.  Биыл мемлекеттік тестен жоғары бал алған бір қыз бен бір ұл оқушыға 100 мың теңгеден сыйлық ақша бердік. Екі жылда 36 оқушыны киім және оқу құралдарымен қамтамасыз еттік. Спорттан, пән олимпиадасынан  республика, облыс, аудан жағынан жүлде алған, оқушыларға  «Болашақ қор» атынан «Алғыс хаттар» мен қаржылай сыйлық жасадық. Мүмкіндігі шектеулі балаларға жаңа жылдық сыйлықтар берілді. Сонымен бірге балалар көп жүретін үш қалтарыс көшені жарықтандырып, балалардың алаңсыз үйіне баруына жағдайлар жасадық. Өйткені көшеде қаңғырған бұралқы иттер көп. Қордан ауылымызда өмірден озған адамдардың от басына бір мөшек ұн, бір мөшек күріш, бес литр сұйық май алып беріп отырдық. От басында қиындығы бар, асыраушысы жоқ от басыларға қыста көмір алып береміз. Өткен жылы қыста он екі отбасына бір тоннадан көмір түсіріп бердік. Мен сол қордың құрушысы әрі төрағасымын. Мұның бәрі ауыл азаматтарының  бірлігі мен берекесінің арқасында атқарылып отыр. Құдай  қаласа алда ауыл тұрғындарына көптеп көмектесіп, болашақ ұрпағымыздың сапалы, білімді сау денелі болып қалыптасуына қолдау көрсетіп отыратын боламыз

– Әңігімеңіздің ауанына қарағанда кезінде сізбен бірге көшіп келмей қалған бауыр, туыстарыңызды түгел әкеліп алған секілдісіз ғой.

– Иә мен бір әкеден жеті баламыз. Бір қарындасым келе алмай қалды. Қалған іні-қарындастарымды көшіріп алдым. Оның сыртында қайын жұр, нағашы жұрт, өз жұртым және бірге жүрген азаматтардан болып жүзге жуық отбасының атажұртына көшуіне себепкер болдым. Олардың көбі осы Жаркентте, қалғаны басқа өңірге қоныстанды. Алмалы ауылында жетпістен артық қандас бауырлар бар. Олардың көбі егістік жер алып, шаруашылықпен шұғылданып отыр. Бұған кейінгі болған ауыл әкімі Тұрсын Батырқұловтың еңбегі зор, Қытайдан көшіп келгендерге көмек қолын созды. Өзім де бекер қарап жатқаным жоқ, көшіп келген ағайндардың құжат жинауына, азаматтық алуына шапқылап жүріп көмектестім.

Елімізге келген қандастардың азаматтық алу жөніндегі қиындықтары туралы Астанадан келген депутаттарға аудан жиналыстарында жеткізіп отырдым. Оның сыртында 2014 жылы аудан бойынша қандастарды аттанысқа келтіріп, «Ата мекенге алғыс» атты мәдени шара өткізіп, аудан, ауыл басшыларын және ауыл ақсақалдарын, әр ауылдың мектеп директорларын, мешіт имамдарын шақырып, алғыс айту мазмұнында ақындар айтысын өткізіп, үлкен той жасап бердік. Той ауданға кіре берістегі Өсек өзенінің бойына он бес қазақ үй тігіп өткізілді. Тойға бір жылқы және жиырма шақты ұсақ мал сойылды. Қатысушылар мыңға жақын адам болды. Тойда әннен, терме айтудан жарыс, палуан күрес, тас пен қошқар көтеру қатарлы қимылдар өткізіліп, әр жеңімпазға аудан әкімшілігі жағынан «Алғыс хаттар» берілді. Тойымызға аудан әкімі Абдулдаев Бердаулет Ешенұлы ағамыз қатысып құттықтау сөзін сөйледі. Сол күні аудан әкімі, Үрімжіден көшіп келнен Мүгедек, көп балалы Гымыңтай бауырымызға үйдің орнын сыйлады. Біз аудан бойынша қандастарды аттанысқа келтіріп қаржы жинап, Гымыңтайға төрт бөлмелі үй салып бердік. Шамамен жеті милиондай ақша жиналды. Осы игі істі ұйымдастыруға ат салысқан қандас азаматтардан Алтай Көктоғайдан келген Жүніс қажы Кәменалұлы. Санжыдан келген Тоқан Әуелханұлы. Бұраталадан көшіп келген Төлеген, Санжыдан келген ағартушы ақсақалымыз Муса Саһаряұлы. Жастардан Шапшалдан көшіп келген Бақытжан Сібебайұлы. Қорғас ауданнан келген Қайсар Дәуітқанұлы, Алтай дан келген Ережеп Ақатұлы қатарлы азаматтар болды. Сонымен бірге аудан көлеміндегі кей істерді осы азаматтар ақыдасып шешіп отырдық. Қытайдың әр өңірінен келсек те осы берекеміз, бірлігіміз кейінгі жастарға үлгі болады деп ойлаймыз. Міне осындай игі істердің басы-қасында болып өзім ұйымдастырдым.

– Сухбатты жүргізген Әлімжан Әшімұлы

Алматы – Жаркент – Алматы. 7 қазан 2023 ж.

Abai.kz

4 пікір