Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 3256 31 пікір 19 Қазан, 2023 сағат 14:13

Құдайы көршінің шикізат шылауы

Президент Тоқаевтың Қытайға сапарының «бәрекелдісі» мен «әттеген-айы» қатар тұрған сияқты.

«Бәрекелдісі» сол - кәсіби дипломат ретінде президент Тоқаев Жаңа Қазақстанның сыртқы саясатына жаңалықтар енгізіп жатқанын мойындау керек. Соның бірі әрі бірегейі – шет елдерге жасалған сапарлар нақты келісім-шаттар мен жобалармен көмкерілуде. Бұрын жалпылама уағдаластықтар көбірек болса, бүгінде екіжақты құжаттар деректі мән мен мазмұнға тола бастады.

Бүл жолы да солай болған сықылды. Ресми ақпаратқа сүйенсек, құны 16,4 миллиард долларға құрайтын 30 коммерциялық құжатқа қол қойылыпты және де олар инвестиция тарту, сауда-саттық, өндіріске технология енгізу, кредиттік желілер ашу секілді маңызды салаларды қамтиды екен.

«Әттеген-айы» сол – осы құжаттардың нақты мән-мазмұнынан көпшілік бейхабар. «Судың да сұрауы бар», - дейді атам қазақ. Осы келісімдерге қандай шарттар негізінде қол қойылып жатыр? Және де ол жобалар тиісті органдар мен тәуелсіз сарапшылардың қатысуымен талқыланды ма?

Әйтпесе, Назарбаевтың тұсында (2009 жылы) Қытайдан алған 10 миллиард доллар кредитіміздің тағдыры не болды – оны да білмейміз. Ол да ертеңгі күні мемлекеттік бюджетімізге қосымша жүк болып артылып жататыны белгілі.

Мәселен, өз сөзінде президент: «Жалпы инвестициялық көлемі 21 миллиард доллар құрайтын 52 бірлескен жоба жүзеге асуда», - деп мәлімдеді. Сол жобаларды неге ресми БАҚ жүйесі халыққа көрсетіп, Қазақстан экономикасына тигізіп жатқан пайдасы туралы жағымды ақпарат таратпайды?

Айтпақшы, қол қойылған құжаттардың ішінде «меморандум» деген жеңіл-желпі әрі жауапкершілігі шамалы жанр баршылық. Өйткені, меморандум дегеніміз – белгілі бір жобаны бірлесе жүзеге асыруға ниет таныту ғана. Ондай құжаттардың көп жағдайда арты сиықкұйымшақталып кететіні тағы бар.

«Бәрекелдісі» сол – екіжақтық сауда-саттық, тауар мен ақша айналысының көлемі тәп-тәуір-ақ екен.

«Әттеген-айы» сол – ол айналыс... бір жақты! Яғни, біз Қытайға тек қана пайдалы қазбаларымызды сатамыз да, ол жақтан... смартфондар, басқа да техникалық жабдықтар алады екенбіз. Отыз жыл бойына экономикамызды диверсификациялай алмай жатқан бізден не қайыр?! Ескі Қазақстан секілді Жаңа Қазақстан да Қытайдың, қала берді, күллі әлемнің шикізат шылауы боп қала бермек пе?

«Бәрекелдісі» сол – Ұлы Жібек жолы заман талаптарына сай цифрланады екен. Цифрлық дегеніміз тек қана технологиялық, коммуникациялық мүмкіндіктер емес, ол дегеніңіз, ең алдымен, жариялылық, ашықтық, яғни, кез келген тауардың кез келген түкпірге жеткізілуін онлайн бақылап отыруға болады деген сөз.

«Әттеген-айы» сол – осыдан біраз уақыт бұрын президентіміздің аузынан шыққан өткір сынның нәтижесін әлі де көріп тұрған жоқпыз. Естеріңізге салайын, өткен жылы Парламентте президент Қытай кеден органдарының мәліметтерімен біздің статистиканың сәйкессіздігі миллиардтаған доллардан асатынын ашық айтқан болатын. Өз басым сол сыннан кейін біреудің жауапқа тартылғаны және президент айтқан сәйкессіздік жойылғаны туралы бірде-бір ақпарат естімеппін.

«Бәрекелдісі» сол – бұл жолы Қытай басшысы Си Цзиньпин: «Қытай Қазақстанның егемендігі мен жер тұтастығын қолдайтынын» баса айтты. Бұрын ол осы ұстанымын Астана төрінде тұрып жариялап еді. Сонысына риза болғанмын. Әлемнің түкпір-түкпірінде өршіп, айнала мен адамдарды жалмаған өртке ұласып жатқан мемлекетаралық қақтығыстар мен соғыстар (жалғыз Украина мен Ресей, Палестина мен Израиль емес) белең алып тұрған кезде алпауыт көршіміздің осылайша мәлімдеуін өз басым қазақ дипломатиясының жеңісі деп білемін.

«Әттеген-айы» сол – осындай кепілдікті неліктен біз әлемнің басқа ықпалды орталықтары мен державаларынан (Біріккен Ұлттар ұйымы, Еуроодақ, АҚШ) естімейміз? Бұл да болса, қазақ дипломатиясының кемшілігі деп түсінейік.

«Бәрекелдісі» сол – бұл жолы президент Тоқаев қазақтар шоғырланған Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының орталығы Үрімжі қаласына арнайы барды. Өз басым мұны мықты дипломатиялық қадам деп санаймын.

«Әттеген-айы» сол – ресми ақпаратта осы аймақта тұрып жатқан қазақтардың «қайта тәрбиелеу» лагерьлеріндегі мүшкіл жағдайы жайында ешнәрсе айтылмаған.

Бір ғана үміт бар: кәнігі дипломат ретінде Тоқаев бұл өткір мәселені Си Цзиньпинмен екеуара әңгімеде қозғаған болар. Әйтпесе, біз, қазақ та, қытай да оны түсіне қоймас.

Сөз жоқ, Қытай – құдайы көршіміз. Осынау алпауытпен қатар өмір сүру, бәлкім, қазаққа Жаратқан иемнің берген бір сыны болар. Сөз жоқ, көршімен тату-тәтті, тіл табысып, қатар тұру, реті келсе, сауда-саттық жасап, тауар мен қаржы алмасу қажет-ақ.

Бірақ, өзіңнен 70 есе үлкен халықпен қарым-қатынас жасаудың өз қаупі де бар екенін ұмытпайық: байқамай, қолтығының астына кіріп кетуіміз де мүмкін. Бүгінде қарулы күш экспансиясынан гөрі қаржы-қаражат пен меншік экспансиясы анағұрлым қауіптірек!

Осының бәрін Қытайға қатысты басты шешімдерді қабылдап жатқан басшылар түсінеді-ау деп сенгім келеді.

Әміржан Қосан

Abai.kz

31 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5435