Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 2966 0 пікір 3 Қараша, 2023 сағат 12:57

Тағдыры сан қилы қаламгер

Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архив (ҚР ОМА) қорларында ғылыми-техникалық сараптамадан өтіп, тізімдемелер жасалынып, мемлекеттік сақтауға алынып жатқан халқымыздың мол мұрасы, қымбат қазынасының бір бөлігі – бұл жеке тектік құжаттар.

(Жазушы Жанат Ахмадиев. 2003ж.ҚР ОМА, 2310 қор, 1 тіз., 148-іс)

Жеке тектік құжаттар: әдебиет, өнер, ақын-жазушылар, қоғам мен мемлекет қайраткерлері, ғылым мен халық шаруашылығының барлық салаларында ерекше еңбегімен танылған тұлғалардың өмір жолдарын бейнелейтін құжаттар.

Осындай елімізге танымал тұлғалардың бірі - Жанат Ахмадиев. Ол - көрнекті жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Алматы облысы және Жамбыл ауданының Құрметті азаматы.

Ж. Ахмадиев 1986-1996 жылдары кіші және аға ғылыми қызметкер болып, қызмет атқарған Орталық архивімізде жеке қоры сақталуда. 1958 – 2005 жылдар аралығын қамтитын 400 - ден астам қор құжаттары бар. Тізімдемелерге енген құжаттардың басым бөлігі шығармашылық құжаттарынан және қор иесінің әртүрлі кездесулерде қаламгерлермен, туыстарымен түскен фотосуреттерінен тұрады. Мазмұн, мағынасына қарай: «Шығармашылық», «Өмірбаяндық», «Хаттар», «Ол туралы құжаттары», «Жинақ құжаттары», «Фотосуреттер»,- деп жеке бөлімшелерге топтастырылған. Аталған бөлімшелер ішіндегі «Өмірбаяндық» құжаттарын негізге ала отырып, ол кісі туралы қысқаша тоқтала кетсек.

(Жазушы Жанат Ахмади және Естеу Нүсіпбек. 1986 ж. Есік қаласы, ҚР ОМА, 2310 қор, 1 тіз., 148-іс)

«Жанат Ахмадиев - 1943 жылы 15 қазанда, Шығыс Түркістан өлкесі, Іле Қазақ Автономиялы облысының, Қорғас ауданына қарасты Мазы аңғарында, көшпелі қазақ ауылында дүниеге келген. Ол 1957 жылы 7-ші сыныпты аяқтағаннан кейін, Құлжа қаласындағы малшаруашылық дәрігерлік техникумына оқуға түсіп, оны 1961 жылы бітірген. 1962 жылы Қытай Халық Республикасынан атамекені Қазақстанға оралып, Талдықорған облысы, Қапал ауданының «Пламя революции» колхозында 1969 жылға дейін кіші аға малдәрігерлік қызмет атқарады.

Жанат Ахмадиевтің 1972-1986 жылдар аралықтағы он төрт жыл уақыты Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданының «Келін-төбе» кеңшарында өткен. Кешкі мектептің 11 жылдығын, 1974 жылы Келін-төбе кеңшарының орта мектебінде бітіреді» [1].

Көрнекті жазушы Ж. Ахмадиевтің шығармашылық өмірбаяны: «Жазушы» баспасынан «Дүрбелең» романы жарық көргеннен басталады десек те болады.

1987 жылғы 21 сәуір айында өткен №8 хаттама бойынша Проза кеңесінің кезекті жиналысында Ж. Ахмадиевтің «Дүрбелең» атты романының қолжазбасын талқылау барысында тарихшы, жазушы, қазақтың ауыз әдебиетін зерттеуші ғалым Мұхтар Мағауин: «Біздің анықтап беретініміз қолжазбаның көркемдік сапасы ғой. Ал, баспа жоспарына ене ме, жоқ па, оны инстанция шеше жатар. «Дүрбелең» мына тұрысында тәп-тәуір дүние. Тілі бар, бояуы бар. Композициясында артық ауыстар кездесетін секілді. Қолына қалам алған жас автордың бірден тәуір роман жазып кетуі сирек. Халық ортасынан шыққан автор, халық тілін бойына мол сіңірген. Жолдастар сөзінде қолжазбаның кемшілігіне тоқтала қоймайды, тақырып туралы айтып кетті. Жалпы бата секілді сөздер айтылды. Тоқетері әдебиетке жаңа бір есім келді деп қуана айтамыз. Жас автордың қолжазбасын қайта бір қарасын. Біз келешекте басуға болады деп қаулы қабылдайық»,- деп пікір айтқан [2].

1990 жылы Жазушы баспасынан автордың «Дүрбелең» романынан кейін, 1997 жылы осы тарихи роман-диологияның екінші кітабы «Шырғалаң» романы жарық көрген. 2000 жылы «Қайнар» баспасынан «Жүрек қартайса ажал аңду салады» атты этнографиялық әңгімелер жинағы басылып шықты. 2001 жылы «Өлке» баспасынан «Зар-Заруқа» деген атпен хикаят, әңгімелер жинағы жарық көрді. Ал 2003 жылы «Қазақпарат» баспасынан тақырыптық жоспарында тұрған «Есенгелді би» атты романы басылып шыққан.

(Жанат Ахмади және ақын-жазушылар Қуат Қайранбаев, Тоқтасын Сүгірбеков. 2003ж. ҚР ОМА, 2310 қор, 1 тіз., 148-іс)

Ж. Ахмадиевтің басты ерекшелігі –  шығармаларында қазыналы қазақ тілінің ағыл да тегіл тасқындап жатқан және қазақтың көне тұрмысына қатысты салт-дәстүр, жөн-жоралғы, әдет-ғұрып, ойын-сауық, шешендік өнер, билер айтысы тәрізді сан қилы этнографиялық жәдігерліктердің толассыз тоғытылып жататындығы.

Ж. Ахмадиевтің жеке қор құжаттарының ішінде, осыдан 20 жыл бұрын 60 жасқа толған мерейтойында айтыскер-ақын Қайрат Құлмұхамет ақынның «Тойыңыз тойға ұлассын» атты мынандай жыр жолдары да бар:

Келдік біз мерей тойға қадам басып,
Мұратқа жеткізеді адал кәсіп.
Армысың, тойға келген туыстарым,
Алайын алдыменен амандасып.
Өстік біз бабалардан мұра тілеп,
Мұрасын сол бабаның ұнатып ек.
Жанкүйер болып келген жазушыға-
Туыстар баршаңызға рақмет!
Алпысқа Жанат аға, келдіңіз бе,
Еңбектен елге жеміс бердіңіз бе?..
Серкедей той бастаған алдымызда
Жүріңіз ақылшы боп енді бізге.
Мұндайда еске аламыз өткенді біз,
Бір мезгіл тар шеңберде шектелдіңіз!..
«Дүрбелең», «Шырғалаңды» бастап кешіп,
Өмірдің өткелегін көп көрдіңіз.
Ел-жұртын Жанат ағам жиды бүгін,
Біз соның астындамыз білігінің.
Роза жеңгемізбен ұзақ жасап,
Көріңіз перзенттердің игілігін.
Сездіңіз жүрегіңнің ауырғанын,
Сендіңіз көрген жерде ауыл барын.
Көтерер жүгіңіздің ауыр жағын,
Дінасыл, Дінислам бауырларым.
Жанат ағам қажымас нар секілді,
Қаламы өзіменен бар секілді.
Қазақтың тілдік қоры, сөздік қоры,
Бұл Жанат ағамызда бар секілді.
Жетпісте алпысыңды сағынарсың,
«Ел» деген азаматтың бағы жансын.
Ініңнің ізгі тілек-ілтипатын,
Қадірлі жазушы ағам қабыл алсын.
Білемін Жанат аға, жайыңды анық,
Ел болып бастан жақты айырмады.
Самолет сыйлайын деп жүз жасыңа,
Мен соған жүрмін, аға, дайындалып [3].

15.10. 2003 ж.

Өмірінің біраз жылын қиындықта өткізген тағдыры сан қилы қаламгер тірі болғанда, биыл 80 жасқа толатын еді...

Пайдаланған деректер тізімі

  1. ҚР ОМА, 2310 қор, 1 тіз., 120-іс. 1-2 пп.
  2. ҚР ОМА, 2310 қор, 1 тіз., 110- іс. 6-п.
  3. ҚР ОМА, 2310 қор, 2 тіз., 234-іс. 1-п.
  4. ҚР ОМА, 2310 қор, 1 тіз., 148-іс. 1-2 пп.

Ғалия Меңлібаева,

Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивінің қызметкері

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371