Сенбі, 23 Қараша 2024
Айбын 2069 9 пікір 10 Қараша, 2023 сағат 13:31

Отанды сүйетін жастарды қалай тәрбиелейміз?

Қазақстандық патриотизмді қалыптастыру бүгінгі таңда еліміздің Тәуелсіздігін нығайтып, мемлекеттің іргесін бекітуде қаншалықты маңызды екенін айтып жату артық болар. Өтпелі кезеңнің сауатсыздықтан, қолдан жасалған экономикалық қиындықтары кезінде тығырықтан шығу жолын іздеген мемлекеттің саясатында бұл мәселеге жеткілікті  баға берілмегені шындық.

Алайда, патриоттықтың нақты көрінісі аға ұрпақтың төзімділігінен, тіпті шыдамдылығынан көрінді деп айта аламыз. Отансүйгіштік сезім тек ұранмен, айғай-сүреңмен білдірілмейді, адамдардың мінез-құлқымен, ел тарихының қиын-қыстау кездеріндегі іс-қимылдарымен, психологиясымен де танылады.

Осы орайда біз, әсіресе, аға ұрпақ экономикасы күйреген, саяси жүйесі әлі жетілмеген нарық қатынастарын игере мемлекет жағдайында да сабыр сақтап, Тәуелсіздік теңізіне салған қайғымызды шайқамай, тәуекелдеп сын кезеңнен өттік. Ұлы жиындарда үнемі айтып келе жатқандай, біздің үлкен олжамыз – Қазақстан халқының тыныштығы, ұлттар арасындағы, әлеуметтік топтар арасындағы татулық және бірлік.

Қашан да өмірлік тәжірибесі мол, көрген-білгені көп, жақсы мен жаманды айыра білетін аға ұрпақтың өнегесі жастарға тәлім болып келді. Мен мұны айтқанда, әлі де, Отансүйгіштік рух пен қазақстандық патриотизмнің қуаты аға ұрпақтың бойында жатқанын, демек сол аға ұрпақтың тарих алдындағы, келешек алдындағы жауапкершілігін тағы да еске салмақпын.

«Біздің ұрпақ социализм мен коммунизм идеалдары үшін ғана күресті. Біз аштыққа да, кедейлікке де көндік. Ал, қазіргі жастар байлық пен берекеге бөленіп өмір сүргісі келеді. Олар ұжымшылдық пен патриотизм сияқты асыл ұғымдарды бағаламайды», деп айтып отыратынымыз да өтірік емес. Шынында, мұндай пікірлер ақиқаттан алыс та емес. Жастар арасында бүгінгі күннің қиындығына төзе алмай, келер күннің жарығына сенбей қарайтын пессимистер бар екені өтірік пе? Міне, аға ұрпақтың даналығы мен қажыр-қайраты осындайда керек.

Патриотизм дайындалу үстінде мен студенттермен ақылдастым. Не айтуым керек? Патриотизм дегеннің өзі не? Кім қалай түсінеді? Студенттердің жауабы мынадай болды: «Патриотизм дегеніміз - Отанды сүю, ел мүддесін қорғау, ел үшін жер үшін қажет болса, жаныңды беру, аянбай тер төгіп, еңбек ету».

Солай екені рас. Патриотизм түсінігінің анықтамасы – Отансүйгіштік екеніне дау жоқ. «Бірақ,- дедім мен, егер сен өз Отаныңды шын сүйетін болсаң, алдымен денсаулығыңды сақта, жылы киін, суық тигізіп ауырып қалма. Отаныңа сен керексің. Тәні саудың - дені сау, Отанға бой күші қуатты, ойы алымды, сергек, яғни дені сау ұлдар мен қыздар керек. Жақсы оқы. Отаныңа білімді, білікті мамандар керек. Демек, Отанымызды сүю – жадағай ұран емес, күнделікті тірлікте әркім өз басын күтіп жүруден басталатын нақты істердің жиынтығы екен». Жастармен осылай пікірлестім, олар келісті.

Менің бұл айтып тұрғандарым – патриотизмнің бастау қайнары қайда жатқанын, патриотизм деген «ат мініп, түйе жетектеп» келетін, адам түсінбес ғажайып ұғым емес, мінез-құлық, ұсақ-түйектен басталатын іс-қимыл... содан ұласып барып, ел үшін, жер үшін зор ерлікке апарып ұласатын тұтас құбылыстың көрінісі болса керек.

Қазақта «танымасын-сыйламас» деген сөз бар. Яғни, өзің білмеген, көрмеген, түсінбеген, танымаған адамды, құбылысты, затты, уақытты қалай ғана сүюің керек. Міне, патриоттық тәрбие жүйесін қалыптастыруда осы мәселелерді еске алу керек, деп ойлаймын. Айтпағым – оқу орнын, тұрып жатқан қалаңды, облысыңды, өлкеңді, содан кеңейтіп барып, өз мемлекетің - Қазақстанды сүю үшін, туған елдің мүддесін үшін барыңды беру үшін, алдымен оны жақсылап танып алу керек екен.

Міне, дәл қазір, менің ойымша ең көкейкесті әрі күрделі мәселе – Қазақстан тарихын білу, ол үшін жасқа да, кәріге де халқымыздың әріден келе жатқан тарихын ғылыми негізде, ақиқат тұрғысында оқыту. Сонда ғана: біз кімбіз? Кімнің ұрпағымыз, тегіміз қандай, жер бетін мекендеген бұрынғы-соңғы жүздеген, мыңдаған халықтардың арасында қандай орнымыз бар, деген сауалдарға жауап аламыз.

Қиындығы мен қызығы мол тарихтың қойнауындағы қатпарларға көз салсақ, Отанымыздың бүгінгісіне деген сый-құрметіміз, келешегінен күтер үмітіміз табиғи түсінікке негізделген әрі байсалды болар еді. Сенім тұғырын беркітпей, тарихқа көз жеткізбей, еліміздің болашағынан үміт күтемін деу желбуаз ұран болып қана қалар еді.

Қазақстан тарихы тек соғыстардан, ішкі талас-тартыстардан, әлеуметтік топтардың жіктелу күресінен ғана тұрмайды. Тарих – тұтас түсінік болуға тиіс. Оның ішінде әдебиет тарихы, мәдениет пен өнер тарихы, мемлекет пен құқық тарихы, әдет-ғұрыптар, салт-дәстүрлер тарихы, тіл тарихы, баспасөз тарихы т.б. басты-басты арналар шашыратылмай, тұтас оқытылуға тиіс. Өкінішке қарай, біркезде қалыптасып қалған жарымжан бағдарламалар, пәндерге бөлу үрдісі әлі сақталып келеді. Бұл салалар әртүрлі мамандықтарға жататыны, түрлі мамандар зерттейтіні, оқытатыны рас, бірақ қабылдаушы біреу ғой. Ол – Қазақстан азаматы.

Демек, Қазақстан тарихын оқытуды жаңа сапаға көтеру керек. Тарих мамандарының, мұғалімдерінің басын қосып, жүйелі түрде ақылдасып, кеңесіп отырған жөн. Сондықтан, әуелі қала деңгейінде, одан әрі облыс, республика деңгейінде Қазақстан тарихын оқытушылардың бірлестігін құру қажет болып отыр. Мұндай бірлестік тарихымыздың әртүрлі кезеңінің, тақырыптарының қалай зерттелгенін, оларды қалай оқытып, насихаттау керектігі жөнінде пікір алысып, бір тұжырымға келудің жолын ашар еді.

Әдебиет тарихын, мәдениет тарихын ұлттың азамат тарихынан бөліп тастауға болмайды. Демек, мектептерде, орта және жоғары оқу орындарында барлық мамандықтарға «Қазақстан тарихы» міндетті пән ретінде оқылып келе жатуына байланысты, барлық оқу орындарында қазақ әдебиеті мен мәдениетінің тарихы да арнайы бағдарламамен міндетті түрде оқытылуға тиіс.

Мысалы, болашақ инженер немесе экономист, заңгер немесе дәрігер қазақ әдебиеті мен мәдениетінің тарихынан неге мақұрым қалуы керек? Әдетте, тіл немесе әдебиет туралы сөз бола қалса, біз филолог емеспіз, дегенді естиміз. Сол инженер немесе экономист қазақтың тілін, әдебиетін, салт-дәстүрін білмесе, ол қандай патриот, ол ертең қайтіп ел басқарады, жұртқа қалай ақыл айтады?! Дәл осындай соңынан халықты ерте алмайтын, ел алдында бүгіжектеп, қағаздан бас ала алмайтын, тіпті хатшының қазақша жазып бергенін оқып бере алмайтын, жарымжан мамандарды көріп отырып, көңіліміз толмай, бармағымызды шайнаймыз.

Бірақ, оның ұлттық құндылықтардың, ерекшеліктердің асыл қоймасы - әдебиеті мен мәдениетінен қанып сусындануына мүмкіндік бермей келеміз. Қазақ тілінен басқа тілдерде оқытатын мектептер мен басқа да оқу орындарында  қазақ әдебиеті мен мәдениеті ойдағыдай оқытылып жатыр деп, кім айта алады?

Патриоттық тәрбие беру ісінде бұрынғы Кеңестік, коммунистік партиялық идеологияны жүргізу тәжірибесін ысырып, күресінге тастағанымыз жөн болмады. Жылдар бойы қалыптасқан оңтайлы әдіс, мол тәжірибе бар еді. Бала бесіктен белі шығысымен, тәрбиенің әртүрлі амал-тәсілдеріне бөленетін. Октябрят, пионер, комсомол, жасақшы т.с.с. қоғамдық ұйымдар мінез-құлқы жаңа қалыптасып келе жатқан жас өскінге әрі тәртіпті ойын сияқты алданыш, әрі жүйелі тәрбие ұялары болған.

Сондай-ақ, үгіт пен насихаттың арнайы институттары: «Білім» қоғамдары, мүдделестер клубы, халық университеттері, түрлі үйірмелер бұл күнде ұмытылды. Солардың озығын қайта жаңғыртып, патриоттық тәрбие беретін ошақтарға айналдырып, бейімдеп құруға болады. Жоқтан бар пайда болмайды ғой.

Ескінің де еске алып, іске жарататын құнды жақтарын алу, оларды қоғам дамуының жаңа жағдайында ұлттық идеологияны қалыптастыруға, насихаттауға пайдаланған жөн.

Идеология демекші, кәсіпқойлығы жеткіліксіз солақай басшылар мен әкімшілік қызметкерлерінің байбалам салып, идеология саласына қарсы шыққаны, «идеологиясыз қоғам құрамыз», деп солақай сілтегенінің нәтижесінде әлі күнге дейін біртұтас ұлттық идеология тұғырнамасы қалыптасқан жоқ. Идеологиясыз қоғам бола ма? Белгілі бір мақсат, ізгі мұрат ұстанбаған қоғамнан не үміт? Тіпті «Адам бол!» деген жалғыз ауыз сөздің өзі идеология емес пе? «Адам» түсінігін дұрыс пайымдау үшін тұтас желіге тартылған қанша ғылым мен білімді игеру керек екенін әркім біледі.

ХХІ ғасырдың өзіне тән ерекшелігі патриоттық тәрбиені мүлде жаңа сапада, жаңа әдіс-тәсілдермен, баянды түрде жүргізуді талап етеді. Біреулердің ойлағанындай, ғаламдану жағдайында ұлттық, мемлекеттік ерекшеліктер жойылып кетпейді. Біріншіден, мемлекеттер мен ұлттардың басы қосылып, тоғысу үрдісі басталса, екіншіден, сол мемлекеттер мен ұлттар өзіндік ерекшеліктерін сақтап қалуға, тіпті айшықтай түсуге ұмтылуда.

Қазақстандық патриотизм еліміздің өткенін білу ғана емес, бүгінгісін танып, келешегін айқын бағдарлай білу негізінде қалыптасады. Осы орайда, мемлекетімізде, облысымызда, қалада социологиялық зерттеулердің деңгейі әлі төмен екенін мойындаған жөн. Бұл зерттеулер тек белгілі бір тақырыпты қамтып қана қоймайды, қоғам мүшелерінің ойы мен пікірін, мүддесі мен мақсатын, қоғамдық құбылыстар жөніндегі пікірлерін ашып көрсетеді. Міне, патриоттық тәрбиеге жөн сілтейтін, оның бағыттарын түзейтін мағлұматтар мен материалдар осы зерттеулерден туады.

Біздің еліміз , әлденеше мәдениеттер мен діни конфессиялардың құтты отауы, түрлі этномәдени және әлеуметтік-мәдени топтар тіл табысып отырған ерекше мемлекеттің сипатында. Бұл ерекшелік патриоттық тәрбиенің әдіс-тәсілдеріне де ықпал етеді.

Әлбетте, Қазақстанда интернационалдық тәрбиенің ұзақ жылғы ізгі тәжірибесі бар. Бұл – біздің баға жетпес байлығымыз. Тәуелсіз мемлекет жағдайында, қазіргі ғаламдану заманының қойып отырған талабына сәйкес интернационалдық дәстүрді патриоттық арнада дамыту да аса маңызды мәселе.

Біз ұлтаралық, топ аралық шиеленістер туралы айтпаймыз, ондай күрделі мәселелерді еске ала берудің өзі артық. Бірақ, күнделікті қызметімізде өзара түсіністік, төзімділік, әділеттілік, мүмкін болатын күрделі мәселелерді шығармашылық тұрғыда, саналы түрде сыпайы шешудің жолдарын іздеп табу арқылы патриоттық тәрбиені сөзден іске айналдыру мүмкін болар еді.

Бұл орайда еліміздегі демократия институттарын қалыптастыру, оларды ұлттық, салт-дәстүрлік ерекшеліктерге сай Отанымыздың тұтастығын қамтамасыз ететін құрал ретінде пайдалану да маңызды. Еліміздегі саяси партиялар мен топтар біртұтас Қазақстан халқын жіктерге, біріне бірі қарсы топтарға бөлуге емес, мекен-қоныс ортақтығы, мүдде-тілек бірлігі, келешек бірлігі үшін қызмет етуге тиіс.

Мысалы, өткен Мәжіліс сайлауында депутаттыққа үміткер партиялардың тартысын құптай алмаймын. «Бізбен бірге болмасаң, бізге қарсы екенсің» деген көзқарасты да ақтай алмаймын. Пікір бостандығы, көзқарастар еркіндігі менің Отандастарымның жеке бастың пайдасы мен мүддесін көздеп, азғантай ғана халқымды жан-жаққа тартқанына жаным ауырады. «Сен басқа партияның мүшесісің» деп әріптесімізді, досымызды, көршімізді кеудеден итерсек, патриотизм деген ұраннан түк те қалмайды.

Бұл орайда Абайдан асырып айта алмаймыз. «Болды да партия, ел іші бүлінді», «Бас-басына би болған өңшең қиқым, Мінеки бүлдірді ғой елдің сиқын» немесе «Болыс болдым, мінеки, Бар малымды шығындап», деп ғұлама Абай айтқандай, ортақ мүдде, ұжымдық сезім, ел алдындағы жауапкершілік – баққұмарлықтан, таққұмарлықтан жоғары тұруға тиіс.

Әрбір ұлттың салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары құрметтелсе, сол ұлт өкілінің еңсесі көтеріліп, туған немесе мекендеп отырған Отанының қамқорлығын мақтанышпен сезер еді. Салт-дәстүрлер халықтардың ғасырлар бойғы тіршілік үшін күресі нәтижесінде, бірде қуанып, бірде қайғы тартқан ғұмырларда қайнап-піскен, уақыт өткен сайын іріктеліп, өсіп-өркендеген, бұл күнге маржандай тазарып жеткен асыл қазына.

Бұл дәстүрлерде халықтың күнделікті өмірінің өткелдері таразыланған, мінез-құлық, тәртіп түрінде қалыптасқан өмір сүру ережесі бар. Сондықтан, тек мереке-тойларда ғана әшекей үшін, бір сәт тамсанып қою үшін көрмеге шығарылған салт-дәстүрлер емес, адамдардың өз тегіне, тарихына деген құрметін өсіретін, күнделікті қолданыстағы салт-дәстүрлерді көргіміз келеді. Бұл да ұлттық идеологияны қалыптастырудың бағалы бір бағыты деуге болады.

Қазақстандық патриотизмді қалыптастыруда мемлекеттік дәрежеге көтерілген қазақ тілінің орны мен қызметі ерекше екендігі белгілі. Мемлекет атын иеленіп отырған халықтың тіліне құрметпен қарау, оны күнделікті өмірде шын пейілмен қажетсіне білу де – патриоттық. Қазақтар өздері бірімен-бірі қазақша сөйлесуі керек, деген қарапайым қағида біздің Отанымыздың іргесін бекітетін шегендердің ішінде маңыздысы. Ал, өзге ұлттың өкілі болып табылатын көршіміз, құдамыз, қызметтес-әріптесіміз қазақша сөйлегісі келіп тұрса – қуанайық, құптайық. Басқа тілді тез қабылдайтын жастары қазақша үйренуге шын ниетімен талпынса – қолдайық. Бірақ, «сен қазақша білмейсің»  немесе «қазақша білгің келмейді» , деп реніш білдірмейік. Мұның бәрі әр адамның санасына, адамгершілік сезіміне, өзін қоршаған ортаға деген құрметіне байланысты қанына сіңген дағды арқылы қалыптасар. Жаппай қазақыландырамыз деп, қазақшаға баулудың орнына жирентіп алып жүрмейік.

Енді мемлекет тарапынан қазақ тіліне қандай қамқорлық керек деген мәселеге де келейік. Рас, ауданда, облыста, мемекет деңгейінде «тіл комитеті» дегендер бар. Бұлар мемлекет қаржысын текке ысырап етіп  отырғандар. Тіл комитеттерінің қолынан ештеңе келмейді. Тіпті атауына қараңызшы: «Тілдерді дамыту бөлімі, басқармасы...» деген не сөз? Қазақ тілі қайда қалды?

Айтылғандардан шығатын қорытынды мынау: Қазақстан бойынша Қазақ тіліне байланысты мәселе Президенттің құзырында, облыста – облыс  Әкімінің, қала мен ауданда Әкімдердің тікелей басқаруында. Жауапкерлігінде. Дәл қазір Қазақ тілінің бейшара тағдыры – ең басты мәселе. Министр де, әкімнің орынбасары да шеше алмайды.   Және олар жауап бермейді.

Бұл істі әлдебіреуге тапсырып қою – өзімізді өзімі алдау. Отыз екі жыл алданып келдік дой, жетеді енді!

Осы мәселені көп талқысына алып ақылдасайық.

Зарқын Тайшыбай,

Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5437