Жұма, 22 Қараша 2024
Білгенге маржан 3583 4 пікір 4 Қаңтар, 2024 сағат 14:34

Түркі халықтарының күнтізбелік әдет-ғұрыптары

Сурет: Әлеуметтік желіден алынды

Жер шарын мекендеген халықтар ішінен түркі тектес халықтардың жыл санауы мен күнтізбесі мүшел есебі мен тоғыс ай есебі замандар толқыны мен уақыт сынынан өшіп біздің заманымызға жеткен асыл мұраларымыздың бірі болып табылады.

Заман ағымында талай аумалы-төкпелі жылдарды, зобалаң бейнетті, қырғын апатты басынан кешкен қазақ халқының көне мұраларының біразы жылдар тасасында қалып, бүгінге жетпей, жоғалғаны ақиқат. Соның ішінде халқымыздың өзіне тән күнтізбесі де бірге кеткендігі – шындық. Ал бізге аты-жөні ауысып-қиысып, жұрнағы ғана жетті десек болады. Асыл мұрамызды қайта қарап, бар-жоғын түгендеп, бір жүйеге келтіру – бүгінгі ұрпақтың абыройлы борышы. Көнеден қалған асыл мұрамыздың әртүрлі нұсқалары жер-жердегі қазақ қауымының ішінде әртүрлі қолданылып жүр.

Ұшқан құстың қанаты талып жүгірген аңның тұяғы тозған, ұлан-байтақ қазақ даласын мекендейтін және тағдыр тәлкегінен шығандап кеткен қазақтар арасында ай аттарын көне жаңасы, арабша, орысша аралас әртүрлі атап келгендігі белгілі. Әсіресе, ай аттарын көп жерде қолданса, кей жерде орысша, бірде қазақша ескі аттарымен атаған көрінеді. Ай аттары ұмытылып, жұлдыз аттары, кейде амалдардың аттары ауысып қолданылған.

Аталмыш тақырып төңірегінде Шәкәрім Құдайбердіұлынан Әлкей Марғұланға дейін көптеген адамдар қалам тартыпты. 1923 жылы Орынбор қаласында жарық көрген «Қазақ календары» қазақ мәдениетіне елеулі үлес қосқандығы белгілі. Әйтсе де, күні бүгінге дейін нағыз өмірде қолданылып жүрген ортақ күнтізбе жоқ.

Тарихи, жазба, ауызша, тілдік, фольклорлық және этнографиялық деректерге ден қойсақ, қазақ тарихында бірнеше түрлі күнтізбе қолдынылғаны байқалады:

Архаикалық күнтізбенің ертедегі түріне амал есебін жатқызуға болады. Ол күн райының қолайсыз кезеңін анықтауға қолайлы, яғни, шаруашылық қарекеті үшін маңызды саналған. Алайда, ол жекедара емес, тоғыс Күнқайырумен қатарластыра қолданылады. Күн қозғалысына негізделген байырғы күнқайыру түрі. Әсіресе Омар Хайям, әл-Бируни, Тарағай Ұлықбек күнқайыру қолданыста болғандығы туралы тарихи деректерде айтылады. Бұл топта ертеде парсылар арасында қолданылған күн хижра есебі де бар. Ай қозғалысына негізделген күнқайыру ай хижрасы және халық арасында кең қолданылатын Айға қарап күнқайыру деген түрлері бар. Ай мен жұлдызға қатар негізделген күнқайыру немесе Тоғыс есебі. Бұл әрі ғылыми негізге құрылған, күрделі, әрі кемелденген жүйеге саналады. Ай мен күнге негізделген күнқайыру. Ол айдың өзгеру фазаларының бір күні астрономиялық жылдың, яғни, күн мен түннің теңесуіне тұрақты түрде сәйкес келіп отыруы тиіс. Ондай күнқайыруларға бес қонақ, ескі санат, жаңа санат сияқты күнқайыру түрлері жатады. Күн қозғалысына негізделген күнқайыру. Оның шығыс жұрттарында таралған түрі Беруни күнқайыруы. Ол 365 күнді бір жылға балаған. 119 жыл өткен соң, 120-шы жылға қосымша он үшінші ай қосылып отырады. Бұл қолайсыздықты жою үшін Омар Хайям 366 күндік кібісе жылды және 8/33 деген формуланы енгізді. Оның мәні 33 күн жылының 8-і кібісе және әрбір 4 жыл сайын қайталады дегені. 365 х 8/33 =365,24242 тәуліктен тұрады. Бұл дәлдігі жоғары күнқайыруға саналады. Ол 1079 жылғы 15 марттан қолданыла бастады (тарихта Мәлік шахтың лақап атымен Жалал-аддин заманы деп аталды). Шығыстағы бірқатар елдерде қолданылған күн хижрасы жүйесі (әлбетте ол Ай хижрасынан «кешігіп» жүретіні белгілі) ертеде дәстүрлі ортада шамси есебі деп аталған.

Ай қозғалысына негізделген күнқайыру түрлерінен бағзыдағы жұртардағы бірнеше түрі бар. Олардан қазақ арасында белгілі болған румие есебі, Ай хижрасы, түрік есебі және ел арасындағы қазақша Аймен күнқайыру сияқты түрлері бар. Ай хижрасын ертеде Хамар есебі деп атаған.

Румие есебі. Ертедегі вавилон абыздары негізін қалаған шумер мен аккадтар дамытқан, халдейліктер өркендеткен күнқайыру жүйесі ол Византиялықтар мен еврейлер арасында сақталған. Оны түркі халықтарындағы үрдіс бойынша, қазақтар да румия жылы немесе румия есебі деп аталған. М.Ж.Көпейдің жазбаларында румие есебінде айларға – азар, нысан, аяр, хызыран, тамыз, аб, июль, шырын уани, шырынтына, кәфін әуел, каның таны, шыбат сияқты ай атауларын жатқызады.

Хижра есебі. Ертеде әрбір 24 жылдың 15-і 12 айдан, 9-ы 13 айдан тұратын нәси деп аталатын жүйе Мұхаммед пайғамбар заманынан өзгеріске ұшырап, жылды 12 аймен есептейтін хижра күнқайыруына көшкен. Ол Мұхаммед пайғамбардың Меккеден Мәдинаға қоныс аударған күнінен грегориан санаты бойынша, 622 жылдың 16 июлінен, жұма күнінен басталады. Хижрадағы ай аттары – мүһаррам, сафар (сапар), раби І, раби ІІ, жумада І, жумада ІІ, ражаб (ережеп), шаабан (шағбан), рамадан, шаввал, зу-л-када, зу-л-һижа (қ. Ай есебі // Ай санау).

Түрік есебі (циклы). Ай қозғалысына негізделген күнқайырудың түркі жұрттарының арасына таралған өзіндік нұсқасы болды және ол ғылымда «түрік циклы» деп аталады. 8 жылдық циклден тұрады. Түрік циклында мұсылман жылын 8-ге бөлгенде қалдығы 2,5,7 сандары қалса кібісе жыл деп танылады.

Селжүктер сұлтаны Мәлік шах билік басына (1072-1092) келгенде Исфаһанда жаңа об­серватория салдырып, күн­тізбені қайта жасауға жарлық берген. Жаңа күнтізбе жасауға Хорасанның атақты ғалымдары Омар Хайям, Абу-л-Музаффар ал-Исфазари, Маймун ибн Наджиб ал-Васити, т.б. қатыс­қан. Осылайша 1079 жылы жаңа күнтізбе жасалып, кібісе жылдың табиғи қозғалысы қайта есептеліп, Наурыз мейра­мы 21 наурызға, күн мен түн­нің теңелуі 21-нен 22-не өте­тін уақытқа белгіленді. Бұрын­ғы күн­тізбеде жаңа күнтізбеден 16 күн айырмашылық болып кел­ген. Жаңа күнтізбе жасау кезін­де обсерваторияға аспан әлемін­­дегі жұлдыздардың ор­нын, қозға­лы­сын анықтай­тын «ұстарлаб» деп аталатын астрономиялық аспап орн­а­тылған. Осылайша Наурыздың күнтізбедегі тұрақты орны анықталды. Омар Хайям қолжазбасында келтірген аңыз бойынша, парсы елінің ерте дәуірлердегі тәңірі Изид күнді жаратарда оған ерекше ықылас-мейір төккен, күнге үнемі қозғалыста болуды бұйырған. Күн өзінің жылдық айналымында әрбір жұлдызды бір айда басып өтеді. Он екі жұлдыздың бірі амалға күннің бірінші кірген күні, күн мен түннің теңелуі, көктемнің басталған күні болып есептеледі. Парсы патшалары дәл осы күнді айрықша атап өту үшін баршаға мәлімдеп, мейрам деп жариялаған. Осы аңыз желісі бойынша парсы әлемінің бірінші патшасы Каюмарс таққа отырғаннан кейін жылдың әр айы мен күніне ат қоюға, адамдар біліп отырсын деп жылнама жасауға жарлық берген.

Түркі мәдениеті - ежелгі заманнан өмір сүріп келе жаткан түркі тайпалары негізінде қалыптасқан мəдениеттің жалпы атауы.

Түркілердің алғашқы ата қонысы Шығыс Тянь-Шань мен өңірі болған. "Халықтардың ұлы қоныс аударуының" нәтижесінде қазіргі Қазақстан, Орта жəне Алдыңғы Азия, Шығыс Еуропа территорияларына кең таралып орналасқан түркілер қазіргі түркі тілдес халықтардың барлықтарының субстраты болып табылады. "Түркі" деген термин тұңғыш рет 542 жылы аталады. "Түркі" этонимі алғашқы кезде белгілі бір ақсүйектерден шыққанын білдірген (ғылымда этносқа қатысты "түркі" терминін қолдану қалыптасқан, біз соған арқа сүйейміз). Орталық Азияны мекендеген көптеген тайпалық одақтардан біріккен феодалдық мемлекет Түркі қағандығы өмір сүрген. Түркі қағандығының әлеуметтік-саяси және қоғамдық өмірінде әскери істер аса маңызды орын алған. Түркілердің алғашқы көсемдерінің бірі Бумын қаған болған. Түркі қағандағы тұсында түркі тілінің өрісі барынша кеңіп, ұланғайыр өлкедегі негізгі тілге айналған. Түркілердің жазуы да болған. Сол көне түркі жазбаларынан түркілердің дүниетанымдық көзқарастары, наным-сенімдері туралы көп мағлұмат алуға болады. Көне түркілер аспан денелерінің қозғалысына карап ауа райын, жыл маусымдарының қандай болатынын күні бұрын анықтай алған.

Ежелгі түркілер, негізінен, қос күшке - Көкке және Жерге сиынатын болған. Көк Тәңірінің рақымымен елді билеген қағандар "Аспанда туған және Күнмен, Аймен безендірілген" деп аталған. Ежелгі түркілер үшін Көк пен Жер-Судан кейін тұрған құдіретті күш әйел, ошақ басы құдайы Ұмайға табынған. Түркі халықтарының мәдениетінде персонификацияланбаған, шексіз аспан әлемімен қатар аспан шырақтары, құтты мекен, отсуға да бас игенін білдіретін деректер кездеседі.

Күнтізбе (ағылш. calendar) – уақыт мезгілін есептеудің аспан денелерінің ауық-ауық қайталану ерекшелігіне негізделген жүйесі, анықтамалық басылым.

Ежелгі Римде әрбір айдың 1-күні календы деп аталған. Азды-көпті мәдениетке қол жеткен халықтардың бәрінде де күнтізбе болған, өйткені онсыз шаруашылықты ұйымдастыру мүмкін болмады. Ерте замандағы халықтар қардың кетуі, өзендердің тасуы, т.б. құбылыстарға негізделген табиғи күнтізбелерді пайдаланған. Бірақ дәлдігі нашар, құбылмалы ауа райына тәуелді табиғи күнтізбелер халық қажетін қанағаттандыра алмады. Ақыры, адамзат уақыт есебін дүркін-дүркін дәйекті түрде қайталанып тұратын аспан құбылыстарына негізделген күнтізбелер бойынша жүргізетін дәрежеге жетті. Мұндай күнтізбелер алғаш Ежелгі Шығыс елдерінде шықты. Аспан денелерінің қозғалыстарына негізделген күнтізбелерді 3 топқа бөлуге болады: күн күнтізбесі, ай күнтізбесі және аралас күнтізбелер.

Ежелгі түркілер, негізінен, күн күнтізбесін пайдаланған. Кейін ол қазақ, өзбек, түрікмен, татар, әзірбайжан, т.б. халықтардың күнтізбелеріне негіз болды. Қазақтар мүшел есебі мен тоғыс есебін де қолданған. Қазақстанда 1918 жылдан бері Григорий күнтізбесі қолданылып келеді.

Ғылыми зерттеулер Түрк жаңа жылының пайда болуы туралы миф Ежелгі түрктердің ұғымында Ұлыстың ұлы күні – ең алғашқы күннің көкжиектен тууы, ең алғашқы бәйшешектің гүл атып қауыз жаруы, ең тұңғыш төлдің шарананы жарған қасиетті сәті, табиғат ананың бусанып, бүкіл ғаламды, өмірді жа­ратқан ілкі мезеті болып саналатын. Ерте, ерте, ертеде табиғат ана толғатып, күллі өмір-тіршілікті жаратқанда әлем алғаш қа­лыптаныпты, сол кезде алып бәйтерек кіш­кентай ғана шілік екен, түпсіз мұхит шалшық екен, заңғар таулар бір уыс балшық екен, қара тас сәбидің еңбегіндей балқып жатыпты, алғашқы шыққан күннің нұрын бойына сенген түйе көре алмай, ойына сенген айлакер тышқан көріпті, сол кезден бері жылқайыру пайда болыпты дейді түркі әпсанасы. Түрктердің он екі жылдық мүшелінде бірінші жыл неге тышқан болды? Күлдір-күлдір кісінеген жылқы, қоңыр мінез қой, алғыр барыс, сақара кемесі түйе неге алға шықпады бәйгеде? Бұл да көне танымның заңдылығынан туған құбылыс. Себебі, мифологиялық-ертегілік эстетика ұдайы әлсіз кішкентайды дәріптеп, жеңістен жеңіске жеткізіп, зорекер алып күштіні сүріндіріп, үнемі утопиялық әділеттің салтанат құруын жақтайды. Ендеше даладағы ең алып хайуан түйе мен ең кішік жануар тыш­қан бәсекелеседі де, нәтижесінде аңқау да көмбіс Ойсылқара оңбай жеңіліп, санаттан шығады, ал денесі әлсіз болғанымен ақылы мен айлакер қулығы үстем шыққан тышқан Жылбасы мәртебесіне ие болады. Осылайша бабалар бойға емес, ойға сенуді мақұлдап, әрдайым ақыл-ойды үлгі етеді. Әйткенмен ұлық мал түйені түрк-моңғол халықтарында он екі мүшелден қалдырмайтын әпсана да бар: «Ол бойынша мүшелдегі хайуандар бәрі жиналып, түйенің мүшелерін бөлісіп алған. Шынында да түйе­нің құлағы тышқандікіндей, тұяғы сиырді­кіндей, кеудесі барыстікіндей, еріні қояндікін­дей, мойыны жыландікіндей, шудасы жыл­қы­ның жалындай, жоны қойдікіндей, бөксесі мешін­дікіндей, төбесі тауықтікіндей, сандары итті­кіндей, құйрығы доңыздікіндей емес пе!». Бұл ұғым қазақтың жұмбақ айтысында былайша көрініс тапқан: Өлеңнің ұзыны бар, қысқасы бар, Сөздің де айта алатын ұстасы бар. Қарағым, сен білмесең, мен айтайын, Түйеде он екі жылдың нұсқасы бар. Шешуі: құлағы – тышқан, бақайы – сиыр, тірсегі – барыс, ерні – қоян, шөккені – ұлу, кө­зі – жылан, төбесі – жылқы, тісі – қой, жүні – мешін, мойны – тауық, табаны – ит, құйры­ғы – доңыз. Сонымен ұлық түйеден жылға енген он екі хайуанның барлығы мүше алған, ал сол он екіні бірік­тірсек, тұтас түйе құрастырылады. Осылайша түркі күнтіз­бе жүйесінде түйенің бөлшектенуінен, яғни бү­тіннің жалқыға ыдырауынан он екі мүшел пайда болған деген тұспал, сырлы астар аңғарылады.

Тоғыс есебі ежелгі түркі және үнді халықтарында белгілі болған. Мәселен, қазақтар, қырғыздар, хакастар, алтайлықтар, тувалар қолданған. Тоғыс айларының әдеттегі айлармен сәйкестігі төмендегідей болып келеді.
23 тоғыс шілде
21 тоғыс тамыз
19 тоғыс мизам
17 тоғыс қазан
15 тоғыс қараша
13 тоғыс желді
11 тоғыс қаңтар
9 тоғыс үштің айы
7 тоғыс бірдің айы
5 тоғыс көкек
3 тоғыс мамыр
1 тоғыс маусым

Көшпелі қазақ халқы күйек алу, бие байлау, мал төлдету, көшіп-қону сияқты шаруа науқандарын тоғысқа үйлестіріп, ұйымдастырып отырған.

Монғолиядағы қазақтар тоғыс есебін бүгінге дейін қолданып келеді. Алайда тоғыс есебін дұрыс болжайтын көнекөз қариялар азайғандықтан, ағаттықтар орын теуіп, әр жерде әр түрлі есептеу кездесіп жүр. Бұл ортақ нақтылы күнтізбенің болмауына байланысты.

Көне түркілерде жыл есебі реттік санмен айтылған. Кей айларды реттік санмен атау Қытай және Моңғолия қазақтарында сақталған. Моңғолия қазақтары жыл он екі айды – қаңтар, үттің айы, бірдің айы, көкек, мамыр, маусым, шілде, тамыз, мизам, қазан, қараша, желді деп атайды. Халық жыл маусымында күн мен түннің теңелуін, күннің ұзаруы мен қысқарауын мұқият қадағалап отырған. Бұл әлі де жалғасын тауып келеді. Осыған байланысты халық арасында ертеден қалыптасқан тәмсіл сөздер сақталған. Мәселен, «күн тоқырауда – торғай алдым, қаңтарда қарға адым ұзарады», шілде де шіл адым қысқарады» деген сөз бар.

«Үштің айы – күштің айы» дейді. Бұл – аяз күшейетін ай. «Бірдің айы - сүрінің айы» дейді. Бұл – ет сүрлейтін ай.

«Көкекте – көк ішек» деп тағы айтады. Көкекте көк шығып, малдың ішегі көгереді. «Мамырда – май ішек» дейді. Мамырда малдың ішегіне май жүгіретін ай деген деген сөз.

Халқымыз осылай жыл он екі ай мен жұлдыздар әлемін, ауа райы құбылыстарын бір шама жақсы білген, білгір жұрт – қазақтар  екендігі жоғарыдағы мәліметтерден айқын көрініп тұр.

Дәстүрлі түрде ең жақсы астрономдар теңіз халықтары болып саналады, себебі оларға ашық теңізде жүзгендіктен түнгі аспанды зерттеуге тура келген. Бірақ көшпенділердің қоныс аударуы да үлкен астрономиялық білімді талап еткен.  Жыл сайын Еуразияның даласында мыңдаған шақырым жүріп өтіп, бірнеше ландшафтты және климаттық аймақтарды кесіп өткен көшпенділер айналасында бәрі өзгеріп отырған – жыл мезгілдері, жануарлар мен өсімдіктер әлемі, ауа мен судың дәмі. Жолда жүріп балалар дүниеге келіп, ал қарттар о дүниелік болып отырған. Осындай ауыспалы кезеңде бағыт беретін жалғыз тұрақты белгілер жұлдыздар болды, тек мәңгілік көк аспан – Мәңгі көк Тәңір өзгермейді деген сенім болды. Осылайша, ғарышты меңгерудің және тәңірлік күнтізбені құрудың алғышарттары мыналар болған: бұқара халықтың алыс қашықтыққа шығуының жиілігі мал шаруашылығының негізі малды өсіру ұзақтығы; Орталық Азияның тұрақсыз күрт континентальды климаты аймағында ұзақ мерзімді ауа-райы болжамдарының қажеттілігі. Қазақтардан жұлдыздарды бақылау, уақытты есептеу және ауа райын болжау функцияларын ерекше діни топ – кәсіби астроном-есепшілер атқарды, олар терең білімді қажет ететін жұмысы үшін ақы алмаған екен.

Көне түркі дәуірінде, ғылымның дамуына үлес қосқан ғалымдар да бар. Олар түркі дәуірінің ғылыми және әдеби әлемінің жарқын өкілдері: әл Фараби, Юсуф Баласағұн, Махмұд Қашқари, Ахмед Яссауи., т.б.

Ерте орта ғасыр кезеңінде түркі тілдес тұрғындар тілшілер болып табылды. Олар аспан мен жерге - суға бас иді, отты құрметтеу, өз нанымдарымен қатар зороастризм, буддизм, манихейство, христиандық таралды. Тағы бір деректерде олардың әруақтарды құрметтегенін байқауға болады. 

Календарь адамзат дамуының белгілі бір сатысында қалыптасады. Тарихи жағдайларға байланысты бір халықтың календарындағы ұғымдар мен ережелер басқа елдерге ауысады. Мүлтіксіз дәл календар жоқ.  / Бақылау мен аспан құбылыстарының қайталануындағы заңдылықтарды түсіну нәтижесінде әр түрлі күн, ай үркер т. с. с. календарьлары шықты. Ай есебін күн календарына, күн есебін ай календарына сәйкестендіруден ай-күн календары, яғни аралас календарь қалыптасты.

Бұл Түрк халықтарының күнтізбесі – өмір-тіршіліктеріне бейімделе, белгілі қалыпты жағдайда қызмет еткені мәлім. Ал ондағы әдеттер мен ғұрыптар – сол күнтізбенің өлшемді бөлшегі.

Дереккөздер мен Әдебиеттер:

1. Қадан Қабисатұлы, Моңғолия, Бай-Өлгий аймағы.
http://dasturkb.kz//. - Қазақ күнтізбесі.

2. https://el.kz/k-ntizbe_t-rleri_23448/. - Күнтізбе түрлері.

3. "Егемен Қазақстан" газеті. - Омар Хайямның «Наурызнамасы».

4. Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2005 ISBN 9965-26-095-8)

5. “Балалар Энциклопедиясы”, V-том.

6. http://atalarmirasi.org/302-kone-turk-kuntizbelik-mushel-zhyl-sanauy

7. Қадан Қабисатұлы, Моңғолия, Бай-Өлгий аймағы. / http://dasturkb.kz//. - Қазақ күнтізбесі.

8. https://stan.kz/kazaktardin-ezhelgi-kuntizbesi-344731/ / STAN.KZ. 24 Наурыз, - 2021 ж.

9. https://massaget.kz/blogs/28621/

10. Ы 88 Халық календары. – Алматы: Жазушы, 2009. - 328 б.: - 3 б.

Ерік Қайратбекұлы Омарғалиев,

Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері, «ALIKHAN BOKEIKHAN UNIVERSITY» БІЛІМ БЕРУ МЕКЕМЕСІ, Гуманитарлық факультеттің  6В01707 «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 1-курс магистр  студенті

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1455
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3218
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5270