Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 5058 0 пікір 31 Қазан, 2013 сағат 06:39

Сәкен СЫБАНБАЙ. «Біз ешкімді кемсітпейміз». Қазақтан басқа...

Президенттің «Нұр-Отан» партиясының съезінде және «А» корпусы шенеуніктерімен басқосуда сөйлеген сөзі көзі қарақты көпшілік арасында сан түрлі пікір тудырып жатыр. Әсіресе оның елдегі тілдік, ұлтаралық ахуалға байланысты жасаған мәлімдемелерінен соң, «осы біз ілгерілеудің орнына кері кетіп бара жатқан жоқпыз ба?» деген уайымымыз күшейе түсті. 

Бізді түбінде «толеранттылық» құртады

Мәселен, Н.Назарбаевтың мына сөзін алып қараңыз: «Мемлекеттік тілді білуді негізінен қазақтар тұратын өңірлерде талап ету керек. Ол жерлерде, яғни Атырау, Маңғыстау, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарында бәрі де қазақ тілін біледі. Ал орталық, солтүстік аймақтың кей аудандарында орыстілділер басым, олар орысша сөйлей берсін. Ешкім де өзін кем сезінбес үшін оларға ақпарат сол тілге аударылып берілсін, баспасөзде де орысша жариялансын. Қазақ халқы қашанда толеранттылығымен ерекшеленген».

Бұл жерде кем дегенде үш сауал туындайды.

Президенттің «Нұр-Отан» партиясының съезінде және «А» корпусы шенеуніктерімен басқосуда сөйлеген сөзі көзі қарақты көпшілік арасында сан түрлі пікір тудырып жатыр. Әсіресе оның елдегі тілдік, ұлтаралық ахуалға байланысты жасаған мәлімдемелерінен соң, «осы біз ілгерілеудің орнына кері кетіп бара жатқан жоқпыз ба?» деген уайымымыз күшейе түсті. 

Бізді түбінде «толеранттылық» құртады

Мәселен, Н.Назарбаевтың мына сөзін алып қараңыз: «Мемлекеттік тілді білуді негізінен қазақтар тұратын өңірлерде талап ету керек. Ол жерлерде, яғни Атырау, Маңғыстау, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарында бәрі де қазақ тілін біледі. Ал орталық, солтүстік аймақтың кей аудандарында орыстілділер басым, олар орысша сөйлей берсін. Ешкім де өзін кем сезінбес үшін оларға ақпарат сол тілге аударылып берілсін, баспасөзде де орысша жариялансын. Қазақ халқы қашанда толеранттылығымен ерекшеленген».

Бұл жерде кем дегенде үш сауал туындайды.

Біріншісі – жоғарыда аталған өңірлердің жұртшылығы онсыз да қазақша жақсы меңгерген болса, олардан мемлекеттік тілді талап етуде не қажеттілік бар? Ол жерлердегі бұрыннан қалыптасқан қазақы тілдік ортаның әсер-ықпалымен орыстілді азшылық бірте-бірте сол көпшілікке сіңуге жақын. Талапты қайта мемлекеттік тілге мұрын шүйіре қарап отырған облыстарда күшейтуді ойластыру керек қой!

Екіншісі – орталық, солтүстік аймақтардағы орыстілді қауымның бүкіл ақпаратты өз тілінде алуына жағдай жасалса, яғни олар үшін қазақ тілін білудің ешқандай қажеттілігі болмаса, онда мемлекеттік тілде не мән қалды? Ел тұрғындарының елеулі бөлігі елең етіп, елеп те ескермесе, «мемлекеттік» деп дабырайтатын тіліміздің мәртебесі не болады? Біз үшін Қостанайдың, әлде Қызылжардың түкпіріндегі Иван мен Марусяның өзара қай тілде сөйлесетіні маңызды емес. Сондағы мемлекеттік мекемелердің жұмысы қазақ тілінде жүрсе, мемлекеттік қызметкерлер халыққа қазақ тілінде қызмет көрсетсе, соның өзі жетіп жатар еді. Әрі-беріден соң, солтүстіктегі көршіміз ішкі-сыртқы саясатта агрессивті ұстанымға көшкен уақытта мұндай солқылдақтықтың ақыры тіл дауына ғана емес, территориялық сепаратизмге апарып соғып жүрмей ме? 

Үшіншісі – біздің билік шетін мәселелердің түйінін қазақтың «ешкімде жоқ ерен толеранттылығын» (төзімділігін, егер сыпайысынбай, турасын айтсақ, көнбістігін) пайдалану арқылы шешуді қашан қояды? Ұлтаралық қандай жанжал туса да, оның ақыры өзге емес, қазақтың өлімімен аяқталса да, айналып келгенде «қаңғыған оқтан қашып үлгермеген» қандасымыз айыпты боп шығады; әлеуметтік теңсіздіктен туындаған даудың бәрі «пейілі кең, мейлінше меймандос, ешкімнің көңілін қалдырмайтын жалпақшешей» қазақтың есесі кетуімен аяқталады; шыдамы әбден ширатылған қазақ сәл наразылық таныта қалса бітті, «ойбай, еліміздегі қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт өмірді, береке-бірлікті бұзбайық, тыныштықты сақтайық!» деп байғұстың аузын жауып, тәубесіне келтіре қояды. Президенттің әлгі сөзіне қарағанда, елдегі тыныштықты қазақтың ұлттық мүддесін тұқырту есебінен сақтау әрі қарай жалғаса беретін тәрізді.

Қостілділік – қазаққа ғана қойылар талап па?

Елбасы одан әрі былай деді: «Мұндай көптілділік бүкіл посткеңестік кеңістікте тек Қазақстанда сақталып қалғанын да айта кеткен жөн. Украина да, Кавказ республикалары да, Орта Азиядағы көршілеріміз де тек өздерінің мемлекеттік тілінде сөйлеседі. Біздің ұстанымымыз дұрыс, өйткені тілді білмейтіндер кінәлі емес – уақыт сондай болды. Ересек адам бір күнде басқа тілде бірден сөйлеп кете алмайды. Біз бұған түсіністікпен қарауға тиіспіз. Біз жұмысқа алғанда болсын, қызмет көрсетуде болсын, оқу орындарында болсын – елімізде ешкімді тілдік тұрғыдан кемсітпейміз».

Бұл сөзге байланысты да сұрақтар бар.

Мәселен, көрші елдердің тек өз мемлекеттік тілдерінде сөйлесетінін, Қазақстанның олай емес, көптілділікті (турасын айтайық, орыс тілінің басымдылығын) сақтап келе жатқанын айтып мақтануға бола ма? Бұл – ауруын айтып күпінген біреудің күлкілі тірлігіндей ерсі әрекет емес пе?

«Ересек адам бір күнде басқа тілде бірден сөйлеп кете алмайды. Біз бұған түсіністікпен қарауға тиіспіз» деген сөз де өткен ғасырдың 90-жылдарына жарасар еді. Тәуелсіздікке 22 жыл толып отырған кезде бұлай сөйлеу – мәселенің мәнін шын ұғындырудан гөрі, ел иесі, жер иесі, тіл иесі – қазақты мазақ қылуға көбірек ұқсайтындай. Мемлекеттік тілді білуге деген талап сол жылдардан бастап қолға алынып, қажеттілік механизмдері жасалынған болса, бүгінгі ахуалымыз көрші республикалардағы жағдаймен шамалас болып қалар еді ғой. Мемлекеттік тілді білмейтіндерді (қазағы болсын, өзгесі болсын) қашанғы еркелетеміз? 22 жылдан бері қазақ байғұс мемлекеттік тілді менсінбейтіндердің «еркелігін» көтеріп, оларды үнсіз «түсінумен» төзіп келеді. Ал сонда қазақты ойлайтын кім бар? Бізге түсіністікпен қарайтын жан табыла ма бұл жалғанда?

Президент «біз тіліне байланысты ешкімді кемсітпеуіміз керек» деп отырып, өзі кемсітуге жол беріп алғанын байқамайтындай. Анығын айтқанда, бұл жерде орыс тілін меңгермеген Қазақстан азаматтарының құқығы бұзылғалы отыр. Жақында ғана БАҚ-та айтылып-жазылған екі деректі-ақ келтірейік: Моңғолиядан көшіп келген оралман орысша сөйлей алмағаны үшін мемлекеттік қызметке тұра алмаған; ал оңтүстік өңірден шыққан тағы бір жас жігітті «орыс тілін білмейді екенсің» деп, оқуға қабылдамаған. Тілдік кемсітушілік емей, немене бұл?

Сонда бізде жұмысқа тұру үшін де, оқуға түсу үшін де қай тілді білген маңызды? Осыны анықтап алу керек: қазақша білетін, бірақ орыс тілінде сөйлей алмайтын адамның жағдайы анау болды, яғни орысша білсе, қазақ тілін меңгеру міндетті саналмай ма? Қайсысына басымдық беріледі? Бұл аздай, жас ұрпақтың еңсесін «үш тұғырлы тіл» де езіп барады. «Ана, сана, шанадан» шыға алмай жүрген жеті жасар жеткіншекке орыс тілімен қоса ағылшынша үйретіп, басын ботқа ғып жатырмыз. Енді, міне, Елбасымыз «Болашақта бәріміз қытай тілінде сөйлеуге тырысатын боламыз» деп отыр. Бұл ненің емеуріні екен? «2030 жылы Қазақстанда нанның бағасы 10 юань болады» деген зілді әзілмен үндес сөз бе әлде?..

Тәуелсіз Қазақстанда 22 жыл тұрып, қазақша 22 сөз үйренбек түгілі, оған талпыныс та жасамаған жандар жыртылып-айырылады. Олардың қанша пайызының билік дәліздерінде әрлі-берлі маңғаздана адымдап жүргенін кім білсін. Әу баста Қазақстанда «қос тіл – қос қанатым» ұранының дүрілдегені есімізде. Қазақтар (ол кезде де, қазір де) ол талаптың үдесінен шыға білді, яғни бәрі дерлік қос тілді де қатар меңгерді. Ал еліміздегі өзге ұлт өкілдері ше? Қазақ арасында өскен ат төбеліндей аз ғана тобы болмаса, олар қазақ тілін үйренуге ықылас та танытқан жоқ. Сонда немене, қостілділік – қазаққа ғана қойылған талап, берілген тапсырма болып шыққаны ма?

Қазіргі жағдайымыз тіптен қызық: қазақтар бәрінің қазақша болғанын қалайды, ал ол әрекеті – Конституцияға қарсы! Өйткені, онда «тең қолданылатын» орыс тілі тұр. Бұл – өте айлакерлікпен құрылған қақпан, шыр айналған шеңбер! Сіз «билік орындарында мемлекеттік тілді кеңінен қолданайық» дейсіз. Ешкім қарсы емес, бәрі жымиып, сізді қолдайды: «ал, қане, қолдан!». Қолданасыз. Бірақ орыс тілімен қатар. Дәлірек айтқанда, бәрі бұрынғыдай орыс тілінде жүреді, сізге тек қазақшаға шала-пұла аударылған көшірмесін ғана ұсынады. Сіз бұған наразы болып, бәрін қазақша жасағыңыз келеді. Ал олар сол жымиған күйі сізге Конституцияны көрсетеді – тынасыз!

«Жаны қазақтардың» тілі де қазақ болуы керек

Н.Назарбаев жалпы орыстілділердің ішінде шала қазақтарға да айрықша қамқорлық танытыпты: «Қазақтардың ішінде де қазақ тілін білмейтіндер бар. Бұл да олардың кінәсі емес, олардың ата-аналары орыстілді ортада өмір сүрді. Оларды шала қазақ деп атаудың керегі жоқ, бәріміз бір қазақпыз».

Өте дұрыс. Бәріміз бір қазақпыз және түбінде ешқандай тілдік-ділдік айырмашылығы жоқ біртұтас ұлт болып, бірігуіміз керек. Ол үшін, екінің бірі – не орыстілді қазақтар ана тілін үйреніп, бері қарай, яғни ұлтқа қарай қадам басуы керек, не таза қазақтар да тілін ұмытып, орыстілді боп кетуі қажет. Әйтпесе бірігу жоқ. Әрине, ең дұрыс және табиғи шешім – орыстілділердің бері бұрылуы. Бірақ олардың бұрылғысы жоқ, қазақы дүниенің бәрін артта қалғандық санап, өздерін, керісінше, «шынайы қалалық қазақ мәдениетінің өкіліндей» көреді. Яғни қазақ тілінсіз қазақ болуды, дұрысын айтқанда, қазақстандық болуды аңсайды.

Сөйтіп, әзірге «қалада қазақ балабақшасы, мектебі аз болғандықтан, тіпті болмағандықтан, саясат солай өрбігендіктен...» ана тілінен мақұрым қалған өз қандастарымыздың «жаны қазақ» екеніне ғана шүкіршілік етіп отырған жайымыз бар. Бірақ олардың қашанға дейін жаны ғана қазақ боп жүре беретінін, тілі де қазақ болатын кезге жететін-жетпейтінімізді біле алмай, далмыз. «Жаны қазақ» азаматтардың біразы орыс тіліне қоса ағылшын тілін де меңгеріп алғанын ескерсек, осындай тілі тез сынатын ағайындардың жиырма жылдан бері «қазақша үйрене алмай» жүргенін түсіну қиын-ақ. Шамасы, олар дәл қазір қазақ тілін білуге деген ешқандай қажеттілік болмағандықтан, яғни, ана тілін білмей-ақ, шалқып өмір сүруге мүмкіндік мол боп тұрған соң, «меңгере алмай» жатса керек.

Ал осынша уақыттан бері қазақша сөйлеп-жаза білуді үйренбеген, тіпті оны қажет деп те санамаған адамдарды қалай «жаны қазақ» деуге болады? Тілді қажет етпейтін неғылған сірі «жан» ол? Еврейлер әлдеқашан өліп қалған тілін жабылып жүріп тірілтіп алғанда, біздің орыстанған қандастарымыз тірі тілден неге өлердей қашқақтайды? «Мәдениеттің негізгі тіні – тіл» десек, ана тілінде нан сұрап жей алмайтын, бірақ өздерін ұлтымыздың тұлғалы да отаншыл азаматтарының бірі һәм бірегейі санап, қарапайым қазаққа шекеден қарайтын «қара орыстарды» қалай қазақ мәдениетінің өкілі дей аламыз? Біздіңше, орыс тілінде жазылған кез келген ғылыми еңбек, көркем шығарма – қазақтың емес, орыс ғылымының, орыс әдебиетінің жетістігі саналмақ. Классик жазушымыз Мұхтар Әуезовтің «Ана тілін білмеген адамды мәдениетті адамдардың қатарына қосуға болмайды» деген сөзі тегіннен-тегін айтылған ба?

«Ассалаумағалейкүм» десең, «здравствуй» дейтін сондай қандастарымыздың талайы бүгінде билік дәліздерінде жүр, тіпті емен есікті кабинеттерде шалқайып отырғандары қаншама. Қаржы құрылымдары мен ірі фирма, компаниялардың көпшілігі де осылардың қолында. Орыстілді БАҚ беттерінен қазақтың ар-намысын аяққа таптап жүргендердің басым бөлігі – осы «қара орыстар». Еліміздің бүкіл қаржы-экономикалық, ақпараттық-мәдени кеңістігін орыс тілі билеп-төстеп тұрғандықтан, олардың жағалары жайлауда. Сол себепті, «мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту», «Тіл туралы» заңның талабын орындау», «іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізе бастау» тәрізді әңгімелердің шеті шықса-ақ, олардың төбе шашы тік тұрады. Сөйтіп, «құтқарыңдар!» деп өзгелерден бұрын айғайлай бастайды. Ал олардың отбасында қандай «қазақтардың» өсіп келе жатқанын ойлаудың өзі қорқынышты...

 

Турасын айтқанда, дәл қазір Қазақстанда орыстілділерді ешкім де кемсітіп, қыспаққа алып отырған жоқ. Тек кейінгі жылдары қазақтың саны өсіп келеді, оның қоғамдағы үлес салмағы артып, өзінің ұлттық мүддесін қорғап, құқығын талап етуді қолға ала бастады. Осыны байқаған орыстілділердің алдын ала байбалам салуы бұл. Президент те солардың көңілін тыныштандыруға асыққан сияқты. Алайда, қазақ жерінде қазақтың үстемдікке ұмтылуы – табиғи процесс, оны кері айналдыру ешкімнің де қолынан келмейді.

 

«Общественная позиция»

(«DAT» № 36 (212), 24 қазан, 2013 жыл)

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1965