Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 1904 0 пікір 14 Ақпан, 2024 сағат 14:43

Көдек ақынның Күнеске сапары

Сурет автордың ұсынылуымен жарияланды

Басы: Көдек ақын Қытайда

Жалғасы: Көдектің Тоғызтарауға сапары

Жалғасы:

Осында бір жұмадай аялдап, басы кешегі күні Кеңес одағындағы Алжанның болысы болған Разаққа аман-сәлем жасап, ендігі бет беталысты Күнеске бұрдық. Көкеңнің әуелгі ойы да осы болатын. Маған:

– Қызайдың кіндікті, ну жері Күнес деседі. Онда Сасан деген аруақты би өтіпті. Байлығына Салтанаты сай дегенді де естиміз. Айттың Тұрлықожасынан, Қызылбөріктің Ерсарысынан қалай екен көрсек. Тағы бір жағынан, Таңжарық дейтін ақын жігіт ана жылдары Құсық нағашыларына барып көп жүрген, Албанға балдай батып, судай сіңген еді. Сол азамат Қойдыммен айтысыпты, оған да жолығайық, – деді.

Бұл сапарға Көкеңнің осы сөзі бастаушы болды. Онда барған соң әуелі түсетін адамдарды, олардың қоныстарына дейін бұрын барғандардан әбден біліп алған екен. Біреуі – Алпысбай зәңгі. Алғаны айттың қызы. Енді біреуі Талдыдағы Х зәңгі. Бұл да айттан қыз алыпты.

Тоғызтараудың Шашысынан шыққан күні Х-тің үйіне қонып, қайта айналғанда келетін болдық та ілгері кеттік. Бұл Х зәңгінің атын сол әңгіме үстінде Әділбай айтқан еді. Естен көтеріліп кетіпті. Алпысбайға бара жатып Шапқының Ақөзенінде отырған Сасан ауылына бұрылдық.

Біреулерден Мақсұтты сұрап едік, ол кісіні: «Дағыты асуында жүр, жақынан бері үйінде жоқ» деді. Содан соң ол адамнан сұрап-білген соң Жәйірбек маңпаңның үйіне түстік. Атымызды аласалау келген қара жігіт ұстады. Үйге сәлем беріп кірдік. Есіктен кіргенде оңжақта ағаш төсек бар екен. Жәйірбек маңпаң соған арқасын бере отырыпты. Төрдегі бірнеше адаммен әңгімелесіп отыр екен. Есіктен сәлем берген бізге бір қарады да сәлемімізді селқостау алды. Барып біз төрдегі адамдардың аяқ жағынан орын алдық. Ол бізге: «Не қылған адамсыңдар» дегендей тағы бір қарады. Көкең келген жайды басалқы, жай отырып айтып келді де: «Қысқасы сіздермен танысайық, білейік, көрейік деп келдік», – деп еді. Мампаң ыстық ықылас көрсетпеді. «Бұл қалай?» дегендей Көкең маған қарап еді, мен есік жақты көрсетіп ымдадым. Мұным: «Кетейік» дегенім болатын. Сонан соң орнымыздан тұрып сыртқа беттедік, атқа келдік. Әлгі аласа бойлы қара жігіт бізден озып барып атты шешті де Көкеңе қарап:

– Сіз осы Көдек ақын емессіз бе? – деді күлімсіреп.

– Иә, – деді Көкең оған. «Мені қалай таниды» дегендей таңырқап қарап.

– Бұл кісінің мінезі осындай, ренжімеңіз, – деді.

Ауылдан ұзап шыққанда артымыздан «тоқташы, тоқта!» деп біреу құйын-перін болып шауып жетті. Дәл бір жаяу жүргіріп келген кісіше алқынып:

– Ой, артқа қайтатын болдыңыздар, – дейді.

– Неге?

– Маңпаң сіздерді шақырады.

– Не деп.

– Жаңа сіздің Көдек ақын екеніңізді білмей қалыпты. Мен ол кісіге сіздің жайыңызды айтқан соң шақырып кел деді.

– Сол ма?

– Сол.

– Сол болса біз қайтып бармаймыз. Атасының аруағын естіп танысып, білісейік деп келсек, мұныкі не қылық? – деді Көкең күреңітіп, – Бірақ саған рақмет, иман жүзді бала екенсің, сен ренжіме, қарағым қайта ғой, – деді.

– Мұндайда бұрылатын Көкең бе, жүрді де кетті. Бірақ жігіт қалатын емес,

– Бармасаңыздар менен көреді ғой. Жүріңізшы ақын аға! – дейді жалбарынып. Ақыры жігіттің көңілі деді ғой деймін, Көкең:

– Болады. Тілің қалмасын, қарағым, – деп атының басын кері бұрды.

Біз қайта келгенде Жәйірбек сыртта тұр екен. Аттан түскен бізді үйіне бастады.

– Бағана, жолың болғырлар, жөндеріңді айтсаңдар болмай ма, осыдан біраз жерде бір ақын қатын бар еді, алдырып сонымен айтыстыратын едік қой, – деді. Қарқылдап күліп. Шай келді. Шай ішіп отырғанда:

– Қап! – деді, әлде неге өкінген кісіше – әлгі қатынды алғызсақ болғандай екен, тамашасын көретін!

«Қап!» дегенде бәріміз жалт қарасқамыз. Оның жайын білген соң үндемей жайымызға отыра бердік. Сонан бір кезде:

– Әй, сол қатын бар ма екен деші, – деді әлгі жігітке қарап.

– Жоқ, төркініне кетсе керек.

– Төркіні кім екен?

– Білмедім.

– Төркіні кім ғой дейсің, не Матай, не Албан шығар!

– Білмедім.

– Сенің білгенің кімге дәрі?

– ...

– Ең болмаса әлгі Таңжарықтың болмағанын қарашы! Осында Таңжарық деген ақын бар. Сол болса да бола беретін еді. Оны сендер білесіңдер ме? Ол болса бәрін өлеңге қосып айтушы еді.

Етте келді. Тамақтанып кешінде сол үйде еру болып ертесі ауылдан шыға бере:

– Мына кісінің әңгімесі қызық екен, – дедім мен Көкеңе қарап. Көкең күлді де:

– Ондайлар кімде жоқ. Баяғыда өзіміздің түгленбай осыдан қанша артық еді. Сода болыс болған. «Жақсы әкенің әруағы жаман балаға қырық жыл азық» деген сол. «Бір бала бар – әкеге жете туады, бір бала бар – әкеден аса туады, бір бала бар – әкеден қаша туады», «Жаманнан туған жақсы бар – адам айтса нанғысыз, жақсыдан туған жаман бар – бір аяқ асқа алғысыз» дейтін атам қазақ сөзі бекер айтылмаған. Ертеде Ұзақ айтыпты деген сөз әлі есімнен кетпейді.

Бірде Жәмеңке мен Ұзақты ардақтап, алқаған жұрт ішінен біреу Ұзатқан:

– Біздің Албанда Жәкең (Жәмеңкені Албан елі Жәке деп атаған) мен сіз екеуіңізден мықты бар ма, болса ол кім? – деп сұрапты. Сонда Ұзақ:

– Е қызталақ, Жәмеңке екеуіміз мықты болсақ не ісімізбен, не күшімізбен мықты шығармыз, не «аталары сондай еді» дерсіңдер. Менше Албанда тума мықты төрт жігіт бар: біріншісі, Жамбабадан шыққан Сәрсенбайдың әкесі Елшібай аңқау, момын адам еді. Бір жолы бүркітін көтеріп аңға шығыпты. Келе жатса алдынан бір түлкі қаша жөнелсе керек. Елшекең томағалы бүркітін ұшырып жіберіпті. Ештеңені көрмеген томағалы бүркіт барып ағашқа соғылып, жемсауы жарылып өліпті. Сол аңқау Елшібайдан туылған Сәрсенбай айтты аузына қаратты. Екінші, ағымсары Жалпетек деген кісі жылқышы екен. Түн ішінде жылқы күзетіп жүріп бір үйір борсыққа кездеседі. Сонда есіне: «Борсық адамнан күшті болады» дейтін біреудің сөзі есіне түсе кетеді де: «Бәтшағар, қанша күшің бар екен, көрейін!» деп бұғалығын сілтеп қалса, шалма барып борсықтың мойнына іліне кетеді. Үйірлі борсық тым-тырақай болып жан-жаққа қаша жөнелгенде әлгі борсық тыныш тұрыпты, жұлқынбапты. Жұлқынбаған соң өзінше: «Адамнан борсық күшті болады  деген бекер болды ғой» деп бейғамдыққа түскенде борсық шалманы жұлқи тартып тұра қашыпты. Бейғам тұрған Жалпетек аттан ауып түсіп мойны үзіліп жан беріпті. Сол Жалпетектен туған Нақысбек Албанның жартысынан көбін бауырап алды. Үшінші, шоған Сімтіктің әкесі Сайлыбай сағал бау кеспе ұры екен. Бір кедей байқұс жалғыз сиырын Сайлыбай сағал ұрлап кетпесін деп қара лашық үйдің ішіне босағаға байлап қойып: «Құдай, жалғыз сиырымды Сайлыбай сағалдан сақта» деп жатып қалады. Сиыры қыстан етті шыққан семіз сиыр сықылды. Мұны Сайлыбай сағал «қашан қолыма тиер екен» деп аңдып жүреді екен. Сол күні келіп тыста тұрып, әлгі сөзді естіп тұрады. Сол күні әлгі кедей байқұстың үйіне қонып жатқан қонақ: «Әй, ана сиырың сисе сідігі шашырайды, сыртқа байлаңдар» десе, «Ойбай, Сайлыбай сағал ұрлап кетеді» деп көнбепті. Сонда Сайлыбай сағал бір жіңішке шыбықты үшкірлеп жоныпты да, киізді түрып жіберіп шиден өткізіп, сиырдың шабына түрткілейді. Сиыр бір орнында тұра алмай тықыршыпты, үйдегілерді ұйықтатпапты. Ақыры болмаған соң сиырды шешіп сыртқа шығарып жібереді. Аңдып тұрған Сайлыбай сағал қойсын ба, қағыпты да жөнеліпті. Сол Сайлыбай сағалдан туған Сімтік бізбен үзеңгі қағысып, иық тіреседі. Төртінші, Қасаң, бұл менің өз туысым. Мұның әкесіне 4-5 айғыр үйір жылқы біткен еді. Бірақ өмір бойы жылқыға бұт артпай өгіз мініп жүріп дүниеден өтті. Содан туған Қасаң менің «болыстығымды алайын деп жүр» депті. «Жаманан туған жақсы бар – адам айтса нанғысыз» деп осыны айт депті.

«Бисмилла деп бастайын, әуелі сөздің басына» деп басталатын дауыста Көдек ақын:

«...Өтіп жатқан дүние-ай,
Жақсы-жаман баршаңнан.
Бір кезекте батыр боп,
Қылышыңнан қан тамған.
Бір кезекте шешен боп,
Жауабыңнан бал тамған.
Қатарыңа келгенде
Озып еді қайсы Албан?
Жетпіс жеті жасында
Дүниеден қайтарда
Ақбейіттің басынан
Бір жаларға жай салған» – деп, Сімтікті әрі батыр, әрі шешен, Албаннан озған мықты етіп көрсетеді.

Көкеңнің әңгімесімен болып бірталай жерді мандытып жүріп жіберген екенбіз. Кездескен ауылдың шетінен келіп жөн сұрап едік, іздеген Алпысбайымыздың ауылы болып шықты. Үйі ауылдың бас жағын ала тігілген төбедей ақ үй екен. Өзі өткен жылы Текес жаққа барып, ондағы жегжат-жұратын, қайын жұрты біздің айт ауылдарын аралап қайтқан. Ашық-жарқын, ер көңілді, қалжыңбас, сымбатты кісі болатын. Біз мама ағашқа ат байлап жатқанда шыға келген ол аңырып тұрып қалды:

– Ой, мынау Көдек қой, – деді де мойнын бұрып, – Әй, төркінің келді, Көдек келді! – деді дауыстап.

Біз Алпысбаймен құшақтасып көрісіп жатқанда туысымыз да жетті адымдай басып. Келе-ақ Көкеңді бассап көрісті. Онан менімен қол беріп амандасты. Көпке қалмай ауылдың шал-кемпір, қатын-қалашы басты да қалды. Бұл ауылда бір аптаның қалай өткенін білмей де қалдық. Күнестің Шапқы, Ақөзен, Телғара, Адуынген, Үшкептер, Темірлік сықылды жерлерін аралап, бір аптадан соң қайтттық. Барған-тұрған жерде Көкең елдің жай-күйін көзімен көріп, мұң-зарын құлағымен естіді.

Қайта қайтар жолда Х зәңгінің үйіне келіп түстік. Бұл ауыл да ынтымағы-берекесі жарасқан ауыл екен. Барған күннің ертесі ертеңгі шай үстінде Зәңгі Күнестен қандай күйде қайтқанымызды сұрады. Көкең қолына домбыра алып, қашанғы әдедетінше ыңылдап отырып домбыраның құлақ күйін келтіріп алды да:

«Бұл заман бәрімізден қалғалы жүр,
Ұшы – ұзын, түбі – терең жалғаны жүр.
Келуі өр, дүниенің кетуі – ылди,
Әркім-ақ тіршілікке алданып жүр», – деп зарлай жөнелді.

Көкеңнің «Сасан ауылына барғанда» дейтін ұзақ өлеңі осы болатын. Бұл өлеңді Зәңгі Көкеңнің өзіне салмақ салып жаздырып алды.

Қырсық болғанда, әлде кімдер арқылы Күнеске жетеді. Бұл Мақсұт Дағытыдан ауылына қайтып келіп жатқан кезі екен. «Сұмдық» хабарды естіп ашуға мінген Мақсұт «Дереу айдап әкеліңдер» деп шабарман шаптырыпты. Шабармандар (екі жігіт) Зәңгіге өздерінің Мақсұт ақылақшының бұйрығымен Көдекті айдап әкетуге келгенін айтады. Бірақ Зәңгі: «Бұл менің қонағым. О заман да, бұ заман қазақ қонағын басқаға ұстап беретін, қорлататын іс болған емес. Өйтсем менен адамшылықтың кеткені емес пе, ел алдында ұятқа қалмаймын ба. Ұстағыларың келсе ауылымнан аттанып алысқа барғанда ұстаңдар» деп шабармандарды тиып тастады. Бұл хабарды Зәңгінің әйелі де естіп Көкең екеуімізге айтты. Әлгі екі шабарман бізден қалар емес, қайда барсақ сонда барады.

«Енді қайту керек?» деп дағдарып тұрғанымызда амалды әлгі Зәңгінің өзі тапты. Кеште Көкең екеуімізге жатын орынды сыртқа салғызатын болды. Маған:

– Көкеңнің киім-кешек, қоржын-қолаңын білдірмей басына жастап қой.

Ана екі жігітті үйге жатқызайық. Ел ұйқыға кетті-ау деген кезде елге білдірмей жөнеліңдер. Мақсұтқа барсаңдар көп әуреге ұрынасыңдар, – деді.

Кешкі орын осы бойынша болды. Біркезде көзім ілініп кеткен екен, Көкең бүйірімнен түртіп оятты. Аттарды ауылдың жақын маңына құсбаулап қойдым. Алдымен Көкеңнің қоржын, ер-тоқымын апарып тастадым, онан кейін келіп өз ер-тоқымымды, қоржын-кешегімді апардым. Көкең атын өзі ерттеді, мен өз атымды өзім ерттеп аяғын шештім.

– Болдың ба, Көке? – дедім төмен дауыспен.

– Ал енді атқа міндім, құдай жол берсе кеттік! Мен атқа мініп сипай қамшылап, тақымымды қыстым, тор атым лып ете түсті. Көкең де менімен тең атқа қонған еді, жүрейін деген де аты тапырақтады да қалды. Сөйтсем, жарықтық асыққанда аттың аяғындағы арқанды шешуді ұмытып қалыпты. Дереу қарғып түстім де шешіп жіберіп жөнеле бердік.

Аппақ болып таң атты. Күн шығуға айналды. Бір белге шығып қайырылып артқа қарадық. Қуған ешкім көрінбейді. Сонан соң көңіліміз орнына түсіп бағанағыдай лепілдетпей жай жүріске түстік. Осы жүріспен тағы бір-екі белден асқанда бағана біз тоқтап артқа қараған белден бірнеше атты бері қарай шауып асып түсті.

– Ал, Көке, кеп қалды! – дедім бар болғаны. Атты қойып бердік. Сол шапқаннан шауып отырып жолдың өр жағындағы қалың орманға сүңгіп те кеттік. Қуғыншылардың сол жолмен асығыс батысқа шауып өткенін ағаш арасынан көріп тұрдық. Олар ұзап кетті-ау дегенде орманан шығып біз де жолға түстік. Жол бір мойнаққа келгенде екі айырылады екен. Ізін шалсақ, олар төменгі жолмен кетіпті. Біз жоғары жолға түстік. Сонан қойшы, апақ-сапақта Дарубай ақалақшының үйіне келіп түстік.

Сөйтсек, қуғыншылар бізден бұрын келіп Дарубай ақалақшыға келген мән-жайды баяндайды. Ақалақшы оларға:

– Қашқындарың осында соқпай өтпейді. Бүгін демалыңдар, ертең алдарыңа салып берем, – деп шығарып жіберіпті. Олар 4-5 адам екен. Ондағы үйлерге бөлініп-бөлініп қонып жатқан сықылды.

Дарубай ақалақшы бізге осыны айтты да:

– Енді жатып демалыңдар, қалғанын ертең көрерміз, – деді.

Ертесі шай ішіп отырғанда өңдері суық, қамшысын серт ұстаған қуғыншылар келді.

– Келдіңдер ме? – деді Ақалақшы оларға жағалай қарап, – Енді не істейсіңдер?

– Алып кетеміз.

– Қайтып?

– Қайтушы едік, айдап...

– Айдап? – Дарубайдың өңі сұрланып кетті, – сендер Албанды кім деп жүрсіңдер, айтыңдар шы? Әр жерден таспен ұрып алатын кекілік, шылдарың ба сендердің? Кімнің басына күн тумайды. Қызай ананың балалары бұрын қайда едік, қайда отырмыз қазір? «Қызай ауған» деген оқиға қалай ғана естен кетпек?! Бұтаға қорғалған торғайдың да жаны қалады. Сол бұта құрлы болмағандарың ба?! Албан кім? Рулы ел, ұялы терек. Көдек кім? Албанның маңдайына басқан тұлпары, сайраған зарлы-шерлі бұлбылы, бұл заман бүйтіп тұрмайды. Ертең-ақ бұл ел  болып есін жинап, етегін жабады. Сонда Албан баласына не деп жауап береміз? Мұнан туылатын сызат қысасқа, дыққа айналып түптің түбіне кетпей ме?! Алғыш болсаңдар, осында Албанның қарт болысы Разақ деген жатыр, Әнәпия, Нұрсапа, Ақыметжан деген жігіттері бар. Мен соларды шақыртайын, солардың қолынан алыңдар, берсе солар өздері берсін. Ел алдында, Албан мен Қызай алдында өз қонағын өзі ұстап беріпті деген атаққты көтере алмаймын. Тыныш қайтып кетіңдер! –  деп оларды үйінен шығарып жіберді...

Арада біраз күн өткен соң Дарубай ақалақшының алты қанат ақ ордасына түске таяу келдік. Басында құшақтасып рақметімізді айтайық та Әнәпия мен Нұрсапаның біріне қонып, ертең қайтайық деп келгеміз. Бірақ Ақалақшы жібермей қондырып қалды. Разақ, Ақыметжан, Әнәпия, Нұрсапыларды да шақырған екен. Бұл кісілер кешті бізбен бірге өткізді.

Ақалақшының бірінші талабы Көкеңнің осы жолы Күнеске, аты аруақты Сасан бидің ауылына барған жолында көрген-білгенін және ол туралы шығарған жырын бір айтып бер деген талап болды.

Көкеңе менің таңғалғаным – бұл жырды сол Күнесте алдымен ауызша, сонан соң қағазға түсіргендегіден өзгертпей сол қалпында жырлағандығы болды. Ешбір жерін алып не қосқан жоқ. Дарубай ақалақшы әнеу күні айтқызған «16-жыл», «Албан тарихы» қатарлы кесек жырларын қайта айтқызды.

– О, Көдекжан, – деді Ақалақшы, – Сені ақын деген бекер сөз екен. Сен ақын емес сыншы екенсің. Сендей азаматы бар халық өлмейді. Міне, өлеңдеген, өлең деп осыны айт. Бір Албанның ғана емес, тұтас Қазақ тіршілігі жатыр екен кеудеңде. Тұтас халық тарихы жатыр екен жырыңда. Осында ақынмын деп жүрген бірталай жан бар. Айтыса кетсе болды өз руын орынсыз мақтап, әріптесінің руын ілікке алғысыз еткісі келеді. Мұнан не шығады? Ру мен рудың арасы, айрандай ұйыған берекесі бұзылады. Сенің айтқандарыңның бірде-бірінде бұл жоқ екен. Айтсаң жеке адамның атын атап, соның мінін айтады екенсің. Елдің жоғын жоқтап, мұңын мұңдайды екенсің. Мұң мен зардың тамырынан тартып айтады екенсің. Рақмет, қарағым!

Ертесі Дарубай ақалақшы Көкеңе ат мінгізіп, үстіне шапан жауып аттандырды. Түнде бірге болған барлық игі-жақсылармен  қоштасып аттандық. Бізді Нұрсапа, Қанапия, Әнәпия және алжан Бағыбайдың өлеңші баласы Мызырап төртеуі түстік жерге дейін ұзатып қайтты.

Көкең бұл сапарына, әсіресе Дарубаймен болған әңгімелеріне қатты риза болды. Бар өкінгені Таңжарықпен кездесе алмағаны болды.

Таңжарық ақын Сасан бидің кейбір балаларының қара халыққа жасаған зорлық-зомбылығына қарсы келгені үшін қолға алғызатын болғанда Қазақстанға Нүптебек Сасанұлының «сетік көк» деген жүйрік атын ұрлап мініп қашып өткен екен. Онда екі-үш жыл тұрып, түп нағашым деп Албан ауылдарында жүріпті. Сонда Көкең ауыл әкімі екен. Қарқарада бұлар танысып, көп бірге болыпты. Өлең-тойларда бірге өлең айтыпты. Содан Байсейіт ауылының келіні Қойдым дейтін өлеңші әйелмен айтысыпты. Кейін еліне қайтып келіпті. Келсе Нүптебек атын даулап, Таңжарықты ұстатпақ болыпты. Содан соң Таңжарық ақын Күнестен қашып Текес, Моңғұлкүре, Нылқы, Сүйдің жақтарда ел аралап жүріпті. Содан соң Алпысбай ақалақшы мен елі араға түсіп әрең зорға бітім болып ауылына қайтқан екен.  Көкең соған Таңжарықпен сөйлессем деп Күнеске барудың бір жағы осыған да байланысты еді. Бірақ Таңжарық Дағыты асуында Мақсұтпен бірге жүргендіктен жолыға алмай өкініп қайтты.

Содан арада бірнеше ай өткенде Көкеңе сол Мақсұт ақалақшыдан хат келіпті деп естідік. Көкең осыдан кейін «Жауап хат» деген өлеңін жазып, оны шүйке Әрінбектен Мақсұт пен Таңжарыққа жіберіп береді. Өйткені Әрінбектер Кеңес одағынан босып Күнеске барғанда Сасан бидің Нүптебек деген баласы Әрінбектің қарындасы Сүйімді алған екен. Әрінбектер Текеске көшіп келген соң да олардан қол үзбеген, үнемі барып-келіп тұрған...

Әділбай молда айтқан әңгіменің ұзын ырғағын осымен аяқтаймыз.

***

Ел аузында сақталған сөздерге қарағанда, Көдек ақын 1932, 1933, 1934, 1935 жылдарда Іле аймағына қарасты Текес Моңғұлкүре, Күнес, Нылқы, Тоғызтпрау, Сүйдін, Чапшал қатарлы аудандарды аралап, мұндағы тұрғын, босқын елдермен, жермен танысады. Халықтың мұң-зарын естиді. Ұлықтар мен ел ішіндегі мәнсаптылардың зорлық-зомбылығын көзбен көріп, оған қарсы әділетті, еркіндік-теңдікті жыр етіп, қарапайым халықтың алқауына бөленеді. Үш Құштай, Қос Теректе (Шолақ Терек пен Көк Терек) болды. Қастарына жас талантты ақын Шарғын Алғазыұлын ертіп, елді өлеңмен күйге бөледі. Жүсіпбекқожа Шайхысламдай ғұламамен көп бірге болып, ол кісінің ауыл мектебіне қолдау көрсетеді.

Сүйтіп жүргенде 1936 жылдың көктемінде белгісіз біртүрлі ауруға тап болады. Бұл ауру ауырғанда кенеттен сүйек-сүйегі қақсап, артынша өне-бойын қызыл бөрткен қаптап кетеді. Сауқымбек, Әскербек сықылды емкөстерге көрініп емделгенімен өнімі болмайды. Осы кеселдің салдарынан барған сайын жүдеп әлсірей береді. 1937 жылдың көкек (сәуір) айында ең артық көретін сүйікті ұстазы, көңілдес досы Жүсіпбекқожа Шайхыслам дүниеден өтеді. Өзі ауырудан әбден салдырап, күйі нашарлаған Көдеке бұл ауыр тиеді. Көп уайым шегеді. Мамыр айында оқыста алмасты қате істеткендіктен өмірімен мәңгілікке қоштасады. Артында аңырап өмірлік жан серігі Мәтіп апа мен шырылдап тоғыз жасар жалғыз ұлы Айтуған қалады. Бірақ елі-жұрты оларға жетімдік көрсетпейді. Анау бір кезе Қызайдың дана ұлы, ақалақшы Дарубай «Албанның шерлі бұлбұлы» деп бағалаған Көдек Байшығанұлы Маралбай немересі қайтыс болған соң ат жетер жердегі Албан мен Қызай және Суанның адамдары жыл уағына дейін бата оқып, ізін суытпайды. Ас-суында аса молшылықпен өткізеді. Туын жығып, тұлын түсірген соң «Көкеңнің өлеңдерін көшіріп алайық» деп сұраушылар көбейді. Алғандардан алушыларда көбейді. Сүйтіп, ақыннан қалған жыр-мүліктің басы бірікпей таралып кетті. Осыдан былай Көдек өлеңін жаттап, жиын-тойларда жатқа айтушылар көбейді. Ел ішінде: «Көкең айтқандай» деп ақынның өлең, жырларын, мақал-мәтелдерінде келтіріп сөйлеушілерде көбейді.

«Жас өсіп, жарлы байымай ма» дегендей Көдек ақын қайтыс болғанда тоғыз жаста қалған Айтуған есейіп, ес кіргеннен бастап ел аузында таралып жүрген мол мұраны жинай бастапты. 7-8 толғау дастаны мен қыруар ұзын-қысқа өлеңдерінің, 20 ға тарта дауыс (жоқтау) жырының негізін жинақтайды. Оның үстіне өзі де әке жолын қуалап той-жиындарда бір кез айтыс ақын болыпты, аздап өлең де жазыпты. Мен 1980 жылы ақын Көдектің шығармаларын жинап жүргенде біраз шығармаларын жазып береген еді. Сол 80-ші жылдардың соңына таман көрнекті қоғам қайраткері, әйгілі ақын Құрманәлі Оспанұлына әкесінің кейбір шығармаларын жіберген екен. Құрекең мұны маған береген еді. Оны Көдек шығармаларының 2-ші басылымының соңына «Соңғы сөз» деген тақырыпқа қыстырып едім.

Айтуған Көдекұлы 1928 жылы Қазақстанның Алматы облысына қарасты Нарынқол (қазіргі Райымбек) ауданының Сүмбе ауылында дүниеге келген. Биыл 78 жаста, бұл кісі 40 жыл Моңғұлкүре ауданының Ұзынбұлақ, Ақдала ауылдарында оқытушылықпен шұғылданып, құрметпен демалысқа шыққан. Екі рет некелеген. Бірінші әйелінен Жансерік деген жалғыз ұл туылып, ол Моңғұлкүренің Ақсу ауылында, нағашы жұртында, екінші әйелінен Нұрсерік қатарлы 6-7 бала туылған. Нұрсерік Айтуғанұлы Іле педагогика институтынан әдебиет кәсібін тауысып, Алтай аймақтық қазақ орта мектебінде біраз жыл оқытушылық істеп, Қазақстанға барып қоныстанған. Қазір бір жағынан кәсіппен шұғылданса, енді бір жағынан атасының мұрасын жинап, Қазақстаннан екі томдық Көдек шығармаларын шығарудың дайындығында жүр.

Сасан ауылына барғанда

І

Бұл заман бәрімізден қалғалы жүр,
Ұшы – ұзын, түбі – терең жалғаны жүр.
Келуі өр, дүниенің кетуі – ылди,
Әркім-ақ тіршілікке алданып жүр.
Көрсеткен бір күн алдын, бір күн артын
Заманға қайтып кісі нанғалы жүр.
Біресе күн ұзарып, түн қысқарып,
Айқасып бір-біріне ауәлі жүр.
Жазы ыстық, қысты күні суық болса,
Оны кім ауыстырып алғалы жүр.
Орныққан берекемен бейіл барма,
Әйтеуір қазақшылық аңғарың жүр.
Толқыған көл жүзіндей заманың бар,
Іркіліп бір жағына ауғалы жүр.
Күн көзін көлеңкелеп күңгірттетіп,
Қоюлап соқыр тұман шалғалы жүр.
Мысалы, өткіншідей көрінбейді –
Тұтасып жер-әлемге жауғалы жүр.
Абайлап ақылменен ойлағанда,
Шарпыны талай жерге барғалы жүр,
Жалғанның жарығы кең, опасы тар,
Дүние кімнен өтпей арланып жүр?
Болғанда жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар,
Білермен көпті көрген саңлағың жүр.
«Жауынмен жер, батамен ел көгерер»,
Атыңда құйрық пенен жалдарың жүр,
Жонымен сойып, сатып, қолдан жұмсап,
Төрт түлік – бағып өскен малдарың жүр.
Бұрынғы-соңғылардан үлгі көрген
Кәрі-жас, үлкен-кіші тарланың жүр.
Таудай сөздің тарыдай түйіні бар,
Сөзімді салмақ салып аңғарып жүр.
Ілеге бес* аймақ боп қарағалы,
Егін сап, мал өсірген сан халық жүр.
Жоғарылап кесегінен санағанда,
Бұрынғы сібе, ханзу қалмағың жүр,
Айтылсын мұнан кейін сарт пен дүңген,
Текесте Қызай, Қырғыз, Албаның жүр.
Бұрынғы сұрақшының уағында,
Ұлықтан қол жеткені таңба алып жүр.
Дәулеті атасынан үзілмеген,
Шыбар төс, шынжыр балақ шонжарың жүр.
Әлсізге әкіреңдеп, байға шұлғып,
Азулы, аты шулы шомбалың жүр.
Семірген жуан қарын Нүкежанды,
Бір жылқы әрең тартып зорға алып жүр.
Бірлікті, бір ауыздан сөз шығарған,
Жақсының ісін құдай оңғарып жүр.
Әр ханға бір сұрқылтай дегендейін,
Әркімнен әр алуан сөз қалып жүр.
Күнеске осы жылы барып едім,
Айтайын әңгімемді сондағы бір.

ІІ

Бестөбе, Талды, Шапқы жерін көріп
Өлеңнің бас-аяғын болжалы бір.
Бегімбет, Дербіс деген екі рулы ел –
Сыңсыған қалың өскен орманың бір.
Болғанмен сырты бүтін, іші түтін,
Сасанның ауылындай пормалың жүр.
Сыртынан әркім айтып мақтаушы еді,
Үлгілі жақсы ауыл деп ордалы бір.
Бұрынғы мақтауынан қарағанда,
Барған ел шынын айтпай қорғанып жүр.
Мақсұтты көргенім жоқ – естуім бар,
Шерікпен Дағытыда жол бағып жүр.
Мал алып аржағынан пайда көргіш,
Айрылып кейде ат-тонынан бор қауып жүр.
Түтінге бес қап тары қаралатып,
Сарқыты ауылында мол қалып жүр.
Артылтып Торғауытқа былай сатып,
Жүргеннен ары-бері олжа алып жүр.
Біреуге біреу сырын айтпаса да,
Дүрбімен қарағандай болжанып жүр,
Бір-екі шабарманын мен де көрдім.
Елінен жүйрік пенен жорға алып жүр
Біреудің пәлен атын әкел десе,
Еріксіз ұрады екен шалманы бір.
Ырысқұт соятұғын керек болса,
Ілінген қой-сиырға қармағы жүр,
Біреудің қора-жайын былай алып,
Әркімге тиген екен зардабы бір.
Ұлықтан Мақсұт мығым жолықты деп,
Елінің бәрі жылап, зар қағып жүр.
Табанды бай кісідей маңызды емес,
Секілді жемір сиыр жалманып жүр.

***

Сасанның Еркінбегі – мынау дейді,
Тылтиған қара кісі пормалы жүр.
Аласа, шаршы келген сүйегі бар,
Жаялы сары ат мінген, жорғалы жүр.
Күйеуін олқысынып бармай жүрген
Әуезін Мұратбектің алғалы жүр,
Нүптебек бұрын өлген деп айтады,
Одан да әр алуан сөз қалып жүр.
Өлеңшің аттанқырап айтпай кетті,
Әйтпесе талай сөзім қозғалы жүр.

***

Жайырбек –  бір ағасы, маңпаң екен,
Көзінің шайтаны бар шамданып жүр.
Көрімдік көрген елден сұрайды екен,
Барған жан пұлың болса қамданып жүр.
Бір ауыз сөздің жөнін айтар болсаң,
Қақбасқа қамшыменен салғалы жүр.
Шалағай, шатынаған мінезі бар,
Ішіңді ашуланса, жарғалы жүр.
Бас асау, сүйегіне сүтпен біткен
Ұзынша желі тартқан мандамы жүр.
Бойында Телқараның көріп едім,
Тақсырлап үлкен-кіші жан-жағы жүр.
Жүз макұрһ – бір арам болғандайын,
Бұзғандай бір талайды салдары жүр.
Түстікке бір кісіге мал сойғызып,
Ыңғайлап бір ауылға қонғалы жүр.
Барғаннан құры аттанса жазалы екен –
Айыпқа түйеменен жамбы алып жүр.
Жәйірбек – өзі мампаң, бір-ақ кісі,
Басқадай мың кісіні салмағы жүр.
Нанбаған ел біреуден сұрап білсін,
Сөзімнің қай жерінде қам қалып жүр.
Отыншы, сушы болып бірталай жан,
Бір қора нашар байқұс мал бағып жүр.
Ақысын шығынынан былай орап,
Кедейді өмірінше малданып жүр.
Тамақ тоқ, киім бүтін болмаған соң,
Тістеулі аузында бармағы жүр.
Кісіні кісі байқап таниды ғой,
Бейшара тамағына жалданып жүр.
Қуырып тары түйген өңшең малай,
Бір-екеу тезек теріп зар қағып жүр.
Тартып бұл мен шайын несиеге
Алтынға мыс пен жезін аударып жүр.
Әлі жоқ нашар байқұс қарыз алып,
Қандарын сол жағынан сорғалы жүр.
Опасыз жаны ашымай алады-ау деп,
Жағасын әркім ұстап таңғалып жүр.
Сүтқорлық, тәкапарлық, саудагерлік,
Байқасам кәсібіне сол жағып жүр.
Жақсылық бір кісге артылмапты,
Малды да Зұрған сұмын мол бағып жүр.
Сұрақшы арыз айтар болмаған соң,
Ішінде айта алмаған арманы жүр.
Кедей байқұс құм-сірке болғың келсе,
Сасанның ауылына бардағы жүр.
«Тасыған төгіледі» деген сөз бар,
Жігіттер түбін байқап аңғарып жүр.

***

Көріп ем Тәлім, Мазақ, Сәрсенбайды,
Жар болып атасының аруағы жүр.
Олардай тәкапарлы емес екен,
Құдайдың бергеніне тәубе қылып жүр.
Еселқұл Қуандықты тағы көрдім,
Жұртына майлы болған бармағы жүр.
Аралас Үйсін, Найман нашарына
Дарубай артығырақ жалғанып жүр.
Болдырып Жырғалаңға барған қашқын,
Күй бітіп, ширап, сергіп, жалданып жүр.
Іледе байдың көбі қарамайды,
Әйтеуір бір адамның жардамы жүр.
Тұтаған шыр айланып заманың жүр
Бір күні қатты желде жанғалы жүр.
Бұрынғы білермендер айтқанындай
Құлақтан мүйіз шығып озғалы жүр.
Құдайдың құдыретін байқау керек,
Кім ауып қонысынан тозғалы жүр?
Тірлікте көргеніңнің бәрі қызық,
Жігіттер, өлмгенге тәуба қылып жүр.
Бұл заман бұрынғыдай дегенменен,
Қартайып жылдан-жылға азғалы жүр.
Өзімде қыршанқының біреуі едім,
Былтырдан бері қарай қозғалы жүр.

*Бес аймақ – Манчиң хандығы кезінде Іле, Тарбағатай, Алтай, Құмыл аймақтары қорғас ауданындағы Күреде тұратын Жияңжүн ордасына қпрайтын.

Белгілі баспагер, ақын-жазушы, әдебиеттанушы ғалым Тәліпбай Қабаевтың Бейжіңдегі Ұлттар баспасынан шыққан «Көдек Маралбай» (2008 ж.) кітабынан дайындаған Әлімжан Әшімұлы.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5385