Әуелгі мақсат: Ұлттың тарихи жадысын ояту еді...
Басы: Мұхтар Мағауиннің «Көк мұнары» хақында
Екінші бөлім
Шығарманың негізгі сюжетінде тарихи оқиға суреттелмейді. Сондықтан «Көк Мұнар», «тарихи роман» жанрына жатпайды. Бұл - анық. Онда «Қаһардағы» секілді тарихи оқиғалар жоқ. Болса да, шығармада суреттелетін негізгі оқиғалар арнасынан тыс, үзік... үзік... Мифологиялық негізде. Мұның өзі сол тұстағы оқырман тарапынан жаңашылдық деп бағаланған, жазушы шеберлігіне саятын – әдеби тәсіл.
Шығарма авторының айтқысы келген негізгі ойының «темірқазығы», ол – оқырманның тарихи жадысын оята отырып, олардың назарын ұлт тарихына бұру болды. М.Мағауин өзінің бұл ойын «Көк мұнар» деп аталатын романында ашық жарнамаласа да, діттеп алдына қойған өз мақсатына жете білген. Шығарманың көркемдік құндылығының шынайы табысы да, осы болса керек.
М.Мағауиннің «Көк мұнар» романында салыстырмалы түрде кейіпкерлер саны аз. Тіптен саусақпен санарлықтай ғана. Шығармада бұл кезеңде қалыптасып үлгерген қазақ зиялы қауым өкілдері – ғалымдар өмірі арқау болған. Романның бас кейіпкері жиырма екі жастағы филолог аспирант Едіге Мұратұлы Жәнібеков – білімді, өте талантты, өзі мен өзінің болашағына аса сенімді тәкәппар жігіт. Әзірге қандай жаңалық екені белгісіз, бірақ, таяу болашақта өзінің ғылымда ұлы жаңалық ашатынына сенімі кәміл. Оның алдына қойған екі мақсаты бар. Бірі –ғылым, екіншісі – жазушылық. Дөп басып айту қиын. Әлде, керісінше бірінші – жазушылық, екінші – ғылым. Себебі, алдына қойған бұл екі ұлы мақсатының ең маңыздысы қайсы екенін Едігенің өзі де анық ажыратып үлгермеген. Десе де, ерте қыпшақтар туралы романы бітуге таяу. Кейіпкердің өз ойынша, тарихи тақырыптағы бұл роман – қазақ әдебиетінде теңдесі жоқ ұлы шығарма болғалы тұр. Себебі, бұл тақырыпты Едігеге дейін ешкім де қозғамапты. Өмірлік тәжірбиесі өте аз, қиял жетегіндегі Едіге өзіне аса сенімді болатын. Сәттілік деген аяқ астынан. Күндердің күнінде архивте отырған Едіге, бұрын қазақ әдебиеті ғылымына мүлдем белгісіз, көне дәуір туындысы – шағын эпикалық жыр табады. Архивтен Едіге тапқан бұл әдеби жәдігер – әлі күнге ғылымға белгісіз, көне дәуір ескерткіші еді. Едіге өзінің архивтен тапқан әдеби жәдігерін ғылыми жетекшісі пофессор Әзімхан – Әз-ағаң Бекмұхамедовке көрсетеді. Профессор Едіге тапқан үлкен ғылыми жаңалық – көне дәуір әдеби ескерткішінің қолжазбасын көріп бер деп өзінің тағы да бір шәкірті, докторлық дисертацияға дайындалып жүрген, доцент Бәкен Тәңірбергеновке береді. Ал, доцент Бәкен Тәңірбергенов болса, Едіге тапқан үлкен ғылыми жаңалықты өз атынан ғылыми басылымда жариялап жібереді. Мұндай қарақшылық пен әділетсіздікке жаны төзбеген Едіге ғылымнан кетуге бел байлайды. Өмірден соққы алған осы тұста, бітуге таяп қалған романын қайталап оқып шыққан автор - Едіге : романның көп жері «шикі, шала піскен» деген шешімге келіп, қол жазбаны өз қолымен жыртып, жойып жібереді. Жеке өмірі мен махаббатындағы сәтсіздік, алдына қойған екі «ұлы мақсат» жазушылық пен ғалымдықтан күдер үзген Едіге «өмірді қайта бастаймын»,– деп алыс өлке Чукоткаға кетіп қалады.
Міне, романның қысқаша сюжеті мен фабулалық мазмұны осы. Сырт көзге «Көк мұнар» ғалымдар арасындағы күні бүгінге дейін аракідік болса да кездесіп қалатын оқиғаны арқау еткен, қарапайым сюжетке құрылған шығарма секілді. Бұл романның сырт көрінісі.
Ал шындығына келгенде, «Көк мұнарда» ізі мұнарға оранып, шиырға сіңіп кететін қарапайым да, күрделі, түсінікті де түсініксіз «өмір» атты ұлы сахына – көркемдік негізде, реалисттік тұрғыдан, тіптен кей тұсы «натуралды-реалисттік» кейіпте суреттеледі.
1972 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Көк мұнарда» – бұған дейін қазақ әдебиетінде жарық көрген өзге шығармалардағыдай ұзақ-сонар суреттеу мен авторлық баяндаулардан тыс, оқиға бірден басталады.
– Бәрекелді, жарқыным...
Бұл профессордың әлденеден қатты түңілген кезінде ғана аузынан шығар сөз еді. Шарасы таусылғанның, басқа айтары қалмағанының белгісі. Едіге сырт киімін шешуге оқталған беті, бөгеліп қалды.
Бұл – романның алғашқы бетінің алғашқы абзацы. Бөлмеде үшеу. Профессор және оның екі шәкірті. Бірі – доцент, екіншісі – аспирант. Бөлмеге кейіндеу кірген аспирант Едіге профессор мен оның докторлыққа дайындалып жүрген шәкірті, доцент Бәкен Тәңірбергенов арасында өтіп жатқан әңгіме – диалогқа еріксіз куә. Әрине, өзінің дисертациялық тақырыбын терең білмейтін талантсыз шәкіртіне профессор риза емес. Шәкіртінің жиырма – отыз беттік қолжазбасын түкке алғысыз етіп, сынап, сөгіп тұр.
– Әз-аға, дұрыс қой, – деді теріс қарап тұрған айыпкер үні тарғылдана. – Біздің білмейтініміз көп. Бірақ әлгі кітапта....-айыпкер тілі күрмеліп, тұтығып қалды, - әлгі ескі кітапта... дәл солай жазылған. «Уәзірлер...»
Едіге айыпкердің доцент Бәкен Тәңірбергенов екенін даусынан әрең таныды.
– Уәзірлер... – деді профессор мырс етіп. –Уәзірлер ... Кітапта олай жазылмаған. Жазылуы мүмкін емес. Ол – анық. Жаңсақ оқығансың. Тек бұл ғана емес...
...орыс әдебиетінің тарихын зерттейтін ғалымдар кем соққанда үш – төрт шет тілін еркін біледі. Россия тарихын ғана емес, бүкіл әлем тарихына жетік. Ал, сендер... өскен елдің баласы... ысқырғанда жер жарасыңдар, әлі әптиекке де жеткен жоқсыңдар... Әліппенің бер жағында жүріп, ғылым докторы болғысы келеді. («Көк мұнар»роман.16-17бет.Алматы, «Атамұра» - 2020)
«Әліппенің бер жағында жүріп ғылым докторы болғысы келеді.» Професссордың Бәкенге қарата айтқан бұл сөзі – доцент Бәкен Тәңірбергеновтің білім деңгейін анықтайтын сәтімен қолданған әдемі сөйлем.
«Әрбір жазушы – ғалым», – деп, Флобер айтты дейтін бір сөз бар. Ақиқат сөз. Біз сөз етіп отырған осы кішкене ғана бірнеше абзацта жазушы М.Мағауин бүгінгі қоғамдық ғылымдар – қазақ тарихы мен қазақ филологиясы ғылымына тән қаншама өзекті мәселелерді көтеріп отыр. Бұдан елу жыл бұрын жазылған «Көк мұнар» тұсында ғана емес, бүгінгі таңдағы біздің тарихшылар мен филолог ғалымдарымыздың ең үлкен кемшілігі – олардың шет тілін білмеуі. Ол – ол ма, бүгінгі тарихшылар мен әдебиет тарихын зерттеуші ғалымдар, ескі қадым жазуы былай тұрсын, кейінгі А.Байтұрсынов әліпбиі «Төте жазуды» да оқи білмейді. Мүмкін, өзі ғылыммен айналысқан ғалым болғандықтан болар, ғылым тақырыбы – Мағауин шығармаларының «көзірі».
Профессор бейнесін аша түсу мақсатында: «...ысқырғанда жер жарасыңдар» тіркесінің алдындағы тіркес «Айдағаның бес ешкі» ғой. Бірақ, жазушы доцент Бәкен Тәңірбергеновтің құр атаққа мастанып, мақтанмен көтеріліп кеткен қуыс кеудесін айшықтап, нақтылай түсу мақсатында, мәтелдегі бірінші тіркесті емес екінші тіркесті әдейілеп, мақсатты түрде қолданып отыр.
Ал, «Әлі әптиекке де жеткен жоқсыңдар» сөйлеміндегі «әптиек» сөзі – ісләм түсінігіндегі оқу дәрежесі. Бірінші дәреже «тәшдид», ол – хәріп үйреніп, қара тану. Ал, «әптиек» – үйренген әріптердің басын қосып, оқи білу. Содан кейінгі оқу «Құранға түсу» деп аталады. Содан кейінгі оқулар «Шәриат», «Тастиқад», «Мағрипат», «Ақиқат» болып кете береді. Ерте қазақтар мұсылманша оқу дәрежесінің аты арқылы шәкірттің білім деңгейін анықтаған.
Десек те, көнере бастаған «әптиек» сөзі әдебиет тарихын зерттеуші ғалымның аузымен айтылғанда, кейіпкер мінезін айқындай түсіп, жаңарып, жарқырай келе, өз орнын әдемі тапқан.
Профессордың Бәкенге қаратып айтқан «әптиекке де жеткен жоқсыңдар» сөйлемі мен «...ысқырғаның жер жарады» тіркестері Бәкең мен оның жетекшісі профессор Әз-ағаның бейнесін сомдай түсіп, айқындап тұр. Кейіпкер бейнесін нақтылап, айшықтау мақсатын да жазушы сөзді дер кезінде, өз орнында әдемі қолданып отыр. Сөзді ойната отырып, өз орнында дәл қолдану – жазушы шеберлігінің айғағы.
Профессор мен ғылымға икемі жоқ талантсыз шәкірті аралығындағы біз сөз еткен диалогтан соң, профессор шәкіртіне оқуға тиісті ғылыми әдебиеттер тізімін санамалап кетеді.
«Осының бәрін әуре болып несіне айтып жатыр, – деп ойлады, не төрге шығудың не кетіп қалудың ретін таба алмай, ақыры босаға жақтағы бір орындыққа отыра кеткен Едіге. – «Шайнап берген тамақ – ас болмайды» деуші еді»...
Бұл – Елдігенің ойы. Бұдан арғы оқиға оқушының көз алдында өтеді. Профессор өзінің Қазан мен Ленинград архивтеріне бүгін жүріп кететінін айтады.
– Аэропорттан шығарып саламыз, – деді Бәкен.
Профессор қолын сілтеді. «Қайтесіңдер әуре боп,қойыңдар», – деп ұқты Едіге.
– Ол жағын біздің еркімізге қалдырыңыз, – деді Бәкен.
– Сіз жақсы аға боп жүргенде біз жаман іні болуға жарамасақ, тірлігімізде не сән бар...
«Қазір ақсақал ренжиді, – деп ойлады Едіге. – Тыйып тастайды». Бірақ ақсақал ренжіген жоқ. Үнсіз отыра берді.
– ...Біздің осы қалтақтап жүргеніміз сіздердің арқаларыңыз емес пе, -деді Бәкен. – Мұны түсінбесек адамдығымыз қане, ғалымдығымыз қане...
«Сәл артықтау кетті» – деп ойлады Едіге. Оны қостағандай, профессор тағы да қолын сілтеді. «Ғалым інім сен болсаң жарыған екем... Жетеді енді, жүре бер!» – деп аударды Едіге. (19 бет «Көк мұнар» роман. Алматы, «Атамұра» 2020)
Бөлмедегі үш адамның өз ара қарым-қатынасы Едіге «аудармасы» арқылы бір нүктеге жинақтала шоғырланған. Профессордың әрбір қимылы мен сөзін «аударып» тұрған Едігенің ой –жүйелік сараптамасы, бөлмедегі үшеу – пофессор, доцент және Едіге бейнелерін күрделендіре түсіп, нақтылау мақсатында жазушының ойлап тапқан тың тәсілі. Тәсіл өзін-өзі ақтаған. Күрделене түскен әдеби бейнелер, әрқайсы өзіндік ерекшелігімен оқушыға жақындай түседі. Жазушы профессор бөлмесіндегі үшеуді психологиялық негізде өрбіген оқиға барысында даралап үлгерген. Автор бір бөлмедегі үш кейіпкерді кейде көзге айқын көрініп тұрған бедерлі нақыш арқылы дараласа, кейде кішкене ғана әдеби деталь арқылы ерекшелейді.
Жаңа ғана профессордың асты-үстіне түсіп шыбындаған аттай боп, басын қайта-қайта шұлғып, ерпілдеп тұрған доцент Тәңірбергенов аспирант Едігені көргенде, неге амандаспайсың деп қыр көрсетіп алып, соңынан керги сөйлеп одан денсаулығын сұрай отырып: «Ғылым инемен құдық қазғаннан қиын. Сейіл-серуен... ресторан...қыз...Сөйтіп жүріп ғылыми атақтан дәмелі. «Ғылымға мұндай тоғышарлық көзқарас жарамайды,інішек.», – дейді. («Көк мұнар» роман 21-бет Алматы. «Атамұра»)
Бәкен мүлдем басқа қырынан көрініп тұр. Бәкен үшін Едіге бар болғаны бірінші жылдық аспирант қана. Ал, өзі болса, ғылым кандидаты, доцент! Сондықтан да, Бәкен Едігемен «доцент тілінде» сөйлесіп тұр. Шын суреткерде адам болмысы – оқиға үстінде дараланбақ. «Ғылымға тоғышарлық жарамайды». Негізінде бұл сөз Едігеге емес, ғылым кандидаты, доцент Бәкен Тәңірбергеновке бағышталу керек еді. Осы қазір ғана профессордың алдындағы Бәкеннің ғылымның әліпбиін де меңгермеген дарынсыз тоғышар екенін өз көзімен көрген Едіге Бәкеннің: «Ғылымда тоғышар болмау керек», – деген сөзіне:
– Мен де солай ойлаймын, ағасы, – дейді.
Іштей Бәкеннің өзін нұсқап, кекетіп тұр.
Сөзді әдемі ойната білген автор, кейіпкерлердің мінездерін ашатын оқиға мен сөзді дөп басқан. Едіге шығарманың алғашқы тарауынан-ақ даралана бастаса, бір-біріне мүлдем ұқсамайтын профессор мен Бәкен бейнелері өздерінің ерекшеліктерімен қалыптасып келеді.
Бұл – адам болмысын терең суреттеу мақсатында, кейіпкер жан-жүйесіндегі психологиялық ерекшеліктерін оқиға үстінде түрлі тәсіл арқылы оқушының көз алдында, оқиға үстінде даралаған автордың шығармашылық ерекшелігі.
Десек те, алғаш рет 1972 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген М.Мағауиннің «Көк мұнарының» ең басты, негізгі шығармашылық ерекшелігі – сол тұстағы Кеңестік «Соц.реализм» бағытындағы әдебиеттің басты талабы – социалистік қоғамды мадақта және сол арқылы шығарма кейіпкерлерін «жағымды» және «жағымсыз» деп екі топқа бөл, – деген нұсқау-талабы үдесінде жазылмағандығында болса керек. М.Мағауиннің «Көк мұнарында» «жағымды», «жағымсыз» деген кейіпкерлер жоқ. Жазушы өз шығармасындағы оқиғаны шынайы негізде, реалистік пішімде суреттейді де, оқиға мен кейіпкерлер туралы авторлық көзқарасын мүлдем баяндамайды. Жазушы өз оқушысына суреттелген оқиғаға байланысты ғибраттанып, оны ой елегінен өткізуге толық мүмкіндік береді. Автордың бұл тәсілі – шығарманың көркемдік деңгейін биікке көтеріп тұр. Кейіпкерлерін «жағымды» және «жағымсыз» деп екі топқа бөлмеген жазушы – шығармадағы ең нәрсіз, бір жағымды қасиеті жоқ, білімсіз һәм дарынсыз, «қаны шыққан плагиатор –ұры» – доцент Бәкен Тәңірбергеновтің өзін «жаман», «жағымсыз» деп, ол туралы пікірін оқырманға жарияламайды. Бәкен Тәңірбергенов образы басқа кейіпкерлер секілді шығармада суреттелетін оқиға барысында қалыптасады.
Ғылым деп қана өмір сүретін секілді болып көрінетін пофессор Әзімхан Бекмұхамедовтың: «Қазақ жазба әдебиеті Абайдан басталады. Ал қазақтың тарихи жыры XVIII ғасырда Абылай хан және оның төңірегіндегі батырлар атына байланысты шықты», – деген пікіріне қарағанда ғылыми ой-өрісі аса терең емес, мейірімді жүректі, қайтуы тез адуын мінезді, турашыл адам. Профессор адуын мінезді бола тұра епті, майысқақ Бәкеннің айтқанын екі етпейді. Өзіне жасалып жатқан орынды-орынсыз, кейде жағымпаздық секілді болып көрінетін басы артық құрметті де теріс көрмейтін секілді.
«Ғылым мен өнер адамы үшін фәниден бақиға барар жол біреу-ақ – жұмыс істеу; басқаның бәрі алдамшы”,– деген профессор Әз-ағаң ғылымдағы тазалық пен әділет үшін күресе алмай отыр. Едіге қолжазбасына байланысты, Бәкен тарапынан жасалған қиянатты сезіп біле тұра, «мүмкін соавторлыққа келісер», – деп, екі шәкірті арасындағы оқиғаның мән-жәйін анықтауға тырыспауы –шығармадағы өмірін ғылымға арнаған, адуын мінезді болып көрінген профессор бейнесін солғындатып, көмескілендіріп жіберген.
Профессор Әз-ағаң – өмірін ғылымға арнады, бірақ ғылым үшін, ғылымдағы тазалық үшін күресе алмады. Мінезі адуынды, бірақ епті, майысқақ Бәкеннің дегенінен шықпайды. Сырт көзге білімді, бірақ ғылыми ойы аса терең емес. Ғылымдағы әділет пен тазалық үшін күресе алмаған профессор Әз-ағаң – бойында қайшылығы мол, жанды тұлға, кәдімгі адам. Қайшылықты мінез –Әзімхан Бекмұхамедовтің трагедиясы емес. Оның трагедиясы басқада.
Профессор Әзімхан Бекмұхамедов трагедиясын жазушы Мұхтар Мағауин өзіне тән стильде, айтатын ойы мен көзқарасын тәпіштеп түсіндіріп, сағыздай созып жатпайтын әдетімен, тірі сурет арқылы оқушының көз алдына алып келеді. «Көк мұнарда» бір сюжет бар...
Едіге өзінің жетекшісі профессор Бекмұхамедовтің пәтеріне келеді. Есікті оған орыс келіншегі ашады.
– Вы к Саньке? – деді Едігенің басынан аяғына дейін жіді көзбен аспай-саспай шолып шығып.
– Его нет.
– Э-э ... простите... Я, кажется, ошибся...
Секпіл бет келіншек есікті қайта жапты.
Екеуінің арасындағы алғашқы диалог осылай өрбиді. Пәтер нөмерінен жаңылысып кеттім бе, – деп ойлаған Едіге сыртқы аулаға шығып, өзі талай келген үйреншікті үйдің айналасына қарай бастайды. Бәрі дұрыс. Сәл ойланып тұрып қайтадан ішке кіреді.
– Еще раз простите... – деді есікті ашқан бетте өзіне әлде сынай, әлде мысқылдай қарап, бір жақ босағаға иығын сүйей, үнсіз тұрып қалған бейтаныс келіншекке, – это квартира...
– Бекмухамедовых, – деді секпіл бет келіншек.
– А он дома?
– Кто он? Папа?
– Иә, – Едіге өзінің қалай қазақшаға көшіп кеткенін аңдамай қалды.
– Так и сказали бы...-деді секпіл бет келіншек есікті айқара ашып. – Проходите. – Содан соң профессордың кабинеті жаққа мойын бұрып: – Азимхан Бекежанович к вам! – деп дауыстады да,бөксесі ілгерінді-кейінді сөгіле дірілдеп, ас үй жаққа қарай беттеп жүре берді. «Екіқабат болар, – деген ой келді келіншектің артынан еріксіз қарап қалған Едігенің басына. – Жаңа түскен жас келін»...
Едіге ішке кіреді. Профессор екеуінің арасында Бәкен пайдаланып кеткен Едігенің ұрланған қолжазбасы туралы өте ауыр әңгіме өтіп жатыр. Бәрінен түңілген Едіге ғылымнан кетуге бел байлаған. Қолжазбаны ұрлатқан да, ұрлаған да профессордың өз шәкірттері. Пофессор үшін де, Едіге үшін де өте ауыр, күйзеліске толы минуттар өтіп жатыр. Дәл осы сәтте есік сықырлайды.
– Бар, бар, жап! – деді профессор қарамастан қол сілтеп.
Есік айқара ашылып,манағы секпіл бет келіншек көрінді. Иен бөлмеге кіргендей, еркін басып төрге шықты да, сөрелердің бірінің шынысын сарт еткізіп ашты; әлде бір кітапты алып, асықпаған, ырғатыла басқан қалпы бұрылып жүре берді. (236-237,241-бет «Көк мұнар» роман. Алматы. «Атамұра» 2020)
Бұл тағы да сол пофессор Бекмұхамедовтың жаңа түскен жас келіні. Нәсілі – орыс. Өзінің аяғы ауыр. Ұрпақ жалғасы – профессордың болашақ немересінің анасы үйге келген қонақ пен қайын атаға деген құрмет,қазақтың ұлттық ғұрпы мен иба-әдебінен мақұрым. Ұлттық түсінігі мен өскен ортасы, алған тәрбиесі мүлдем бөлек. Ең бастысы, күйеуінің ата-анасына деген құрмет пен қазақы әдет-ғұрыпты үйренейін деген ой мүлдем жоқ.
Әзімхан Бекмұхамедовтың шаңырағының болашақ от-анасының бүгінгі сыйқы – профессор отбасында ертең болар трагедиядан хабар беріп тұр.
Өнер теориясына байланысты: «Төрде мылтық ілулі тұрса,ол атылуға тиіс», – деп Чехов айтты дейтін бір сөз бар. Мағынасы: шығармада бос текті бір эпизод, бір оқиға суреттелмеуге тиіс деген ойға саяды. М.Мағауин де өзінің «Көк мұнарында» ұлты өзге профессор келінінің қазақ ғұрпына ерсі көрінер сөзі мен әрекетін босқа суреттеп отырған жоқ.
Анығына келгенде, бұл – профессордың трагедиясы. Әзімхан Бекмұхамедов – өзінің ғылыми мектебін қалыптастырып, соңында мыңдаған шәкірт қалдырған ғұлама ғалымдар қатарынан емес. Ол соңында жөні түзу ұрпақ та қалдыра алмаған бақытсыз әке, бағы жоқ отағасы болатын. Ұлының есімі – Санжар. Бұл есімді орыс келін «Саняға» айналдырып алыпты. Профессордың ұлы Санжар – екі бастан қазақша білмейтін. Орыс тілінде сөйлейді ол тіптен өз әкесінің үлкен ғалым екенін де білмейтін болу керек. Қазақ тілін білмейтін профессордың ұлы, қазақ әдебиеті тарихының профессоры, ғалым әкесінің еңбегін қайдан білсін –ау? Санжар үшін әкесі профессор Әзімхан Бекмұхамедов – әкелік міндеткерлігі бар «табыс көзі» ғана. Бар болғаны сол! Міне, сол профессордың ұлы «Санжар – Саня» орыс қызына үйленді. Шешесі орыс болса, әкесі білмеген қазақшаны профессордың болашақ немересі қайдан білсін! Демек, бұл дегеніміз –профессор Әзімхан Бекмұхамедовтің болашақ ұрпағы тілін, әдет ғұрпын, тарихын білмейтін «мәңгүрт» болып өседі деген сөз. Оның артында ғылымды өмірлік мұратына айналдыра алмаған дарынсыз һәм білімсіз ұры – «қызыл плагиатор» шәкірті мен ұлтының тілін, тарихын білмейтін «мәңгүрт» ұлы Санжар және қазақтың тілі мен салт-дәстүрін білмек түгіл, білуге талпынып ниет етпеген ұлты өзге орыс келіні қалды. Дүниеге келер ұрпағының болашағы мүлдем күңгірт...
Міне, бұл – профессор Әзімхан Бекмұхамедовтің трагедиясы еді!
Бірақ, бұл трагедия XX ғасырдың II жартысындағы күллі қазақ зиялыларына ортақ «типтік» трагедия болатын. Соңында «мәңгүрт» ұрпақ қалдырған қазақ зиялыларының 60-70 пайызы өмірінің соңғы кезеңін «қарттар үйінде» өткізіп, тілін кәлимәға келтіріп, иманы айтылмаған қалпы о дүниеге аттанып, бақилық болды. Олардың соңында қалған ұрпақтары ата-анасына құран бағыштап, олардың ұлтқа мұра болып қалған қазақ тіліндегі әдеби не ғылыми еңбектерін оқи алмау былай тұрсын – қазір ата болған олар, өз немелерімен баба тілі, ана тілі – қазақ тілінде сөйлесе де алмайды. «Мәңгүрттен» туған «мәңгүрт» немерелердің көбі өздерінің қазақ екенін білмейді екен. Ал,білетіндері өздерін «қазақпын» деп айтуға намыстанатын көрінеді. Бұдан өткен қандай трагедия болуы мүмкін?!...
Әрине, жазушы М.Мағауин өзінің «Көк мұнарында» профессор шаңырағының біз айтқан ертеңгі күнінің трагедиялық хәлін баяндамаған. Оны мақсат етпеген де. Жазушы мұраты – оқиғаны шынайы, реалисттік тұрғыдан суреттей отырып, оқушысын ойға шақыру. Болды. Арғы жағы жазушы үлесіндегі шаруа емес. Шығарманы оқыған ойлы оқырман ақылы мен пайым түсінігіне қарай ойланып, әрекет етіп, қарманбақ...
Қалай десек те, «Көк мұнар» авторы, жазушы М.Мағауин өз шығармасында профессор Әз- аға Бекмұхамедовтің әдеби образын XX ғасырдың II жартысындағы қазақ зиялыларының «типтік» бейнесіне айналдыра білген. Бұл –ақиқат. Талантты суреткердің әрбір кейіпкері – типтік бейне. Ал оқушы үшін типтік бейне – танымайтын таныс тұлға, – дейді орыс сыншысы В.Г.Белинский өзінің Гогольдің повестерін талдауға арнаған еңбегінде. «Көк мұнардағы» әрбір кейіпкер,оқушыға өте таныс, жақын тұлға. Сондықтан да олардың әрқайсысы типтік бейне дәрежесіне көтерілген деп айтуға толық негіз бар.
Типтік бейне дегеннен шығады. «Көк мұнарда» бір қыз бар. Орыс тілді. Есімі – Шолпан. Бірақ,өзі «Венера» деп өзгертіп алған. Міне, сол «Шолпан-Венера» бар тәуірімен сәндене киініп, кітапханаға ерте барып орын алып, қасындағы бос орынды ешкімге бермей, өңі тәуірлеу, болашағы бар, оқымысты-ау, – деген жігіттерге ұсыну үшін ұстап отырады. Мақсаты: өңі тәуір, болашағы бар, оқымысты жігітпен танысып, соған күйеуге шығу.
Жазушы «Көк мұнардың» соңғы жағындағы бір тараудағы эпизодта дәл осы кейіпкер өмірін суреттейді. Эпизодтағы баян бойынша «Шолпан –Венера» үшін кітапханадағы «күйеу таңдау операциясы» сәтсіз аяқталған секілді.
Бүкіл әлемге Кеңестік кино өнерінің даңқын шығарып, «Оскар» сыйлығын жеңіп алған, жалғыз советтік фильм – режиссер Владимир Меньшовтың «Москва көзжасына сенбейді» (Москва слезам не верит) фильмінде актриса Ирина Муравьева сомдаған бір кейіпкер бар. Тура сол «Шолпан-Венераның» өмірін қайталайды. Ол да «болашағы зор» күйеу таңдау үшін үнемі кітапханаларды торуылдайтын. Демек, Кеңестік дәуірде болашағы бар, жақсы «күйеулер» кітапханада жүрген. Бұл да – Кеңестік дәуірдің бір шындығы.
Жалпы «Көк мұнарда» 60-жылдардағы Кеңестік зиялы қауым өмірі реалистік тұрғыда шынайы суреттелген. Бас кейіпкер Едіге – аспирант. Шығармадағы аспирант кейіпкерлердің образдарының өзі тұтас біз галерея. Олар әр түрлі. Бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Едіге – мақсаты айқын, білімді, өзіне сенімді, аздап мақтаншақтау, өр кеуде, анау-мынауды менсінбейтін тәкәппар жігіт. Бердібек – саяз білімді, епті, әйел құмарлау, ғылымға әлде қандай өзіндік есебімен келген, болашақтағы – Бәкен Тәңірбергенов. Кенжек – болашағынан үлкен үміт күттіретін, өте білімді адамгершілігі мол, ақкөңіл адал жігіт. Бірақ, бостау, еркекке тән мықты, бірбеткей мінезі жоқ. Оның ойынша: Ғылымда ашылған жаңалық-халық игілігі үшін пайдаға асса болды. Оны кім ашқаны маңызды емес. Сондықтан да болу керек, ол өзінің кандидаттық тақырыбын тоқтатып тастап, жетекшісінің докторлық диссертациясына көмектесіп, сол жетекшісінің докторлық дисертацияның бес тарауының екі тарауын Кенжек жазған. Жетекшісінің докторлық диссертациясы жазылып біткен күні, Кенжек балаша қуанып, енді өзімнің тақырыбыма алаңсыз кірісетін болдым дейді. Күлесің бе, жылайсың ба? Не десек те, күллі әлемді тұтастыра ұстап тұрған дәл осы Кенжек секілді ақкөңіл де адал жандар. Мұндай адамдар болмаса, дүние ойран болса керек...
Хәлел – ақылды, өз пайдасын басты орынға шығарған жігіт болса, Әнуар – ауызында сөз тұрмайтын өсекші. Бәтя – өте талантты, нағыз ғалым болатын қыз. Олар әртүрлі, кәдімгі өмірдегі қарапайым адамдар. Олардың басын қосатын-ғылым және жатақхана.
Ғылым – олардың болашақтағы мамандық – жұмысы болса, жатақхана – тұрғылықты мекен-жайы. Олар өзара пікірталас-дискуссияға жиі баратын. Пікірталас тақырыбы әртүрлі. Өмір, ғылым, сол тұстағы халықаралық жағдай мен саясат, тіпті халықтардың өсу демографиясы... бәрі, бәрі бар.
Міне осындай пікірталастың бірінде Мұхамед-Шәріп есімді химик-аспирант:
– Тыңдап отырып ойға кетем,біздің қазақ халқы қандай өлшеусіз өскен, жолдастар! Бұрын екі ақ процент сауатты болған надан ел...
– Надан ел! – деді Едіге Мұхамед-Шәріптің сөзін бел ортадан бұзып.
– Надан ел сол бұрынғы надандығының біразынан арылып біткен жоқ. Оны осы сен сияқты жігіттерге қарап білем! (72-бет «Көк мұнар» роман. Алматы. «Атамұра» 2020)
Автор кішкене эпизодтағы бір сөйлем арқылы Едіге болмысын аша түседі. Әдебиет тарихын зерттеуші, аспирант Едіге, «надан ел» деген тіркеске жан-тәнімен қарсы. «...надандығының біразынан арылып біткен жоқ. Оны сен сияқты жігіттерге қарап білем!» Едігенің бұл сөздері тек қана «надан ел» сөзіне қарсылықты ғана емес, «...сол елдің болашақтағы ғалым зиялысы сен болсаң...күйсегеніңді ұрайын...», – деген ойды да анық айтып отыр. Сөз ойнату... кейіпкер мінезін аша түсетін тамаша тәсіл.
Аспиранттар арасындағы дәл осы пікір таластың жалғасын жазушы былай сабақтайды:
– Екі процентке таласпаймын, – деді Халел. Танауы қусырылып, қараторы өңі сұрланып кетіпті. Әйткенмен үні сабырлы. – Мүмкін, тіпті жалғыз-ақ процент шығар, мүмкін үшеу, мүмкін он шығар, кім санапты. Бірақ қайталап айтайын, қазіргі өскеніңе де, бұрынғы екі процентіңе де таласпаймын. Ал енді, революцияға дейін қазақтан өзге халықтардың сауаттылығы қанша процент болды екен? Ол жайлы ойладыңыздар ма, зиялы азаматтар? Орел мен Курскі губернияларында мұжықтар жаппай сауатты еді дегенді мен Тургенеевтен де, Толстойдан да оқыған жоқпын. Жараларыңның ауызын неге қаси бересіңдер? Кімде жоқ ол ірің.
Дау қайта қызды. (72-бет «Көк мұнар» роман. Алматы. «Атамұра» 2020)
Автор: «...қазіргі өскеніңе де,бұрынғы екі процентіңе де таласпаймын», – деген сөзді қызыл цензурадан өтіп кету үшін, қалқан ретінде пайдаланған. Әдемі тәсіл...
«Өзге халықтардың сауаттылығы қанша процент болды екен?»,– деп, Тургенеев, Толстойларды араластырып «...қазіргі өскеніңе де, бұрынғы екі процентіңе де таласпаймын», –деп, қанша жерден айтқанымен де, сол баяғы «екі процентке» деген авторлық қарсылық. Кеңестік жүйенің шовинист ғалымдары ешқандай ғылыми дәлелсіз «революцияға дейін қазақ халқының екі-ақ проценті сауатты болған», – деген ойды мектеп және жоғарғы оқу орындары оқулықтары арқылы қазақ халқының құлағына құйып, бойына сіңіре берді. Өзінің тарихын, әдебиетін әдет-ғұрпы мен мәдениетін білмейтін ұлтты жойып жіберу әрқашан да оңай. Ол үшін сендер жабайы, сауатсыз надан елсіңдер, – деген ойды оларға сіңіре берсең, сол ұлтта өзін-өзі жек көру, бағаламау үрдісі оянады. Ал өзін-өзі бағаламайтын, өз тарихы мен әдет-ғұрпын, мәдениетін білмейтін халық оңай отарланады.
Сендер екі-ақ процент сауатты болған надан елсіңдер, – деген шовинисттік үстем ойға қазақ зиялыларының қарсылығын автор өз шығармасында жазушы шеберлігі арқылы әдемі көрсеткен. Былай қарасаң аспиранттар арасында күнде болып тұратын көп пікір таластың бірі секілді. Ал анығында, отарлық-шовинисттік көзқарастағы озбыр жүйеге деген ұлт зиялыларының қарсылығы.
Тек бұл ғана емес, Едігенің: «Пай-пай... Бәрін білеміз. Көзбен көресің. Оймен танисың. Сөйте тұра... Мінекей... Ішіңе сыймайды. Көмейіңе тіреледі де тұрады... Бір шаштараз иендегі құдыққа айқайлапты дейді. Бізде ондай құдық та жоқ. Жарылып өлетін шығармыз. Ну и к черту. Әлсіздер ғана күрестен тайқиды.»,– деген сөздері, сөз бостандығы жоқ Кеңестік жүйені ашық әшкерелеп тұр. (26-бет «Көк мұнар» роман. Алматы, «Атамұра» 2020)
«Пай-пай...бәрін білеміз»,– деп басталатын Едігенің бұл монологы: «Коммунизмге беттеген, ғарышқа қол созған осындай ғажайып заманда өмір сүріп отырмыз. Тың көтеріп, Отанға миллиардтаған пұт астық беріп жатқан өзгерген, өскен, жаңғырған...»,– деп басталатын Едіге монологының орта тұсы. (26-бет «Көк мұнар» роман. Алматы, «Атамұра» 2020)
Сырт қарағанда, ертеңгі болашағы мен келер коммунизмге шексіз сеніп, Отанын шын жүрегімен сүйген ұланның биік нотада айтылған монологы секілді. Шын мәніне келгенде, Едіге монологының ішкі жапсарында қоғамдық жүйеге деген қарсылықты ой жатыр.
Мұхтар Мағауин өзінің «Көк мұнарында» Кеңестік қоғамға деген қарсылықты көзқарасын түрлі әдеби тәсілдер арқылы, білінер-білінбестей етіп, тігісін жатқызып, әдемі өткізіп отырған.
«Көк мұнар» – 60-жылдардағы қазақ зиялы қауымы туралы шығарма. Ондағы кейіпкерлер әртүрлі бір-біріне ұқсамайды десек те, өскен ортасы, білім, тәрбие алған жерлері ұқсас болғандықтан, олар бір-біріне бөтендігі жоқ тұлғалар. Ал шығармадағы Күлдәрі ақын Қарсыбаев –қазақ әдебиетінде ешкімге ұқсамайтын тіптен бөлек, басқа кейіпкер. Дара бейне. Ол Чеховтың «Қораптағы адамындағы» (Человек в футляре) Беликовті еске түсіреді. Екеуі де қоршаған ортадан тыс, өз түсініктері бойынша бір шеңбердің ішінде ғана өмір сүреді. Ойлау дәрежелері де ұқсас. Беликов күлкілілеу, қорғансыз, айналасына жанашырлық сезім оятатын кейіпкер болса, Күлдәріден қорқасыз. Өмір сүру дағдысы Беликовка ұқсас болғанымен, Күлдәрі Беликовтан әлдеқайда қорқынышты.
Ол Ұлы Октябрь Социалистік революциясының жеңісінің елу жылдығына орай, Кеңес өкіметінің жетістіктерін жырлайтын бес томдық, (Хамса) шежірелі дастанын жазып жатыр. Көркемдік дәрежесі төменнен де төмен. Күлкі шақырғандай. Бірақ, ол өзін ақын ретінде Абайдан да жоғары қояды. Себебі, Абай бүгінгі заманның талап тілегін білмейді. Бұл – оның өз түсінігі. Өзі біраз өмірін түрмеде өткізген репрессия құрбаны. Сөйте тұра, Кеңестік жүйе мен Кеңестік идеологияны жан-тәнімен сүйеді һәм одан өзге өмір бар деп ойламайды. Ол – сен де мен секілді ойлан, мен секілді өмір сүр деп, басқаларды өз шеңберіне тартады. Оның Чехов кейіпкері Беликовқа ұқсамайтын, оған қарағанда қорқыныштылау болып көрінетін айрмашылығы да осы тұс. Өз түсінігі бойынша, белгілі бір шеңбер ішінде ғана өмір сүріп жатқан Күлдәрі ақын, Кеңестік идеология – адами ойлау қабілетінен айырып, «мәңгүрт-зомбиге» айналдырып жіберген қорқынышты тұлға.
Күлдәрі – социалистік қоғамның құрылысшылары бірдей ойланып, бірдей өмір сүру керек дейтін Кеңестік идеология жемісі. Жазушы өз шығармасында Күлдәрі бейнесі арқылы Кеңестік идеологияның адам болмысына тигізер қорқынышты зардаптарын сөз еткен.
Жазушы «Көк мұнарда» өзі суреттеп отырған қоғамның шынайы бейнесін жасау үшін түрлі әдеби тәсілдерге жүгінген. Қазіргі заман суреттелетін шығармада сол заманның ақиқат көрінісін оқушы жадына сіңіру үшін, мифологиялық аңыздарды пайдалану тәсілі – Әлем әдебиеті тарихы үшін тосын жаңалық емес. Бұл айтқандарымызға Орыс, Жапон, Латын Америкалық Колумбия әдебиеттерінен көптеген мысалдар келтіруге болады.
Құдайсыз қоғамды жарнамалап, Ұлы Жаратушы Алла Тағалаға деген сенімнен тыс өмір сүріп жатқан «социалистік қоғамның» ішкі әлемін түсіндіру үшін М. Мағауин өзінің «Көк мұнарында» Алла Тағаланың адамды жаратуы туралы көне мифологиялық аңызды шығарма идеясына сәйкес, сәл-пәл «майыстыра иіп» заманауи негізде «жаңаша» пайдаланған. Жазушының бұл тәсілі – мифологиялық аңыздың айтпақ болған түпкі ойына нұқсан келтіріп тұрған жоқ.
Аңыз бойынша: он сегіз мың ғаламды жаратушы Алла тағала жер бетіндегі өзінің орынбасары ретінде адамды жаратады. Оған ақыл береді. Адам ақылы арқылы жер бетіндегі күллі мақұлықты өзіне бағындырады. Нәтижесінде, мақұлық атаулы шын құдайды ұмытып, адамды Құдай деп таниды. Бұл жағдайдан шошып кеткен Құдай, адамның кеудесіне сатқындық, зұлымдық, пасықтық, іштарлық секілді пәлекеттерді құйды. Адам ішсем, жесем, өзім үшін өмір сүрсем деген соқыр сезімге ие болып, өзінің Алла тағаланың жер бетіндегі орынбасары ретіндегі тарихи миссиясын ұмытады. Мұны көрген жаратушы қатты қиналды. Түнде ұйқы, күндіз күлкіден қалды. Ақыры амалын тапты. Алла тағала енді адам жүрегіне Өмір гүлін екті. Өмір гүлінің үш сабағы бар-тын. Бірінші тұрған, ең көрікті сабағы – Алла тағалаға деген сенім мен сүйіспеншілікке бағышталған махаббат гүлі еді. Екіншісі – туған ел, өскен жер – Отанға деген махаббатқа бағышталды. Үшіншісі – отбасы, сүйген жар, туған-туысқан қандас бауырға деген махаббатқа арналды. Өмір гүлі кеудесіне көктегеннен-ақ, адамның ақыл-ойы күн санап, өлшеусіз өсе берді. Өнер, ғылым тапты. Табылған өнер мен ғылымның арқасында Адам құс болып көкте самғады, балық болып суда жүзді. Адамның қолынан бәрі келетін болды. Содан бір күні Адам: – Мен Құдаймен теңмін, – деді. Ойланып сәл отырды. – Жоқ! –деді. Содан соң – Мен Құдайдан артықпын. Көкте ұша аламын, суда жүземін. Бәрін өз қолыммен, өз ақылыммен бітіріп жүрген мына – Мен! Құдайды қайта сайлайық! Ендігі Құдайымыз – Адам болсын, әділдік жолы осы , – деді.
Мұны естіген Құдай тағала қатты қайғырды. Әйткенімен адамға әлі жетпейтіні рас еді. Оны айтқанымен жүргізе алмайтын. Өйткені, бұл кезде адамның жүрегіндегі Өмір гүлінің «Құдіретке махаббат» деп аталатын Жаратушы ие, Алла тағалаға арналған «махаббат гүлі» семіп, қурап қалған еді. Алла тағаланың ол бұтақты қайта жасартпақ әрекетіне ештеңе өнбеді. Адамнан үмітін үзген жаратушы Құдай басқа галактикаға қоныс аударып кетіпті. Аңыздың соңында автор: «Бұл – адамзат Құдайды талақ етіп, өзін Құдай деп жарялаған темір ықылым жиырмасыншы ғасыр еді», – дейді.
Ғылым дамып, денені құрайтын молекула атомға, атом зарядтарға бөлініп, микроскоп шығып, клетканың құрылысы анықталған XX ғасыр – адамзат тарихындағы ең қасіретті ғасыр аталған «Құдайсыз дәуірдің» бастауында тұр. Бұл кезеңде ұлы данышпан хәкім Абайдың – Алланы өзіне тән сегіз сипатының негізгі екеуі – ғылым мен құдірет арқылы тану керек деген 38-қара сөзіндегі ғақлиясының парқына пенде баласының ақылы мен түсінігі жете коймаған кез. Ол кездегі шолақ ойлы ғалымдар: – Біз ғылымның түбіне жеттік, ары қарай ештеме жоқ , – деп ойлады.
Ғылым өркендеп, атомды игеріп, Айға ұшып, о бастан Құдайды жоққа шығаратын атеизмді насихаттап, «құдайсыз қоғам» социализмде өмір сүріп жатқан Қазақстанның қоғамдық қатынастарын өз оқырмандарына түсіндіру үшін жазушы адамның жаратылысы туралы мифологиялық аңызды, роман сюжетіне әдемі қабыстырған.
Жазушы тарапынан заманауи негізде жаңартылған көне мифологиялық аңыз – публицистикалық стильдегі ирониялық-сарказм тілінде жазылған, өмір шындығы әдемі бейнеленген, философиялық ойы терең осы аңыз – оқушы тарапына жеңіл қабылданады. Сондықтан болар, аңыз діттеген жеріне жетпей қалғандай боп көрінді, Мүмкін, жазушы дәл осы мифологиялық аңызды басқа стильде, байыпты етіп, салмақты тілмен жазғанда, мүмкін оқушыға әсері басқаша болар ма еді.
Әрине, қазаншының еркі бар... Дәл осы күйінде де опырылып, үңірейіп тұрған ештеме жоқ. Бұдан жарты ғасыр бұрын жарық көрген кітапқа олай болғанда, бұлай болар еді... деп айта салу оңай, әрине. Тарихқа тарих көзімен қарау керек деген қағида бойынша ойлансақ, ол кезде заман басқа, заң басқа... Десек те, жазушы «құдайсыз қоғам» социализмнің ішкі рухани қайшылықтарының себебі мен салдарын мифологиялық аңыз арқылы тамаша түсіндірген. Біз мұны шеберлік деп қабылдап, жазушы пайдасына тағы да бір ұпай қостық. Әсіресе, тарау соңындағы «...бұл – ұлы орыс халқы, советтік құрылыс теңдікке жеткізіп, қатарға қосқан,социализмді орнатып бітіп, енді коммунизмге қарай аршындай басып бара жатқан біздің ел еді.», – деген астарлы әжуаға толы сөйлемі, ойлы оқырманға жазушының «құдайсыз қоғам» немесе қолдан «құдай» жасаған социализм мен сол қоғамдағы «халықтар достығы» туралы ойынан молынан хабар беріп тұр.
Ақылды – аярлық жеңді.
Күшті – әдіс жеңді.
Әділетті – зұлымдық жеңді.
Бұл – «Көк мұнардың» соңғы тарауларының бірі. Қазақ әдебиеті тарихына байланысты Едіге тапқан жаңалықты – доцент Бәкен Теңірбергенов пайдаланып кетті. Ақылды – аярлық, әділетті – зұлымдық жеңді. Әділетсіздік пен зұлымдыққа қарсы білімді де ақылды, адуын мінез, ғылым үшін өмір сүріп жүрген секілді болып көрінетін профессор Әз-ағаңда қауқарсыз болып шықты.
Әрине, кез-келген тәрбиелі де иманды, зиялы ғалымдар секілді ғылымдағы қарақшылық пен ұрлыққа қарсы шығып, әділет үшін күрескенде, профессор Әзімхан Бекмұхамедов бейнесінің тәрбиелік мәні биіктей түсіп, романның келесі тараулары композициялық тұрғыдан басқаша өрістері анық еді. Алайда, жазушы мақсаты басқа биіктен көрініс берген.
Әдебиет – тәрбие құралы. Әділетке жетпесе де, әділдік үшін болған күрес – оқушыны имандылыққа шақырып, олардың ертеңгі күнге деген сенімін күшейте түскен болар еді. Ал енді әділетті – зұлымдық жеңді. Өзіне, өзінің ғылымдағы таланты мен ертеңгі жұлдызды күніне сенетін Едіге ғылымнан кетуге бел байлады. Көп бұрын емес, осының алдында ғана ерте Қыпшақтар өмірінен жазған романының көркемдік деңгейі, ең бірінші өзіне ұнамай, романның қол жазбасын өртеп жіберетін жер таппай, әр бетін біртіндеп отырып жыртқан. Енді міне, әдебиет тарихына байланысты ғылым үшін беймәлім, тың жаңалық – шағын эпикалық жырды, ғылымдағы қарақшы-ұры, қызыл плагиатор – доцент Бәкен Тәңірбергенов ұрлап алып, өз атынан жариялап жіберді. Жеке өмірі – махаббат майданында да сәтсіздік. Қызы Гүлшатпен айырылысып кетті. Тағдыр тәлкегі мен өмір сәтсіздіктері Едігені ғылымнан кетуіне мәжбүрлеп, өмірін басқа жақта, жаңадан бастауға шешім қабылдатқан-ды.
«Көк мұнардың» ең сәтті суреттелген эпизодтарының бірі – Едіге мен Гүлшаттың арасындағы қарым-қатынас. Оқып көрерлік...
– Олай қарамаңыз, – деді қыз жанарын төмен сап.
– Шашың жақсы, – деді жігіт.
– Бүгін жасаттым, – деді қыз. Бұзылып кетпеді ме екен дегендей прическасын әр жерінен алақанымен ептеп ұстап,сипап көрді. – Әдейі арнап...
«Маған арнап» деп ойлады іштей масаттанған жігіт. Бірақ үндемеді. Қыздың саржа қасына, төмен құлаған ұзын, қайқы кірпіктеріне, кішкене қыр мұрнына, балғын ерніне қадала қараған күйі үнсіз тұра берді. «Осының бәрі менікі... – деп ойлады, – Бәрі менікі!»
– Олай қарамаңыз, – деді қыз тағы да.
– Сен сұлусың.
Қыздың бетінің ұшы қайтадан лып ете түсті.
– Мен сіздің келетініңізді білім ем, – деді сәлден соң барып.
– Сен ақылдысың...
– Қыздардың бәрі қыдырып кетті. Мен қалып қойдым. Қорықтым, сіз мүлде келмей ме деп...
– Мен сенсіз өмір сүре алмаймын. Осы уақытқа дейін сенсіз қалай өмір сүріп жүргенімді білмеймін...
– Аяғыңыздың тықырынан таныдым.
– Сен сұлусың. Сен дүниедегі ең ақылды, ең сезімтал қызсың. Сондықтан да мен...
– Олай қарамаңызшы... (86-87 -бет «Көк мұнар» роман. Алматы, «Атамұра» 2020)
Бұл-әдеби қалыптан тыс, кейіпкерлері сол замандағы жастардың күнделікті қолданыстағы тілімен сөйлеп тұрған кәдімгі шын өмірдегі сурет. Екеуінің сөзі екі арнада бағыт алса да, бірін-бірі қапысыз түсінген. Қыз өз табиғатынан аса алмай, жігіт өз сезімін ауыздықтай алмай тұр. Едіге мен Гүлшат ауызынан шыққан әрбір сөз-боямасыз ішкі сезім айғағы. Қыз бен жігіт арасындағы диалог пен іс-әрекет-реалисттік тұрғыдан суреттелген десек, әділетсіздік болар еді. Едіге мен Гүлшат арасы реалисттік тұрғыдан емес, натуралды-реалисттік тұрғыдан суреттелген. Мұнда суық өмірдің салқын сызы мен кәдімгі натуралдық өмірдің боямасыз көрінісі бір толқында табылады. Жетпісінші жылдардың басындағы қазақ әдебиетінде натуралды-реалисттік бағыт – мүлдем тосын, жаңа бағыт болатын.
Гүлшат пен Едігенің айырылысып кету себептерін суреттеуде жазушы тағы да әдеби жаңалыққа бағыт ұстаған. Кейіпкер іс-әрекеттерін ақтап, немесе қорғап, түсіндіріп жазған жазушы-құрғақ дидактикалық әлсіздікке ұрынбақ. Едіге мен Гүлшат қарым-қатынастарын натуралды-реалисттік бағытта суретеген жазушы,олардың айырылысу себептерін мифологиялық аңыз сүрлеуімен түсіндірген. Ойлы оқырман ғана аңғаратын көне сүрлеу. Автор ескі аңызды өзіндік қолтаңба ерекшеліктері арқылы жаңаша өзгертіп, философиялық ой-түйін жасаған. Аңыз бойынша:
Адам-Ата мен Хауа-Ана өздерін жаратқан Алла тағаланың арқасын да ешнәрседен мұқтаждық көрмей, жұмақ бағында өмір сүріп жатты. Не ішіп, не киемін, болашақта қалай өмір сүреміз деген мәселелер оларды толғантпады, ойландырған да жоқ. Күндердің күнінде,олардың бойында құмарлық сезімі оянды. Күнәға батқан олар жаңа бір әлемнің есігін ашты екеуінде құмарлық сезімі билеп, Адам-Ата мен Хауа-Ана өзге дүниені ұмытты. Махаббат деген осы екен ғой деп ойлады олар. Өмірге ризамыз, бақыттымыз десті. Бірақ, екеуі де бақытсыз еді. Себебі, өн-бойын тән құмарлығы билеп алған олар, жан құмарлығынан мақұрым қалған болатын. Ал, жан құмарлығы – пенде баласын рухани әлемге бастап, оларды шексіз бақытқа бөлейтін ұлы күш болатын. Махаббат – жан құмарлығы мен тән құмарлығының жемісі еді. Мұны Адам-Ата мен Хауа-Ана білген жоқ, түсінген де жоқ. Кейіннен олар Алла тағаланың қаһарына ұшырап, жұмақтан қуылып жерге түсті. Содан соң Қабыл туды, одан кейін Әбіл туды, күнделікті тіршілік күйбеңі, күнкөріс қамы, ойламаған жерден тағы да басқа көптеген машақат пайда болды. Өйтеміз, бүйтеміз деп жүргенде өмір өте берді. Екеуі де қартайды. Ақыры шынайы махаббаттың не екенін білмеген күйлерінде олар жер қойнына енді.
Аңыз арқылы автордың айтпақ болған негізгі ойы-тән құмарлығы ғана болып,екеуіне ортақ рухани әлем – жан құмарлығы жоқ жерде, шынайы махаббатта жоқ.
Махаббат, құмарлықпен бұл – екі жол, – деп хәкім Абай айтқандай, құмарлық пен махаббат – екі түрлі түсінік, екі басқа дүние. Едіге мен Гүлшат арасында құмарлық болды. Ол – тән құмарлығы еді. Ал, жан құмарлығы деп аталатын екеуіне ортақ – рухани әлем оларда болған жоқ. Оларда ортақ рухани әлем қайдан болсын, екеуі екі басқа дүниенің адамы болса...
Едіге көне Қыпшақтар туралы роман жазып, ұлтының тарихи жадын оятпаққа ниет еткен жан. Ал, Гүлшат болса сол тұстағы барлық қазақ жастары секілді, ұлт тарихынан мақұрым қалған болатын. Жан құмарлығы жоқ, тек тән құмарлығы ғана жақындастырған Гүлшатты Едігенің өзі де, оның әңгімесі де жалықтыра бастаған. Екеуінің арасындағы осы кезеңдегі қарым-қатынасты жазушы натуралдық-реалисттік негізде шынайы суреттеген.
– Менің бойымда Елтеріс, Естемилер, Күл-тегіндер заманындағы көшпенділердің қаны бар. Құла-Шора дегенді естіп пе ең? Естіген жоқсың. Мен солмын...
Гүлшат әуелде күле тыңдаған еді. Едігенің хикаясы тым ұзаққа созылып, мақтаны шектен шығып бара жатқан соң жалығып кетті. Сол кірген беті,төсектің қасында, орындықтың арқасына сүйенген күйі, терезеге қадала қарап, қимылсыз тұра берді.
– Арғыны қойдық, бергі тарихқа үңілсең,тумаластарыңның талайсыз тағдырын көресің. Қорланған да біз, езілген де біз. Сонда...неге көш соңында қалдық?...
– Қар жауып тұр, – деді Гүлшат. – Жапалақтап жауып тұр. Әппақ... Тура анадағыдай.
– Оқиға аляскалық үндіс әйелінің көзімен беріледі. «Өзінің күндесі ақ әйелді көрген соң, – дейді Джек Лондон, – индейка не себепті үнемі бөрі ұрпақтарының мерейі үстем беретінін ұқты.» Ата-анамыз надан болып, бізді дұрыстап оқыта алмады...
– Сыртқа шығып жүрсе ғой.... – деді Гүлшат.
– Мен бұрынғы-соңғы тарихымыз туралы көп ойландым, –деді Едіге.
– Жалпы, мен көп ойланам. Көп ойланатыным соншалық, кейде миым ботқаға айналып. Бара жатқандай...
– Катокқа барайықшы, – деді Гүлшат. – Биыл коньки тепкенім жоқ... Тұр, киінші, а, а? ( 135-136 –бет «Көк мұнар» романы. Алматы, «Атамұра» 2020)
Едіге сөздері қисынға сыймайтын үзік-үзік... «оқу өтіп кеткен» шала есті адамның кітаптан жаттап алған сөздері секілді. Бірақ, бұл сөздерде қаншама тарихи шындық жатыр. «Қорланған да біз, езілген де біз», – оның негізгі себебі: Оқу-білімнен кенжелеп, артта қалғанымызда екенін автор Едіге аузымен айтты. Ұлтымыздың ауыр, трагедиялық тарихын жазушы Джек Лондоннан келтірген бір мысал мен екі-үш сөйлемге сыйғызған. Көркемдік тәсілмен ұштасқан, ой-салмағы өте ауыр бұл сөйлемдердің айтар ойының мағынасы тем тереңде жатыр.
Джек Лондон кейіпкерін мысалға келтірген Едіге сөзі – отарланып, ұлттық болмысынан айырылған, езілген елдің зиялы ұлының қорланған сөзі. Едігенің жанайғайы Гүлшатқа мүлдем әсер етіп тұрған жоқ. Себебі, Гүлшат – ұлт тарихынан мүлдем хабарсыз «мәңгүрттенген» кейінгі жастар тобының өкілі. Оған бұл тақырып түсініксіз әрі қызық та емес. Екеуі екі басқа, екі бөлек адам... Олардың екі түрлі болуы – ұлт трагедиясына айналған отарлық саясатының айқын көрінісі. Жазушы дәл осы ұлттық трагедияны өзіне тән стильде үлкен шеберлікпен суреттеген.
Мүмкін, Едіге мен Гүлшат арасында тән құмарлығы болған да шығар. Бірақ, екеуіне ортақ-«жан құмарлығы» деп аталатын рухани әлем мүлдем жоқ. Сондықтан екеуінің арасында махаббатта жоқ. Болуы да мүмкін емес. Жазушы Едіге мен Гүлшат арасындағы қарым-қатынасты түсіндіру үшін шығарма өрісіне Адам-Ата мен Хауа-Ана туралы аңыздың біз ойламаған мүлдем жаңа нұсқасын кіріктірген. Бұл – оқушыға ой салу үшін жазушының ойлап тапқан тың тәсілі.
Анығына келгенде, Гүлшат пен Едіге арасындағы қарым-қатынасты бар болмысымен суреттеу – жазушының негізгі мақсаты емес еді. Шығармадағы өзекті ой мен авторлық негізгі мақсат – роман ішіндегі көне Қыпшақтар тарихын баяндайтын Едіге романы арқылы ұлт тарихынан сөз қозғап: «Менің бойымда Елтеріс, Естемір, Күл-Тегіндер заманындағы көшпенділердің қаны бар....», – деген Едіге сөзі арқылы, тарихын білмей «мәңгүртке» айналып бара жатқан ұлтын оятып, ұлттық тарихымыздың көне сүрлеуіне жол нұсқау болатын. Бітті. Бар мақсат осы! Жазушы Мұхтар Мағауин «Көк мұнар» романы арқылы мақсатына жете білді. Ендігі қалғаны, «жаңбыр-жаңбырдың арасымен» – қызыл цензураның кәріне ұшырамай, романды аман-есен баспадан шығару болатын.
Автор бұл шақта отызға енді ғана іліккен. Өз сөзімен айтқанда, жас болатын, албырт еді. Бірақ, аңқау емес-тін. Кеңестік қызыл цензураны өте жақсы білетін. Сондықтан, ұлт тарихын түгелдемек болған, ұлтын жан-тәнімен сүйетін, білімді де зиялы, талай жас еліктейтіндей кейіпкер болайын деп тұрған Едігені қолдан, жоспарлы түрде эгоист, мақтаншақ, тәкәппар етіп көрсетіп, архивтен тапқан жаңалық – қолжазбасын «ұрлаттырып», бітіп тұрған романын «жыртқызып», «қызы мен ажырастырып», «өмірді түсіну үшін» алыс Чукоткаға жіберді. Ең бастысы – ұлт тарихы бағдарына түрен түсіп, жол салынды. Бағыт айқындалды. Одан әрі тереңдеу роман үшін де, автор үшін де қауіпті болатын. Автор дер кезінде өзін-өзі тоқтата білді. Жарты ғасырдан астам уақыт өтті. Шүкір... Кітап әлі оқырман тарапынан сұранысқа ие. Бұл – шығарманың көркемдік дәрежесінің айғағы болса керек.
Әуелгі мақсат: Ұлттың тарихи жадысын ояту еді...
Нұрғали Махан
Abai.kz