Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 7693 27 пікір 4 Сәуір, 2024 сағат 16:13

Тоқаевты «алдамаған кім қалды тірі жанда?!»...

ҚР Парламенті Сенатының
Төрағасы М.С. Әшімбаев мырзаға!

Құрметті Мәулен Сағатқанұлы!

2023 жылы 19 сәуірде Сенаттың мақұлдауымен енгізілген «Халықтың көші-қоны туралы» заңның 20-бабының 5) тармағы көшіп келушілерді қоныстандыру үшін Үкімет айқындаған сегіз өңірден бөлек тоғыз облыс пен үш қалаға қоныстанғысы келетін этникалық қазақтарға «Қандас» мәртебесін мүлде бермейтін етіп тастағаны туралы айтып келе жатқанымызға жарты жылдан асты.

Осы мәселеге байланысты Өзіңіздің атыңызға алты адам қол қойып, «Отандастар қоры» арқылы хат жазғамыз.

Сіз сол хатта айтылған өтінішімізді ескеріп, Сенатта бізбен кездесу өткізді тапсырған екенсіз.

Екінші сәуір күні Сіздің сол тапсырмаңызға сай, Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі, Жұмыс тобының жетекшісі Советбек Медебаевтың төрағалығымен кездесу өтті.

Өтінішімізді ескеріп, осынау кездесу өтуіне ықпал еткеніңіз үшін, Сізге өзімнің және жалпы қандастар атынан көп рахмет!

Ризамын Сізге!

Аталған кездесуге Советбек Тұрсынұлымен бірге, жазушы-ғалым Тұрсынхан Зәкен және ҚР ІІМ Көші-қон қызмет комитеті төрағасының орынбасары Жанар Қожахметова мен Көші-қон қызмет комитетінің инспекторы Тілеулес Садинова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитетінің төрағасы Асқарбек Ертаев, ҚР Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет департаменті Консулдық мәселелер басқармасының басшысы Алмат Абжанов қатысты.

Екі мәселені талқыладық.

Бірі – «Халықтың көші-қоны туралы» заңның 20-бабының 5) тармағы алып тастау;

Екіншісі – Қытайдан көшіп келген этникалық қазақтар үшін, Қытайдан әкелген құжаттарға апостиль қойдыру мәселесі.

Құрметті Мәулен Сағатқанұлы!

Екінші мәселе, әрине, Сенаттың құзырына жатпайды.

Ал, бірінші мәселе қазір Сенатта қаралып жатқан Көші-қон үрдісін реттеуге арналған заң жобасының аясында шешілуі керек.

Енді этникалық қазақтардың азаматтық алуына басты кедергі болып отырған осы мәселені Өзіңізге өз қолыммен жазып жеткізуді жөн көрдім.

«Халықтың көші-қоны туралы» заңның өткен жылы СЕНАТ ҚАБЫЛДАҒАН 20-бабының 5) тармағы мынау:

5) қандастарды аумақтық-әкімшілік бірлікте қабылдаудың өңірлік квотасының болмауы немесе этникалық қазақтың қоныстандыру үшін ұсынылған аумақтық-әкімшілік бірліктен бас тартуы.

Бұл норма екі бөлектен немесе екі мазмұннан тұрады.

Бірінші бөлігі бойынша, қандастарды аумақтық-әкімшілік бірлікте қабылдаудың өңірлік квотасының болмауы – Қандас мәртебесін беруден және ұзартудан және (немесе) қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізуден бас тарту үшін негіз болып табылады.

Егер, осы норма бойынша, көшіп келушілерді қоныстандыру үшін арнайы көшіп келу квотасы бөлінетін өңірлерге (Қандастарды қабылдаудың 2024 жылға арналған өңірлік квотасы бойынша, Павлодар облысы – 902, Қостанай облысы – 550, Ақмола облысы – 285, Шығыс Қазақстан облысы – 269, Солтүстік Қазақстан облысы – 207 адам, Абай облысы – 220 адам) қоныстанған этникалық қазақтарға ғана «Қандас» мәртебесі берілуі керек.

Ал, көшіп келушілерді қоныстандыру үшін мұндай квота бөлінбейтін өзге облыстар мен Астана, Алматы, Шымкент – үш қалаға қоныстанғысы келетін этникалық қазақтарға «Қандас» мәртебесі берілмеуі керек!

Қандастарды қабылдаудың 2024 жылға арналған өңірлік квотасының саны 2 433 адам екен.

Аталған норманың бірінші бөлігіне салсақ, осы 2433 адамнан өзге көшіп келушілердің бәріне «Қандас» мәртебесі берілмеуі тіс.

Енді осы норманың екінші бөлігі бойынша, этникалық қазақтың қоныстандыру үшін ұсынылған аумақтық-әкімшілік бірліктен бас тартуы – ол да Қандас мәртебесін беруден және ұзартудан және (немесе) қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізуден бас тарту үшін негіз болып табылады.

Бұл – «Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясындағы» (13-бап) «Әр адамның әр мемлекеттің ішінде жүріп-тұруына және өз қалауынша тұратын мекен-жайды таңдауына құқығы бар» деген нормаға және осы Декларацияның негізінде қабылданған  Қазақстан Республикасының Конституциясындағы (21-бап), тіпті осы  «Халықтың көші-қоны туралы» заңның 5-бабындағы қонысын еркін таңдау құқығына қайшы!

Көшіп келушілердің этникалық қазақтарды қоныстандыру үшін ұсынылған аумақтық-әкімшілік бірліктен бас тартуы – олардың халықаралық конвенциялармен, өзіміздің Конституциямен бекітілген құқығы!!

Оған ешкімнің ешқашан қол сұғуға қақысы жоқ!!

Құрметті Мәулен Сағатқанұлы!

Сенесіз бе, осыны айтып қақсағанымызға, міне, жарты жылдан астам уақыт өтті, Мәжіліс пен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне түсіндіре алмай қор болдық!

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитетінің төрағасы Асқарбек Ертаев деген нағыз бетбақтың өзі екен! Кешегі Сенатта өткен жиналыста тағы бет бақтырмай отыр. Шімірікпестен, «Біз қағидаттар арқылы «Қандас» мәртебесін беріп жатырмыз»-дейді.

20-баптың мына 5) тармағы тұрғанда, ол қандай ҚАҒИДАТ?!

Егер, Көші-қон комитетінің төрағасы Асқарбек Ертаев 2023 жылдың 19 сәуірінен бері Үкімет айқандаған өңірлерден өзге облыстар мен қалаларға көшіп келген этникалық қазақтарға «Қандас» мәртебесін беріп жатқан болса, онда ол – заңсыз!

Мүмкін, ақшаға сатып жатқан болса керек!!!

Құрметті Мәулен Сағатқанұлы!

Естуге қарағанда, бұл норманы Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті қабылдаған көрінеді.

Сіздің әр заңның әр тармағына шұқшиып отырмасыңыз белгілі. Бірақ, Төраға болған соң, мұндай сорақылықтың сойылы бәрібір Сізге тиеді.

Айтыңызшы, осы 20-баптың 5) тармағы қандай ҚАЖЕТТІЛІКТІҢ негізінде қабылданыпты?!

Соны білгім келеді. Өтінемін, анықтап беріңізші!

Егер, Сенат бұл норманы білмей қабылдаса, ол – ТАПАСТЫҚ!

Біле тұрып, әдейі қабылдаса, ол – ҚАСТАНДЫҚ!

Ал, Үкімет айқындаған өңірлерге көшіп келушілерді жаппай қоныстандыру үшін жасалған АМАЛ болса, ол да – ТОПАСТЫҚ және Сенаттың барып тұрған БЕЙШАРАЛЫҒЫ!

Мұны басқаша түсіндіру мүмкін емес, құрметті Мәулен Сағатқанұлы!

Құрметті Мәулен Сағатқанұлы!

Егер, аталған норма тағы да Сенаттан өтіп, Президенттің қол қоюына жолданса, бұл – барып тұрған масақаралық болмақ!

Өткен жылы Сіздер мақұлдаған осы Заң қолданысқа енгеннен бері Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев алыстағы ағайынға жолдаған әрбір хатында: « Мемлекет қашанда шетелдегі қазақтардың мәселесіне баса мән берді. Атажұртқа оралуға ниеті бар адамдар үшін барлық жағдай жасалған. Қазақстан азаматтығы мен қандас мәртебесін алу тәртібі жеңілдетілді…» деумен келеді.

Қасым-Жомарт Кемелұлының осы сөзін өткен жылы үш мәрте естіп, үшеуінде де бетімнен отым шықты. Ұялғаннан қара Жерге кіріп кетейін деп ем, тесік таппадым.

Қайдағы ЖЕҢІЛДЕТІЛГЕН?!

Осы норманың кесірінен аталған норма заңға енгізілгеннен кейін Атажұртқа оралған неше жүздеген, тіпті мыңдаған ағайын «Қандас» мәртебесін ала алмай сергелдеңге түсуде. Алды келген еліне қайта көше бастады. Төлқұжаты мен визасының уақыты толып, не ары, не бері емес жағдайда қалғандары да жетерлік. Жемқорлар мен делдалдардың жемі болғандар қаншама?!!

Айтыңызшы, Қасым-Жомарт Кемелұлын «Алдамаған кім қалды тірі жанда?». Көші-қонның заңын қатырдық, азаматтық пен «Қандас» мәртебесін беруді жеңілдеттік деп, Мәжіліс пен Сенат алдады. Тасқын суға тас-түйін дайынбыз деп, сеніп тағайындаған әкімдері мен министрлерінің бәрі алдапты. Күн жылынып, қар суы еріп еді, міне, айналдырған он жеті облыстың он екісінде су басу оқиғасы туылып, ауылдар суға батып кетті. Тұрғындар баспанасыз қалды. Өлген малда есеп жоқ…

Сөйтіп, атқарушы билік Президентті тағы ыңғайсыз жағдайда қалдырып, халықтан кешірім сұратуға дейін апарды…

Ұят емес пе?!

Президентті аяуымыз керек қой!

Құрметті Мәулен Сағатқанұлы!

Көріп отырсыз ғой, жақсы білесіз тағы, Қасым-Жомарт Кемелұлын алдайтындар онсыз да жетеді. Алдап келген, алдап та жатыр. Өздеріне жақсы болса, олар алдай берсін, Сіз алдамаңызшы, жарай ма?! Басқаны алдасаңыз да, Президентті алдамаңызшы…

Сол үшін, Сізден «Халықтың көші-қоны туралы» заңның 20-бабының 5) тармағын түгелімен алып тастауды сұраймын!

Кешегі жиналыста анау Көші-қон комитетінің төрағасы Асқарбек Ертаев: «20-баптың 5) тармағын өзгерту және алып тастау туралы Үкіметке ұсыныс бердік, Үкімет қолдаса, Президент Әкімшілігі ұарайды…»-деп, бірдемесін міңгірлеп отырды.

Бұған Үкіметтің, Президент Әкімшілігінің қандай қатысы бар. Бұл Үкіметтен ақша талап ететін норма емес қой. Әлде, құлыбаевтар Президент Әкімшілігі арқылы Заң шығару ісіне әлі араласа ма?! Бұл не сұмдық?! Сенаттың құзыреті қайда?!! Жоқ, Сенат бұл номаны заңнамадан алып тастасын немесе Заң жобасын Мәжіліске қайтарсын. Біздің өтініш – осы! Бұл – бір.

Екінші, жалпы көші-қон саясаты, оның заңнамалық тетігін реттеу туралы ақылдасу үшін мені жеке қабылдауыңызды сұраймын!

Ауыт Мұқибек

Abai.kz

27 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377