Жұма, 22 Қараша 2024
Саңлақ 1602 0 пікір 27 Мамыр, 2024 сағат 15:18

IV чемпионат. 1972. Алманша арман-команда

Коллаж: Abai.kz

Басы: Кешігіп туған керемет

Жалғасы: І Чемпионат. 1960. Кеңес футболының алтын дәуiрi

Жалғасы: ІІ Чемпионат. 1964. «Қызыл фурияның» тұңғыш табысы

Жалғасы: ІІІ чемпионат. 1968. Теріс түскен «теңге»

Мамандар 1972 жылғы Германия құрамасын аталмыш ел тарихындағы ең үздік команда деп есептейді.

Ойыншы алмастыруға рұқсат берілді

1970 жылы Цюрихте өткен УЕФА атқару комитетінің кезекті отырысында содан екі жыл бұрын Италияда ұйымдастырылған ІІІ Еуропа чемпионатының қорытындылары талқыланып, турнирдің ережесіне біраз жаңа өзгерістер енгізілді. Тең аяқталған ойынның жеңімпазын жеребе арқылы анықтаудың (1968 жылы жартылай финалда италиялықтар КСРО құрамасынан солай «басым түскен» болатын) әділетсіз екенін «енді түсінген» құрлық футболының құрметті басшылары елді бұдан былай ондай күлкілі жайттардың қайталанбайтынына сендірді. Енді плей-офф кезеңінде екі ойын да бірдей есеппен тең аяқталған жағдайда жеңімпаз бес-бестен 11 метрлік айып добын тебу арқылы анықталатын болды. Осыған «миы жеткен» УЕФА-ның құрлықтық клубтық жарыстарда қолданыла бастаған «командалар бірін-бірі бірдей доп айырмасымен (мәселен, 2:1 және 0:1) жеңген жағдайда басымдықты олардың сырт алаңда көбірек доп соққан біреуіне беретін» ережені Еуропа чемпионатына да енгізуге қарсы болуы жұртшылықты қатты таң қалдырды. Ал жұрт көптен күткен тағы бір өзгеріс: ІV чемпионаттан бастап матч барысында әр командаға өз құрамындағы 11 ойыншының екеуін алмастыруға мүмкіндік беру – федерациялар тарапынан ешқандай қарсылыққа ұшыраған жоқ.

Іріктеу турнирінің жеребесі Римде тартылды. 32 құрама төрт-төрттен 8 топқа бөлінді. Топтардың жеңімпаздары екі ойыннан тұратын ширек финалдық жекпе-жектерде жүлдегерлер төрттігін анықтады.

Осыдан бұрынғы турнирлердегідей, іріктеу кезеңінде тамаша ойын көрсеткен Чехословакия құрамасының тағы да жолы болмады. Ең алғашқы кездесуде өз алаңында финдерді ұта алмаған олар басқа ойынның бәрін сәтті өткізгенімен, бәрібір екінші орында қалды: өйткені осы топтағы Румыния футболшыларының қарқыны бұдан да қатты болды. Бірдей ұпай жинаған қарсыластардың әрі қарайғы тағдырын доп айырмасы шешіп, румындар жеңімпаз атанды. Керісінше, 2-топта турнирді сәтті бастаған француздар мен болгарлар өзара қырқысып, бір-бірінен ұпай жырып алып жүргенде, әуелгі ойындарда әлсіз көрінген венгрлер бапкерін ауыстырғаннан кейін (Хоффердің орнына Илловски келді) қаһарына мініп, ширек финалға берілер жолдаманы қос қарсыласының қолынан жұлып әкетті. Әсіресе олардың Парижде алаң иелерін 2:0 етіп жеңген ойыны керемет болды. 3-топта өздеріне лайықты қарсылас табылмағандықтан, ағылшындар келесі сатыға ойнап жүріп-ақ шықты.

«Севилья қамалы түбіндегі шайқас»

4-топтағы негізгі бәсеке КСРО және Испания командалары арасында өтті. Мәскеуде өткен матчта испан жаттықтырушысы Ладислао Кубала тасқамал қорғаныс тактикасын ұстанды. Қонақтар өз қақпасының маңында ұйлығысып, алға мүлде жылжыған жоқ. Кеңес футболшылары бүкіл ойын бойына айқын басымдық танытқанымен, 79-минутқа дейін қақпа құлпы ашылмады. Матчтың бітуіне он бір минут қалғанда ғана Виктор Колотов испан қақпашысын қапы қалдырып, таблодағы сірескен 0:0-ді өзгертті. Қарсы жақ оқыс соққыдан есін жиям дегенше, Виталий Шевченко есепті ұлғайтып үлгерді. Кубала алаң жиегінде тұрып «алға!» деген белгі беріп еді, осыған дейін қорғаныстан қолы босамаған испандықтар алға лап қойды. Бірақ олардың белсенділігі тым кеш оянған екен, Карлес Рексач бір доп қарымта қайтарғанымен, одан әріге баруға уақыт жеткен жоқ.

Ал Севильядағы кездесу бұған мүлде керісінше сипатта өтті. Спорт тақырында қалам жазатын белгілі орыс қаламгері Лев Филатовтың осы ойын туралы репортажын «Севилья қамалы маңындағы шайқас» деп атауы тегін емес («Футбол-Хоккей», №11, 1971). Мақаланың тақырыбын оқыған адам оны футбол емес, соғыс туралы екен деп ойлап қалуы әбден мүмкін еді. Расында да, қос команданың жасыл алаңдағы жанкешті қимылы анау-мынау айқасыңнан кем емес-ті. 90 минут бойы КСРО құрамасының 11 футболшысы түгелдей өз қақпасын жанталаса қорғауға мәжбүр болды. Бұл күні алаң иелерінің қарқыны тіпті тау құлатардай еді. Ойынды теледидардан көрген адамға бұл футбол матчы емес, Николай Озеровтың синхронды аудармасымен беріліп жатқан шетелдік триллердей көрінуі ғажап емес еді: құлақ тұндырар шуыл, өз командасын жанын сала жігерлендіріп жатқан 40 мың жанкүйер, минут сайын қарсы қақпаны нысанаға алып жатқан испан шабуылшылары... Бірақ Киевтің «Динамосында» ойнайтын қақпашы Евгений Рудаков алаң иелері үшін алынбас қамалға айналды. Одан айласын асыра алмаған испандықтар тіпті жыларман халге жетті. Егер сол кездегі газеттер әр ойыншыға балл қоятын болғанда, Рудаков сөзсіз 10 балл алар еді. Ойынның 0:0 боп бітуі негізінен осы жігіттің арқасы болатын. Осы нәтиже кеңес командасын топ жеңімпазы атандырды.

Мюллер және оның командасы

Қалған төрт топтың үздіктері өз қарсыластарынан айқын басым түсті. Сөйтіп, 1972 жылдың қаңтарында Цюрихте өткен жеребе нәтижесінде ширек финалдық жұптар былай түзіліп, мынадай нәтижелер тіркелді: Германия – Англия – 0:0 (бірінші ойын 3:1), Бельгия – Италия – 2:1 (0:0), КСРО – Югославия – 3:0 (0:0), Венгрия – Румыния – 1:1, 2:2, 2:1 (үшінші ойын бейтарап алаңда – Белградта өтті).

Финалдық турнир әу баста Англия, Италия немесе Бельгияда (қайсысының жартылай финалға шығуына байланысты) өтеді деп жоспарланған болатын. Егер бәрі де ширек финалдан өте алса, басымдық ағылшындарға, олар өте алмаса, италиялықтарға берілетін болып шешілген-ді. Сөйтіп, бельгиялықтар іштей үмітін үзіп қойған болатын. Қызық болғанда, ағылшындар батысгермандықтардан жеңіліп тынды, ал Италияны Раймонд Гуталс шәкірттерінің өзі жолда қалдырды. Сөйтіп, ІV Еуропа чемпионатының шешуші төрт кездесуі Бельгияда өтті.

Жартылай финалға жеткенінің өзін «аса ірі табыс» деп бағаласа да, алаң иелері матч сайын қарқынын үдете түскен «неміс машинасына» лайықты қарсылас бола білді. Антверпенде өткен ойынның есебі (2:1) қарсыластар күшінің ара салмағын айқын аңғартқандай еді. Ал Брюссельдегі жекпе-жекте «ескі таныстар» – КСРО және Венгрия футболшылары тоқайласты. Қос қарсылас та шабуылдан гөрі қорғанысқа көбірек маңыз берді. Жалпы алғанда тең дәрежеде өткен ойынның 53-минутында кеңес командасының жолы болды: бұрыштан берілген допты венгр қорғаушыларының бірі кері қайтарамын деп, тура Анатолий Коньковтың алдына түсіріп берді – 1:0. Кездесудің соңына қарай венгрлердің есепті теңестіруіне тамаша мүмкіндік туды: Муртаз Хурцилава айып алаңының ішінде ойынға жаңа ғана араласқан ардагер Флориан Альбертті шалып жықты – пенальти! Оны шабуылшы Шандор Замбо соғып еді, Рудаков тағы да ерлік көрсетіп, допты кері қайтарды. Көңіл-күйі түсіп, сағы сынған венгрлер 3-орын үшін болған ойында алаң иелерінен ұтылып қалды (1:2).

Финал бір ғана команданың – батысгермандықтардың басымдығымен өтті. Орыс баспасөзінің өзі мұны «Мерседес» пен «Запорожецтің» жарысына теңеді. Мамандар құрамында Зепп Майердей қырағы қақпашысы, Франц Беккенбауэр, Пауль Брайтнер сынды үздік қорғаушылары, Гюнтер Нетцер тәрізді ойлы диспетчері, Герд Мюллердей сұрмергені бар 1972 жылғы ГФР (Германия Федеративтік Республикасы, қазір біреулер Алмания деп те жүр) құрамасын аталмыш ел тарихындағы ең үздік команда деп есептейді. Тіпті 1974 жылы Әлем кубогын олжалаған құраманың өзі бұған қарағанда сәл солғындау еді деседі. Әрине, Хельмут Шен баптаған «неміс машинасымен» салыстырғанда «Запорожец» сияқты болғанымен, КСРО командасы да құрлықтағы таңдаулы ұжымдардың бірі екенін дәлелдеді...

IV ЕУРОПА ЧЕМПИОНАТЫ

(Бельгия, 1972 жыл)

Финалдық турнирде 4 матч ойналып, 10 доп соғылған. Мерген футболшы: Г.Мюллер (ГФР) – 4 доп.

Жартылай финал

Бельгия – ГФР – 1:2, КСРО – Венгрия – 1:0

3-орын үшін матч

Бельгия – Венгрия – 2:1

ФИНАЛ

ГФР КСРО 3:0

18 маусым. Брюссель. «Эйзель» стадионы. 43 066 көрермен. Төреші Маршалл (Австрия).

ГФР: Майер, Хеттгес, Брайтнер, Шварценбек, Беккенбауэр, Виммер, Хайнкес, Хенесс, Г.Мюллер, Нетцер, Кремерс.

КСРО: Рудаков, Дзодзуашвили, Хурцилава, Капличный, Истомин, Коньков (Долматов, 46), Трошкин, Колотов, Байдачный, Банишевский (Козинкевич, 63), Онищенко.

Голдар: Г.Мюллер, 27 (1:0), Виммер, 51 (2:0), Г.Мюллер, 58 (3:0).

Ескерту алғандар: Капличный, Хурцилава.

Сәкен Сыбанбай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1453
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3216
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5257