Бейсенбі, 19 Қыркүйек 2024
Ақмылтық 1972 10 пікір 3 Маусым, 2024 сағат 14:49

Тобылдағы тасқын және Алтынсарин кесенесі

Коллаж: Алмасбек Әбсадық

Басы: Тобылдағы тасқын су: Көргеніміз бен көңілге түйгеніміз

СӨЗ БАСЫ

Торғай мен Тобыл өңірінде болған биылғы алапат тасқын, көнекөз қарт кісілердің айтуынша, алды сексен, арты қырық жылда бір қайта соғып отырады екен. Табиғатттың тосын мінезінен әкімшілік те, құрылысшы да, егінші де, бизнес өкілдері де ой-пікірлерін қорытып, тәжірибе түйіп, тағылым алатыны сөзсіз. Ғалым ретінде біз де тасқын салдары көрінісінен өзіміз қаузап жүрген мәселеге көңіл аудардық. Ол – ағартушы Ыбырай Алтынсарин жерленген әулеттік қорым туралы мәселе. Біздер Алтынсарин заманындағы нақты тарихи деректерге, ағартушыны көзімен көрген, сондай-ақ оған туыстық жағынан аса жақын кісілердің мәліметтеріне сүйене отырып, ағартушының аталары Балғожа, Қанғожа, өз балалары Абдрахман, Шарипа жерленген әулеттік ескі қорым тасқын кезінде Тобылдың су басатын еңістегі оң жағалауда емес, өзеннің Қостанай қаласы орналасқан сол жақ жағалауында – биік қырда болған деп тұжырым жасаған едік. Оқшау ой мен өзгеше тұжырым шынайы тарихи деректердің, маңызды ғылыми пайымның қадір-қасиетін терең тани алмайтын жандардың көңіліне қонбай, ит көрген текедей ожырайған кісілер де болғаны рас. Бірақ көктемдегі Тобыл өзенінің алапат тасқыны «Құдай – шебер» деген халықтың тәмсілі бекер айтылмағандығын тағы да бір дәлелдеді. Жаратқан иеміз тасқын су қауіп төндірген оқиға арқылы ойпатты, еңісті жерге бейіт соғылмайтынын көкірегі ашық, зейіні зерек кісілерге ұғындырып бергендей болды деп санаймыз.

ТҮСІРІЛІМ БАЯНЫ

Тобыл өзені көзіміз үйренген арнадан асып, теңіздей тасып жатқанда, тосын оқиғаны бүгінгі заман адамының айнымас серігі болған заманауи смартфон арқылы видеоға түсіріп, асқын жүріп жатқан уақытта өзеннің тасыған арнасында қалған Ы. Алтынсарин кесенесінің жай-күйін білу мақсатында 2024 жылдың 7-сәуірінде кесене маңына баруға талпындық, Бірақ кесенге жол түсеретін Қостанай-Әулиекөл трассасы екі бағыттан да (қала жақтан да, Әулиекөл жақтан да) жабық болғандықтан, ол қарекетіміз баянсыз болды.

Тасқынның шырқау шегі өткеннен кейін екі күннен соң, яғни сәуірдің 9 күні КЖБИ көпірі ашылып, кесенге жол тарту мүмкіндігі туды. Бірақ Мичурин селосына ойпатпен баратын тасжолды «Золотой фазан» демалыс кешені жанындағы саймен келген («Весна» және «Железобетощик» саяжайының іргесі) тасқын су басып қалғандықтан (кесененің нақ өкпе тұсы), кейін қайтуға тура келді. Жалпы, Мичурин селосына Қостанай қаласынының КЖБИ көпірі арқылы екі тас жолмен баруға болады. Бірі – «Железобетонщик» саяжайының желкесіндегі қыр үстіндегі тасжол, екіншісі – төмендегі ойпатқа түскен жалдама тасжол. Ойпаттағы жол тасқын кезінде кесілді. Содан дереу әлеуметтік желіде дронның көмегімен тасқынды түсіріп жүрген блогерлерге шығып, кесене жақты видеоға түсіріп беруді өтіндік. Инстаграмда парақшасы бар блогер Арсен Акушеков атты жігіт өтінішімізге құлақ асып, 9-сәуір күні түс ауа  аймақты дрон арқылы көктен видеоға түсірді (видео 1).

(КЖБИ шұңқыры: Мохито ДК - Алтынсарин мавзолейі 9 апрель 2024 жыл)

Дронмен түсірілген қысқа видеодан біздер оқырманға түсінікті болу бірнеше скрин жасадық. Ондағы мақсат түсірілімдегі бейнеленген кеңістіктің басты нысандарын айқындап беру. Түсірілімде топан суға тұтастай батқан «Мохито» демалыс кешені тұсынан көз салғанда, телегей-теңіз болған тасқын су ортасында алыстан ағараңдап көрінген нысан – Ы.Алтынсарин кесенесі (скрин 1).

Скрин 1. «Мохито» ДК және Ы.Алтынсарин кесенесі

«Махито» ДК, серуендеушілерге арналған жағалау, одан тура салғанда аса алыс емес Ы. Алтынсарин кесенесі жергілікті тұрғындар «КЖБИ шұңқыры» (Котлован КЖБИ) деп атап кеткен қойнауға орналасқан. Патша заманынан жеткен ескі картада Тобыл арнасы бұл тұста екі бүйірі бұлтиып, өзеннің негізгі өзегіне орналасқан екі бас қоржын-шұңқырды құрайды (біздер бұған «КЖБИ шұңқыры-1», «КЖБИ шұңқыры-2» деп айдар тағып жүрміз). Қазіргі таңда кесене жанынан өтетін ескі арна судан айырылып, өзеннің басты өзегі Қостанай қаласы жағындағы жарқабақтың қасынан ағатын жаңа арнаға ауысқан. Тасқын кезінде Тобылдың кесене жанындағы ескі арнасына «Золотой фазан» ДК жағынан мол су келіп құлады (Скрин 2).

Скрин 2. КЖБИ шұңқырының маңы

Кезінде бүйірі толып, қампиған қоржындар қазіргі таңда тұйықталған шұңқырға айналған. Олар өзеннің негізгі арнасына алыстап, онымен көлденеңнен түскен кіндік тұстағы тамақпен (жұтқыншақпен) ғана байланысады.

Ы. Алтынсарин бейітінің маңын мол су басып, кесене жанында тасқынға дейін құрғап қалып, қалың жынысты шілік тоғай болып кеткен Тобылдың ескі арнасына биылғы тасқында қайта су толды. Ескі арнаға су Тобылдың қазірге арнасынан асып, сонымен қатар «Золотой фазан» демалыс кешені жанындағы сай арқылы құйылды (скрин 3).

Скрин 3. Алтынсарин кесенесі

Видеоға назар аударғанда (әлеуметтік желіде өзге де түсірілімдер бар) бірден көзге көрінетін мәселе – кесене маңын алапат су басқан. Рас, кесененің дәл іргесінде су жоқ. Мұның себебі, біріншіден, кесенені видеоға түсірген уақыт тасқынның шырқау шегі өткен 7-сәуірден кейін екі күннен соң жүзеге асырылды. Бұл уақытта судың қарқыны едәуір қайтып, қыр жерлерден су ойға қарай ойыса бастаған еді. Екіншіден, 2017 жылы кесенені «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен қайта жаңғыртқан уақытта оның іргесін көтеріп, кесененің бойын 15 құлашқа созып, еңселі етіп салған болатын. Кесенеге барған кісілер бірнеше баспалдақпен көтеріледі. Сондықтан төмпешіктегі су ойпатқа тез ағып кеткен. Үшіншіден, кесененің оңтүстігінен де («Золотой фазан» демалыс кешені жағынан), солтүстігінен де телегей-теңіздей болып тұрған топан су кесене аймағы Тобыл өзені тасығанда су басатын жағалау болғанын нақты айқындап тұр. Сол топан су тасқынның өткеніне бір жарым ай өтсе де, бүгінгі күнге дейін көлкіп тұр (Видео 2).

;t=40s

(Қостанай-Мичурин тасжолы (ойпаттағы жол) 25. 05 .24).

ТАСҚЫННАН ТҮЙГЕН ТҰЖЫРЫМДАР

Биылғы тасқын біздерге мынадай тұжырымдар жасауға мүмкіндік туғызды:

1. «Тобылдың арғы беті» деген ұғым бүгінгі біздердің көзіміз үйренген момақан өзен арнасының арғы жағалауы емес, Тобыл қаласы, Заречный, Мичурин ауылдары орналасқан биік қырат деп тану қажет. Себебі тасқын кезінде қала орналасқан оң жағалаудағы жар мен сол жағалаудағы қырат аралығындағы «ат шаптырымдай алаптарды» (Б.Майлин) су басып, Қостанай қаласы орналасқан сол жағалаудағы жарқабақ пен Тобыл (бұрынғы Затобол поселкасы) қаласы, Мичурин селосы (бұрынғы Мичурин совхозы) орналасқан оң жағалаудағы қырат арасындағы алқап телегей теңізге айналды. Ықылым заманнан осылай болып келген. Бұл алаптағы тасқын су әлі күнге дейін «аққу ұшып, қаз қонатындай» айдын шалқар көл болып тұр;

2. Ертеде Тобыл өзені Қаратомар су қоймасы, Жоғары Тобыл және Амангелді су тораптары салынбай тұрғанда жиі тасып тұрған. Тасқын кезінде аталған су қоймасындағы топан судың қарқыны қандай болғанын қостанайлық блогер Акушеков Арсеннің 2024 жылдың 10 сәуірінде Қаратомар плотинасын көктен түсірген мына видеосынан байқауға болады. Аталған су қоймалары жоқ кезде Тобыл өзені осылай жиі тасып тұрғандығы сөзсіз. Оның үстіне өзенің мұзын жарып, сеңді қозғайтын қопарғыш заттар да болмаған. Сондықтан жұрт тасқыннан сескеніп, Тобыл өзені ағып жатқан ойпатты жерге ешбір нысан салмаған;

3. Кеңес дәуірінде салынған, уақыт мүжіп қажыған Қаратомар су қоймасы бұрынғыдай суды ұстап тұруға шамасы келмейтін болса, Тобыл өзенінде мұнан да қатты тасқын болуы әбден мүмкін.

МӘСЕЛЕНІҢ МӘЙЕГІ

2021 жылдың 6-тамызында біздің тарапымыздан «Abai.kz» порталында «Алтынсаринның отбасылық суреті қайда түсірілген?», сол жылдың 23 тамызында «Ыбырай Алтынсарин қайда жерленген?» деген тақырыппен мақала жариялаған едік. Қос мақала оқырмандардың қызығушылығын тудырып, оның қаралымы «ә дегеннен» шарықтап кетті. Бүгінгі таңда (31.05.2024 ж.) алғашқы мақала 13495 қаралымға, ал екіншісі – 9834 қаралымға ие болды.

Біздің тыңнан қозғаған мәселеге облыс орталығындағы Алтынсарин атындағы музей басшылығы өре түргеліп, «фактіден гөрі өзінің болжамына негізделіп жазылған мақалалар» деп дабыл қағып, «Қала салынбай тұрғанда Тобылдың оң жағы бос болмаған, ол жерді жергілікті қазақтар жайлаған. Ал Тобылдың сол жағалауы бос болғандықтан, оған переселендер қоныстанған» деген сынды тарихи шындыққа жанаспайтын және кеңестік заман тұсындағы қырандай қырағы цензура сүзгісінен өткен еңбектерден, сонымен қатар таптық, интернационалдық идеологияны шоқпар еткен компартия саясатынан қаймыққан зерттеушілердің (бұл сол кездегі жалпылық көрініс еді) пікірлерінен оңды-солды мысалдар келтіріп екі «жауап» (?) жазғандықтан, 2021 жылдың 20-желтоқсанында «Екі жауапқа – бір жауап» деген мақала жариялап, ойымызды тағы бір дәлелдеуге ұмтылдық.

Аталған мақалаға арқау болған тұжырымдар Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы Абайтану академиясының қолдауымен жарық көрген «Абай және Ыбырай» (Астана, 2022) атты ғылыми-танымдық кітабымызда жаңа деректермен кеңейтіліп, ғылыми қауымға, көпшілік назарына да ұсынылды. Ғылыми қауым зерттеуді ыстық ықыласпен қабылдады.

ЗЕРДЕ-ЗЕЙІН, ПІКІР-ПАЙЫМ ҚОРЖЫНЫ

Біздің көпшілік қауымға ұсынған зерде-зейін, пайым-тұжырымдарымыздың қоржыны мынадай:

1. Ы. Алтынсаринның үйіне оның көзі тірісінде сан мәрте барған Қостанай уездік 2 сыныптық мектебінің меңгеруші Ф. Д. Соколовтың 1889 жылдың 9-тамызы күні (Алтынсарин қайтыс болғаннан кейін 24 күннен соң) Н. Ильминскийге жазған естелік хатында ағартушының қыстауы қала іргесінен 3 верст қашықтықта орналасқан деп және ол қайтыс болғанда қыстаудан бір верст жердегі ата-бабсының қорымына жерленді деп жазады. Оның жазбасында қыстау мен қорым Тобылдың оң жақ жағалауы (яғни арғы беті) деген дерек жоқ. Ал сол кездегі қолданыста «Затобольск», «Заречный» деген когнитивтер жиі қолданыста болған;

2. Ор қаласындағы Мұғалімдер мектебін бітірген соң, 1886 жылдан бастап Ы. Алтынсаринның қолдауымен Қостанай уездік мектебінде көмекші мұғалім болып қызмет жасаған, ағартушы төсек тартып жатқанда науқас ұстазын күтіп, өз қолымен ақтық сапарға шығарып салған Ә. Балғымбаев 1941-1943 жылдар аралығында Алматыда жазбаға түсірген күнделігінде Ы. Алтынсаринның өзі салдырған 5-6 бөлмелі қыстау үйі Тобылдың сол жақ жағалауында, қаладан 3-4 верст жерде деп жазады. Рас, күнделіктің бір тұсында ол Торғайдан Қостанайға көшкен ағартушының қарекетін баяндай келе, жаңадан салынған қыстауды «Тобылдың арғы бетінде» деп айтатыны бар. Бұл тұста ол көңілдегі дерек суретті көштің бағытымен баяндап отырғаны сөзсіз.

3. Ағартушының көзін көрген сауатты, білімді кісілердің арасында соңғы тұяқтай болып 1943 жылға дейін өмір сүрген Ә. Балғымбаев ағартушыға арнап ақын Нұржан Наушабаевтың өлең шумағы жазылған құлпытас дайындалғанын, бейіттің басына Алтынсаринның қай рудан екені, аты-жөні мен қайтқан мерзімі көрсетілген тастан ескерткіш белгі қойылғанын айта келе, қорымның 1928-29 жылдары жойылып кеткендігін жазады: «Неизвестна судьба памятника и самих кладбищ. Одни говорят, что они сохранились до 1928-29 годах, другие говорят, что все занятые кладбищами места выравнены, вспаханы, и заняты под посев, так что и следа не осталось от кладбищ».

Енді осы ақпараттың деректік өзегіне назар аударайық. Себебі ескі сүрлеумен келе жатқан өлкетанушылардың бір парасы өзеннің арғы бетіне орналасқан ағартушы үйінің ағаштары Затобольск поселкасында салынған мәдениет үйіне пайдалану үшін бұзылған еді дейді. Ал сол мәдениет үйі қорым бұзылған 20-30 жылдары салында ма, әлде одан кейін салынды ма, ол жағы белгісіз. Біздіңше, аталған кезеңдегі қасіретті жылдар «тұрымтай тұсына, балапан басына кеткен», яғни азамат соғысының өрті шарпыған, коллективтендіру мен кәмпескелеу жүргізілген, бірнеше ашаршылық болған, «халық жауларын» қудалаған ауыр заман болды. Ол уақытта мәдениет үйін салмақ түгіл, ел-жұрт қарақан басын сауғалап кеткен болатын. Экономика мүлдем тұралап қалды. Қостанай облысының құрылғаны да 30-жылдардың аяғы. Осындай ауыр жылдары қаладан тысқары тұрған Затобольскіде мәдениет үйін салуға кім бел буғандығы – бұл күнге дейін жұмбақ. Бір ғана салыстырмалы мысал: соғыс жоқ, ел аман болған кешегі 90-жылдардағы экономикалық құлдырау кезінде мәдениет үйі немесе клубтар салмақ түгіл, олардың қирап, бүлініп қалғаны көз алдымызда емес пе?! Тіпті, тұтас елді мекендер де жойылып кеткен жоқ па? Өткен тарихтан «болғанды – болмады» немесе «болмағанды – болды» деп айту – өте оңай. Халық танымындағы «тілде сүйек жоқ» деген тәмсіл сөздің бір мағанасы осындай «оңайшылықта» жатыр.

4. Ащы да болса ақиқатын айтумыз керек: мәдени мұра мен тұлғатануды өркениетті елдердің талғам-танымына сай жоғары дәржедегі құнттау үлгісі – біздің жұртқа кеш келген ұстын. Ы. Алтынсарин сынды тарихи тұлғаның елге жасаған қызметі сол патша заманында-ақ мәдени жұрттың дүниетанымына тән қалыптағы баға мен пайымдауға ілінбей, ұмытыла бастаған еді. Мұндай өкінішті көріністі «Айқап» журналының редакторы М. Сералин 1915 жылы ноғай (татар) жұртының атақты ойшыл ақын Ш. Маржанидың 100 жылдығын атап өтуге ұмтылған қам-қаракеттерін көріп, оған қызыға былай деп жазады: «...Ноғай бауырларымыз өздерінің жұртқа бас болған адамдарының қадірін біліп, тиісті құрмет ететіндігі осы жоғарыда айтылған сөздерден біраз білінсе керек. Өзімізді сол ноғай бауырларымыздан кемге санамай жүрген біз Алаш ұранды қазақ жұрты біз не ғып жүрміз? Өткен 1914 жылы он бесiншi июльде Алтыбас Ыбырай Алтынсариннiң дүнияден қайтқанына жиырма бес жыл толып өттi. Қазақ жұрты үшiн Алтынсариннiң еткен қызметi көп едi. Соны есiне алған қазақ болды ма? Жоқ. Бiз культурный жұрт қатарына кiруден алыс жатырмыз».

1917 жылғы «большевиктер бүлігінен» кейін билікке келген кеңес үкіметі тұсындағы идеология майданындағы Алаш зиялылары мен пролетариат диктатурасын шоқпар етіп ұстанған большевиктер арасында жүрген ұлттық бірегейлік турасындағы талас-тартыс кезінде алтынсаринтану мәселесі тағы да шеттеліп қалады. Бұл мәселе 1941 жылы ағартушының 100 жылдық мерейтойын өткізу туралы үкімет қаулысы шыққанан кейін қолға алына бастайды. Ә. Балғымбаевтың ағартушы туралы естелік жаза бастағаны да осы кез. Бірақ екінші дүниежүзілік соғыстың басталуы оған тағы да кедергі келтіреді. Алтынсаринтану соғыстан кейін қайта жанданып, 1947 жылдан бастап қолға алынады. Сол уақытта оның кесенесін жаңғырту күн тәртібіне қойылады. Міне, осы кезде ағартушының бейіті Тобылдың арғы бетінде еді деген ақпарат пайда болып, жұртшылықтың назарына ілінеді.

5. Ағартушының ең жақын туысы, алтынсаринтануға сүбелі үлес қосқан Мариям Хәкімжанова – 1921 жылы тұрмысқа шыққан кезінде Ы. Алтынсарин жерленген қорымды өз көзімен көрген кісі. Ақын апамыз өзінің ата-бабасының қорымы Қостанай қаласының астында қалды деп нақты айтады. 1991 жылы еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін берген сұхбатында ол былай дейді: «...Тобылдың арғы бетінде, үш шақырым жерде Балғожа бидің де, Қанқожа бидің де он екі құлақты, әр құлағының үстіне жезден ай орнатқан керемет күмбездері бар тамдары болған. Сырты көкшілмен сырланған. Алыстан менмұндалап көз тартып, жарқырап тұратын еді. Әрі-бері өткен адам ат басын бұрып, аттан түсіп, тізе бүгіп құран оқып кететін. Тіпті күні кешеге дейін, жиырмасыншы жылға дейін сол жерге біздің әулеттің үлкен кісілері қуаныш болсын, реніш болсын барып бір соғатын. Менің әлі күнге дейін есімде бар, 1921 жылы ұзатылғанымда Айғаным әжем алып барып, сол жерге тізе бүктірген. Сонда көргенмін: Ыбырай атаның да темір тормен қоршаған тамы бар болатын. Қоршауы биік еді, кісі бойы қол созымдай. Жанында балаларының бейіті бар еді. Төңкерістен кейінгі жылдары, сол отызыншы жылдардың арғы-бергі жағында, соның бәрі бұзылыпты. Несін жасырып-жабамыз, әуелі орыс ағайындар Балғожа мен Қанқожа мавзолейінің кірпіштерін бұзып алып, пеш сала бастапты. Тастарын диірмен соғуға пайдаланыпты. Олардан қазақтар да қалыспапты. Кейіннен іздеп барып орнын да таба алмадым. Менің аталарымның бейіті тұрған жер қазір Қостанай қаласының астында қалды. Сол бейіттерді бұзып, үстінен облыстық банк салды деген сөз бар. Шырағым, мен өзі өмірде көп қасірет көрген, қуғын-сүргінді басынан өткерген адаммын. Отыз жылдан артық халық жауының қатыны атанып отырдым. Ол кездері өліктерді түгендеп, моласын іздемек түгілі қара басымыздың қамымен арпалыстық. Араға біраз уақыттар түсті. Кейіннен іздеп барып орнын да таба алмадым. Ау, менің ата-бабаларымның бейіті қайда деп қай орыстың бетіне қарап, жағасына жармасайын. Өлілердің бейіті түгілі, тірілердің құны қалмаған кез болды ғой. Солай, шырағым. Ал қазіргі ескерткіш тұрған жерге Ыбекеңнің сүйегін қазып апарып қойды ма, болмаса әйтеуір қазақтың танымал біреуі ғой деп айдалаға құр ескерткішті қойды ма, айта алмаймын...».

М. Хәкімжанованың қолданып отырған «Тобылдың арғы бетінде, үш шақырым жерде» деген тіркес – Қостанайға Торғай жағынан қарағанда айтылған ұғым. Себебі оның ата-бабасы Тобылдың оң жағалауындағы Арақарағай, Аманқарағай болыстарының жерін жайлаған. Балғожа би әулетінде дүниеге келген, Ыбырай Алтынсаринның қорымын бұзылмай тұрғанда өз көзімен көрген алтынсаринтанушы М. Хәкімжанованың сөзіне сенбегенде, кімнің сөзіне сенеміз? Әлде, коммунистер билігінің нұсқауын нақты ақиқат деп қабылдаған кеңестік замандағы салтымызға салып, Еңбекшілер депутаттары Кеңесінің Қостанай қалалық атқару комитеті тарапынан 1947 жылы тарихи негіздемесіз, ешбір дәлелсіз қазіргі кесененің орнын көрсетіп сызған сызба-схемасына сенеміз бе? Кеңес үкіметі көзбояушылықтан алдына жан салмаған биліктің бірі болғандығы қазіргі күні екінің біріне аян.

6. 1947 жылы М. Хәкімжанова алтынсаринтануға арналған далалық экспедицияға қатысады. Сонда ол кезінде Қостанай уезі басшысының атқосшысы, Ы. Алтынсаринның үйінде бастығымен бірге қонақта болған 91 жастағы Сәбитов Хасен деген кісінің естелігін жазып алады. Естелікте Х. Сәбитов: «Мен Ыбырайды 22 жасымда көрдім. Ол кезде Қостанай қаласында Крейсмер (уездің тарихында мұндай нысыпта ояз болмаған, сірә, уездің алғашқы басшылары А. Сипайлов (1868-1886) немесе одан кейінгі Н. Караулов (1886-1890) деген ояздардың бірінің лақабы болса керек – авт.) деген ояз болды. Мен сол ояздың атын жегіп жүрдім. Одан кейін сенімді болған соң бір жаққа шыққанда салт атпен қасында жүрдім. Соның қарамағында көп уақыт қызмет еттім. ...Мен сол оязда істеп жүргенімде Ыбырай оязды үйіне қонаққа шақырды. Ыбырайдың үйі Қостанай қаласынан 3 шақырымдай жоғары тұратын, 12 бөлмелі әдемі ағаш үй екен...» (Ә.Балғымбаев 5-6 бөлмелі деп жазады – авт.), - дейді.

Естелік иесінің Ы. Алтынсаринның үйі «Қостанай қаласының жоғары жағында үш шақырымдай жерде» деп көрсетуі сол замандағы өзге мәліметтермен (Ф. Соколов, Ә.Балғымбаев, М.Хәкімжановалардың жазбалары) де сәйкес келеді. Естеліктің заман шындығын бейнелей алатын тағы бір маңызды дерегі – уезд басшысы Алтынсаринның үйінде қонақ болғаннан кейін көп ұзамай Тобылдың арғы бетіндегі Обаған өзені бойын жайлайтын Арғын Сақау болыстың үйіне қонаққа баруы. Ол оқиғаны естелік айтушы былайша баяндайды: «...Осыдан кейін ұзамай Арғын Сақау болыс қонаққа шақырды. Ояз сонда бармақшы болды. Ол кезде Тобыл тасып, сабасына түспеген кез еді. Бұл замандағы паром дегенді онда білмейміз. Ондағы паромымыз он бес шақты үлкен бөшкені арқанмен тізіп, соның үстіне үлкен қайықты қойып, сонымен өткіздік оязды...».

Осы арада заңды сұрақ туады. Біріншіден, сол кезде Тобыл тасып жатқан болса, өзеннің ойпаттағы жағалауына орналасқан Ы. Алтынсаринның үйі бірден суға кетпей ме? Екіншіден, ағартушының  қыстауы Тобылдың арғы бетінде болса, ол уезд орталығындағы қызмет орнына – Қостанай қаласына қалай қатынаған? Ал оның үйіне сан мәрте барған кісілер Тобылдың арғы бетіне қалай өткен? Егер сол заманда өзеннен өту осындай машақатты әрекет болса, олар мұны неге сөз етпейді?

7. Ы. Алтынсарин қайтыс болғаннан кейін оның қыстау үйі және атасынан қалған 500 десятина жер Қостанай ауыл шаруашылығы мектебінің иелігіне берілді-мыс деген сөз бар (аталған дерек бүгінгі таңға дейін архив құжаттары негізінде дәлелденген жоқ, бірақ біз бұл ақпаратты географиялық тұрғыдағы қисынды ойға ғана пайдаланғымыз келеді). Ағартушы қайтыс болғаннан кейін, яғни 1890-жылдары Қостанайда техникалық ауылшаруашылығы мектебін ашу бастамасы көтеріледі. Сол тұста Торғай облысы халық мектептерінің инспекторы қызметін атқарған А. Васильев аталмыш мәселе туралы мынадай ақпарат береді: «В l890 г. возник вопрос о необходимости открытия технического сельско-хозяйственного училища близ Кустаная. По открытии этого училища, предположено упростить дело изучения кузнечно-слесарного ремесла в «Яковлевском» училищ, перенесши из него в предпологаемое Кустанайское все дорогие инструменты и станки. Мотивами к такому переводу служат чрезвычайная дороговизна содержания ремесленного училища в степном и малонаселенном городе Тургае (в расширенном виде до 3 тыс.руб.) и незначительности сбыта вещей, изготавливаемых в этом училище. Киргизами Кустанайского уезда уже уступлен участок земли в 3-х верстах от Кустаная для названного сельско-хозяйственного училища. Постройку здания для него предположено отнести на счет остатков от добровольных сборов с киргизов за прежние годы, разрешение на что ожидается в недалеком будущем».

Аталған жазбада мектептің ашылатын орны Ы. Алтынсаринның қыстауы орналасқан қашықтыққа (Қостанайдан 3 верст жер) сай келеді. Бұл – бір. Екіншіден, 1911-12 жылдары Жоғарғы Сенаттың жер өлшеу және картографиямен айналысатын «Межевая канцеляриясы» топограф Белоглазовтың жетекшілігімен 1895-1902 жылдары аралығында дайындаған топографиялық картасы негізінде Қостанай қаласының территориялық көлемі мен шекарасын бекітуді қарап, оны бірнеше себеппен бекітпей қояды. Сол себептердің біріне қаланың территориясына орналасқан Қостанай ауылшаруашылығы мектебінің жері Орынбор оқу округіне тиісті болғандықтан, аталған мекеменің өкілі келісім беруі тиіс еді деп түйінделеді (Скрин 4):

Скрин 4. «Межевая канцеляриясының» шешімінен үзінді

Демек, Қостанай ауыл шаруашылығы мектебіне тиісті территория қаланың ішіне орналасқан. Олай болса, тұрған үйі мен атадан қалған жерді сол мектепке қалдыруға өсиет еткен (әрине, кеңестік кезеңдегі алтынсаринтанушылардың сөзі рас болса) Ы. Алтынсаринның қыстау үйі қалайша қаланың сыртына – арғы бетке шығып кеткен?

1. Басқарушы Сенаттың бекітілуіне ұсынылған Қостанай қаласының Бас жоспары сызылған картада ойпаттан батыстан солтүстікке қарай ағып жатқан Тобыл өзенінің арғы жағасында қорымның белгісі де (әдетте, картографтар мола, бейітті М. деген әріппен белгілейді), «Инспектор көлі» деген атауы да жоқ. Қаланың бас жоспары сынды тарихи құжатта жоқ нәрсені қалайша бүгінгі таңда біздер «бар» деп айта аламыз?

2. Тарихи деректердің мәліметінше, Ы. Алтынсарин 1859 жылдың қысында қайтыс болған атасы Балғожаның бейітін соғуға өзі де араласқан. Осы тұста тағы да бір заңды сұрақ туады: қазақ халқы бейітті биік төбе немесе қырға сала ма, әлде төмен ойға сала ма? Әрине, су жиналмайтын, шаймайтын, баспайтын қырға салады. Қазақтың қай жеріне барсаңыз да, осы көрініс алдыңыздан шығады. Бұл – айнымас ақиқат. Бұл тұрғыда Тобыл өзенінің Қостанай қаласы орналасқан сол жағалауы биік жар қабақты болып келсе, ал оң жағалауы ойпатты, еңісті жазық алқап болып келеді. Өзен тасығанда сол алқап, бүгінгі көріністей, телегей теңізге айналады. Сондықтан Жаңбыршы баласы Балғожаның бейіті оң жақ жалауға салынды дегеннің өзінде де, халықтың дүниетанымы бойынша, қорым бүгінгі Тобыл қаласы, Мичурин селосы орналасқан биік қырға салынуы тиіс еді.

Қазақ қорымдары биік қырға орналасатынын ағартушы өзінің «Бай баласы мен жарлы баласы» деген әңгімесіне арқау етеді. Онда ол: «...Балалар енді қай жаққа жүрерін білмей дағдарып тұрды. Сөйтіп, жан-жағына қарап тұрса, ілгері алдында бір биік қыр үстінде үлкен мола көрінді. Сонда Үсеннің ойына әкесінің сөзі түсті: далада жүріп адассаң, молалы жерде су болады, сулы жерде ел болады, - дейді екен. Сол ақыл бойынша Үсен Асанды ертіп, молаға қарай жүреді... Келіп екеуі енді молалы қырға шықты, қараса, қырдың жығылар асты үлкен көл екен, көлдің айналасы да, іші де жыңылдаған мал...»,- деп жазады.

10. 2017 жылы жаңартылған кесене орнынан Маңғыстау облысының құрылысшылары 9 кісінің мәйіті жатқанын көреді. Құрылысты жүргізген маңғыстаулық сәулеткер, мердігер Құралбай Озғанбаев: «...Тіпті, қақпаның ар жағынан бастау алатын үлкен қорымның бар екеніне көз жеткіздік, олай дейтін себебіміз, дәл Ыбырай Алтынсарин кесенесі маңындағы мәйіттер тығыз жерленген екен. Ыбырай Алтынсарин жатқан кесене іргетасын ашқан кезде саны 9 адамның мәйіті табылды. Соны біз ықшамдап, сүйектерді жинақтап, Ыбырай Алтынсарин жатқан жердің оң қаптал, сол қапталына үйіп-үйіп көмдік...».

Бұрын да айтқанбыз, қазір де қайталағымыз келеді: алқандай жерге тоғыз мәйітті тығыз жерлетіндей қазақтарға жер жетпеді ме? 1921 жылы М. Хәкімжанова қорымды өз көзімен көрген кезде Балғожа, Қанқожа, Ыбырай мен оның балаларының бейіттері мазар тұрғызылған немесе қоршауы бар жеке-жеке зират болып тұрған. Бұдан әулеттік қорым қысылтаяң, төтенше жағдайларда ғана бір жерге жерленетін «бауырластар зираты» емес екенін айқын аңғаруға болады. Ал қазақ даласында хандық дәуірдегі жауынгершілік заманнан кейінгі тарихта «бауырластар зираты» қай кезде пайда болды? Біздіңше, мұндай көріністер азаматтық соғыс, жаппай ашаршылық, қанды репресия кезінде ғана көрініс ала бастағаны анық. Сондықтан бұл зират кейінгі дәуірде пайда болған деп бағамдауға әбден болады. Бәлкім, бұл жерге ашаршылық кезінде Қостанайға ашығып келіп, осында өзегі талып өлгендер немесе 1937-38 жылдары НКВД-ның қолынан қаза тапқан кісілердің мәйіті болып шығуы да мүмкін.

Тізбектеліп терілген тұжырымдар ағартушының қыстауы және ол жерленген атасы Балғожа бидің әулеттік қорым Тобылдың сол жақ жағалауында, яғни қазіргі қала тұрған биік жар бетінде болған деп сенімді түрде айтуға болады. Кеңестік дәуірдің 20-30 жылдарындағы қасіретті кезеңінде Балғожа бидің әулеттік қорымы жойылған. Ауыр болса да – шындық осы!

Айтпақшы, Ы. Алтынсаринды Орынбордағы облыстық басқармаға кіші тілмаштық қызметке алған, жасөспірімнің білімге деген құштарлығын қолдаған, оны Торғай бекінісіне аудармашы-мұғалім етіп аттандырған және оған басқа да көп жақсылықтар жасаған Орынбор шекаралық комиссиясының басшысы, шығыстанушы, генерал шеніндегі әскери қызметкер, қызметтік доғарыстан кейін Ресей баспа ісін қадағалайтын мекеменің басшысы болған атақты В. В. Григорьевтің Санкт-Петербургтің Новодевичье қорымындағы зираты жоғалып кеткен. Демек, зират күту мәдениетіне бізден гөрі пысық болған жұрттың тарихында да мұндай көріністердің орын алған. Бір сөзбе айтқанда, өмірде мұндай оқиғалар болып тұрады.

СӨЗ СОҢЫ

Ы. Алтынсарин жерленген әулеттік қорым Қостанай қаласының астында қалған деген тұжырымды біздер дау-дамай шығару үшін емес, тарихтағы ақиқатты қалпына келтіру мақсатында зерттеп жүрміз. Атақты тұлға зиратының қазақ жұртының көз алдында жойылып кетуі – кеңестік дәуірде орын алған трагедияның бірі. Біздің жұртымыз ел тарихында орын алған мұндай қасіретті біліп жүруі тиіс деп есептейміз. Ал ағартушының қазіргі таңдағы көрікті кесенесі сол жерде тұра бергені абзал. Қарайған қаражат жұмсалған сәулетті кешенді бұзу немесе оны басқа жерге көшіру – надандықтың о жағы мен бұ жағы.

Біздің ұсынысымыз – Қостанай қаласының Маяковский көшесі бойындағы «Ескі қорымның» (Старое кладбище) мұсылмандар жерленген бөлігіне «Ы. Алтынсарин жерленген Балғожаның әулеттік қорымы қала кеңейген кезде жойылып кетті» деген мазмұнда белгі орнату. Бұл қаракет тарихтан түйген тағылым және қасіретті оқиғаларға көрсетілген тағзымның белгісі болып саналар еді.

Бұл ұсынысымызға Торғай-Тобылдағы тасқынның қарқыны мен көлемі, залалы мен зардабы туралы бізден гөрі әлдеқайда көбірек білетін облыс басшысы Қ. Ақсақалов, қала басшысы М. Жүндібаев мырзалар назар аударып, республикаға белгілі кәсіби тарихшы, этнограф, географ ғалымдардан құралған арнайы комиссия құрып, бір тоқтам жасауға әрекет етсе – құба-құп. Аталған лауазымды тұлғаларға бағытталып отырған осы ұсынсымыз электрондық үкімет порталы арқылы берілетін өтінішке пара-пар қарекет деп бағаланса деп сұраймыз және қоғамдық сананы, ой-пікірді эмоция жетегінде емес, ғылыми ақыл-ой негізінде қалыптастыратын ғалымдардың ұсынысы аяқ асты қалмас деген ойдамыз.

Алмасбек Әбсадық,

Қостанай

Abai.kz

10 пікір