Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Әдебиет 1734 2 пікір 24 Шілде, 2024 сағат 14:08

Жыр перісі – Ли Бай

Сурет википедиядан алынды

Ли Бай (701-762 ж.) жылдары өмір сүрген Таң дәуірінің ақыны. Ол өз өмірінде тоғызмың шумақ өлең жазып «Жыр перісі» деген атаққа ие болған.

Ай астында сілтедім шарапты

Бір шәугім шарабымды дайындап ап,
Отырмын гүл бақшада уайым қамап.
Мен жерде құлазысам жалғызсырап,
Тұр екен аспанымда  айым қарап.

Көтердім бокалымды айға қарап,
Айтшы өзің аспандағы қайдағы арақ?
Көлеңкем ол да бокал көтереді,
Байқұсты маған мықтап байлаған-ақ!

Үшеу боп іштік бірге шалқығандай,
Мастықтан бойым балдай балқығандай.
Көлеңкем көлкек қағып қыр соңымда,
Боламын аймен бірге қалқығандай.

Ән салсам ай мамырлап тыңдағандай,
Көлеңкем изектейді ымдағандай;
Буын жоқ бұраңдаймыз, бұлғақтаймыз ,
Жүре алмай, бір қадам жер – мың қадамдай.

Мастықта мәз болдық-ау салып сайран,
Ертесі ес жиярмыз қалып қайран.
Дариға-ай жанымызға жайраң қаққан,
Жабысты қайғы деген қамыт қайдан?

Әй, досым, тағы да біз табысармыз,
Тағы бір көлеңкемен танысармыз;
Ғажайып құс жолында аспандағы,
Кездесіп тағы бокал қағысармыз.

Шарап жыры   

Көрмедіңـау, көкем сен, ақ маржандай жарқырап,
Көктен құлап Хуаңхы арғымақтай арқырап.
Құрық түспес құр асау шығыс жақты  бетке алып,
Оралмасқа кеткенін теңізге құйып сарқырап.

Көрмедің-ау көкем сен, сағы неге жүр сынып,
Егделеген екі қарт айна алдында күрсініп?
Жас шақтағы қара шаш, бүгін міне ақ қырау,
Егіледі ендігі түрлерінен түршігіп .

Жастық шақтың барында жалынды өткіз оралды,
Айға қарап құр бокал көтергенің обалды.
Қадіріне жетпеген қасиетті шақтарды,
Өткеннен соң өкініп деме қайда жоғалды?

Талантым бар бойымда  табиғатым сыйлаған ,
Бір керекке жараймын деп күмәнсіз иланам;
Күллі әлемге күміс боп шашылам да аяусыз,
Қажетінде қай қашан   алтын болып жиналам!

Сиыр сойып, қой сойып жайсаң дархан дастарқан,
Үш жүз бокал ішуге сіра неге бас тартам?
Шашсамдағы екі мың сәрі алтынды бекерге,
Жинап алам бәрі бір, құрымайды рас, қалтам.

Сын фузы мен Дан чюшың қолға бокал алғайсың,
Сендерге бір жыр айтам тыңдап құлақ салғайсың .
Әсем ән мен тәтті күй, әлемـжәлем сарайда,
Жүрсең егер екеуің рас кете алмайсың.

Дәмін тата білмесе асыл шарап қадірсіз,
Қап түбінде жатқан соң асыл кездік сабырсыз.
Чын уаң Саужы Лыпиң деп сәнді сарай салдырған,
асыл шарап көлـкөсір, сауық сайран дамылсыз.
Көкем-ау сен мені ақшаң аз деп сөкпегін,
Бере бер тек шарапты, мен ішкемін жоқ тегін.
Асыл жылқы, қымбат аң  бәрі меннен табылар,
Ауыстырар шарапқа байлығым бар көп менің.

Әкеле бер даяшы асыл шарап алдыма,
Көбік қиял көп арман көңілге мұң салды ма?
Шарап ішіп сендермен көтерейін көңілді,
Шарап ішіп шалқудан басқа қызық қалды ма?

Айлы түндегі ауыл сағынышы

Ай сәулесі тұр екен төсегіме төгіліп,
Дала жатыр жарқырап күміс нұрға көміліп.
Көктегі айға көз салдым тереземнен телміріп,
Кетті-ау деймін сол сәтте көкірегім сөгіліп.
Бас көтертпей бір қайғы зілдей басып барады,
Аспандағы ай сағынтып ауылды еске салады.

Лушан сарқырамасын көргенде

Шиаңху шыңы күн сүйген алтын арай құшады,
Құстай қалқып ақ жібек құзар таудан ұшады.
Үш мың кез шың басынан құлағанда құлдырап,
Құлағандай құс жолы арбап пәни құшағы

Сор далада соқпақ жол

Алтын бокал шараптар, күміс табақ тағамдар,
Қанша қымбат болса да қай кезде де маған бар.
Бәрі өтпейді тамақтан, өткір қылыш суырдым,
Көңіл қаяу, жүректе тұз сепкендей жаралар.

Сары өзеннен өтсем-ау, шалқар мұз бар бөгеген,
Тайыаңшаннан ассам-ау, көшкін төнер төбеден.
Бағы бар-ау Жияң тайгұң балық аулап отырып,
Кездейсоқта кез болған Жоу патшаға көреген.

Ий иын көрген түсінде  тасқын суда тасыған,
Қайық айдап өтіпті ай мен күннің қасынан.
Шаңдаң патша шақырып уәзір болып кейінтін,
Шия патшасын жойғанда өлік жусап сасыған.

Өмір жолы осындай ойға кірмес сүрлеудей,
Тағдыр жолы тауқымет күрделі бір күрмеудей.
Ақиқаттың ақ жолын азап тартпай табар кім?
Әттең, тәлей кез болса-ай шоққа тиген үрлеудей.

Әділдікті аңсадым алтын шайқап сүзетін,
Кездер келер толқында кемем алға жүзетін.
Сор аяқтап сол кезде желкенімді жаярмын,
Күндестерім күмілжіп, үміттерін үзетін.

Амал қанша дәл қазір аспан ашық болғанмен,
Айдалада адастым жалғыз өзім жолдан мен.
Қаламаймын Чаң-анның мырзалары секілді,
Тауық талас құмарпаз күн кешуді сол зәндем.

Ән айтатын күй тартып мереке мен тілеуде,
Ян патшасы кезінде Гокүй деген біреуге;
Әбден құлай сеніпті, мәртебені беріпті,
Аңғал патша байлапты оны алтын тіреуге.

Қадірімді Хан білсе құрбандыққа даярмын,
Тамшы қаным тартуым, мен несіне аярмын!
Ян патшасы көріне көмілгелі не заман,
Медет сұрап мен бейбақ кімге алақан жаярмын?

Сор далада соқпақ жол, сорап тастап жүремін,
Күлді көмеш Бо ий мен Шучиге  мен күлемін.
Жағымпаздың жалғаншыл сөзі майда қашан да,
Көргенменен жүздерін, көре алмайсың жүрегін.

Жанған кезде еңбегі боздап өткен боздақтар,
Балағынан басына сорға көмер сөз қаптар.
Жалтарса да құтқармай, жала қылыш жалаңдар,
Тәлейсізге тағдырдан озбақ жоқ, тек тозбақ бар.

У Зышұйды У патша дарияға ағызған,
Өзін атқан өзенге ақын Чүй юан абызжан.
Қайран басын Лу жи ер қорғай алмай қор болған,
Ли сы қанды жастарын қара тасқа тамызған.

Естіген жоқ осылар ордадағы ән-жырды,
Айдалада аң қуып Ли сы ханша қаңғырды?
У патшасы білетін Жаң хан дегдар еді ғой,
Туған жерге жете алмай қайғылы жыр қалдырды.

Бұл өмірде өзгеден асқанменен қарағым,
Әйтеу бір күн жұтасың қасіреттің шарабын.
Өтер-кетер дүние кімдер қалды өшпеген,
Мың жылдан соң артыңа қайрылып бір қарағын!

Хан Тәңірдің басында қаралтқым ай

Хан Тәңгірдің басында бір мұз табақ қалқиды,
Күміс нұрға малынып қамқа бұлттар балқиды.
Ескеуіл жел есіріп ұлы тауда ұлиды,
Шегарада шеп күзет қанша боздақ жан қиды?

Өз кезінде Хан гаузу жорық жасап һұндерге,
Қамалғанды жеті күн сүркейлі бұл сұм жерде.
Чиңхай көлі бойында шыбын қаптап өлікке,
Сығалайды бұлттан ай түбет аңдып түндерде.

Сойқан соғыс болған жер сорлыға ажал кезелген,
Оған барған сарбаздар оралмаған ежелден.
Қамалдағы солдаттар қалғып кетсе, түсінде –
Келіншегі күледі еріндері кеберген.

От басында отыру бала-шаға қасында,
Қандай бақыт десеңші, қандай бақыт ә!

Лаулау самалдығында

Бұл пәниде ең азап  қоштасу деп айтамын,
Лаулау самалдығы бар, сонда соны байқадым.
Көктем желі желпіген гүлдер қандай сүйкімді,
Жастық шаққа дариға-ай, орала алған қайта кім?

Үзік-үзік дүние     

Үзік-үзік дүние, таң атар да күн батар,
Ұласпалы бір ғасыр үзік-үзік үн қатар.
Шексіз-шетсіз бұл ғалам үзіктермен  ұзарар,
Бүгін күлген күлкінің ертеңінде мұң жатар.

Маңгу деген перизат күлген кезде қуанып,
Кеткен екен шаштары аппақ болып қуарып.
Тиянгұң Иұйнұй жеребе тастап күміс құманға,
Күле-күле көз жасы кеткен екен суалып.

Көктемдегі сағыныш

Қиыр Хыби балбыраса балғын көк,
Түкті кілем жайып жасыл атырап.
Шалғай Шанши албырайды шалғын боп,
Тұт ағашын жауып жасыл жапырақ.

Ол сағынса ел-жұртты алыс жердегі,
Менде аңсауық бота сезім боздайды.
Айтшы, неге саумал самал пердені,
Желпілдетіп сағыныш мұң қозғайды?

Қаздар қасіреті

Бас көтеріп кенет көкке қарасам,
Хыңяң жақтан келеді ұшып тырналар.
Көп жыл бопты, саусақпенен санасам,
Сеннен маған келмегелі бір хабар.

Үйге кірдім, қасіретті ой қаптап,
Қаздар қайғы қасіретті қозғады.
Бетке жаққан опаны езе сойдақтап,
Жас ағылып, бота жүрек боздады.

Тұрлаусыз ер тұрмадың-ау айтқанда,
Сағыныш боп қалдың мәңгі санамда.
Келген қаздар сендер жаққа қайтқанда,
Енді ешқандай хат жазбаймын саған да.

Қимас доспен қоштасу

Келіп тұрмыз, қорған сырты терістік,
Орқас-орқаш, құзар таулар еңістік.
Шығысында күміс өзен күн сүйген,
Осы арада қоштасуға келістік.

Секілденіп жел ұшырған ебелек,
Кете бердің киіп досым кебенек.
Бұрылтарма бұлттай көшкен бұл тағдыр,
Қиналғанмен, қимағанмен не керек?

Қимай батып сағымын күн сарқиды,
Қима бұлтты қызыл өртең шарпиды.
Адам екеш адам түгіл, қия алмай –
Ат кісінеп, жануар жер тарпиды.

Қарғалар қонақтағанда

Қала шеті, қарауытты кеш кіріп,
Теректерге қонақтады қарғалар.
Бей уақытта бейжай қарқыл естіліп,
Қосылғандай зауал шақта зарға зар.

Қарға шулап қасыретін қаси ма,
Тоқымашы бір сұлудың мұң қабақ.
Сыртта қарға, үйде зарлап машина,
Жібек перде түріп сыртқа тұр қарап.

Жағың өшкір деп қарғады, сіледі,
Қонақтаған қарғаларға өшігіп.
Нәлет айтып Тәңірінен тіледі,
Тастағын деп зар біткенді өшіріп.

Осыны айтып жапты перде, жалықты,
Қайғы басқан қайран сұлу тотыдай.
Жарын аңсап зауал шақта зарықты,
Тоқымасын тастай салды тоқымай.

Жібек кірпік, жібек шашы сүзіліп,
Жібек үміт, жібек арман тоқиды.
Амал нешік бәрі бірден үзіліп,
Қас сұлуды қайғы қарға шоқиды.

Ай жыры

Бала кезде ай туралы аңыздан сөз ашқанда,
Деп ойлаушы күміс табақ асып қойған аспанға.
Бәлкім пері тауындағы перілердің айнасы ол,
Түнді  түнек баспайтұғын ай сәулесін шашқанда.

Айда неге отырады пері аяғы салбырап,
Дөп дөңгелек даршын терек ару қыздай албырап.
Күміс қоян неге әуре жасап пері дәрісін,
Оны кімге береді екен жасап болып қалжырап.

Келе жатыр кетік айды кемірумен ай бақа,
Жарық етпеу үшін бәлкім оны күндей жайната.
Әлем күйіп он күн пайда болған кезде аспанда,
Тоғыз күнді атқан екен Жоу ий мерген жайната.

Қалжыраған ай бұлдырап бара жатыр батқалы,
Аппақ жүзін бүркеп жатыр қара бұлттар қапталы.
Не қалды енді көретұғын, кетсе кетсін кетік ай,
Қай заман-ды жүрегімді қайғы бұлты жапқалы.

Қалың орман қамқа бұлттар қаптаған

Қалың орман етекте қамқа бұлттар қаптаған,
Көк пүлістей көркем тау теңеуге сөз таппаған.
Қыз құжыра биікте жұлдыз аңдып, түн қамап,
Ішінде отыр қас сұлу қасіретті мұң қабақ.

Мармар баспалдақта ол көз тікті айға елігіп,
Қарғалар жүр қарқылдап, ұя таппай желігіп.
Көңілі қас сұлудың ұясы жоқ сол қарға,
Самалдықтар санаусыз жалғар соқпақ жолдарға.

Қамаудағы хор қыздары

Күздің кеші, сарай тұр, хор қыздары қамалған,
Атқан таң мен батқан күн сол сарайда саналған.
Терезеден ұрлана сығалайды ғашық ай,
Құшсамба екен дегендей аймалап нұр жамалдан.

Қыз құжыра қаз-қатар жарқырап шам жанады,
Жұпар иіс мас қыла аңқып мұрын жарады.
Ери-ери таусылып бара жатыр балауыз,
Күте-күте канизак талмаусырап барады.

Үш мың ару осылай таң атқанша талығар,
Кім біледі қайсы күн арманынан арылар?
Патша кетсе бір түнеп, бағы жанды деген сол,
Кездесе алмай кейбіреу өмір бойы сарылар.

Тайбай тауына шыққанда

Батыс жақтан тартып кеттім, Тайбай тауы басына,
Шықтым шыңға күн батқанша арсы-күрсі асыға.
Сонда келіп амандасты ақ шолпан кеп қасыма,
Қарсы алдымнан даяр болды аспан қақпа ашыла.

Самал қуып, санат құрып, тапсам шіркін жарасым,
Созсам қолым айға жетсе, болмас өзге таласым.
Қара таулар қақ айрылып, асу берсе ала шың,
Тетер жаным сергіп шіркін жазар еді-ау жарасын.

Демеспе екен сонда біреу, айтшы қайда барасың,
Туған жерден артық мекен іздеп қайдан табасың?
Артқа тастап кете беріп Угоңдай жер сарасын,
Айтшы қане сол кеткеннен қашан қайта аласың?

Сопы сазы

Чу жерінің сопысы желмаядай жетіпті,
Батыстағы Ымишан тауы жақтан келіпті.
Тастамайтын қойнынан пипасы бар, сонымен,
«Жел қарағай» деген күй жұртқа тартып беріпті.

Сол бір сопы сол күйін маған тартып бергенде,
Ызыңдайды ырғалып мұң қарағай шерменде.
Жан жүректі жуғандай таудан аққан тас бұлақ,
Естіледі сыңғырлы үн күй сазына ергенде.

Күрт өзгеріп күй кейде алай-дүлей нөсердей,
Жапырақты жаңбырға дірілдетіп төсердей.
Ағыл-тегіл сел сезім төгіледі, ал кейде,
Түнек басар әлемді, ай-жұлдыздар өшердей.

Лыпыл қағып саусақтар, бебеу ішек төкті-ау зар,
Болыпты ымырт білінбей, мұнартыпты көк таулар.
Ойлап көрсем дариға-ай, өмір де бір күй екен,
Көшкен бұлттай көктегі түбінде бір тоқтау бар.

Күн жыры

Алтын табақ әр күні көтерілер шығыстан,
Жер астынан шыққандай, қараңғылық ығысқан.
Күнде осылай күн сұлу, шығады да батады,
Есебі жоқ әлмисақ жылдыртпалап жылысқан.

Жаралмыстан осылай күн әлемнің еркесі,
Бүгін батып кеткенмен тағы шығар ертесі.
Ал, «мәңгілік» деген сөз бұйырмаған адамға,
Өкініш тек сол үшін кестелі өмір келтесі.

Күннің нұры бодаусыз, гүл-шөптерге төккесін,
Жапырақтар сарғайған күзге артпайды өкпесін.
Табиғатқа маусым шек, адамзатқа ғұмыр шек,
Әлем заңы осылай, әр кім мінеп сөкпесін.

Күннің шығу-батуы емес оның еркінде,
Табынғанмен табиғат айтқаныңа ерсін бе?
Аспан мен жер мәңгілік бірге болса күнменен,
Қасіретпен жыр жазып , мен төгер ем шер кімге?

Аяқ жуар самалдық

Сайрап жатыр даңғыл жол Яңжоу жаққа жететін,
Жол шетіне самалдық салыпты бір  бекетін.
Мұнда жайып адамдар айрылысар дастарқан,
Қош айтысып қол бұлғап бет-бетіне кететін.

Көне құдық бар тағы самалдықтың қасында,
Бар бес кез тас орындық, сол құдықтың басында.
Таудан отын әкелген қыздар оған отырып,
Жуады аппақ аяғын, бір ғанибет расында.

Батысында ақ құтан деген алқап байқалар,
Ақ үлпілдек қамыстар ақ теңіз боп шайқалар.
Осы арада менімен жылап тұрып қоштастың,
Жанарым жас мен қалдым, қайтсем көңіл жай табар?

Алдамшы сауысқан

Бара жатыр ай батқалы құлдырап,
Сиректелді сөніп жұлдыз бұлдырап.
Тағы бір түн таусылардың дерегі,
Балық бауыр таң рауандап келеді.

Терезеден жылтырайды жарық нұр,
Жас отауда балауыз шам жанып тұр.
Ұйқысы жоқ жас келіншек назалы,
Аунақшиды ауып сыртқа назары.

Жар аңсауы жанған өрт боп барады,
Киім киді, сыртқа шығып қарады.
Оны көріп бір сауысқан сайрады,
Ашуланып ару тісін қайрады.

Күнде осылай сайрайды бір сауысқан,
Алдамшы екен ақыл-есі ауысқан!
Жарын күтіп күн-түндерді тауысқан,
Қайран ару қасіреттен қауышқан.

Көктем ғазалы

Миғұла жар, ақ боз аты арқырап,
Алыс кетті алтын ері жарқырап.
Лияудұң жақта кең даланы кезіп жүр,
Мен жатырмын көрпе ішінде қалтырап.
Серік болып самал ғана еседі,
Еркек айтқан сертке сенбе, сандырақ!

Батыс тауға ай құлдырап барады,
Мұңдастыққа тек сол ғана жарады.
Талай түндер сәулесімен аймалап,
Талай түндер тереземнен қарады.

Мен атырам көрер таңға көз ілмей,
Өшкенінше балауыз шам бараны.
Үзілген гүл үйге кіріп жел айдап,
Ләззаттанар тауып жайлы араны.
«Қалай жалғыз қалғансың» деп  табалап,
Тырнайды ол жүректегі жараны.

Асыл шарап, ару қыз

Алтын бокал қолымда, шарбат үзім шарабы,
У жерінің аруы нәзбен күле қарады.
Он бес жасар балғын қыз, тал шыбықтай бұралған,
Көрген сайын көркіне көзім тұнып барады.

Жорға тұлпар мініпті, қызыл етік киіпті,
Қара сүрме жағылған, қасын айдай иіпті.
Әксентпен ән шырқаған, сүйкімді де сүйікті,
Көрдім дерсің бейне бір, ерке сұлу киікті.

Салтанатты сарайда, әттең әсем әйкелім,
Құшағыма құласаң, әйкел емес, ай перім.
Лала гүлін жамылып балқып жатсаң бал сүлу,
Өзіме де белгісіз, болар сонда қайтерім.

Құстар қонақтағанда

Удың әні, Чу дың биі, қандай ғажап тамаша,
Наз көрсетіп еркелейді хор қыздары таласа.
Күні бойы сауық сайран, У патшасы сезбепті,
Батыс тауға күн қонақтап барады екен, қараса.
Сугұңтайды құша берді мақпал түннің құшағы,
Ұяларын іздеген құс ұлар-шу боп ұшады.
У патшасы ұшты үкідей сәнді сарай ойнаққа,
Әр күн кеште хор қызындай Ши шы қызды құшады.

Алтын құман шүмегі су тамшылар бір қалып,
Сағат тілі-күміс жебе суда тұрар ырғалып.
Су сарқылып, күміс жебе құр құманға құласа,
Тағы бір күн өміріңнен таусылғанын біл, ғарып!

Толған күйден солған күйге өткен байқұс жартылай,
Көл бетіне сеуіп өтті соңғы сағым алтын ай.
Қылаң берді қызыл ұшқын, қаз бауырлап шығыс жақ,
Күллі әлемді әлпештеуге алтын нұрмен таң сылай.

Ағаш жарқышағында өскен шөп

Ауызында бір тал шөп бар, тістеп алып таусаған,
Бір құс қонды кәрі ағашқа, талай жылғы қаусаған.

Үркіп ұшып кете берді шөбін тастап әлгі құс,
Бар тіршілік көктеп жатқан көктем еді осы тұс.

Кәрі ағаштың жарқышағы жіңішке әрі тар еді,
Жарқышақта жұқа қабат шаң топырақ бар еді.

Сол арада жас шөп қайта тамыр тартып көктеді,
Сусындатты кәрі ағашты мөлдір шықтар шөптегі.

Ағаш пен шөп отасқанда бір біріне қарасып,
Отаспайды адам неге жағдай жасап жарасып?

Ай ғазалы

Айна бұлақ жарқырайды, қарт қарағай түбінде,
Қарт қарағай қанша мың жыл жасап жетті бүгінге.

Жартыкеш ай күміс сәуле, су бетіне шашқанда,
Сағымы көз ұялтады, терезені ашқанда.

Ай сәулесі, су сағымы, мақпал түнде нұр ойнап,
Мың құбылды, мен күрсіндім, әлдеқалай мұң ойлап.

Маған мынау айлы түннің астары мұң жасырын,
Арманым бар, дәрменім жоқ, қайдасың сен асылым?

Айдай ару Дуан бикешке

Қалқи ұшқан перыштем,
Қандай сұлу келіскен.
Ақыл естен айырылып,
Ғашық болдым мен іштен.

Ынтық жүрек асыға,
Қалай жетер қасыңа.
Буын құрттың сұлуым,
Шарап шықты-ау басыма.

Шарап ішіп шалқыдым,
Сені көріп балқыдым.
Алдың жаулап жүректі,
Адай сұлу алтыным.

Қытай тілінен аударған Қанатбек Жұмабайұлы

Дайындаған Әлімжан Әшімұлы

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2059