Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Әдебиет 2108 1 пікір 31 Шілде, 2024 сағат 14:10

Жетесіз (жалғасы)

Сурет Википедиядан алынды

повесть

Басы: Жетесіз

Мен оқушылар осы істен кейін ханзулармен араз боп кетеме деп қорқып едім. Дегенмен, барлығы бала көңілмен оны көп өтпей-ақ ұмытып та кетті.

Мен кетерден екі күн бұрын мектеп барлық оқушыларды жинап алып рухани тәрбие жиынын өткізді.

Бұл рухани тәрбие жиналысы үшін мектепте бір күн сабақ тоқтатылды.

Жиында мектеп болып екі оқушыны сынға алды. Олар сабақ оқымайды, тіпті мектепте қыз-жігіт боп ерте махаббаттасқан. Оның бірі біздің сыныптағы Қайсар. Қайсар мен басқа сыныптың бір қыз оқушысы алаңның ортасына тұрғызылды. Айналадағы оқушы, мұғалімдердің бәрі екеуіне тесіле қарайды. Сонымен мектеп басшылары сөз алып желпіне, «Біз қазақтар нашар халықтардан болмауымыз керек!» десіп жатты.

Көпшілік оқушылардың біреулері төмен қарайды, біреулерінің жүзі сұрғылт тартып  үндемей тұр.

Сонымен басшыларымыз сөзін әрмен қарай жалғастырады: «Кейбіреулеріңіз әке-шешелеріңізге өкпелейсіздер, тағы біреулеріңіз жағдай жоқтығын айтып налисыздар. Дегенмен, бұның бәрін өзгертуге тек бір-ақ нәрсе көмегін тигізе алады. Ол – сендердің оқуға деген қажыр-қайраттарың. Ата-аналарың сендерге ақша беріп оқы десе сендер мектепке келіп махаббаттасасыңдар! Бұлай қайтып олардың үмітін ақтайсыңдар, а?!»

Мен аздап тағатым тауслғандай болды. Бұларды айтқаны да жөн-ау. Балалар жақсы оқуға мінддетті де. Дегенмен, менің санамда қазақ деген ұлт еркін өскен тау қыраны секілді еді. Мұндай бұғаулы ойды бірден қабылдай да қоймас-ау деймін.

Осылай ойға шомып тұрғанымда маған тесіле қарап тұрған Әйгерімді көзім шалды.

Осы кезде мектеп басшысының дауысы тағы естілді, «араларыңда махаббаттасқандар тағы бар ма? Өздерің келіп мойындасаңдар жаза жеңіл болады.» десіп жатты.

Әйгерім  маған сезімге толы жанарын қадап тұрып қулана бір жымиып қойды.

Мен қабағымды түйіп, қолыммен ымдап «қой» деген белгі еттім. Сосын саусағымды ерніме тигізім үн шығарма деп тағы белгі бердім.

Менің алаңдаған түрімді көріп Айгерім  жай бір күрсінді де күліп жіберді.

Кейін Әйгерімнен сол сәтте не ойлаған ойыңбар еді деп сұрадым.

Ол өзін әшкерелегісі келгенін айтты.

Басшыларға: «Мен Бейжіңнен келген мұғалімге ғашық болдым, бірақ ол мені ұнатпады» деп айтқысы келіпті.

– Неге? – деп сұрадым.

Ол өзінің осылай істегенде менімен бірге бола алар ма екен деген үміті болғандығын айтты. Екеуміз барлық оқушылар мен мұғалімдер алдында тұрсақ, баршасы бізге қарап тұрса өзін бақытты сезінетіндігін айтты.

Екі күннен кейін мен кетемін.

Енді мүмкін өмір бақи кездестіре алмайтын осы бір бойжеткенге қарап қатты қимас бір сезім жүрегімді шарпиды. Оның өне бойынан аңқыған сүттің хош иісі мұрныма келгенде осы иіс оған қана тән екендігін сеземін.

Мен одан таңдана:

– Әйгерім, шыныңды айтшы, неге мені жақсы көріп қалдың? – деп сұрадым.

– Себебі, сіз қонжық секілдісіз, – деп жауап қатты, ол.

– Жөніңді айт, – деп қабақ түйемін.

– Кафка себепті, – деді ол.

– Кафка? Кафка дейсің бе? Неге ол себепті? Сен оны білмейсің ғой.

– Сіз маған айтып берген жоқсыз ба? Сіз маған адам еркін болу керк, демократияшыл болу керек деп айтып бердіңіз.

– Онда сен ненің «демократия» екендігін білесің бе?

– Жоқ, білмеймін.

– Онда неге менің айтқан қайдағы-жайдағы сөздеріме бола мені жақсы көріп қалдың?

Кенеттен Әйгерім  менің құшағыма құлай кетті.

Ол ерке үнмен: – Себебі, маған бұларды ешкім айтып көрмеген.  Менде Кафканың нендей бәле екенін білмеймін. Бірақ мен білетінім маған мұндай әңгімелерді  ешкім де ешқашан айтпас еді, – деп былдырлады.

Мен оның сұмбыл шашынан ақырын ғана сипап қойдым.

Әйгерім  біраз тұрды да,  – Мен келешекте жақсы оқып, көптеген кітап оқып Кафканың не екенін білетін боламын, – деп уәде етті.

Мен оның құлағына тақап барып ақырын ғана, – Бір күні сен Кафканың не екендігін білетін боласың. Бір күні бәрін танитын боласың, – деп сырбылап қойдым.

Сен Кафканы білген күні оның мән-мағынасыз екендігін білетін боласың.

Әйгерім  басын менің кеудеме ақырын ғана сүйеп тұрды, мен де оны жеңіл құшақтап тұрмын. Сол сәтте ол тағы сол әнге салды:

«Мінген атым астымда құла қасқа,

Шеңбер салдым құдыққа құламасқа.

Әдейі іздеп ауылыңа барғанымда,

Танымаған адамдай тұра қашпа.

 

Жүгіріп шықтым белеске,

Белес жақын емес пе.

Осы отырған отырыс

Бір ғанибет емес пе».

Қоштасар сәтте, бұл әннің жеткізген сыры мен сыны тіптен ашыла түскендей болды.

Әйгерім  қайтқан соң мен жалғыз өзім төсекке шалқамнан түсіп жаттым да төбеге қадалып ұйқысыз түнді өткердім.

Әлі есімде, Әйгерімдей 14 жас кезім еді. Мен де бір қызға ғашық болғанмын. Ақын еді, дәстүрлі үлгіде керемет өлеңдер жаза білетін. Өзі де сондай бір поэзия секілді тамылжыған ару еді. Қытайдың дәстірлі классикалық өнерінен нәр алған тамаша ару болатын.

Біз бірге көп әңгімелесетінбіз. Біртіндеп оған ғашық боп қалдым, әрі өз сезімімді де білдірдім. Ол кезде әлі бала едім, сондықтан айтқанымның бәрі балалықтың сөзі еді. Оны сүйетіндігімді айтып, келешекте онымен үйленемін деп те қойдым.

Ол болса, сол сәтте менің албыртығымнан сескеніп те қалған. Ол мені жақсы көреді деп ойлап жүрдім, өз өзімді бір жақсы жігіт қатарынан да көруші едім. Бірақ соңында ақыры маған келіспейтіндігін айтты. Менің албырт сезімім оған лапылдаған жалынды от боп көрінеді, оны үрейлендіреді екен.

Сол жылдары осы іс мені көп күйзелткен еді.

Енді міне төсекте жатып бәрін еске алып байыппен ой жүгірттім. Сол кездегі менің сүю тәсілім дәл Әйгерімдікі секілді болыпты-ау. Сондай бір сүю тек менің мінезіме ғана тән деп ойлаушы едім. Ал енді Әйгерімнің маған деген сезімін байқап мен кенеттен бәрін түсінгендей болдым. Мүмкін,бұндай сүю бұкіл бір ұлтқа тән шығар.

Дегенмен, бес жыл шамасындай уақыт өткеннен кейін, 19 жасымда мен сол бойжеткен маған көрсеткен мінезін Әйгерімге көрсеттім. Оның сүюі тым албырт, тым байламсыз, тіпті адамға бір тағат бермейтіндей.

Бұл сезімді теріске шығарсам өзімді теріске шығарған болмаймын ба?

Қасымда бірге жүрген көп достарым маған шынайы өмірге жақын болуға шақырады. Ал, шынайы өмір деген не? Баршасы маған ақылғөйсіп: «Сенің сүюің тым албырт, бейне лапылдаған от секілді. Ешкім де өйтіп сүймейді», – дейді.

Мүмкін менің бұлайша сүюім менің қазақ баласы болғанымнан шығар?

Қазақты өте озық ұлт деп мақтанайын деп отырған жоқпын. Біз ұшақ жасап теңізге кеме жібермедік. Дейтұрғанмен, бойымызды кернеген бір шынайылық қашанда бізбен бірге жүреді. Бізде таусылмас бір сезім бар. Бұл сезім асқақ та емес, бәсең де емес. Сен оған бір уыс топырақ бер, ол онда жамырай жайылады, көктеп өседі. Саған бір уыс топыраққа деген сүйіспеншіліктің қандай екендігін паш ете біледі. Мінеки, ол  осындай бір сүйіспеншілік.

Бұл бір шынайы сүйіспеншілік.

Мен кезінде адамға осы бір шынайы сүйіспеншіліктің өзі жетерлік, бұдан асқан шынайлықтың не керегі бар деп ойлаушы едім.

Мен әлі де осындай сенімдемін.

Ой жетегінде кетіп өзімнің қалай сырқаттанып қалғанымды білмей де қалыппын.

Дене қызуым 39,5℃ болыпты. Ессіз жатып Әйгерімнің атын шақыра беріппін. Осы уақытқа дейін өзімнің қандай аурумен ауырғанымды білмедім. Дегенмен, дене қызуым көтеріліп саусақтарым да қатты талып ауырғанын білемін.

Талықсып жатып Әйгерімнің төсегімнің жанына келгенін білдім. Оның жұпар иісі кеудемдегі бос жатқан бір олқылықтың орнын толтырғандай болды.  Сырқаттанып жатып оның жүзінің менен соншалықты алыстап кеткенін байқағандай бодым. Тек күлгін көйлегі ғана көз алдымда желбіреп елестей береді.

Шаршап жатып-ақ көңілдегі бір арманым орындалғандай болды, алайда дәл осы себептен шаршағыным одан ары  үдегендей болды.

Көзімді жұмсам Әйгерімнің жылағанын құлағым шалды. Алай да жалған секілді боп та естіледі.

– Мұғалім, мұғалім, қайжеріңіз ауырып тұр?

– Қызып тұрмын, саусақтарым да сырқырап шыдатпай тұр.

Үй іші сәл тынышталып еді, кенет біреудің сыртқа жүгіріп шыққан дыбысы естілді.

Бес алты минуттан кейін қайта кірді.

Әйгерім төсегімнің жанына келіп отырды да: – Мұғалім, мұндай ауру сахарада үнемі болып тұрады. Оған қазақ емінен асқан ем-дом таппайсыз. Менде сол емдік дәрілер бар еді, мен сізге жағып берейін. Сіз бір түн тыныш жатып ұйқтасаңыз қолыңыз да ауырмайтын болады, қызуыңыз да басылады, – деді.

Есімді анық білмеймін, тек ақырын ғана басымды изеген екенмін.

Сонан соң оның қолымды ұстағанын сездім. Қыз қолының ойылған  жерлері алақаныма анық сезілді. Алайда осы қатқыл жарғақтар менің көңіліме бір ғажайып тыныштық орнатқандай болды.

Ол тағы бір қолымен менің тірнақтарынма дәрісін жағып жатты.

Жаға отырып, – Қорқпа! Шыдай түс, аз ғана қалды. Асықпа, қорқпа! Бір ұйқтап тұрсаңыз бәрі жақсы болады, – деп мені жұбатады.

Бейне анасы сырқаттанған баласын жұбатып жатқандай болды.

Сол сәтте көзімнен ыстық жас еріксіз ытқып шықты. Мен өзімнің қателескенімді білдім. Осы жылдардан бері мен бір істе қателесіп келетін сияқтымын. Бірақ нақты не? Өзім де білмеймін.

Кенет оның қолын қатты қысып қалдым. Кететін мен емес, қайта ол секілді. Басбармағыммен оның жарылып қатайған қолының сыртын ақырын сипалап қоям, кейде қай уақтан бері пайда болғаны белгісіз, қолының ойылған жерлеріне барып тиісіп кетем. Бірдемені іздегендеймін.

Ол да осы сәтте жылап жіберді.

Мен күңгірт бір халде жатып оған, – Мынау сенің қолың ба? – деп қалдым.

Ол жауап қатпады. Мен де жауап күтпеген едім.

Оның қолдарын ұстап жатып бұл бойжеткенмен өзімнің қаншалықты өзгеше екендігімді байқадым.

Енді кенет өзімнің қателігімді танығандай болдым: осы бір өзгешелікті байқамай немесе мойындамай жүр екенмін-ау, мен.

Бұл өзгешелікті енді мойындадым, ал мойныдаған сәтте еш өзгешелік жоқ секілді болады.

Қалай дегенменде бейжіңдік акцентпен ханзуша сөйлейтін қазақ баласымын ғой.

Менің қолым мәңгі осылай нәп-нәзік, бейне әйел затының қолы секілді. Ал қазаққа тән қайратты қол менде жоқ.

Мен сахара қазақтарынан өзгешемін. Онда менің де бір ауылым бар дер едім, алайда мен ол ауылға қайта алмаймын.

Мені осы іс күйзелтеді. Өзімді тастанды баладай сезінемін.

Енді білдім, өзгешелік қолда тұрған жоқ екен.

Әйгерім екеусіздің қолымыз ұқсамайды. Дегенмен, бұл өзгешелік менің қолымда ойылған жер жоқ, ал онікінде бар дегенде тұрған жоқ.

Қайта біздің қолдарымыз біріміздің қолымызды біріміз қыса ала ма дегенде тұр.

Бұндағы айтар ой соншалық күрделі де емес. Оны кітаптан қарап тапқан емеспін: Тек қазақтың қолын қысып көрсеңіз сонда ғана қазақтың кім екенін, өзіңнің кім екеніңді, мекенің қайда екенін білесің.

Біз біраз жыласып алдық. Бірақ екеуміз де, бір біріміздің не себепті күйзеліп отырғандығымызды білмейміз.

Енді есіме түсті, қалада жүріп жыламағалы көп болған екен. Айырлысар сәтте де, жеңілгенде де, жалғызсырағанда да, күйзелгенде де... мен жылаған емеспін. Сонда қалада жүргенімде мен соншалық батыл ма едім? Жоқ көз жасы мен жан жарасын көрсету қалада өрескелдіктің бейнесі ме? Әркім өзінің көз жасы мен жан жарасын жасыруға тырысады, махаббаты мен қарғысына бірдей тізгін салады. Метроның ішінде түрлерін байсалды ұстап бейне рухсыз бір күйде отырып қолындағы түрлі ойыншығымен әлек болады. Тек «түсетін жолаушылар дайын болыңыздар» деген хабарландыруды естіген сәтте ғана еріксіз есік жаққа сығылысады. Есіктен шығады да қалың нөпір арасында ғайып болады...

Мен шаршағанымнан тағы ұйқыға кеттім.

Оянсам Әйгерім  төсегімнің жанында күлімсіреп отыр екен.

Саусақтарымның ауырғаны шынымен басылыпты, басымның қызуы да қайтып қалған екен. Қолыма енді қарап едім, шошып қалдым. Тырнағымды күлгін реңге әсемдеп бояп тастапты. Жылтырап көздің жауын алады.

Енді оянып болған іске таңырқай қарап отырмын. Ал Әйгерім  болса сыңқылдап күле жөнелді.

– Сенің айтқан қазақы ем-домың сонда тырнақ бояғыш май ма?

– Мен мұны көп ақшаға сатып алдым. Қарамайсыз ба, ауырғаны басылды емес пе?

Ғажап! Шынымен ауырмайды.

Ол сөзін жалғастырып, «Мен бұл майды жаққанымда ішімнен мұғалімнің сырқаты тезірек жазылып кетсін, тезірек жазылып кетсін! деп тілеп отырдым. Міне, шын жазылып кетіпті, – деді.

Оған қарап жай ғана басымды изедім.

Қайтар уақытм таяды.

Үнемі өзім жалғыз қалашықта сенделемін. Кешкі шапақта бұл қала сондай әсем сырға бөленеді. Адамдары да соншалық жайбарақат жүреді.

Бұл қаланы қалам ұшында көбірек суреттейін-ақ деймін, себебі ол да бір күні бүгінінен айырылар. Ағаштар әйтеуір бір күні кесілетіні секілді. Алайда көп толғанып отырып жазуға бара алмадым.

Жол жүрер алдында Айданамен «Хай мырзаның асханасында» болдым. Одан бұрын өзі жұмыс істеген ресторанға қайтып барасың ба деп сұрағанымда ол өзінің әлі бір шешімге келмегенін айтты. Мен оның келешекте өте тамаша жан болатынына сенімділік білдірдім. Ол бұл ойыма да еш пікір білдіре алмады. Айдана көбінде томаға-тұйық жүретін. Оған алаңдаушылық танытып бұлай бола берсе ханзушаны жақсы үйреніп барған күннің өзінде де бәрі сәтті бола қоймайтындығын айтайын деп оқталдым. Бірақ айтуға дәтім бармады.

Жасымыз енді жиырмаға жақындады. Бүгінгі күн қалай болса да ертеңіміз нұрлы болатынына сенімдімін.

Әр адам қазақ әніндегі келешекке деген сеніммен өмір сүру керек деп білемін.

Мен Хай мырзаға қош айттым. Ол кісі таңданғандай боп менен қайда баратынымды сұрады. Мен оған Бейжіңнен келгенімді айттым.

Қарт мырза қолындағы газетін қойып орнынан тұрды да, менің қолымнан ұстап тұрып, «Балам, қайда жүрсеңде жақсы оқы. Жолың болсын деп тілеймін. Кейін елімізді көркейту үшін тер төгетін боласың» – деді.

Бейжіңде маған біреу мұндай сөз айтса оны қалжыңдап тұр деп қабылдаушы едім.

Ал мына шашын қырау басқан Хай мырза меніңше Шыңжаңға ең алғаш келген коммунисттік қоғам құрлысшылар қатарынан болса керек. Оның әр сөзінен шындықты аңғаруға болады. Өзінің ашып отырған мына кішкене асханасы іспетті шынайы.

Кеште бірге отырып соңғы нанды үзіп жеп шай іштік.

Оқушылар маған тағы да сол әнді айтып берді.

Айналайын қарағым, қал жақсы ма. А хау,

Сала берме көзіңді әр жақсыға халаулім –ай.

Сала берсең көзіңді әр жақсыға. а хау.

Бәрі жақсы көрінер алғашқыда, халаулім-ай

Жүгіріп шықтым белеске,

Белес жақын емес пе.

Осы отырған отырыс,

Бір ғанибет емес пе?

Тіпті қоштасар күннің өзінде де, біздің әңгімеміз таусылар емес.

Әйгерім аяғын ұяла басып менің бөлмеме кіріп келді. Бұл менің мұндағы соңғы түнім еді.

Бір бірімізге ұзақ қарап тұрмыз. Бірақ, айтар ештеңеміз де жоқ.

Мен одан:

– Кейін қайда боласың? –  деп сұрағанымда, ол:

–  Осы сахарада қаламын, – деді.

– Сахара дейсің бе? –  деп өз өзіме күбірлей сөйледім. Содан әрі ұзақ үнсіздік жалғасты.

– Өткенде ауырғаныңыздың себебі менің тентектігімнен болды ма?  – деп өз-өзін кінәлағандай болды ол.

– Әй, ақымақ болма. Мен өзімнің бостығымнан ауырдым, – деп жұбатып қойдым.

Оның жүзіне қарап тұрып қалдым. Ол шынында да бір әдемі бойжеткен. Тек өмір оны нәзіктіктен айырғандай көрінді.

Көз алдыма оның сиыр сауып отырған бейнесі елестеп кетті. Менің жүрегімнің түкпірінде бұдан асқан көркем бейне жоқ та шығар-ау, сірә. Ал бұны білсе ол қуана ма екен? білмеймін.

Кенет бір толқын сезім бойымды билеп әкетті. Оған,  – Әйгерім , мені құшақтасаң бола ма? Кешір, сені сүймесем де... Мен ертең қайтамын. Сен мені құшақтай аласың ба? –  дедім.

Мүмкін менің өтінішім орынсыз болған шығар. Сонда да ол мені өз құшағына алды.

Өзімді оның мұғалімі екендігімді ұмыттым, тіпті бұл маған ғашық болған қыз екенін де ұмыттым. Мен денемді бүрсите оның құшағында тұрып оның өне бойынан аңқыған сүттің жұпар иісін құшырлана иіскедім кеп.

Енді байқадым, бұл жұпар иіс мен үшін қандай қымбатты десеңізші. Бейжіңде зәулім үйлер, қайшыалысқан көшелер бар. Ал мұндай жеңіл ғана сүттің хош иісін ешқайдан таппайсыз.

Мен Әйгерім ге қарап, – Білесің бе? менің ойыма бірдеңе келіп тұр – дедім.

– Немене?

– Келешекте мен шығарма жазамын. Сен жайлы жазамын. Қазақ жастарымен бірге нан жеп, шай ішкенімді жазамын. Біздің ұлттың мына әлемге деген ең пәк, әрі ең терең сүйіспеншілігін жазмын. Басқалар бізді шынайы түсінсін деп жазамын.

Ол тебірене басын изеді.

Өз басым 14 жасар қыздың құшағында тұрып өз арманымды осылай баяндаймын деп ойламаппын. Дегенмен, мұндай дос алдында нені айтсаңда да қысылмай айта алады екенсің.

– Аз өтпей Бейжіңге жетесіз. Қыздосыңызды көресіз. Көңілді шығарсыз?

Басымды изедім де, қайта шайқадым. Сосын бір ауыз ойда жоқ сөз айттым:

– Білесің бе? Мен Бейжіңде жүрсем күннен мезі болам, – дедім.

– Неге? Неге күнді ұнатпайсыз?

– Себебі күн шыға қалса тағы бір қарбаластыққа толы мазасыз күн басталады деген сөз. Кейде күн ешқашан шықпаса екен деп тілеймін.

– Олай айтпаңыз. Біз қазақ халқы күнді сүйеміз. Біз күнді сүюіміз керек.

Айтып болды да, ол менің екі қолымды қысып-қысып қойды. Ол бұл сөздерді айтқанда баладай бейілденіп кетті. Мүмкін осындай балалық пейілмен біздің қазақ күнді сүйетін шығар.

– Иә, бір күні ханзу достарым менің шығармамды оқығанда біздің ұлтты шынайы түсінетін болады. Олар сахараға тек таза ауа мен суретке түсу үшін ғана келмейді, – деп барып тоқтадым. Оның көзіне тесіле қарап тұрып, тағы, – Олар сахараға келіп біз секілді күнді де сүйюді үйренетін болады, – дедім.

Бұл сөздерді айтып болып өзімді шектен тыс шаршағандай сезіндім. Әйгерімнің құшағында, оның бойындағы сүттің жұпар иісін құшып тұрып ұйқыға кеттім.

Мені құшақтаған күйі Әйгерім  де үндемей тұрып қалды.

Ол сүйетін жігіт өзіне осыншама дөрекілік істеп тұр, тіпті аз ғана мейірі де жоқ.

Әбден қайтар күн тақағанда ғана оны өз құшағына алып тұр. Бейне бір сәбиді әлдилегендей.

Ал жігіт тып-тыныш қана құшақта мызғымай қалғып кеткен. Бейне ешқайда кетпейтіндей, сол құшақта мәңгі қалардай болады.

Мен ауызымды дүрдитіп жатып ұйқыға кетіппін де ештеңені де сезбей қалыппын.

Ол маған мейірлене ұзақ қарап тұрыпты. Өзінің сүйген жігіті, осы бір сәби секілді балаң жігіт ертең-ақ өзін тастап алысқа кетеді.

Оның құшағындағы ­­– өз жігіті. Өзіне ғана тән ханзадасы.

Тіпті, ең соңғы сәтке дейін болса да, мен оны 14 жасар, махаббаттан басы айналып жүрген жас қыз деп қараған емеспін. Қайта оны бүкіл бір ұлттың бейнесіндей елестемін.

Мүмкін бұл мен үшін трагедия болар.

Бұл жас жігіт, өзі кітап құмар білім паз.

Мен кейде оның үрейі неге сонша басым деп таңғалып та қалам? Бұл құшақтасу оған жұбату бола алар ма? оны өзгерте алар ма?

Ал бұның бәрі не үшін?

Бәрін де қойдық. Бұл соңғы құшу, бұл осы кішкене қалашықтағы соңғы түн.

Біздің Әйгерім  өзінің сүйген жігітін құшып ұйқыға кетті.

Өмірде бәрі сәтті бола бермес.

Дегенмен, олардың бәрі ең пәк, әрі сүйкімді жандар. Адам пәк, әрі сүйкімді болса түбі бақытты болады...

Айырылысатын сәт ақыры келді.

Сыныптағы бар оқушым мені қалашықтағы автобекетке келіп шығарып салды.

Көлік орынынан қозғалмастан қыз оқушыларым жылай бастады.

Әйгерім  бәрін бастап еңіреп жылап тұр...

Айдана менің қолымнан жабысып: – Бұрын ешкім бізге сіз секілді ақыл айтып көрмеген еді, – дейді.

Мен олардың жүздеріне аңырып тұрып қалдым. Мұғалімнің міндеті оқушыларына ақыл айту емегенде немене? Білмеймін. Осы уақытқа дейін оларға нендей ақыл айтып үлгерді екем?!

Көзге түспеу үшін қалашықта жүргенде қарапайым киімдерді киіп жүрдім. Тек кетерде ғана сапалы қымбат киімдерімді ауыстырып алдым.

Өз киіміме қарап тұрмын.

Осы киім киісіммен-ақ олардан соншалық бір алыс екенімді сезіндім

Автобус келген соң мен бірден билет алдым да ішіне жайғастым.

Көлік ішіндегі толып отырған жолаушылар сыртта жылап тұрған оқушыларды көріп таң-тамаша болысты. Терезеден сыртқа үңіліп жергілікті акцентпен, «Қарашы, мына балалар өзі қызық екен. Не болған өздеріне? Сонша жылағаны несі?» – десіп жатты.

Бұрын көнелеу киіммен жүргенімде жұрт мен жайлы не десе де елемеуші едім.

Бірақ енді осыншама адам мені көздерінің ұшымен бағып, күбір-сыбыр сөйлеп, өздерінше тұжырым жасайды.

Мен тартыншақтап, – Мен олардың қаладан келген мұғалімі едім... балалар жөн білмейді ғой, көңілге алмаңыздар, – деп қойдым.

Барлығы маған қарайды, ал мен теріс бұрылып отырып алдым.

Сыртта оқушыларым шулап жатыр:

– Мұғалім, сау болыңыз!

–  Мұғалім, сау болыңыз!»

– Мұғалім, бізді ұмытып кетпеңіз!»

Бәрі жылап жатыр. Бажайлап қарасам, Қайсар мен Қайрат та жылап тұр екен. Маған онша ұнамаған балалардың жылап тұрғаны менің жүрегімді жібітіп жіберді.

Бәрі де қолдарын бұлғайды.

Мен тағы да теріс айналдым да жүргізушіге: – Жүргізуші. тездетіңіз, кеттік!  – дедім. Жүргізуші бұндайды көп көрмесе керек, аңырып тұрып қалыпты.

Мен тағы айқай салдым:

– Жүргізуші! Қане, жүрейік!»

Жүргізуші енді ғана есін жиғандай боп, көлікті ақырын қозғалта бастады.

Мен терезеден басымды шығардым.

Балалардың бәрі автобусқа еріп жүгіріп келеді екен.

Жүгіріп бара жатып, «Мұғалім, қалай да тағы келіңізші!»  деп жалынғандай болады.

Ал бұл жүгірген топтың ішінде Әйгерім  жоқ.

Ол өзінің күлгін көйлегін киіп әдеміленіп жасанып алған екен.

Екі қолымен бетін басып жылап тұр.

Автобустың артынан жүгірмеді.

Оның даусы болса бірден таныр едім. Алай да ол маған әлі «сау болыңыз» деген бір ауыз қоштасу айтқан жоқ.

Тек жалғыз өзі шарасыздықтан жылап тұр.

Маған таныс Әйгерім әдетте жылағанда дауыстап өкіріп жылаушы еді. Ал бұл қоштасарда үнсіз тұр.

Күлгін көйлектің көлеңкесі көз ұшында ғайып болған сәтте мен де сол балалар секілді өкіріп жылағым келді.

Алайда көліктегілердің бәрі менен көзін алар емес.

Мен италиялық танымал маркалы киімімді киіп алғанмын. Сөйлесем бейжіңдік акцентім білініп тұр.

Өз-өзіме дауыстап, «Е, балалар емес пе? Әлі істің жөнін білмейді ғой!» – деп қойдым.

Кетерде бір уыс жусан ала кетем бе деп ойлап едім, ұмытып кетіппін.

Жол бойы автобус сахараны ендей өтіп зымырап барады. Анда-санда терезеде ақбоз киіз үйлер жалт беріп көрініп ғайып болып кете барады.

Бейжіңге қайтып келгеннен кейін қазақ ұлтының өкілі ретінде бір аз ұлт жазушылар конференциясына бардым.

Конференцияда жиналған қауымның талқылағаны аз ұлттар өмірін қалай жанды да әсем суреттеп жазу болды.

Тақырып шынымен өзекті болды, дегенмен, мен белгісіз бір мұнда қалдым.

Әйгерім, сені қалай жазсам толық суреттей алармын?

Осыны ойлап өзімнің күлкілі жағдайда отырғанымды байқаймын.

Ақыры қыздосыммен де кездестім. Оған жүндес бір қуыршақ түйе сыйладым. Үрімжіде жүргенде өзім таңдап сатып алғамын. Дегенмен, оған онша ұнамағандай болды. Нақты себебін мен де біле алмадым. Қалалықтардың нені шынайы ұнататынын біліп болмайсыз.

– Балалар сүйкімді ме екен?

– М, иә. Мен сол жақтан келген бала емеспін бе?

Ол менен ол жақтағы бойжеткендер әдемі бола ма екен деп сұрады. Мен Әйгерім  жайлы айтып бердім. Сонша құлақ қойып тыңдағынымен оның бұл істерге мүлдем қызықпайтынын байқадым.

Мен кенет оның қолымнан ұстай алып:

– Айтпақшы, сенен сұрайын деп едім. Сен Шыңжаң жайлы не білесің ? –дедім.

– Ән, би, домбыра...

– Одан басқа ше?

– Одан басқа сен барсың – деп сыңғырлай күлді.

Ол менің жұбанған қабағымды байқағандай болды да, мені аяғандай боп,   – Не болды? Ренжіттім бе? – деді. Осы орайды пайдаланып өз ұлтым жайлы айтып берейін деп ойладым да кенет ештеңе болмағандай, – Не болды? Ештеңе. Бәрі жақсы, – дей салдым.

Ол ойына бірдеңе оралғандай боп:

– Иә, айтпақшы.Сендерде қыздар мойынын қозғалтып билейді емес пе, – деді.

Мен біраз ойланып қалдым да:

– Ол біздің би емес, ұйғырлардың биі, – дедім.

Ол таңданғандай боп маған қарады да:

– Әй, қойшы. Қазағың не, үйғырың не, бәрі бірдей емес пе? Бәрібір сол жақтың биі ғой,  – деді.

Мен үндемей басымды ғана изедім.

Бұл оның қателігі емес. Мәселенің мән-жайы мұнда: бұл қалада адамдр ұлт деген ұғымға қатысы жоқ өмір сүруде.

Ол қымбат жасану бұйымдарын пайдаланыды; оның көйлегі де Әйгерімнің көйлегінен әдемі.

Әйгерім ді ойласам, қазақты ойласам шарасыз сергелдең күй кешемін.

Қыздосымды тіпті де қаттырақ қыса құшақтап тұрып сүйіп-сүйіп алдым.

Енді оған жақындай бергенде менің мұрнымды жарған сүттің хош иісі емес.

Тек Франция иіссуының хош иісі ғана.

Мен оны сүйемін. Ол сондай бір саналы, салмақты қыз. Дегенмен, бұл мені қатты шаршатады.

Біздің бірге бір кофехана ашамыз деген арманымыз бар еді.

Дегенмен, мен жасым 19-да болса да университетте оқымадым, бар болғаны мән-мағынасыз әңгімелер, жырлар жазып зорға күнелтемін.

Гүлзар маңындағы орындыққа отырып алып үнемі келешекте ашамыз деген кофехананы қалай жобалау жайлы көп айтысатынбыз. Айтып болып, екеуміз де үндемей қалушы едік. Мүмкін жастықтың желігі де шығар. Әйтседе, жастығында бұлай арман қумасаң өміріңнің не сәні болмақ. Ел аралап, жеп ішіп, ойнап күлумен өткерген өмір қуыс кеуделікке апарып соқтырады ғой. Ондай өмірден де қызық таппайсың.

Әйгерім жайлы үнемі ойланып жүретін болдым. Неге онымен болғанымда бәрі сондай қарапайым боп кетеді?

Қыздосым жақыннан бері каникул кезіндегі курстарға барып жүр. Сондықтан, жалғыз өзім Бейжің көшесінде үнемі жалғыз сенделуді таптым. Байқасам бәрі мен қиялдағандай жақсы емес екен. 789 -шы өнер қалашығы толған жасанды сұлулық. Барлығы өзінше такаппарланған немесе жас бойжеткендерді алдауға ғана жарамды. Нәнлогу көшелерінде сатылып жатқан қолөнер бұйымдары индустрия желісінде топтастырылып өндірілген бұйымдар. Сәні болғанымен барлығының құны төмен, мәні аз.

Сөйте жүре бір күні тұғыш махаббатымды да кездестірдім.

Онымен кездескенде алғаш ауыз ашып айтқан әңгімем Шыңжаңда жүріп ашық аспаннан жұлдыздарды тамашалау болды. Ол тыныш қана тыңдағаннан басқа еш реация жасаған жоқ. Шындығында жұлдызды аспанды өзің барып тамашаламасаң басқаның әңгімелегені саған түк әсер етпейді.

Енді ғана екінші курста оқып жүрседе, ол ағылшын тілін өздігінен үйрене бастапты. Келешекте Америкаға барып оқуын жалғастырмақшы екен.

Мен бұрын оны ерекше жаратылған бір жан  деп қараушы едім, енді бақсам ол да мына қоғамның бір сынығына айналып қалған екен.

Бар адам жанұшыра алға ұмтылған мына заманда өмірдің өзі жобаланып жоспарланып қойылғандай көрінеді. Егерде аз ғана салғырттық жасасаң көрсеткішке жетпей арманда қалатындай жүреміз. Тіпті махаббат, үйлену секілді нәрселер де сол жоба, жоспардың бір бөлегіне айналған.

Ол өзі махаббат жайлы еш ойланбағанын айтты. «27, 28 жасқа жеткенде әке-шешесінің араласуымен бір арқа сүйер адам тауып тұрмыстанып кетсем болды» дейді. Оған бірдемелерді айтайын дедім де тоқтап қалдым. Мына қоғамда қарап тұрсаң барлығы осылай емес пе?

Алдымдағы мына бойжеткенді кезінде құшқан едім, сүйген едім. Енді оның айтқанына қарап тұрсам махаббат пен үй болудың өзін жоспарға айналдырып жіберіп отыр. Өзімен қатысы шамалы дейді. Мүмкін бұлда қалыпты құбылыс шығар. Дегенмен, мен шексіз таңдануда қалдым. Мен одан:

–  Махаббатқа сенбейсің бе? – деп сұрадым

– Шамалы сенемін, – деді ол.

Әрине, мынадай қалада мұндай сөзге түсіністікпен қарау керек.

Дегенмен, ол өзінің балакезінде кесілген сол ағаштарды әлі де қимайтынын айтады.

Құдай-ау, он жылдан аса уақыт болды. Жер-әлем одан бері сан құбылды емес пе? Қимайтын енді несі бар?

Тек сол ағаштарды ғана қия алмаймын дейді.

Мен шамасы түсінгендей болдым.

Екеуміз де үнсіз ұзақ тұрып қалдық.

Мен оған Әйгерім  жайлы айттым.

Ол маған: «Әйгерім мен менің ұлтым – менің жасыл ағаштарым» дейді. Мен түсіне қоймадым, сонда да сұрамадым.

Менен не ойлап отырсың деп сұрайды.

Мен қалалықтар мұндай ойға бармауы қажет деймін, себебі бұл адамды шаршатқаннан басқа түк те бермейді.

Ол: «адамда бір мақсат болуы қажет» дейді. Сол мақсатқа жеткен күні өзіңді бірден тауып алатын боласың мыс.

– Неге «бірден»?

– Иә, бұл енді дәл мақсатыңа жеткен сәтте ғана болатындықтан ғой.

Шындығында бұлардың бәрі ұлтпен түкте қатысы жоқ. Мысалы, мен де басқа да қала тұрғындары секілді осында өмір сүріп жатырмын. Біз ұлтсыз өмір сүріп жатқан тобырмыз. Кафка айтқандай біз қоңызға айналғанбыз. Бір күні өмірді түсінген сәтте қайтадан адам кейпіне енерміз. Әлі жаспыз, бір күні өзімізді бірден тауып алған кезде, қайтадан адам болып шыға келеміз.

Осынша бейнетпен өмір сүріп жатуымыздың мақсаты сол адам қалпына келу емес пе?

Ол дұрыс айтады. Дегенмен, оның неге махаббат жайлы ойламаймын, әйтеуір бір күні үйленіп кетсем болды дегенінің байыбына бара алмадым.

Оның қимайтыны ағаштар емес, себебі, ағаштан айырылу ештеңенің символы емес қой.

Туыла салып біз бәрінен айырыла бастаймыз.

Ойлай келе мен бәрін түсінгендей болдым. Қала өмірінде көз алдыңды қанша анық көрсең, сонша адаса бастайды екенсің.

Енді сол баяғы маған ағаштың қалай кесіліп қалай құлағанын айта беретін сол бір бойжеткенді қатты сағынатын болдым. Ал көз алдымдағы мына ақыл айтқыш қыздан безіп кеткім бар.

Егер ол бір күні өзін бірден таба алатынына сенімді болса неге өз өзінен алыстай береді.

Қыздосыммен ақыры айырылысып кеттім. Соңы осылай болатынына бұрын-ақ көзім жеткен, дегенмен, сонда да қатты мұң кештім.

Ол маған: – Кофехана жайлы армандарымыз тым асқақ боп кетті. Оны жүзеге асыру тек сенің ғана қолыңнан келеді, – дейді.

– Сен керемет жігітсің, бірақ мен сен іздеген жан емеспін.

– Сені есімде мәңгі сақтаймын. Сен жақсы жансың!

Осы сөздерді айтқанда менің ойыма келген жалғыз-ақ нәрсе оны бассалып құшақтап ешқайда да жібермеу.

Ақыры кетті. Жалғыз қалдым. Десе де, ол тіпті кетпеген күннің өзінде мен баяғыдан жалғыз емес пе едім?

Ол барда оны құшып өзімнің барлығымды сезінетінмін. Енді ол да кетті, мен өзімді жоғалтып алғандай боламын.

Оның айтқанының бәрі шындық. Дегенмен, оның тағы бір айта алмай кеткен шындығы бар. Ол мені енді қайтып сүймейді. Маған қарап жымиған күндікті жүзін көрсетеді. Оның мені қашаннан бері сүймей қалғанын білмедім. Мүмкін ол мені бастан-аяқ сүйметін де шығар?

Оны құшақтап жібермей-ақ қояйын деймін. Алайда тек күліп тұрып, «қош-сау бол!» деуден басқа қолымнан ештеңе келген жоқ.

Оның күлкісі қандай, шіркін. Маған, «Сен бірден есейіп кеттің. Нағыз азамат болдың», – дейді.

Дегенмен, мен бұлай есеюдің өзімді бірден тауып алуыма көмегін тигізе ме жоқ па білмедім.

Алғашқы махабаттымды іздейін деп едім, ол жалғасты білім асыруға дайын далып әбігер болып жүр екен. Басқа достарымның жағдайы да шамалы солай.

Енді байқадым, мынау мені жастайымнан бағып қаққан қалада менің арқа сүйер бір досым жоқ екен-ау.

Қыздосыммен айырылысып кеткеннен кейін күнде Әйгерімді ойлайтын болдым. Метроға отырдым да 13-ші желінің бас бекетінен соңғы бекетіне дейін бардым. Тапжылмай отырып вагонға кірген-шыққан жолаушыларды бағамын. Мен бейне жоғалған затқа іздеу салған жарнама спетті ешкімнің де көзіне ілікпеймін. Ешкім сұрап білмейді. Осылайша метроның бас бекеті мен соңғы бекеті аралығында толассыз сан қайтара жүріп өттім.

Бейжің жазының түні еді. Жалғыз өзім үйден шықтым да көше жаққа беттедім. Seven-eleven супермаркетінен екі дайын Онигири (жапон тамағы, күріштен жасалады) алдым да жүре жей бастадым. Жолда ешкімнің қарасы көрінбейді. Дегенмен, біреу қуып келе жатқандай боп қолымдағы асымды обып келем.

Түннің осы бір тұңғиығында адасып кеткім келеді. Алайда өзімді өзім жоғалтып алудан қорқамын. Өзімді сүйгім келеді, әрі сонша бір қорлап, жерлеп алғымда келеді. Бірақ, бәрі бір ештеңе де істей алмадым. Ештеңе де істей алмай Бейжіңнің түнгі көшесінде сенделіп әлі келемін, мен пақыр. «Пақырмын ба?» Тіпті сол пақырлыққа да жарамаймын-ау. Бәрі де бос, бос күйде Бейжіңнің көшесінде келемін. Әредікте мас болып шалиып жатқан бір- екі шетелдікті байқаймын. Осыншама алысқа мастық іздеп келмеген шығар-ау, сірә. Неге бүйтті екен?

«Енеңді ұрайын!»  Көпірдің астында жападан жалғыз тұрып боқтыты жібердім кеп. Бұдан басқа білер боқтығым болсашы. Жымжырт түнде боқтасаң, боқтайтын кісі де таппайсың. Әйгерім  менің мына түрімді елестете ала ма екен?  Өмір мені осылай еткеніне өзім де таң тамашамын.

Бейжің мені бауырына баспай ма деп қатты алаңдаушы едім. Енді ойласам бәрі бос алаңдаушылық екен.

Бұл қала ешкімді бауырына басып көрген емес, ешкімді де сыртқа тепкен жоқ.

Мен бір жүрген жетесізбін.

Сабақ өткенде, «Уаңфужиң көшесіне қалай барамын?» деп үйретемін. Олар тіпті өмір бойы ол көшеге аяқ баспас. Олардың бұл сөйлемді қайталағандағы шаттанған жүзін көрсем болды өзімнің нағыз жетесіз екенімді түсінемін.

Әйгерімге демократия жайлы, Кафка жайлы көп айттым. Сонда оған не пайда әкелді?

Оған демократияның, еркіндіктің қажеті қанша? Оның өмірінің қарапайым болғаны соншалық ол өзі сүйген жігітінің қасында қалуын ғана тілейтін. Алайда оның жігітінің қолынан келмеді.

Әйгерім, сенің жұпар сүт иісің бар. Мен үшін ол әйел затының ең бағалы иісі болса да, менің өмір бойы ұмыта алмайтын ләззатым болса да, мен сенің жаныңда қала алмадым.

Мен қорқтым. Өзімнің сонша қорқақ екенімді бірінші рет байқадым.

Мен басқалардың маған қарап, «welcome to china» дегенінен қорқтым.

Мен өзімнің басқаларға ұқсамай қалуымнан қорқтым. Мүмкін ұқсамағандық емес, қайта қала өміріндегі белгілі бір мән-мағынасыздықтан болса керек.

Мен басқалардың менен безуінен қорқамын. Мына аспанмен тірескен зәулім үйлер ішінде жүрсем өз ұлтым менен безгендей болады. Енді бір күні мына қала да менен безсе не болармын? Ақылға мүлдем қонымсыз шығар. Бірақ мен бәрібір қатты үрейленемін.

– Кешір, Әйгерім . Мен осындай бір жетесіз екенмін.

Қыздосымды қиялдап кетем де сол сен секілді мені өз құшағына алсашы, маған сен берген әсем сәт пен жұбанышты ол да сыйласашы деп кетемін.

Алайда мұның бәрі болған жоқ.

Ол маған тек «сен жақсы жансың» деген бір ауыз сөз қалтырды да кете барды.

Айдана қанша еңбекқор делік, жарайды. Оның жеткен жетістігі сол бір үздік даяшы деген атақ қана емес пе? Одан басқа қанай арман болар дейсің? Оның армандағаны сол басқалар секілді ханзша сөйлей алса, аз тола білімді болса болды емес пе?

Қайсар мен Қайрат ше? «Төңіректеріңде жақсы ханзу азаматтары бар шығар?» – деген сұраққа олар басын да изеген жоқ. Кішкене асханада тамақтанғанда да, олар ханзуша сөйлеп отырған қалың жастың арасында тіс жарып бір ауыз сөз айтқан жоқ. Олардың өмірі бастан-аяқ осындай үнсіз секілді. Айналадағы жандардың не деп жатқанын ешқашан біле алмайды.

Ал сонда қалалықтар жетесіз емес деймісіз?

Қалалықтар үнемі арақашықтық сақтап жүреді. Мен достарымды қазақ бауырларым секілді құшақтай алайын десем, олар, «Үй! Бауырым, мені жыныстастардан деп ойлап қалдың ба. Аралық сақта, аралық» – деп ат тонын ала қашады. Басқаны құшақтап та көрмеген адам бақытты болады деп ойлайсыз ба?

Менің бір досым менің әңгімемді естіп болып, «Жетесіз болмау деген сонда немене? Айдана Бейжің университетіне түсіп оқыды делік, онда тұрған не бар? Бақытты бола ала ма?  Әйгерімнің саған қолы жетті делік, сонда ол да жетелі болды дейміз бе? Бәрі де сол баяғы қалпында емес пе?» – деп айтып еді. Дәл солай сияқты.

Бәрімізді де сондай бір жетесіздік шырмап алған.

Кейін қызым болса деп армандаймын. Онымен бірге Бейжіңде өмір сүрсем. Сонда мен ойлаймын, менің қызымның өн-бойынан сүттің иісі аңқып тұрар ма екен? Әйгерім, ол саған тартатын бола ма, жоқ әлде менің қыздосым секілді боп өсе ме? Ол сүйіспеншілік дегеннің не екенін түсіне ала ма?

Бұдан былайғы өмірде менің Токио секілді қайнаған қалада, Париж секілді романтика мекенінде немесе Лондондай классика отанында іздерім қалар. Ал сол баяғы кішкене қалашыққа енді қайтып баруым не ғайбыл.

Сен де бір күні тұрмысқа шығармысың? Ауылдың бір малшы жігітіне? Ол маскүнем болар ма екен? Ол сені аяп күйінер ме екен?

Сен ұзатылып бара жатқаныңда мені есіңе алармысың? Өз құшағыңда бір түн әлдилеген сол Бейжіңдік жігітті қайтып ойлайсың ба?

Мен қазақпын. Мен де сені сүйемін. Бұл бар шындығым. Алайда, Әйгерім, біздің өмір сүрген дүние міне, осындай екен. Ол сенің сүйген жігітіңнің құшағыңнан сытылып ұшып Бейжің асатынына еш күйінбейді екен. Бәрі бұлай болмауға тиіс еді.

Бір күні біздің ұлтта қала жағалайтын болады. Немесе қалалықтар секілді икемсіз бір өмірмен ауылдарда топтасады.

Айгерім, бір күні сенің де немере қызың иіс суының жұпарын аңқытып тұратын болар.

Сол кезде сен мені түсіне бастарсың. Болмаса мені одан бетер түсінбей кетерсің!

Таңғы сағат төрт мезгілі,  CBD офистары иін тірескен комерциялық аудан. Бұнда жұмыста жүрген ешкім де жоқ. Бейжіңнің ең сәнді деп саналатын бұрышы бұл сәтте тым-тырыс күйге енген. Осы бір тыныштықтың соңына ала әйел дауысының өкіріп жылағаны құлағыма шалынғандай болды. Дауыс жаққа қарай бет алдым. Бақсам форма киген бір таптинақтай бойжеткен ұзын орындықта өкіріп отыр екен. Өзі сондай бір әдемі жаратылыс.

Басын төмен салып алыпты. Шашы өксіген сайын денесімен бірге сілкінеді. Енді ғана бір қарапайым ақиқатты түсінгендей болдым: Бейжіңде де бақытсыз қыздар бар екен-ау. Айналып келгенде бәрі өмірдің істегені ғой. Ал өмір деген өмір. Мейлі күлгін көйлек киейік, форма киейік, жұпыны киейік, Италиялық марканы киейік, бәрібір күйзеліс пен жетесіздік сезімінен құтыла алмайды екенбіз.

Қағаз сүлгіні оған ұсынғанымда ол маған қарап жымия күлді. Тәйір-ай! Қалалықтар өкіріп жылап отырса да осынша тәтті күлкісін жоғалтпайды. Оңай емес-ау.

Оны жұбатайын деп ойладым. Алайда оның енді жылай қоймайтынын көріп лезде тайып тұрдым.

Көмек  қажет болған адамдар көмек бергісі келіп тұрған жандарға осынша теріс мінез көрсетіп ырықсыз күйде қалдыратын заман туған ба?

Жоқ көмек қолын созғысы келіп тұрған адам кеткеннен кейін ғана оның көңілі жай таба ма?

Ал көмектесуші кетіп қалса тағы өзін біреу лақтырып кеткендей сезінеді. Жалғыздық оны жегідей жеп тағы біреудің келіп өзін жұбатуын күтеді...

Арықарай талдамай-ақ қояйын. Таң атып, күн де шығайын деп қалыпты. Жол үстіндегі жүргіншілерге арналған аспалы көпірде тұрып қазақша ән салдым:

«Айналайын қарағым хал жақсы ма,

Сала берме көзіңді әр жақсыға.

Сала берсең көзіңді әр жақсыға,

Бәрі жақсы көрінер алғашқыда.

Жүгіріп шықтым белеске,

Белес жақын емес пе,

Осы отырған отырыс

Бір ғанибет емес пе, ай

Мінген атым астымда құла қасқа,

шеңбер салдым құдыққа құламасқа.

Әдейі іздеп ауылыңа барғанымда,

Танымаған адамдай тұра қашпа.

 

Жүгіріп шықтым белеске,

Белес жақын емес пе.

Осы отырған отырыс

бір ғанибет емес пе?».

Күн де шықты. Бәрі жым-жырт. Мына тыныштықта бұл қала тіпті Бейжіңге ұқсамай да қалды.

Әйгерім, сенің сүйген жігітің сенің жаныңда қала алмады. Сахараның перзенті қайнаған қала өмірін мәңгі түсінбейді. Менің тұңғыш махабатым өмір жайлы көп біліп ойына түйіпті, алайда ойдан кетпес сол кесілген ағаш оның мәңгі жүрек жарасына айналған екен. Ал ханзу қыздосым қашанда күлімсіреп жүреді. Табысса да, қайта айырылса да, бірақ ешқашан бақытты болған емес...

Мұның бәрі адамды қатты түңілтеді.

Мен мүмкін сенің ойындағы Кафка болармын немесе болмаспын. Нағыз жазушы қандай болатынын білмеймін.

Бірақ білетін бір нәрсем бар: қандай жетістікке жетсем де мен бір жетесізбін.

Себебі, мен сенен айырылып қалдым. Біз бірімізден-біріміз айырылып қалдық.

Осының өзі қандай жетесіздік екенін білесің бе?

Әйгерім, саған ешқашан тіс жарып айта алмағаныма өкініштімін.

Мен сені шынайы сүйемін.

Себебі, сен маған жылулықты сезіндірдің, қашан өзімді жетесіз сезінсем де, сол жылулық мені мәңгі жебейді.

Жетесіздіктен мен саған ғашықпын.

Жетесіздіктен мен сенен кетіп қалдым.

Оттай жарқыраған күнге қарап мен қазақтардың неге оны сүйетінін білгендеймін.

Күнге қарап біз бәріміз өзімізді жетесіз сезінерміз.

Ойыма қазақ халық әнінің толқыны тағы кернеді.

Мен енді түсіндім:

Біздің жетесіз болатын түкте жөніміз жоқ.  Ал жетесіз болмасқа тағы шарасызбыз.

(Соңы)

Айдос Амантайұлы,

Ағылшын тілінен аударған Бибол Әліпбайұлы,

Дайындаған Әлімжан Әшімұлы. 

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1970