Нұрман қарт және оның тазысы
Біздің анықтама:
Әкбар Мәжитұлы Қытайдың Бейжің қаласында тұратын, миллиардтар елінде, империялық тілде сөйлейтіндердің ортасында «Қытайдағы қазақтың Олжас Сүлейменові» атанған қазақ қаламгері.
Көрнекті жазушы, аудармашы, баспагер, аға редактор, мәдениет және өнертанушы, профессор. Мемелекет және қоғам қайраткері. Қытайдың мемлекеттік сыйлығының және мемелекеттік кеңес степендиясының игері. Қазақстан Президентінің «2 дәрежелі Достық орденімен марапатталған.
1954 жылы 15 сәуірде ҚХР ШҰАР-дың Іле қазақ автономиялы облысына қарасты Қорғас ауданының Сарбұлақ ауылында дүниеге келген. Ланджоу уинверистетінің қытай филологиясы бөлімінің түлегі (1977 ж.).
Іле облысы үкіметінің аппратында, Қытай жазушылар одағында жауапты қызметтерде болды. «Ұлттар әдебиеті» журналының негізін қалады әрі оның бас редакторы, «Қытай жазушылары» журналының бас редакторы, Қытай жазушылар одағы басқармасының хатшысы, Қытай жазушылары баспа корпорациясының шығармашылық жөніндегі жауапты бірінші орынбасары, «Қытай кино және телевизия» ҚҚ басқарма төрағасының жауапты бірінші орынбасары сынды қызметтерді атқарды. Бейжің қаласының және Қытай халық кеңесінің уәкілі (депутаты).
Шығармаларын қытай тілінде жазады. 1970 жылдардың соңында алғашқы шығармаларымен қытай әдебиетіне бірден танылған жазушы. 1980 жылы 26 жасында қытайдың әдебиет саласындағы мемлекеттік сыйлығын алды.
«Ақсақ құлан», «Көк көгаршын», «Көгалда», «Аспан таулар аясында» сынды прозалық кітаптардың авторы. «Мұхаммед пайғамбар», «Мұқали» деген зертеу кітаптарын жазды. «Әкбар Мәжитұы шығармалары» (10 томдық) жарық көрген.
Елімізде жазушының «Ақсақ құлан» деген таңдамалы әңгімелер жинағы жарық көрді. Қазақ прозасының классикалық үлгілерін, Әуезовтің «Абай», «Абай жолы» роман-эпопиясын, «Абай қара сөздерін», «Қазақ халық әндерінің антолгиясын», қырғыздың «Манас» эпосын, ұйғырдың классикалық музыкалық мұрасы «12 мұқамды» қытай тіліне аударған.
Қытай прозасының классигі, атақты жазушы Уаң Мың мырза Әкбар Мәжитұлының шығармалары туралы: «Ол бұрын-соңды тұрмысты дайын қалыпқа негізделіп көшіре салмайды немесе көптеген оқиға желісін ойдан ойдырып, шалағайлық істемейді. Керісінше тұрмыстың әрқайсы жақтарына жіті назар аударып, терең ой жүгіртіп, кейіпкердің көңіл-күйін, оқиғаның шиеленісуін, пейжазды және қарама-қайшы құблыстарды ұстап қалуға құлшынып, проза жасампаздығында өзінің өзгеше үлгісін жаратты. Сонысымен де ол қытай прозасында үлкен орынға ие қаламгер», - депті.
Біз атажұрттан шалғайда жүріп, қазақ әдебиеті мен руханиятына үлкен олжа салған Әкбар Мәжитұлы ағамызды 70 жасқа толған мерекесімен құтықтай отырып, талатты жазушының бірнеше әңгімесін мәртебелі оқырманға ұсынуды жөн көрдік.
Сержан Сәрсенбайұлы, әдебет сыншысы
***
Адамды мезі қылатын бір іс миына шапқан Нұрман ақсақал кірпік айқастырмады. Ол бүгін түнде қылаулап жауып тұрған қар таң ата толастаса, түлкінің ізі дегеннің бадырайып жататынын, саятқа шығудың бап кезі екенін ойлады. Бірақ... амал нешік, тазысы «Барыс» қолдан кеткен! Оған не шара?! Тек дөңбекшіп жата берді. Күн ашық болса, осы кезде үркердің жамбасқа түскені көрінер еді. Тылсым түннің қара шымылдығы байтақ өмірді тұмшалап тұр, дала жым-жырт, тіпті маңқ етіп үрген ит те жоқ. Нұкең төсектен тысқа құлақ түрді, қылаулаған қардың жай сытыры құлағына шалынғанда аңқұмарлығы ұстап кетті. Ол бір жағына аунап түсіп, дыңылдап тұрған басын сипады: «Әттең, Лиу шужи-ай, көзің қалайша Барысыма түсе қалды?» Ол тағы да аунақшыды. Оның осы сәттегі көңіл күйін түсініп, оған жұбату айтқандай шарқыш ағаш төсек сықырлап, шиқылдап кетті.
Алпыстың асуын енді ғана аттаған Нұкең тазы салып, өмірін азулы жыртқыш аңдармен айқасумен өткізген еді. Үш күн аңға шықпаса іші пысатын, тіпті басының сақинасы ұстап қалатын. Мұндайда оған дәрі де қонбайтын, тек тазысын ертіп бір айналып келсе болғаны, жолынан жөргем ілінбесе де басының сақинасы жазылып, қунай қалатын. Оның тазы жүгіртуге құмарлығында шек жоқ еді. Көне қоғамның қытымыр жылдарында да имиген бір тазы асырап, қасынан екі елі тастамаушы еді... «Маяк» фермасында қасқыр соғу әтреті құрылғаннан бастап, ол соның ең белсенді бір мүшесі болды. Аймақ бойынша қасқыр аулаудың озаты болып бағаланып, жартылай өткізгіш радиоқабылдағышпен сыйланды. Бірақ бертінгі жылдары біреулердің «Дұрыс кәсіппен шұғылданбаған», «Коллектив түрінде капитализм жолымен жүрудің қара үлгісі» деп даурығарын кім білген?! Ақыры қасқыр соғу әтреті таратылды. Қарттың тазысын біреулер ұрлап апарып сойып жеп алды, қарт олардың «төңкерістік әрекетінің» байыбына бара алмай дал болды. «Менің тазымның күнәсі не?» деп өзіне-өзі сұрақ қоюмен жүре берді.
Қасқыр соғу әтреті таратылғаннан кейін қасқыр қойша өріп, ферманың талай малын шығындады. Бұл Нұкеңнің жанына батты. Өмірін сахарада өткізіп, соның суығына тоңып, ыстығына күйген оған бір бас малды қатарға қосуға малшылардың қаншама арқа етін арша, борбай етін борша етіп жүргені аян еді. Ол ебін тауып тағы бір тазы асырауды ойлады. Қасқыр соғу әтреті қайта құрылмаған күнде де бір өзі жылына 4-5 қасқыр алса да қасқыр лаңы азайған болар еді. Біреулер қасқыр аулауды «капитализм жолымен жүргендік» десе дей бермей ме. Екі-үш жыл сұрастырып жүріп, бір жылы ол «Көрші аудандағы бір аңшы тазысын өгізге айырбастайды екен» дегенді естиді. Ол дереу торы атына міне сап, қара өгізін айдап, екі күн жүріп барып, тазыны айырбастап әкеледі. Ендігі өкініп отырғаны сол тазысының – Барыстың кетуі.
Қазір аудандағы үлкен-кішілер қарттың алдында Барыс жайлы сөз қозғай қалғанда, ол өзінің өмір бойы бұдан асқан жақсы тазы асырап көрмегенін аңқылдай айтатын:
– Сол тазымның қандай иісшіл екенін сендер білмейсіңдер ғой. Далаға апарып қардағы аң шиырына салсаң болғаны, ол жаңа ізді біле қоятын. Онан түлкі қашып құтыла алмаушы еді.
Нұкеңнің есінен кетпейтіні, сонау жылы жайлауда болған бір оқиға еді.
Көзге түртсе көрінбейтін қараңғы түн. Күзетте ұйықтап қалған Нұкең Барыстың арсылынан шошып оянады. «Қап, қораға қасқыр тиген екен» дейді де мылтығын ала салып, прожектордың жарығында айтақтап Барысты қосады. Барыстың арсылы тоқтап, қотанның ар жағындағы жырадан енді ырылы естіледі. Нұрман қарт сүріне-қабына солай қарай жүгіреді. Прожекторының жарығын жырадағы қараң-құраңға түсіріп сәп салса, қос қатар емшегі жер сызған өлекшін қасқыр бір тегене құйрық қойды алқымдап алыпты да, құйрығымен сабалап жетектеп әкетпекші болып тұрыпты. Барыс оны тамақтан алып тас қып жібермей тұр екен. Қасқырдың жағы қарысып қалған сияқты, қыр-қыр етеді. Барыс долдана ырылдайды. Жаралы қой адамды көргенде жанталаса тыпырлады. Тегенедей құйрығы қозғалақтағанда құмалақтап та жібереді. Тәжірибелі аңшы өлексенің қойды апанына тірі апарып, бөлтіріктерін ауыздандыратынын білетін. «Мә, бөлтіріктеріңе апарып бер», – дейді де ол алақанына түкіріп жіберіп, мылтық дүмімен өлекшінді бастан періп қалады. Өлекшін сылқ ете түседі. Сонда да қасқырдың тамағынан айырылмаған Барыс иесі мылтықтың дүмімен өлекшіннің миын бырқ еткізгенде барып аузын босатады да, құйрығын бұлаңдата иесінің аяғына орала кетеді. Иесі де риза болған пішінмен оның басынан сипайды...
«Әй, қайран тазым-ай... қайтем енді? Анау Лиу шужидың оған қалайша көз құрты түсті екен, қайта айналып өзіме сап ете түскенін қайтерсің, әттең, қорлығын-ай!»
Барыс есіне түсіп кеткенде Нұрман ақсақалдың Лиу шужи, әйтеуір, ойынан кетпейтін. Мұндай кезде ол қуырылып кететін. Сонда оның тайыншадай бейнесі Нұрман ақсақалдың көз алдына елестейтін. Мұны, абзалы, бір жылдың алдынан бастаған жөн.
Малды ел шөп шабумен әбігер болып жатқан кез. Күн шыжып тұр. Күн қақтаған күзгі сар дала. Сонау бөктерде соқа тиген жайылым мұнарлана түтіндеп, бозамықтанып жатыр. Сайдан құлаған бұлақ бойындағы шабындық шөмелелері сарғыштанып, жалын атып тұр.
Иығында шалғысы бар Нұкең артта келе жатыр. Бір жыл жыртылғаннан кейін істен қалып, берекесі қашқан осынау өңірді көргенде іші сондай ашиды. Бірнеше жылдың алдында бұл шөбі шүйгін көктеулік, күзеулік еді-ау. Акау, не боп барады? Мал бақпасын дегені ме, жоғары жақ міндеттеген жанды мал сатып беру көрсеткіші мен ет міндеті жылдан-жылға ауырлап барады. Ал жайылымдар қалаймақан жыртылып, керектен шығып жатыр. Енді, міне, егіске де, жайылымға да жарамай, таздың басындай тұлдырайып тұр. Жел үп етсе, болды, әлем-тапырығы шығады. Осыны қандай пірі ойлап тапты екен? Ойсоқты шал күн қуырып, топырағы бұрқылдап жатқан жолмен аяңдап ауылға жетті. Бұрын ауылға таяған кезде көңілі шалқып сала беретін. Бұл жер азаттықтан ілгерідегі шұбар адамның бетіндей кісі қарағысыз еді. Сондықтан ел «Шұбар» деп атап кеткен. Азаттықтан кейін «Маяк» фермасы құрылғаннан кейін Шұбар арудай құлпырып, қараған сайын көзің тоймайтын, қараған сайын жаның сүйінетін бейнеге енді. Ал бертінгі жылдары ауылға келіп ферма штабының құлаған мұжық тамдарын көргенде (штаб көшкенде кеңсенің төбесін бұзып алып кеткен-ді) қатты жабырқайтын. «Маяк» фермасының тағдыры неге осыншама аумалы-төкпелі болды? Бақсаңыз, аукомның шужиы төрт рет ауыстырылды, ферма штабы алты рет жұрт жаңалады. Қарасты жері де быж-тыжы шығып, бүгін ана гұңшіге, ертең мына гұңшіге, бүрсігүні бір гұңшінің тағы бір өндіріс дұйына қарап кетті... Қалт-құлт етіп күн өткізді. Қыл аяғы жем-шөп базасы да болмады. Биыл көктемде бір жолғы жұт ферманың 10 мың бастан астам малын жұтты. Мал шаруашылығынан түсетін болар- болмас пайданы аудандық банкке ауыл шаруашылық қарыз ақшасы ретінде тартып қалды. Одан қалғанын көктемгі егіс кезінде тракторлар-ақ опты. Міне, енді үкімет пен жеке серіктестіктегі осы фермада еңбекақы таратылмағалы неше ай болды. Бұған ферма бастығының қолынан келері болмады. Бұқара бұған қатты алаңдады. Ал аудандағы бастық, шужилер де «былық» орын деп келмейтін болып алды. Әнеу күндері ауданға жаңадан келген бірінші бастық Лиу шужи фермаға бір келіп, «Дың Шяупиңды сын тезіне алып, «Оңшылдық делө аудару құйынына қарсы тұруды ойдағыдай жүргізу керек, бұл – кезектегі арқау» деп нұсқау берген екен. «Оңшылдық делө аудару құйыны» дегеннің не екенін ит біліп пе, өндіріс ұсталмаса, «бұқара не ішіп, не жейді... «Нұрманның есінде ап-анық: жер реформасы, кооперацияландыру, халықтың гұңшілануі кездерінде ауданда небәрі үш қана басшы – бір шужи, бір әкім, бір орынбасар әкім ғана бар еді. Онда әуелі жеңіл машина да жоқ болатын. Сонда да олар бүкіл ауданның пұшпақ- пұшпағын қоймай атпен аралап, төменгі жақтың ахуалын өз көздерімен көретін. Нұкеңнің үйіне жылына неше рет келіп жата-жастана әңгімелесіп қайтатын. Қыстауға, көктеуге мал көшірген күндерде де олар қарлы борандарда жүріп, малшыларға мал көшірісетін. Ал қазір ауданда жеңіл машинаның өзінен бесеуі бар екен. Ал басшылардың бірде-бірі Нұрманның үйіне бас сұғып, дәм татып көрген емес. Фермаға әрең бірер рет келді деген күннің өзінде де асханадан қуырдаққа сылқия тойып алып, аттанып кетеді. Мұны Нұрман атқа ойлы-шұңқырлы жердің бәрі жол, ал жеңіл машина ондай жерлерден өте алмайды, сондықтан болар дегенге жорып қана қояды.
Нұрманның ойынша, азат болғалы 20 жылдан асты, оның үстіне «мәдениет төңкерісі де» жүргізілді, ферманың бейнесінде қалай да жойқын өзгерістер болуға тиіс. Бірақ «Маяк» фермасы баяғы қалпынан аумады, тіпті 50-60-шы жылдардағы күйіне де жетпеді. Бұл жәйттер оны түңілтті. Ол біздің бұл жерлеріміз шалғай шекара өңір, бәлкім, біздің бұл жеріміздің ахуалынан орталық хабарсыз болар немесе ол жерден тағы бір сұмырай шығып қалды ма деп жоритынды шығарды. Дегенмен, әйтеуір бір күні мұндай жайттың өзгеретіндігіне оның сенімі кәміл еді.
Нұрман осы ойлардың жетегінде жүріп, қорасының қасына келгенде тазысы қашадан шықты да иесіне келіп еркеледі. Нұкең салмақты қадамын іркіп, әдеті бойынша оған сәп салып қарады: ол аппақ, үшкір тұмсық, жолбарыс төс, инеліктей жіңішке тазы еді. Тығыр жүні күн нұрында торғындай жылтырайды. Қоңырқай жанарында адамға жақындық сездіретін жағымды нұр есіп тұрған сияқтанады. Әне, ол «менің ием, шаршадың ба?» дегендей болды. «Жоқ, шаршамадым, шаршамадым, қазір сені ертіп барып түлкіге саламын» дегендей Нұрман ақсақал Барыстың басын сипап тіл қатты: «Жарайсың, жақсы серігім, шөп шабылып болған соң, екеуіміз дала кеземіз, сонда қасқыр кезігер ме екен?» Тазы иесінің айтқанын ұққандай аузын аңқита ашып, сүйір тілін салақтатып, екі рет қыңсылады да ақсақалдың алдына келіп шоқаңдады. Нұкең де әлгіндегі беймазалықтан әп- сәтте сергіп сала берді. Бұл Барыстың есесі еді. Мұқым төңіректе Нұкеңнен басқада мұндай жақсы тазы жоқ болатын. Ол сергіп сала берді. Шалғысын лапастың көлеңкесіне қоя салып:
– Кемпір, шайың даяр болды ма? – деп дауыстаған бойы жеңіл қадаммен үйге кірді.
– Ата, ата! – деп немересі Болат та домалаң қағып кіріп келді. Нұрман немересін тізесіне қондыра, енді сырмаққа отыра бергенде, кенет осылай келе жатқан машина гүрілі естілді. Барыс та абалады. Соның артынша машина да есік алдына келіп тоқтай қалды.
– Ағамның машинасы, – деп Болат алақан соға атасының тізесінен қарғып түсіп, сыртқа қарай жүгірді.
– Акау, Жарқын майтауға кеше ғана кетіп еді ғой? Мынау қайдан келген машина? – деп таң-тамаша болған Нұрман жұбайынан сұрап еді.
– Ит біле ме? Аяғың сынып қалған жоқ қой, шығып қарамайсың ба? – деді кемпірі дастарқанға қарма, бауырсақ салып жатып.
Нұрман тысқа шықты. Қора алдына келіп тоқтаған жеңіл машина екен. Барыс есік алдында шабалаңдап тұр. Ауыл боқмұрындары ығы-жығы болып машинаны қоршап алыпты. Көршілес ересектер де үйлерінен шығып, таңдана қарасып тұр. Кейбіреулері осылай қарай аяңдап келеді. Балалардың кейбірі машинаның дөңгелегін, кейбірі әйнегін сипап әлек. Тау балаларына жеңіл машинаны қолдарымен сипап көрудің өзі бір ғанибет қой.
Жеңіл машинаны көрген Нұкеңе мынадай ой келе қалды: «Шатақ жоқ, бұл келген қайтсе де бастықтар. Көрім болды, әйтеу келді ғой (қай жердің бастығы екенін әлі білмесе де). Ферманың ахуалын, бұқараның лебізін келістіріп отырып аңыс етпесем!»
Кенет ол немересінің қолына бір нәрсені алып машинаны жітірмелете сызғылап жатқанын байқады.
– Ей, Бөкіш, сызғылама, – деп оның екі рет дауыстағанын Болат естімеді. Дәл осы кезде қабағынан қар жауған шофер кәбінкеден қарғып түсті де Болатты көк желкеден шапалақпен шарт еткізді. Нұкең «Оһ!» деп қалды. Ауырған жерін қолымен басқан Болат құлдыраңдай келіп атасының артына тығылды да етегінен ұстап:
– Ата, анау мені ұрды, – деді ол шоферді көрсетіп.
Қалған балалар да:
– Тез, қашыңдар, шофер адам ұрады екен, – деп шуласып, тым-тырақай қаша жөнелді. Жайшылықта болса Нұкең алақанына салып отырған немересін біреу түртіп кетсе де онымен керісіп қалатын. Бұл жолы өйтпеді. Соның арасынша машинадан екі адам түсті. Алдыңғы есіктен түскені орта бойлы, арық, орта жастар шамасындағы қасы сұйқылтым, ат жақтылау келген аққұба адам екен. Ыржақтай күлгенде қаймыжықтай еріндерінің арасынан тістері ақсияды. Үстіндегі сұры дичұеляң кажи киімі оны биязыландырып көрсетіп тұр. Артқы есіктен еңгезердей қазақ түсті. Ол баяғы аукомның аударушысы – Қажыбек. Бетінен қаны тамып, жылтырап алған Қажыбектің киімдері етімен ет болып қалған, тіпті «дар-р» етіп жыртылып кетердей екен. Ол машинадан түскенде де машина солқ етті.
– Охо, Лиу шужи екен ғой! – деді көп ортасынан біреу манағы арық ханзу жігіттің жуықта аукомге келген шужи екенін тани қойып. Жұрт енді алға қарай жапырлай түсті.
Келген адамның Лиу шужи екенін көргенде Нұрманның көңілі салқын тарта берді. «Мұндайларға жағдай айту ауызды босқа ауыртқандық» деген ойға келген Нұрман қатты торығып кетті, онысы тектен-тек емес еді. Ертеректе ауданға жаңа шужи келеді деген ұзынқұлақ хабар сахараға жайыла бастаған кезде-ақ Нұрман келу алдында тұрған осы шужидің ел алғаш азат болған кезде өлкелік қазына меңгермесінің орынбасар бөлім бастығы екендігін, үшке, беске қарсы тұруда «Бала жолбарыс» атанып, жүні жатқызылып, аймаққа түсірілгендігін, кейін келе ауком үгіт бөлімінің бастығы болғанын, кейін тасы тіпті өрге домалап, аукомның орынбасар шужиы болғанын, «мәдениет төңкерісінде» аудандағы «бастық» аты барлар капитализм жолымен жүрген ұқықты атанып, деңгере қалпақ кигенде, осының ғана одан аман қалып, басқаларға деңгере қалпақ кигізуші болғанын естіген еді. Енді, міне, Нұрман битке өкпелеп, тонын отқа тастауды қажет деп білмеді. Немересін қолынан ұстап ұмсына барып:
– Амансыз ба, Лиу шужи! – деп онымен амандасты.
– Жақсымысыз, ақсақал! – деді Лиу шужи алдымен Нұрманның қолын алып, одан басқалармен де бір- бірлеп қол алысып шықты. «Басқалар соншама жаман деуші еді, үлкенді сыйлауды біледі екен» деп ризалықпен басын изеді Лиу шужидың ту сыртынан қарап тұрған Нұрман.
– Сәлеметсіз бе, Нұке? – Қажыбек те Нұрманмен қол алысып, оны бір шетке тартты.
– Қандайсың, Қақа? Ауылға адасып келіп қалған машина ма десем, сендердікі екен ғой. Әйтеу, кешіре көргейсіздер, мына саңлақтарыңды байлайтын мама ағаш бізде болмайды, ха, ха, ха... Үй-іш, бала-шағаң аман ба? Өзің көрім еттенген екенсің!
Қажыбек сылқылдай күлді:
– Шүкіршілік, бәрінде айтар жоқ. Қарамайсыз ба, міне, ат көтере алмайтын болып қалғанымды?
– Жоқ, жүдеп қалған сияқтысың.
– Қалжыңға барсыз ғой, өз денсаулығыңыз қандай? Мал-жандарыңыз аман ба? Жеңеше, амансыз ба? Нұке, Лиу шужи сізге әдейі келді! – Соңғы сөзін Қажыбек Нұрманға сыбырлай салды. Нұрман бүйте қояды-ау деп ойламаған еді, ол дереу есік алдында тұрған кемпіріне ым қақты, кемпірі лып беріп үйге кіріп кетті.
Лиу шужи ауылдағылармен қол алысып амандасып болған соң, Нұрман осы құрметті қонақтарды қуана үйіне бастады. Бертінгі жылдары аудан шужиінің оның лашығына бас сұғуы бірінші рет екені оның ойында. Лиу шужиде бұқарамен тығыз байланыс жасай алатын тамаша стиль бар дегенді мүлде ойлап көрмеген еді. Қай- қайдағы хабарды лып еткізіп жеткізіп жататын қазақи «сымсыз радиоға» енді кім сенер? Лиу шужи жөніндегі алыпқашпа сөздер шетінен өсек-аяң және жала көрінеді. Дүниеде өсек тасып, жала жабумен күн өткізетіндер бар ғой. Оған ішіне толып жүрген сөздерін ақтаратын орын табылғандай сезілді.
«Фермамыз тағы көшетін болды ма? Біздің жайлаулықтан «шығыс желі» гұңшісіне жайылым бөліп беретін болыпты деп естіген едік, осы рас па?»
Кейбір аңқылдақ көршілер тұс-тұстан сұрақ қоя, аулаға ере кірді. Нұрман қуана:
– Шайда бірге болыңдар, – деді.
Бірақ Қажыбек олардың бетін қайтарды:
– Лиу шужи машина соқты болып шаршап келді, тынықсын. Шаруаларың болса түстен кейін келіңдер.
Құрметті қонақтар аулаға кіргенде Барыс та құйрығын бұлаңдатып алдарынан шықты.
– Мынау сіздің тазыңыз емес пе? – деді Қажыбек ығыстап.
– Я, жардай болған құрғыр-ау, тазыдан да қорқасың ба? Тазы кісі қаппайды, – деді Қажыбектің одан қорыққанына күлкісі келген Нұрман.
– Піл екеш піл де тышқаннан қорқады екен ғой, – деді де Қажыбек алды-артына қарамай үйге алдымен кіріп кетті.
Нұрманның кемпірі қайнаған шәугімнен қаймақтап шай құйды, оның әжімды жүзінен мейірлі күлкі лебі еседі. Құрметті қонақтар аққұйрық шайды сіміре отырып, әңгімеге кірісті. Әңгіменің тиегін алдымен Лиу шужи ағытты. Нұрман оның не деп жатқанын түсінбеді. Әйтеуір бас бармағын көрсеткеніне қарап, ол бір нәрсені мақтап жатқан болса керек деп білді. Қажыбек оның сөзін дереу аударып бергенде, өмірі тек аң аулап, мал бағумен өткен қарт тіл деген нәрсенің соншама ұлы болатындығын терең аңғарғандай болды. Қандай адам бірнеше тілде сөйлей алады екен? Мына Қажыбектер аюдай қорбаңдағанымен, тілі дегенің тақ-тақ етеді...
Нұрман осыны ойлап отырып, Қажыбектің кейінгі аударғанын жөнді ести алмай қалды.
– А? Әуресінбей қайта айтшы, әлгінде не дедің, анық естімей қалдым, жас ұлғайғаннан кейін құлақ ауырласып қалады екен... – Нұрман қарт бетінен оты шыға Лиу шужиға қарады.
– Қараңызшы, өзіңізді, жеңешем алдыңызда отырса да, қиялыңыздың басқа жаққа ауғанын, тегі, қыздан дәмелісіз-ау деймін?.. – деді Қажыбек күле сөйлеп.
– Болды, болды, шалды қылжаққа айналдырғанша, дүңшелігіңді істей бер, – деді Нұрман шалғы мұртын ширата отырып.
Қажыбек Нұрманның кемпіріне қарап тілін шығарды да қайта бұрылды:
– Істің жайы былай, аймақтық парткөмнан Солтан шужи қызмет тексеріп ауданымызға келді...
– Е, келген сол ма? – деді Нұрман Қажыбектің сөзін бөліп. – Ей, Қақа, «мәдениет зор төңкерісінде» ол көтеріліс жасап еңбек сіңірді ғой. Атамыз қазақта «Біреу өлмей, біреуге күн жоқ» деген тәмсіл бар. Уаң шужи құлатылмаған болса, Солтанға бірінші шужилік қайда? Солай емес пе, Қақа? – деді.
Қажыбек төңірегін дереу шолып өтіп, шошына ақырын тіл қатты:
– Нұке, аңғармай сөйлеген ауырмай өледі. Қазір бір елі ауызға екі елі қақпақ қоймаса, қандай пәле-қаза боларын әлі білмейсіз бе? Бұрынғы Уаң шужи де бір-ақ ауыз сөзден кетті емес пе? Нұке, үйде маған телмеңдеп бақандай бес бала отыр... Құдая тәубә, баққа қарай бүгін бөгде біреудің болмағаны игі болды. Ананың өзі де тілімізді білмейді, – ол Лиу шужиды нұсқады, – расын айтсақ, Солтан шужи өзіңіз сияқты аңқұмар екен, қолымда бір-екі тазы тұрса дейтін көрінеді...
– Оның сондай әуестігі бар ма екен? Естіп отырғаным осы, – Нұрман аударушының сөзін бөлді.
– Біле қойдыңыз-ау, қызығы осы, Лиу шужи сіздің атақты ақ тазыңызды естіген екен, жаңағы сол ғой, солай ма? Солтан шужи тазы ұстағысы келеді екен, Лиу шужи сізге тазыңызды Сөкеңе тарту етсе дейді. Әлгінде есіктен кірерде тазыңызды көріп, Сөкеңе жағатын шығар деп далиып кетті.
Бұрын біреу-міреу тазысын мақтаса жайраңдап кететін Нұкеңнің өңі қуарып сала берді. Ол Лиу шужиге үдірейе қарап, бас шайқады:
– Сөзімді Лиу шужиге жеткіз, ондай істеуге көңілім бармайды.
Ол тамағына қылтан тұрып қалғандай, іштей лобли берді. Сәлден соң, Лиу шужидың өзіне сәлемдесе емес, ит үшін келгенін біле қойды. «Е, оған ит иесінен де қадірлі көрінеді екен-ау» деп ойлады. Бір тазының қашаннан бері партияның бір шужиының ес-ақылын бұрғанын, неге бұлай болғанының байыбына бара алмады...
– Неге бермейсіз? – деді Нұрманның сөзін аударып болған Қажыбек Лиу шужидың сөзін қайта жеткізіп.
– Неге дейсің ғой? – Нұрман мөлие тамағын кенеді. – Ойлашы өзің, Қақа, мен оны өгізге айырбастап алып отырсам... Оны былай қойғанда, тазы маған керек қой.
Ол іштей қатты ширықты: «Солтан тұрмақ, әулие боп кет, құдай сұратқан болса да бермеймін!»
– Ха, ха, ха! Қазақ жомарт деуші еді. Бүйтеріңізді кім ойлаған? Оны былай қойғанда, жоғары басшылыққа берудің өзі құрметіңізді, адал ниетіңізді білдіреді ғой, – деген Лиу шужидің сөзін Қажыбек айнытпай аударды. Оның бір қасиеті – аудармаға келгенде дәл аударумен тынбай, сөйлеушінің сезімін сөз ләміне дейін толық бейнелейтін, осынысына бола аудандағы басшылар оны шетінен жақсы көретін.
Лиу шужидің «сыған екенсіз» дегенін естігенде Нұрман отыра алмай кетті. Бірақ өзінде сөгеттік болмаған соң тұнжырап отыра берді.
– Ендеше былай болсын, үкімет ісі ғой, итіңіз де бекерге кетпесін, ауком сізге бір сүтті сиыр беруге жауапты болсын. Тазыны біз әкетейік, бірақ мұны сыртқа дабыра етпеңіз.
– Ойбай-ау, көп рақмет сіздерге. Сауын сиырым бар, сиырларыңыздың керегі жоқ маған, – деді Нұрман. Ол ауызда, осылай дегенмен іштей «Қарашы, азаттықтан бері осындай басшы кадр қашан болған еді?!» деп ойлады.
– Сіздей жырынды аңшыға тазы табылмайды ғой деп пе едіңіз? Лиу шужи ат-түйедей қалап отырғанда, бере салмай не қыласыз? – деді Қажыбек аударып отырған әредікте өз ойын қосып.
– Онда... – деді Нұрман күлімсіреп отырған Лиу шужиге қарап, өзін баса сөйлеп, – қалаған-сұрағандарың ит болса алыңдар, бірақ сиырларыңның керегі жоқ.
Қажыбекке итті машинаға салысып жатып, Нұрманның ойына қазақтың «Ат жалдаған судан өтер, ит жалдаған суға кетер» деген мақалы түсті.
Арада бірнеше күн өткенде Лиу шужи айтқанына жетіп, ферманың сиырларынан Нұрманға бір бұзаулы сиыр айдатып жіберіпті. Бірақ Нұрман азар да безер болып, оны алмай қайтарып жіберді.
Бір күні таңертең Нұрман күндегі әдеті бойынша ерте тұрып даладан атын әкелмек болып, үйден шыққанда, Барыстың есік алдында жатқанын көрді. Иесін көргенде екі құлағын жымита қыңсылап, құйрығын бұлаңдата еркелей келіп, иіскелеп, оның иығына артылды. Қатты тебіреніп кеткен Нұрман: «Ой, сорлым, қашан, қалай қашып келдің?» – деп тазының басын сипады. Рас, алдымен кемпірін қуанту керек қой. Ол кілт бұрылып үйге кірді де қуана айғайлады:
– Кемпір-ау, кемпір, тез түрегел, қарашы өзің, Барыс келіп алыпты!
Ол кемпірінің бажалақтағанына қарамай, түнде ұйытып қойған айранды итаяққа салқ еткізіп бір-ақ құя салды.
Барыстың қашып келген хабары ауыл арасына бір демде таралды. Ауылдағылар иттің сонау қаладан қашып келгенін, шынында, ғажайып хабардай сезінді...
Арада екі күн өткенде баяғы машина Нұрманның есігі алдында тағы пайда бола қалды. Барыстың бұрынғы жеріне қашып кеткенін естіген Лиу шужи іле-шала жеткен екен. Ол Барыс жоғалғанда Солтан шужидің қандай тыпыршығанын, көп адам жұмсап, бүкіл қаланы тінткізгендігін айта келді.
...Әне-міне дегенше қазан айы туып, алтын күз болды.
Бір күні кеште Нұрман сонау жылдары сыйлыққа алған жартылай өткізгіш радиоқабылдағышты ашып тыңдап еді, маңызды бір хабар беріліп жатқан тәрізді болды. Қарт зейін қоя құлақ түріп, анық білді: Орталық партия комитеті «Төрттік төбе» партияға қарсы тобын тас-талқан еткен екен.
– Шіркін-ай, не деген жақсы болды... – деп тебіренген Нұрман көзіне жас алды. – Әй, кемпір, бұрынғылар «Алтын басым аман болса, алтын аяқтан ас ішермін» дейді екен. Солардың айтқандарының жаны бар екен. Пәленің беті ашылғанын көрдің ғой. «Төрттік төбе» дейтін сұмпайылар бастан бүлдіріп жүріпті ғой! Жақсы болғанын қарашы...
Сол түні қарттың көз алдына Отанның, ферманың болашағы елестеп, қуанғанынан кірпік айқастырмай шықты. Ол Барысты, Лиу шужиді есіне алды. Күзгі жайылым құрылысы аяқталғаннан кейін Лиу шужиге барып, Барысын қайтарып алу байламына келді.
Көзді ашып-жұмғанша күз өтіп, қыс келді. Қақаған қыс күндерінің бірі, жоғарыдан жіберілген қызмет үйірмесінің келген хабары көктем желіндей есіп, осы өңірдің ой-қырына тегіс таралды. Барша жанның жүрегін жылытты. Қалың қардың жемтік иісін жасырып қала алмайтыны сияқты, Солтанның жиіркенішті сұрқы ақыры айпарадай ашылды. Оған ілескендердің кейбіреуі құралын тапсырып, тізе бүкті, кейбіреуі інге тығылған тышқанның аяғын құшып, мыштай болды, кейбіреуі тұмандатып барып, жылмақтай болып, жаңа бейнеге еніп алды...
Басқалар сияқты Нұрман да Солтанның сірі тамыры қопарылғандығын елге жар салды. Басқаларға жолыға қалғанда айтатыны:
– Ей, туыс, тағы бір пәленің тамырының қырқылғаны қандай жақсы болды! Барысым енді өзіме қайтарылатын болды. Қарап тұр, бәлем, осы қыста 10-20 түлкі алып, екі-үш қасқыр соқпасам нетті, – деген сөздер еді.
Қағанағы қарқ, сағанағы сарқ болып қуанып жүрген аңқылдаған ақ көңіл қартты әшкерелеп, Лиу шужидің қолымен жазылған материал аймақтық әшкерелеу, сын тезіне алу, тексеру кеңесі мен жоғары орын жіберген қызмет үйірмесінің үстелі үстінде пайда бола қаларын ол, сірә, қайдан білсін. Материалда Нұрман Солтанмен байланысы бар, осы аудандағы «түйінді адамға» айналдырылыпты.
Жаңа жылдың бір күні түнде Нұрман үйінің есігі тұйықсыз ашылды. Кірген ауданда шофер болып жүрген өз ұлы екен.
– Аға, аға, машинаңның дауысы шықпады ғой? – Болат орнынан ұшып тұрып, әкесін құшақтай алды.
– Қарашы, қарашы, іштен шыққан шұбар жылан деген осы-ау, әкесін тани кеткенін. Жоғал ары! Енді қойныма жатқызсам, не дейсің?! – деді Нұрманның кемпірі баяғы әдетіне басып, әр жолы үйге ұлы келіп, немересі оны құшақтай алғанда, дәйім осылай қайталайтын.
– Немене, машинаң қарға батып қалғаннан сау ма? – деді Нұрман баласының үн-түнсіз аяқ астынан жетіп келгеніне алаңдап.
– Әке, аналар мені шоферліктен қалдырды... – Баласы дел-сал күйде төмен қарады. Нұрман енді байқады, ұлының қабағы түйіліпті. Жүзіне қайғы бұлты үйіріліпті.
– Немене, шырғалаң тудырып алдың ба? Жаратқан Алла, өзің жар бола көр!.. – Нұрманның кемпірі қазандық басында шиыршық атты. Ананың көңілін қойсаңшы, жаны балаларының үстінде тұрады.
– Жоқ... – ұлы самарқау келіп малдасын құрып отырды да, істің жай-жапсарын айтты. – Алғашында дұйжаң «Жарқын, сен тынық, машинаңды шәкіртің айдай тұрсын» деді. «Ауырып-сырқамасам, несіне демаламын» деп едім, ол сонда да ұнатпай қойды. Мен де байыбына бара алмай қойдым. Түстің алдында аудандық ішпек-жемек дүкенінде нәрсе алмақ болып қатарға тұра қалсам, алдымдағы Қажыбек екен. Ол маған «Лиу шужи аймақтық парткомның кеңейтілген мәжілісінде әкең жөнінде айтып, «Солтанға тазы тарту еткен, Солтан да көптің малынан оған бұзаулы сиыр берген, олардың арасындағы қара байланысты, сөз жоқ, анықтау керек» дегеннің шетін шығарды. Мені машина айдаудан неге қалдырғанын сонда бір-ақ білдім де, түстен кейін кезіккен бір тракторға отыра салып, осылай безіп бердім.
– Әй, жыланның аяғын көрген арсыз қу... – Нұрман осы сөзді тістене айтты. Шалғы мұрты дірілдеп, басы дыңылдап, көзі қарауытып, көз алды тұманданып бара жатқандай болып, ес-түсін білмей қалды...
Көктем мерекесінен кейін бір күні ол ауырып жатса да, төсегінен тұрды да, қарлы боранда аудандық парткомға келді.
– Охо, ақсақал, сәлеметсіз бе? Күн ашық кезде неге келмегенсіз? Қарлы боранда тоңған шығарсыз? – деді Лиу шужи сонша жылы шырай көрсетіп, онысы Нұрман қарттың танымын бір саты өрлеткендей болды.
– Төсек тартып ауырып жатыр едім, таңертең ғана басымды көтердім, сондықтан күннің ашылуын күтпей келген бетім... – деді Нұрман салқын жауап қайтарып.
– Апыр-ау, сізді сонша асықтырған не іс еді? Жүріңіз, кеңсеге барып әңгімелесейік! – Лиу шужи қартты қолынан жетектеп кеңсеге ертіп кірді де, Қажыбекке:
– Ақсақал бой жылытсын, күтушіге асханадан сүтті шай әкелдір, – деп тапсырды. Онан соң мейірлі қалыппен ақсақалдың үй-ішінің амандығын, қарттың аңға көп шығып жүрген-жүрмегенін, жақыннан бері қасқыр алған-алмағанын сұрады.
Нұрман оның осындай бәйек болуынан әбден мезі болды, тіпті жиіркенді де. Лиу шужи қасқыр алу жайын сұрағанда Нұрман баптана сөйлей бастады:
– Өткенде тағы бір қасқыр алдым, күзетте едім, түн жарымы ауған мөлшерде мызғып кеткен екем, кенет иттің арсылынан, қойдың үріккен дауысынан шошып ояндым. Қасымда тұрған мылтығымды ала салып, ит арсылдаған жаққа барсам, бір қасқыр қойды, ал ит қасқырды алқымдап алыпты...
– Жақсы тазыдан тағы бірін асыраған екенсіз де?.. – Лиу шужи оның сөзін бөліп сылқ-сылқ күлді.
– Я, асыраған едім... – дей салды.
Іштей «Итіме тағы сұғыңды қадамақпысың? Итжанды шужи баяғыда омақасқан» деп ойлаған Нұрман сөзін тағы сабақтады:
– Итім қасқырды жіберместей алқымдапты. Қасына жетіп барғанымда қасқыр мені көре салып, байғұс қойды босатып жіберді де, ырсия «Әй, ізгі ниетті қойшы, мына бұралқыны босқа асырапсың, бұл құнезер мына семіз қойыңызды ұзатып алып шығып жегелі бара жатыр екен, баққа қарай мен үстінен түстім де, байғұс қойыңызды ажалдан құтқарып қалдым. Мына бұралқы немені дереу өлтіре салыңдар!» деді. Көзді бақырайтып қойып өтірікті ысқыртатын сұмырайдың бір оқпен жазасын бердім.
Лиу шужи Нұрманның әңгімесін қызыға тыңдап отыр еді. Мына сөзі шымбайына батып, қайтерін білмей қибыжықтап қалды, сонымен ол әңгімені ептеп басқа жаққа бұрды.
– Ақсақал, шұғыл жұмыс, бірдемемен іздеп келген бе едіңіз? – деп күлімсірей сұрау тастады.
– Жоқ, басқа шаруам жоқ, Солтанмен болған қара байланысымды өздігімнен тапсырғалы келдім.
– Акау, рас осындай ма? Біреулер сондай дегенде сенерімді білмеген едім.
– Ім, бүйткеніңіз жарамас, сіз сенуге тиіссіз. Менің Солтанға тазы тарту еткенімді өзіңіз білесіз емес пе? Оның маған берген сиырын дәсіз біреуге әкелдіріп берген едіңіз ғой!
...Лиу шужидің беті ду ете түсті, бір ағарып, бір қызарып, одан тотияйындай болып кетті. Ақырын түсін сала тіл қатты:
– Ақсақал, бүләй түс салмаңыз, салмаққа салып көрсеңіз деймін.
Нұрман ызбарлана сөйледі:
– Лиу шужи, қаңтар әлі аяқтала қойған жоқ, амал нешік, өз шапағатыңызбен кигізген қалпағыңыздың жылуы өзімнің түлкі тымағыма жетпейтін көрінеді. Мына суықта оныңыз қамсау бола ма?
Қажыбек қарттың сөзін қаз-қалпында жеткізіп, өзінің жетік дұңшелік өнерін бір көрсетіп алды. Лиу шужи ызбарлана күліп, екіұшты раймен:
– Расында, өзім де сізде пәлендей үлкен мәселе жоқ деп ойлаймын. Гәп өзіңіздің позицияңызда, – деді де, «мәжіліс бар еді» деп сылтауратып шыға жөнелді.
Лиу шужидің сыртынан қадала қарап қалған Нұрман «Тфу» деп жерге түкіріп жіберді.
– Ақсақал, сабыр етіңіз, – деді Қажыбек иығын қозғалақтата күліп, – екі күннен кейін жоғарыдан біздің ауданға қызмет группасы келмекші, сонда көріңіз...
Күн шайдай ашылған. Шығыста шолпан жыпылықтайды. Таң алдындағы байтақ дала шырт ұйқыда.
Нұрман кірпік айқастырмаған күйі жатыр. Іші өрт кеткендей, басы әлі дыңылдап тұр. Қолын көрпе сыртына шығарып еді, сол салқын көңілін тыншытқандай болды. Ол сабыр тауып, ертеңгі істерінің қамын ойлады. Түлкі алу ғой мұң. Дегенмен оны кешегі бір іс қатты қуантты: ферманың Жаң шужиі ауданнан қайтып келіп оған «Жоғарыдан жіберілген қызмет группасы ауданға ертең келеді екен» деген еді. Бұл хабарды естіген Нұрман кемпіріне абдырадан бір кестелі қол орамал алдырып, «Шүйіншіңіз болсын» деп Жаң шужиге ұстатты. Оның есінде мына бір жайт тайға таңба басқандай айқын еді: партия тұңғыш жіберген қызмет группасы оны байдың босағасынан шығарып, малды етті, жер әперді... енді, міне, партия тағы да қызмет группасын жіберіп отыр... Осыларды ойлап рахаттана тыныстаған Нұрман: «Жә, ұйқыны қандырып алып, таңертең ауданға ерте жүрейін», – деді де бір аунап жатты.
Шарқыш төсек оны тербегендей шықырлады. Ұйқы көзіне тығылған қарт қолын көрпе ішіне алды да, бейжай ұйықтап кетті.
Ханзушадан аударған Омарқан Жәмшитұлы.
Hаурыз, 1971 жыл
Abai.kz