Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 8361 0 пікір 31 Қаңтар, 2014 сағат 06:15

ҮШ ТАЛШЫБЫҚ

А.С. Пушкин бір сөзінде: «Сын – әдебиет пен өнер туындыларындағы сұлулық пен кемшіліктерді ашатын ғылым», – деген екен. Ұлы ақынның бұл пікірімен адамзат әлдеқашан келісіп қойған. Бәрі де сынның қажет екенін, тіпті сын айтылмаған шығарманың түкке жарамсыз, өлі күйде туған нәрестедей күй кешетінін де жақсы біледі.

Нұрбек Түсіпхан,
ҚазҰУ-дің Қазақ әдебиетінің тарихы мен теориясы кафедрасының оқытушысы

А.С. Пушкин бір сөзінде: «Сын – әдебиет пен өнер туындыларындағы сұлулық пен кемшіліктерді ашатын ғылым», – деген екен. Ұлы ақынның бұл пікірімен адамзат әлдеқашан келісіп қойған. Бәрі де сынның қажет екенін, тіпті сын айтылмаған шығарманың түкке жарамсыз, өлі күйде туған нәрестедей күй кешетінін де жақсы біледі.

Нұрбек Түсіпхан,
ҚазҰУ-дің Қазақ әдебиетінің тарихы мен теориясы кафедрасының оқытушысы

Біздің қазақ әдебиетінің кәсіби ақын-жазушыларының дені әдебиетке сыншы ретінде аяқ басқан. Бүгінгі сақа жазушылардың көбі жас кездерінде талай мәрте сыни айтыс-тартыстарға араласып, өз қарым-қабілеттерін көрсеткен. Бірақ тәуелсіздік алған соң сын жанры да кенжелеп қалған еді. Әрине, сыни мақалалар жарық көріп жатты. Тұрақты түрде сыншылықпен айналысқан, айналысып жүрген аға-әпкелеріміз де жоқ емес. Мен мұнда сынның жазылмауынан бұрын оның ескерілмеуін айтқым келіп отыр. Әдеби шығарма өмірге келген сәттен бастап, оның егізіндей таласа туатын әдеби сын да кейінгі жылдары оқылмайтын боп кетті. Оның орнын керісінше, мақтау рецензиялар басып алды. Әдеби айтыс-тартыстар арқылы шыныққан ағаларымыз көп жағдайда үнсіз қалуды әдетке айналдырды. Не араша түспейді, не жанашырлық танытпайды. Өнер атаулы үшін үнсіздіктен қатал жаза жоқ екенін біле тұра, жақ ашпай отырып алады. Немқұрайдылық басым. Тіпті, кейбір аға буын ақын-жазушылар жастардың шығармаларын оқымайды. Әдеби құбылысты жіті қадағалап отыратын қаламгерлер саусақпен санарлық. Онда да көбі қызмет бабымен. Ал, әлдебір тұлғаның пәлен жасы, түген сыйлығы деген сәтте әр газеттен мерейтой иесін мақтаған мақалалар жаңбырдан соңғы саңырауқұлақтай қаптайды. Бұл не сонда? Қазақ әдебиеті қайда бара жатыр? Әркім өзінше толғанады, өзінше байлам жасайды. Бәрі де іштей ширығады. Сыртқа шығаруға жүрексінеді не уақыты жетпейтінін сылтауратады...
Мысал үшін, жас жазушылар Алмас Нүсіп пен Әлібек Байболдың кітаптары шыққалы екі жылдың жүзі болды. Жөнді, тұщымды сын айтқан ешкім жоқ. Талаптарының бекер болғаны ма сонда? Таланттарының қажеті жоқ па әлде? Ал, жиырма беске толмаған жас жігіт Арман Әлменбеттің роман жазғаны да ешкімді елең еткізе алмаған-ау, сірә!.. Неге? Қойшыбек Мүбәрәк, Бейбіт Сарыбай, Мақсат Мәлік, Өміржан Әбдіхалық, Нұрлан Қабдай, Мирас Мұқаш сынды азаматтар газет-журналдарда көптен бері әңгіме, повестерін бастырып жүр. Көбінің кітаптары бар. Алмаз Мырзахмет, Қаламгер Азамат, Салтанат Мінәйхан сынды жас жігіттердің жазбаларын да ара-тұра көріп қаламыз. Көргеніміз, оқығанымыз үшін біз қуанамыз, жарыққа шыққаны үшін авторлар да марқаяды. Десе де, авторлардың әрбірімен сөйлесе қалсаңыз бәрі де аға буыннан әдеби сын, толымды пікір күтеді. Қаралау емес, асыра мақтау емес. Кәдімгі кәсіби сынды аңсайды. Бұған бөгет қандай? Ешкімнің көңіліне қарамай, бірақ жеке басына тиіспей, шынайы әдеби сын жаза алатын адам аз ба қазақ әдебиетінде? Аз емес! Тек, ден қойып, көңіл аудару керек.
«Жалын» журналында 1972 жылы «Тураби трибунасы» деп аталатын арнайы әдеби сын айдары ашылған екен. Қарап тұрсаңыз айдардың аты да әдемі айтылған. Әсіресе, сын жанрын сорлататын әрекет – жалтақтық екенін ескеріп, тап басып қойылған атау. Бүгінгі әдеби ортада дәл осындай «Тураби трибунасы» болса және «Туғандыби Имансызовтардың» жасырын, жымысқы әрекеттерін әшкерелейтін арнайы «Тураби Туғансызовтар» жұмыс істесе. Қазіргі кезде әдеби шығармаға шынайы сүйсініп емес, арнайы тапсырыспен сын, рецензия жазатын жайттар аз кездеспейді. Бұл әдебиет үшін – жегі құрт. Бір қарағанда автор мен шығарманың артықшылықтарын айтып мақтап немесе кемшіліктерін көрсетіп сынап жатқан сынды сезіледі. Бірақ тапсырыстың аты – тапсырыс. Тапсырыс жүрген жерде шынайы шабыт бұға түседі. Ақын мен жазушы үшін шабыт қандай деңгейде қажет болатын болса, сыншы үшін де шабыттың соншалықты маңызды екені анық. Шынайы өнерді өсіреміз десек – «сын шын болсын!».
Мына сөйлемдердің авторы бір қарағанда көбіңізге дүрсе қоя бергендей көрінері хақ. Бірақ іштегі қынжылыс осындай. Көбіңізді де осы сауалдар толғандырады. Біз кәсіби сыншы емеспіз. Тіпті, әдебиеттің табалдырығын да аттаған жоқпыз. Бірақ талпынысымыздың да жоқ емес екенін жасырмаймыз. «Жалмауыз деген жақсы ат емес» дегендей, сыншыны да көп жағдайда шығармашылық тұлғалары жақтыра бермейді. Өйткені, сыншы да адам, ол да шығармашылық иесі. Қатты айтады, батырып сөйлейді, ұрлығын тауып қояды, керек болса кейде қателеседі де. Мұндай қарым-қатынас күнделікті тірлікте де кездесіп жатады. Соның бәрін біле тұра әдеби сынға өзімізді арнағымыз келеді. Тауып айтсақ қолдау, қателесіп тон пішсек жанашырлық түзету күтеміз.
Әдеби сын мақсатында жазылған алғашқы мақаламызды біз жас жазушылар Алмас Нүсіп, Әлібек Байбол және Арман Әлменбет шығармашылығына арнадық. Мақаламыздың тақырыбын «Үш талшыбық» деп қойдық. Авторларды кемсіткеніміз емес. «Үш бәйтерек» болсын деген ниетпен. Ниет пен тілекке жеткізетін әуелі Құдай, екінші қажырлы еңбек екенін де білеміз. Шыбықтарға нәр беріп, діңін ақтайтын оқырман қауымның жүрекжарды лебізі болмақ. Іске сәт!


 

І Алмас Нүсіптің

«Барлау» жинағын оқығанда

2011 жылдың қысы. Магистратурада оқып жүрген шақ. Психология пәнінің дәрісін тарих, журналистика, биология, философия және филология факультеттерінің магистранттары бірігіп тыңдаймыз. Мен әдеттегідей кең аудиторияның артқы жағында отырғам. Кенет есіктен асығып-үсігіп группаласым Алмас Нүсіп кіріп келді. Бәріне бір қарап, жылдам амандасты да тұп-тура менің жаныма кеп жайғасты. Қолындағы А4 форматындағы бір бума қағазды алдыма тастай салды да: «Нұреке! Мынаны оқып, бір пікіріңді айтшы. Арамыздағы аздап қара танитын өзіңсің ғой», – деді ентіге. Тақырыбы – «Тай», жанры – «хикаят» деп қойылыпты. 40 шақты бетті екі сағаттық дәрісте оқи салу маған әсте қиындық туғызған жоқ. Сабақ аяқталғанша соңғы бетіне шықтым да, 15 минуттық үзілісті пайдаланып, бір-екі ауыз сөзбен өз ойымды айттым. Сондағы Алмастың бұл жазғанынан (автордың өзі кейін оны повесть деп жүр) ең басты деген екі құндылықты байқадым. Біріншісі – хикаят басы артық сюжеттермен былғанбаған, оқиғалар мен көріністер бір-бірімен қабысып, астарласып жатыр. Екіншісі – жай сөйлем құрылысы. Тіпті, көп тұстарында атау септігі басым. Бұған дейін оның жазушы Мұхтар Мағауинді пір тұтып, ерекше ынтыға оқитынын аңғарып жүретінмін. Енді өзінің жазғанынан да аға жазушының сөз саптасы, сөйлем құрау тәсілі анық байқалды. Мен осы тұрғыдан жаңа жазып бастаған жастың өзіне дейінгілерге еліктеуі заңды құбылыс екенін тілге тиек етсем де, Алмастың Мағауинше сөйлем құрастыруына келіспейтінімді ашық айттым. Бар ойым – «бесіктен белі шықпай жатып, алып бәйтеректің көлеңкесінде қалып қоймасыншы» деген алаңдаушылық қана еді. Бірақ Алмас пышақ кескендей қылып: «Мен қайталауға ұрынған жоқпын және ұрынбаймын да. Менікі Мұхтар Мағауиннен мүлдем бөлек», – деді. Мен Алмас Нүсіптің жазушылық талабымен осылай танысып едім.
Араға бірнеше ай салып «Тай» атақты «Жұлдыз» журналына басылды. Тағы бірер әңгімелері де ғаламторға ілініп, газеттерге шықты. Бір жарым жылдай өткен соң Алмас «Барлау» деп аталатын жинақ та құрастырып үлгерді. Өзге жұртты білмеймін, бірге оқыған курстастары, достары айрықша шаттандық. Өзінен қолтаңба сұрап, кітабын алдық. Досымыздың жазғанын оқымай, кездесе қалғанда қара бет болмайық деп, бірнеше күнде түгел парақтадық. Маған әсерлі көрінгені – автордың елден естіген шағын әрі қызықты оқиғасын жазушылық ой-қиялымен дамыта түсіп, түпкі мән-мазмұнын сақтап, өзге көріністермен біте қайнастырып жіберетін ептілігі. Сондай-ақ, кей әңгімелеріндегі кейіпкерлері де таныс. Өзім күнде көріп жүрген жігіттер. Мысал үшін, «Сатқын» әңгімесіндегі футбол жанкүйерлері, «ақырын жүріп, анық басатын» Мұрат, тіпті, анау жалға алған пәтер де бөтен емес. Ал «Дүмшедегі» дін мен діл таласы сонау Оңтүстік Кореяда болған қып-қызыл даудың нәтижесінен туындаған шығарма екенін «әсіре діншіл кейіпкердің» өзінен естігем. Сондықтан «Барлаудың» ішіндегі кей жағдайларды, біраз кейіпкерлерді түгел болмаса да жарым-жартылай білетін ем. Алайда, маған аян осы жайттар жас жазушының қаламынан қалай өрбігені, қандай өң алып, қандай реңге боялғаны және көркемдік шындық қай өреден көрінгені маңызды еді. Жинаққа осы себептен де сыни тұрғыда көз салдым.
«Сатқында» айтылған әңгіменің негізгі өзегі – бүгінгі ұрпақтың «ұлтсыздану» дейтін жегі құртқа жем болып жатқаны жайындағы уайым. Бірақ автор уайымды, қасіретті жеңіл сөзбен, ойнақы сюжетпен алып шыққан. «Eуро-2012»-ні тамашалап отырған жігіттер қазақ футболының болашағын сөз етеді. Әңгіме арасында Мұрат бір ағасының бұдан бірнеше жыл бұрын «Англия-Қазақстан» ойынынан соң өзінің жақын досын ұрып тастағанын айтып қалады. Елең етісе қалған жігіттер әлгі «футбол жанкүйерін» көзбен көруге ынтығады. Ақыры үйіне де іздеп барады. Оқиға ауылда болған екен. Көптен көріспеген достар аздап қызып алады да, футбол көруге отырады. Қазақ аяқдопшылары әдеттегідей ұтылып жатады. Осы кезде «Қазақстан футболынан әбден көңілі қалған біреу болуы керек» Англияға жақтасыпты. Онда да ағылшындарды жақсы көргеннен емес, деңгейі төмен футболшылардан ұтылып қалып, ұятқа қалмаса екен дейтін өзінше пәлсапаға сүйенген. Бұған шыдай алмаған Саржан жан досын тепкіге алыпты. Бар болғаны сол ғана. Әңгіменің негізгі тірегі де осы оқиға. Бір қарағанда ауыл жігіттерінің «араққа қызып алған соң итше ырылдасып, жұлысып қалатын баяғы бір әдеті» дегенге саяды. Алайда, тілі де, түрі де қазақ азаматтарының кейінгі кездері ұлттық түсініктен ажырап, іштей болса да өз ұлтын шынайы сүю, шынайы жақсы көру сынды қарапайым ұғымдарды ұмыта бастағанын баяндаған әңгіме.
Дәл осы ұлттық танымнан, ұлттық тамырдан қол үзіп бара жатқанын «өздері де байқамай жүрген жандар» туралы шығарма – «Дүмше» әңгімесі. Шынайы өмірде намазға ден қойған көптеген жастардың ата-бабадан келе жатқан кейбір салт-дәстүрге қырғидай тиіп, ырым-тыйымдарын жоққа шығарып жүргендері жасырын емес. «Дүмшедегі» намазхан да өзге халықтың ой-пікірін өз елінің байырғы танымынан артық қойған азамат. Бірақ мұны кейіпкер мойындамайды және «қазақ емеспін, қазақ боп туғаныма өкінем» дейтіндей ессіз емес. Тек намазға жығылғанына көп өтпесе де қазақтың кей әдет-ғұрпына өз-өзінен қалай қарсы шығып қалғанын аңғармаған. Ал оның бұл қылығын сырт көз байқап отыр. Сөйлесе келе кей пікірлеріне түзету енгізбек болады. Алайда, діни түсінігін ұлттық ұстанымнан артық қоятын намазхан жолдастарына бой бермейді. Керісінше, жігіттердің өздерін «иманға келтірмек». Сол үшін аздап ренжісіп қалады. Жанжал Әбекенің ауылында салынғалы жатқан су жаңа мешіттен басталады. «Бір ауылға бір мешіт те жетеді ғой. Оның орнына мектеп, балабақша салған дұрыс емес пе», – деген бір жігіттің сөзіне ашуланып кеткен Әбеке көпке дейін көпіріп сөйлеп келеді де, ақыры бұрынғы ата-бабаларын «адасқандар» қатарынан бір-ақ шығарады. Бағанадан «Алланың аты айтылып жатқан соң» үндемей, сабыр сақтап отырған Бекең бұдан кейін мүлдем терісіне сыймай, қарсы жауап қатады. Ұзақ ерегестің ақыры бірге оқитын жігіттердің арасына сызат түсіріп, үнсіз екі жаққа тараумен ғана аяқталады. «Мыналарды Алла тура жолға бастасын» деп намазхан шығып кетсе, «біз тура жолдамыз және ата-бабаларымыз адасқандар емес» деп өзге достар қалып қояды. Әңгімені оқып отырған адамның дәл осындай оқиғаны өзі де бастан әлденеше рет кешіргені өтірік емес. Әсіресе, соңғы он жылдың көлемі тіптен көбейіп кетті. Қайда барсақ та, қай ортаға түссек те дін мен діл тақырыбы өршіп тұр. Бір кездері «әсіре діншіл» атануға шақ қалған өзіміз де кейін «жөнге» келдік. Демек, әңгіме шынайы өмірден өзіміз көзбен көріп, күнделікті куә болып жүрген қарапайым жайттардан тұрады. Мұны – жазушының оқырманмен жақындасу тәсілі деп ұқсақ та, түп тамыры – кейінгі қазақ жастарының діни фанатизмге ойланбай-ақ бас сұғып кеткенін ашына отырып суреттеу. Дегенмен, әңгіменің «асығыс әрі толық илеуі қанбай тұрып» жазылғаны және тағы бір ой елегінен өтпей жатып басылып қойғаны аңға­рылады. Біздің пайымдауымызша – бұл дауға автордың өзі де араласқан. Тіпті, «Әбекеңе тікелей қарсы тұрған Бекең» автордың өзі де болуы мүмкін немесе соның дәл жанында отырып, сөзін сөйлеген көп достарының бірі деп топшылауға болады. Сондықтан әңгіме пікір-таластың қызуы басылмай, ашуы тарқамай тұрып жазылғанын бағамдау аса ауыр шаруа емес. Осы себептен де, кейбір діни ұғымдардың қалай тәпсірленетінін автор да, анау намазхан да ашып көрсете алмағандай. Мысал үшін, намазхан дауласушы жігіттердің бірі қойған: «Қыздардың ерлермен «Ассалаумағалейкүм» деп амандас­қаны дұрыс па», – деген сұрағына жөнді жауап қайтара алмайды және дауласушы Бекең де амандасудың бұл түріне үзілді-кесілді қарсы шығып, бірден: «Жоқ! Дұрыс емес», – деп тыйым салады. Бірақ ер мен әйелдің, қыз бен жігіттің бір-біріне «Ассалаумағалейкүм» дегенінен үркудің қажеті шамалы. «Алланың сәлемі болсын!» деген аталы сөзді «Құран тілінде» айтқанның еш айыбы жоқ. Тек, қыз бен жігіт «төс қағыстырып, құшақтасып жатпаса» болғаны. (Менің жүзден асқан әжем де бала кезімде ауыл ақсақалдарына «Ассалаумағалейкүм» деп, кеудесіне қолын қойып, иіле амандасқанын сан мәрте көргем). Мұндағы негізгі пікір қайшылық – «Әбекең мен Бекеңнің» қыз бен жігіттің құшақ айқастырып амандасуына байланысты туындауы керек еді. Алайда, автор «Ассалаумағалейкүм» сөзіне баса мән беру әсерінен оқырман да екіұшты күйге түсіп қалатын сынды.
«Барлауға» енген хикаяттардың тағы бірі «Қазық». Сүйгеніне дер кезінде қосыла алмай, екеуара түсінбестіктен кейін алғаш кездескен қызға үйлене салған Жанболат Айгүлмен ажырасып, соңында қайта айналып Бануын табады. Шығармаға тең емес екі жастың жөнді шаңырақ көтере алмауы, отбасының берекесін ұйыстыра білмеуі арқау болады. Бір оқып шыққан адамға қазіргі жастардың отбасы құндылықтарына жете мән бермеуін талқылаған хикаят сияқты сезілері де даусыз. Туындының тілі көркем әрі сөйлемдері де қысқа, түсінікті. Жанболаттың достары Қазыбек пен Нұрлан да өз қал-қадерлерінше достарының бақытты болуын тілейді. Керек кезінде жанынан табылып, көмектерін де аямайды. Бірақ шығармада мағыналық та, сөз қолданысының да кемшілігі көрініп қалады. Алдымен, хикаят «жалғыздық» туралы бірнеше беттік баяндаудан басталады. Әрбір шығармашылық тұлғасының түптің-түбінде жалғыз екенін, өзін толық түсінер тек өзі ғана екенін біршама сөз етеді. Біз әңгіменің бұлай басталуынан соңғы көркемдік шешіммен әлдебір байланысы бар шығар деп күттік. Алайда, хикаят біз ойлағандай аяқталған жоқ. Керісінше, Жанболат жүрегі ауырып құлайды да ауруханада Банумен табысады. Өзіме-өзім сенбей шығарманы тағы бір мәрте оқып шықтым. Сонда да басындағы жалғыздық туралы толғаныс пен Жанболат-Бану махаббат хикаясын толық қабыстыра алмадым. Екінші бір «әттең-айым» – осы хикаятта қатар келген сөйлемдерде сөз қайталану, яғни оқырманның сезіміне жағымсыз әсер ететін тұстарды да көзім шалды. Соның бірі, Жанболат пен Айгүлдің ажырасар алдындағы ұрыс-керісі. Сөзбе сөз келтірсек...
«Көп нәрседен хабары жоқ, салыстырмалы түрде алғанда құрбылары түгелге жуық бостан жүрген жас келіншек бұл туралы ойланбапты. Болмаса, істің соңы дәл бұлай насырға шабады деп ойламаған. Әлгі телехикаядағы еркектер секілді аяғына оратылып, жалынып-жалпайып, жатып алады деп ойлаған» (217 бет.). Дәл осы бетте тағы бір өрескел қателік жүр. «Таспен жарғанатты ұрсаң да – жарғанат өледі, жарғанатпен тасты ұрсаң да – жарғанат өледі.» Біз бұл мәтелді сонау ата-бабаларымыздан «жарғанат» емес «жапалақ» деп келген сияқты едік. Сірә, автор аталған мәтелге сәл «өзгеріс» енгізгенді жөн санаған көрінеді. Ал, Айгүл мен Жанболаттың алғашқы құшақ айқастырған түнін автор бүгінгі тұрпайы тілмен айтып салады. Тағы да дәлел...
«Аздап қысылғаны болмаса қолын қаққан жоқ.
– Саған сенейін бе жаным? – деген бар болғаны...
... Қыз екен...» Осы бір тұста еріксіз тіксініп қаласыз. Әсіресе, соңғы сөз ауызекі тілде айтыла беретін болса да, әдеби шығармада тым дөрекі шығатынын аңғару қиын емес. Автор осы бір жеңіл ойлы көрінетін тіркестерге енді қайтып ұрына бермесе екен деп тілейміз.
Алмас Нүсіптің ең сәтті шыққан әңгімелерінің бірі – «Кандидат». Қазақтың әйелі ұл тапқан күні үйіндегі қонағының құрметіне сәби есімін байланыстыра қоя салатын әдеті көркем шығарманың негізгі өзегіне айналған. «Кандидат» деп сол күні үйінде түнеген ғылым кандидатының атын есінен шығарып алып, атақ-дәрежесін ырым етіп атай салуы да әңгіме кейіпкерінің Қожанасырлық қылығы. Автор дәл осы қарапайым, бәрімізге де таныс оқиғаны басы бар, аяғы бар, шиеленісуі мен шарықтау шегі бар, тұтас композициялық көркем туынды етіп шығарған. Оқисыз. Көзіңізден жас аққанша, айызыңыз қанып тұрып күліп аласыз. Тілі сатираға келмесе де, мазмұнында сатиралық сарынның бар екенін жоққа шығара алмайсыз. Ал, «Түтінің өшпесін» әңгімесіндегі әке жолын «берік ұстанған» баланың ішкі толғанысы тіптен де жарасымды. Әкесінің күнде кешке бір тал ғана шылым шегіп барып жататынын байқаған бала әкесі о дүниелік болған соң, әке әдетін өзіне дәстүр ретінде мойнына алады. «Алматының қақ ортасында, көп қабатты үйлердің бірінің бесінші қабатында ноқат қызыл шоқ жылтырайды. Тәулік ауысар тұс. Ұрпақ жалғасып жатыр. Әкелердің жаққан оты өшпек емес. Бабалар аманаты да – сол!» – дейді автор. Бұл да жазушының өзіндік шеберлігі. Әке аманатын орындау, ұрпақ сабақтастығы, әулет отын өшірмеу сынды ұлы қасиеттерді «қарапайым темекі тарту» әдетімен қатар қойып, параллелдік желі ұстап отыру жас қаламгер үшін айтарлықтай ауырлық тудыратыны да сөзсіз. Ең бастысы, әңгімені мүдірмей, кідірмей, әлдебір ой орашолақтығына кездеспей, тамсана отырып, бір деммен оқисыз. Демек, «Түтінің өшпесін» мақсатына жеткен әңгіме деуге әбден болады.
Енді... Ең бір ауыр әрі азаптанып отырып оқитын әңгіме – «Кешірім» дер едім. Мұнда мен әңгіменің көркемдік шырайы әрсіз немесе тілі жұтаң деп отырғаным жоқ. Тіпті де олай емес. Оның орнына «Кешірім» автордың ең бір шабыттанып жазған шығармасы деп сенімді түрде айтуға келеді. Әсіресе, әңгіменің басы еріксіз елең еткізеді. Алғашқы сөйлемінен-ақ ары қарай оқуға асыға түсесіз. Құрылымдық ерекшелігі ең бір әсерлі шыққан туынды деуге толық негіз бар. Бірақ ондағы Сағымның ауыр тағдыры, оның кәрі апасының мұң-зары, Күнсұлудың шайпаулығы жаныңызды ауыртады, онсыз да сезімтал жүрегіңізді езе түседі. Әңгіменің аяғына жеткен соң да әйел затының кейде ақылсыздығына, ер-азаматтардың кейде ұсақталып кететініне тағы бір мәрте қаныңыз қайнайды. Адамдар өз өмірлерін өздері қиындатып, шешімі өзгелерге анық көрініп тұратын оңай шаруаларды мінез қырсықтығына жеңдіріп, артынан бәрін тағдырға жаба салатын ойсыздығына ой жүгіртесіз. Кешірім сұрайтын кім және кешірім беретін кім дейтін қарапайым сұрақтарға жауап таппайтын, тіпті, оны іздегісі де келмейтін сәттер адам баласында аз кездеспейді. Сондайда, кісілік келбетті ұстап қалу, адамдық ақыл-ойдан ажырамаудың әдіс-тәсілі тым жұпыны, оңай, қарабайыр екенін естен шығарып, өзіміз ойлап тапқан әлдебір пәлсапалық пайымдарға көніп қалатынымыз да бұлтартпас шындық. Әңгіменің тақырыбы мен соңғы шешіміне Күнсұлудың Сағымды кешіргені, автордың іштей қынжылысы, оны түсінбеген өзге жұрттың пыш-пыш өсегі негіз етіп алынған. Алайда, негізгі мазмұн идеясы – әр адамның өмірі өз қолында және оны қалай бұрмалауды, қай арнаға түсіруді де пенде өзі таңдайды дейтін ұғымның аясына қарай жетелейді. Бір сөзбен айтқанда – «Кешірім» де Алмас әңгімелерінің ішіндегі ең бір сәттісі әрі салмақтысы екені даусыз.
Алмас кітабы туралы айтар бірер сөзіміздің соңында мынадай ескертуді де ұмытпайық... «Барлаудың» ішінде әріп қателері өріп жүр. Ерекше көңіл толқынымен оқып келе жатқан адам осындай тұстарда амалсыз кідіре береді. Әр кідірген сайын әр түрлі ойға да беріліп кетіп, оқудың ләззатын бұзады. Сірә, бұл автордың айыбы емес. Жауапты редакторлардың өз жұмыстарына деген енжарлығы деп түйдік.


 

ІІ Әлібек Байболдың

«Теміржол вокзалына» аялдағанда

Біздің қолымызға түскен кітаптардың тағы бірі жас жазушы Әлібек Байболдың «Теміржол вокзалы» дейтін әңгімелер жинағы. Кітаптың түгелдей болмаса да басым бөлігі автордың өз өмірбаянына арналған сынды. Сондай-ақ, әлеуметтік-тұрмыстық тақырып, қарапайым адамдар өмірі, елеусіз жандардың ішкі жан сыры, мұң-наласы Әлібек әңгімелерінің негізгі арқауы. Кез келген әңгімесінен бүгінгі күннің көріністерін көресіз. Әлібек әңгімелерінің көбінде кейіпкерді жағымды-жағымсыз етіп бөлу жоқ. Керісінше, әрбір адамды өзіне тән кемшілігімен де, артықшылығымен де дәл сол қалпында, әсірелемей, асқақтатпай, тым сүмірейтпей суреттейді. Жалпы, кітапты бастан-аяқ толық қарап шыққан адам ең ал­дымен, Әлібектің бүгінгі өмірді айнытпай әң­гімелейтініне келіседі. Сол сияқты Әлібек ша­быттың, сезімнің адамы. Әрбір әсер алған оқиғасын бірден қағазға түсіруге асығатынын аңғару да қиын емес. Осы тұста жазушы жігіт аздап шалағайлыққа, асығыстыққа жол беріп қоятын секілді. Сондықтан ең алдымен, жас жазушының тілін сынау ләзім.
Әдетте, қазақ ақын-жазушылары Ғабит Мү­сіреповтің әр сөйлем мен сөзді жонып, өте сараң әрі тиісті орнын тауып қолданатынына таңдай қағады. Сол Ғабең бір кездері жас қалам­герлерге айтқан сынында: «Сөз сөзге жа­рығын да түсіріп тұрады, көлеңкесін де түсіріп тұрады. Біріне-бірі жарығын түсіріп тұрған сөздерден құралған сөйлем айтайын деген ойыңды оқушыға дәл жеткізеді. Бұл арада ерекше ескеретін бір нәрсе – әр сөздің ой мен сезімге бірдей дөп тиіп жатуы, ең үлкен арман осында. Біріне-бірі көлеңкесін түсіріп тұратын сөздер өз мағынасын дәл баспай, екі оқты болып ауытқып шығады», – деген екен. Біз Әлібек Байболдың кей әңгімелерінде сөз бен сөйлемнің орынсыз, ретсіз келгенін байқадық. Мысал үшін, «Қарқ-қарқ күлген дауыстар сынып­тың тұс-тұсынан құлаққа ұрған танадай естіліп жатты» («Теміржол вокзалы», 11-бет.).
«Үш ай бойы тандыры тартылып, алты екі көк­темде тамбай тұрып алып еді, жаңбыр дегеніңіз шүмектеп бір құйып берді. Ел де қарық, жер де қарық болды...» («Жолаушы» әңгімесі.).
«Кесірткені («жыланды» еді дұрысы – Н. Т.) үш кертсе де, кесірткелік қауқары бар». («Ор­мандағы жиын»). Кітаптың өн бойында «өзгеріске ұшыраған» дәл осындай мақал-мәтелдердің саны біршама. Автордың жазу мәнерін «көркем суретті тіл» деуге келмейді. Күнделікті сіз бен біздің сөйленісіміз самсап тұр. Әдеби шығармаға тән тіл тазалығы сақталған дей алмайсыз.
Шынын айту ләзім – Әлібектің терең бі­лім­дарлығына, әлем әдебиетін зерделеп, тү­сі­ніп оқығанына таң қаласыз. Тіпті, өзіңіздің осы бір кітапта айтылған кей авторларды танымай, білмей қалатын кездеріңізде ұяттан өртене жаздайсыз. Қазіргі уақытыңыздың қарбаластығына, студенттік шақтың көп бөлігі қызық қуумен өткеніне налисыз. Бірақ Әлібек әңгімелерінің көбінде осы бір білімдарлықтың, көп оқығандықтың орынсыз әрі шектен тыс көп қолданылғанын аңғару қиын емес. Ең ал­ды­мен, әңгіменің тілі мен сюжеті қатар өрілуі ке­рек. Екеуі тең түссе шығарманың сәтті шық­қаны. Ал бірінен-бірі қалыңқы, бірінің үдесінен бірі шықпай жатса, сөзсіз туынды қайта қарауды, тағы да толықтыруды қажетсінеді. Мысалы, «Сағыныш» атты әдемі әңгімесінің көр­кем сюжеттік желісін бурбондардың премьер-министрі Сиэстің оқиғасы бұзып тұр­ған­дай. Әсіресе, Наполеонның таққа келуі мен Сиэс­тің бас сауғалауы сессия таяп, емтихан бас­тал­ғанда сурет салып, пайда табуды ойлаған Марат­тың ойына қабыспай тұрғандай. Мұн­дай мысалдарды Әлібек кітабынан көптеп кез­дес­тіреміз.
«Жолаушы» әңгімесінде пойыздан қалып қойған Бибігүл есімді кейіпкердің теміржол бекетінде сауда жасайтын Назгүл атты жесір ке­лін­шектің үйінде үш күн түнейді. Басында аз-маз жатырқаған бала Асқар кейін қонақпен емін-еркін әңгімелесіп, туған тәтесіндей жақсы көріп кетеді. Бір жылдан соң Қызылордаға қонақ болып, барып та қайтады. Әңгіменің бар ауаны осы ғана. Тілінің көркемдігі керемет деуге келмейді. Бірақ орынсыз қолданылған сөз жоқ. Бибігүлдің пойыз жолсеріктеріне ақша беріп алдануы, күн көріс қамымен сонау алыста Алматыға келуі, Назгүлдің ауыр тұрмысы, бәрі-бәрі де қарапайым адамдардың өмірі. Кейіпкерлер күнделікті өзіміз көріп жүрген саудагер әйелдер және әңгіме композициясы да осы әйелдердің ішкі мұң-наласын қозғаған. Бірақ қонақтың кешігіп қалып қоюы, оны Назгүлдің өз үйіне шақыруы, үш күнде Асқардың Бибігүлге бауыр басуы алда әлдебір ерекше оқиғаның боларынан хабар беретіндей әсер етіп еді. Бұлай деп күткеніміз бекер болды. Әңгіме қарапайым түрде, ешқандай да тосын оқиғасыз аяқтала салды. Қалай дегенмен де, «Жолаушы» әңгімесін Әлібек «ерекше шабыт үстінде» жазды деуге келмейтін сияқты. Ал «Садьконың сандырағын» мүлдем ұға алмадық. Басында «Василидің ұлы Иван Садько жақсы кісі. Бірақ қазақтың отын оттап, асын ішіп, аяғына тышып (негізі «түкіріп» болуы керек еді – Н.Т.) отырған кісі. ...Бірақ жақсы кісі. Бірақ жүрген оңбаған. Бірақ... Бірақ...», – деген сөйлемді оқығанда-ақ ойыңыз онға, санаңыз санға бөлінеді. Дегенмен, әңгімені дәл осылай бастаудың әлдебір себебі бар шығар деп шыдадық. Алайда, бар-жоғы бірнеше беттік шығармадан әлгі Садьконың «оңбағандығын» ғана көрдік те «жақсы кісі» екенін байқай алмадық. Онымен ұстасатын Серік қарт та, оның досы Мақсат шал да Садьконы «оңдырған» жоқ. «Не боп кетті» деп біз қалдық...
Әлібектің кітабындағы оқуға жеңіл әрі қы­зық­ты әңгімелерінің бір парасы өз тілімен айтқанда, «пародиялары» дер едім. «Жаңа жыл мен жаңа күн» немесе «Көзі тірі классиктің» тілі мен идеясы егіз өрілген. Бір-бірінен қалмайды. Алғашқысында «31 жетоқсанды дүние шыр айналатындай, мүлдем басқа әлемге ауысып кететіндей» көретін жандардың жайы әжуаға негіз болады. Ал, «Көзі тірі классик» тіпті де, қызық. «Бар-жоғы үш-ақ бет әңгіме жазған Ал­мас дейтін бір жас жазушы өзін классик сезініп, өзіне дейінгі пәлен роман, түген повесть жазған ақсақалдарға шекесінен қарайды. Ешкімді менсінбейді. Мемлекеттік сыйлық пен Нобельге де ынтызар емес. Бірақ сонда да өзі­нің не істеп, не қойып, не ойлап жүргенін түсін­бе­ген біреу. Сөйтсе түсі екен...». Бұл бүгінгі кейбір жазғыштардың пенделік әрекетін сынаған туынды. «Болдым» мен «толдымға» ерте мастанған адамдардың «ішкі дертін» түсі арқылы сыртқа шығарып отыр. Автордың тәсілі сәтті екенін мойындау ләзім.
«Ормандағы жиынды» да атамай өту әбестік болар еді. «Барлық аң атаулы орманда жиналыс жасайды. Тақырыбы – әлемдегі дамыған 50 орманның қатарына кіру. Алайда, ауырған Арыстанның орынбасары болып алған Түлкі орынта­ғын пайдаланып өзге аңдарға зәбір көрсетеді. Аузына келгенін айтып, олардың мұң-мұқтажына құлақ та түрмейді. Ақыры барлық аң жиналып келіп, Арыстанның өзінен Түлкіні қудалау туралы өтініш айтады. Ұзақ дауласып келіп, аяғында Аюдан оңбай таяқ жеген Түлкі жанын сауғалап, әрең құтылады. Осы кезде аң аулаған аңшылар да келіп қап, барлық аңды қырып тастайды. Аңдардың бір сәтте түгел қырылуына басты себеп – олар­дың өзара ауызбірлігінің болмауынан екен». Әлібектің бұл әңгімесімен мағыналас тағы бір шығармасы – «Айдаһар, Аю һәм Барыс» әфса­насы. Оқыған адам адаспайды, бірден түсінеді – әңгіме ауаны Қытай, Орыс және Қазақ ме­м­лекеттерінің жайы. «Ортадағы Барысқа таласқан Аю мен Айдаһар ең соңында шыңырау түбіне құлап, қаза табады». Автор бәріміз ай­тып жүргендей, пессимистік ойға берілмейді. Екі алып бір-бірін алып тынса, аяғы өзімізге жақ­сы болатынын айтып отырғандай. Бірақ бұл туын­дыдан автордың «саяси қырағылығы» түгел көріне қойды дей алмайсыз. Көбіне балаңдық қиялға ұрынады. Тек оның: «Барыс ешкімге соқтықпайтын мінезімен ұтады», – дейтін тези­сі жанымызға жақын, мұратымыздың өзегі. Осы әңгімемен өзектес, жазылу стилі үндес әңгімелердің тағы екеуін оқыдық. «Ормандағы жиын» саясатты қамтыса, «Жиын» және «Қажыр мен қайрат» әңгімелері әдебиет төңірегіндегі ағымдар тартысы, әдебиеттің болашағы туралы дау-дамайды сөз етеді. «Жиында» барлық әдеби ағымдар бір жерге жиналып, кеңес құрады. Күн тәртібінде – ағымдардың өзара татулығы. Сөзді бірінші боп бастаған Социалистік реа­ли­зм­ді кәрі шалға теңеген автор мистика, пост­модернизмдерді кеуделеріне нан піскен, паң, ешкімді менсіне бермейтін жас жігіттерге ұқсатады. Олар СР-ның сөзін тыңдамайды. Керісінше, «одан да үйіңде тыныш жатпайсың ба» деп сөгеді. Абсурд, фантастика, футуризм сынды ағымдардың да аттары аталып, бір-бір ауыз пікір білдіреді. Әңгіме «Ауызбіршіліктің жоқтығынан жиын да шолақ қайырылды» деп аяқталады. Негізі, «шолақ қайырылмағаны» дұрыс болар ма еді. Әрине, авторға қалай жазуды үйрететін біз емес. Дегенмен, «Жиынды» әлі де соза түсіп, тақырып аясын жан-жақты толықтырып, әрбір ағымның ой-пікірлерін барынша молынан айттырып көрсе, тіптен де сәтті шығарма болар ма еді... Бұл біздің пікіріміз ғана. Әйтпесе, әңгімедегі ағымдардың кейпін адам­дарға, жазушыларға айналдыра салсақ, бү­гінгі таңдағы кейбір әдеби жиындарға ұқсап кететіні даусыз. Онда да талай кексе, ақсақал жазушылардың сөзін бөліп, шығармаларын жоққа шығаруға асығып тұратын жастарды, екі жаққа да құлай беріле салмай, тың-тыңдап, «бір оқпен екі қоянды атуға» дайын тұратын жылпостарды да жазбай танисыз.
Әлібек ойында жүрген өзекті тақырыбын оқырманға жеткізу үшін көп ізденеді, әр түрлі формаға салып байқайды. Сөзімізге дәлел болсын, дәл осындай әдеби айтысты «Қажыр мен қайрат» әңгімесінде де сөз қылады. Бі­рақ мұнда бір жерде жұмыс істейтін жас жазу­­шы-журналист жігіттердің бір-бірінің шы­ғармаларын талдаулары, біріне-бірі сын айту тәсілі баяндалады. Негізгі әңгіме – қазақ әдебиетінің ертеңі, жаңаша жазу, әдебиеттегі ағалық ақыл, демеу, еліктеушілік, сыйлық алу, өзара сынды түсіну сияқты тақырыптар төңі­ре­гінде өрбиді. Әңгіме тақырыптық тұрғыдан алғанда мақсатына жеткен.
«Заманақырды» да оқыдық. Әсте, үлкендер­дің өздерінен кейінгілерге разы болмайтын, отырған жерлерінде жастарды айыпты етіп шығаратын әдеті сөз болған әңгіменің аяғы мүлдем басқа арнаға ауысып кетеді. Дәулет дейтін жігіт іссапарға кеткенде артында қалған әйелі оның көзіне шөп салады. Кейін екеуі ажырасып тынады. Ең соңында автор барлық оқырмандарына ескерту ретінде: «Мүмкіндігінше жарларыңызды жалғыз қалдыр­маңыз­дар!!!», – деп, қатарынан үш леп белгісін қояды. Не үшін? Елдің бәрі «Дәулеттің әйелі» емес қой... Сол сияқты, әңгіменің басындағы ақ­са­қал мен жас жігіттің өзара дауласуы, за­ман жайында айтылған пікірталасы қайда кеткенін ұқпай қаласыз. Дәл сол сияқты, екі беттік «Перзент» әңгімесінің де басы тәуір бас­талады да, аяғы түк болмағандай біте сала­ды. Перзентхананың бір палатасында жат­қан үш келіншектің екеуі балаларын «күлге ау­нап» тапқанын суреттей келе, үшінші әйел Жадыраның босану жайын сөз етеді. Әлеуметтік мәселені қозғап басталған шығарма сәлден соң «жүрісінен жаңылып», ізінен адасып кеткендей әсер қалдырады. «Менің досым» да тартымды деуге келмейді. Әлдеқайдан пайда болған бөгде планеталық шығарма кейіпкерімен бірден тіл табысып кетуі, таныспай жатып «жалғыз до­сым» деп қуануы, екеуінің әр түрлі тақырыпта әң­гімелесуі, ғаламдық, ұлттық мәселелерді сөз қылуы кәдімгі әңгімеден гөрі Тазша баланың «Қырық өтірігіне» жақындау. Бірақ Тазшаның өтірігіндей нанымды, ойға қонымды шықпаған. Әсілі, мұндай жанрда, дәл осындай сюжетке негізделген әңгімеде кейіпкердің бойында таңыр­қау, жаңа бір дүниеге қызыға қарау сынды сезімдер пайда болуы керек еді. Мұнда керісінше, күнде кездесіп жүрген жандардай жай­барақаттық басым. Ал «Базар және ақша» әңгімесі әсерлі басталады. «Алматының «Көк базары» атанған сауда орнында қайыр сұрап отырған бұрынғы танысын көрген Мағжан оның (қайыршының) ауылда жүргенде тепсе темір үзетіндей қайратты, мықты жігіт болғанын, кейін Алматыға келіп, рэкеттерге қосылып кеткенін есіне алады». Дәл осы тұсқа дейін әңгімеде айтар­лықтай кемшілік, артық-ауыс жоқ. Кенет шығарма ортасында Самал деген саудагер әйел «пайда болады» да, жаңағы қайыршы жігіт қалып қояды. Самалдың да күн көрісі сауда, жалғыз қызы Қаламқасы үшін барын салып, еңбектеніп жүр. Әңгіменің соңғы жағы да қарабайыр – қара­пайым базар өмірі, алдау, арбау, өтірік айту, сауданың ырым-тыйымдары. Күнделікті көріп жүрген жайттарды тізбектеп шыққан. Алайда, «Әдебиет – өмір шындығынан тұрады» дейтін түсінікке бас исек те «Базар және ақша» әңгімесіндегі қарапайым тізбектеулерге илана қоймадық. Желісі үзілді-кесілді, өзегі өзгермелі шығармадан ұққанымыз шамалы.
Дәл осылай Әлібек әңгімелерінің басынан-аяғына дейін тізіп, қазбалай берсек, талай кем­шілікке кездесетініміз даусыз. Бағасын оқыр­ман береді. Сыншының сөзін қаншалықты құп алатынын көзіқарақты көпшілік өзі шешеді. Бірақ сыншы міндеті – авторға орынсыз айып тағу немесе тырнақ астынан кір іздеу емес екенін жас жазушылар да, өзге оқырмандар да ескергені абзал. Автордың «Қажыр мен қайрат» әңгімесінде Ержан атты кейіпкердің: «Біздің буында тіл жоқ деп айып тағады үлкендер. Ой бар. Бірақ тіл мен қазақылық жетпей тұр­ған жоқ па?! Прозамыздың тілі ауызекі, публицис­тиканың деңгейіне түсіп кетті ғой. Асығыс-үсі­гіс жазамыз. Қайта қарағымыз келмейді», – дей­ті­ні бар. Автордың осы сөзі – сөз! Өзінің де, өзі қатарлы жас жазушылардың да басты кем­шілі­гін көріп тұр, тап басып танып отыр. Ендігі міндет – жаңа белеске көтерілу, бір орында тұрып қалмау!


 

ІІІ Арман Әлменбеттің

«Режиссердің түстері» кітабын ақтарғанда

Осыдан екі жарым, үш айдай бұрын fa­ce­book.com әлеуметтік желісінен өзіміз қа­тарлы бір жігіттің «Арман Әлменбеттің «Ре­жис­­сердің түсі» дейтін кітабы шығайын деп жа­тыр» деген жазбасын оқыдық. Жас жігіттің роман жазып жатқаны жайлы өсек-аяңды ал­дын-ала естіп алған біз «әлгі атышулы шы­­ғар­ма осы болды ғой онда» деп түйдік. Жоқ. Қателесіппіз. «Режиссердің түсі» емес «түс­­тері» екен және ол роман емес шағын әңгіме боп шықты. Ал, романның аты мүлдем бөлек. «Мимырт». Тақырыбына қарап «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған тәуелсіздік жылдары туралы жазылған бірдеңе болар» деп топшылағанымызды несіне жасырайық. Сөйтсек, тағы да қателесіппіз.
Бірінші бөлім «Бәс» деп аталыпты. Морждың ішуді қойып, Гуляның назарын өзіне аудару үшін істеген «ішкі бәсі». Бір кездері Алматыда, атақты консерваторияда оқыған жігіттің шын атын ешкім айтпайды және бұл жаққа қалай келіп қалғанынан да «бірінші бөлім ауыз аш­пай­ды». Ең өзектісі сол – күнде ішіп алып қой жаю­дан өзгені ойламайтын Морж Гуля келгелі өзгеріп сала береді. Шашын күзейді, бетінің күйіп не үсіп кеткен дақтарын кетіреді. Арақ ішу­ден тыйылып, өзіне-өзі қарауды бастайды. Мұны жанындағылар да, тіпті айдаладағы қожа­лығына жұмысының көптігінен жөнді назар аудара алмайтын қожайын Күресбек те байқап қояды.
Бірінші бөлімнің ең бір қызықты тұсы – «Мор­ж­дың туған күн кеші». Бұл кештің қандай сыры барын, астарында не жатқанын тек Морж­­дың өзі мен қырағы Наяхан ғана біледі. Бұрын да ішіп алып ән айтатын жігіттің сап-сау отырып шырқаған әндері тіптен де жандана түсіп, отырғандардың бәрін де таңқалдырады. Қазақша, орысша, қырғызша салған әнге жыл­­қ­ышылар да, Наяхан, Зиядалармен қатар, Гуляның өзі де елітіп кеткен. Ал, кеш соңынан Гуляны шығарып салған Морждың әр сөзі, әр­бір қимылы сұлу әйелге шынайы ғашық боп қалғанын түгел көрсетеді. Күресбектің жо­­­ғын пайдаланып, іштегі сырын ақтармақ бол­ған Моржды Гуляның өзі бөгейді. Қожайын біліп қойса екеуін де оңдырмайтынын айтып, қош айтысады. Бірер күннен соң Күресбек те келеді қаладан. Морж оған Алматыға барып, бойын түзеп, жолдастарымен жолығып, ең аяғы тіс салғызып қайту ниеті барын айтқанда, қайырымсыз қожайын қойшыны оңдырмай жұдырықтайды. Бұл оқиғадан соң іле-шала Морж қаза табады. Анығында Морждың өлгеніне де бірінші бөлімде көз жеткізе алмайсыз. Тек жүгіріп келе жатқан жігіттің әлдебір шың еткен дыбыспен қатар ауыр соққы алып, құлап түскенін оқып, «өлді ме, не болды?» дейтін сұраулы күйде отырып қаласыз.
Екінші бөлімге автор «Уәде» деп тақырып қойыпты. Оқып шыққан соң, біз Әділхан мен Балжанның «бір-бірін енді ешқашан тастамауға берген уәделері» деп түйдік. Негізгі желі осы ұғымға келіп тірелсе керек. Әйтпесе, Әділ­хан­ның өз сезімдерін жеңу барысындағы ішкі ар­па­лыстарын да (яғни Балжанды енді қайтіп мазаламау, оған хабарласпау сынды) «уәде» түсінігімен байланыстыруға болады. Бірақ бұл көріністер бөлімнің түп қазығы болуға жара­майды. Сондықтан алғашқы пайым дұрыс деп ойлаймыз.
«Морждың шалқасынан құлап түсуімен» аяқ­тала­тын бірінші бөлімнің желісі екінші бөлімде тіпті де сөз болмайды. Керек десеңіз, мүлдем бас­қа шығарма, өзге әңгіме оқып кетесіз. Ба­сын­да «әскері несі», «Әділхан қайдан шықты» деп біраз алабұртсаңыз да бірер парақтан соң мұны ойлауды қоясыз. Өйткені, шығарма сюжеті, оқиғасы мен әңгімелеу тәсілі оқырманды бір сәтке де қалдырмай, жетелеп отырады. Өзіңіз де әр сөзі, сөйлемін қалт жібермей қа­да­­ғалауыңызға тура келеді. Арманның бұл ро­ма­нында басы артық сөйлемдер жоқ. Көзбен жай ғана сыдыртып, мағынасына үңілмей өтетін абзац­тар тіптен де кездеспейді. Әр сөйлемді жіті бақылап, мәнін түсініп отырмасаңыз бірер парақ­тан соң ой желісінен адасып қалуыңыз мүмкін. Бұл – автордың әңгімелеу тәсілінің шебер екеніне айғақ.
Романның ең шешуші сәті – үшінші бөлімі, «Шимай». Сірә, полковник Әбішев пен лейтенант Алпысбаевтың жабылып қалған істі қайта қарап, ойламаған тұстан басқа сүрлеуге тап болған жайын автор «шимай» деп бағаласа керек. Бі­рін­ші бөлімдегі үзіліп қалған желі романның соңында қайта жалғасады. Морж өліпті және оны әлдебіреудің ту сыртынан атқаны анық екен. Енді, тек бұл істі кім жасады деген сұраққа жауап іздейсіз. Автор бұл тұста шығармашылық адамы ретінде тағы да ептілік танытады. Оқушысын шиырлай түскен сюжеттерімен ертіп отырып, соңында ешкім ойламаған жайтқа апарып бір-ақ тірейді. Оқушысын таңғалдырады. Демек, ав­тордың ойлағаны жүзеге асқаны. Басқа қалай деуге болады? Бір жағынан дедективті шығарма. Ойламаған, ешкім аңғармаған тұстан жұмбақтың шешімі табылады. Енді бір қырынан қарағанда өзіңізді кәдімгі «сканворд» шешіп отырған адамға ұқсатасыз. Қайта-қайта іштей «не боп кетті, бұл қалай қарай бастап барады?» дейтін сұрақтармен мазаңыз кетеді. Автордың тағы бір мақсаты орындалғанын көреміз – оқырман бей-жай қалмайды. Алайда, «шығарманың жұм­бағы Морждың өлімі ғана» деп аясын тарылту­дың қажеті жоқ. Мұндағы тіршілік үшін жүріп жатқан күнделікті, көзге көріне бермейтін күрестердің өзі талай сырды аңғартады. Біреуге жал­да­нып күн көретін Морж, Наяхан, Зияда, Жасұ­ландар мен соларға аспаннан қожайын боп салбырап түсе қалғандай кеуде керетін Күресбек, Сырымдар бәрімізге де таныс жандар. Тіпті, дәл қазіргі күннің өзінде кейбіріміз Морж­дардың, Наяхандардың, кейбіріміз Күресбектердің рөлінде екеніміз де өтірік емес. Ең өкініштісі – езгіге етіміз үйренгеніне немесе езгілеуге құмартып тұратынымызды өзіміз мойындамаймыз.
Жалпы, Арман Әлменбет романның атын «Мимырт», ішкі бөлімдерін «Бәс», «Уәде», «Шимай» деп атағанда да әр оқиғаны ой елегінен екшеп, жан-жақты таразылай алған. Жас жігіттің сөз­дің орны мен тәртібін дұрыс қолданып, дәл бұлай қырағылық көрсетуі – расын айтқанда кө­п­ші­лік оқырманды ерекше тәнті етеді. Бір қарағанда кәдімгі тіршілік. Соғыс, дүрбелең за­ма­ны емес. Мимырт тіршілік. Бірақ дәл осы жай­ба­ра­қат өмірдің өзі үлкен күрестен, қым-қуыт оқиғалардан құралатынына көбіміз жай күндері аса мән бере бермейміз.
Енді, аздап шығарманың өн бойындағы кейбір суреттеулер мен авторлық пайымдарға тоқталсақ. Мысалы, роман бастала салғандағы Морждың қой бағып жүріп арақ ішетін сәтін: «Арақты әрірек қоя тұрды. Өзінің әдеті, оразасын ашпайынша не темекіні, не арақты аузына ал­май­ды. Онысы денсаулығын ойлағаны ма, әлде арақ пен темекіге қырсыққаны ма, оны еш­кім білмейді», – дейді. Жазушы Морждың бұл қылығы арқылы қазақтың қанына біткен шы­дам­дылықты, жағымсыз қылыққа қанша жерден бейім болса да «Тәңірлік тәртіпті» сақтай білетін ішкі қуатын ескертіп өтеді. Сол сияқты, кешке қойды айдап келе жатқандағы ат үстіндегі қылығы тіпті де әсерлі: « –Жас едім өмірге еркін бойламаған...
Тісі жоқ болған соң, кей әріптеріне тілі кел­мей, сөзі түсініксіздеу шықты. Бірақ оған мән бе­ріп жатқан жоқ.
– Күні ертең не боларын ойламаған... Әй, чик, әй! Үй, әкеңді...».
Осы тұста еріксіз мырс етесіз. «Әке туралы» ән айтып келе жатып, «Үй, әкеңді...» деп боқтап жіберу тағы да сол табиғи мінезге тән. Автор кейіп­керінің ішкі жан-дүниесінің шынайылығы талас тудырмаса керек-ті. Ал, полковник Әбішев ішкі істер саласының тіс қаққан қызметкері, тәжірибелі полицей екенін Арман лейтенант Алпысбаевтың мына бір ішкі ойымен көркем түрде кейіптей алған: «Мереймен танысқаннан бергі екі күннің ішінде полковник сан құбылды. Жиналыста өзін ресми түрде ұстады, артық бір ауыз сөз айтқан жоқ. Одан соң оңаша кез­дес­кенде сазарып тұрып алды, артынан қап-қара боп, тістеніп ашуланды, бірақ онысын сез­дірмеуге тырысты. Ал, таңертең немересімен дүниедегі ең мейірімді адам секілді сөйлесті. Одан кейін жымың-жымың етіп, гипнозы бар адам құсап берекені қашырды. Енді пұт құсап қасқайып отыр. Жүзінен бір нәрсе аңғару қиын».
Мұндай сәтті шыққан суреттеулер мен ой­­-­орам­дарды көптеп келтіруге болады. Алай­­да, шағын мақаламыз тек бір авторға ғана арналмаған соң бұл ойымызды кейінге ысырдық.
«Мимырт» туралы айтар сөзіміздің соңында Арман романындағы кішкентай бір кемшілікке тоқтай кеткен жөн. «Мимырттың» бірнеше же­рінде оқырманға ақыл айту сынды емеурін бай­қалып қалады. Мәселен, Әділханның өз ата-анасына деген реніші шығарманы сезім би­леп отырып оқыған адамға, әрине, орынды секілді көрінетіні даусыз. Бірақ әлеуметтік-тұр­мыстық жағдайы жақсы, оның үстіне жар де­генде жалғыз ұлы бар ата-ана басқа не істей алсын? Баласының қателескенін, от басқанын кім қаласын? Осы сұрақтар төңірегінде ойланған адам Әділханның ата-анасына кінә артуын толық мақұлдай қоймасы анық. Ал, мына бір тұста автор, тіпті ұрсып та алады: «Жалпы бар ғой, қазіргі үлкен кісілер жас кездерінде дискотекаға барып, дүрілдетіп жүрген адамдар ғой. Сол кездегі көңілдері әлі күнге қалып қойған. Жоқ, мен сенің ата-анаңды айтып отырған жоқпын. Жалпы. Кеңес үкіметінде туып-өскен, қазір отыз бес пен алпыстың арасында жүрген адамдардың барлығы дерлік бозбала секілді. Ер адамдарды айтып отырм. Ішеді, әйелдерге барады, бастары қосыла қалса, ырбаң-ырбаң етеді. Адам құсап әңгіме айтуды да білмейді. Бала кезде адам үлкен кісілерше сөйлеуге ұялатын уақыт болады ғой? Бұлар әлі солай, өздерінің әлдеқашан есейіп кеткендерін түсінбейді. Өйткені, тәрбие деген нәрсе қалмаған. Қазақтың бәрі коммунист боп кеткен. Сұмдық жақсы көреді ғой ол кісі­лер сол заманды. Сағынады әлі күнге дейін. Олар­ды қойшы, біздің өзіміз сол уақыттың кино­ларын жақсы көреміз ғой». Сағдаттың сөзі. Бәлкім, менің бұл пікіріммен кейбір оқырман келісе қоймас. Алайда, жазушының әлі жас әрі кемеліне келе қоймаған шағы екенін ескерсек, соңғы ескертпем орынды деп ойлаймын.
Кітап беттеріндегі реттік саны бойынша бірін­ші тұрған әңгіме «Ерлі-зайыпты» деп аталыпты. Қыс­тың тайғақ жолында мінген көліктері ау­да­рылып кетіп, бір өлімнен аман қалған ерлі-зайыпты жандардың ішкі тебіреністері сурет­телген. Жол оқиғасынан аман шыққан Майра екі-үш күн есін жинай алмай жүреді. Бала-шаға­сын ойлап мазасы қашады. Отбасындағы өзінің кейбір келеңсіз жайттарын есіне алып, мына жағ­даймен салыстырғанда оның бәрі түкке тұрмайтын дүниелер екеніне көзін жеткізеді. Күйеуіне қарап тірі қалғандарына шүкірлік етеді. Ал, Серәлі сол қалпы. Өзгеріссіз сияқты кө­рінеді әңгіме барысында. Тек, соңғы жағында ғана жұмыста отырған Майраға сыйлық алып келген Серәлінің де дәл әйелі сияқты іштей те­рең ойларға берілгенін, жаны күйзеліске түскенін ұғамыз... Қарап тұрсақ қарапайым ғана бір жол оқиғасы. Апат деуге де келмейді. Бірақ осы жайттың өзі барын бағаламай жүр­ген­дерге ерекше ой салғанын жас жазушы өте әсерлі жазған. Маңыздысы – ойды оймен қуалап, сүрлеуінен жаңылмайды. Ал, бастапқыда төңкеріліп жатқан машина бірер сөйлемнен соң қалай ғана қырынан жантайып қалғанын, кім жантайтқанын түсіне алмадық. Олқы тұсы осы ғана...
Одан кейінгі «Алғашқы қар» мен «Аңшы» әңгімелері тіптен де тартымды. Әсіресе, аңшы Әбдірәштің көршісі Сәрсенғалиға ызаланып, терісіне сыймай, ақыры оның алабайын атып тастауы, көбімізге таныс ауыл адамдарының қы­лығы. Оған Сәрсенғали да ренжімепті. Бір жыл өткен соң тазы сатып алған Сәрсенғалиға, бәлкім, Әбдіраш аңшылықтың қыр-сырын үйретіп жүрген болуы керек. Әйтеуір, екеуі тату көрінеді. Байыптап оқыған адам қаңғып келген қайдағы бір түлкіге бола Әбдіраштың дәл бұлай бүлінуін онша қолдай да қоймайды. Шынымен атақты аңшы болса, қораға тығылған түлкіні емес, тауда жүрген қасқырға неге мылтық ке­зе­мейді деп келіспеуі де мүмкін. Бірақ бір кездері Арқада өріп жүретін киіктердің бірі де қалмай Маңғыстау ауып кеткені аңшының ішкі жан жарасы болатын. Осы сәтте қаңғыған түлкі сол жараның аузын ашып жібергендей әсер етіп еді. Автор осы бір оқиғаның шашауын шығармай, тігісін жатқызып, көркем сөзбен кестелі түрде баяндап беріпті.
«26000 теңге» әңгімесі әлеуметтік-тұрмыстық тапшылықтың зардабы жайында сөз қозғаған. Гүлден есімді кейіпкерге ол ақша ауадай қажет болады. Қайдан табарын білмей жүріпті де ақыры қайынапасынан сұрап алыпты. Күйеуі тауып кел деп бұйырған соң кеш түскеніне қарамай ақшаны алып, үйіне асыққан. Жолда біреу мұны тонап кетеді. Ақшадан айрылып, үйіне әзер жеткен Гүл­ден көп ойдың ортасында қалғып отырып өзін тонаған адамның сұлбасын есіне түсіріп, тани алғанына қуанады, оның үйіне де барады. Есік алдында жасы отыздарға жақындаған, әдеміше келген бір әйелге кездеседі. Одан күйеуін сұрайды да әлгі ақшаның қажеттілігі ту­ралы айтып, көз жасын төгеді. Бір сөзі бір сөзіне шалынып, еңкілдей берген жас қызға әлгі келіншек ойланбастан керек ақшасын са­нап береді. Бірақ оның күйеуі екі жыл бұрын қайтыс болыпты. Ал, 26000 теңге Гүлденге іш­те­гі баласын алдыртып тастау үшін керек екен. Онсыз да аянышты басталған әңгіменің финалы кім-кімді де бей-жай қалдырмайды. Шарықтап барып кілт тоқтаған. Оқырманның да көңіл-күйі, Гүлденге деген аяушылық сезімі ұлғайып, асқынып бара жатады да быт-шыты шығады. Қайта қалпына келуі мүмкін емес. Әңгімешінің де көздегені осы. Оқыған адам осы бір оқиғадан секем алса екен дейді.
Бұл әңгімеде бір рет іркіліп қалған тұсым – Гүлденнің тонаушыдан таяқ жеп, есін жиғандағы әлсіз жауынның сіркіреп тұрған шағы. Әдеттегі әдеби тілде жауынның сіркіреуі қатты жауып тұрғанын білдіретін. Мысал үшін, дүркіреп, күр­кіреп, арқырап, сарқырап, жарқырап, т.б. сөз­дердің бәрі де табиғи құбылыстардың әлсіз­дігін емес, керісінше, күштілігін, қаттылығын, қуат­тылығын білдіреді. Сірә, әлсіз жауын сір­кіреп емес, себелеп тұрғаны дұрыс шығар. Арманның бұлай жазуы жергілікті диалектінің әсері деп түйдік.
Бүгінгі таңда ер адамдардың азамат деген атқа лайық болмай, ерік-жігерін жасытып, тым ұсақталып кеткені де талай мәрте талқыға түскен, шипасы табылмай тұрған дерт. Осы та­қырыпты өзекке айналдырған «Бағдат» пен «124-автобус келгенге дейін» әңгімелерін бір­­не­ше рет қайталап оқыдық. Үстірт қарап, алғашқы әсерді жаза салу да оңай, әрине. Ал, мақаламыздың «сын» деген аты бар болған соң қайталап оқу, үңіліп, тоқтап тұрып қарау маңызды екені айтпаса да түсінікті. Оқыдық та жас жазушының талантына, әңгімешілдік тәсіліне тағы да тәнті болдық. Кезінде палуан, білекті жігіт ретінде танылған Бағдат («Бағдат» әңгімесі) пен текті, арғы аталары махаббат үшін кесек мінез көрсетіп, құсадан өлгенін мақтан еткен, тұрпатынан тектіліктің кескіні байқалған белгісіз адамның («124-автобус кел­генше» әңгімесі) өзара ұқсастықтары да бар, айыр­машылықтары да елеулі. Алғашқысы араққа салынып кетіп, өз шаңырағын өзі ортасына түсірген жігіт, ал, соңғысы көшеде қысқа етекті юбка киіп, сауда үйінің жарнамасын жасап тұрған қызға ақыл айтатын сәтін де, тәсілін де дұ­рыс таңдай алмаған адам. Ішкен адамның айтып тұрғаны қаншалықты орынды болса да көп жағдайда құлаққа кіре бермейтіні жасырын емес. Екі шығармада да арақтың зардабы, ішкіш адамның ешкімге жаға бермейтіні айтылады. «Бағдат»-та анық, ашық айтылса, «124-автобус келгенше»-де көмескі, емеурінмен жеткізілген. Сондай-ақ, соңғысындағы белгісіз адамның арғы аталарының бірі өзінің алданғанына, сүйе­гіне таңба түскеніне налып, 5 күн бойы жат­қан орнынан да, қалыбынан да тапжылмай, ақыры ана дүниеге аттанып кетуі де әңгіменің шырайын кіргізіп, ажарын аша түскен. Автордың оқырманға айтпағы да осы болса керек. Ал, оны жеткізудің формасын табу және жоғарыдағы оқиғаны сол формаға қыбын білдірмей кіріктіріп жіберу де шеберлік.
Арманның өзге де әңгімелері әсерлі. Қы­зығып, құнығып отырып оқисыз. Тұщымды тұста­рында жас жазушыға тіл-көз тимесін деген ырыммен «тіфә-тіфә!» деп қоятыныңыз да рас. «Ескі үйдегі балалық» немесе шалқымалары мен толғамдары да бірсыдырғы. Оқуға тұрарлық жазбалар.
Арманның кітабындағы әңгімелерінің көбінде дін мәселесі қайта-қайта қылаң береді. Әрине, қазіргі қазақ жастарының иманға келуі, намаз оқуы, адамгершілік құндылықтарға көңіл бөлуі қуантарлық жайт. Бірақ дін мен догманы ша­тас­­тыратын кей жастар үшін бұл жинақтың ав­торы әсіре діншіл ретінде көрініп қалуы да мүм­кін. «Группаласымның жазғаны» дейтін тол­ғамындағы қыздың жазбасы дін әліппесін енді ғана ашқан, өрімдей жастың өлім туралы тым са­рыла, сарғая ойлануы көп жағдайда қалыпты құбылыс емес, қабылдана да бермейді. Көбіне шалалық, жастыққа тән қылық. Осы бір қырынан қарағанда Арман Әлменбет әңгімелерінің кей тұстарында оқырманға ақыл айту сарыны сезі­леді. Дегенмен, бұл шығармашылық адамның өз еркі екенін ескерсек, жазылған әңгімелерге пәлендей нұқсан келтіріп тұрмағанымен де келісеміз.

"Қазақ әдебиеті" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1965