Жұма, 22 Қараша 2024
Алашорда 3798 23 пікір 14 Тамыз, 2024 сағат 16:11

Ы. Алтынсаринның қыстауы туралы мәлімет сақталған ресми құжат табылды

Коллаж: Алмасбек Әбсадық

Аңдату

Ы. Алтынсарин өмірінің соңғы бес-алты жылын Қостанай қаласының іргесіндегі қыстау-үйінде өткізеді және сонда дүниеден озып, қыстау маңындағы атасы Жаңбыршыұлы Балғожа бидің қасына жерленеді. Зерттеуші қауымға қыстау мен ағартушы жерленген бейіт – бір-бірінен ажырамайтын, қосарланып жүретін ұғым. Қарапайым сөзбен айтсақ, қыстау қайда болса, Балғожа бидің қорымы да сол жерде. Сондықтан біздің қолымызға түскен мұрағаттық құжаттың маңызы аса зор. Ресми құжат ағартушының қыстауы қай жерде болғанын анық көрсетеді. Оны зейін-зерде таразысына тартпас бұрын түйіткілді мәселенің мән-жайын, мәйегін тарқата кетпекпіз.

Томаға тарту немесе мәселенің мәйегі

Көкірегі ояу, көзі ашық оқырманға белгілі болса керек, біздер 2021 жылдан бастап БАҚ бетінде және зерттеу жұмыстарымызда ағартушының қыстауы мен бейіті Тобыл өзенінің сол жағалауында болған, сондықтан қазіргі таңдағы Тобыл өзенінің арғы бетіндегі бұрынғы Мичурин совхозының жерінде, яғни оң жақ жағалаудағы ойпатты жерде орналасқан бейіт кеңес дәуірінде жаңылыс белгіленген деген тұжырымды нақты ғылыми деректер мен дәйектемелерге сүйеніп айтып келеміз. Аталған мәселені біздер Abai.kz порталына әр кезеңде «Алтынсаринның отбасылық суреті қайда түсірілген?», «Ыбырай Алтынсарин қайда жерленген?», «Екі жауапқа – бір жауап», «Тобылдағы тасқын және Алтынсарин кесенесі» деген тақырыппен жарияланған жариялымдарымызда егжей-тегжейлі талдаған болатынбыз.

Бірнеше жыл жинақталған жариялымдардың қорытындысы бойынша шілде айының орта шенінде біздің тарапымыздан Ашық Үкімет порталы арқылы Қостанай облысының әкімі Қ. Ақсақалов мырзаға: «1947 жылдан бері жұрт санасына орнығып, әр жылдары үкімет тарапынан қарайған қаражат жұмсалған Ы.Алтынсарин кесенесі өз орнында тұра беруі тиіс, ал кеңестік дәуірдің қасіретті 20-30 жылдары жойылып, қала астында қалып қойған Балғожа бидің қорымына «Ы. Алтынсарин жерленген Жаңбыршыұлы Балғожа бидің әулеттік қорымы қала кеңейген жылдары жойылып кетті» деген мазмұндағы жазумен бір белгі соғылуы керек. Бұл кеңестік дәуірде орын алған қасіретті жылдарға тағызым, тарихи шындықты қалпына келтіруге бағытталған іс-шара болып табылады. Ол үшін республикаға белгілі тәуелсіз кәсіби тарихшы, этнограф, географ ғалымдардан құралған арнайы комиссия құруға қолғабыс беріңіз», - деген мазмұндағы өтініш хат жолдаған едік.

Облыс басшысының аппараты біздің хатымызды облыстық Мәдениет басқармасына жолдап, 20024 жылдың 22-шілдесі күні «Қостанай облысы әкімдігінің мәдениет басқармасы» ММ басшысының орынбасары М.Б. Әбдірахмановтың төрағалық етуімен тыңдалым ұйымдастырылды. Оған Қостанайдағы белгілі тарихшы, филолог, философ ғалымдар, өлкетанушы ақын-жазушылар, мәдениет саласының қызметкерлері, бас-аяғы 14 адам қатысты.

Тыңдалым кезінде тарихи деректер мен дәйектмелерді талдау емес, тіптен, оны мүлдем қабылдамау айқын белең алды. Баспасөз арқылы талай мәрте талдап, ұсынып жүрген ғылыми дәлелдерге қатысушылар тарапынан түрлі күмән мен күдік келтіріліп (күдік пен күмән адамның қиялы сияқты табиғатынан әрдайым шексіз, шетсіз), олар қаперге алынбады. Оқырманды тыңдалымның қалай өткенінен хабардар ету мақсатында онда көтерілген түйіткілді мәселерді тағы бір қозғап өткенді жөн санап отырмыз.

Үш-төрт шақырымдық (верст) меже және сол жағалау

Ағартушының Қостанай қаласының іргесіне орналасқан қыстау-үйіне сан мәрте барған замандас әрі қызметтес кісі, Қостанай уездік орыс-қазақ мектебінің меңгерушісі Ф. Д. Соколов, дертке шалдыққан ұстазын күндіз-түні күтіп, оны өз қолымен ақтық сапарға шығарып салған шәкірт әрі жас ұстаз Ә. Балғымбаев, Қостанай уезі басшысының атқосшысы болған, сол бастығымен бірге ағартушының үйінде қонақта болған Хасен Сәбитов, 1921 жылы 15 жасында ата-бабасының қорымына зиярат еткен белгілі ақын Мәриям Хәкімжановалар Ы.Алтынсаринның қыстауы Қостанай қаласынан үш-төрт шақырым (верст) жерде орналасқан еді деп жазады.

Аталған куәгерлер ешбір жерде ағарушының қыстауы Қостанай қаласына қарсы бетте, Тобыл өзенінің оң жағалауында еді деген сөзді айтпайды. Алтынсарин заманында Тобыл өзеніне көпір салынбаған болатын, сондықтан өзеннен әрі-бері өту машақаты зор қарекет еді. Айталық, атқосшы Х.Сәбитовтің айтуынша, өзеннің арғы бетіндегі Обаған болысына қонаққа барған бастығын 10-15 бөшкені құрастырып, оның үстіне қайық қойып өзеннен өткізеді (слайд1):

Слайд 1. Қостанай уезі бастығының атқосшысы болған Х. Сәбитовтен 1947 жылы М.Хәкімжанова жазып алған естелік.

Ұстазы туралы көлемді естелік жазған Ә.Балғымбаев: «Ы. Алтынсарин қызмет бабымен қалаға күніне 2-3 рет баратын еді. Жазда пәуеске, қыста шана жегеді», - дейді. Енді көз алдымызға қаладағы қызметіне бару үшін пәуескені қоятын бөшкелерді құрастыру, не болмаса соған ұқсас басқа әрекет жасап жүрген кісінінің қарекетін, бейнетін елестетейік. Мұндай бейнетті қарекет міндетті түрде ағартушының үйінде болған кісілердің жадында қалып, ол бір жерде болмаса, бір жерде айтылар еді. Оның үстіне сол уақыттарда Қостанай тұрғындарының сөз қолданысында «Заречный», «Затобольск» деген когнитивтер жиі айтылатын.

Тыңдалым барысында біздің бұл дәйектемелерімізге Тобылдың арғы бетіне қыстау-үй салған Ы. Алтынсарин қалаға өткел арқылы қатынап жүрген деген уәж айтылды. Сол замандарда, архивтік деректердің мәліметінше, Қостанай қаласының тұсында бір, қаланың сыртында екінші бір өткел болған. Қала тұсындағысы - «Қостанай өткелі» (Кустанай уткуль) деп аталса, қала сыртындағысы – «Орыс өткелі» (Урус уткуль) деп аталды.

Біріншісі – қаланың солтүстігіндегі шекара болып саналатын сайдың (переселендер  оны 1870 жылы қала болады деп белгіленген ескі «Ордабай-тоғай»-дың құрметіне кейінірек «Ордабай-сай» деп атап кетеді және қаланың алғашқы үйлері сол маңайдан салына бастайды) тұсында орналасса, ал екіншісі – «Ордабай-тоғай»-дан өзен ағысы бағытымен жүргенде 2 шақырым (верст) төмендегі мекенде орналасты.

«Ордабай-тоғай» мен «Қостанай өткелі» арасы, қолымыздағы архивтік деректің мәліметінше, 8-9 шақырым жер болғанын ескерек, «Орыс өткелі» қаладан 6-7 шақырым жерде орналасқан болып шығады. Аталған екі өткелмен Тобылдың арғы бетіндегі қыстауға баратын кісі 3 шақырымдық қашықтықтан екі-үш есе артық жол жүріп баратыны қарапайым есеп білетін кісіге бірден түсінікті. Ағартушының үйінде болған жоғарыда аты аталған кісілер қыстау-үйге өткелден өтуші едік деп еске алмайды. Өйткені өткелден өту – тар арықтан қарғып өту емес, белгілі бейнеті, қиындығы, машақаты бар әрекет. Сондықтан ол - есте қалатын әрекет, көрініс екені сөзсіз.

Куәгерлер дерегіндегі үш-төрт шақырымдық меже Алтынсаринның қыстауы Қостанай қаласы орын тепкен Тобыл өзенінің сол жағалауында болған деген пікірге «ат басын» жетелейтіні анық. Бұл дәйектеменің дұрыстығын 1941-43 жылдары ұстазы туралы «Воспоминания об И. А. Алтынсарине, первом инспекторе народных училищ б. Тургайской области» деп аталатын қолжазбалық естелік жазған Ә. Балғымбаевтың «Алтынсарин Тобыл өзенінің сол жағалауында Қостанай қаласының іргесінен 3-4 шақырым жерде 5-6 бөлмелі үй салды» деп, шегелеп жазған ақпараты да қуаттайды.

Сөз орайы келгенде айта кетуіміз керек, Ә.Балғымбаевтың естелігі 1941 жылы Қазақ ССР-інің Үкіметі Ы.Алтынсаринның 100 жылдығын тойлау туралы қаулы қабылдағаннан кейін жазыла бастайды. Бірақ ІІ дүниежүзілік соғыстың басталуы Үкімет қаулысының орындалуын кейінге шегертеді. 1943 жылы Ә.Балғымбаевтың өзі қайтыс болады. Кейіннен оның толық аяқталмаған қолжазбасы парақ ретімен сұрыпталмаған түрде Ғылым Академиясының қолжазбалар бөліміне тапсырылады. Сол реттелмеген естеліктің бір тұсында ол Алтынсаринның қыстауы туралы мәліметке қайта орала келе, оның орналасқан орнын Тобыл өзенінің арғы бетінде деп те жазады: «При переезде из Тургая в Кустанай Ибрай Алтынсарин этот свой дом продал под Тургайское ремесленное училище и построил на эти деньги вблизи Костаная за р. Тобыл в 4 верстах от Кустаная деревянный дом с 5-6 комнатах с надворными постройками, из дерен и забором из того же материала. Несомненно ему, как прибывшему после долгого отсутствия, помогли ближайщие родственники главным образом доставкой сторойматериалов и рабочих рук».

Аталған ақпаратты мәтіндік және когнитивтік тұрғыдан дұрыс талдай алмағандықтан, кеңестік дәуірдегі, сондай-ақ тәуелсіздік кезеңдегі алтынсаринтанушылардың басым бөлігі «Тобылдың арғы бетінде» деген ұғымды Қостанай қаласынан жағынан қарастырды және қарастырып келеді. Ә. Балғымбаев Қостанай қаласында 1886-1890 жылдары ұстаздық қызмет атқарып, одан соң Жетіқара, Қарабұтақ, Орынбор, Алматы қалаларын мекен етеді. Естелікті жазған жылдары, жоғарыда атап өткеніміздей, ол Алматы қаласында тұрып жатқан болатын.

Естелікте ұстазының Торғай кезеңіндегі қызметін суреттей келіп, оның Қостанайға көшкен оқиғасын баяндаған тұста автор «арғы бет» деген ұғымды қолданады. Себебі Торғай жақтан қарағанда, Қостанай қаласы Тобылдың арғы бетінде (яғни сол жағалауда) орналасқан. Автор аталмыш ұғымды ағартушының Торғайдан Қостанайға көшу жолының бағытымен айтып отыр. Бұл тұста жазбаның «вблизи Костаная за р. Тобыл в 4 верстах от Кустаная» деген сөйлеміне мән берейік. Орысша мәтінді жақсы түсінетін кісіге сөйлемнің мазмұны әбден айқын. Мәтін «Тобыл өзенінің арғы бетінде Қостанай қаласының жанында Қостанайдан (қаладан) 4 шақырымдық жерде» дегенді ұғындырып тұр. Егер ол кісінің аталған жазбасын Қостанай қаласы орныққан сол жағалауда тұрып «арғы бетті айтып отыр» деп санасақ, онда Қостанай қаласы да Тобылдың оң жағалауында тұр деп есептеуге тура келеді. Қала 1879 жылдан бүгінгі күнге дейін Тобылдың сол жағалауында тұр, оны ешкім қарсы жағалауға көшірген жоқ.

Алтынсаринның туысқаны М. Хәкімжанова да осы «арғы бет» деген ұғымды қолданады. Өйткені ол кісінің аталары жайлаған өңір Тобылдың оңтүстігі, Торғай даласы жағы. Ақын ешуақытта Қостанайды мекен етпеген. Күйеуі қызметкер болып, Алматы қаласында тұрған. Сондықтан ол да «арғы бет» деген ұғымды Қостанай қаласының оңтүстік жақтан қарағандағы географиялық орналасуы тұрғысынан қолданған.

Тыңдалымда «арғы бет, бергі бет дегенннің маңызы жоқ» деген кесір, қиқар, қисық уәждер қарсы қойылды. Орыс халқының мәтелі сөзі былай дейді: против лома – нет приема. Кейде бөгде жұртың мәтел сөзін сол қалпында қолданған ыңғайлы.

Мәриям апай ашқан шындық

Ы. Алтынсаринның қыстауы Қостанай қаласының астында қалды деген шындықты алғаш айтқан – Мәриям апай Хәкімжанова. 30-жылдарда басқа түскен тағдыр тәлкегі салдарынан ол кісі аталарының бейітінің жойылып кеткені туралы шындықты кеңестік заманда ашып айта алмаған. Оған мұндай мүмкіндік еліміз тәуелсіздік алған жылдары бұйырады.

М.Хәкімжанова 1991 жылы Қазақ радиосының тілшісі, жазушы Дінаш Нұрмұхамедке берген сұхбатында алғаш рет ащы шындықты қозғайды. Сұхбатта ол: «Менің аталарымның бейіті тұрған жер қазір Қостанай қаласының астында қалды», «Шырағым, мен өзі өмірде көп қасірет көрген, қуғын-сүргінді басынан өткерген адаммын. Отыз жылдан артық халық жауының қатыны атанып отырдым. Ол кездері өліктерді түгендеп, моласын іздемек түгілі қара басымыздың қамымен арпалыстық», «Ау, менің ата-бабаларымның бейіті қайда деп қай орыстың бетіне қарап, жағасына жармасайын. Өлілердің бейіті түгілі, тірілердің құны қалмаған кез болды ғой», «Ал қазіргі ескерткіш тұрған жерге Ыбекеңнің сүйегін қазып апарып қойды ма, болмаса әйтеуір қазақтың танымал біреуі ғой деп айдалаға құр ескерткішті қойды ма, айта алмаймын»,- деп, жанайқайын сыртқы шығарады.

Сұхбаттың газеттік нұсқасы «Ыбырай Алтынсаринның сүйегі қайда?» деген тақырыппен 2005 жылдың 2 наурыз күні «Азат» газетінде жарияланады. Сол жылы ақынның қайтқанына 10 жыл толған еді.

Тыңдалымда Мәриям апайдың ащы шындығы «неге көзі тірісінде жарияланбаған», «әлде кімдердің тапсырысы сияқты», «сұхбат алынған уақытта Мәриям апай сырқат еді» деген күдік пен күмәнға оралған пікірлер айтылды. Деректі талдау емес, баяғы 30-жылдардағы халық жауларын іздеген күдік, күмән сөздердің дабысы еміс-еміс естілгендей болды бізге.

20-30 жылдары жоғалған бейіт

Кеңестік дәуірдегі қасіретті кезеңнің бірі – 20-30 жылдардағы нәубет. Сол кезеңде күштеп ұжымдастыру, ашаршылық, қуғын-сүргін, қанды репрессия орын алғаны белгілі. Ә. Балғымбаевтың жазуынша, басына ағартушының аты-жөні, тайпасы, руы, қайтқан жылы жазылған құлпытас орнатылған бейіт сол бір жылдары жойылып кеткен (слайд 2):

Слайд 2. Балгимбаев А. «Воспоминания об И. А. Алтынсарине, первом инспекторе народных училищ б. Тургайской области» // ҚР БҒМ Ғылым комитеті «Ғылым ордасының» ОҒК. Қор 397-1. П. 211.

Енді осы ақпаратқа терең назар аударайық: қорымның жойылып кетуі қаланың маңында қауіпті ме, әлде арғы беттегі далалық жерде қауіпті ме? Біздіңше, қалалық жерде қауіп мол. Себебі Қостанай қаласы үнемі кеңею үстінде болды. Ал Балғожа бидің қорым орналасқан деп саналатын Мичурин совхозының жері ол тұста әлі игерілмеген тың аймақ болатын. Совхоз бергі заманда, 1960 жылы қаланы бақша өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында құрылады. Оның үстіне қорым жойылған уақыт кеңес дәуірінде экономикалық құлдырау орын алып, ашаршылық жайылған кез болды. Ондай уақытта елді мекеннен алыс орналасқан бейіттерді құрылыс үшін бұзу тіршіліктің шындығына сәйкес келмейтіні анық.

Тасқын: ой мен қыр

Біздер «қазақ қорымды биік қырға салады (басқа халықтар да солай), Ы. Алтынсарин жерленген Балғожа бидің қорымы ойда тұруы мүмкін емес, Тобылдың ойпатты болып келетін оң жағалауындағы бейіт ағартушы жерленген жер емес» деп бірнеше рет жазған болатынбыз. Сол сөзімізді 2024 жылдың 5-7 сәуір аралығында Тобыл өзенінде орын алған алапат тасқын дәлелдеді. Алтынсарин кесенесі топан астында қалып, оны су басты.

Тасқын көріністерін біздер «Тобылдағы тасқын және Алтынсарин кесенесі» деген тақырыппен жарияланған мақаламызда топан-тасқын кезінде дронмен, қалта смартфонымен түсірілген роликтерді, одан алынған скриндерді көрсете отырып «бұл көрініс Балғожа бидің қорымы ойда болуы мүмкін емес екендігіне тағы бір дәлел, «Құдай – шебер» деген халықтың тәмсілі бекер айтылмаған» деген сынды ойларды ортаға салған едік.

Тыңдалымда біздің бұл ойымызға Рудный қалалық мешітінің имамы Сабыржан Есмурзин пікір білдіріп (оны қатысушылар қолдап), бұл құдайдың ісі емес, табиғатта 100-200 жылда болатын «аномальное явление» деген ойды қозғады. Сірә, бұл имам «аномальное явление» дегенді қарапайым қазақ «құдайдың құдіреті» деген ұғыммен пара-пар қарайтын білмейтін болса керек. Бұрынғы кезеңде, яғни Тобыл өзенінің Қостанайдан жоғары ағысының бойына Қаратомар су қоймасы, Жоғары Тобыл, Амангелді су тораптары салынбай тұрғанда, өзен жиі тасып тұрған. Бұған тыңдалымда аталған Б. Майлинның «Жалбыр» повесіндегі Дамбар (Дәмібар - өзен атауы, қысқарған форматы - Дәмді) мен Арақарағай болыстарының жерін өзен бойымен жағалай сипаттаған мына жолдарды мысалға алуға болады: «Тобыл өзенін төмен қуалай жүріп отырсаң, бір ауылдан кейін екінші ауыл кездесіп, Қостанай қаласына жеткенше екі болыс елдің басынан кіріп, аяғынан шыққандай боласың. Әсіресе, жерін айтсайшы! Ат шаптырым жерді алып жатқан кең алаптар – Тобыл өзені тасыған кезде теңіздей боп кетеді. Май ішінде тасыған су қайтып, июнь ішінде сол алаптар мың түрлі-түсті жоңышқамен безенеді, июль ішінде қыбырлаған адаммен толып, жарқылдаған орақты көресің».

Биылғы тасқын да Тобыл өзені жағалауындағы алаптардың телегей-теңіз болып кеткенін көрсетті. Оның табы әлі күнге дейін бар.

Ақыры, тыңдалымының соңы Ы. Алтынсаринның аталары Тобылдың оң жағалауындағы Арақарағай орманын жайлаған (кезінде орман шеті Тобыл өзенінен 7 шақырымдық жерден басталған), оған 1850 жылы Шекаралық комиссия төрағасына титулдық кеңесші И.Осмоловский тарапынан жазылған рапортағы «Жаңбыршыұлы Балғожа бидің жайлауы Тобылдың жоғары ағысындағы Қазанбасы, қыстауы Тобыл жанындағы Арақарағай орманы» деген деректер дәлел, «Алтынсаринның аталары Тобылдың сол жағалауын мүлдем жайламаған» деген тұжырымдар ұсынылып, сол себепті мәселені қозғамау керек деген пікір ортаға салынды және ол тыңдалымға қатысқан он төрт кісі тарапынан қошталды.

Бұл мәселеге біздің пікіріміз мынадай: 1850 жылы Қостанай қаласының ірге тасының қалануына әлі 30 жылдай уақыт бар еді. Көшпелі қазақтың қонысы бұл кезде сан мәрте өзгеруі әбден мүмкін болатын-ды. Оның үстіне қазақ даласын аймақтарға бөліп басқаруды көздейтін облыстық әкімшілік жүйе, яғни Торғай облысы да құрылмаған кез. 1868 жылғы «Жаңа ережеден» соң облыс құрылып, оның әкімшілік территориясы уезге, уезден – болысқа, болыстан – номерленген ауылдарға бөлінді. Басқаша айтқанда, қазақтардың көшіп-қонатын жерлері белгілі бір тәртіпке салынып, жүйеленіп, шаңырақ саны есепке алынып, ол жайлау мен қыстау негізінде белгілене бастайды.

Ы. Алтынсаринның қыстауы туралы мәлімет сақталған ресми құжат

Біздің қолымыздағы құжат – 1879 жылдың қазан-қараша айларында рәсімделген ресми хат. Құжатқа Николаевск уезі басшысының аға көмекшісі, штаб-ротмистр, сұлтан Сейдалиннің (Сейдалин-2) Торғай облысының әскери генерал-губернаторының атына Троицк қаласынан қазан айының 30 күні қол сиямен жазған рапорты (баянхаты) және оған генерал-майор А. П. Константиновичтің сол жылдың 17 қарашасында жазылған бірнеше парақтық ұзақ бұрыштама-түсініктемесі таңбаланған. Бұл – Қостанай қаласының тарихына тануға да ерекше маңызы бар архивтік құжат.

Рапортың мазмұнынан және генерал-губернатор бұрыштама-түсініктемесінен мынадай мәселені ұғынамыз: Николевск уезінің орталығын Троицкіден Торғай облысының жеріне түбегейлі көшіруді жүзеге асыру үшін облыс басшысы 1879 жылдың жаз айында өзіне дейін, яғни 1870 жылы уездің орталығы болады деп белгіленген «Ордабай-тоғайды» (Тобыл өзенінің сол жағалауында орналасқан жер) арнайы көруге келеді. Оған болашақ қала болатын «Ордабай-тоғай»-дың орналасқан жері ұнамайды. Себебі, біріншіден, қала орны өзен арнасынан тым алыс, екіншіден, сол жаздағы аса қатты қуаңшылықтың салдарынан Тобыл өзені тасыған кезде пайда болған көлшіктер борсып, өзен жағалауынан сасық иіс шығып жатқан еді. Губернатордың жанында болған дәрігер Неймар қоныстың гигениялық тұрғыдан қала жағдайына жарамсыз екенін қоштайды.

А. Константинович Тобыл өзенінің төменгі ағысы бойын жағалап, «Ордабай-тоғай» мен «Өміртай» (Умуртай) аралығындағы 18 шақырымдай жерді шолып шығады. Сөйтіп, ол «Ордабай-тоғайдан», шамамен, 8-9 шақырым (верст) қашықтықта орналасқан, жағалауы жар қабақ болып келетін «Қостанай өткелі» мен «Әбіл-сай» аралығындағы жерді болашақ қаланың орны етіп белгілейді. Бұл жерде «Қостанай өткелі» деп отырғанымыз - көпес Лоренцтің сыра зауыты орналасқан сайдың тұсы.

Сапардың қорытындысы бойынша әскери генерал-губернатор штаб-ротмистр Сейдалинге өзі аралап шыққан 18 шақырымдық жерде қай ауылдың қыстауы, онда қанша шаңырақ бар екендігін, қыстаудың шабындығынан жылына қанша көлемде шөп шабылатынын анықтауды арнайы тапсырады. Сұлтан Сейдалин губернатордың тапсырмасын сол жылдың күз айында орындап, аталған баянхатты жазады. Онда ол 18 шақырымдық межедегі, яғни «Ордабай-тоғай» мен «Өміртай» мекені аралығында орналасқан «Қостанай өткелі», «Нартайлақ» (Нартайляк) деген жерлерде орналасқан Арақарағай болысына қарасты қазақ ауылдарының қыстауларын белгілеп, онда жалпы 127 шаңырақ бар екендігін анықтайды және Тобыл бойындағы шабындықтардан шабылатын шөптің шөмеленген (копна) мөлшерін көрсетеді (біздер, көтеріп отырған тақырыбымызға орай, тек «Ордабай-тоғай» мен «Қостанай» аралығындағы мәліметтерді сөз етеміз).

Сұлтан Сейдалин тарапынан аталған мекендердің арасындағы қыстаулар кімнің иелігінде және олар Тобыл бойынан 1879 жылғы қуаңшылықта қанша шөмеле (копнах) шөп шапқанын мынадай кесте арқылы баяндайды (сурет 1):

Сурет 1. Сұлтан Сейдалиннің мәліметтері жазылған құжаттан үзінді.

Оқырманға анық түсінікті болу үшін аталған кестені біздер заманауи форматқа түсіріп, көрнекі түрде ұсынып отырмыз (слайд 3).

Слайд 3. Сұлтан Сейдалин мәліметтері жазылған құжаттың замануи форматтағы көшірмесі.

Жазбада Т.Сейдалин қыстау иелері туралы мынадай ақпарат береді: «Собственно в Урдабай-тогае 1-я группа зимовок из 10 кибиток №1 аула как раз против избранного под город пункта. Эта группа зимовок завется именем киргиза Бозбая Мусина; 2-я зимовочная группа из двух кибиток Кутебара Ямгурчина №2 аула; 3-я из 7 кибиток Кочана Балгужина также №2 аула; 4-я из 2-х кибиток хорунжего Алтынсарина того же аула, 5-я из 7 кибиток Карыкбула Кабылова того же аула; на уроч. Костанай: 1-я зимовочная группа из 4-х кибиток Абиля Хангоджина того же аула и 2-я из 13 кибиток Алима Клычпаева того же аула».

Байқап отырғанымыздай, Ордабай-тоғай мен Қостанай арасындағы 7 қыстаудың бесеуі Арақарағай болысының №2 ауылынан, яғни Алтынсаринның жақын туыстары – Жаңбыршы бидің ұрпақтары. Олар Тобылдың сол жағалауына бір-бірімен иық тірестіре қатар орналасқан. Ал Ордабай-тоғайдың дәл тұсына орналасқан10 шаңыраққа ие Бозбай Мусин – Арақарағай болысының №1 ауылының тұрғыны. Аталған қыстаулардағы жалпы  шаңырақ саны - 45.

Ы. Алтынсаринның иелігінде – екі шаңырақ. Олар Тобылдың сол жағынан 1000 шөмеле, оң жағынан 2000 шөмеле шөп шапқан. Оның қыстауы Ордабай-тоғай жақтан санағанда төртінші әрі Қостанай қаласына жақын орналасқан. Қала шекарасы Қарықбол Қабыловтан кейінгі Әбіл Ханғожинның қыстауынан басталады. Міне, Ы. Алтынсарин заманынынан жеткен тарихи деректердегі ағартушының қыстауы қала іргесінен 3-4 шақырым деп жазылатын ақпараттар осы көріністен туындаған!

Штаб-ротмистр Сейдалиннің баянхатына сол жылдың 17 қарашасында Торғай облысының әскери генерал-губернаторы А. Константинович ұзақ көлемді бұрыштама-түсініктеме жазады. Онда ол Ордабай-тоғайды не себептен қаламағанын түсіндіре келе, жаңа жерден ашылатын Қостанай қаласының орнын былайша нақтылайды: «Площадь, ограниченная с севера оврагом против брода Кустанай-Уткуль, с юга– лощиною Абиль-сай, с востока р.Тоболом и с запада примерно начерченною линией сд (standard deviation (стандартное отклонение) – авт.); заключая приблизительно до 350 дес. будет совершенно достаточно для собственного городского поселения...».

Мұндағы СД деген ұғымның бір мағынасы шексіздік деген белгіні білдіретінін атап өтеміз. Шамасы, губернатор қаланың кеңею мүмкіндігі батысқа қарай болады деген ишараны білдіргісі келген болу керек. Себебі қаланы өзен жағалауынан гөрі далалық жерге қарай кеңейту – дау-дамайы аз, әкімшілікке жақсы мүмкіндік болатын. Өйткені өзенді жағалай қазақ ауылдарының қыстаулары орналасқан еді.

Генерал-губернатордың қала орнын «Қостанай өткеліне» қарсы солтүстіктегі сай (Ордабай-сай) мен оңтүстіктегі Әбіл-сай, шығысынан Тобыл өзені аралығы, батысынан стандарттық ауытқудан 350 десятина жер» деп белгіленуі шаһардың  кейінгі дамуына да әсерін тигізеді: қаланың басты бөлігі аталған сайдың арасынан орын теуіп, батысқа қарай кеңейіп отырған. Айталық, 1895-1902 жылдары дайындалған Қостанай қаласының алғашқы Бас жоспарында қаланың тұрғын жай бөлігі солтүстіктегі Ордабай-сай мен оңтүстіктегі Әбіл-сай арасында айрықша дамығанын көреміз (сурет 2):

Сурет 2. Қостанай қаласының 1895-1902 жылдары сызылған Бас жоспары

Осылайша, 1879 жылы Әбіл Ханғожин мен Әлім Қылышбаевтардың қыстаулық жеріне Қостанай қаласының іргесі бекітіледі. Бірнеше жылдан кейін «Қыстауымды мемлекет меншігіне алдың» деп Ә. Қылышбаев, алдымен Торғай облысының губернаторына, одан соң Ішкі істер министріне төлемақы сұрап шағымданады. Бұл – жөні бөлек әңгіме...

Түйіндей келгенде, Қостанай қаласы құрылған уақытта хатталған ресми құжат Ы.Алтынсаринның қыстауы Тобылдың сол жағалауында, қаланың іргесінде болғанын нақты көрсетеді. Бұл өз кезегінде тарихи жазбалар мен дәйектемелерге негізделген біздің пікір-пайымымыздың 100 пайыз дұрыс болғандығын дәлелдейді. Ата-баба сөзімен айтсақ, айтқанымыз айдай келді!

Әлқисса, қолда бар тарихи, мұрағаттық деректер көмегімен сол бір кезеңнің Ы. Алтынсарин ғұмырнамасына қатысты қысқаша дерекнамалық суретті былайша кескіндеуге болады: 1860 жылдан бастап Торғай қаласында қызмет еткен ағартушы 1883-84 жылдар шамасында Қостанайдағы қыстаулық мекен-жайына қоныс аударады. Мұнда ол өзінің қаржысына (негізінен Торғай қаласындағы үйін Яковлев училищесіне сатқан қаражатына) және ағайын-туғандарының жәрдемімен 5-6 бөлмелі үй тұрғызады. Үлкен мемлекеттік лауазым иесі ретінде Алтынсарин Қостанайдың ішіне орналасуына мүмкіндігі бар болатын, бірақ ол қала сыртын таңдайды. Себебі оның иелігінде 25-30 сауын биелері бар 50-60 бас жылқы және қара мал мен ұсақ малдары бар шағын шаруашылығы болды. Оны Торғай мектебін бітіргеннен кейін ағартушы өзіне «еншілес», яғни бауыр еткен Досжан Тоқтыбаев жүргізді. Егер 1879-80 жылдардағы Торғай даласындағы алапат жұт болмағанда, ағартушының шарушылығындағы жылқы малы бұдан да көп болатын еді. «Қоян жұты» оның 300 бас асыл тұқымды жылқысын «жұтып» кетеді...

Қанжыға

Штаб-ротмистр Сейдалиннің рапортынан Қостанай қаласы маңындағы топонимдер мен қазақ қоныстары туралы көптеген мәліметтер алуға болады. Мысалы, қала шекарасы болған терең сайдың «Әбіл-сай» атануына Әбіл Ханғожин қыстауының қатысы бар деп бағамдауға болатын сынды. Қостанай қала болып қаланғаннан бері «Әбіл-сай» топонимі ұмытылмай сақталып келеді. Оның ел жадында  жақсы сақталып жеткенінің басты себебі мынада деп санаймыз: Қостанай қаласының негізі бекітілген кезде «Әбіл-сай» мен «Қостанай өткелі» («өткел» деген сөз кейін қысқарып кетті) Торғай облысының губернаторының бұйрықтарына, түрлі жазбаларға, алғашқы картаға енді. Сөйтіп, ол ел жадында жақсы сақталды. Ал аталған топонимдермен қатар аталған «Орыс өткелі», «Нартайлақ», «Мырзағазы мазары», «Өміртай» атты топонимдер ұмытылып қалды. Өйткені ол жерлер жаңа қала орнына таңдалмады, сөйтіп сан-алуан болып өрбитін ақпараттар арнасына ілінбей қалды.

Осы орайда, қолымыздағы ресми құжат мәліметіне сүйене келе, Әбіл Ханғожин Балғожа бидің ағайыны Жаңбыршыұлы Ханқожаның ұрпағы болар деп болжаймыз. Сөзімізге жанама дәлелел ретінде 1921 жылы ата-бабаларының қорымына зиярат еткен Мариям Хәкімжанованың: «Тобылдың арғы бетінде, үш шақырым жерде Балғожа бидің де, Қанқожа бидің де он екі құлақты, әр құлағының үстіне жезден ай орнатқан керемет күмбездері бар тамдары болған. Сырты көкшілмен сырланған. Алыстан менмұндалап көз тартып, жарқырап тұратын еді», - деген сөзін алға тартуға болады.

Біздіңше, Әбіл Ханғожин де, Ы. Алтынсарин сынды өзінің әкесі немесе атасы жерленген бейіттің маңын қыстау етіп мекендеген. Сол қорымға ағартушының өзі де, өмірден ерте озған балалары да жерленіп, шағын әулеттік қорымға айналады.

Қасіретті жылдары жойылған тарихи қорымға белгі қою – маңызды мәселе. Ол – бүгінгі Қазақстанның мұрат-мүддесіне орайласатын құндылық.

Алмасбек Әбсадық,

филология ғылымдарының докторы, А. Байтұрсынұлы атындағы Қостанай университетінің профессоры

Abai.kz

23 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1453
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3216
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5255