Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Білгенге маржан 2426 0 пікір 21 Тамыз, 2024 сағат 12:54

Оспан шынында қандай адам? (Жалғасы)

Коллаж: Abai.kz

Басы: Оспан шынында қандай адам? 

1943 жылы шілде айынан 1945 жылы қыркүйек айына дейінгі Оспан

Алғашқы ояну

1943 жылы сәуір айының басына келгенде, Оспан тобындағылардың соншалық тез көбейуі олардың мұнан былайғы жауға соққы беруіне өте тиімді болғанымен, қолында пәлендей қоры жоқ Оспанның мұнша көп адамды азық-түлікпен, ат-көлікпен, қару-жарақпен, киім-кешекпен қамдауы қиынға соқты. "Көзі қарайған там сүзер" дегендей, олар тұс-тұсқа жортуылдап, бейкүнә жандардың мүддесіне залалды тонаушылық, ұрлық, ала-жұла қашу сияқты бандылық әрекеттермен айналысуға мәжбүр болады. Алтай – Боғда арасындағы елді ғана емес, Моңғолия Халық Республикасының қанаттас жасайтын халықтарын да қан қақсатты.

Осындай жағдайда, Моңғолия жақ 1943 жылы шілде айында Оспанға хат жазып, Қамқашты (қазақ, Оспанмен жақын рулас адам) жіберіп: "Сендердің Шың Шысайға, Гоминдаң үкіметіне қарсы құрал көтерген жалпы беталыстарың дұрыс, әйтсе де, әркімге бір соқтығып бұлаң-талаң істеулерің жөн емес. Әрине, амалсыздан осылай істеп жүргендеріңді де түсінеміз. Бұдан былай мұндай дөрекі қылықтардан қол үзіп, мылтықтың аузын кертартпа билікті құлату жағына қаратыңдар, біз сендерді қолдаймыз әрі сендерге әрқайсы жақтан көмектесуге дайынбыз", - дейді. Тәуекел қайығына шығарын шығып алғанымен, көңілдеріне медеу, әрекеттеріне арқа тірек боларлық мұндай қолдаушының шыққанына көктен іздегенін жерден табылғандай қатты қауанған Оспан тобындағылар бұл ұсынысты зизашылықпен қабылдап, Моңғолия жаққа дереу жауап хат жазды. Ішкерілей түсіну үшін Қабас, Шердіман, Тескенбай қатарлыларды жіберді. Олар бірнеше күн сухбат өткізіп, разы болып келді. Моңғолия жақ бұларға бірден маузер, Оспанға арнаулы бір автомат, бір дүрбі сәлемдеме беріп қайтарды.

1943 жылы қыркүйек айының басында, Моңғолия Оспанның талабы бойынша Қалқабай, Ғабдыл, Құрманқан қатарлы 6 адамнан құралған ақылшылар тобын жібереді. Олар Оспанға ақылшы болады. Көп өтпей, "халықтың Шыңға (Шың Шысайға) қарсы ұйымы" құрылып, осы байланыспен тай сойылып, ат шаптырып, той жасалады да, қазақ халқының әйгілі батыры Жәнібектің Шіңгіл ауданындағы ұрпағы Зарыққанның қолында сақтаулы жүрген туын әкеліп тігеді. Осындан бастап Оспанға ілескен көтерілісшілер стихиялық күштен дұрыс бағытқа бет алған, белгілі төңкерістік бейнесі бар қарулы күшке өзгерді. Оспан Моңғолия жақтан алғаш рет 200 бесатар мылтық, 40 пулемет, 50 қорап оқ көмек алды. Осы кезде Алтайдағы Шың үкіметінің зұлымдығынан, әсіресе "құйыршықтарды" жою жөнінен салынған салықтың ауыртпалығынан әбден запы болған Көктоғай халқының үштен бірі қыркүйек айының соңында көтерілісшілер жаққа бір-ақ өтіп кетті. Мұнан зәре-құты ұшқан Шың үкіметі қолды аяққа тұрмай, Алтайдағы әскерлерін былай қойғанда, Үрімжіден бір зеңбірекшілер баталионын, бір танкы баталионын қамтыған 4 мың 600 ден артық әскер жөткеп келіп, қазан айының 20 ларында Қарабұлғын, Дүре қатарлы жерлердегі көтерілісшілерге екі полк әскери күшпен құтырына шабуыл жасады. Оспан бастаған көтерілісшілер бос келмей, қатты қарсылық көрсетті. Жаудың талай адамын жойып, бірмұнша қаруын олжаға түсірді. Деседе, олар ақырында монтизм армиясының жойқын басымдылығына төтеп бере алмай, Шіңгіл ауданы көлеміне қарай шегінді. Оларға Шіңгіл ауданынының Уатқан, Жылқайдар бастаған жарым халқы қосылды да, қалғанын Шың үкіметі "құйыршықтардан қорғаймыз" деген желеумен Шіңгіл қалашығы маңына айдап әкеліп алды.

Қатардағы топ атаманнан төңкеріс басшысына айналу 

Төңкерісшілер жоғарыдағыдай қиын-қыстау жағдайда тұрғанда, Кеңес одағына қашып өтіп кеткен Дәлелқан Сүгірбаев 1941 жылы қазан айында Моңғолия Халық Республикасы арқылы Алтайға қайта оралып, тұп-тура Шіңгілдегі Оспан бастаған көтерілісшілер арасына келді. Ол Кеңес үкіметіне ұсыныс беру арқылы, Темірқан, Әріпбай қатарлы 12 кісілік ақылшылар тобын ілестіре келді. Кеңес одағынан, сыртқы Моңғолиядан келген бұл топтағылар отырған киіз үйлерінің өңіне қарай жұрт ішінде "Ақ үйдің адамдары" (кеңестік ақылшылар), "Көк үйдің адамдары" (моңғолиялық ақылшылар) деп аталады. Бұлардан сырт, кеңестік генерал Попов, моңғолиялық генерал Доржы Моңғолияның Майқантас заставын тұрақ етіп, Моңғолия шекарасы ішіне жылжи жүріп ақылшылық істейтін болды.

Оспан "Ақ үйдің адамдары" (кеңестік ақылшылар), "Көк үйдің адамдары" (моңғолиялық ақылшылар) ақылшылармен бірге.

Дәлелқан Сүгірбаев көтерілісшілерге қосылған соң, бәрінен бұрын Оспанға шын жүрек, ыстық ықыласпен ішкі-сыртқы жағдайды, дәуір ағымын, төңкеріс мәнін жан-жақтылы түсіндіріп, дұрыс мақсат, ұнамды әрекет болу жақтарына баса тоқталып, көкейге қонымды көп кеңес айтты. Сондай-ақ Оспан арқылы қасындағыларға да идея жақтан бірсыпыра қызмет істеді. Оспан оның кеңесі бойынша істейтін сенім білдірді. Көпшіліктің де аяқ алысы бірлікке келді. Сол негізде, 1944 жылы сәуір айының орталарында, көтерілісшілер бастапқы қадамда ретке салынып, 4 отретке бөлінген 800 адамдық партизан қосынын қалыптастырады және уақыттық Бас штаб құрады. Оның бас қолбасшысы болып Оспан, орынбасары Дәлелқан болып, Алтай халқының Шың Шысайға, Гоминдаң үкіметіне қарсы үшінші көтеріліс – төңкерістік партизандық әрекет барлыққа келдік.

Сәтті басталыс

(1) 800 адамдық 4 партизан отреті ұйымдасқан соң, олардың қару-жарақтағы қажетін қамдау үшін, 1944 жылы ақпан айында Моңғолиядан 50 ауыр-жеңіл пулемет, 50 автомат, 200 бесатар мылтық, 50 қорап гранат, 30 қорап әртүрлі оқ әкелінді. Одан соң наурыз айының басында бұлар Шіңгіл өзені мен Бұлғын өзенінің құйғанындағы Ағашоба деген жердегі Шың әскерлерінің 500 адамдық бекінісіне шабуыл жасап, ондағы жау әскерлерінің жарымын жойып, 150 дей қару-жарағын олжалап, қалғандарын Күмістің құйғанындағы бекіністеріне қашып барып жан сауғалауға мәжбүр етті.

(2) 1944 жылы наурыз айының ортасында, Шың үкіметі Шіңгіл ауданының өз қол астындағы жарым халқын бір рота әскердің айдауымен Гучың жаққа күштеп көшірді. Мұнан хабар тапқан Оспан, Дәлелқандар 100 адамдық партизан отретін жіберіп, халықты орта жолда құтқарып қалды. Айдап бара жатқан жау әскерлері 40 неше адамнан (ауданының Тау фамилалы қуыршақ әкімі солардың ішінде) айрылып, қалғандары алды-артына қарамай Дабысындағы бекінісіне қарай безіп береді. Жаудан арашаланған 800 ден көбірек отбасы адамдары қаз-қалпынша келіп партизандарға қосылады.

(3) 1944 жылы сәуір айының ортасында, Көктоғай ауданының қалған жарым халқы да партизандар жаққа өтіп кетті.

Сөйтіп, партизандар Шіңгіл, Көктоғай аудандарының 30 мыңға жуық халқын қоғамдық негіз еткен, мыңнан астам (800-і ресіми партизан) құралды адамы бар құдыретті төңкерістік күш ретінде ортаға шықты.

1944 жылы, сәуір айының ортасында, бүкіл Шіңгіл халқынан қол үзген, Ағашобадағы берік алғы шеп қамалынан айрылған Гоминдаң әскерлері мен орган қызметкерлері табан тіреп тұрарлық қауқары қалмағандығына көздері жетіп, аудан қалашығын бүкілдей өртеп, бейкүнә халықтан он неше аламды өлтіріп, Көктоғай қалашығына шегінді де, Шіңгіл, Алтай партизандарының ең тиянақты базасына, тұңғыш азат ауданға айналдырды.

"Балықты судан айыру" стратегиясы және оның зор табысы

1944 жылы маусым айының аяғында, Оспан мен Дәлелқан ақыл қоса келіп, партиямыздық әрекетті бүкіл аймақ көлеміне кеңейту бекіміне келді де, Сарсүмбе, Бурылтоғай, Буыршын, Қаба, Жеменей ауданындарына жеке-жеке 200-300 адамдық 4 отрет жіберді. Партизан атретіндегілер алдымен жұртшылық арасына дүние ауқымы, Гоминдаң үкіметінің зұлымдығы, төңкеріс жасаудың қажеттілігі мен мүмкіндігі қатарлы мазмұндарда жазылған үкімет қағаздарын таратып, кең көлемде үгіт жүргізді. Нәтижеде, бұл ауданындардағы жұртшылықтың басым көпшілігі партизандар жаққа өтті.

Әрине, бұл тұста Гоминдаң үкіметі қол қусырып қарап тұрған жоқ, қайта қыруар әскерлерін айдап салып, партизандармен қиянкескі сайысқа түсті. Мұндай итіс-тартыстар кей аудандар да бір айға, бір жарым айға дейін жалғасты. Екі жақ көбінше халыққа таласты. Партизандар қажымас қажырлылық көрсетті. Ақыры олар шілде айының басы мен тамыз айының ортасында Бурылтоғай ауданының бүкіл халқы мен Сарсүмбе ауданының бірбөлім халқын Алтай Жон тауын аттатып, Өрмегейті, Ботамойын, Қомбасы, Жағаштай алулары арқылы өкпе тұсынан Моңғолияға өткізіп, онан соң шекараны жағалата көшірген беті Шіңгілге қайта өткізіп әкетті. Қаба, Жеменей халқын тұс-тұстан Кеңес шекарасынан ары өткізіп қойып, өздері Шіңгілге қайтып келді. Сонымен Көктоғай, Шіңгіл аудандарын негіз еткен Алтай партизандарының төменгі 5 ауданға жасаған жорығы жеңісті болып, төңкеріс жалыны тұтас аймақты шарпиды. Гоминдаң үкіметінің сағын сындырып, абройын айрандай төкті, халық жұртшылығының көкейтесті арманы реалдыққа айналды.

Төңкеріс басшылары бұған масаттанып кетпей, қайта "темірді қызуында соғып", Гоминдаң кертартпашыларының қанды тегеурніндегі Сарсүмбе, Буыршын аудандарының халқын да өздеріне тез қосып алу, жауды онан арман жетім қалдыру үшін 1944 жылы қыркүйек айының басында осы екі ауданға 500 адамдық үлкен партизан жібереді. Олар 20 шақты күн ішінде Сарсүмбе ауданының қалған барлық халқын, Буыршын ауданының жарым халқын Алтай тауын бөктерлетіп көшірген бойы Шіңгілдегі көтерілісшілер тобына әкеліп қосты. Сонымен қатар, Еренқабырға жаққа аттандырылған тағы бір партизан отреті Жемсары, Шонжы, Мори аудандарында әрекет жүргізіп, осы үш ауданнан 500 дей отбасы адамдары партизандар жаққа өтіп, Бәйтік тауының Алтай жақ бетіне шығып орналасты. Бұл жәйт Фукаң, Мичуан, Санжы, Құтыби, Манас ауданындарында да қатты аңыс, үлкен дүрбелең тудырып, Шонжы мен Шиху аралығындағы тас жол қатынасы сал күйге түсіп, Үрімжідегі Гоминдаң үкіметін қамдап тұратын түрліше зат қайнары үзіліп, кертартпашылар судан айырылған балықтай тынысы тарылып, жаны тұмсығының ұшына келді. Ал Алтай партизандарының зорагерлікке, қанауға қарсы көтеріліс стихиялық әрекеттен төңкерістік қозғалысқа айналып, бұрынғы аймақ көлемінен бүкіл шығыс Шынжаң аумағына құлашын кең жайды.

1944 жылдың қыркүйек айы аяқтарда, бүкіл аймақтағы 7 ауданнан тек Буыршын ауданының жарым халқынан басқа барлық жан санының 90 пайызы Гоминдаң кертартпашыларының бұғауынан құтылып, төңкерістік зор тұлға қалыптастырды. Сонымен, 1944 жылы қазан айының ортасында Шіңгіл ауданының Бұлғын деген жерінде жұртшылық жиналыс өткізіп, 12 адамнан Алтай уақыттық ұлттық үкіметі құрылды да, Оспан осы үкіметтің басшысы, Дәлелқан орынбасары әрі Алтай партизандарының қолбасшысы болып белгіленді.

"Іле тарихи материалдары" журналы (№8, 1992 ж.) 191-бет.

Орталық екі база мен төрт аудан қалашығының азат болуы және соңғы жеңіс

Алтай уақыттық ұлттық үкіметі (төменде "уақыттық үкімет" деп аталады) құрылған соң, алдыңғы "балықты судан айыру" стратегиясын енді Гоминдаң центрлі базалары мен аудан қалашықтарына шабуыл жасауға дереу өзгертті. Бұрынғы 4 партизан отреті 9 ға, адам саны 2 мың 200 ге көбейтілді. Моңғолиядан тағы 350 бесатар, 100 автомат, 20 ауыр пулемет, 30 жеңіл пулемет, 6 минамот, 2 танкі атар, 100 қорап гранат, 500 қорап түрліше оқ келтірілді. Осыдан соңғы нақты әрекет барысы төмендегідей болды:

(1) 1944 жыл соңында Гоминдаңның Шіңгіл ауданына қарасты Күмістің құйғаны деген жеріндегі 500 адамдық базасына шабуыл жасалып, айналасы 3-4 күнде жаудың 300 ден көп адамы жойылып 300 дей қару-жарығы, жүзнеше қорап оғы, тағы басқа көптеген заты олжаланып, бұл база бүкілдей күйретілді.

(2) 1945 жылы ақпан айының ортасында Көктоғай қалашығына шабуыл жасау дайындығы басталып, мұнан күн ілгері хабар тапқан Гоминдаң армиясы (толық бір полк) мен үкімет органындағы кадрлар зәре-құты ұшады да, ақпан айынының 24-күні қалашықты тастай қашып, Сартоғайдағы орталық базасына шегінеді. Мұны кешігіп ұққан партизандар соңдарынан қуа соққылап, жаудың 500 дей адамын жойып, 400 ге жуық қару-жарығын олжаға түсіреді. Қалғандары Сартоғайдағы орталық базадан көмекке шыққан сыбайластарының Броневик машна, танкі қатарлы күшті заманауи құралдардың көмегімен қашып құтылып кетеді.

(3) Жеменейдегі тармақ партизан отреті 1945 жылы ақпан айының 20 ларыннан бастап Жеменей қалашығына бірнеше рет шабуылдайды. Қалашықта жаудың бір полк әскері тұратын. Талай күндік, талай реткі шабуылдан соң, ақпан айының 29-күні таңға жақын Гоминдаң армиясы мен орган кадрлары Буыршынға қарай шегінді. Партизандар оларды Шалшықайға дейін қуалай соққылады. Сұрапыл соғыс пен қарлы боранның зардабынан 400 дей адамнан, 100 ден көп қаруынан айырылған жау Буыршынға зорға жетті.

(4) 1945 жылы наурыз айының басында, Алтай партизандарының бас қолбасшылық штабы 600 адамдық күшті қосын ұйымдастырып, Гоминдаңның өр Алтай (Шіңгіл, Көктоғай) көлеміндегі ең соңғы "көзірі" – Үрімжі - Алтай лениясындағы ең үлкен тіректі базасы болған Сартоғай бекенісіне шабуыл жасамақ болды. Бұл кезде мұнда о жақ, бұ жақтан шегініп келгендер мен қоса 3 мыңнан артық әскерден құралған 4 полктің нобайы бар еді. Олар 5 танкі, 3 броневик машинасының қорғауымен 30 неше автомашина азық-түлік, оқ-дәрі, қазан-ошақ, көрпе-жастықтарын ала-мала Гучыңға қарай аяқастынан тағы шегінді. Мұнан хабар тапқан қолбасшылық штаб бұрынғы 600 адамдық қосынмен шабуыл жасау жоспарын өзгертіп, 200 кісілік шағын отрет қана жібереді. Гоминдаң армиясы тұс-тұстан соққыланып, қатты қалжырады. Қалың қасат қарда айдап жүре алмаған танкі, броневик, автомашиналарын бензин құйып өздері өртеп жібереді. Ең мүшкіл болғаны – көктемгі күн шұғыласына шағылысқан аппақ қарда көздері қарығып, көрсоқырларға айналып, топ-тобымен, бет-бетімен торғайдай тозды. Жол бойындағы сай-сала, жыра-жылғалар аштықтан, үсінуден, зорығудан өлгендердің өлігімен толды. Партизандар олардың о жер, бұ жерде қорыс-қопа болып жатқан мыңдай қару-жарағын жиып алумен ғана әуре болып, бір жетіден соң артынып-тартынып қайтып келді. Кейінгі деректерге қарағанда, Гоминдаң армиясы осы жолғы шегіністе кемінде мыңнан артық адамнан айылып, қалғандары 20 күнде Гучыңға әзер жеткен.

(5) Сартоғайдан шегінген Гоминдаң армиясының жолшыбай түрлі жақтан оңбай зиян тартуы қанаттас орындарды қатты дүрліктірді. Мұның салдарынан жарым айға жетпей-ақ Бурылтоғай қалашығындағы Гоминдаң армиясы мен үкімет қызметкелері де бір түнде Сарсүмбеге шегініп кетті.

Сөйтіп, 1944 жылы қазан айында Алтай уақыттық ұлттық үкіметі құлағаннан 1945 жылы сәуір айының орта шеніне дейінгі жарым жылда, Гоминдаңның  екі орындағы әскери базасы алынып, 3 аудан қалашығы азат етілді. Тамыз айының 28-күні Қаба қалашығы да Жеменей - Қаба бірлеспе партизандарының қолына өтті де, аймақ бойынша Сарсүмбе, Буыршын қалашықтары мен Буыршын ауданын негіз еткен жұртшылықтың 10 пайызы ғана уақытша Гоминдаң қолында қалды. Осы барыста партизандар үлкен отретінің басшысы Манат Рүстемұлының 1945 жылы ақпан айында Нұрғожайдың сол жылы маусым айында сатқындық істеп, Гоминдаң жаққа өтіп кетуі салдарынан партизандардың Сарсүмбе қалашығын азат етуіне кесе-көлденеңдік жасағаны болмаса, жалпы алғанда, партизандар табыстан-табысқа жетіп, аймақ бойынша соңғы жеңіске жетуге күшті негіз қалады.

Жоғарғыдай тамаша жағдайдың жарыққа шығуында Оспанның тікелей немесе жанамылай қосқан үлесі зор. Бұл тұста ол төңкеріс істерінің дамуына бөгеттік жасаушы емес, қайта қолдап-қуаттаугы, қан кеше жүріп жол ашушы болды. Ол Шың Шысай үкіметінің сан реткі "насихатына" да құлақ аспай, жантүршігерлік жаныштауынан да жасқанбай, жауға қарсы күресті табандылықпен далғастырды. Өзі үш рет жараланды. Жалғыз інісі, 5 баласы жау қолында аянышты түрде жан үзді, бірсыпыра серіктері қан майданда қаза болды... Оспан осындай ауыр қайғыларға қайыспады, қарсы келген әрқандай жауға қайсарлықпен төтеп берді.

(Жалғасы бар)

Патқан Дәлелқанұлы Сүгірбаев

«Іле тарихи материалдары» журналынан (№8, 1992 ж.) аударып дайындаған Әлімжан Әшімұлы.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052