Жұма, 22 Қараша 2024
Ақмылтық 1872 16 пікір 16 Қыркүйек, 2024 сағат 13:50

Ресей ядролық қол шоқпарын сілтеуді тоқтатар емес!

Сурет: Википедиядан алынды.

Орыс шовинизмі тым асқынып бара жатыр. Оның зардабы бүкіл әлемге сезілуде: олардың саяси олимпінде отырған депутаттар, саясаткерлер, қоғам қайраткерлері, дінбасылары  ешбір дәлелсіз, ешбір себепсіз өз алдына дербес мемлекет құрып, БҰҰ төріне тәуелсіздік туын тіккен елдің халқын «фашистер» деп жариялайды. Екіншісіне «өз алдына ешқашан мемлекет құрмаған» деп,  халықтың тарихын жоққа шығарып, намысын аяққа таптай салады... Өздері ойлап тапқан «Русский мир» атты иллюзияны алға тартып, өзге елдерде тұрып жатқан, шын мәнісінде, Ресей үшін «шет ел азаматы» статусына ие орыс диаспорасын шаптан түртіп, ойдан құрастырылған  «тілдік және басқа қысым көрсетілуде» деген сылтаумен оларды қылмысқа (сепаратизмге) айтақтау – бүгінгі Ресей үшін қалыпты жағдайға айналуда.

Бірақ, бұл екіжүзді саясат мықты, дамыған елдерге келгенде «бір жерін қысып» қалады. Сөйтіп, «екіжүзділігін» білдіріп қояды.  Мысалы, әлемдегі ең алпауыт мемлекет АҚШ‑та миллиондаған орыс диаспорасы тұрады. Олардың жүз пайызы ағылшын тілінде сөйлейді, ал, балалары орыс тілін мүлдем ұмытқан. Еуропаның дамыған мемлекттерінде осындай жағдай орын алған. Бірақ, ол туралы «Русский мир» жұмған аузын ашып көрген емес, ашпайды да. «Русский мир» өздерінің қоқан‑лоқысын тек қана жетпіс жыл бағынышты болған көршілеріне ғана айта алады. Яғни, «орыс әлемі» әлі күнге дейін қолындағы «империялық  үстемдіктен» айырылғандарына көнер емес ‑ қалайда бұрынғы КСРО‑ны қалпына келтіру ниеттерін жасыра алмай жүр...

Ақыр‑соңы Ресей Федерациясын көрші Украина мемлекетіне 2022 жылдың 24 ақпан айында, таңғы сағат 4‑те баса‑көктеп шабуыл жасауына алып келді. («Таңғы сағат төрт» ... таныс оқиға сияқты...). Бұл АСО (арнайы соғыс операциясы – СВО) әлемдегі бейбітшілікті сақтау мақсатында қабылданған барлық Шарттар мен Халықаралық заңдарды аяққа таптау болды. Сондықтан халықаралық қауымдастық Ресейден Украинадан әскерін әкетуді, АСО‑ны тоқтатуды талап етті. 1994 жылы Ресейдің өзі қол қойып, КСРО‑дан қалған атом қаруынан өз еркімен бас тартқан Украина мен Қазақстан сияқты елдерге ешқашан қауіп төндірмейтіндігі, олардың бейбіт өміріне кепіл болатындығы туралы Міндеттемесін мойнына алған еді. Алайда, РФ оны орындамады. Нәтижесінде, БҰҰ‑на біріккен мемлекеттердің 149‑ы Ресейді айыптады. Ал, агрессияға  ұшыраған Украинаға метериалдық және әскери көмек беретінін ашық жариялады. АСО басталғалы бүкіл әлем елдерінің басы бірікті. Сөйтіп, Ресей ТВ, оған одақтас Белорус президенті айтатын «Ресеймен соғысатын кім бар дейсің?» деген сарказмдерінің күлі көкке ұшып, Ресейдің «әрі кетсе бір аптада Киевті аламыз» деген аптығы басылды. Керісінше, соғысып жатқан екі жарым жылдан астам уақытта Украина өзінің әскери потенциалын ондаған есе арттырды, жаңа қарулармен жарақтанды, әскерін жаңа заманауи даындықтан өткізді, өз елінің Әскери өндірісін жолға қоя бастады...

Бірақ Ресей‑Украина соғысы ұзаққа созылып барады. Енді ол Ресейдің ішкі территориясына ауысты. Курск облысында шайқастар жүріп жатыр. Әуелі, Ресей «бұл біздің экономикамыздың дамуына оңынан әсер етті» десе де, санкциялар әсерінен соншама алып территорияда орналасқан Ресейдің экономикалық қуаты әлсірей бастады. Өндірісі тоқтап, Ресей Кеңестер Одағынан қалған қару‑жарақ қоймасын қайта ашты. Снарядар мен баллистикалық ракеталар сұрап Солтүстік Корея көршісіне бас иді. Қытайға алақанын созып, ыңғайына жығылды – қымбат затын арзанға берді. Иранмен ымыраласып, оған да жем бола бастады... Қара теңіз флоты толықтай қауқарсыз күйге түсті.

Бірақ, соған қарамастан Ресей әлемді үнемі «құбыжығымен» қорқытумен келеді. Ол: «Айтқанға көнбесеңдер тактикалық ядролық қарумен атқылаймыз» деген қоқан‑лоқысы. Алдымен Украинаны атқыламақшы болды – украиндер ықпады. Одан кейін Берлинге «кезек» келді, одан асып Брюссель «барды»,  Парижді де «ұмытқан» жоқ, Лондон да бұл «құрметтен» құр қалмады... Келесіде қоқан‑лоқы мұхит асып, Вашингтонға, Нью‑Иоркке жетті... Ал, шын мәнісінде, Еуропа мен АҚШ НАТО әскери блогына біріккен. Бұл – біріккен қорғаныс күші. Оның құрамында бірнеше ядролық елдер бар, олар – АҚШ, Франция, Англия. Ұйымға РФ‑нан қауіптеніп, өткен жылы Швеция мен Финляндия енді.  Сөйтіп, Ресей «НАТО‑ны жақындатпаймын» дей отырып, НАТО‑мен шегаралас болып қалды. Ал, НАТО‑ның Еуропада (Норвегия, ФРГ) орналасқан ядролық қаруы Мәскеуге бірнеше минуттарда ұшып бара алатынын Ресей саясаткерлері ұғар емес. Ендеше, Ресей ядролық қару туралы айтарда мың ойланып, мың толғануы керек. Өкінішке орай олай болмай отыр...

Жақында Ресейлік депутат Андрей Колесник әлемді тағы бір рет қорқыту үшін, ядролық сынақты қайта жаңғыртып, жаруды ұсынды. Бұған дейін барлықядролық мемлекеттер ХХ1 ғ. ядролық сынақтан бас тарқан болатын. Тек Халықаралық заңдарға еш мойынсұнбайтын Солтүстік Корея ғана 2006 жылдан бері алты рет сынақ өткізген. Бірақ, Трамп президенттігі кезінде АҚШ сынақ туралы айта бастады. Ол Ресей мен Қытай «шағын ядролық сынақтар өткізуде» деген деректі алға тартты. Енді, осыны Ресей  депутаты еске қайта салып отыр. Бұл ‑ соғыста қолға түспеу үшін өз қарнын өзі жарып тастайтын жапон самурайларына (харакири) ұқсайтын әрекет. Неге? Себебі, Ресейде енді қай кезде де бомбасын жара беретін «Семей ядролық сынақ алаңы» жоқ. «Азғыр» алаңы да жоқ. Олар қиратылған, әрі, Қазақстан оған ешқашан рұқсат етпейді. Ал, Ресейге Коми Республкасындағы, Архангельск, Мурманск облысындағы шахталарын пайдалану қауіпті. Олар НОТО шегарасына тиіп тұр. Иваново қазіргі соғыс алаңына жақын. Өздеріне қауіпті. Тюмень, Оренбург облысына жасауға Қазақстан түбегейлі қарсы. (Қазақстанды Түркия, Қытай қолдауы мүмкін). Стерлитамакқа (Башқұртстан) жасауға қарсы башқұрлар өре түрегеледі. Астрахань облысына Әзербайжан, Қазақстан, Грузия қарсы. Якутияның Айхал селосына және Красноярск өлкесіне Қытай наразылық білдіруі мүмкін... Қытайсыз Ресейдің күні қараң...

Ресейге тек қана Жаңа жер (Новая Земля) аралы қалып тұр екен. Бірақ, қазір әлемдік климат жылынуда. Солтүстік мұзды мұхит мұздары ери бастады. Сондықтан, солтүстік жерлер мен мұхит «экологиялық сезімтал аймақ» қатарына енген. Ол жерде ядролық сынақ өткізу – бүкіл әлемді өзіңе қарсы қою деген сөз... Ендеше, тек Москва облысы территориясы ғана ядролық сынаққа жарап тұр десек бола ма екен?..

Олай болса, қазіргі заманда Ресейдің ядролық сынақтарына әлемде орын қалмапты. Осыны ұқпаған депутат – қандай депутат? Көзі қаншама Ұлыдержавалық астамшылықпен байланса да, ол осы жағдайды ескеруі керек еді ғой. Жоқ, оның ауруы асқынып кеткені соншалық, қазір олар «харакириге» баруға әзір. Бірақ, оны бүкіл \Ресей халқы қолдай ма? Мәселе осында болып тұр... Әрине, санасы ақпаратпен уланғандар қолдаса қолдар. Алайда, оның зардабы Ресейге ғана емес, бүкіл әлемге тарайтыны айдан анық!

Әбдірашит Бәкірұлы

Abai.kz

16 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1452
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3216
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5242