Құқықтық сауаттылықты қалай арттырамыз?
Қазір елімізде құқықтық сауаттылық мәселесі- ең маңызды болып отыр. Өйткені өз құқығын білмегендіктен тұрғындар тиісті міндеттерді орындай алмайды. Аbai.kz тілшісі құқықтық сауаттылықты қалай арттырамыз деген сауалды құқықтық саланың мамандарына қойып көрді.
Халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру маңызды!
Альбина Тұрынтаева, заңгер:
– «Заң үстемдігі рейтингінде Қазақстан бұрынғы кеңес үкіметі құрамында болған елдерден жоғары тұрғанымен, мұндағы адам құқығын қорғау, заң үстемдігі, жемқорлық, ашық үкімет секілді мәселелер әлі де толықтай шешілген жоқ. Осы тұста мамандар ол үшін қазақтандықтардың құқықтық сауаттылық деңгейін арттыру керек екенін айтады. Өйткені заңдар мен құқығын білмеу тек азамттардың ғана емес, мемлекет тағдырына да қауіп төндіруі әбден мүмкін. Қазіргі кезде соттың ресми істеріне қарап отырып, азаматтардың құқықтық сауаттылық деңгейіне тұжырым жасау өте қиын. Тіпті, мүмкін емес. Дегенмен әлеуметтік жобалардың, кеңестердің нәтижесі бойынша, қазақстандықтардың құқықтық сауаттылығы әлі де төмен деңгейде екені айтылып жүр. Құқықтық сауаттылықтың төмендігі қарапайым азаматтық құқықтық шарттар жасаспауымен сипатталады. Өйткені адамдар күнделікті тірлігін оңай шешем деп ойлап, қарапайым сауатты адамның жасайтын дүниелерін істемейді. Оның қатарында еңбек шарты, азаматтық, құқықтық шарттар. Мәселен, біреуден қызмет не зат сатып алатын кезде шарт жасаспайды. Ал шарт жасалмағаннан кейін құқықтық қатынастарды дәлелдеу мүмкін емес. Мысалы, Астана мен Алматыда мүлікті жалға алу көрсеткіші өте жоғары. Осы бойынша да көпшілік келісімшартқа отырмайды да, кейін соның зардабын шегеді. Сондықтан қарапайым деңгейдегі жазбаша келісімшарт мәселесін көтеру керек. Мен соңғы кезде құқықтық сауаттылық деңгейін арттыру мәселесін көтеріп жүрмін. Бұл мәселені мемлекеттік деңгейде қолға алып, халықтық құқықтық сауаттылығын арттыруға күш салумыз керек. Дәл қазіргі жағдайда тұрғындар үшін де, жастар үшін де өз құқығы мен міндеттерін білу маңызды. Тағы бір маңызды мәселе қазақ тілінде қызмет көрсететін заң саласы мамандарының да білімі аздау, тіпті қазақ тілінде сөйлейтін сауатты заңгерлерді табу оңай емес.
Халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында жасалып жатқан әлеуметтік жобалар жоқ емес, бар. Бірақ олардың біреуінің де пайдасы жоқ. Мен сондай жобаның біріне қатысып, сауаттылық деңгейін арттыруға атсалысқан адам ретінде айтқым келеді. Өйткені мемлекет тарапынан бөлініп жатқан қаражат аз, мүмкін бұл мемлекетке қажет те емес шығар. Екіншіден, сапасы жоғары деңгейдегі мамандар саны да аз. Әсіресе, қазақ тілді заңгерлердің білімі мен біліктілігі көңіл көншітпейді. Сонымен қоса қазір аудандардан өз кәсібін жақсы білетін заңгер табу өте қиын. Алматы мен Астанадан табуға болады, алайда өңірлерде бұл үлкен мәселенің бірі деп айтар едім. Айтып отырғаным қазақ тілді мамандардың жетіспеушілігі».
Құқықтық сауатты арттыруға мемлекеттік бағдарлама керек!
Динара Жангирова, заңгер:
– «Қазіргі таңда әлеуметтік-экономикалық жағдайға байланысты алаяқтардың саны да көбейіп кеткені жасырын емес. Барлық саланың онлайнға көшуі де алаяқтық жасау әдістерін одан сайын арттыра түсті. Ал құқықтық тұрғыдан сауатсыз адам әрине, алаяқтардың жемтігі болатын анық. Бұл жерде құқық қорғау органдары ғана күрес жұмыстарын жүргізе алады.
Үкімет осы жағымен жұмыс істеуі қажет. Әлеуметтік-экономикалық жағдай төмен болған сайын, қылмыс саны да көбейе береді. Бұл – ғылыми дәлелденген факт. Ал әлеуметтік жағдайды жақсартпай, қылмыс санын азайтпай, мәселені құқықтық сауаттандырумен шешем деу – адасу. Сондықтан азаматтардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту керек. Халықты құқықтық жағынан сауаттандыру үшін мемлекеттік деңгейдегі үлкен бағдарлама құру қажет екенін айтқым келеді. Алаяқтар мәселесі бүкіл елде бар. Оны түп-тамырымен жою мүмкін емес. Құқықтық сауатсыз адам алаяқтардың жемтігі болады. Мәселен, қаржы пирамидасын айтып өтуге болады. Мектеп, колледж және жоғары оқу орны студенттеріне құқықтық және қаржылық сауаттылық бағытында пәндерді енгізу керек. Екеуі қатар жүреді, өйткені қай жерде қаражат болады, сол жерде алаяқтық бар. Сондықтан формализмге салынбай, қоғам өкілдерін шақырып, үлкен мемлекеттік бағдарлама дайындау қажет. Әркім өзі білгенін істей бермей, бағдарлама шеңберінде оқытылуы керек. Одан бөлек Заңдар мен құқығын білуге әр азамат өзі мүдделі болуы тиіс. Дамушы елдерге қарағанда дамыған елдердегі адамдардың құқығын қорғау секілді мәселелер жақсы жолға қойылған. Мамандар мұның себебін халықтың да құқықтық тұрғыдан сауаттырақ болуымен түсіндіреді, яғни әр азамат өзі де мүдделі болуы тиіс. Әлем елдеріндегі құқықтық сауаттылық деңгейі әртүрлі. Мәселен, Еуропа мен Америкада жоғары. Ол жақта кез келген мәселеге адам құқығы тұрғысынан келеді. Ал біздің посткеңестік елдерде мәселеге мемлекеттік мүдде тұрғысынан қарайды. Батыс елдерінде жеке адам құқығы тұрғысынан келетін болғасын, әр адам оқуға, үйренуге мүдделі. Мәселен, АҚШ-та заңгерлер саны бізден әлдеқайда көп. Алайда олар біздегідей прокурор, сот, тергеуші болайын деп емес, «өзім үшін» деген мақсатта үйренеді. Ол жақта адамдардың өздері құқықтарын білуге мүдделі. Оған өмірін өзгертетін фактор ретінде қарайды. Адамдардың құқықтық сауаттылығын арттыру үшін билік басында отырғандар мен ауқатты адамдар заңға бағынуы, заң аясында жұмыс істеуі керек. Олардың заңға бағынуы - қарапайым адамдар үшін көрсеткіш, олар да заңға бағынуға тырысады. Егер де бізде қылмыс жасаған адам босатылып кетсе, ұрлық жасаған адам жазасын тартпайтын болса, әрине, адамдар құқықтық сауатты болудың пайдасын көре алмайды. Кейбір сот процестері жабық түрде өтеді. Судьялар сот процесінде болып жатқан мәселелерді талқылауға рұқсат бергісі келмейді. Заңды карьера жасау үшін не басқа мақсатта емес, өз құқығыңды білу үшін үйренуіміз керек. Заң – біздің қолымыздағы қару. Бұрын бес қаруы сай деп айтушы еді ғой, өйткені батырлар оқыстан келетін жағдайлардың бәріне дайын болуы тиіс, сол себепті де қаруын сайлайды. Мемлекет тыныш өмірді қамтамасыз етіп отыр. Қазіргі біздің бес қаруымыз – заңды білу. Бізге қауіп-қатер көшедегі тентектерден келмейді, қауіп түрлі алаяқтардан, заңды меңгерген қу адамдардан келеді. Заңды құқығын білген адам – бес қаруы сай адам. Сондықтан бес қаруым сай болсын десе, әр адам заңды өзі үшін оқып, оны пайдалана білуі тиіс.
Құқықтық сауаттылықты арттыру үшін заңдар мен құқықтық нормаларды білу қажет. Бұл азаматтардың негізгі құқықтары мен міндеттерін білу, сондай-ақ сот төрелігінің рәсімдері мен тетіктерін түсінуді қамтиды. Мұндай ақпаратқа ие азаматтар өз құқықтары мен мүдделерін тиімді қорғауға, сондай-ақ қақтығыстардың алдын алуға және құқықтық деңгейде шешуге мүмкіндік алады.
Құқықтық сауаттылық жеке азамат үшін ғана емес, қоғам өмірінің әртүрлі салаларында да маңызды. Бизнесте құқықтық сауаттылық қолайлы және болжамды іскерлік ортаны құруға көмектеседі. Заңдар мен ережелерге сәйкес келетін бизнес сенімділікті арттырады және экономикалық дамуға ықпал ететін инвестицияларды тартады.
Әділет министрлігі жыл сайын мемлекеттік органдармен бірлесіп, «Әділет кеңес береді», «Ашық есік күндері», «Қоғамдық қабылдау», «Халық адвокаты», «Құқыттық керуен» және т.б. іс-шараларды ұйымдастырады.
Мұндай іс-шаралардың мақсаты – азаматтардың құқықтық нормалар туралы білімін арттыру, халықты өз құқықтары мен мүдделерін қорғауға үйрету, құқықтық білімдерді нақты жағдайларда практикалық қолдануға үйрету, азаматтардың құқықтық ақпарат пен білім беру ресурстарының қолжетімділігін арттыру, әрбір азаматтың құқықтарын қорғау, құқықтық мәселелер бойынша қажетті білім мен түсінікті қалыптастыру маңызды. Сондықтан халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру үшін барлық қажетті іс-щараларды жасауымыз керек».
Abai.kz