Черчесовті жазаға тарту керек, Асылов мырза!
Тілді қорғау – Ел тыныштығын қорғау!
Осыған дейін Ресейлік келімсек бапкер Станислав Черчесовтің мемлекеттік тілге қатысты «орынсыз әзілі», анығында қазақ тілін ашық келемеж етуі қазақ қоғамында қызу талқы болды. ҚР Спорт және туризм министрлігі һәм министрі дауға араласып, әуелі Черчесовтен түсіндірме талап етіп, артынан «дауды ушықтырмау» туралы мәлімдеме жасағаны белгілі. Ал Қазақстан футбол федерациясы Черчесовті ақтауға тырысқанымен, қоғам наразылығынан соң Черчесовке аз-маз айыппұл салғанын мәлімдеген. Бұл туралы біз егжей-тегжейлі жаздық.
Футболдан қазақ елінің ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов мемлекеттік тілімізді құрметтемей, осымен екінші рет басы дауға қалып отыр. Черчесовтің өрескел әрекетіне мемлекеттік органдар, прокуратура құқықтық баға бермеді.
Осыған байланысты белгілі заңгер, Abai.kzақпараттық порталының тұрақты авторы Айыпхан Мұхамадиев Бас Прокуратураға арыз жазыпты.
«Қазақстан халқының ұлттық ар-намысы мен қадiр-қасиетiн қорлауға бағытталған мұндай қасақана әрекеттерге тосқауыл қойып, тоқтатып отыру керек!», - дейді заң маманы. Біз портал оқырмандарының талқысына Бас Прокуратураға жазылған осы арызды ұсынып отырмыз...
Қазақстан Республикасының
Бас Прокуроры Б.Н.Асыловқа!
Арыз иесі: Мұхамадиев А.
Құрметті Берік Ноғайұлы!
Менің арызым қоғамда үлкен дау тудырып отырған Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесовтің Ұлттар лига аясында Словениямен өткен матчтан кейінгі баспасөз конференциясындағы айтқан сөзі жайлы. С.Черчесовтің мемлекеттік тілде сұрақ қойған журналистке келемеждеп: «Ты по француский сейчас, говоришь?» - дегені БАҚ-та елдің ашу-ызасын тудырып отыр.
Конституцияның 7-бабында: «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тiл - қазақ тілі», - делінген. Бұл норманы 1995 жылғы 30 тамызда, референдумда бүкіл Қазақстан халқы бірауыздан бекітті. «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» заңның 4-бабында: «Мемлекеттiк тiл - мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару тiлi», - деп көрсетілген.
С. Черчесовтің сөзінде ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабында жазылған құқық бұзушылықтардың белгілері бар. Ол көптеген мемлекеттерде көрсетілетін баспасөз конференциясында жария түрде масс-медианы, телекоммуникация желілерін және онлайн-платформаларды пайдалана отырып, мемлекеттік тілді – қазақ тілін кемсітіп, өз әрекетімен ұлттық алауыздықты қоздырды. Мемлекеттік тілде берілген сұраққа мысқылдап, күліп: «Сен французша сөйлеп тұрсың ба?» - деп айтып, Қазақстан азаматтарының ұлттық ар-намысы мен қадiр-қасиетiн қорлауға бағытталған қасақана әрекет жасады.
Егер де осындай мемлекеттік тілді, елді мазақ ету қорлау әрекеттерінің алдын алып тоқтатпаса – мұның арты «Қордайдағы» секілді ұлтаралық дауға ұласып кетуі әбден мүмкін.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы қайғылы оқиғадан кейін Қордайдың тұрғындарымен кездескенде: «Еліміздің тілін бәріміз құрметтеуіміз керек!» - деген болатын.
Құрметті Берік Ноғайұлы!
Мен сізге Конституцияның 83-бабында бекітілген «Прокуратура мемлекет атынан Қазақстан Республикасының аумағында заңдылықтың сақталуына заңда белгіленген шекте және нысандарда жоғары қадағалауды жүзеге асырады», - деген міндеттеріңізді орындап, Станислав Черчесовты жауапқа тартуды талап етемін!
Айыпхан Мұхамадиев
Abai.kz