Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Саңлақ 3696 25 пікір 16 Қазан, 2024 сағат 13:36

Черчесов қазақ тілін мазақ етті: Министр қатты айтуға батпады. Барменқұлов ақтады...

Суреттер: kff.kz және kaztag.kz сайттарынан алынды.

Атам қазақта: «Өз әскерің болмаса, өзгенің әскерін асырайсың», - деген аталы сөз бар.  Дәл осы сөз біздегі спорт саласындағы өзге елден әтігөрлеп әкелген мамандарға қаратыла айтылғандай.

Жасыратыны жоқ, бүгінгі біздің елдің спорты «ұлттық жаттықтырушымыз бар» және «ұлттық жаттықтырушымыз жоқ» спорт түрлері деп екіге бөлінеді. Бірақ, әлемдік спорт додаларында төл жаттықтыушыларымыз бар спорт түріне – күрес, бокс және футбол жатады. Біз осының соңғысы төңірегінде ой қозғамақпыз. Яғни, футболды сөз етеміз...

Кезінде Рахат Әлиев бастаған топ қазақ футболын Еуропа тобына қосқаны белгілі. Азияда маңдайымыз жарқырамаған біз, Еуропалық елдердің ұпай қорын толықтырушы деген атақты иелендік. Бізге бұл сүйкімсіз атақты еншілеп әпергендер – өзге елден ат-түйедей қалап алған жаттықтырушылар.

Сурет kaztag.kz сайтынан алынды.

ЧЕРЧЕСОВ ҚАЗАҚ ТІЛІН МАЗАҚ ЕТТІ!

Басынан бұлт, артынан шу таусылмаған қазақ футболы келімсектер келіп тойтаңдайтын төрге айналды. Соңғы дау-дамай қазақ елінің өзіндік ерекшелігін көзге ілмеген ресейлік Черчесов төңірегінде өрбіді. Қараңыз:

Ресейден келіп, футболдан Қазақстан құрамасына бас бапкер болған Станислав Черчесов деген дөңшеке тағы да қазақ тілін мазақ етті!

Қазақша сұрақ қойған тілшіге: «Немене, французша сөйлеп тұрсың ба?!», - деп келекелей сөйледі. Оған қой деген қазақ табылмады... Черчесов Қазақстанның мемлекеттік тілін бірінші кезек келекелеп тұрған жоқ. Мынау екінші жолғысы...

Черчесов бас бапкерлікке келгенде-ақ, тілшілерге: «Қазақша сұрақ қойма! Сенің қазақшаңды қайдан білем!», - деп кекірейіп, артынан: «Жаздым, жаңылдым. Қазақша үйренем», - деп сүмірейіп еді...

Ұлттық құраманы тізгіндеп, бірде-бір жеңісті ойын көрсете алмаған (дейді БАҚ) Станислав Черчесовті кім әтігөрлеп әкелді? Оған миллиондап айлық тағайындаған кім?

РЕСЕЙДІҢ ОРТАҢҚОЛ МАМАНДАРЫНА ҚАЗАҚ СПОРТЫ НЕГЕ КЕНЕДЕЙ ЖАБЫСЫП ОТЫР?

Қазақтан ақша алуды ғана біліп, қазақтың спорттық мәртебесін көкке көтеруді керек етпейтін империялық амбициядағы ресейлік мамандарды елімізге шақырып, жатып жастық, иіліп төсек болудан арылатын уақыт жеткен сияқты. Тек осыны қаперіне алмйа отырғандың бірі – Ұлттық Футбол федерациясы десек еш артық айтпаймыз!

Сурет kaztag.kz сайтынан алынды.

МИНИСТР ЕРБОЛ МЫРЗАБОСЫНОВ НЕГЕ ҮНСІЗ?

Әріп Тәңірбеновтің: «Келгенде Жиенқұлға шықпайды үнім», - деп ақын Сараның аузына сөз салғанындай, қазақ қоғамында футбол төңірегінде үніміз шықпай жүргені анық. Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ербол Қуантайұлы Мырзабосынов футбол, бокс және күрес ұлтымыздың басты мәртебесі екенін естен шығарып алған сияқты.

Футболда гол соға алмай, ұлт жанкүйерлерін пұшайман еткен Черчесовтің мемлекеттік тілде қайта-қайта мазақ етуіне қой дейтін бірінші адам, осы Мырзабосынов емес пе? Сөйтсек, Мырзабосынов басқаратын министрлік, қоғам наразылығынан соң, амалдық үн қатыпты. Сондағысы бүйдейді:

Сурет сайт скрині.

МИНИСТРЛІК ЧЕРЧЕСОВТЕН ТҮСІНІКТЕМЕ ТАЛАП ЕТТІ

«Кешелі бері әлеуметтік желілерде футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесовтің қазақ тілін кемсітуге тырысқаны туралы бейнематериал кеңінен таралып, қоғам тарапынан наразылық туғызды. Министрлік бұл жағдайға бей-жай қарамай, Қазақстан футбол федерациясына ресми хат жолдады», - дейді министрлік.

«Хатта мемлекеттік тілдің мәртебесі Қазақстан Республикасының Конституциясы мен «Тіл туралы» Заңына сәйкес жоғары тұратыны және оған барлық азаматтың құрмет көрсетуі керектігі айтылған. Сонымен қатар федерациядан осы оқиғаға түсініктеме беру және С.Черчесовпен мемлекеттік тілге құрмет көрсету туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу талап етілді. Біз мұндай жағдайлардың қайталанбауын қамтамасыз ету үшін федерация тарапынан тиісті шаралар қолданылуы керек деп санаймыз», - дейді әрі қарай.

Ербол Мырзабосынов тізгінін ұстаған министрлік Қазақстан футбол федерациясы Министрлікке бағынысты ұйым емес екенін айтады. «Дегенмен Қазақстандағы спорт саясатын қалыптастырып, жүргізетін ведомство болғандықтан, түсініктеме талап етуге құқылы екенін қаперге саламыз», - дейді министрлік.

Сурет kff.kz сайтынан алынды.

ҚАЗАҚСТАН ФУТБОЛ ФЕДЕРАЦИЯСЫ ЧЕРЧЕСОВТІ АҚТАП ӘЛЕК...

Черчесовтің: «Французша сөйлеп тұрсың ба?», - дегеніне қатысты Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов «Азаттыққа» пікір білдіріп: «Сұрақ қойған журналист ұлттық құрама ойынына француз командасының формасын киіп келген, бас бапкер соған әзілдеп айтқан. Черчесовтың сөзін желіге басқаша етіп шығарып жіберді, екеуі қалжыңдасып сөйлескен, журналист те оны түсінді», - деп жауап берген.

Барменқұловтың сөзінше, Ұлттық құрамаға бас бапкердің қазақ тілін жетік білгені емес, білімі керек-мыс. «Федерацияда қазақ тіліне мән беріліп жатыр. Ал бас бапкердің онсыз да жұмысы көп», - дейді Барменқұлов.

ФУТБОЛДА ҚЫРҒЫЗ, ТӘЖІК ПЕН ӨЗБЕКТЕН ТӨМЕНБІЗ!

Барменқұловтың сөзінше, Станислав Черчесов «білікті маман» екен. Ендеше, Черчесовтің Ұлттық құраманы тізгіндегелі бергі нәтижелергі көз жүгіртейік:

Бірінші: Ресейлік Черчесов бас бапкер болғалы Ұлттық құрама бірде-бір гол соқпаған!

Екінші: Черчесовтің бапкерлігімен біздің Ұлттық құрама УЕФА-ның Ұлттар Лигасы аясында 4 ойын өткізген. Норвегиямен ойында Қазақстан гол жібермей, тең ойынды ұстап тұрса, Словениядан 3:0 есебімен, Австриядан 4:0 есебімен жеңілдік. Ал Словениямен қарымта ойында да 0:1 деген ұпаймен жеңілдік.

Үшінші: Қазақстан қазір FIFA рейтингінде 109-шы орында тұр. Салыстыру үшін, Украина 24-ші орында, Ресей 34-ші орында, Өзбекстан 60-шы, Гүржістан 66-шы, Армения 96-шы, Беларусь 97-ші, Тәжікстан 103-ші, Қырғызстан 106-шы орында.

ТАЛАП: ЧЕРЧЕСОВ КЕЛГЕН ІЗІМЕН КЕТСІН!

Түйін: Біз Қазақ елінің азаматымыз және өз елімізді жан жүрегімізбен сүйеміз. Алайда тәуелсіздігіміздің 33 жылы ішінде біз бірде-бір халықаралық футбол турниріне қатыспағанымызды сезіну жанкүйер ретінде жанымызға қатты батады. Бүкіл еліміз футболды жақсы көреді, бірақ ол бізде жеткілікті дамымағандығы жүрегімізді сыздатады.

Енді Министр мырза, Сіз есте ұстап, жіті бақылауызға алатын 7 бірдей себепті санамалап кетейік:

1 себеп: Нашар инфрақұрылым;

2 себеп: Жергілікті футбол жұлдыздарының – Максим Самородов, Рамазан Оразов немесе Нұралы Әліп т.б. өзге елдердің құда түсіп, алып кетуі. Ұлттық жергілікті жұлдыздардың төл чемпионатымызда жарқырамауы;

3 себеп: Төл чемпионаттағы ойындардың сүреңсіздігі;

4 себеп: Ойыншылардың ортанқолдығы;

5 себеп: Футбол акедемияларының құрылмауы;

6 себеп: Мемлекеттік қолдау және жеке инвестиция арасындағы әріптестіктің жоқтығы;

7 себеп: Жаттықтыушылар біліктілігін арттыру мен дайындаудың жете жолға қойылмауы.

Егер Сіз бас болып, осы себептерді еңсере алсақ, қазақ футболы күндердің күнінде жарып шығады. Тек бәрі тек Сіздің министр орнытағын иеленген кездегі біліктілігіңіз бен кісілігіңізге қатысты болып тұр!  Біз сізді қазақ футбол жанкүйерлерінің үмітін ақтайды деп ойлаймыз!?

Ал мемлекеттік тілді кезек-кезек мазақ еткен Черчесовке қайта оралсақ – Ол Ресейдің кәнуілгі офицері! Ресейге адал берілген, «құлданған» ұлттың бейшара өкілі! Ол Барменқұлов айтқандай білікті маман деп те айта алмаймыз. Нәтижесін, көзбен көріп отырмыз. Ендеше, ортаңқол Черчесовтің оқшаудағы обзыр еліне келген ізімен қайтару керек!

Abai.kz

25 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2045