Жұма, 27 Желтоқсан 2024
46 - сөз 1218 1 пікір 28 Қазан, 2024 сағат 14:19

Жас Жүсіпбек

Суретті түсірген Шүкір Шахай

(«Жылантөбе» мен «Жансебіл»)

Бір кезде біз жазу әлеміндегі жалғыз-ақ Жүсіпбекті білетін едік. Қазақ прозасының көшін бастаған әйгілі Жүсіпбектің ардақты атын ақтайтын заман әлі де қыр астында жатқан-ды. Сөйтіп, ол дәуірде әдебиетіміздегі бас Жүсіпбектің есімінен де, еңбегінен де хабарсыздау болатынбыз. Әрине, еміс-еміс естігеніміз бар, бірақ жеткілікті мәліметіміз жоқ-ты. Өйткені оқуға Алаш арыстары ақталардан анағұрлым бұрынырақ түскенбіз.

Есесіне бас Жүсіпбекті жете білмесек те, жас Жүсіпбекті жақсы таныдық. Өзіміз құралпы жігіт. Жетісу жақтың ұланы. Сондықтан осы ақжолтай кезеңге дейін өз Жүсіпбегімізді оқыдық. Жазғанын қалт жібермедік.

Бізден екі-ақ жыл бұрын университетке ілініпті. Студент кезінде «Жалын» журналында «Жылантөбе хикаясы» деген ғаламат әңгімесі жарық көрді. Әлде қырық рет, әлде жүз рет оқыған шығармын. Бірақ оған қырық қайтара оқығанымды айтқан жоқпын. Жоғарғы курс студентінің алдында өзімше сабырлы болуға тырыстым. Енді керемет! Суреттеуі сұмдық. Құдды бесіктен белі шыға сала бір топ жыланмен ойнап өскендей, қиналмай жазады. Белін күнде қайыс белбеумен емес, ирелеңдеген жыланмен буып жүргендей еркін көсіледі. Қысқасы, төрт аяғын тең басқан әңгіме. Солай болатын реті де бар секілді. Бала кезінде Жүкеңді абайсызда жылан шағып алған ба, әлде біздің Жүкең байқамай жыланды шағып алған ба, сондай бір әңгімені естідім-ау деймін, ұмытпасам...

Бүгінде қазақтың қарымды қаламгерлерінің қатарында тұрған Жүсіпбектің шығармаларын түгелге жуық оқыдым. Ол суреткер ретінде шырқау биікке шықты. Бірақ мен үшін мына «Жылантөбенің» орны бөлек. Бәлкім, жас кезде алдымен зер салғанның әсері шығар. Бәрібір осы Жүкеңнің әйгілі әңгімесінде бедерлі бейнеленген ордалы жылан қазақтың көркем прозасына ойланбай олжа салғысы келген біраз баланы әдебиеттің ауласынан аулағыраққа қуып тастады. Ішінде біз де кеттік...

* * *

Ол осындай жап-жас кезінде-ақ қолтаңбасы қалыптасқан, қаламы қатайған қаламгерге айналды. Жүсіпбек Қорғасбектің отызға толмай тұрғанда елді елең еткізген тағы бір шығармасы – «Жансебіл». Бұл дүниесі де жаппай оқылды. Оқығаның не, жас қаламгер «Жансебіл» секілді төрт құбыласы тең дүниені өмірге әкеліп, жұртқа жаппай жаттатты. Жаттатқаның не, сол «Жансебіл» көп ұзамай экранға жол тартты. Осы әңгіменің негізінде қазақтың аса дарынды режиссері Аяған Шәжімбай түсірген атақты фильм үлкен де, кіші де бас алмай көретін халықтық кинокартинаға айналды. Жүсіпбек Қорғасбек пен Аяған Шәжімбай тандемі кинозалға келгендерді жіпсіз байлады.

Кейде фильмнің даңқы көркем дүниені басып кетіп, бірте-бірте ұмыттыра бастайтыны бар. Бұл «Жансебіл» ондайдан аман. Қағаздағы «Жансебіл» де, экрандағы «Жансебіл» де бірге өркендеп келеді. Жүсіпбек пен Аяғанның есімі үнемі қатар аталады. Осындай бақтың бәрін арнасынан аспай, қанасынан таспай көтере алды біздің Жүсіпбек досымыз.

Дәл осы шығарма шет тіліне аударылса, адам айтқысыз табыс әкелер еді. Жүсіпбектің прозасы жыл өткен сайын қай қырынан да өсе түсті. Жедел жетілді. Тез биіктеді. Ғабит Мүсірепов айтқандай, соқыр көретіндей, саңырау еститіндей етіп жазды. Ремарктің шіріген алма мен жуған кірдің иісін мұрынға келтіретіні секілді, Жүсіпбектің туындыларынан да кейіпкерлерінің айқай-ұйқайы, дыбыс-сыбысы анық естіліп тұрады. Тіпті кейбір персонаждары оның уысынан шығып, ырқына бағынбай, елдің арасына еркін еніп кететіні бар. Бұған тек қана қуану керек. Демек, бұл – өмірдің өз бейнесін кейіптеді деген сөз.

* * *

Жақсы жазушы екендігіне қоса, кеңпейіл де кәсіби көрші... Көп жыл бір үйде тұрдық. Балаларымыз бірге өсті. Жүкеңнің Қуанышы мен біздің Бақытжан бір класта оқыды. Ол туралы кейінірек...

Бір кезде «Лениншіл жаста» ма, «Қазақ әдебиетінде» ме, жемісті жұмыс істеп жүрген Жүсіпбекті, сымы сала құлаш қара телефонды қолға алып, біреумен беймара-а-ал сөйлесіп отырған Жүкеңді сол маңға сап ете қалған Шүкір Шахай шіреніп тұрып суретке тартып жіберіпті. Қандай дұрыс болған-ей... Тәп-тәуір ескерткіш болды да қалды.

Жап-жас Жүсіпбек...

* * *

Қазір Жүсіпбек арнайы телебағдарлама жүргізіп, бар буынның байрағын көтеріп, жас қаламгерлердің де, жасамыс жазушылардың да шығармаларын жіліктеп тұрып талдап жүр. Дұрыс. Шебердің бағасы – өнердің бағасы. Бірақ Жүкеңнің өз шығармашылығы талдаудың сыртында қалып барады. Қорғасбектің қоржынын кім ақтармақ?! Талдайтын дүниенің көкесі сонда. Тіпті ел болып талдасақ та артық емес. Өйткені ол жанымен жазады. Жүрегімен жылжиды. Санасымен суреттейді. Арғы Жүсіпбектің рухы бергі Жүсіпбекке сіңген де...

Бауыржан Омарұлы

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2053