Бейсенбі, 31 Қазан 2024
Білгенге маржан 304 1 пікір 31 Қазан, 2024 сағат 14:11

Ислам қазақ жеріне қалай таралды?

Сурет islam.kz сайтынан алынды.

16 ғасырдың соңы мен 17 ғасырдың басындағы исламның қазақ жеріне таралуы

Көптеген мамандар 15-16 ғасырларда қазақтар арасында тәңір сенімі мен басқалай пұтқа табынушылық әлі де кең таралған, ал ислам діні кең таралмаған деп санайды.

Бұл жалпы алғанда дұрыс, бірақ ислам дінінің ең алдымен хандар мен сұлтандар арасында кең таралып, оны таратушылар да солар екенін айта кеткен жөн. Ислам дінін қабылдау қазақ хандарының өздеріне ықпалды дінбасылар мен сопылық корпорациясы сияқты берік әлеуметтік тірек іздестіруі дәлел бола алмайды. Қазақтарды ислам дініне кіргізу қазақ шонжарларының Түркістан мен Мәуераннахр қалаларының діни және зиялы өкілдерімен одағын идиологиялық негізде нығайтуға жәрдемдесті.

Розбехан Исфахани айтады: Бұрындық хан бұйрық берсе, 400 мың әскер жиналады, олардың әрқайысы қарсыласының онына тура келеді. Қазақтардың үлкен бөлігі Атымтайды өз ішіндегі ең кедейі деп санайды. Олардың келіп-кетушілері «харам» сөзін мүлдем білмейтіндігі анықталды (Тарих адамзат ақыл-ойының қазынасы. 3 том. 356 бет).

16 ғасырдың 20-шы жылдарынан кейінгі 20 жылда қазақ хандығы ішкі қырқыстан әлсіресе де, Хақназар ханның тұсында қайта күшейді. Десе де Бұхар хандығының ықпалына түсті, Тәуекел сұлтан Абдолла ханға қызмет көрсетеді, соның ықпалымен қазақ даласына тағы да бір рет ислам діні тарайды. Бұл туралы Мұхаммед Садық Қашқаридың еңбегінде атап көрсетілген:

«Хазірет Ишан Қожа Ысқақ Уәли (Алла оған рахымды да риза болсын) Абд әл-Кәрім ханның (1560-1591 жылдары Қашқарияны билеген) шақыруымен Қашқарға келеді. Абд әл-Кәрім хан ілтипатпен қарсы алып, Қожа Ысқақ Уәлиді Қашқарға отырғызды. Ханнан бақыт құсы ұшып, ол жағдайда хан хазірет ишанды мақұл көрмеді, ілтипатсыз болды, қырық күндей кездеспеді, бағасыз, кәрі торы атты жіберді. Хазірет Ишан оны көріп, түсі бұзылып мынаны айтты: «Біз сол үшін деп келсек, Ол бізге қылмыс қыла ма? Әлбетте бізді бұл жерден кетірмек», - деді. Үш күннен кейін ханнан Хазірет Ишанды өз өлкесінен шығуын сұраған хат келді.

«Хазірет ишан жарандарымен қырғыз-қазақ еліне келіп, ол жерлерде соншама кереметтер көрсетті: Дұғалармен өліктерге жан бітіріп, ауруларға шипа беріп, шөлдерден бұлақ ашып, пұттардан калима-йи шариф дауысын келтіріп, сиректе ғажайып істер жасап, он пұтхананы қиратып, 180 мың кәпірді иманға келтіру мүмкіндігін алады, тура жолға салады» (Мұхаммед Садық Қашқари. Тазкира-йи азизан. Қазақстан тарихы туралы түркі деректемелері 4 том. 70 бет. Қожа Ысқақ Уәлидің қырғыз-қазақ жерлерінде ислам таратуы ).

Бұнда көрсетілген 180 мың халық сол кездегі қазақ хандығындағы көшпенділердің 20%-ы десек артық емес, ал бұның денін қазақтарға ұстайтын. Өйткені 18 ғасырдың ортасына дейін қырғыздар 50-60 мыңнан аспаған, ал одан бұрын тіпті аз деген сөз. Мұхаммед Хайдар Дулати өз еңбегінде қырғыздарды кәпір деп көрсетеді, ал қырғыздардың 19 ғасырдағы дінсіздігі туралы Шоқан да жақсы деректер айтқан.

Тәуекел хан Ферғана мен Ташкентті алған кезде «Мусаххир лабилад» та былай делінеді: «Жүсіп Қожа Сайид Атайи дінсіз адамдардан тұратын қарақшылардан, Әндижаннан шығып, Мұхаммед Құли сұлтанды тұтқынға алды» (Қазақстан тарихы. 2 том 418 бет. Алматы. Атамұра. 2010). Бұдан Тәуекелдің армиясында исламға сенбейтін қалмақтардың болғанын көруге болады. Десе де оларды моңғол тілінде сөйлейтіндер деп тар мағынада түсінуге де болмайды.

Самарқанға жакын Даһбид қыстағында атақты қожалар болып, Афақ солардан сайланған. Афақтың нешінші бабасы Махтум Ағзам деп танылған кісі, яғни ғылымда терең, тақуалықта шексіз кісі деген мағынада «махтум» делінеді. Афақтын арғы атасы Саид Ахмад Қасани. Қасан Қоқан мен Ходжент аралығында бір үлкен кыстақ, қалашық. Саид Ахмад Даһбидке келіп, он тал шыбық отырғызып, ол көктеп, сонан «он тал» — Даһбид аталған. Атасы Жалалиддин, оның атасы Саид Мухаммад Қасанда жерленген. Бұлардың атасы Саид Қамалиддин Мадина қаласыныкі. Махтум Ағзамның ұлы уаң Мухаммад Әмин, оның ұлы Ысхақ Уәли.

ЬІсхақ Уәли Абдулла хан заманында Бұхарада Қасым шайх дегенмен сөз талқысына түсіп, Қасымның шағымы себепті Бұхарадан кетіп, Жаркентке барып дәруіш сипатында өмір сүрген (Тауарих хамса. 38 бет).

Қазақстан тарихының 2-ші томында Қожа Ысқақ Уәли қазақ, қырғыз, түркімендер көшіп жүретін Маңғыстау, Қызылқұм, Еділ, Жем, Жәйіқ өңірлерін аралаған, миссионерлік істеп, ислам дінін таратқан дейді.

Осы дәуірде Жетісумен Қырғызстан жері қазақ ордасына қарады, ал моғолстандық көшпенділерге 1353 жылы Тұғлық темірдің жарлығымен ислам діні таралғанын білеміз. Десе де моғолдардың көпшілігінің исламды қабылдауы Мұхаммед ханның тұсында (1408-1415) болады. Бірақ Әмір темір моғолдарды (көбі ұлы жүздің қазақтары) дінсіздер деп, оларға ғазауат ашады. 1506 жылғы Мұхаммед Шәйбани ханнан жеңілгеннен кейінгі тартыстар нәтижесінде 1533 жылы моғолдар ел-жерімен Қазақ хандығына қосылады. Осы тұста Бұхар саудагерлері қазақ даласының солтүстігі мен Сібір хандығына ислам дінін тарата бастады».

Әдебиетте қазақ хандары мен Орта Азиялық дінбасылардың идиологиялық мүдделерінің ортақтығы негізінде, қазақ хандарымен сұлтандары ислам дінін көшпелі қазақтар арасына таратуда белсенді рөл атқарды деген пікір айтады. «Зика әл-Клубта» суфылық пікірлер табыс көздерін ұлғайтуға мүдделі болды, өз догматтарын көшпелі қазақтар арасына белсенді әрекет жүргізіп, оларды өз мүриттері қатарына тартты. Олардың қазақтар арасындағы насихатының табысты болғанын, мысалы нахышбандилік шейх Лутфолла Чустидың (1572-1572 жылы өлтірілген) шәкірттері арасында қазақтармен қырғыздарға суфизмді уағыздаушы қазақ Мұхаммедтің болу фактісі көрсетеді. «Раузат әр-ризван» авторы былай дейді: «Бір жолы көптеген әмірлер аса қасиетті Қожа Мұхаммед исламға Шыңғысхан ясасын тілге тиек етіп, Өзбек ханды жақтап өтініш жасады. Бірақ ол әмірлерге былай деп жауап қайтарды: «Дәруіштер ешқашан Шыңғыс хан заңына бойсұнбайды, тек Алланың еркіне ғана бағынады» (Қазақстан тарихы. 2 том 418-419 беттер. Алматы. Атамұра. 2010).

Демек Тәуекел ханның 1580-1590 жылдарда қазақ арасына исламды таратуы - қазақтарды толық мұсылман ету арқылы Орта Азияны да бағындырып, біртұтас заң мен идиологияға бағынған мемлекет құру болған көрінеді, бірақ бұнысы іске аспады.

Лефшинның айтуынша :

«1558-1559 жылдары Бұхарада болған Дженкинсон: «Ташкент билеушісі қазақтармен соғыс жүргізді, олар өте көп, қатыгез, ешқандай қалалары жоқ, Мұхаммед дінін ұстанатын халық», - деп жазады (Тарихи адамзат ақыл-ойының қазынасы,4 том 208 бет).

Осы дауірдегі қазақтың атақты жырауы Жиембет, оның мынадай жырлары бізге жеткен:

Әмірің қатты Ер Есім,

Бүлік салып бұйырдың,

Басын бер деп батырдың,

Қанын ішіп қанбаққа,

Жанын отқа салмаққа,

Атадан жалғыз мен емес,

Хан ие ісің жөн емес,

Жолбарыстай Жолымбет,

Құрбандыққа қол емес.

Жол тосып алып кетіпті,

Қалмақтан алмақ сыйыңды,

Қаһарыңды басқалы,

Менің елім жиылды,

Бастап келген өзге емес,

Жиембет сынды биің-ді.

Малын салып алдына,

Әр саладан құйылды,

Он екі ата Байұлы,

Бір тәңірге сыйынды.

(Мұхтар Мағауин. Алдаспан. Атамұра баспасы. 2006 ж. 81 бет).

Жиембеттің жырынанда сол дәуірде қазақ арасына ислам таралса да, тәңірді жаратушы ие ретінде мойындаудың әлі де сол қалпында жалғасып отырғанын көреміз. Бұлар ғана емес, Қазақ хандығы тұсындағы батырлар жыры мен тарихи жырларда да тәңір жиі айтылады. Демек қазақ арасына исламды қанша таратса да, көшпенді халық оны дұрыс қабылдамады немесе өте үстірт қабылдады. Ислам шарттарын орындамады, бұған себеп: Отырықшы халыққа бейім ислам дінінің көшпенді өмірге үйлесе алмауынан болды. Үнемі көшіп жүретін елде мешіт, медресе, оны ұстайтын молла, ишан жоқ болды. Тек Түркістан маңындағы сарттардың мешіт, медресесі мүлдем аздық етті. Сондықтан далада исламның институты тамыр тартып, қалыптаса алмады да, қазақтың ауыз жүзіндегі ислам тек: Тәңір мен Алланы бір дейтін, өлім, жерлеу ғұрыптарына ислам элементтері араласқан негізі шаманизм болған дін болды. Тәңірлік шаманизм ғұрыптарының дені әуелгісінше сақтала берді.

Қазақ ұғымында жаңа жылдың келуі - көктемгі күн мен түннің теңелуі болған 21-22 наурызда көбірек тойланған. Аңыздарға қарағанда, наурыз қазақтардың ұрпақсыз қарт бабасы, жұрт оны еске алып, құрбандық шалып отырған. Қазақтар наурызда ата-бабалар рухына сыйынған, оларға арнап құрбан шалып, қайтыс болған ата-бабаларының молаларының басына шырақ жаққан.

Қазақтардың тағы бір ғұрпы - қуаңшылық болған жағдайда құрбан шалып, тасаттық беру. Жаңбыр шақырудың түп тамыры Ғұннан бергі жалғасқан яда таспен, яғни «жаңбыр тасымен» тіке қатысты (Қазақстан тарихы , 2 том. 249 бет. Алматы. Атамұра. 2010).

Ерзат Кәрібай

Abai.kz

1 пікір