Сәрсенбі, 4 Желтоқсан 2024
Әдебиет 6635 27 пікір 5 Қараша, 2024 сағат 14:02

Мұхтар Мағауиннің «Мені» туралы бірер сөз (соңы)

Суреттер Н.Маханның мұрағатынан және adebiportal.kz сайтынан алынды.

Басы: Мұхтар Мағауиннің «Мені» туралы бірер сөз...

Жалғасы: Мұхтар Мағауиннің «Мені» туралы бірер сөз

Жалғасы: Мұхтар Мағауиннің «Мені» туралы бірер сөз

Жалғасы: Мұхтар Мағауиннің «Мені» туралы бірер сөз

Жалғасы: Мұхтар Мағауиннің «Мені» туралы бірер сөз 

Жалғасы: Мұхтар Мағауиннің «Мені» туралы бірер сөз

Жетінші бөлім

«Ұлт үшін еңбек ет», – деп тәпсірлепті М. Мағауин өзінің «Менінде». Ақиқат – сөз.

Ұлтты – тіл, тарих, генология, (қандастық) мәдениет, әдет-ғұрып, мінез секілді ортақ негізде қалыптасқан адамдар қауымдастығы десек, ұлт үшін еңбек ету – ұлттың тілі мен тарихына, әдет-ғұрпы мен мәдениетіне қызмет ету деген сөз.

Осы талап тұрғысынан келсек, «қазақ» есімді ұлтқа қызмет еткен елшіл де ұлтшыл аптал азаматтардың алдыңғы сапында ғалым-жазушы Мұхтар Мағауиннің есім-сойы аталары хақ. Жазушы – ғалым болуы керек, – деп Флобер айтыпты дейтін ескі тәмсіл бар. Меніңше, жазушының барлығының ғалым болуы шарт емес. Алайда, жаратушы Хақ тағала жазушының жазмыш-тағдырына ғалымдық талантты қосып берсе, бұл – бақ! Құстың қос қанаты секілді, ғалымдық пен жазушылық – септесе келе, қаламгер өрісін ұзартып, көкжиегін кеңейтпек.

М. Мағауин – жазушы һәм ғалым. Оның жазушылығы күшті ме, жақ әлде ғалымдық таланты басым ба? – деу, әбестік. Білместіктен айтылған, құстың оң қанаты күшті ме, жоқ әлде сол қанаты күшті ме? –  деген секілді шолақ ойлы, тасырдың сұрағы. «Тырнақ еттен ажырамайды». Дәл сол секілді М. Мағауиннің жазушылығы мен ғалымдығын бір-бірінен бөле-жара қарау – орайы келмес бос тірлік. Жазушы болса да, ғалым болса да елшіл тұлға ретінде оның өмірлік басты ұстанымы – ұлтына қызмет ету болды. Себебі, ұлт үшін айтпақ сөзін белгілі шеңбердің ішінде Кеңестік цензураның қатаң бақылауы астындағы Мағауин айналысқан әдебиет, тарих ғылымдары арқылы айту мүмкін емес еді. Ал, жазушылықтың өрісі ұзақ, көкжиегі кең. Айтпақ ойыңды астарлап, әдеби бөлшектер арқылы жұмбақтай отырып, ишарамен жеткізуге әбден болады. Сондықтан да ол жазушылықты таңдап, ұлы өнерге бет бұрды. Ғылымды жазушылығына серік етті.

Екі мүшелден енді асқан шағында «Қобыз сарыны» монографиясы арқылы Қазақ әдебиеті тарихының көкжиегін төрт ғасырға кеңейтіп, жыраулар поэзиясын тірілткен М. Мағауин алдында айқара ашылған ғылымның даңғыл жолы жатқандай болып көрінген.

Бұл – сырт көрініс, әрине. Қазақ филология ғылымына үлкен дарынның келгенін сол тұстағы Қазақ әдебиеті ғылымы айналасындағылар түгел түсінді. Қуанғандар да болды, біразы ішін тартты. Тілеуестердің көбі Мағауин Мұхтар Қазақ филология ғылымының енді қай биігінен көрінер екен деп жүргенде, Мұхтар мүлдем басқа жол – жазушылыққа бет бұрды. Мүмкін, Мағауиннің бұл қадамы «жеріміз кеңейді» деп ойлаған кейбір іші тар әдебиетші ғалымдарды қуантса қуантқан шығар, ал, жазушы ағайындар Мағауиннің өзін де, оның шығармашылығын да мүлдем қабылдаған жоқ. Міне, осы тұста оның ең алғашқы романы «Көк мұнар» қисық сынның доғал найзасына ілінді. Әрине, сын, әсіресе әділетсіз айтылған солақай сын, кімге де болса ауыр. Әсіресе, «сыздаған жараның аузында жүретін» ақын-жазушылар үшін тіптен ауыр.

«Сендерде мәдениет те, мемлекет те, тарих та болмаған», – деген отыршыл өктем ойға қарсы, «Жоқ, бізде мемлекет те, тарих та болған», – деген ойды айту үшін, сол тұстағы қазақ әдебиетіндегі модернистік жаңалық – «натуралды реализм» бағытында жазылған «Көк мұнар» романы турасындағы солақай сын, жазушылық жолын енді бастап жатқан жас жазушы М. Мағауинге ерекше ауыр болағы анық. Есеңгіреп қалды. Бірақ, есінен адасқан жоқ. Құлап қалмауға тырысқан. Бойын тік ұстады.

Кейін ойласа, «Қуырдақтың көкесін, түйе сойғанда көрерсіңнің» кері бопты. «Көк мұнардың» тұсындағы құқай – «Алдаспан» мен «Бес ғасыр жырлайдының» қасында баланың ойыны екен. Жыраулар поэзиясы «Алдаспан» мен «Бес ғасыр жырлайды» жыр жинақтарын құрастырып, «Алғы сөзі» мен «Ғылыми түсініктерін» жазып, жарияға шығарған кезде көрмеген азабы, естімеген сөзі қалмапты. «... кертартпа ұлтшыл... Кеңестік идеологияға жат пиғылды адам... идеялық бағдары жаңсақ... Саяси көзқарасы теріс... Не деген масқара – ұлы орыс халқына тіл тигізуге дейін барыпты...» Естімеген сөзі қалмаған. Бәрін ұйымдастырып, айтып та, жазып та жүрген өз ағайындарымыз. Жеке басына да қауіп төнген сыңайлы. Абырой болғанда, «Алдаспан» мен «Бес ғасыр жырлайды» жыр жинақтары «Ақындар кітапханасы» деп аталатын бүкіл дүниежүзілік ресми түрдегі жүйелі басылым арқылы, сол тұстағы Ленинград, қазіргі Санкт-Петербург қаласынан «Поэты Казахстана» деген атаумен, тағы да сол М. Мағауиннің еселі еңбегінің арқысанда орыс тілінде жарық көріп, жанына араша болған-ды.

Автордың тәпсірлеуі бойынша: «Петербург-Ленинградтан шыққан «Поэты Казахстана» жинағы – қазақтүрік әдебиетінің ежелгі дәуірінен бастау алатын бай тарихын біржола айғақтап, қазақтық өрістің өзінде жаңа ғана көрінген орта ғасырлық ұлы поэзиямызды әлемдік айналымға шығарды. Қазақ ақындарының алты ғасырлық анталогиясы – қазіргі дүние жүзінің екі бөлігіндегі негізі ұлттық білім қоймаларында, Англияның, Германия мен Францияның, Американың атақты университет, зерттеу орталықтарының кітапханаларында тұр. Қазақстан туралы қазақ халқының рухани өміріне қатысты ізденіс зерттеу жасаған батыс оқымыстыларының бәрі ең алдымен осы кітапқа жүгінеді.» («Мен» 573-бет.)

Бұл – ақиқат шындық! Себебі, М. Мағауин құрастырып, «Ғылыми түсінігі» мен «Алғы сөзін» жазған «Алдаспан», «Бес ғасыр жырлайды» жыр жинақтары – халықтық тарихымыздың алты жүз жылдық шежіресі һәм ұлтымыздың көркемдік ойлау жүйесінің рухани айғағы.

Ең қызығы, 1978 жылы қазіргі Санкт-Петербург қаласында жарық көрген «Поэты Казахстана» жинағында, сол тұста рұқсат етілмей, шығармалары қапаста қамаулы жатқан Шәкәрім Құдайбердиевтің он төрт өлеңі жарияға шығып, халқымен қауышты. Ресми түрде әлі ақталмаған Шәкәрім өлеңдерін басын қатерге тігіп жарияға шығару – М. Мағауиннің іс жүзінде жасаған ұлт алдындағы рухани ерлігі еді.

Бұл туралы сәл кейіндеу, М. Әуезов шәкірті, абайтанушы ғалым Қайым Мұқаметханов өзінің «Шәкәрім» атты ғылыми зерттеу-еңбегінде: «1978 жылы «Поэты Казахстана» атты кітапта Шәкәрімнің 14 өлеңі орыс тілінде жарыққа шықты және М. Мағауиннің ақын өмірі мен творчествосы туралы мақаласы жарияланды.», – деп жазды. («Бес Арыс» 39-бет, Естеліктер, эсселер және зерттеу мақалалар. Алматы, «Жалын» - 1992 жыл)

Қалай десек те, «Алдаспан» мен «Бес ғасыр жырлайды» жыр жинақтарын құрастырып, «Алғы сөзін» жазып, жарияға шығару– М.Мағауин өмірінің ең бір қиын, сынаққа толы, күрделі кезеңі болғаны анық. Өмірінің осы тұсы туралы М.Мағауин өзінің «Менінде»: «Саған сол тар күндердің өзінде күш берген немене? Сенім болса керек... Аз ба, көп пе, бар жасаған еңбегің–осы Сенімнің көрінісі», – дей келіп: «Ноқталы басқа бір өлім, «Малым–жанымның садақасы... –дер едің, –жаным–арымның садақасы...» дер едің, саудаға түсіп тұрған–сенің ноқталы басың емес,бәсіре малың емес, Арыңнан да асқақ іс– халқыңның сан ғасырлық мұрасы, саған аруақ аманат еткен, қорлыққа көнесің, мазаққа шыдайсың, қайткенде де арқалап өткізуің шарт. Алаштың ұлы деп мойныңа артылған жүкті жеріне жеткізуің керек. Шыдадың, көтердік... Осы алты ғасыр антологиясы бар, одан бұрынғы «Алдаспан» бар, бұдан кейінгі ұлы жинақтар бар– ата-бабаңның неше жүз жылдық мұрасын арқалаған бейнетім үшін, сол жолда тартқан азабым үшін, қайтпағаным, қайыспағаным үшін, шыбын жаным шырқырап, қуыс кеудемді сүйретіп жүріп, Алаштың атын төбеме көтергенім үшін Түріктің Тәңірі менің келте ғұмырымды еселеп өсірді, жылдарымды ұзартып, қанша қаласам, сонша жасауға мұрсат берді. Бақытқа, байлыққа кенеді, атаққа,абыройға бөледі. Алты перзент сүйгізді, бүгінгі сегіз немеремді сыйлады. Ақыры бұл емес. Алашағым алда... Дәл сол кезде мұнша шапағат көрем деп ойламап едім. Ертең өлесің десе де, сол бағыт, бағдармен кететін едім», –дейді. («Мен» 7,568-бет)

Баяғыда біз көрген шалдар –Е-е-е-е Жаратқан, соңымды жарылқай гөр дейтін...

Мүмкін, Хақ тағала мен ата-баба аруағы, бәлкім, ұлт алдындағы парыздың өтеуі... Жазушы Мағауиннің арты жақсы– төрт ұл, екі қыз, жиырмадан астам немере-шөбересі бар. Ұрпағым деп өмір сүретін жұмыр басты пендеге бұдан артық не керек?!

«Ең бақытты адам, отбасында бақытты», – деп, данышпан Толстой айтты дейтін де бір сөз бар.

Заңдылық...,бәлкім... кездейсоқтық... Зерделей қарап, зерттей келсеңіз, өнер адамдарының жеке өмірі, әсіресе, отбасылық өмірі драма, трагедияға толы.

– Бұл заңдылық, басқаша болса олардан шығармашылық тұлға шықпас еді, – дейтіндер де бар. Мүмкін... бәрі мүмкін. Бұл өмір...

Алайда, менің жеке өз ойым бойынша, М.Мағауин бұл аталған заңдылықтан тыс, отбасылық бақыт  һәм үйлесімділікте ғұмыр кешіпті. Оның басты себебі: Ол өмірлік жар таңдаудан қателеспеді. Олай дейтін себебіміз: Өмірде үлкен жетістікке жеткен әрбір азаматтың артында көзге көрінбей, азаматының жанын түсініп, жағдайын жасап, оған рухани дем беріп, оның өмірлік қосағы– әйелі тұрады. Сырт қарағанда, ондай әйелдер байқалмайды. Олар көпшілік көзіне түспейді. Түсуге тырыспайды да. Анығына келгенде, әлемді нұрландырып отырған дәл осындай – Әйел-Аналар! Мұндай әйелдерге жаратушы Хақ тағалам әу бастан ақыл, төзім, сабыр берген. Төбемде Құдай тұр, жазушы Мұхтар Мағауиннің жары дәл осындай әйел! Басқаша болу мүмкін емес. Егер ол кісі «басқаша» болса, жазушы М.Мағауин өмірде де, жеке шығармашылығында да мұндай жетістік пен табысқа жетпеген болар еді. Өкінішке орай, мен жазушы Мұхтар ағамыздың үйіндегі апайдың аты-жөнін білмейді екенмін. Егер, Мұхтар Мағауин жазушы һәм ғалым ретінде ұлтының екі мың жылдық тарихы– төрт томдық «Шыңғыс хан», «Алтын Орда», «Қазақ тарихының әліппесі» ғылыми зерттеу еңбектері мен әдебиетіміздің тарихының көкжиегін төрт жүз жылға кеңейткен «Қобыз сарыны» монографиясы, қазақ халқының алты ғасырлық көркемдік ойының антологиясы – «Бес ғасыр жырлайды» мен «Алдаспанды» құрастырып, «Ғылыми түсінігі» мен «Алғы сөзін» жазып, әдеби шығармалары: «Көк мұнар», «Аласапыран», «Көкбалақ», «Жармақ», «Бір атаның балалары», «Сары қазақ», «Шақан-Шері», «Қыпшақ аруы» тағы басқа сол секілді көркемдік қуаты аса жоғары шығармалары мен жиыны 25 томдық академиялық толық жинағы үшін– бірінші жаратушы бір Аллаға, екінші өзінің өмірлік қосағына қарыздар ғой деп ойлаймыз. Әрине, жазушы мұның бәрін іштей түйсінген, біледі. Сондықтан болар: «Тәңірім қолдады, бақытқа кенелтті...,» – депті. Мұнан ары тереңдеуді мақсат етпеген секілді.

«Меннің» тағы бір жерінде: «Осы кезге дейінгі бар жазғандарым «Алдаспан» мен «Бес ғасыр жырлайдының» бір жолына да тұрмайды. Себебі, менің жазғандарым «Алдаспан» мен «Бес ғасыр жырлайдыдан» қайда төмен,» –депті.

Пафос емес, шынайы ақ сөзі мен ақиқат сезімі болса керек.

Десек те, ол шығармашылық өмірде жолы болған, бақытты жазушы. Бұл– біздің ойымыз.

Ал, оның өзі шығармашылық өміріне үлкен меже, биік мақсат қойыпты да, – Мен сол меже, сол биікке жете алмадым, – дейді. («Мен» 46-бет) Ол өзінің ғұмырбаяндық эссе-романы «Менде» дәл осылай депті.

Десе де, Мұхтар Мағауин шығармашылық өмірде жолы болып, айы оңынан туған қаламгер. Ойымыздың түп себебі: ол өзінің талантты екенін білді. Иә, иә – білді. Кез-келген дарын–өз мүмкіншілігін іштей біліп, түйсінеді. Өзінің талантты екенін білмепті деген – бос сөз. Ал, талантқа –талап ауадай қажет дүние.

Міне, сондықтан да, өзінің кім екенін іштей түйсінген М.Мағауин: «Мен жазбасам қазақ әдебиеті тұралап қалады. Мен күреспесем ежелгі мұра бір жола ұмытылады,.. алаштың мұратын келер ұрпаққа жеткізетін – Мен, Мен ғана», – деген ойды өмірлік мақсат етті.

Сөз басында айттық. Тағы да қайталағымыз келеді: Романда жалғыз-ақ жерде айтылса да, заманында солақай сыншылардың доғал найзасына көп іліккен Мағауиннің «Мені» – оның өзіне деген талабы мен сенімінің ғана көрінісі болатын. Бар болғаны сол!

Діттеген мақсатына жету үшін талантына ақылы мен еңбегін серік етіпті. Өздігінен ешнәрсе де болмайтынын жете түсінген ол, жастайынан білім нәрінің тереңінен сусындап, көп еңбектенді. Өз ұлты қазақ халқының мәдениеті, тарихы мен әдебиетінен тыс 2– курста орыс әдебиетін, 3– курста Әлем әдебиеті, 4– курста қазақ халқы және жалпы түркі дүниесі туралы ғылыми зерттеулерді түгел білуді мақсат еткен жас студент Мағауиннің Рашид-ад-Дин, М.Х.Дулати, Әбілғазы, Шоқан, Бартольд, Бичурин,Малов, Харузин, Левшин, Аристов еңбектерін басына жастап оқитын кезі – осы тұс.

Студент кезімізде жазушы Оралхан Бөкеймен болған бір кездесуде Оралхан: «Біздің буын жазушылары ішінен әдебиетке үлкен дайындықпен келген екі жазушы бар. Оның бірі– Мұхтар Мағауин, екіншісі– Әбіш Кекілбаев», – деп айтқан сөзі есімде қалып қойыпты.

Міне, осылай әдебиетке үлкен дайындықпен келген М.Мағауин өзінің бүкіл шығармашылық өмірін жоспарлаған. Иә,...иә...дәл солай. Болашақта жазылмақ шығармаларын түгел жоспарлап, дәптерге тізіп жазып отырыпты. Ол дәптерді «Алтын дәптер» деп атаған.

«Бұл тор көз, қалың дәптердің бүгінгі ғұмыр-жасы– отыз бес жыл болса керек. Студент кезде басталған. Бірінші беті «Сюжеттер» – 1960–1961» деген тақырыппен ашылыпты. Ең соңғы таңба –«1996» 49–бетте. Яғни, мен әдебиетке алғаш рет нық қадам басқаннан бергі отыз жеті жыл бойы жазуға жобаланған, жазылған және жазылып үлгермеген барлық шығармалардың сұлбасы осында», –дейді автор «Алтын дәптер» хақында. («Мен» 21–бет)

Талант – Тәңірдің сыйы. Бұл– анық. Ал, таланттардың ең осал тұсы – ұлы Жаратушы өлшеп берген уақытты игілікті бағытта жұмсап, шығармашылық ғұмырын дұрыс жоспарлай білмеуінде. Шығармашылықтың– мансапқорлық, ішімдік, «әрнеге әсемпаз болған» қызыққұмарлық секілді «күндестері» өте көп. Пәни жалғанның «уақытша қызықтарына» бой алдырған. қаншама ұлы таланттар бойындағы дарынын түгел беріп кете алмай, өмірін қор етті. Бұған берідегі Қазақ әдебиеті тарихының өзінде-ақ мысал деген жетіп артылады. Айталық: Әуезов және Мүсірепов.

Сонау  жиырмасыншы жылдардың бас жағында лауазымды қызметке араласып, бұл «баспалдақтың» ұзаққа апармайтынын түсінген М.Әуезов биік қызметпен қош айтысып, қалған ғұмырын тек шығармашылыққа арнады. Мансаптан да қызметтен де бас тартты. Тіптен, қанша рет ұсынса да, өзі қызмет ететін Мемлекеттік универсистетте кафедра меңгерушісі де болмапты. Есесіне, саналы ғұмырын тек щығармашылыққа арнап, соңында таңдамалы жиырма, академиялық алпыс том еңбегін қалдырды. Ал, жазушылық дарыны Әуезовпен қарайлас Мүсіреповтің соңында қалғаны – асса 7-8 том еңбек қана.

Себеп? Біріншіден, Мүсірепов қызметқұмар болды. Қазақстан Министрлер Кеңесінің төрағалығынан бастап «Қазақ әдебиеті» газетінің редакторлығына дейінгі аралықта ол атқармаған лауазымды қызмет кемде-кем. Бейімбет Майлин туралы естелігінде қызмет құмарлығын жазушының өзі де мойындайды. Мүсіреповтің осы қызмет құмарлығына карта құмарлығын қосыңыз. (Р.Мұхамедиарованың Ғ.Мүсірепов туралы естелігін қараңыз.)

Бойында мұндай түрлі «құмарлықтар» бар қазақ ақын-жазушыларын санап бітіре алмайсың. Нәтижесінде, басқа ешкім де емес, бойындағы дарынын түгел беріп кете алмаған ақын-жазушылар есебінен Қазақ әдебиеті мен ұлт руханияты ғана зардап шекті. Осы орайда, шығармашылық ғұмырын түгел жоспарлаған М.Мағауиннің «Алтын дәптері» – кейінгі жазушы боламын деген жастарға үлкен өнеге.

Біз сөз басында М.Мағауиннің «Мені» – жазушының ғұмыр баяндық жаназабы, – дегенбіз. Онда автордың өмір сүрген қоғамына деген өзіндік көзқарасы, өкпесі мен назасы, күйініші мен сүйініші, ұстаздарына деген шәкірттік алғысы, адамдардан көрген жақсылығы мен кесапатты жамандығы, болашақта жазушы боламын деген жастарға берген ақыл-кеңесі, бәрі... бәрі бар.

Ол өзінің ғұмырбаяндық эссе-романы «Менде» – болашақта жазушы боламын деген жастарға міндетті түрде оқуға тиісті әдебиеттерден бастап, кімді қалай түсініп, қалай оқуға дейін ақыл-кеңес береді. Тек бұл емес, нені түйсініп, қалай жазуға дейінгі аралықты ерінбей түсіндіріп, «шеберлік мектебін» өткізеді. Бойында барын шәкірттеріне ерінбей-жалықпай түсіндіріп отырған ұстаз кейпіндегі Мағауиннің дәл осы бейнесі – Қазақ әдебиетіндегі Мағауиннен кейінгі жазушыларға ғибрат боларлықтай өнегелі іс. Болашақта жазушы боламын деген жастарға өзінің «жазу лабороториясының» есігін айқара ашып, ұлт руханиятының болашағын ойлаған жазушының парасат биігіндегі дәрістері – Қазақ әдебиетінің келешегін нұсқап тұрғандай. Ол өзінің «шеберлік мектебі» топтамасынлағы дәрістерінде: «...Дарынның туа бітетіні–талассыз ақиқат. Бірақ сол туа біткен қасиет жүзеге асуы үшін қаншама жағдай керек. Соның ішінде адамның өзіне тікелей байланысты және ең мәнді, ең басты шарт– таудай талаптан серпін алған табанды еңбек... Сауат ашқан саналы жастар әуелі туған әдебиетін тану, тарихтан бұрынғы дәуірдегі «Махабхарата», «Илиададан» тартып, күні кешегі Кавабата мен Хемингуэйге дейінгі аралықтағы адамзат әдебиетін игеріп білу шарт. ...Тезірек оқу керек, кеңінен қамту керек, ерте көктемде сусыны қанбаған егіннің өзі бой тартпайды, ...нәтижесі де өнімсіз...», – дей келіп, жазушының адамгершілік тұрғысындағы жеке адамдық бейнесі хақында: «Жазушының адамдық бейнесі– әділдік, адалдық, кісілік деген ұғымдардың жиынтық көрінісі... Қаламгердің азаматтық келбеті– яғни, отаншылдық, ұлтшылдық, қаншылдық – бұл да кісілікке жалғас, дарынмен бірге бітетін, өскен орта, алған тәрбие негізінде қалыпқа түсетін қасиет. Онсыз тағы да жазушы жоқ деп біліңіз. ...Халқын сүймесе, ұлттық намыстан кенде болса – адмадық қасиеті де жоқ деген сөз, жазушылық қайда, дені дұрыс кісі есебіне қосу қиын. Қаламгер – аруақтың аманатын арқалаушы, халықтық рухтың жаршысы, яғни ұлттық сана – оның шығармашылық бітіміндегі ең игі, ең негізгі көрсеткіш болуға тиіс», – депті. («Мен» 191-196–бет)

Бұл – өмірдің өрін тауысқан Ата-жазушының кейінгі буын жас жазушыларға қалдырып отырған «Өсиет-Намасы».

Күллі шығармашылық ғұмырын жиырма жасқа жетер-жетпесте «Алтын дәптерде» жоспарлап, тұстас жазушы-қаламгерлері мойындап кеткендей, «әдебиетке үлкен дайындықпен келген» – соңында жиырма бес том академиялық шығармалар жинағын қалдырып, ұлтының екі мың жылдық тарихы мен алты жүз жылдық көркемдік ой-жүйесінің рухани қазынасын хатқа түсіріп, жарияға шығарған ғұлама ғалым, қазақтың классик жазушысы Мұхтар Мағауин өзінің шығармашылығын «Сөз сарайына» теңеп: «...Не керек, Сарайым Сарай-ақ еді. Тастан қаланған емес, сөзден қаланған. Құламайтын, тозбайтын, өшпейтін, мәңгі жасайтын құрылысқа айналуға тиіс жоба болатын. Аумағы қанша, ауданы қанша, ол жағын қазбайық. Сәні мен сұсы туралы баға– ертерек. Ағынан жарылып айтсам– мен өзім тұрғызған бұл сарайдың оннан бір бөлігін де игере алмаппын. Бәлкім, жиырмадан бір бөлігін пайдаланып, үлгерген болуым...

...Мен өзімді жаратушы берген сый– тағдыр тартқан мүмкіндік үдесінен шыға алмаған, талайсыз демеймін, табаны тасқа шекілген қаламгер қатарына қосамын», – депті. («Мен» 20-21– беттер)

Төрт құбыласы тең, тыныш, барақат заманда барлық пен байлықта өмір сүрген ұлы жазушылардың өздері де барымды түгел бердім деп айта алмаған. Жазушылық өнердегі шығармашылық өмірдің бар сиқырлы құпиясы– осында болса керек...

Сөз өнері– дертпен тең...

Бір кем дүние...

Соңы

Нұрғали Махан

Abai.kz

27 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1117