Сәрсенбі, 27 Қараша 2024
Мәдениет 206 1 пікір 27 Қараша, 2024 сағат 14:54

Алматыда Бибігүл Төлегенованың мерейтойы өтті

Суреттер: Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясыныфң баспасөз қызметінен алынды.

Қазақ өнерінің қара шаңырағы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармония сахнасында тағы да бір айтулы мерейтой кеші өтті.

Өнер ордасының 89-жылдық тарихында есімдері алтын әріппен жазылған дара тұлғалар қызмет атқарған. Соның бірі де, бірегейі Қазақстан және КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Социалистік Еңбек Ері, бұлбұл әнші Бибігүл Ахметқызы Төлегенова. Қазақтың бұлбұлы киелі шаңырақта өткен өзінің өнер жолында филармония ән репертуарының баюы мен дамуына еселі үлесін қосып, шығармашылықтың шыңына шығып, мемлекеттік марапаттың көбіне қол жеткізген. Ғибратты ғұмыр иесі, ұлт мақтанышы Бибігүл Төлегенова биыл 95 жасқа толады. Мерейлі той қарсаңында қара шаңырақта әншінің шығармашылығына арнап, Н.Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің Бибігүл Төлегенованың шығармашылығына арналған концерті өтті.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филармония директоры  Абдуалиев Ақан Жылқышыбайұлы:

– Осы желтоқсан айында қазақ ән өнерінің бұлбұлы Бибігүл Төлегенова  апамыз үлкен 95 деген, ғасырмен құрдас жасқа келеді. Ол кісімен әңгімелескен кезде филармонияда апамыз он бес жылға жуық қызмет атқарғанын, және өзінің айтуынша КСРО Халық әртісі, Қазақстан Халық әртісі, Социалистік  Еңбек ері одан басқа да марапаттары бар, соның бәрін осы филармония қабырғасында жүрген кезде алғанын айтады. Сондықтан да, бұл мерейтойды міндетті түрде атап өтуді жөн көрдік. Және де атап өтуде біздегі ірі ұжымдардың ішінен Нұрғиса Тілендиев атындағы «Отырар сазы» оркестріне тоқталдық. Себебі, Нұрғиса Тілендиев пен Бибігүл Ахметқызы бір үйдің үшінші-төртінші қабатында көрші тұрған. Екеуі өнерде сырлас болған. Сондықтан да бүгінгі кешті Отырар сазымен өткізуді жөн көрдік.

Н.Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің Көркемдік жетекшісі және бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің кавалері Дінзухра Тілендиева:

– Бүгінгі толық концерт жиырма шығармадан тұрады. Оның көбісі Бибігүл Ахметқызының репертуарынан алынған әндер. Біз ол кісімен бір үйде тұрдық. Әкем Бибігүл Ахметқызымен өнерде бірге көп жұмыс істеді, әкемнің көптеген әндерін бірінші болып орындады. Оның ішінде "Кел еркем Алатауыма", "Жан жарым", "Жан сәулем" әндері бар. Концертке біз біраз уақыт дайындалдық. Бүгінгі концерттің бағдарламасын дайындауда да соған қарап ойластырдым. Бағдарламадағы шығармалардың көпшілігін оркестрге әкем өзі жазып кеткен, және одан бөлек Бибігүл Ахметқызының тікелей шәкірті болмаса да, ізін басып келе жатқан жаңа әншілер жаңа композиторлардың әндері де орындалды.

Концерттік бағдарламада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің кавалері Жалғасбек Бегендіков пен Халықаралық конкурстардың лауреаты Әбілқайырхан Бейсековтің дирижерлік етуімен Бибігүл Төлегенованың репертуарындағы Халық әні «Гауһартас», «Жан жарым», «Мама» атты үздік шығармалары мен бар қазаққа танымал Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсынан «Гәкку» т.б. әндері орындалды. Кеште Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің кавалері Гүлзат Дәуірбаева, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Айгерім Шәріпбек, Халықаралық конкурстардың лауреаттары Фархат Кубиев, Нұрғалым Аманбай, Аяжан Қуанышалиева, Айдос Жабағин, Жұлдыз Байжұма өнер көрсетті. Тоқсанның торқасына шыққан тұлға мерейтойлық концертте көрермендер қатарынан табылып, өзіне көрсетілген сый-құрметке ризашылығын білдірді.

Қазақстан және КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Социалистік Еңбек Ері, бұлбұл әнші Бибігүл Ахметқызы Төлегенова:

– Бүгін мен бақытты адаммын. Өйткені, сіздер менімен бірге, менің 95 жылдығымды тойлауға келіп отырсыздар. Әрине, бұл жасқа жетудің өзі жеңіл емес. Талай қиыншылықтар да болды. Сіздерге айтарым, еліміз аман болсын, тыныштық болсын. Аспанымыз ашық болып, сырттағы жаудан сақтасын. Қазақ деген – кең халық қой. Халқымыз аман болсын, тыныштық болса, қолымыздан бәрі келеді. Үлкендерге осындай құрмет, жастарға жол болсын, – деп елге ақ батасын берді.

Қазақ өнерінің тарихында ұлт мақтаныштарын үнемі жадымызда ұстап, мәдени мұра деп білу – мәдени мекеменің басты ұстанымы. Осы мақсатта филармония қабырғасында алдағы уақытта да керемет кештер жалғасын таппақ.

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1560
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3361
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6338