Сирияда соғыс қайта қыза түсті
Сирияда соғыс қайта қыза түсті. Бұл тек қана Сирияның ішінде ғана емес, жалпы тізбекті реакция туындатуы мүмкін дейді мамандар. Еуропадағы қауіпсіздік қызметкерлері қазіргі уақытта радикализм бойынша күдікті деген азаматтарды бақылауды күшейткен. Себебі Еуропада Сириядан қашып келген, босып келгендер көп. Олар Сирия жеріндегі ұрыс қимылдарына қосылуды ойлауы мүмкін.
Еуропадағы қауіпсіздік қызметкерлерін алаңдатып отырған екінші мәселе, радикалды қозғалыстардың қайта күш алуы және қайта рекрутинг жасауға талпынуы. Сириядағы Асад әскерінің фронтты тұрақтандыра алмауы және қарулы топтардың режиммен шайқасы лаңкестік ұйымдарға да мүмкіндіктер терезесін ашады.
Мысалы ДАИШ лаңкестері соңғы аптада белсенділігін арттырған. Олар 2014-2015 жылғыдай қайта «халифат құру» идеясын көтере бастаған. Осылайша жақтастар табу идеясын әлеуметтік желі арқылы, түрлі насихат жолдарымен қайта бастауы ықтимал. Міне, бұл мәселе біздің күштік құрылымдарды да алаңдатуы тиіс. Себебі біздің елімізден де заманында Сирия асып кеткендер аз болмады. Өлгені өлді, кейбірі қайтарылды. «Жусан» операциясы есімізде. Одан кейін қоғамда лаңкестік ұйымдарға қосылудың салдары, қаупі жайлы түрлі түсіндірмелер болды. Сирияда болғандардан пікірлер алынып, таратылды. Кейбірі одан сабақ алды, ал енді бірі оны ескермеді. Сол үшін де қырағылықты арттыру аздық етпес.
Қазір Сирияның Алеппо аймағында қарулы жасақтар Асад әскерін тықсырып бара жатыр. Олардың басым көпшілігін «Хайят Тахрир аш-Шам» ұйымы құрайды. Бұл ұйым бұрында «Джебхат ан-Нусраның» ішінде болды, ал ол өз кезегінде Әль-Каидамен байланысты болды. Кейін бәрімен байланысын үзгенін айтып, «Хайят Тахрир аш-Шам» ребрендинг жасады. Бірақ идеологиясы сол, радикалды идеология. Мысалы «Джебхат ан-Нусра» тура ДАИШ сияқты бізде тыйым салынған ұйым. Ал қазір Алеппоны жаулап алғандар сол ан-Нусра құрамында болған көбісі. ХТШ-ның құрамында Орталық Азиядан шыққандар да аз емес дейді ақпарат көздері. Айтпағым Сириядағы соғыс нағыз ботқа. Араласып жатыр. Лаңкестік ұйымдар, бірнеше өзін оппозиция санайтын топтар, Асад әскері, сыртқы күштер, күрд жасақтары және басқа. Осының бәрі Таяу Шығыстағы үлкен хаосты қайта күшейтеді. Ал ол хаос шекара асып, идеология болып басқа аймаққа тарайды. Сирия соғысында ресми 84 елдің азаматы соғысқан. Демек 84 елде радикалды идеология тараған. Бір сөзбен айтқанда бұл біздегі радикализммен күресті күшейте түсуге себепкер болуы қажет.
Асхат Қасенғалидың желідегі жазбасы
Abai.kz