Тұрар Рысқұловтың туғанына 130 жыл

(26 желтоқсан туған күні)
Түркістандағы түркі халықтары ұлт-азаттық қозғалысының көсемі, қоғам және мемлекет қайраткері, саясаткер және дипломат Тұрар Рысқұловтың туғанына 130 жыл толды.
Ресей патшылығының солақай саясатының нәтижесінде езгі мен қысымға ұшыраған Орта Азия халықтарының құқығын қорғап, сол жерді мекендеген Түркі халықтарының бір ту астында жинап біртұтас Түркі республикасын құру идеясын Тұрар Рысқұлов алға тартқанын тарих жақсы біледі.
Т.Рысқұловтың алғаш рет саясатқа араласқанын 1916 жылы Түркістан халықтарының ұлт-азаттық көтерілісінің қатысушысы ретінде тұтқынға алынғанын, кейіннен 1917 жылы Меркеде «Бұхара» қазақ жастарының революциялық одағы ұйымдастырғанынан байқауға болады. 1918 жылы Тұрар Рысқұлов өзінің пікірлес жолдастарымен бірге «Түрік Социалистик Республикасын» құру бойынша жоспар әзірледі.
1919 жылы «Түркістан» коммунистік партиясының мұсылман бюросының төрағасы, 1920 жылы Баку қаласында шығыс халықтары съезінің делегаты, 1921 жылы Әзірбайжан Республикасындағы РСФСР Ұлттар істері жөніндегі Халық Комиссариатының өкілі, кейіннен РСФСР Халық комиссарының орынбасары, 1922-1924 жылдары Түркістан АССР Халық Комиссарларының төрағасы секілді түрлі жоғарғы лауазымдарда қызмет атқарды. Сонымен қатар, Тұрар Рысқұловтың дипломаттық тәжірбиесін арттыруда, 1924 жылы Моңғол Халық Республикасындағы Коминтерннің уәкілетті өкілі ретінде жұмыс жасағаны негіз болды. РСФСР Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасының орынбасары (1926-1937) Тұрар Рысқұлов Түркістан, Ресей және Моңғолия мемлекеттерінің экономикасын дамытуда үлкен үлес қосты. Белгілі қайраткердің бастамасымен Қазақстанда Түркістан-Сібір темір жолы салынды, қуатты индустриялық орталықтар, оның ішінде Шығыс және Оңтүстік Қазақстанның түсті металлургиясы, Қарағанды көмір өндіру мен металлургия кешендері, Батыс Қазақстанның мұнай-газ өнеркәсібі құрылды. Қазақстан мен Түркістан өңірінде республикалық маңызы бар ірі ұлттық қорықтар пайда болды. Сондай-ақ, Моңғолия астанасы Ұлан-Батыр қаласының атауын да ұсынған Т.Рысқұлов болатын.
Сонымен қатар, Тұрардың оқу-білім саласына сіңірген еңбегі де орасан зор. Т.Рысқұлов 1920 жылы Ташкентте Қырғыз-қазақ институты, 1924 жылы Мәскеуде Шығыс халықтарының университеті, 1928 жылы Алматыда Қазақ университеті, 1929 жылы малдәрігерлік институты, 1930 жылы ауыл-шаруашылық институтының бой көтеруіне мұрындық болды.
Тек Қазақ халқымен шектелмей, жалпы Түркі әлемінің дәулеттілігі мен бақуаттылығы жолында аянбай тер төккен ұлы тұлға Сталиндік жаппай қуғын-сүргін кезеңінде «халық жауы» деп айыпталып, 1938 жылы 10 ақпанда ату жазасына кесілді.
Бәрімізге айқын, Түркия Республикасындағы ұлтжандылар мен тарих ғалымдары Тұрар Рысқұловтың еңбек жолдарын аса құрметпен еске алады. Себебі, Тұрар Рысқұлов татар әріптесі, саяси қайраткер, Татар Республикасының құрушыларының бірі Мирсаид Сұлтанғалиев секілді бүкіл түркі халықтарының Тұран социалистік республикасын құруға ұмтылған. Сондай-ақ, Түркияның Республикасын құрушы Мұстафа Кемал Ататүрікті Т.Рысқұлов «ұлт-азаттық күресінің жетекшісі» деп үлкен құрметпен айтып отырған.
Биыл киелі Түркістан қаласында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университеті қабырғасында Түркі халықтарының жанашыры Тұрар Рысқұловтың туғанына 130 жыл толуына орай, «Тұрар Рысқұлов және Түркістан идеясы» халықаралық конференцияның пленарлық отырысы өтті. Бұл үлкен шараға қазақстандық, шетелдік зиялы қауым өкілдері мен ғалымдар қатысқан болатын. Шараның ұйымдастырылуына байланысты Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтау хатын жолдады. Аталған пленарлық отырыста Қырғыз Республикасының Президенті кеңесшісі Арслан Койчиев, Моңғолияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Баярхуу Дорж, Түркия Республикасының Түркістандағы Бас консулы Пак Илкер, Дүниежүзі Қазақтар қауымдастығы төралқа төрағасының бірінші орынбасары, мемлекет қайраткері, елші Зауытбек Тұрысбеков және университет ректоры Жанар Темірбекова өз кезегінде сөз алды. Спикерлер Тұрар Рысқұловтың қоғамдық-саяси қызметі, оның тұтас Түркістан идеясының маңызы мен осы жолдағы ерен еңбегі, оның ұлт-азаттық күрестегі ерік-жігері туралы сөз қозғады. Іс-шараға Тұрар Рысқұловтың ұрпағы Адель Робертқызы Рысқұлова да арнайы келіп, конференцияны ұйымдастырушыларға шексіз алғысын білдірді. Жазушы Шерхан Мұртазаның “Қызыл жебе” романы Алаш қайраткері Тұрар Рысқұловтың өміріне арналған.
Түркістанның бірлігі жолында аянбай күрескен Тұрар Рысқұловтың есімі мен еңбегі ел жадында мәңгі сақталмақ. Сол Тұрар армандаған азат Түркі елінің бірлігі бұзылмай, «Түркі тілдес, түгел бол» деген Тұрардың ұраны әрбір Түркі азаматының жүрегінде мәңгі соқпақ!
Ержан Уәйіс
Қазақстан еңбек сіңірген қайраткері. «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының Бас кеңесшісі. Дүниежүзі Қазақтары қауымдастығының Түркиядағы өкілі
Ыстанбұл
Abai.kz