Сенбі, 28 Желтоқсан 2024
46 - сөз 577 1 пікір 27 Желтоқсан, 2024 сағат 17:23

Ақтау жақтағы апат пен... «қара жәшік»

Сурет: smartnews.kz сайтынан алынды.

Ақтау маңындағы әзірбайжандық ұшақ апатында қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтамын, Құдай сақтап, аман қалғандар тезірек аяққа тұрып кетсін.

Өз басым дүниежүзілік БАҚ төрінен орын алған оқиғада Маңғыстаудағы ағайынның, оқиға мңында болып, зардап шеккендерге дереу көмек көрсеткен электриктердің, өңірдің Төтенше жағдай қызметкерлеріне, өрт сөндірушілеріне, дәрігерлеріне ризашылығымды білдіргім келеді: сын сағатта олар еліміздің абыройын аспандатып жіберді! Бұрын бізді біле бермейтін басқа жұрт: «қазақтар деген қиналғандарға қол ұшын беруге дайын, қайырымды, Қазақстанның мемлекеттік органдары іскер әрі ұйымшыл, өзге елдің ұшағы құлағанда лайықты көмек бере алатын ел екен» деген ойға келгені сөзсіз.

Кешелі-бері апат туралы ақпарат ағынының астында қалдық.

Әлемдік БАҚ-та басты тақырыпқа айналған оқиғаның себептерін сан-саққа жүгіртіп жатқаны анық көрінді.

Авиациядан ауылы алыс мақұрымдар да хайп ұстап жатқаны рас, беделді мамандар мен сарапшылар да пікір айтып жатыр.

Осыған байланысты бір ой айтайын.

Ұшақ Әзірбайжандікі,

Ресейдегі Грозныйға бағыт алған.

Рейсте Әзірбайжан, Ресей, Қазақстан және Қырғызстан азаматтары болған.

Әзірбайжаннан Ресейге ұшқан ұшақ Қазақстан аумағында құлады.

Міне, ендігі жерде ұшақ апатының себебін анықтауда саясат араласып кетуі әбден мүмкін! Өйткеніғ әр ел өзін ақтап, кінәні басқаға артуы ықтиал. Және де бұл геосаясат араласқан алғашқы әуе апаты емес. Бұрын да сондай жағдайлар орын алған. Ресейлік ДХР аспанында жарылған Малайзияның «Боингы» мен ресейлік Смоленск маңында апатқа ұшыраған, ішінде Польша президенті Качинский мен үкімет делегациясы бар «ТУ-154М» ше?

Осындайда ақиқатты анықтау үшін ұшақтағы «қара жәшіктен» алынар ақпараттың ролі зор.

Менің білуімше, постсоветтік кеңістікте апатқа ұшыраған ұшақтардың «қара жәшіктері» Мәскеуде орналасқан Халықаралық авиациялық комитетке жіберіледі. Мәселен, 2019 жылы желтоқсанда Алматы маңында апатқа ұшыраған «Bek Air» әуе компаниясының «Fokker» 100 ұшағының «қара жәшігі» дәл осы Мәскеуге жіберілген. Яғни, құпияның кілті сол жақта болмақ. Неге «қара жәшіктер» ұшақ тиесілі елде ашылып, зерттелмейді?

Мұндай жағдайда қорытынды жүз процент ақиқат болады деп айта аламыз ба?

Басты сұрақ сол: «Алты қазақстандық азамат қаза тапқан рейстің апатқа ұшырауының геосаяси жайттарға тәуелсіз, рас себебін анықтауда Қазақстан жағы Мәскеудің бұра тартып кетпеуіне кепілдік бере ала ма?».

Мені толғандыратын дәл осы сұрақ.

Көп нәрсе тірі қалған ұшқыштар мен жолаушылардың сөздеріне де байланысты, әрине...

Әміржан Қосан

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2082