Жаңа энергетика дәуірінің бастауы
Жасыл энергия - Қазақстанда соңғы жылдары жиі талқыланып жатқан өзекті тақырып. Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңдерінде елдің экономикалық ахуалы жасыл энергетиканы қолға алуңа мүмкіндік бермеді. Дегенмен Қазақстанның қазіргі жағдайында бұл мәселе өте өзекті болып тұр.
Бірнеше күн бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында осы мәселеге тоқталып, Қазақстанның жасыл экономикаға көшу қажеттілігі айтылды. Президент жаңартылатын энергия көздерін пайдаланудың және экологиялық қауіпсіздікке қол жеткізудің маңызын жеткізді. Бұл бастамалар қоршаған ортаны қорғауға, климаттың өзгеруіне бейімделуге және болашақ ұрпаққа таза табиғи ресурстарды қалдыруға мүмкіндік береді. Осыған орай сарапшылар мен қоғам белсенділері жасыл энергетиканы ұтымды пайдалану туралы ойларын білдіріп жатыр.
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Жаһандық экономика және тұрақты даму бөлімінің бас сарапшысы Бауыржан Өмірзақовтың пікірінше, энергетикалық қауіпсіздікті және энергияға еркін қол жеткізуді қамтамасыз ету, яғни жасыл энергия көздерін енгізу Қазақстанның мемлекеттік саясатының басым бағыттарының бірі болып қала береді.
«Төмен көміртекті экономикаға жаһандық көшу жағдайында таза энергия көздерін енгізу - тек экологиялық қажеттілік қана емес, елдің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың стратегиялық бағытына да айналды.
Президентіміз Қ. Тоқаев ағымдағы жылы энергетика саласын дамытуға бағытталған ауқымды жобалар іске қосылатынын айтты. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы «жасыл» энергетикаға ерекше көңіл бөледі: Masdar, Total Energies, Acwa Power, Unigreen Energy және CPIH секілді ірі энергетикалық компанияларымен жалпы қуаты 9 МВт болатын жел, күн және су электр станцияларын салу туралы келісімдерге қол жеткізілді», - дейді сарапшы.
Мәліметтер бойынша бүгінде елімізде жалпы куаты 2,9 ГВт болатын жаңартылатын энергия көздерінің 148 нысаны жұмыс істейді. Алдағы он жыл аясында жалпы қуаты 1,8 ГВт ірі су электр станциялары мен жалпы қуаты 300 МВт шағын СЭС іске қосылады. Сонымен қатар, қуаттылығы 2,2 ГВт болатын биогаз электр станциялары мен 500 МВт күн электр станцияларын салу межеленген. Негізі 2035 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің үлесін электр қуатын өндірудің жалпы көлемінің 25%-ына дейін жеткізу жоспарлануда. Осындай құнды мәліметтерді келтіре келе Бауыржан Өмірзақов, Қазақстанда Атом электр станциясын салу жасыл энергетикаға жасалатын қадам екеніне де мән берді.
«Мемлекет экономикасының тұрақты дамуының және тұрғындардың сапалы өмірінің кепілі - энергетикалық қауіпсіздік. Жасыл энергетиканы құру аясында Қазақстанда атом электр станциясының құрылысы жаңартылатын энергия көздерін дамытудың стратегиялық маңызды қосымшасы болып табылады. Бұл жоба еліміздің энергетикалық жүйесінің тұрақтылығын едәуір қамтамасыз етеді және кешенді экономикалық дамудың жаңа драйверіне айналады. Қабылданған стратегия ұлттық мақсаттарға қосымша ретінде басқа жасыл энергия экспортының жаңа мүмкіндіктерін ашады», - деді ол.
Сарапшының пайымдауына сүйенсек, Мемлекет басшысының шет елдерге сапарларының қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтар Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ елдерінің энергетикалық жүйелерін біріктіруге, сондай-ақ әлемдік нарыққа шығару, экологиялық таза энергияны жеткізудің сенімді дәліздерін құру үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Президент атап өткендей, 2025 жылы Қазақстанда жалпы қуаты 600 мегаваттан асатын ірі жобалар атқарылады. Бұл Қазақстанның энергетикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, тұрақты даму бағытындағы маңызды қадам болады деп болжайды сарапшылар.
«Қазақстан атом электр стансалары» ЖШС бас менеджері Асуан Сиябековтың пікірінше, елімізде биылдан бастап энергетика саласына қатысты ауқымды жоспарлар іске асырыла бастайды.
«Көпшілік талқысына түскен сұхбатта Мемлекет басшысы «жасыл энергетика» саласы туралы ой қозғады. Бүгінде әлемнің көптеген дамыған елдері қоршаған ортаға зиянсыз, экологиялық таза энергия көздерін пайдаланып жатқанын мәлім. Енді Қазақстан да алдағы жылдары жасыл энергетика саласында көптеген жетістіктерге қол жеткізеді деп ойлаймын. АЭС бойынша референдум өткені және оның нәтижесі көпшілікке мәлім. «Жасыл энергетика» көзі ретінде атом электр стансаларын қарастырып жатқанымыз да сол болашақтың қамы үшін. Соңғы жылдары жасыл энергетиканы дамыту жөніндегі жобалар бойынша бірқатар шетелдік инвесторларымен келіссөздер сәтті аяқталды. Бұл - жасыл энергетикаға көушге жасалған нақты қадамдар. Мемлекет басшысы айтқан жасыл энергетика жөніндегі бастамалар еліміздің экономикалық және экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етіп қана қоймай, Қазақстанның халықаралық қауымдастықтағы абырой-беделін арттыра түседі. Сонымен қатар, атом энергияларын ұтымды пайдалану арқылы энергетикалық қауіпсіздікті қатмтамасыз етуге болады. Бұл жоба еліміздің еліміздің энергетикасын дамыту, инфрақұрылымды жаңалау үшін қажет», - деді Асуан Сиябеков.
Мамандардың айтуынша, Қазақстан «жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасын қабылдаған. Оған сәйкес, АЭС салудан бөлек, 2050 жылға қарай елде өндірілетін энергияның жартысы су, күн, жел сияқты табиғи қуат көздерінен алынуға тиіс. Бұл шаралардың бәрі көмірқышқыл газының таралуына тосқауыл қоюға бағытталған.
Айта кетелік, биыл энергетика саласында жалпы қуаты 600 мегаваттан асатын ірі жобалар жүзеге асырылады. Яғни шетел инвесторларымен жел, күн және су электр стансаларын салу туралы келісім-шарттар жасалынып жатыр. Аталмыш іс-шаралар арқасында «Жасыл энергетика» саласы қанатын кеңге жаймақ. Бұл жұмыстардың бәрі еліміздің экологиясын жақсартуға септігін тигізбек.
Сондай ақ еліміздің экобелсенділері жасыл энергетика бастауында экологиялық сауаттылық тұрғанын алға тартады. «Таза Қазақстанды орнату, адам денсаулығын жақсарту мәселесі біздің басты міндетіміз», - дейді қоғам белсендісі, экоблогер Меруерт Салықова.
«Қазақстанның тұрақты әрі орнықты дамуға деген ұмтылысының бір тұсы - жасыл энергетика болып табылады. Қазір бүкіл әлем қоршаған орта зиянын тигізетін құрылымдарды, технологиялардан бас тартып, оған балама көздерді табу жұмыстарымен айналысып жатыр. Жасыл энергетикаға қатысты жобалар өзімізде жүзеге асып жатқандығы қуантады. Жалпы бүкіл жеп-жаһанда климат өзгеруінің салдарынан әлемдік экономикада «жасыл энергетикаға» көшуге деген үлкен бетбұрысты байқау қиын емес. Жасыл энергетиканы заман талабына сай қолданысқа енгізу арқылы қоршаған ортан қорғап қалсақ екен. Осындай жобалар еліміз үшін, тазалық үшін, болашақ ұрпақ үшін аса қажет. Мұның бәрі азаматтарымыздың өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам. Менің қазір ерікті ретінде атқарып жүрген жұмыстарымның барлығы қоршаған ортаға қамқор болу, экологиялық сауаттылықты жас ұрпаққа үйрету болып табылады. Негізі әрбір азамат табиғатқа жанашыр болып, табиғи ресурстарды үнемдей алады. Айналаны таза ұстау, қоқыс шығаратын дүниелерді барынша пайдаланбау, қоқыс сұрыптау - қарапайым ғана іс. Мұның түк те қиындығы жоқ. Тек сауатты көзқарас, ықылас-ниет керек», - дейді қоғам белсендісі.
Қоғам белсендісінің айтуынша, әрбір азамат өз отбасынан бастап, тұратын жерін құрметтеп, тазалықты сақтап, айналаны ластаудан аулақ болса, ауа мен суды бүлдірмей, Жер-Ананың тозуына жол бермеуге өз үлесін қосуы тиіс. Себебі Президентіміздің өзі «жасыл жобаларды» белсене іске асыруға үндеп отыр.
Автор: Сандуғаш Райым
Abai.kz