Алтын ордаға ислам дінінің орнығуы...
Реформатор Өзбек ханның батыл қадамы
Әлемге әйгілі болған империялардың бірі - Жошы ұлысы (1224-1502 жылдары) халқымыздың төл тарихының маңызды кезеңі болып саналады. Алтын Орда мемлекетінің негізгі ресми тілі қыпшақ тілі болды. Ал Қазақ хандығы осы Жошы ұлысынан бастау алса, Алтын Орданың құрамына кірген «Тоқсан екі баулы өзбектің» үштен бірі қазақ рулары болған. Уақыт өте тәңіршілдік сенімінде болған Шыңғысхан ұрпағының түріктеніп, Ислам дініне бет бұруы бірінші кезекте жергілікті халықтардың басым көпшілігі болып саналған түркі халықтарының өмір салты мен мәдениеті кеңінен әсерін тигізді десек болады.
Орталық Азия мен Қазақстанға Исламның келуі VII-VIII ғасырлардан басталады. Алғашқы араб-дін таратушылары 670 жылдардан бастап келе бастады. Исламның түбегейлі орнығуына VIII ғасырдың ортасында, 751 жылы Тараз қаласының маңындағы араб пен қытай әскері арасындағы бірнеше күнге созылған Атлах шайқасында арабтардың жеңіске жетуі айтарлықтай ықпалын тигізді. Орта Азияны мекендеген түркі халықтары арасында ислам діні қарқынды дамып, Қазақстан аймағында Қараханидтер мен Алтын Орда кезеңінде ресми дін ретінде жарияланғаны мәлім.
Жалпы отандық ғалымдар Ислам дінінің қазақ даласындағы тарихын бес кезеңге бөледі. Мұсылманшылдықтың қазақ сахарасына таралуының бір маңызды кезеңі XIV ғасырдағы Алтын Орда хандығы және Жетісу өңіріндегі Моғылыстан хандығы дәуірінде болды. Моғылыстанның Жетісу өңіріне қарасты аймаққа бірнеше қазақ тайпалары қоныстанған еді. Алтын Орда мен Моғылыстан хандығын билеген Шыңғысхан ұрпақтары қол астындағы мұсылман халықтардың мәдени ықпалын қабылдап, Ислам дініне енді.
1255-1266 жылдардағы Алтын Орда ханы Берке алдымен Исламды қабылдап, билік басындағы Моңғол ақсүйектері арасына Ислам діні таралды. Ислам дінін қабылдаған, Бату ханның інісі Беркенің таққа келуімен Алтын Ордада Ислам тарихы басталған еді. Тарихи әңгімелерде Берке ханның әскерлері өзімен бірге жайнамаз алып жүргені айтылады. 1253 жылы Батыйдың ордасында болған саяхатшы, Гийом де Рубрук Беркенің өз ордасында шошқа етіне тыйым салғандығын жеткізеді. Алайда Берке хан қайтыс болғаннан кейін таққа келген Алтын Орда хандары мұсылман болмады. Сондықтан исламдану үдерісі тоқтап қалды.
ХVI ғасырда әйгілі Бату ханның (Қазақтар Сайын хан деген) тікелей ұрпағы Өзбек хан Алтын Орда билігіне келді. Өзбек хан билік еткен кезең – Алтын Орданың Алтын ғасыры саналады. Ол тұста экономика өркендеп, ұлы далада саяси тұрақтылық орнады, мәдениет дамыды. Өзбек ханның билігі (1313-1340) отыз жылға жалғасты. Алтын Орданы билеген Өзбек хан Исламды өзі билеген мемлекеттің ресми діні деп жариялады. Алтын Орда Өзбек пен Жәнібек хандар тұсында едәуір көтерілді. Ислам діні ықпалының күшеюіне байланысты араб жазуы да қатар қолданылды.
Ол Ислам дінін қабылдағаннан кейін Ғияседдин Мұхаммед атын алған. Араб елінен келген тарихшы-хронист әл-Муфаддал Өзбек ханды былайша суреттейді: «...Бұл жас жігіт өте келбетті де келісті, өте ақылды, тамаша мінезді, исламды жақсы ұстанған және батыл, ержүрек болатын». Өзбек ханның мұсылман болуымен Алтын Орда халқы мұсылманданып, «өзбек» атын алды. Берке хан тұсында Алтын Ордаға ене бастаған Ислам дінін Өзбек хан 1312 жылы Алтын Орданың мемлекеттік діні деп жариялады. Бату хан тұсында (1227-1255 жж.) мемлекет астанасы Еділ бойындағы Сарай Бату қаласы (қазіргі Астрахань маңында (1243 ж.), кейін Сарай Беркеге (Еділ бойымен Сарай Батудан жоғарырақ) көшірілді.
Өзбек ханның (1312-1342 жылдар) тұсында Сарай Беркеде болған араб оқымыстысы Ибн Баттута: «Сарай қаласы – жазыққа орналасқан, аса үлкен аумақты алып жатқан, көшелері кең, базарлары әдемі, халқы мол, таңғажайып қалалардың бірі. Онда діни қызметке негізделген отыз екі ірі мешіт бар, ал ұсақ-түйек мешіттер қисапсыз көп» деп жазады.
Өзбек Хан өзінен бұрынғы Берке хан сияқты, мұсылмандарды қорғады, қалаларды дамытумен, мешіттер салумен, медреселер мен керуен-сарайлар салумен айналысты. Алтын Орда аймағында 100-ден аса қала бой көтерді. Жошы ұлысында тұрғындарының саны 100 мыңнан асатын ондаған шаһар болды. Ал сол кезде Еуропа елдерінде түрғындары 50 мыңнан асатын қалалар сирек кездесетін. Араб саяхатшысы Ибн Баттута тек Орда астанасында 13 мешіт бар деп мәлімдеді. Алтын Орда аймағындағы барлық діни ғимараттар бұлғар үлгісі бойынша тұрғызылды.
Өзбек хан өзінен бұрынғы хандардың басқа діндерге деген бейбіт ұстаным саясатын жалғастырды. Алтын Ордада Ислам-Түркі өркениетінің толерантты билігі астында Исламнан басқа Христиандық, Иудаизм, көне Тәңіршілдік сенімі де өз тіршіліктерін жалғастыра берді.
Алтын Орда билеушісі Өзбек хан (1312-1342) дәуірінде Ислам діні мейлінше дамып, өркендеді. Өзбек хан өзі мұсылмандықты берік ұстанғандықтан кезінде Сұлтан аз-Заһир Бейбарыс пен Береке ханның тұсында жанданып, кейіннен жалғасын тапқан Мысыр елімен қарым-қатынастарды нығайтуға баса көңіл бөлді. Ол алғашқы елшілікті 1314 жылы аттандырып, онда құда-жекжаттық қатынасты нығайту мақсатымен сүйек жаңғыртып, өзара құдаласуды ұсынды.
Сол кезде Өзбек ханның Сарайдағы ордасында әйгілі араб саяхатшысы Ибн Баттута шамамен 1334 жылдары Рамазан айында қонақта болған. Ол жөнінде саяхатшы: «Сұлтан Мұхамед Өзбек ханның мемлекетінің қарамағына кіретін Қирам деген үлкен, көркем қала бар екен. Өзбек хан оған Түлкітемірді әкім етіп сайлаған. Бұл қалада қазилардың ішіндегі ең ұлығы, ханафилік қази Шамсиддин Сайилиді жолықтырдым. Сондай-ақ, ірі фақиһ (шариғат заңгері) Шейх Салих ел-Абид Мұзаффариддинмен таныстым. Ол Сұлтан Мұхамед Өзбек хазіретке Сарай қаласына бізбен бірге серік болып барды» деп, қыпшақ даласының діни ахуалына шолу жасап, әрі қарай арба үстіне тігілген киіз үйді суреттейді.
Кез келген мемлекеттің валютасы сол мемлекеттің негізгі нышаны болып саналады. Өзбек ханның тұсында Алтын орданың теңгесі һижри жыл санауымен бойынша таңбаланған. 1337 жылы басылған теңгеде «Ас-Сұлтан әл-Ағзам Өзбек хан» деп сұлтанның өз аты ойылып жазылған.
Өзбек ханның мұсылман болуымен Алтын Орда халқы мұсылманданып, «өзбек» атын алды. Хиуа ханы, әрі тарихшы Әбілғазы Баһадұр хан Өзбек хан туралы: «Елдің ұлыс-ұлысын исламға кіргізді, халықтың дәулеті артты. Одан соң барша Жошы елі өзбек елі атанды», – деп баға береді. XIV ғасырдың басында Алтын Ордада ханафи мазхабы басты ағымға айналды. Алтын Орда хандары Ислам дінін қабылдап оны мемлекеттің мүддесінде ұстанды, ал бұл тікелей Қазақ хандығына да қатысты, өйткені, Қазақ елі сол Алтын Орда, Ақ Ордалардың мұрагері. Сол себепті Тәуке ханның "Жеті Жарғысында" да мемлекеттік дәстүрлі діні Ислам еді. Құқықтық тұрғыдан қазақтар өз әдет-ғұрыптарын шариғатпен біріктіре білді.
Шәкәрім қажы «Қазақтың түп атасы» өлеңінде:
Батудың жұрағаты – Өзбек хан,
Тұсында болған екен ол мұсылман.
«Дін қалды Өзбектен» деген мақал,
Қалмайды әлі күнге аузымыздан, - деген.
Өзбек хан Алтын Орда билеушісі болған кезде оның құрметіне арнап алтын сиямен көшірілген Құран Кәрім дайындалған. Құранды 1318 жылы Бадр Хамадани деген кісі арнайы көшіртіп, Жошы ұлысының билеушісі Өзбек ханға табыстаған. Бүгінде бұл Құран Түркияның Кутахия қаласындағы Вахид паша кітапханасында сақтаулы тұр. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының атсалысуымен Ислам ғылыми-зерттеу институты алтын сиямен көшірілген Өзбек хан Құранының көшірмесін елге әкелген.
Алтын Орда сияқты көп ұлтты мемлекеттің гүлденуіне айрықша еңбек сіңірген аса талантты мемлекет қайраткері, Алтын Орда мемлекетінің негізін қалаған Сайын ханның тікелей ұрпағы Өзбек хан 1283 жылы туып, 1342 жылы 59 жасында өз ажалынан қайтыс болады.
Қорыта айтқанда, бәзбіреулер айтып жүргендей қазақ даласына Ислам дінінің қанат жаюуын кешегі Ресей патшалығымен байланыстыруы немесе қазақты тәңіршілдік сенімде болды деуі жаңсақ пікір. Қазақ халқы, Қазақ хандығы тарих кеңістігіне шыққаннан бері халқымыз Ислам дінінде болғанын осындай құнды тарихи деректер растап отырады.
Дайындаған Дәулет Тілеуберді
Abai.kz