Құрманәлі Оспанұлы: Көзі тірі архив мына біз боламыз...
Әйгілі ақын Құрманәлі Оспанұлымен сұхбат
Қытай қазақ әдебиеті мен баспасөзінің қалыптасуы мен дамуына орасан зор үлес қосқан тұлғалардың бірі – ақын Құрманәлі Оспанұлы. Ол 1924 жылы желтоқсан айының соңында Қазақстанның Алматы облысына қарасты Тоғызбұлақ деген жерінде дүниеге келген. Ол 1930 жылы басталған әсіре солшылдық саясаттың кесірінен Қазақстанда кең етек алған ашаршылық кезінде шарасыздықтан туған жерін тастап, әке-шешесімен бірге шекара асып Шынжаңның Іле өңірінде барады. Арып-шаршап көшіп барған Оспан отпасы көп қиылшылық көреді. Оқуға ынтасы бар, таланты Құрманәлі бала жастан өнер-білімге құмар болады. Құлжадағы ұлттық гемназиаяны үш жыл оқып 1941 жылы бітіргенен кейін алғашқы қызмет жолын Нылқыда оқытушы болудан бастайды. 1944 жылы Ныққыда тұтанған Үш аймақ төңкерісінің үгіт-насхат, ақпарат жұмысына белсенді араласады. Құлжада қазақ тілінде алғаш шыққан «Төңкеріс таңы» газетінің жауты редакторы, бөлім басшысы болады. 1948 жылы Шынжаңда «Бейбітшілік пен демократияны қорғау одағы құрылып» орган газеті «Алға» мен «Одақ» шыққанда, «Алға» газетінің жауаптысы болады.
1949 жылы жаңа Қытай билігі орнағаннан кейін Қ.Оспанұлы 1950 жылдың соңына дейін «Іле газеті» мекемесінің қазақ редакциясын басқарады. 1951 жылдан 1954 жылға дейін Шынжаң өлкелік Халық үкіметінің орынбасар хатшысы, 1954 жылдан 1956 жылға дейін Іле аймағының орынбасар уәлиі, партия комитетінің тұрақты жорасы болады. 1956 жылдан 1957 жылға дейін Орталық партия мектебінде оқиды. 1958 жылдан 1963 жылға дейін Іле қазақ автономиялы облысының басшысы болады. 1963 жылдан 1977 жылға дейін бақылау астында болып, заман оңалғанда қайтадан қалпына келіп, 1979 жылдан 1990 жылға дейін Автономиялы райондық (ШҰАР) Автономиялы райондық Әдебиет-көркемөнершілер бірлестігінің орынбасар төрағасы, Автономиялы райондық халық құрылтайының жорасы, орынбасар меңгерушісі қатарлы міндеттерді өтейді. Соңғы өмірін зейнеткерлік сапармен өткізіп 1999 жылы бақилық болады.
Ақын Қ.Оспанұлы жарты ғасырдан аса жасампаздық барысында мыңға жуық өлең, жыр, онға жуық баллада, дастан жазып жариялайды. Ақынның «Шаттық жырлары» (1957 ж.), «Тияньшан жырлары», 1980 ж.), «Меруеттер» (1981 ж.), «Жылдар ізі» (1983 ж.), «Алуан әуендер» (1988 ж.) қатарлы жыр жинақтары ілгері-кейінді баспадан шыққан. Оның өзге қаламгер әріптестерімен бірігіп жазған «Салиқа – Сәмен» опирасы және өзі жеке жазған «Қыз бейіті», «Таудағы қыстақ» атты сахналық туындылары бар. Көргені мен көкейге түйгені көп, ел басқарған ақын тарихи маңызы бар көптеген естелік, эсселер де жазған. Бұл еңбектері «Үш майдан» (1991 ж.), «Шіркін бұраң дүние-ай» (1999 ж.) деген атпен кітап болып шыққан. 2006 жылы Бейжіңдегі Ұлттар баспасынан «Құрманәлі Опанұлы шығармалары» атты 6 томы жарық көреді. Оның өлеңдері қытай, ұйғыр, қырғыз тілдеріне, орыс, түрік шет тілдеріне аударылған.
Сіздердің назарларыңызға ұсынып отырған «Әйгілі ақын Құрманәлі Оспанұлымен сұхбат» атты мына материал Шынжаң қоғамдық ғылым академиясы жағынан шығарылған «Шынжаң қоғамдық ғылымы» журналының қазақ редакциясы тарапынан ақын Құрманәлі Оспанұлынан арнаулы сухбат алынып 1994 жылы жарияланған екен.
Ақын Қ.Оспанымен сұхбат жүргізген журналдың сол кездегі қызметкері Омарәлі Әділбекұлы, ал бүгінгі Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы, Алматы бөлімшесінің жетекшісі Омарәлі Әділбекұлы екен.
Біз бұл сұхбатты ақын Құрманәлі Оспанұлының туғанына 100 жыл, өмірден озғанына 25 жыл толуына байланысты жариялап отырмыз.
Көзі тірі архив мына біз боламыз
– Құрметті ақсақал, өзіңізді халқымыз әйгілі ақын, көрнекті қоғам қайраткері ретінде таниды. Әсіресе, 50-жылдарда жазылып еліміз көлемінде жақсы аңыз қозғаған «Күркешеден күллі әлемге» атты толғауыңыздан тартып, кейінгі «Оның өңі мен түсі» атты балладаңыз және бес-алты жыр жинақтарыңыз оқырман сүйіп оқитын туындылар. Ойлап көрсек, жасампаздық ғұмырыңыздың басталғанына жарым ғасырдай уақыт болған екен. Ендеше, әңгімеміздің негізгі түйіні әдебиет төңірегінде өрбитін болар. Әуелі өз жасампаздығыңызға аялдап өтсеңіз, жасампаздық жолында қорытқан тәжірибе-сабақтарыңызды да естігіміз келеді.
– Мен әдебиетке, оның ішінде өлеңге жастайымнан әуес болдым. Алғашқы тырнақ алды туындым 1944 жылы қарашада, Нылқыда көтеріліс бастаған Үш аймақ төңкерісшілері Құлжа қаласын негізінен өзіне қаратып алған соң шығарған қазақ тіліндегі газеттің алғашқы сандарының бірінде (жаңылмасам 2-ші немесе 3-ші саны болу керек) «Бет бұрмай кір майданға» деген атпен жарияланған. Өлең халық жұртшылығын төңкеріске қатынасуға, соғыс майдандарында шегінбей батырлықпен алға ілгерілеуге шақыруды мазмұн еткен. Міне осыдан бастап өлең жолындағы сапарым басталды. Бірақ жауапкершілігі күшті әкімшілік қызмет талабының басымымен, енді бірде ел басына келген ойранды жылдардың кесірінен бәсең тартқан кездері болса да, үзіліссіз жалғасып келеді. Әсіресе, соңғы он неше жылдан бері біраз мандытып жұмыс істеген сияқтымын. Былай дейтінім, 4-5 жинақ шығардым. Ел есінен шығып бара жатқан тарихи оқиғалар жөнінде деректі шығармалар жаздым. Енді ойласам, жазып-сызумен айналысқан уақытымда жаңа өзің айтпақшы, жарым ғасырдай уақыт болған екен. Әрине, бұл бір жеке үшін аз уақыт емес. Осы барыста шыққан биігімнің, қалдырған ізімнің нарқын әділет таразысының әділ төрешісі халық жұртшылығы, осы саланың көзқарақты мамандары бағалай жатар.
Өлеңді – өнер деп танысақ, өнерде тәжірибе сөйлеу қиынның қиыны. Өйткені, өнер қасиеті ешбір қалыпқа, формаға түспейді ғой. Десе де, өз өлеңдерімде бой көрсеткен болмашы сәттіліктер мен жолыққан сәтсіздіктерге негізделе отырып ойлағанымда, өлеңнің ең басты ерекшеліктерінің бірі – образды ой, ойлағанымызды образды бейнелеу болса керек. Әрине, бұл сөзді бәріміз білеміз. Дегенмен осы талаптың үддесінен шыға беру кез келгеннің қолынан келе бермейді. Сондай-ақ өлеңде ой мен сезімнің қабысуына көп көңіл бөлу керек. Бұл екеуі өлеңнің қос қанаты. Бірі кем болса өлең кемтарлық байқатады. Ақын – қашан да жаңалықтың жаршысы. Сондықтан, ақын таптауырынды тақырыптар мен жадағай теңеулерге үйір болмай, ақылгойсімей, дүниеге пәк сезіммен қарап, айналасындағы әрқандай заттан, істен көркемдікті, ізгілікті көре білетін, тани білетін әрі оны бейнелей алатын сезімталдықты үйреніп, халық ішінен, классик шығармалардан сөз маржандарын тере жүріп, реті келгенде оны жаңғырта, түрлендіре қолдана білгенде ғана Абай айтқан «іші алтын, сырты күміс» жақсы өлең жаза алады. Ақын да адам «шу» дегеннен-ақ озық шығармалар жаза салмайды. Белгілі өсу жолын бастан кешеді, яғни жаза жүріп ысылады, ысыла жүріп биік өреге көтеріледі. Әрине, бүгін де өлеңімізде нәрсіз, жасық өлеңдердің көбейіп кеткендігі, кей ақындарымыздың бір шыққан өресінен аса алмай өзін-өзі қайталап жатқандығы да шындық. Бұған айтылар себеп көп, дегенмен басты бір себеп – ақындарымыздың ақындық таланттының, дүние танымының, білім қабілетінің шектілігі әрі ізденуінің, яғни өмірге терең араласып, одан нәр алуының жетерсіздігі болса керек. Қысқасы, сапамыз жетпей жатыр. Ақынға қашан да талғампаздық жарасады. Бейне Қасым Аманжолов айтқандай:
«Ақын жұрт сараң мінез көп бермейді,
Аз-аздан ала берсең жек көрмейді».
Өлең ақынның жеке басындық ісі емес. Мәні терең, маңызы зор, ықпалы күшті қоғамдық іс екенін түсініп, жауапкершілік сезімімізді арттырғанымыз, жапалы еңбектенгеніміз жөн. Әрине, бұл оңай іс емес. Қайткенде де оқырман жүрегінен жол табатын жақсы өлең бере аламыз? Осы арада мен осындай жәйттерді ашына сезінуімнен, көп толғануымнан туған:
Қиын десек, қиыр десек жолымыз,
Қарманарда қалтыраса қолымыз.
Қылыш болып сол кеседі мойынды,
Жетер жерге жетпей құрыр сорымыз, – деп келетін, өзімді кінәлай отырып, өзгені де жігерлендірмек болған бір шумақ өлеңімді айта кетсем оғаш ой тудыра қоймас. Айтпақшы, жастар өлең жазуда ескерер тағы бір маңызды іс, өлеңді жаза салып баспаға ала жүгіргеннен ат тізгінін тарта жүргені абзал екен. Бұл көп айтылып жүрген пікір. Сондықтан тым ашалап кетпейін.
– Әлгінде, соңғы жылдары деректі шығарма жазуға ойысқаныңызды айттыңыз. Кезінде «Шұғылада» жарияланған «Көкеннің көргендері», «Үш аймақ төңкерісінің басталуы мен бастапқы кезі туралы» атты шығармаларыңыздың оқырман арасында жақсы аңыс қозғағанын, бертінде осы шығармаларыңызды негіз еткен «Үш майдан» атты кітабыңыздың жарық көргенін білеміз. Осы шығармаларды жазуға не нәрсе себепші болғанын айтсаңыз?
– Себеп дейтін пәлендей үлкен себеп жоқ. Жас ұлғайған соң өткен-кеткен істер еске келе береді екен. Жас кезімізде баспасөз мәдениетіміз шым шіркін-ай дамымады. Сонымен көп нәрсе қағаз бетіне түспей, біздің есімізде қалды. Енді оларды айтып кету біздің міндет қой. Десе де, мынаны айта кетейін. Жас кезімнен Үш аймақ төңкерісіне қатынастым, кейін қоғамдық жауапты қызметтерде болдым да, араласу көлемім біршама кең болды. Көптеген тарихи оқиғаларға куә болумен бірге, көптеген істерді ести жүрдік. Сонау 1930 жылдардан бері шығыс Шынжаңның Баркол, Мори қатарлы қазақтар қоныстанған жерлерде тыныштық аз болды. Тіпті азаттықтың алғашқы жылдарында да ара-тұра толқулар болды. Мұның шын сырын көп адам біле бермейді. Түрлі тарихи себептерге байланысты кейбір жағдайлар бұрмаланып жұрт арасында қате ұғым беріп жүрген жағдай да жоқ емес. Әрине, ел болған соң бірер телі-тентегі болған шығар. Бірақ, басым көп сандылары момын, бейбіт сүйгіш болатын. Олар Шың Шысайдың, Гоминдаңның езіп-қанауына шыдамай көтерілді. Ауыр жаныштауға ұшырап жер аударды. Ал, Гансу, Чиңхайға барғанда көрген қорлық, зорлықтары кімнің болса да төбе шашын тік тұрғызды. Ал, кейін өсек-аяңға еріп, жағдайды мөлшерлемей алданғаны да бар шығар. Осыған бола бүкіл елге кінә артуға бол ма? Әрине, бұл дұрыс емес. Бұл шындықтарды біреулер білсе, біреулер білмейді, тіпті ұмыт болып барады. Міне осы оймен «Көкеннің көргенднрін» (кейін жинаққа кіргізгенімде тақырыбын «Баркол оқиғалары жайында» деп өзгерттім) жазған едім. Кейінгі кездері районымыздағы кейбір басылымдар да, кейбір беделді адамдардың мақалаларында Үш аймақ төңкерісінің кейбір мәселелері жөнінде жаңсақ пікірлер айтылып қалып жүр. Ал, мен болсам Нылқыда төңкеріс басталардың алдында сол жерде мұғалім болғанмын, Құлжа қаласына партизандармен бірге кіргенмін. Көп нәрсе жадымда бар, кейінде Нылқыға бірнеше рет барып көзі тірі партизандардан ұмыт болған нәрселерді анықтап сұрадым. Әрине, ол кезде нақты жазылған архив жоқ. Көзі тірі архив мына біз боламыз. Сондықтан нақты жағдайды айтып кетпесек тарих алдында, ұрпақ алдында ұят емес пе?! Ал, ұлттық армия құрылғаннан кейін жазылған архив бар. Бар нәрсе сонда сайрап тұр. Ешкім де оны бұрмалай алмайды. Сондықтан мен Үш аймақ төңкерісінің алғашқы кезіне көбірек көңіл бөліп, жоғарыда сен айтқан шығармаларды жаздым.
– Біздегі тарихи тақырыптардың игернілуіне қалай қарайсыз?
– Қазір бізде жазушыларымыз өз шамасынша қалам тербеп, тарихи тақырыптар игеріле бастады. Алды роман, повест жазды, естеліктер де жазылып жатыр. Бұл құптарлық құбылыс. Тарихи шығармалар жазуда, әсіресе, деректі шығармалар жазудағы ең басты шарт – дәлдік, адалдық. Тарихи шындық сол қалпында жазылуы, оны өз субиектив нанымың бойынша бұрмаламауың тиіс немесе ойдан қиыстырып тарих жасаудың жөні жоқ. Мұндай жағдайлар ішінара басылымдарда аздап кездесіп қалып жүр. Мысалы, «Шұғыла» журналының бір санында «Мау жушидың сәлемі» («Мау төрағаның сәлемі) атты деректі әңгіме жарияланды. Автордың не мақсатпен жазғанын білмедім. Бұл бүтіндей ойдан құрастырылған. Бұл жөнінде Патықан Сүгірбаев мақала жазып дәл пікірін айтты. Оны қайталап жатпайын. Десе де, мынаны қайталап айтқым келеді. Біріншіден, автор не жазса да, тарихи шындықтарға құрметпен қарап, жазған шығармасының қоғамға жасайтын ықпалына жауапкер болуы керек. Екіншіден, редактор да алдына келген шығармаға, әсіресе тарихи оқиғаға, жекелерге қатысты шығармаларға мұқият қарауы, өзі білмеген күңгірт жерлерді материал қарап анықтауы, қатысты орындардан, адамдардан сұрауы керек. Әсте келсе-келмес жарияламауы керек. Міне бұл жауапкершілік мәселесі.
– Ақын ретінде поэзиямыздың басып өткен жолын, бүгінгі деңгейін қалай бағалайсыз?
– Бұл көп айтылып жүрген, әркімдер әртүрлі пікірлерін ортаға салып жүрген мәселе. Дегенмен көп ойланып-толғануды қажет етеді. Сен сұраған соң мен де ойымды білдірмесем болмас. Әдебиетіміз, оның ішінде әңгімемізге арқау болып отырған өлең жанрымыз жаңа Қытай құрылғаннан бергі 44 жылға қадам қойған сапарында өзінің алғашқы қадамын – жаңа қоғамды, өмірімізге енген шыт-жаңа өзгерісті шын жүрегімен емірене жырлаумен бастады. Сүйтіп еліміз қазақ әдебиеті тың даму жолына түсті. Осы игі бастаманың көзге түскен алғашқы қарлығаштары деп, тоқсанға қол созса да берерін тоқтатпаған қадірменді ағамыз, бір есептен әкеміз Асағаңды (Асқар Татанайұлын), өмірінің көбін аға ағартушылық, әкімшілік жұмыстармен өткізіп, елеулі еңбек, ершімді өлеңімен есімізден ескірмей келе жатқан, кейін де заңды түрде туылған жері Қазақстанға қайтып кеткен, алайда өмірінің соңына дейін бұл жаққа деген сағынышын жырға айналдырып өткен Шарғын Әлғазыұлын, көрнекті қаламгер Қаусылқан Қозыбайұлын, Рахметолла Әпшеұлын, Мағаз Разданұлын атап өтіп, олардың қатарына өзімді де қоссам жұртшылық сөкет көре қоймас. Кезегінде бұл қатарға Сұлтан Мәжітұлы, Сымағұл Қалиұлы, Боздақ Дүзбенбетұлы, Алматай Шалтықұлы қатарлы тың тебін, жаңа жігермен қосылған халық ақындарын да атап өткен жөн деп білемін.
Туған әдебиетіміз міне осылай көшін жүре түзеп, өрісі кеңейе бастаған кезде кешікпей Омарғазы Айтанұлы, Мақатан Шәріпқанұлы, Серік Қапшықбайұлы, Мәди Әбдірақманов, Әлімжан Қатбаев, Құлмұқан Ахыметұлы, Әбденбай Бажаев, Тоқтарқан Жекібаев, Задақан Мыңбаев, Шәкен Оңалбаев, Құдаш Сабаншы, Ғалым Қанапия, Ғабдылақат Салтантай, Әбдікәрім Шаңбаев, Дутан Сәкеев, Бердібек Құржықбай, Жұмаділ Маман, Оқабай Тойынбай, Махмұт Әбілқайыр, Жәнетқан Тұтқабек, Айтқали Оспан, Сәли Сәдуақас, Жұман Әбішұлы, Бақытқан Байжұмаұлы, Қабыл Ыбырай, Ахыметжан Бөрібай, Шәмшабану Қамызақызы, Райхан Ібінқызы, Ұлықан Сұлтанқызы сынды білім, қабілет жағынан толысқан бір топ дарынды, жалындаы жас күштер іркес-тіркес келіп қосылды. Сонымен өлеңіміз алғашқы жеті-сегіз жылда мейлі тақырып, мейлі мазмұн, идея жақтан, жүйеден көркемдік жақтан жаңа даму өресіне көтерілді. Бірнеше жыр жинақтары шықты. Бірсыпыра өлеңдеріміз қытай, ұйғыр қатарлы ұлттар тіліне аударылды. Бұл, әрине, сол кездің тұрғысынан айтқанда зор табыс болып табылады. Міне осындай даму үстіндегі әдебиетіміз орта жолда солшылдық лушиянның (беталыстың) кедергісіне ұшырап, ақындарымыздың қатары сиреп, жасампаздыққа таңылған қилы-қилы шек-шеңберге байланысты өлеңнің көркемдік қуаты солғындап жалаң ұран, әсіре үгіт басым орынға шықты. Мұндай кемшіліктер бұрында да мүлде жоқ емес еді. Бірақ, осы кезге келгенде алдынан «жасыл шырақ» жағылып, тіпті де күшейе түсті. «Мұртқа өкпелеп жүргенде сақал шықты» демекші, осы күйде жүргенде аты шулы «Мәдениет зор төңкерісі» туылды. Оның зардабын мен айтпасам да жұртқа белгілі.
Саяси бағыт дұрысталып, экономикалық құрылыс негізгі орынға шығып, еліміз дамудың жаңа дәуіріне қадам қойғанда туған әдебиетіміздің де жаңа көктемі туды. Міне осы кезде ақындарымыздың кейбіреуі жаза лагерінен, кейбіреуі «қалпақ» астындағы бақылаудан босатылып, енді біреулері қақпайлаудан құтылып, көп жылғы үнсіздікті бұзып, ширыққан сезім, тасыған жігермен қолына қалам алды. Жоғарыда айтқан лектің өкшесін баса Мұратқан Жапарбайұлы, Қазымбек Арабин, Әзілбек Кінәзбекұлы, Қасымқан Уатқанұлы, Қаһарман Мұқанұлы, Зәһара Нұрәділқызы, Әуесқан Нұрқожа қатарлы бір топ ақындарымыз да тың қырынан көрінді. Кейбір ақындарымыздың өлеңдері өлке, мемлекет дәрежесінде сыйлықтар алды. Кейбір өлеңдеріміз ағылшын, жапон тілдеріне аударылды. Қысқасы сан жағынан да, сапа жағынан да дамулар болды. Сонымен бірге жаңа ой-сезім, тың тебінмен келіп қосылған білімді де талғамды талант иелері, ертеңгі күніміздің үміт жұлдыздары деп Нұрлан Әбділдаұлы, Тілеуқан Затыбай, Сұлтанғазы Жақияұлы, Тілеубай Дошықұлы, Алмас Ахыметбек, Балапан Рабат, Керім Елемес, Ләззат Игісін, Тәпей Қайысқан, Дукен Мәсімқан, Бекқожа Жылқыбек, Сәулет Тоқтыбай қатарлы жастарымызды да атап өткім келеді.
Демек, өлеңіміздің жоғарыда баяндаған негіздерім бойынша, осы қырық неше жыл ішінде азаттық, теңдік, еркіндік құшағында тыныс алып, кең өркен жайып, жауынды-шашынды, дауылды күндерді бастан кешіріп, толысып қауырт дамыды деп қортынды шығара аламын. Сапа жақта әлі де мәлім жетерсіздіктер бар шығар, бірақ, негізінен табыс басты орында тұрады. Кезегі келгенде мынаны айта кетейін, қазір кейбір сын мақалаларда «бізде поэзия жоқ, бізде поэзия болмады» деген пікірлер шығып қалып жүр. Бұл «Ерікті ауызға бөрікті бас сияды» дегеннің кебінін кигендік. Мұндай дәлелсіз байбалам ешкімді иландыра алмайды, өлеңімізде қолға келтірген табыстарымызды да жоққа шығара алмайды.
– Сын демекші, әдеби сынымызға қалай қарайсыз? Кей жерлерде «сын соққыға ұшырады» деген пікірді естіп қалып жүрміз, бұның негізі бар ма?
– Сын поэзиямызбен бірге жасап келеді. Сын жоқ деудің де негізі жоқ. Талай таңдаулы шығармаларымыз дер кезінде тиісті бағасын алып, жақсы нәсихатталды, туылып отырған мәселелер ортаға қойылды. Қазірде тәуір сындар жазылып жүр. Дегенмен, қатаң ғылыми сыннан өткен, әр жақтан толысқан, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын сыншыларымыз әлі де болса аз. Біреуді мақтаса жер-көкке сидырмайтын, енді біреуді сынаса жерден алып, жерге салатын немесе белгілі мақсатта жазылатын, қысқасы әдеби атмосферамызға пайдасыз, сыншының өз беделінге де кір келтіретін нашар құбылыстар кей кездерде белең беріп қалды. Мұндай құбылыстардың ендігары туылмауын тілеймін. Сыншыларымыз әдебиетке деген терең сүйіспеншілікпен, мүмкіндігінің барынша шындықты іс жүзінен іздеп, ғылыми жүйеге сүйеніп пікір айтуды үйренгені жөн. Сынды қолдауымыз керек, сыншылар да өздеріне қатаң талап қойып, өзгелердің пікірін тыңдайтын болсын.
Ал, «сын соққыға ұшырады» деген сөздің негізі жоқ. Әдеби сында кейбір мәселелер жөнінде көзқарастың ұқсамауы себебінен талас-тартыстың туылуы заңды құбылыс. Оған таңырқаудың, оны өзімізге берілген соққы деп түсінудің жөні жоқ. Бұл сөздің қандай ортада, қай тұрғыда айтылғанын білмеймін. Таластан шындық туады. Біз әдебиетімізді көркейтіп, гүлдендіру жолында жақсы мақсаттан туындаған талас-тартыстардан қорықпағанымыз дұрыс.
– Ақын Серік Қапшықбай ұлының кей шығармаларының тілі жөнінде талас туып жүргенін білесіз. Ақын ретінде тіл ұстартып, жаңалық жаратуға қалай қарайсыз?
– Өлеңнің түсінікті болғанын қалаймын. Әрине, өлеңде формалық жақтан ізденіс жасап, сөзді түрлендіріп қолдану, ескі сөздерді қайтадан тірілту құптарлық құбылыс. Алайда, біздің жазғанымызды халық түсіну, жаратқан жаңалығымызды оқырман қабылдауы керек. Кешегі поэзиямызға тың өзгеріс әкелген Абайдың өлеңін оқып көріңіз. Тосырқамайсыз, оқыған сайын жаңалық тауып қызыға түсесіз. Қазіргі Қазақстан ақыны Мұқағали мен Олжастың да, өзіміздің Мағаз Разданның да өлеңін оқып жүрміз. Әрі көркем, әрі түсінікті, тұспалдап айтқандарын да сезіне аламыз. Өлең – ақынның сезімі. Сондықтан да астарлы болмағаны жөн. Бірақ, ешкім түсінбейтін дәрежеге бармасын. Ерікті ұйқасқа беттеу, жадағайлықтан арылып, тереңдікке бойлау жақсы құбылыс, қолдауға әбден татиды. Бірақ, жаңағы сен айтқан ақынның өлеңіне және басқа ақындардың өлеңінде түсініксіз сөз-сөйлем, ешкім түсінбейтін астар тым көбейіп кетті, бұл – артықшылық емес, артықшылыққа жабысып тұрған әлсіздік деп білемін.
– Бағана қазіргі қазақ поэзиясына аялдағаныңызда, ертеңнің үміті деп бір топ жастардың атын атап, табыстарын тұрақтандырдыңыз. Бұл пікіріңіз жастар үшін үлкен демеу, шабыттандыру деп білемін. Десе де, қазіргі жастардың өлеңінде «еліктеу өте ауыр» дегенді естіп қалып жүрміз. Еліктеу бір ақынның толысу барысындағы басып өтер жолы ма?
– Еліктеу орынды деп қараймын. Мұны бастан кешірмеген ақын жоқ. Өз басым 1943 жылдан бастап Абай өлеңдеріне қызықтым, үлгі алдым. Талантты ақындар бауырамай қоймады, бұл мін емес, мәселе мұны қалай меңгеруде. Қызыққан ақынның көлеңкесінде қалып қоймай, оның көркемдік шеберлік жақтағы нәрін көре біл, қабылдап қорыта біл, онан соң өз сөзің қылып айт, міне бұл даму заңдылығын алып айтқанда, басып өтер жол. Қазіргі жастарда, расында, кейбір ықпалды ақындардың мазмұнына әуендеп кетіп, соның көлеңкесінде қалып қалу жағдайы да өмір сүріп отыр. Әрине, жастарымыз өсу жолында бұл кемшіліктерден бірте-бірте арыла деп сенемін. Жас ақындарға айтарым: біріншіден, дәуірдің өзекті тақырыбын игеруге көңіл бөліп, ұсақ-түйекке алданбасын. Сонымен бірге ауылға шырмалып қалмай, осы заман өркениетінің тасқынына араласып, әлемдік тұрғыда ойлайтын болсын; екіншіден, кішіпейіл болғаны жөн, екі-үш өлең жаза салып «ұлы отан ақын ұлың», «ақын қызың» деп сарнайтындар кездесіп жүр. Менше, осы сөзді ақынымыз өзі айтпай, басқалар айтса үлкен мерей, үлкен қуаныш емес пе! Шын талант екені рас болса, ешқашан ескерусіз қалмайды.
– Базар шаруашылығы өмірімізге дендеп кіре бастады, сізше, бұл біздің ұлттық әдебиетімізге қандай ықпал жасайды?
– Менше, социалистік базар шаруашылығы – еліміздегі әр ұлт халқының сөзсіз басып өтер жолы. Бұл құрылымның орнатылуы он неше жылғы іс жүзіндік реалдықтың дамуы, танымымыздың тереңдеуі болып табылады. Еліміз ұзақ жыл жоспарлы шаруашылықпен шұғылданып келді. Сондықтан жасырып-жабары жоқ, қазір мейлі кадрларымыз болсы, мейлі әңгімемізге арқау болып тұрған әдебиет, көркемөнершілер болсын, мейлі жай бұқара болсын, базар шаруашылығының мән-жайын, мазмұнын, ролын әлі де толық түсініп кете алған жоқ. Терең түсініп, шұғыл қимылдаудан әлі де шалғаймыз. Сол үшін басты мәселе – идеяны толық азат етіп, танымды жаңалап, бұл жаңалықты қабылдауымыз да болып отыр. Әсіресе, ежелден жаңалыққа жаны үйір әдебиет-көркемөнершілеріміз нараулық көрсетпеуі, алдыңғы лекте болғаны жөн. Базар шаруашылығына өту бір үлкен бет бұрыс. Бұл барыста талай қиыншылықтарға кезігуіміз мүмкін. Бірақ, түбі қайырлы болады. Өйткені біз теңгермешілдіктен құтылып, бәсекеге өтеміз. Бәсекенің адамдардың жасампаздық қабілетін сәулелендіретіндігі, шын жүйрікті алға шығаратындығы сөзсіз. Бұдан кейін баспа орындарына болған талап ауырласады. Сонымен шығармалардың да сапасы өрлеп, арзанқол дүниелер өздігінен ығысып шығатын болады. Біздің ақын-жазушыларымыз енді идеядан әрекетке өтіп, өздерін бәсекеге салып, татымды шығармалар жазып, өз таланттарын сынға салғаны жөн. Сонда ғана әдебиетіміздің келешегінен зор үміт күте аламыз.
– Тағы да жаңағы тақырыпқа келсек, қазір ұлттық баспасөз көркейіп-гүлдену үстінде, дегенмен мына базар шаруашылығы оның күн көрісіне едәуір әсер ететін сияқты. Бұған қалай қарайсыз?
– Қазір баспаларда көп даму бар. Деседе кейбір баспа орындарының мүшкіл халге түсіп қалғанын да естіп жүрміз. Қазіргі жағдайда еліміз бойынша біртұтас базар шаруашылығына беттейді, баспа орындары да бұдан қағыс қалмайды. Сондықтан бұдан былай өз күшіне сүйеніп шығар жол іздеу, мемлекетке аз алақан жаю – міне бұл баспалардың даму беталысы болмақ. Әрине, қиыншылық қат-қабат болады. Менше, бұл қиыншылықтардан құтылудың жолын мына бірнеше жақтан қарастырып көрсе боларма екен.
1. Басылымдарға қатаң талап қойып, тамыр-таныстықтан, көңіл жықпастықтан арылып, өтімді кітаптарды көбірек басып, кітаптың тиражын арттыру.
2. Басы артық, кәсіптен сыртқы адамдарды іске салып қосымша кәсіппен айналысу. Мұның жолы көп, мысалы, кейбір мекемелердің қажетті материалдарын, кітаптарын шығарып беру, ірі шаруашылық орындарымен қою байланыста болу, экеномикалық тұлғалар құру, т.б. әрине, бұл үшін басшының батылдығы, іскерлігі қажет.
3. Баспалар жергілікті орындармен тығыз байланыс жасап, оқырмандар арасына барып, үгітті күшейтуі, олардың сұранысын білуі керек. Кейбір баспаса болмайтын кітаптар бар, бұларды сөзсіз үгіттеу керек. Бұрынғыдай тек кітаптың шығуымен ғана айланысып, таратумен есептеспесек болмайды.
4. Кітапханалар қажетке қарай адам алып, қызметкерлерінің сапасына ұлттық құрамына көңіл бөлгені жөн. Кітапхана қызметкерлері сол өңірге қандай кітаптардың өтімді екенін шамалайтын болуы, ең болмағанда аз ұлт тілін білуі керек. Бұл бір күрделі мәселе. Аймақ, ауданнан бастап тексеру жасап барып шешуді қажет етеді. Мысалы,Үрмжіден «Қазақ тарихы» сияқты кітаптарды емге іздеп таба алмайсың, ал оны аудандардың кітапханаларында шаң басып жатқан жеріненен көрдік. Енді, оның есесіне «Қойды қалай қырқу керек» деген кітаптар Үрімжідегі кітапханларда тіреліп тұр. Бұл кітаптың таралу жолын білмегендіктен келіп шығып отыр. Міне бұл ойланып көруге әбден татиды.
– Баспалардың шығар жолы бар сияқты, ал, журналдарға қиын болып тұр. Мысалы, кейбір журналдар бір жылдан бергі қаламақысын тарата алмай отыр, біздің журналымыз ғой салыстырып айтқанда, біршама тәуір, десе де, мақтана алмаймыз.
– Ғылыми журналдың жөні бір басқа, бәрін бір шыбықпен айдай беруге келмес. Мұндай қиыншылықтарды қатысты орындар өз лайығында шешеді деп ойлаймын.
– Журналымызға деген тілек-пікіріңізді естісек?
– Журналдарыңды екі жылдан бері зерттеп, оқып келемін. Журнал ә дегеннен-ақ маған беті жарық, жүзі жылы болып сезілді. Бұл жаңа журнал ғылыми саладан жарық көріп, өзіне тән ерекшелгімен қысқа уақыт ішінде жұртты жалт қаратты. Мақалаларын көп оқимын, кей жақтардан білім алып жатырмын десем асырып айтқандық болмайды. Енді бірер тілегімді айтар болсам: қоғамдық ғылымның әр саласынан мақалалар аздау сияқты. Бәлкім, келіп жатқан мақалалардың түрі соншалық болар. Менше, келген мақалаға шектелмей, әр ғылымның арнаулы мамандарына мақала бұйыртып жаздырсаңыздар, өйтпегенде, журнал бір ізге түсіп кетеді. Кешке дейін тарих, әдебиет бола берсе, оқырман көлемі тарайып кетерме екен. Мына сухбат айдарын ашуларың жақсы бастама, бұдан кейін үзбей жалғастыра берсеңдер нұр үстүне нұр, тағы бір айтарым, жағдайларың келсе, журналды қос айлыққа өзгертуге немесе бет санын көбейтуді ойластырыңдар, ізденіс жасасаңдар боларма екен деймін. Бұл болашақтың ісі. Өйткені, қоғамдық пәндер ұлтымыздың тұлғалық сапасын жоғарылатуда жетекші орында тұратындықтан, Акедемия журналының ролын жетекшілікті сәулелендіре білгеніміз жақсы.
– Әңгімеңізге рақмет, ақсақал! Кейінде үзбей ақыл-кеңес беріп тұрарсыз. Деніңіз сау, ісіңіз ілгері болсын!
– Өзіңе де рақмет!
Сұхбаттасқан Омарәлі Әділбекұлы.
Сұхбатты «Құрманәлі оспанұлы шығармалары» №5-кітабынан дайындаған Әлімжан Әшімұлы.
Abai.kz