Билікқұмарлық және ел мүддесі
![](https://abai.kz/content/uploads/2025/02/6594e7cf93782603869617.jpg)
1603-жылы Англия патшайымы Елизавета Тюдор өмірден өтеді. Сол кезде Шотландия патшасы болған VI Джеймс оның ең жақын туысқаны ретінде таққа нөмірі бірінші мұрагер еді. Сондықтан VI Джеймс Единбургтегі сарайын тастап, Лондонға кетеді. Англияның да билеушісі атанады да, екі елді қатар басқара бастайды. Содан бастап Англия мен Шотландия Біріккен корольдік ретінде бір орталыққа қарайды.
Яғни, VІ Джеймс екі мемлекетті, біріккен патшалықты қатар билеу үшін Шотландияны Англияға жығып берді. Өз елін тәуелсіздігінен, жеке патшалық-басқару жүйесінен айырды. Негізі, ерте ме, кеш пе, Англия бәрібір Шотландияны қарамағына қосып алар еді. Себебі ағылшын билігі солтүстігінде жеке тәуелсіз елдің болғанын қаламаған. Бір аралда бірнеше мемлекеттің болуы Англияға болашақта қатер төндіруі мүмкін деп санаған. Бірақ сол үдерісті, яғни, Шотландия мен Англияның бір корольдік ретінде бірігуін VІ Джеймс жеделдетіп берді. Мұны, жоғарыда айтқанымыздай, екі мемлекетті қатар басқару үшін, яғни, билік үшін істеді.
Өткен ғасырдың 90-шы жылдарында Кеңес Одағы барлық жағынан әбден құлдырады. КСРО Президенті Горбачев пен Ресей Президенті Ельцин арасында қырғи-қабақ бәсекелестік болды. Орыстардың өздері Ельцин билікті қатты жақсы көргенін, жеке-дара билікке ұмтылғанын айтып жүр. Сөйтіп, Ельцин бастап, Украина және Беларусь Президенттері қостап, 1991-жылы 7-8 желтоқсанда Беларусьте бас қосты. Олар КСРО-ның құлап, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы құрылғанын ресми бекітіп, құжаттарға қол қойып, әлемге жариялады. Яғни, Ельцин сол кезде КСРО Президенті болып отырған Горбачевті биліктен шеттетіп жіберіп, Кеңес Одағын тарататын құжатқа қол қойып, Ресей Федерациясының тағына өзі қонжиды. Ельциннің ондай билікқұмарлығы, Горбачевпен қырғи-қабақ араздығы бізге жақсы болды. Тәуелсіз мемлекет болып шыға келдік. Ельциндер онсыз да тарап кеткен империяның құлағанын құжат жүзінде бекітіп берді.
Жоғарыдағы екі тарихи фактіден түйгенім – билеушілердің шексіз билікқұмарлығы ел мүддесін ұмыттырып, қарақан басының қамын бірінші орынға қойғызады. Соның салдарынан кішкентай елдер тәуелсіздігінен айрылады, ал империялар құлап, тарих сахнасынан кетеді.
Жуырда «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында Мемлекет басшысы Қазақстанда қос билік болғанын ашық айтты. Экс-президенттің саяси сыпайылықты сақтамай, министрлер мен лауазымды тұлғаларды шақыртып, жиналыстар өткізгенін, соның кесірінен шенеуніктер кімге бағынарын білмей қалғанын жеткізді.
Құдай келер дәуірлерде қазаққа тек билікқұмарлығын ысырып қойып, бірінші ел мүддесін ойлайтын басшылар нәсіп етсе екен.
Aлпамыс Файзолла
Abai.kz