Мағауин мен Солженицын

Биылғы жылдың басында әйгілі жазушы Мұхтар Мағауин дүниеден озғанда көңіл айтқан, пікір білдірген жазбалар бүкіл әлеуметтік желілер, баспасөз беттерінде жария болып, теледидар экрандарынан беріліп жатты. Осы бағыттағы ақпарат ағыны әлі толастар емес. Бұл түсінікті, қалыпты жағдай. Өйткені, шығармашылығы қалың қазақты бей-жай қалдырмайтын тұлғаның қилы тағдыры көзі қарақты оқырман, зиялы қауымның ұдайы назарында болып келе жатқаны жасырын емес. Оның арасында дау-дамай тудыратын түстары да жетіп артылады.
Мәселен, соның бірі М.Мағауиннің 2007 жылы шетелге кетуін алайық. Бұл жөнінде елге танымал екі жазушының жазбасына тоқталғанды жөн көрдім.
Алдымен Ақберен Елгезектің «Мағауин қазақты “талақ” етіп кетті деген әңгіме – мүлде жөнсіз сөз» деген «Адырна» ұлттық порталында жарияланған мақаласынан (14.01.2025) үзінділер келтірейік:
«Өз ұлтының руханиятына ғұмырын бағыштаған екен, онда ол ойыншық бермедің деп өкпелейтін қырсық бала сияқты бұртиып, өз туған еліне беталбаты ренжіп кетпейді;
Сондықтан Мағауин қазаққа ренжіп кетті, қазақты Мағауин “талақ” етіп кетті деген әңгіме тисе терекке, тимесе фейсбукке болған мүлде жөнсіз сөз;
Неге кетті деген сұраққа - қарапайым жауап. Мағауиннің алдында ұлы мақсат тұрды, оны ол орындау керек болған, семіз нүкте.
Мағауин - елден Қазақ үшін кетті, қазақтың шашылып жатқан тарихын жүйелеп беруге кетті. Біреуден бірдеңе сұрады ма, мемлекетке осыны істеп жатырмын деп міндетсіді ме?! Жоқ!»
Дегенмен жазушының Мағауинге қатысты әңгімеге «семіз нүкте» қою керек деген уәжімен елдің біразы келісе қоймас. Соның ішінде мұндай қорытындыға дәлелді жауапты жазушымен ұзақ жылдар бірге жұмыс істеген серігі, әріптесі, белгілі жазушы Тұрысбек Сәукетаевтың «Мағауин ғибраты» (02.02.2025) деген «Адырна» ұлттық порталында жарияланған жазбасынан байқадық. Сонымен бірге бұл мақала «Жұлдыз» журналының биылғы шыққан екінші нөмірінде де басылыпты. Енді аталған мақаладан үзінді келтірейік:
«Отыз жылға созылған сойқанды, қорқынышты қара түнек режимнің бүгінгі таңда сұрқия бет-пердесі жыртылып, ресми билік тарапынан саяси тұрғыда айыпталып жатқанын көріп отырмыз. Ширек ғасыр бойы төбемізге әңгіртаяқ ойнатып есірген "Семья" мен ат төбеліндей олигополия не істемеді десейші? Ұрлады, тонады, барыңнан айырып қайыршы қылды, өлтірді, таптап қорлады... Авторитарлық биліктің жойдасыз қиянатына Мұхаң бей-жай қарап отыра алған жоқ. Уытты қаламын жай отына жанып алып, майдан ашты: Назарбаевтық "прихватизация" бүкіл байлықты ту-талақай талап-тонап, жер саудаға түскенде: "Жердің асты мен үстін қоса, елін де сатып жіберген патша тек бізге ғана бұйырған!" деп, "Жұлдыздың" бетінде елден бұрын дабылдатқан кім? Мағауин! Билік шекараны шегендедік деп, аяқты алшаң басқанда, көп жер алтын-күміс кенішімен қызыл сызықтың арғы жағында қалғанын айтып айқайлаған кім? Мағауин! "Қазақтың болашағы – қазақ әйелдерінің алтын құрсағында", аналарға жағдай жасалу керек деп, демографиялық мәселеге алаңдаған кім? Мағауин! Жаңа-өзендегі қырғында бүкіл ығай мен сығай аузына су толтырып отырғанда, "Қан төгілді!" деп аттан салған кім? Тағы да жалғыз Мағауин! Ол ұлт мүддесіне қатысты үлкенді-кішілі мәселенің еш қайсынан тыс қалған емес, бәрінің жоқшысы болып, дабыл қағудан жалықпады.
Айналасына жарамсақтардан жасақ жинап, жалған мақтауға жаны семірген Назарбаевтық билікке турасын тіліп айтар өктем мінез жазушы, әрине, жаққан жоқ. Журналдан қуып, үнін өшіру үшін неше түрлі айла жасады. Қорқытты-үркітті, журналды айлар бойы қаржыландырмай қыспаққа салды. Көп бұлғақтың бәрін тізбей, бір-ер мысалмен ғана тізгін тартсам, жалған патриот, биліктің қабақ танығыш құйыршығы боп жүрген ұраншыл бір депутат: "Мағауин үкімет қаржыландыратын журналды өз бас пайдасына пайдаланып, үкіметті сынап-мінейтін үгіт құралына айналдырып отыр, бұл сұмдық қой, ойбай, аттан!" деп, ішінде 8 орыс, және "Жұлдызды" оқымақ түгіл қазақша ләм деп білмейтін 12 "қара орысы" бар, жиыны, кейін Мұхаң "26 комиссар" деп әйгілеген 26 депутатқа бармақ бастырып, Мәжілісте арнайы мәселе көтерді. Әлгі жантық онымен де тоқтамай, Қ. Жұмаділовтің тәуелсіздік жылдары жайлы "Қылкөпір" дейтін романы шыққан "Жұлдыздың" номерін қыбын тауып президенттің қолына ұстата қойыпты. Іле-шала Президент Әкімшілігінен бір чиновник шырылдап маған телефон шалды. (Ол кезде Мұхаң Чехияда жүрген). "Романның жалғасы шығып кетсе, дереу ол номер тұтқындалсын!" деді. Мен: "Тарап кетті!" дедім. "Ойбай-ай, енді қайттім!" деп, жыламсырап телефонды тастай салды. Осыдан кейін билік Мұхаңды "Жұлдызда" көп тұрақтатқан жоқ. Түртпек көбейді, тіпті, ашық қоқан-лоққыға дейін барды. Осындай саяси, рухани қыспаққа жаны күйген жазушы не істеуі керек? "Ойбай, ол ешқандай диссидент емес, ешкім елден қуған жоқ" деп, ең болмаса аруағына тыныштық бермей артынан топырақ шашқан имансыз кей шәуілдекке ескертерім, бір сөзін екі дәйекке сүйеніп айтатын ғұлама Тұрсынның куәлігіне жүгінсін: "Мұхаңның үйінің алдына қауіпті топтар жиналып, балағат сөздер айтып, елден кетуін талап еткен... Ақыры өміріне тікелей қатер төне бастаған соң, досы Әбіш Кекілбаевпен ақылдасып, Еуроодақ ұсынған саяси баспана құқығын пайдаланып, Прагаға кетуге мәжбүр болды". ("Мағауиннің "Мені" өлмейді").
Міне, бұл мәселеде автордың соңғы «...Еуроодақ ұсынған саяси баспана құқығын пайдаланып, Прагаға кетуге мәжбүр болды» деген сөзі М.Мағауиннің баяғы орыс диссиденті атақты жазушы А.И.Солженицын тағдырын еске түсіреді.
Айталық, Александр Исаевич (шындығында Исаакиевич екен) соғыста жүріп, бір досына жазған хатында Сталинды «Паханға» теңепті. Сол үшін түрмеге де отырады. Билік басына Н.Хрущев келіп, аздап жылымық басталғанда жариялаған мақалаларында марксизм-ленинизмнен көңілім қалды дегендей пиғылдарын ашық білдіреді. Бірнеше әңгімелері «Новый мир» басылымының арқасында оқырманға жетеді. Солженицын өзінің негізгі туындысы «Архипелаг ГУЛАГ» романын жазуға кіріседі. Ол ондаған жылдар бойы (1960-1980 жылдар) коммунистік идеяларға, КСРО-ның саяси жүйесіне және оның билігінің саясатына белсенді түрде қарсы шықты.
Мемлекет басшылығына Л. Брежнев келген кезеңде кеңестік жүйені сынаған қаламгерлерді тұтқындау, қудалау толқыны барысында Солженицынның «Кеңес Одағын үлкен лагерь – ГУЛАГ», яғни «Архипелаг ГУЛАГ» атты жанжалды романының (1969-1989) қолжазбалары тәркіленеді. Жазушы самиздатқа ауысып, шығармаларын шетелде басып шығарады, шетелдік мерзімді басылымдарға сұхбат береді.
1968 жылы «Бірінші шеңбер» және «Қатерлі ісік» романдары автордың рұқсатынсыз АҚШ пен Батыс Еуропада басылып, жазушыға танымалдылық әкелген кезде, кеңес баспасөзі авторға қарсы үгіт-насихат жұмыстарын бастады. 1969 жылы 4 қарашада КСРО Жазушылар одағының мүшелігінен шығарылды.
1970 жылға қарай Солженицынның шығармалары 28 елде басылып шықты, ең көп аудармалары Батыс Германия мен АҚШ-та жарық көрді. Осы уақытқа дейін шетелде орыс тілінде 17 жеке басылым мен алты томдық шығармалар жинағы басылып шықты. 1970 жылы Солженицын Нобель сыйлығының иегері атанады.
1973–1974 жылдары «Архипелаг ГУЛАГ» романы шетелде жарық көруімен КСРО-да диссиденттерге қарсы күшті үгіт-насихат науқаны басталды. 1973 жылы 31 тамызда «Правда» газетінде бір топ танымал совет жазушыларының Солженицынды айыптайтын ашық хаты жарияланды.
1974 жылы 7 қаңтарда КОКП ОК Саяси бюросының мәжілісінде «ГУЛАГ архипелагының» жариялануы және «Солженицынның антисоветтік әрекеттерін жолын кесу» шаралары талқыланды. Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің басшысы Ю.Антропов Солженицынды әкімшілік жолмен елден шығаруды ұсынды. Устинов, Гришин, Кириленко, Катушев шығаруды жақтады; тұтқындау және жер аударуды - Косыгин, Брежнев, Подгорный, Шелепин, Громыко және т.б.
12 ақпанда Солженицын тұтқындалып, мемлекетке опасыздық жасады деген айып тағылып, Кеңес азаматтығынан айырылды. 13 ақпанда КСРО-дан шығарылды (Германияға ұшақпен жеткізілді). Ол қуылғаннан кейін көп ұзамай Солтүстік Еуропа елдерін аралап, ақырында Швейцарияның Цюрих қаласында уақытша тұруға шешім қабылдады.
1976 жылдың сәуірінде ол отбасымен Америка Құрама Штаттарына көшіп, Кавендиш қаласына (Вермонт) қоныстанды. Келгеннен кейін жазушы «Қызыл доңғалақ» эпопеясын жазуға қайта отырады. Баспасөзде сирек көрінгенімен ол кеңестік тәртіпті де, американдық шындықты да сынады.
Ал енді біздің Мұхтар Мағауинның тағдырына келейік. Жоғарыда Т.Сәукетаевтың «Мағауин ғибраты» мақаласында айтылғандар мен Солженицынның басынан өткен жағдайлар кеңестік екі жазушының тағдырында қаншама ұқсастықтар барын байқатады. Мағауин да Солженицын сықылды алдымен Еуропадағы Чехияның Прагасына табан тіреп, алты жылдан кейін АҚШ-ның Мэриленд штатындағы Силвер Сприң қаласына қоныстанады. Мұқаң онда өндіріп жұмыс істеп, «Шыңғысхан» атты тарихи роман тетралогиясын, "Алтын Орда" романын жазды. Сонымен қатар жазушының билікті өткір сынаған кездері де болды. 2011 жылы Жаңаөзен оқиғасы кезінде “Қан төгілді” деген атаумен мақала жазып, “менің балаларым мен немерелерім – кеудесінде намысы бар ұлдарым мен қыздарым қызыл қанға боялып жатыр” деп, Назарбаев жүйесіне наразылығын жеткізді. Бертінде “Халық үні” басылымына берген сұхбатында «Елін жерімен қосып сатып жіберген патша бізге ғана бұйырды» деп бірінші президент Н.Назарбаевты өткір сынға алды...
Мұхтар аға 2021 жылы берген сұхбатында өз отанын тастап, шет ел асуының себебін былай түсіндірген еді: "Қазақта "Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар" деген сөз бар. Мен баяғы орыстың диссидентін отырғызып, желкелеп шығарып салғандай жағдайды бастан кешкем жоқ (Солженицынды айтқан болар. – Ө.С.), мен өзім кеттім. Тыныш жұмыс істеу керек. Әдебиетте әртүрлі дау-дамай болады. Әуезов те, Мағжан да сынға ұшыраған. Алайда маған қарсы үлкен науқан жүрді...
Мәселе осында деп білеміз. Өзі де "Қазақта "Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар" сөзді ауызға алыпты ғой. Т.Сәукетаев тағы бір сұхбатта: «Турасын айтқан туғанына жақпайды» демекші, Қазақстанның рухани кеңістігінде болып жатқан олқылықтарды айтатын кезде бұл кісі батыл-батыл мақалалар жазды. Жердің сатылуына байланысты, шекараға байланысты, басқа да тақырыптар, мысалы шетелден қандастарымызды әкелудегі үлкен кедергілер жайлы көптеген мақалалар жазып, бұл кісі биліктің қаһарына ұшырады десек болады. «Жұлдыз» журналында жүргенде мен өзім талай көрдім. Талай арыз жазып, тыныштық бермеді. Шындығын айтқанда бұл кісі үлкен рухани репрессияға ұшырады. Бұл кісіні 2006 жылы қазан айында «Жұлдыз» журналынан жұмыстан қуып, шығарып жіберді. Былай айтқанда сыртынан бұйрық берді де шығарып жіберді. Енді бұл деген адамға рухани соққы емес пе? Басқа жағынан да соққы көрді. Ешқандай кітаптарын шығармады. Үкіметтің министрліктің тарапынан болатын кітап шығаратын қолдаулар бар ғой? Сондайлардың ешқайсысы кітабын басып шығармады. Содан кейін көңіліне тиген болуы керек. Ол кісі шетелге кетті. Бірақ біздің халықты ұмытпады. Өмірімізде болып жатқан әрбір құбылысқа сергек үн қатып, сол жақта жатып өзінің айқайымен араша болып отырды», - депті.
Сондықтан М.Мағауинды күлбелектемей-ақ, кезінде елдегі үстем идеологиямен келіспей кеткен адам, диссидент болған еді десек артық айтқандық бола қоймас. Бір сөзбен айтқанда бастапқыда елден ықтиярсыз кеткен адам демекпіз.
Қалай дегенмен де, 2020 жылы 2 ақпанда қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілі 80 жасқа толғанда қаламгерді президент Қасым-Жомарт Тоқаев мерейтойымен құттықтап, ізгі тілегін арнап, жеделхат жолдады. Мемлекет басшысы Мағауиннің ұлтты ұйыстыру мен тәуелсіздікті нығайту жолындағы еселі еңбегі өскелең ұрпақ үшін үлгі-өнеге екенін айтты. Одан бұрын да Қасым-Жомарт Кемел ұлы, Қазақстанның сыртқы істер министрі ьолып тұрғанда да Мұхтар Мағауинның шығармашылығын жоғары бағалап, жылы пікір білдіріп тұрғанын баспасөзден оқығанымыз бар.
Енді тағы да Солженицынге оралайық. Ол өмірінің соңғы бөлігінде 20 жылдан кейін 1994 жылы туған жері Ресейге қайта оралды. 1997 жылы Ресей Ғылым академиясының толық мүшесі болып сайланды. Гуманитарлық қызмет саласындағы ерекше жетістіктері үшін Ресей Федерациясының Мемлекеттік сыйлығымен марапатталып, 2007 жылы 12 маусымда президент Владимир Путин Солженицынға барып, оны Мемлекеттік сыйлықпен марапатталуымен құттықтады. 2008 жылы қайтыс болып, Мәскеудегі Дон монастырындағы қорымға жерлеу рәсіміне сол кездегі Ресей Президенті Д.Медведев қатысты (қысқа мерзімдік демалысынан арнайы келіп). Міне, Ресей әдебиеті мен мәдениетінің патриархының өмір жолы осылай аяқталды.
Өкінішке қарай, қазақ әдебиеті мен тарихын зерттеп, өлмес мұра қалдырған, қалың қазақтың ықыласына бөленген заңғар жазушы Мұхтар Мағауинға туған жерден топырақ бұйырмады. Әрине, Мұқаң тірі кезінде – ақ, ұрпақтарына өз өсиеті бойынша Америка топырағына жерлеуді айтып кеткені белгілі. Дегенмен...
Енді Мағауиннің екінші өмірі басталды. Ол қалай өрбиді? Уақыт көрсетер...
Р.S. Алайда, М.Мағауин «синдромына» мұнымен «семіз нүкте» қою ертерек пе деймін. Өйткені, менің ойымша Мұхтар абыздың өзі "26 комиссар" деп әйгілеген, Мәжілісте дабыл қаққан 26 депутаттың атын атап, түсін түстеген дүрыс болады деп ойлаймын.
Сондықтан Президентіміз айтқандай «Жаңа Қазақстан – бұл шын мәнінде әділетті Қазақстан» болатын болса Герольд Бельгер «Жарайсың, Мағауин! Соңғы жылдары Мағауинның аса ірі, дарыны шексіз, ауқымы кең прозаик екеніне көзім жеткенін жасыра алмаймын. Ғаламат ойшылдығында шүбә жоқ. Қуаныштымын. Нағыз кәсіби қаламгер. Болсаң сондай бол!» деп баға берген алып түлғаны елден нақтылы кімдердің кетіруге ықпал еткенін жұртшылықтың біліп жүргені дұрыс болар демекпін!
Өмірзақ Сұлтанов
Abai.kz