Дүйсенбі, 21 Сәуір 2025
Соғыс 334 0 пікір 21 Сәуір, 2025 сағат 12:36

Уураина-Ресей келіссөзі: Дәйек пен дақпырт

Сурет: wikipedia.org сайтынан алынды.

Украина-Ресей соғысына байланысты келіссөз не болып жатыр? Бүгін Bloomberg басылымы АҚШ-тың Украина-Ресей соғысын аяқтауға қатысты бейбіт жоспары туралы жазды. АҚШ Еуропаға Украина мен Ресей арасында ұрыс қимылдарын тоқтату және бейбіт келісім жасау процесі іске асса, Мәскеуге салынған санкцияларды жеңілдетуді ұсынуда. Бұл мәселе Парижде өткен талқыда көтерілген екен. Парижде кездесу кеше өткен еді.

АҚШ ұсынған жоспарда Ресейдің бақылауындағы аймақтар Мәскеудің бақылауында қалатыны айтылған. Ал Киевті НАТО-ға қосу жағы қарастырылмайды. Ресейдің бақылауында қалған оккупациялық аймақтарды әлемдік қауымдастық мойындамайды және ол «оккупациялық аймақ» статусында қалмақ. Ұрыс қимылдарын тоқтату бойынша келісім жасалса, Украинаға Батыс елдері қауіпсіздік кепілдігі хаттамасын ұсынуды ойластыруда. Алайда оның қандай сипатта болары белгісіз. Міне, Bloomberg жазған мақалада осылай жазылған.

Бұл дегеніміз не? Бұл соғысты аяқтау емес, бұл ұрыс қимылдарын тоқтату. Ресей оккупациялап алған аймақты Украина ресейдікі деп мойындамайды, ал Украина өзінің заңды аймағында тұрған жерді (Донецк, Херсон, Запорож, Луганск бөліктері) Ресей "біздікі" деп санайды. Ресей оны заңсыз псевдореферендумда өзінің конституциясына қосып қойған. Ресей медиасында ұлтшылдары "Херсон, Запорож қалалары мен аймақтары Украина оккупациясында жатыр" дегенді жиі айтатын болады. Қысқасы бұл ұрыс қимылдарын уақытша тоқтату дегенге көбірек келетін сияқты. Ал оның түбі қайта соғысқа әкелуі мүмкін. Бәлкім Трамп әкімшілігі кеткен соң, бәлкім 10 жылдан кейін, бәлкім 20 жылдан кейін. Трамп әкімшілігінің қазіргі ұсынысы "біз тұрғанда соғыспайсыңдар, біз кеткен соң білгеніңді істе" позициясына көбірек ұқсайды. Бұл бір жағынан Украинаға қажет ұсыныс. Әскер жасақтауға, қорғаныс позицияларын құруға, қару-жарақты көбейтуге және милитаризация жолына түскен Еуропа да алдағы 4-5 жылда көбірек қару бере алатын әлеуетке ие болады. Себебі Еуропа қару-жарақ өндірісін ұлғайтуда. Мәселе мынада: Ресей бұл ұсынысты қабылдай ма, әлде, Херсон, Запорож, Донецк облыстарын толық оккупациялағанға дейін ұрысты жалғастыра ма? Менің ойымша Ресей тарапы дәп қазір тоқтауға құлықты емес. Мәскеу майдан даласындағы инициативаны толық өз қолымызға алдық деген көзқараста. Херсон, Запорож, Донецк облыстарын толық оккупацияламай, тоқтамаймыз деуі де мүмкін.

Ол үшін келіссөздерді созып, майдан даласында шабуылды жалғастыра бермек. Алайда Ресей үшін ол оңайға соқпайды. Херсон, Запорож іспетті қалаларды алу үшін кемі жыл кетеді. Бұл ірілі-ұсақты өзге ауылдар мен қалашықтарды қоспағанда.

Трамп жаңа ғана сөз сөйледі. Былай дейді: «Біз бұл соғысты тоқтатуға тырысып жатырмыз. Егер қандай да бір себеппен қос тарап келісімді күрделендірсе, бұра тартса, онда біз «сендер нағыз жауыз, ақымақ адамсыңдар дейміз де, бұл істен шығамыз». Бірақ оған жете қоймаспыз деп үміттенемін.

Қазір мен соғысты аяқтауға талпынысты көргім келеді. Менің ойымша сол талпынысты көріп отырмын. Екі тараптан да. Бұл Байденнің соғысы еді ғой. Мен бұл іске кіріскенімде жұрт «Бұл енді Трамптың соғысы» деп жатты. Жоқ, бұл менің соғысым емес. Бұл Байденнің соғысы. Бұл соғыс басталмауы керек еді. Түсінесіз бе?! Ешкім ешкіммен ойнап отырған жоқ. Біз бұл соғысты тоқтатуға тырысып жатырмыз. Бізде шынайы мүмкіндік бар деп санаймын. Қазір барлығы да шешуші сәтке жақындап қалды», - дейді АҚШ президенті.

Бұл жерде мына сөздерге аса мән беру керек деп санаймын: «Бұл істен шығамыз» (яғни келіссөзден кетеміз), «Бұл Байденнің соғысы».

Яғни, келіссөз ұзаққа созылып, нәтиже бермесе, Трамп кінәні қос тарапқа итеріп, келіссөзден шығып, Украинаға әскери көмекті тоқтатуы мүмкін. Шындығында қазір АҚШ-тан Украинаға келіп жатқан қару-жарақтың бәрі Байден әкімшілігі берген қару-жарақтар. Трамп әкімшілігі жаңа әскери көмек пакетін жариялаған емес, жарияламайтын да сияқты.

Соғысты тоқтата алмағанын Трамп «Бұл Байденнің соғысы еді» деу арқылы, өзін өзгенің соғысын тоқтатуға ұмтылған бітімгер ретінде көрсетіп, ол бітімгерлік миссиясының сәтсіз болғанына Ресей-Украинаны айыптауы мүмкін. Ал Украинаны қолдау мәселесін Еуропаға қарай ысыра салуы ғажап емес. Онда бұл Украина үшін қиын болмақ. Себебі АҚШ-тың бронды техникаларын, спутниктік барлауы мен әуе қорғаныс жүйесіне қажетті зымырандарын, зымыран шабуылын ескерту жүйесін Еуропа толық алмастыра алмайды.

Осыған дейін Трамп «келіссөзге кедергі тарапқа қысым жасаймыз» деген еді. Украина ұрыс қимылдарын тоқтатуға бірден келісті, келіспей отырған Ресей. Алайда Трамптың Ресейге қарсы әрекеті байқалмайды. Менің ойымша айдың соңында көп дүние белгілі болады. Трамп Ресейге қысым жасай ма (яғни санкцияны күшейтіп, Ресейдің мұнайына қысымды арттыру), АҚШ келіссөзден шыға ма, әлде оны жалғастыра ма, Еуропа Украинаны қаншалықты қолдайды, міне осының бәрі ай соңында айқындала бастайтындай.

Ресейлік ақпарат көздері «Украина Пасхадағы келісімді бұзып, Донецкті атқылады» дегенді жаппай жазуда. Қалаға расымен шабуыл жасалды ма? Жасалса, кім жасады? Украина ма? Арандату ма? Ол жағы әзірге белгісіз.

Жалпы бұл «Пасха келісімі» деген Путин айтқандай гуманитарлық мақсатта емес, медиалық мақсатта жасалған дүние. Гуманитарлық мақсатта шешім қабылдануы тиіс болса, наурыз айында «ұрысты 30 күнге толық тоқтату» туралы АҚШ-тың ұсынысын Путин қабылдауы тиіс еді. Ол ұсынысты Украина қабылдаған, алайда Ресей әлі қабылдаған жоқ.

Батыстық медиада не жазылуда? Мысалы мүйізі қарағайдай сайттар былай деп жазуда. Sky News: «Пасха келісімін ұсыну арқылы Путин өзін бітімгер етіп көрсетуде», WSJ: «Пасхада ұрысты тоқтату ұсынысын жасау арқылы Путин дипломатиялық жеңіске жетті», CNN: «Путиннің Пасха келісімі Украина үшін қиындықтар туындатуы мүмкін, себебі Трамп соғысты тоқтатуға Мәскеу емес, Киев кедергі деген ұстанымды қуаттай бастауы ғажап емес», The New York Times: «Ресей Пасха келісімі арқылы келіссөздерге ашық екенін аңғартуда» және басқаны жазуда.

Яғни, Путиннің бұл шешімі майдан даласында ештеңені өзгертпесе де, медиалық эффектісі байқалуда. Келісімді жариялаудың да мақсаты сол еді. Ресейдің ұрысты тоқтатуға дайын екенін сөз жүзінде аңғарту және сол арқылы Трамп әкімшілігіндегі осы соғысқа қатысты ресейшіл көзқарасты ұлғайту. Ойлағандары іске асты ма, жоқ па, оны жақын аралықта көреміз. Трамп әдеттегідей бір-екі туит жазуы тиіс.

Осыған дейін «Курск облысында Украина әскері мыңдап қоршауда қалды», «Украинаға ұшып бара жатқан 7 дронды Ресей өзі атып түсірді» деген Ресей ақпараты Трамп әкімшілігі тарапынан қолдау тауып, Трамптың, Уиткоффтың аузынан айтылған еді. Кейін бұл ақпараттардың шындыққа жанаспайтынын тәуелсіз әскери сарапшылар, Франция және Ұлыбритания барлау қызметі дәлел-дәйекпен көрсеткен соң, ол жайлы айтылмайтын болды.

Асхат Қасенғали

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Қайраулы қара семсер

Есболат Айдабосын 2097
Анық-қанығы

Еуропаға Ресей аумағынсыз шығу жолы

Асхат Қасенғали 4968
46 - сөз

Бізге беймәлім Барақ хан

Жамбыл Артықбаев 4189