Сәрсенбі, 23 Сәуір 2025
Мәдениет 377 0 пікір 23 Сәуір, 2025 сағат 12:43

Әткеншектегі екеу

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.

Жалғыздық – адам болмысына тән мәңгілік күй

ХХ ғасыр драматургиясында  адам психологиясының терең қатпарларын ашуға деген талпыныс ерекше байқалады. Атап айтқанда, Антон Чехов кейіпкерлердің ішкі жан дүниесін шынайы жеткізу арқылы психологиялық драманың дамуына үлес қосты.  Бертольт Брехт "Эпикалық театр" идеясын ұсынып, көрерменді оқиғаға бейтарап қарап, ойлануға шақырды. Жан-Поль Сартр мен Альбер Камю адамның еркіндігі мен жауапкершілігі мәселелерін өз шығармаларында қозғады. Эжен Ионеско мен Самюэль Беккет болса, адам өмірінің мағынасыздығы мен қатып қалған ережелерді сынға алды. Қазақ драматургиясы да осы жаһандық үрдістен қалыс қалмай, өзіндік ұлттық бояуын сақтап, үлкен көркемдік жетістіктерге жетті. Мәселен: Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Әбіш Кекілбаев, Оралхан Бөкей, Дулат Исабеков сынды қаламгерлер кеңес дәуіріндегі қоғамдық өзгерістер мен адам болмысы арасындағы қақтығысты көрсетті. Соның ішінде, Америкалық драматург Уильям Гибсонның «Двое на качелях» пьесасы да дәл осы ішкі рухани арпалысты, күйзеліс пен махаббаттың күрделі табиғатын зерттейтін туынды. Қазақ тіліне «Әткеншектегі екеу» деп тәржімаланған бұл шығарма, Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында «сені сүйем» атауымен Дина Жұмабайдың режиссерлік интерпретациясында ерекше тыныс алып, көрерменге терең ой саларлық сахналық оқиға ретінде ұсынылды.

Кіші залда қойылған спектакль көрермен мен актер арасындағы шекараны жойып, қатынасты мейлінше жақындатуға бағытталғанын аңғаруға болады. Қойылым екі кейіпкердің  Гитель мен Джерридің күрделі қарым-қатынасы арқылы жалғыздықтың түр-түрін бейнелейді.

Гитель - өз өмірінде талай қарым-қатынасты бастан өткерген, тәжірибелі, бірақ соған қарамастан, шынайы махаббатты бұрын-соңды сезінбеген ару. Қойылым барысында ол ер адамның озбырлығына көз жұма қарап, соқыр сезімге берілген жан ретінде көрінеді. Сонымен қатар, асқазанында жазылмас жарасы бар, бұл - оның бұрынғы абьюзивті қарым- қатынастарының салдары деп түсіне аламыз. Актриса Аида Жантілеуованың орындауындағы Гитель бейнесі - шынайы, ішкі жарасы терең, махаббат іздеп шаршаған жан. Ал, Джерри - балалық шағының жарасынан арыла алмаған, өзімен күресіп жүрген заңгер. Сүйіп қосылған Тесс есімді әйелімен ажырасып, жаңа өмір бастау үшін Небраскадан Нью-Йоркке келді.  Балалық шағында бастан өткерген кедейлік пен жалғыздық оны өмір бойы мазалап келеді. Оның ішкі күйзелісі өзін-өзі кінәлауға, тіпті суицидке дейін жетелейді. Елубай Нариман бұл образды терең психологиялық шеберлікпен жеткізе білді. Қойылымның басында сабырлы, ұстамды көрінетін Джерри финалға қарай ішкі арпалыстан шаршап, ақыры шешім қабылдап, өз өмірімен қоштасуға дейін барады.  Көрермен эмоциясына ерік беріп, кейіпкерлердің күйінен үркіп, қоса жылап жатқандарына куә болдық. Осыған қарап біз актерлік құрамнан үздік тандем шықты деп айта аламыз. Әсіресе, ішкі жан дүниедегі сезімдердің сыртқы пластикалық өрілуі келесті.Режиссер сахнада махаббат пен сағынышқа толы кезеңнің нәзік иірімдерін психо-физикалық актерлік ойынмен шебер өріп, джаз әуендерінің ырғағы арқылы америкалық өмір салтының өзіндік болмысын сезіндіре отырып, ерекше атмосфера қалыптастыра алды.

Екі кейіпкер арасындағы қарым-қатынас - қазіргі қоғамдағы нәзік әрі маңызды тақырыптардың бірі. Бірі - өзін сүйе алмайтын болса, екіншісі - өткен өмірінің жәбірленушісі. Бұл - қазіргі күннің де шындығы. Міне сондықтан болар, пьеса атауы «әткеншектегі екеу». Олардың арасындағы байланыс тұрақты емес, сезімдер құбылып тұрады нағыз «әткеншек» сияқты. Бұл эмоционалдық тербеліс -махаббаттағы, жалғыздықтағы, сенім мен сенімсіздік арасындағы күй. Д.Жұмабайдың таңдап алған шет елдік шығармалары біздің қазақы менталитетке сай келуі көңіл қуантқаны мен көтерген тақырыбы аянышты.

Ең әсерлі тұстардың бірі - сахналық декорациядағы символизм. Артқы фонда үздіксіз қозғалыста болатын үлкен пазл құрылымы орнатылған. Кейіпкерлер ашуланып, күйзеліске түскен сайын  пазл бөлшектері шашылып кетіп, оның орнына әлемге әйгілі суретшілердің туындылары пайда болады. Мәселен, Гительдің бөлмесінде Марк Шагалдың атақты «Қала үстінде» картинасы көрермен назарына ұсынылады. Бұл туынды да суретші  сүйікті әйелі Белламен бірге қала үстінде  қалықтап тұрған күйді бейнелейді. Режиссер бұл картинаны көрсету  арқылы жаңа қалаға қоныс аударған кейіпкеріне  Нью-Йорктің мүмкіндіктер қаласы ретінде көрінгенін және махаббатын табуға үміт сыйлағанын байқаймыз. Бірақ, соңында Джерри үшін бұл қала жалғыздық пен күйзелістің символына айналады.Ал, Джерридің бөлмесінде Эдвард Мунктың «Ажырасу» атты туындысының пайда болуы - махаббат сахнасының соңғы бөлімі екенін аңғартады.«Ажырасу - кішкентай өлім»  деген ұғымды суреткер бұл картинада терең бейнелеген.  Ер адам - күйзелісте, торығуда, ал әйел –озбырлық көрген солыңқы күйде. Пазл толық ашылған сәтте біз кейіпкерлердің ажырасуына куә боламыз.

Қойылымның ең үлкен жетістігі - оның бүгінгі қоғаммен үндесуінде. Психологиялық травмалар, ішкі күйзеліс, өзін-өзі бағалау мәселесі, абьюзивті қатынастар - бұның бәрі қазіргі заман жастарының да күн тәртібіндегі тақырыптар. «Әткеншектегі екеу» – сахнада қойылған махаббат драмасы ғана емес, бұл – жалғыздықпен күрестің, рухани ізденістің, адамның ішкі әлеміндегі күйзелістің шынайы бейнесі. Режиссер Дина Жұмабайдың сахналық шешімдері мен актерлік құрамның терең ойындары бұл спектакльді әсерлі әрі есте қаларлық туындыға айналдырған. Джерри мен Гительдің оқиғасы – бүгінгі өмірдің бір көрінісі.

Ұлпан Шеріхан,

Т. Жүргенов академиясының театртанушы студенті

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Қайраулы қара семсер

Есболат Айдабосын 2178
Анық-қанығы

Еуропаға Ресей аумағынсыз шығу жолы

Асхат Қасенғали 5079
46 - сөз

Бізге беймәлім Барақ хан

Жамбыл Артықбаев 4316