Өзбек депутаты Лавровты орнына қойды!

Таяуда Өзбекстанға ресми сапармен барған Сергей Лавров Екінші дүниежүзілік соғыс құрбандарына арналған ескерткіштердің бірінде «орысша жазу болуы тиіс» деп өзбекстандық шенділерге ескерту жасап еді.
Лавровтың дипломатиялық хаттаманың шегінен шығып кеткен бұл әрекеті отарлық қатынасты әлі де өзекті санайтын Мәскеудің қазіргі ұстанымын айқын көрсетіп тұр. Өзбек ағайындар бұл жолы үнсіз қалмады. Депутат Одилжон Тожиевтің жауабы – қысқа, әрі нақты болды.
– Шет тілін жасанды түрде таңу сүйіспеншілік емес, қарама-қайшы көзқарас тудырады. Оның үстіне күштеп құрметтете алмайсың, ол өзінен-өзі келеді. Егер Мәскеудің бас алаңында өзбек тілінде жазу пайда болса, бәлкім, сол кезде ойланып көрерміз, – деді Тожиев. Осылайша тәуелсіздік тілінде сөйлеп Лавровты орнына қойды. Сөз жоқ, мұны посткеңестік кеңістіктегі ұлттық бірегейлікті қорғаудың жаңа парадигмасы деп жадымызға түйіп қойдық.
Өзбекстан бұл мәселеде Қазақстанмен қатарлас келеді. Бізде де осыған ұқсас жағдайлар орын алып тұратыны белгілі. Қазақстандық дүкенге «тек қазақша жазу керек» десе, Ресей думасының депутаты ұлардай шулап, «орыс тілі құқығы бұзылды» деп айғайлағаны әлі есімізде. Ал өз елінде бір ауыз қазақша, өзбекше жазуға рұқсат бермейді.
Тіл мәселесі Мәскеу үшін бұрын да – ықпал тетігі болса, қазір геосаяси қару ретінде қарастырылуда. Бірақ Орталық Азия халықтары бұл дискурстан әбден шаршады. Олар енді тілдік тәуелсіздікке басымдық беріп, оны ұлттық қауіпсіздік пен ішкі саяси тұрақтылықтың негізгі элементі ретінде қарай бастайтын болады.
Лавровтың сөзі бізге таныс риторика. Бірақ оған қарсы Тожиевтің жауабы Орталық Азия елдеріндегі жаңа буын саясаткерлерінің дүниетанымын көрсетеді. Олар Кремльдің риторикасынан қаймықпайды, керісінше, оны тең дәрежелі диалогқа шақырады. Бұл – тәуелсіз елді ңсыртқы саясаттың айқын ұстанымы. Бұрынғыдай «үндемей қалу» дәуірі келмеске кетті.
Бүгінде Орталық Азия елдері посткеңестік идентификациядан біртіндеп, бірақ нық қадаммен шығып жатыр. Олар енді өз тілінде сөйлегісі келеді, өз тарихын жазғысы келеді, өз символын бекіткісі келеді.
Тожиевтің жауабы – өз ішіміздегі ұлтжанды депутаттарға да үлгі болуы тиіс. Себебі парламент – тек заң шығаратын емес, ұлттық мүддені қорғайтын алаң. Егер Мәскеу өз тілін қорғауды сыртқы саяси миссия ретінде қабылдаса, онда Астана мен Ташкент өз тілінің мүддесін қорғауға құқылы.
Өзгенің тілі үстем болған жерде – ой да, сана да, болмыс та бағынышты болады. Өзбекстан бізге осыны тағы бір рет көз жеткізді. Ағайын, Лавровтың сөзін емес, Тожиевтің жауабын есте сақтайық.
Нұрлан Жұмақанов
Abai.kz