Дүйсенбі, 5 Мамыр 2025
Жалқы сұрақ 457 0 пікір 5 Мамыр, 2025 сағат 12:43

Украинада «Ирак сценарийі» қайталанбаса болғаны...

Сурет: aa.com.tr сайтынан алынды.

Украина мен АҚШ арасындағы жер қойнауын пайдалану келісімі несімен ұқсас?

Украина жер қойнауы жөніндегі келісімді парламентте ратификациялауға дайындалып жатқан кезде, 2003 жылы Ирактағы соғыстан кейін америкалықтар мен уақытша ирак әкімшілігі құрған Иракты дамыту қорының (Development Fund for Iraq, DFI) тарихын еске түсіру орынды.

Қордың тұжырымдамасы қазіргі Украинаға ұсынылып отырған модельге өте ұқсас. Сондықтан сол кезде орын алған жағдайлар мұнда да кездесуі мүмкін: О кезде жаңа құрылған ирак билігінің қарамағында болған түрлі ресурстар (ең алдымен мұнай сатудан түскен кірістер, сондай-ақ шетелде бұғатталған Ирак үкіметі мен жеке Саддам Хусейннің қаражаттары) қорға аударылды. Бұл қаржы елді соғыс зардабынан қалпына келтіруге бағытталған инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыратын мердігерлерге берілуі тиіс еді.

Қор 2003 жылдан 2010 жылға дейін жұмыс істеді. Содан кейін америкалықтар бақылауды ирак үкіметіне тапсырды. Ал, олар бұл қорды таратып жіберді.

БҰҰ-ның бағалауынша, осы уақыт ішінде Қордың қарамағына шамамен 150 миллиард доллар аударылған: сол кезде Ирактың жылдық ЖІӨ-і шамамен 50 миллиард доллар болған. Ол Ирак үшін өте үлкен сома.

Бұл қаражаттың едәуір бөлігі мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысын төлеуге жұмсалды. Бірақ маңызды бөлігі инфрақұрылымдық жобаларға бағытталды.

Бұл жобалардың басым бөлігі америкалық компанияларға сеніп тапсырылды: мысалы, ең ірі мердігерлердің бірі – америкалық Kellogg Brown & Root DFI қордан шамамен 3,5 миллиард доллар алды.

Bechtel Corporation Иракта электр және су жүйелерін қалпына келтіріп, шамамен 2,5 миллиард доллар пайда тапты.

DynCorp International Ирак полициясын оқыту мен жабдықтау үшін шамамен 1,5 миллиард доллар алды.

Ал, Parsons Corporation мектептер мен ауруханалар салуға шамамен жарты миллиард доллар алды.

Жалпы, бұл қаражатқа көп нәрсе жасауға болатын еді.

Шынында да, Қордың ауқымды жоспарлары болған: мысалы, Бағдат пен Басрадағы жылу электр станцияларын және Бағдат, Мосул, Наджаф және Насирия қалаларындағы кәріз жүйелері мен су тазарту станцияларын қалпына келтіру, Бейджиде мұнай өңдеу зауытын салу, Бағдат әуежайын қайта құру көзделген болатын.

Алайда, іс жүзінде бәрі соншалықты жақсы болмады - көптеген жобалар аяқталмады, не кешіктірілді, не толық емес күйінде тапсырылды: Мысалы, Мосулдағы электр станциясы аяқталмай қалды (оны кейін Ирак үкіметі өз қаражатына бітірді);

Саб-аль-Бурдағы су тазарту станциясы да аяқсыз қалды;

Эр-Рутбадағы аурухана ғимараты мен Бейджидегі мұнай зауыты да сол күйінде аяқталмаған күйде қалды.

Кейінгі аудиттер Қор мен, әсіресе, америкалық Пол Бремер басқарған Уақытша коалициялық әкімшілік тарапынан көптеген заңбұзушылықтарды анықтады.

ХВҚ мен БҰҰ өкілдері жүргізген тексерулердің нәтижесінде, келісімшарттардың барлығы дерлік конкурссыз жасалғаны – яғни мердігерлік қаржы өз ыңғайымен таратылғаны анықталды.  Бағаны шектен тыс көтерілгені де жиі тіркелген: мысалы, жоғарыда аталған Kellogg Brown & Root Кувейттен отынды 1,18 доллардан сатып алып, Уақытша әкімшілікке 2,64 доллардан сатқан. Ernst & Young аудиттері ондаған «қағаз жүзінде ғана» жүргізілген жобаларды (негізінен мектептер) анықтады. Олардың құрылысына Қордан қаражат бөлінгенімен, іс жүзінде олар болмаған.

АҚШ-тың Есеп палатасы Қордан 18 миллиард доллардың із-түссіз жоғалғанын анықтады.

Айта кетерлігі, бұл заңбұзушылықтар мен қаражат жымқыру әрекеттері үшін ешкім жауапқа тартылмады. Америкалық соттар бұл істерді қараудан бас тартты: Өйткені, DFI қаржысы АҚШ үкіметінің ақшасы болып саналмайды. Сондықтан оларға қатысты істерді АҚШ заңдары бойынша қарауға болмайды деп шешкен.

Ал Қорды басқарған Уақытша әкімшіліктің басшысы Скотт Бреннет «АҚШ-тың қауіпсіздігі мен ұлттық мүдделеріне ерекше үлесі үшін» Президенттің Бостандық медалімен марапатталды.

Міне, егер осы жағдай Украинада орын алар болса, зардабы Украинаның болашағы үшін ауыр болары анық. Себебі, Украинадағы қираған инфрақұрылым көлемі  Ирактағыдан әлдеқайда көп. Кейбір экономистер Украинадағы қираған инфрақұрылымды қалпына келтіруге триллионнан астам қаржы (доллар) қажет деп болжауда.

Әбдірашит Бәкірұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Алтын сандық

Бауыржан Омарұлы 1502
Білгенге маржан

Сертіне берік самурай...

Бейсенғазы Ұлықбек 1649