Сейсенбі, 13 Мамыр 2025
Әдебиет 256 0 пікір 13 Мамыр, 2025 сағат 11:37

Барлық сөзін жүрегіме жаздым (жалғасы)

Сурет: auezov.edu.kz сайтынан алынды.

Ақын Тұманбай Молдағалиевтың естелігі

Жалғасы. Басы мына сілтемеде...

СОЛ КЕШТЕ КЕРЕМЕТ ҚАНАТТАНДЫМ

Жылдар өтіп жатты. Жазушылар Иса Байзақовтың елуін Жазушылар одағында атап өтті. Мұхаң сол жиналысқа келіп сөз сөйледі. «Иса суырыпсалма ақын еді. Бір күні ресторанда отырып мен оған қазір өлген кісінің жан дүниесін айтып, сол өлген кісі боп өлең айтшы дедім. Иса заулап жөнелді. Мен бейне қыранның көкке қанат сермегенін қызықтағандай ақыннан көз алмай отырып қаппын», – деді Мұхаң.

Біз Мұхаңның өзінен көз алмай аузымызды ашып отырып қаппыз.

Ілияс Жансүгіров ақталған соң сол кісінің шығармашылығына арналған Жазушылар одағында кеш өтті. Сол кеште Мұхаң Ілияс туралы сөз сөйледі. «1928 жылы Ілияс екеуміз Жетісудың тауларын араладық. Екі айдай бірге жүрдік. Ілияс «Жетісу суреттерін» сонда жазды. Ілияс үлкен ақындығына қоса тамаша әнші еді. Ол ат үстінде келе жатып әнге басады. Ал, мен керемет тыңдаушымын. Мен аузымды ашып тыңдаймын да отырамын», – деді Мұхаң өңі жадырап.

Мен «тыңдаушының да кереметі болады екен-ау» деп ойладым. Жиылыс төрінде Ілекеңнің жары Фатима Ғабитова жылап отырды.

Кейін Ілияс ағаның бір томдығына редактор болған тұсымда Фатима апайдың күн ұзақ әңгімесін тыңдағаным бар. Фатима апай әңгіме арасында: «Мұхтар Ілиястың кешінен кейін маған келіп біраз өкпе айтты. Сен Ілиясты жүрегіңнен шығара алмаған екенсің-ау. Біз сіздің жүрегіңізге кірдік деп бекер ойлаған екенбіз», – деді. – «Тағдыр дегенін істеді. Мұхтардан туған Мұратым өсіп келеді. Мен Мұхтарды да өз қалауымша жақсы көргем. Соңғы операциясына барарда жұрт аэропортқа ол кісіні шығарып салуға тартқанда, ол кісі машинасын бұрғызып осы біздің үйдің ауласына кірді:

– Фатима, көреміз бе, көрмейміз бе, азынаулақ дәурен кештік. Жолықпасақ қош сау боп тұр, – деді. Мен бақшаны баптап жүр ем.

– Сені алатын ажал жоқ, сау бол, – деп салқын қоштастым. Ол шарбақтың есігін өз қолымен жапты да, ақырын барып машинасына мінді. Мен байғұс оны соңғы рет көріп тұрмын деп ойласамшы», – деп Фатима апай ауыр күрсінді.

Содан кейін Мұхтар мен Ілиястың ниеттес, көңілдес дос болғаны туралы әңгіме шертті. «Мұхтар орыс тіліне аса жетік кісі еді ғой. Ілияс Пушкиннің «Евгений Онегин» романын аударғанда Мұхтармен көп ақылдасты. Обалы нешік, Мұхтар Ілиястан көмегін аяған жоқ», – деді Фатима апай.

Мұхаңды және бір тыңдаған сағатым көз алдымда. 1959 жылдың апрель айының орта кезі. «Абай жолы» эпопеясы Ленин сыйлығын алатын кез. Бұл мәселе Москвада шешіліп қойған да болуы керек. Қазіргі бас почтаның қасындағы КазГУ-дің бір үлкен аудиториясына қаладағы әдебиетшілер лық толды. Сөзге Мұхаң шықты. «Абай» эпопеясының қалай жазылғаны, сол жолда кездескен қиындықтар туралы толғады Мұхаң. Бұл жолы Мұхаң баяғы өзіміздің КазГУ-дің 35-аудиториясында алғаш рет көргендегімдей сұлу, сымбатты, ажарлы еді.

Мұхаң толғанып тұрып: «Абай Күн сияқты сендермен бірге жүре береді», – деді. «Енді бес-он жылда Әуезов бұл дүниеде болмайды. Мына Абай жайындағы кітап – қазақтың кітабы боп өздеріңнің қолдарыңда қалады», – деді. Және есімде қалғаны жазушы: «Абай» романының бірінші кітабының аяғында Абай Семейге оқуға аттанбаушы ма еді. Мен сонда «Шыңғыстың шыңына бір жас шынар тасты жарып өсіп, жапырақ жайды» демеп пе ем, сол шынарды төртінші кітаптың соңында найзағай түсіп құлатып кетпейтін бе еді. Соны менің романымды зерттеп жүрген сыншының біреуі байқамағанына өкінем» – деді. «Біздің Әбділда ақын Москвада өткен қазақ әдебиетінің декадасы туралы әділ пікір айта отырып Мәскеу сыншылары менің «Абай» романымның, бірінші, екінші кітабын көбірек мақтап, үшінші, төртінші кітапта хронология басым дегенін айтты. Әбділда әнтек естіпті. Мәскеу сыншылары «Абай» романының бірінші, екінші кітабында сезім басым да, үшінші, төртінші кітабында ой, ақыл басым деп бағалады бұл кітапты», – деді Мұхаң.

Көп өтпей Мұхаң Ленин сыйлығын алды. Жазушылар одағында жиналыс өтті. Жиналысты Әбділда Тәжібаев басқарды. Әбекең өзіне тән темпераментпен қызу сөз сөйлеп жиналысты ашты. Есімде орыс жазушысы Дм. Снегиннің құттықтап сөйлеген сөзі қалыпты. Жиналыс соңынан Мұхаң сөйлеп: «Ендігі сыйлықты ақындардан Әбділда, Тайыр алғаны жөн. Осы жолы ұсынылып өтпей қалғанмен келешекте бұл сыйлықты Жұбан мен Тахауи алса мен қуанам», – деді Мұхаң.

Мұхаң сол өзі бәйге алған апрель айындай шуақты, нұрлы еді. Түлеп, жайнап отырды ол.

Мұхаңның тағы бір мерейлі шағын ұмытып барады екем. Ол – 1957 жылдың 28, 29 сентябрі болатын. Мұхаңа үкімет Ленин орденін берді. «Қазақ әдебиеті» газеті М.Әуезовке түгел бір номерін арнады. Үлкен кісілер өлең, мақала жазды Мұхаңа арнап. Опера және балет театрында Әуезовке арналған салтанатты кеш өтті. Мен бұдан бұрын да, бұдан кейін де мұндай салтанатпен өткен кешті көрген емеспін. Шынымен, қазақтың ұлы перзентіне лайықты ұлы жиын болды бір. Сәбит аға қазақша баяндама жасады. Әнуар Әлімжанов баяндаманың орысша аудармасын оқыды. Сәбең өзі де орысша баяндама жасайтын орысшасы бар кісі екенін білемін мен. Тегі, қазақ жазушысының өмірде бір өткен, бір-ақ рет өткен тойынан қазақ исі шығып тұрсын деп шешкен болар үлкендер. Москвадан Константин Симонов, Павел Антокольский, Киевтен Олесь Гончар, Өзбекстаннан Ғафур Ғұлам, қырғыздан Аалы Тоқамбаев, түрікменнен Берді Кербабаев, қысқасы, Одаққа аты шыққандардың бұл тойға бәрі келді десек те болады. Мұхаңның жазушы ретінде ұлылығын бүкіл Одақ мойындаған кешті көргенімде қанаты жетілген бала қырандай аспанға ұшып кеткім кеп әрең отырдым сол театрда. Мен сол кеште өзімді өте бақытты сезіндім.

Ертесінде ТЮЗ-де өткен әдеби кешті кеудесіне Ленин орденін таққан Әуезовтің өзі келіп басқарды. Қонақтар сөз сөйлеп, өлең оқыды. Бізден ұмытпасам, тек Сырағаң (Сырбай Мәуленов) ғана бір өлең оқыды. Мұхаң кеште жайнап, жарқырап отырды. Ол жайнап шығып келе жатқан жаз айының күнін елестетті маған. Мен бұл жолы оның жүзінен мұңды да, уайымды да көре алмадым. Тана көздері күлімдеп әдеби кешті аса бір үлкен жауаптылықпен, білгірлікпен басқарды.

ҚҰШАҚТАП ЖЫЛАР ЕДІК

Сол 1951 жылдың сентябрінде жастар театрында студенттермен университет ректоры Төлеген Тәжібаевтың кездесу кеші болды. Жиылыс төрінде Мұхтар Әуезов, Сокольский, Персидский деген ғалымдар отырды. Профессор Төлеген Тәжібаев аға студенттер алдына шығып бір сағаттай сөз сөйледі. Жарты ауыз қазақша айтқан жоқ. Мен сонда отырып: «Осы менің қазақ әдебиеті мен тілінен мұғалім болам деп жүргенім қай жүріс?! Мына КазГУ-іңде бізден басқа қазақша сөйлейтін адам жоқ қой» деген ауыр ойға келдім. Жиылыс төрінде Мұхтар Әуезовтің отырғаны ғана көңілге жұбаныш еді.

Үзілісте Едіге досым екеуміз лимонад ішуге буфетке кіре қалайық. Төлеген Тәжібаев, Мәулен Балақаев, өзіміздің Мұхаң, тағы біреулер кәдімгі менің Жөкен досым ішетін «Жигули» сырасын ішіп тұр екен. Мен қайран қалдым. Ойпырмау, Мұхтар Әуезов те басқа ел сияқты сыра ішеді екен-ау деген ой мені бір жүдетіп тастады. Мен сол кештен жатын үйіме көңілсіздеу оралдым.

1952 жылы біз екінші курсқа келгенде Мұхтар Әуезовтің Алматыда жоқ екенін естідік. Ол кісі Москваға кетіпті. Алматыдан Москваға қашып кетіпті. Сол үлкен қаладағы үлкендер көмектесіп Мұхаңды түрмеден аман алып қалыпты. Мәскеу университетінде лекция оқиды екен. Соңғы «Лекция оқиды екен» деген бір ауыз сөз ғана жанымызға бір қуаныш әкеледі.

Басқасына он жеті жастағы Тұманбай баланың ақылы жетпейді. «Әуезовтей кісі қалай бұл қоғамға жат болуы мүмкін. Осыншалық біліммен, талантпен, таңғажайып өнермен ол қалай түрмеде отыруы керек. Ойбай-ау, ол аудиторияға кіріп келе жатқанда кім кіріп кел жатыр демей, Күн кіріп келе жатыр», – дейтін менің сорлы көңіліме обал болды-ау.

Біздің ұстазымыздың осы жұрт соңына неге түседі? Әлде жақсы болғанын, асыл болғанын, барлық жұрттан асып туғанын көре алмаушылар соңынан кесек лақтырып жүр ме екен. Әрине, солай. Заңғар таудың басында мәңгі қар жатады. Немесе тұман бүркеді, боран соғады дүрілдеп, әйтпесе басылмай жаңбыр жауып тұрады. Адамның заңғарының өмірі де солай шығар мүмкін. Отызыншы жылы бізге жатсың деп түрмеге тықты апарып, бар жазғанынан бас тартқызды. Енді «Абай» романдарына ауыз сала бастады. Бұл «Абайсыз» әдебиетте сән де, мән де жоқ емес пе? Қазақ әдебиеті деген ұлы сарайдың ең асыл жиһазы Мұхаңның Абай жайындағы романдары емес пе?

Оның үшінші кітабы да қолымызға тиді. Бірінші, екінші кітаптарынан гөрі солғындау ма қалай? Әлде Абайдың жасы егделенген соң бізге қызық көрінетін жастық, махаббат жырларының аздығынан ба, әйтеуір, үшінші кітап алғашқы екі кітаптан гөрі олқылау көрінді өзіме. Мұхаң аман болса төртінші кітапты тағы жазады. Мүмкін күшін соңғы кітапқа сақтаған болар деп ойлайды студент Тұманбай.

Сол тұста Қазақстанда тағы бір сұрапыл дауыл соғып, тағы да талай үміттер сөнді, талай заңғарлар құлады. Әдебиетшілер: Қажым Жұмалиев, Есмағамбет Исмайлов, тарихшылар: Ермұхан Бекмаханов пен Бек Сүлейменовтер жиырма бес жылдан жаза алып түрмеге қамалды. Кеше өзім «Жастар даусынан» өлеңін жаттаған Бүркіт Ысқақов жиырма бес жылға сотталыпты. Не үшін сотталды? Не үшін олар сонша жаза тартады? Мен бұл сұрақтарға жауап таба алмаймын. Бүкіл қазақтың мақтанышы, бақ жұлдызы деген Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаевтар Москваға барып өз бастарына өздері араша тұруға ғана жарапты. Менің бақытты советтік заманым қалай-қалай құбылады. Бірақ жоғарыда аталған қазақтардың бәрінің де жаламен зар шегіп, запыран құсып жүргенін ішім сезеді. Сталин жолдас мұның бәрін білмейді ғой, білсе басқаша болар еді ғой деп ойлаймын.

Арада екі жыл өткенде, яғни, 1954 жылы Мұхтар аға Алматыға оралды. Қазақстан жазушыларының съезінде драматургиядан баяндама жасапты. Біздің студенттердің сұрағы бойынша бізге абайтанудан өзі лекция оқитын болды. Біз бұрын бұл сабақтан ол күндегі жас доцент Ханғали Сүйіншәлиевтің лекциясын өткен жылы тыңдаған болатынбыз. Ханғали аға лекцияға алғаш келген сәтінде өзін таныстыра келіп: «Ит жоқ жерде шошқа үреді қораға» деген осы, балалар. Мен Мұхаңның сіздерге оқитын лекциясын оқығаныммен, ол кісінің көп шәкіртінің нашарының бірімін. Заман әзірге осылай боп тұр» – дегені ғой. Ағынан жарылғаны үшін өзім Ханғали ағаны да бір түрлі жақсы көріп кеттім.

Бір күні Мұхаң келіп кірді аудиторияға. Біз орнымыздан тұрдық. Залда үнсіздік. Біз ол кісіге жатырқап қарап тұрғамыз жоқ. Жабығып қарап тұрмыз. Сағынып қарап тұрмыз. Мұхаң бізбен кездеспеген екі жылы туралы ешнәрсе айтқан жоқ. Айта да алмайтын еді. Оның кеудесіндегі мұң-шерді біз өз кеуделерімізбен сезіп тұрдық. Егер бізді еркімізге жіберсе, әрқайсымыз ұстаздың қасына барып, оның кеудесіне басымызды басып жылар едік.

МЕНІҢ МҰХТАР АҒАМ ӨЛГЕН ЖОҚ

1960 жылдың 26 декабрі есімде. Ол әдеби күнді тіпті ұмыта алмаспын. Әдеби жиналыс жастар поэзиясына арналып еді.

Жиналысты жап-жас Әбіш Кекілбаев басқарып отырды. Әбділда ағадан кейін сөз кезегі Мұхаңа тиді. Мұхаң өзінің «толмаған Толстойлар, шала Шекспирлер» деп сөйлейтін атақты сөзін сөйледі. Мұхаң «Жас қанат», «Жырға сапар» жинақтары бойынша сол кездегі қазақ өлеңіне баға беріп сөйледі. Жаңа, жас поэзиядан көп үміт күтетінін айтты. Тілеген Шопашев, Сағи Жиенбаев, Қадыр Мырзалиевтермен бірге менің де есімімді атап, өлеңдерімізге жылы-жылы мақтау сөздер айтты. «Жыл келгендей жаңалық сезінеміз» деген атпен ұстаздың сөзі сәл қысқарып, «Лениншіл жас» газетіне жарияланды. Әдебиеттің қамқоршысының, қазақ әдебиетінің қолбасшысының, ұлы жазушының, ұлы әдебиет ғалымының бұл жұрт алдына шығып сөйлеген соңғы сөзі екенін кім біліпті онда. Мұхаң бір түрлі жинақы, бір түрлі қунақ сияқты еді. Оның саңқылдаған мейірімге толы даусы әлі күнге құлағымда! Ол ғасырдан ғасырға кеткен қазақ халқымен бірге жасай беретін жарқын дауыс. Ол қазақ халқын дүниеге алғаш таныстырған тарихымыздың даусы. Өзінің ұлы ұстазы Абаймен бірге жасай беретін, өшпейтін дауыс. Ол Мұхаң арқылы естілген қазағының құлағына сіңетін жаратушының өз даусы.

Біз осындай қазақты, қазақтың қамын ойлап қартайған, қазақтың рухани күні бола білген, кезінде халқының үні бола білген ұлы перзентін көріп қалғанымыз үшін өзімізді бақытты сезінеміз.

1961 жылдың көктемінде университеттің бір залында балалар әдебиетіне арналған республикалық жиналыс болды. Баяндаманы баяғы майталман ақынымыз, Қазақстан Жазушылар одағының екінші хатшысы Әбділда Тәжібаев жасады. Жиналыс төрінде тағы да маңдайы жарқырап Мұхтар ағаның өзі отырды. Ол кез – Әуезов қатысқан жиынның бәрі үлкен мән, мағынаға ие болған кез. Басқа ешкім келмесін, тек Әуезов келсін жиынға. Сол жиынның өркені өсіп, шырайы кіретін. Әуезов қатысқан тойлардың бәрі де ұлы той болып саналатын. Үзілістен кейін залға кірер жерде Мұхаң тұр екен. Басқа жолдастарыммен бірге кеп өзі қолын созған соң мен де Мұхаңның қолын алдым. «Амансың ба, Тұманбай, халің қалай?» – деді Мұхаң маған аса бір жылы шыраймен қарап. Менің жүрегім кеудеме сыймай кетті. Не жауап айтқаным есімде жоқ. Мұхаң мені таниды екен-ау деген мақтаныш бүкіл жан жүрегімді билеп алды.

Сол күнгі бақытымды мен әлі күнге өлең жолдарына түсіре алмай жүрмін. Мұхаң дүниеден өткеннен кейін көп жылдан соң Әнуар Әлімжанов Мұхтар ағамен барған Дүйшенбі сапарын жазыпты. Сонда Мұхтар аға Әнуарға қазақ поэзиясын биікке көтеретін екеудің бірі Тұманбай деп мен туралы көп-көп жылы сөздер айтыпты. Мен бұған да қуандым, әрине.

1961 жылы 31 май күні түс кезінде Жұмағали Саинды қалалық зиратта жерледі. Қаралы жиынды Сәбит Мұқанов басқарды. Жұрттан бөлектеу Мұхтар аға тұрды. Жүзі аса мұңды екен. Ол кісінің қасына Сапарғали Бегалин, Хамит Ерғалиевпен бірге мен де барып сәлем беріп тұрдық. «Жақында Мәскеуге жүрем», – деді Мұхаң. «Қарнымда бір «полип» деген пайда болыпты, соны сылғызам», – деді Мұхаң.

«Мұха, пышаққа көп әуес болып кеттіңіз-ау, сол құрғырды былай да емдеуге болмас па екен», – деді Хамит аға. «Ол бір сылып қана тастайтын жеңіл дүние, қорқатын ешнәрсе жоқ», – деп Мұхаң пышаққа түсуге бекінгенін айтты. Анадай жерде Мұхаңның қара «Волгасы» тұрды. Сәлден кейін сол «Волгаға» мініп жаңағы үш кісі Алматыға қарай тартты. Екі ағамыз Алматыда қалып қойып Мұхаң өз «Волгасымен», қара бедеуімен дүниені жалғыз аралап кете барған сияқты. Өйткені, мен ол кісіні содан бері еш жерден ұшырата алмадым. Менің Мұхтар ағам өлген жоқ, тірілер арасында өзінің ойлы, нұрлы қалпымен кетіп бара жатыр.

Тек соңына қарауға мұршасы жоқ. Әйтпесе, бір кездегі өзі сияқты алпысты алқымдаған шәкірті маған көзі түсер еді Мұхаңның.

(Соңы)

Әзірлеген – Құлтөлеу Мұқаш

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Алтын сандық

Бауыржан Омарұлы 2328
Білгенге маржан

Сертіне берік самурай...

Бейсенғазы Ұлықбек 3995