Бейсенбі, 15 Мамыр 2025
Билік 337 0 пікір 15 Мамыр, 2025 сағат 14:34

Климаттың жылынуы: Еліміз халықаралық деңгейдегі кешенді шараларды қабылдады

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.

Қазақстан климаттың сын-қатерлерімен қалай күресіп жатыр деген сұрақ қазір арамызда жиі қойылатын болды. Жуырда Астана экономикалық форумында да жаһандық климаттың жылынуы және Қазақстанның осы бағыттағы мәселелерді шешудегі ұсынатын бастамалары талқыға салынбақ.

Осы ретте біз Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының  басқармасының төрағасы Қалқаманов Сакенді сөзге тарттық.   


– Қазіргі уақытта әлемде климат өзгерістері анық байқалып отыр. Қазақстан оған қатысты қандай шаралар қабылдап жатыр?

– Климаттың өзгерісі — экологиялық қана емес, жаһандық ауқымдағы әлеуметтік-экономикалық мәселе. Мұның салдарын Қазақстан экожүйесі сезімтал ел ретінде қазірдің өзінде сезіп отыр — құрғақшылықтан бастап су тасқыны, жерлердің шөлейттенуі орын алып жатыр.

Осы сын-қатерлерге жауап ретінде еліміз ұлттық және халықаралық деңгейдегі кешенді шараларды қабылдады.

Біріншіден, Қазақстан 2016 жылы Климат жөніндегі Париж келісіміне қосылды. Осы келісімнің шеңберінде Ұлттық айқындалатын салым (ҰАС), парниктік газдар шығарындыларын 2030 жылға қарай 1990 жылғы деңгейден кемінде 15%-ға қысқарту жөніндегі ерікті міндеттеме қабылданды, халықаралық қолдау көрсетілген жағдайда бұл көрсеткішті 25%-ға дейін ұлғайтуға болады. 2023 жылы еліміз 2060 жылға қарай, оның ішінде энергетиканы, өнеркәсіпті және агросекторды құрылымдық трансформациялау есебінен көміртегі бейтараптығына қол жеткізу сияқты бұдан да өршіл мақсатты көздер отырғаны туралы мәлімдеді. Мұның өзі Қазақстан қазба отыннан тұрақты энергия көздеріне біртіндеп көше отырып, өзінің өндірістік және тұтынушылық модельдерін қайта ойластыратынын білдіреді.

Екіншіден, 2013 жылдан бастап Қазақстанда «Жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасы іске асырылып жатыр. ЕО-да көміртекті реттеуді енгізу Қазақстанның экономиканы экологиялық трансформациялау бағытын дер кезінде қолға алып жатқанын әрі оның стратегиялық маңыздылығын растайтын катализаторға айналды.  2024 жылы Қазақстан Үкіметі 2024-2030 жылдарға арналған «жасыл экономикаға» көшу жөніндегі тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі жаңартылған іс-шаралар жоспарын бекітті. Бұл жоспарда: су ресурстарын, энергия тиімділігін, қалдықтарды басқару мен тұрақты ауыл шаруашылығын қоса алғанда, экономиканың 9 секторындағы 21 индикатор қамтылды.

Бұл – іс жүзінде нәтиже көрсетіп отыр. 2024 жылға қарай елдің жалпы энергия теңгеріміндегі жаңартылатын энергетиканың үлесі шамамен 5%-ға жетті. Жамбыл облысында, Қапшағай мен Шымкентте жаңартылатын энергия көздерінің ірі нысандары салынды.

Үшіншіден, Қазақстан халықаралық серіктестермен белсенді ынтымақтастық орнатып жатыр:

  • Жаһандық экологиялық қор (ЖЭҚ) табиғатты қорғау, биоалуантүрлілік және жерді тұрақты пайдалану саласындағы жобаларға қолдау жасайды;
  • Жасыл климат қоры ауылдық және осал аймақтардағы климаттың өзгеруіне бейімделу жобаларын қаржыландырады;
  • БҰҰДБ мен БҰҰ ұлттық климаттық стратегиялар мен мониторинг жүйелерін әзірлеуде сараптамалық және техникалық көмек көрсетеді.

Төртіншіден, экологиялық мониторингті цифрландыруға және экологиялық ағартуға баса назар аударылып отыр. Ірі қалаларда ауаны автоматты түрде мониторингілеу жүйесі енгізілді, сондай-ақ білім беру жобалары мен «жасыл» хабтар іске қосылды.

2021 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2 миллиард ағаш отырғызу бойынша ауқымды экологиялық акция өткізуге бастама көтерді. 1,2 миллиардқа жуық ағаш тігілді, басым көпшілігі - Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан және басқа облыстарда отырғызылды. Бұл жай ғана көгалдандыру емес: ағаштар эрозиямен күресуге көмектеседі, топырақтың құнарлылығын қалпына келтіреді, ылғалдың жиналуына ықпал етеді және өңірлердегі климаттық жағдайларды тұрақтандырады.

Тағы да бір маңызды бағыт — экологиялық мониторингті цифрландыру және экологиялық ағарту. Алматы, Астана және Қарағанды сияқты қалаларда және басқа да облыс орталықтарында ауа сапасының датчиктері жұмыс істейді, олардың деректерін онлайн, мысалы, AirKaz платформасы арқылы қарауға болады. Бұл тұрғындар мен билікке экологияны нақты уақытта бақылауға көмектеседі. Ал өнеркәсіп таза технологияларға көшуі үшін біз ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықтарды жан-жақты енгізіп жатырмыз, Үкімет бекіткен осындай 16 анықтамалық әзірленді. Халықаралық стандарттарға негізделген бұл анықтамалықтар кәсіпорындарға шығарындылар мен қалдықтарды мүмкіндігінше шығынды төмендете отырып азайту жөнінде нақты ұсыныстар береді.

Осылайша, Қазақстан экологиялық мәселелерді шешуге және жасыл экономиканы дамытуға жүйелі тәсілдерді қолданып отыр, ол үшін  халықаралық келiсiмдерге қатысудан бастап жергiлiктi жерлерде таза технологиялар мен экологиялық бiлiм беруге қолдау көрсетіліп жатыр.

– Климат өзгерістерінің жиілеуі еліміздегі ауа райына қалай әсер етіп жатыр?

– Қазақстанда қазірдің өзінде климат өзгерістерінің тікелей әсері байқалып отыр және бұл ұзақ мерзімді трендтерде ғана емес, күнделікті ауа райынан да білінеді. Климат өзгерістерінің жиілеуі мен қарқындылығы аномальды табиғи құбылыстарды көбейтеді әрі климатты болжауға мүмкіндік бермейді.

Экстремальды температура. Ауа райы күн өткен сайын тұрақсыз болып барады: қыста — температура күрт ауытқиды, жазда — аптап ыстықтар болады.

Мұндай жағдайлар ауыл шаруашылығына зиян келтіреді, энергия желілеріне жүктемені арттырады және халықтың денсаулығына қауіп төндіреді.

Құрғақшылық пен су тапшылығы. Бүгінде қатты байқалып отырған зардаптардың бірі – құрғақшылықтың жайылуы — әсіресе оңтүстік және батыс өңірлерінде орын алып отыр. Маңғыстауда және Қызылорда облыстарында ылғал жетіспейді, бұл мал шаруашылығы мен ауыл шаруашылығына кері әсерін тигізіп отыр.

Су тасқыны мен сел жүруі. Көктемде солтүстік және шығыс өңірлерде (мысалы, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында) алапат су тасқыны жиі болып жатыр. Олар қардың күрт еріп кетуіне және жауын-шашынның шамадан тыс жауғанына байланысты. 2023 жылы су тасқынынан ондаған елді мекен зардап шекті, жүздеген отбасы эвакуацияланды.

Жерлердің шөлейттенуі және шаңды дауыл. Елдің оңтүстігі мен батысында жиі-жиі шаңды дауылдар соғатын болды. Бұл топырақтың тозғанын, өсімдіктерді шамадан тыс орып алынғанын және температураның көтерілгенін білдіреді. Әсіресе Арал өңірі көп зардап шегіп отыр, онда Арал теңізінің құрғауы жаңа климаттық факторларға қоса жағдайды қиындата түсті.

Қар жамылғысының жұқаруы. Шығыста және тау бөктеріндегі аудандарда қар маусымының ұзақтығы қысқарған. Бұл көктемгі кезеңде тұщы су қорларына әсер етеді, сондай-ақ су электр станциялары мен суару жүйесінің жұмысына әсер етеді.

Осылайша, климат өзгерістері қазірдің өзінде экономикаға, азық-түлік қауіпсіздігіне, халықтың денсаулығы мен өмір сүру сапасына әсер етіп жатыр. Қазақстан үшін бұл жан-жақты климаттық бейімделуді - инфрақұрылымды жаңғырту, орнықты ауыл шаруашылығын дамыту және табиғи тәуекелдердің тұрақты мониторингі қажет екенін білдіреді.

Ерғали Берік

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Алтын сандық

Бауыржан Омарұлы 2661
Білгенге маржан

Сертіне берік самурай...

Бейсенғазы Ұлықбек 4329