Жұма, 13 Маусым 2025
Ақмылтық 2162 0 пікір 12 Маусым, 2025 сағат 12:26

Ұлт зиялыларының ұрпағы неге ана тілін білмей өсті?

Суреттер: zhasalash.kz, farabi.university және qazaquni.kz сайттарынан алынды.

«Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның немересі өзін орыс ұлтының өкілі сезінеді екен», «кешегі Алаш арыстарының ұл-қызы ана тілінде сөйлей алмай кетті, олардың бүгінгі ұрпағы да қазақша білмейді» деп келетін айыптаулар ел ішінде әредік айтылып қалады. Ал біз әлгіндей айыптауларға қосыла кетуден бұрын оның себеп-салдарына бойлағанды жөн көреміз. Алашордашылардың болсын, советтік-социалисттік қоғамның құрлысына құлшына ат салысқандар болсын – олардың бәрі шын мәнінде халықшыл тұлғалар еді. Олар тілінен, ділінен жерініп өмір сүрген жоқ. Ұрпағына да ұлтын сүюді аман етті. Бірақ уақыт пен зар-заманның қыспағына түскен буын колониялды биліктің тарапынан неше түрлі қиянатты, қорлықты көрді. Содан кейін амалдың жоқтығынан отаршылдардың ығында жүруге көнді. Орыс тілі олардың жер басып тірі жүруіне мүмкіндік беріп қана қоймай, жаңа өмірге бейімделуге, тіпті, азды-көпті мансапқа қол артуға жағдай туғызды. Өкінішітісі зиялы қауымның әулетінде қалыптасқан тілдік ахуал тұтас ұлтқа көлеңкесін түсіріп әлі күнге залалын тигізіп келеді. Ұлт зиялысына қарап өседі. Біздің қазақ текке үлкен мән береді. Кешегі шолақ белсенділердің билік пен бизнесте жүрген осы күнгі ұрпағын қазақ ұлт зиялысы деп білмейді. Мойындамайды. Сондықтан да нағыз ұлт серкелерінің отбасы мен әулетіне байланысты жоғарыдағыдай сөздер айтады. Неге? Ендеше біз де соның мән-жайына үңіліп көруді жөн санадық.    

Құлбек ЕРГӨБЕК, мемлекеттік сыйлықтың иегері:

– Бұл өзі бірнеше буынға түскен салмақ. Большевизмнің алғашқы күндерінен бастап коммунистік партия Орталық Азия, оның ішінде Қазақстанға кәрін төге берген. Сондай жағдайда Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Жанша Досмұхамедов, Жүсіпбек Аймауытов секілді ұлы тұлғаларымыз орыстан әйел алған. Олай болатын себебі, РСФСР-мен тікелей, қоян-қолтық жұмыс істейді ғой. Сондай жағдайда жан серігі орыс ұлтынан болса, оның қорғанысқа, қазаққа қатысты маңызды келісімдерде себі тиеді деп ойлаған. Олардың арасында Мұхтар Әуезов те бар. Алайда сол алашордалықтардың алдыңғы буынында бір табандылық болған. Әйелді басқа ұлттан алса да, оны мұсылмандыққа өткізіп, қазақы тәрбиеге икемдеген. Бірақ олардың балалары таза қазақша сөйлеп кете алмады. Оған уақыт, әлеуметтік жағдай, алашорданы қуғындау секілді түрлі саяси жағдайлар әсер етті.

Олардан кейінгі буын – Сәкен, Ілияс, Бейімбет, Мұхтар, Сәбит. Ұлт зиялылары дегеніміз осылар еді. Сәкеннің Лаура, Аян деген ұл-қызы ерте шетінеп кетті. Бейімбеттің баласы Мереке мен қызын Сәбит Мұқанов қамқорлыққа алып, бірінің дәрігер болуына, бірінің Мәскеудегі әдебиет институтына курсқа барып білім алуына жағдай жасаған. Бейімбет Майлиннің ұлын да, қызын да қазақша білмейді деп айту қиын. Бірақ олардың қазақ зиялыларына, уақытқа деген сенімі қалмаған еді. Сол себепті тілі қазақша болса да рухы қазақша болмай өсті. Әкелерінің атылып, аналарының АЛЖИР-ге айдалып кетуі бұларға психикалық тұрғыдан қатты әсер етті. Соның зардабы олардың тілге де, дінге де сенбей өсуіне алып келді. Осындай жағдайды Сұлтанбек Қожановтың ұлы мен қызына да қатысты айтуға болады. Мұхамеджан Тынышбаевтың ұлы Ескендір аздап қазақша білетін. Бірақ ол да әкесін аттырып жіберген қоғамға сенбеді. Мен Ескендір Мұхамеджанұлымен де, Сұлтанбектің Зиба деген қызымен де көп сөйлескем. Бұлар сол кездегі биліктің әкелеріне көрсеткен зәбір-жапасын жүрегімен қабылдаған, содан қалған саналарындағы соққыдан арыла алмай өткен адамдар. Оның үстіне бәрінің көкейінде, «Қазақ тілінде оқыған, жазған әкелеріміз не опа тапты?» деген сауал тұрды. Сондықтан шешелері олардың қазақша оқып, қазақы тәрбиеде өсулеріне құлықты болмады. Орыс оқуына берді. Сөйтіп: «Осындай қуғын-сүргін қайталанып жатса, орысша оқығандығы сеп болып, тірі қала ма» деген далбаса ой жетегінде жүрді. Бұл қатарда Мұхтар Әуезовтің де, Сәбит Мұқановтың да балалары бар. Мұқаңның орнитолог баласы – Ернар қазақша мүлде білмейтін, Мұраты бертінде ана тілінде жақсы сөйлеп кетті. Ал Мұғалимасы қазақша тәрбиеленді.

Кезінде Сәбит Мұқанов радиода сұхбат беріп отырып: «Мұхтар Әуезовке қарағанда менің ұрпағым урбанизацияға ұшырамаған. Бәрі қазақы тәрбиенің жемісі», – деп мақтанған. Бұл да шартты нәрсе. Арыстаны ірі инженер болды. Қазақшасы да, қазақы рухы да өте мықты еді. Одан кейінгі Мараты орысша тәрбиеленген. Қазақшаны жақсы білмейтін. Бірақ мамандығына сай этнолог, этнограф ретінде қазақша сөйлеп жүрді. Алайда еңбектерінің барлығы орыс тілінде жазылған. Ал Алтайы әскери адам, ол да орысша өсті.

Менің әкем Бейсенбай Кенжебаев татар қызына үйленген. Бейсекеңнің жан досы Нұртас Оңдасынов орыс қызын алған. 20 жыл Сібірде болып келген тағы бір жақын досы Жүсіпбек Арыстанов өзбек қызын жар еткен. Өтебай Тұрманжановтың да әйелі татар ұлтынан болды. Олардан туған балалар да таза қазақы рухты бола алған жоқ. Соған қарап отырып аралас некеден таза қазақы танымдағы, түсініктегі, рухтағы перзент өрбімейді-ау деп ойлаймын. Бұлардың қай қайсының да өзге ұлттан қыз алуы сақтықтан, заман қалай болып кетеді деген қорқыныштан туындаған. Өйткені Совет өкіметі дегеніңіз – орыс өкіметі еді ғой. Мектепте ұлт тарихы оқытылған жоқ, орыстың тарихын оқыдық. Философия да солай. Бұл жағдай жалғыз бізде ғана емес, тәжік, өзбек, татар, башқұрт бәрінде жүрді. Бірақ өзбек, тәжіктерге қарағанда біздің ұлттық саясатымыз сол тұста қатты әлсіреп кеткен еді. Оның себептерін жақсы білесіздер. Сондықтан қазақтардың орыстануы анағұрлым тез жүрді.

Осындай жүйелі жүргізілген сұрқай саясаттың зардабын біз әлі тартып, орыс рухынан құтыла алмай келеміз. Билік басында отырғандардың көбінің ұрпақтары қазақ тілін білмейді. Бұның бәрі ұлттық рухымыздың сан ғасырлап мүжіліп, тозып кеткенінің көрінісі деп ойлаймын. 

Қансейіт ӘБДЕЗҰЛЫ, профессор:

– Сталин қайтыс болып оның орнына нағыз империяшыл, шовинист, парасаттан және мәдениеттен жұрдай, сауатсыз Хрущев келген күннен бастап қазақ тіліне, қазақ руханиятына, қазақтың салт-дәстүріне балта шабылды.

Қазақстан жерін бөлшектеп, бір үлкен бөлігін Ресейге, екі бөлігін Өзбекстанға және Түркіменстанға меншіктеп өткізуді армандаған Хрущев қазақты аясын ба? Дәл сол елуінші жылдардың басында ана тілімізге де стратегиялық түпкі мақсаты өте қауіпті шабуыл жасалды. Ол қандай мақсат еді? Қазақ халқын ана тілінен айырып, жаппай орыс тіліне көшіру, екінші кезекте, болашақты ділінен, дінінен ажыратуды да коммунистік  империя жоспарлап қойған еді.

Әсіресе, елуінші жылдардың басынан бастап қазақ мектептері түгел жабыла бастады. Ең алдыменен қазақ тілін үлкен-үлкен қалалардан алып кетіп ауылға ысырып тастау большевиктік партияның негізгі саясатының бағыты болды. Сол тұста керек болса, астанамыз Алматыда және барлық облыс орталығы болып тұрған қалаларда, аудан орталығына дейін барлық қазақ мектептері жабылып, оның орнына жаппай орыс мектептері ашылды. Осы кезеңде Алматы қаласында бір ғана қазақ мектебі қалды. Облыс орталықтарында да осы жағдай қайталанды. Мен өзім туып-өскен, қазағы қалың Шымкент қаласының өзінде екі-ақ қазақ мектебі қалды.  Осы кезде ана тілінің тамырына балта шабу үшін алдымен қазақ зиялыларының, ақын-жазушылардың, партия және совет органдары басшыларының ұрпағын орыстандыру саясаты бірінші қатарға қойылды.

Сол елуінші-алпысыншы жылдары Алматы қаласында тұратын барлық зиялылардың, ақын-жазушылардың, көрнекті қазақ ғалымдарының ұлдары мен қыздары түгел орыс мектебінде оқуға мәжбүр болды. Бұған қосымша Алматы қаласында қазақ тілінде тәрбиелейтін бірде-бір балабақша қалмады.

Бұл саясаттың түбінде ана тілін жоюдың төте жолы балабақшалар мен орта білім беретін мектептерде жатқанын партиялық билік өте жақсы білді. Себебі, баланың тілі үш жасқа дейін шығады, тілді меңгеру жеті жасқа дейін аяқталады. Сондықтан балабақша мен бастауыш мектептерде қазақ балаларының тілі ана тілінде емес, орыс тілінде шығуы керек болды. Міне, осы саясат жоспарлы түрде, алыс болашаққа жоспарланып, әсіресе алпысыншы-жетпісінші жылдары аса қарқынды жүргізілді.

Ал, тәуелсіздік алған алғашқы жылдарымызда Қазақстанның билік басына кілең ділі, мәдениеті орыс ортасында тәрбиеленген, тілі орысша шыққан қазақ жастары келді де, отыз жыл бойы ана тіліміздің көсегесі көгермеді.

Және осынау жылдары ана тілімізге шабуыл жасалуымен бірге қазақ зиялыларының қалың ортасында мәңгүрттену үдерісі де қатар жүрді. Өкінішке орай тәуелсіздігімізге отыз жылдан асып кетсе де қазақ қоғамында мәңгүрттену үдерісі әлі жүріп жатыр. Біз егер осынау мәңгүрттену үдерісін тоқтата алсақ, онда нұрлы тіл – баба  тілі өз тұғырына қонып, Ата Заңымызда көрсетілгендей ана тіліміз мемлекеттік дәрежеге толыққанды ие болып, үш мың жылдық тарихы бар қазақ тілінің айдарынан жел есер еді. Әлемдегі ең ықпалды, ең тамыры терең, ең тарихы бай түркі тілдерінің бірі ретінде мүмкін санаулы әлемдік тілдердің қатарына да қосылар едік. Ол күн де Алла нәсіп етсе қазақтың маңдайына бұйырар!

Айнұр АХМЕТОВА, әдебиеттанушы:

–   Ұлт зиялысы түсінігін пайымдағанда «Тұтас Түркістан» идеясының авторы Мұстафа Шоқайдың келесі пікіріне сүйеніп жатамыз: «Оқыған, тәрбие көрген адамның бәрiн «зиялы» деп атап, оны сол адам өзi тән болған ұлттың «ұлттық зиялысы» қатарына қоса беруге болады деп ойласақ, сөзсiз қателесемiз. Бiздiңше, белгiлi бiр мұрат-мақсаттардың соңында жүрген және сол белгiлi мұрат-мақсаттар төңiрегiне жиналған оқымыстыларды ғана зиялы деп айтуға болады. Ұлттық зиялылар қатарына тек өз халқының саяси, экономикалық және әлеуметтiк дамуына қалтқысыз қызмет ете алатын адамдар ғана кiре алады. Зиялылардың мiндетi ұлы да қасиеттi болуы себептi өте ауыр». Бұл пікірмен толық келісуге болады.

Қазақ қоғамында әр кезеңде зиялылар өмір сүрді және өмірлік тәжірибеге назар салатын болсақ, Совет Одағында өмір сүрген зиялылар ұрпақтарының арасында ғана өз ана тілін білмейтіндер кездеседі. Біріншіден, мұны колониализм белгілерімен: орыстандыру саясатын кеңірек жүргізу үшін аралас мектептер мен орыс тілінде білім беретін мектептердің басымдығымен (Совет Одағында) байланыстыруға болады. Яғни, аралас мектеп делінгенмен, онда сабақтардан тыс коммукация орысша жүреді. Оған қоса, зиялылардың/жазушылардың жазбаларында да, ауызекі әңгімелерде де маңызды қалаларда қазақ мектебі өте аз болғаны айтылады. Қазақ тілінде білім беретін мектеп тапшы болса, біз қалай оларға ана тілінде сөйлеме(й)ді деп кінә артамыз? Олар сондай саяси кезеңде және сол жағдайда өсті. Өткенді қалпына келтіре алмаймыз. Бәлкім, ұлт зиялысының нағыз үлгісі жоғарыдағы пікірді келтірген Мұстафа Шоқай, Алаш зиялылары және балаларын қазақша оқытқан жазушы, әдебиет тарихын зерттеуші Мұхтар Мағауин сынды қаламгерлер болар…

Қаламгерлер де зиялылардың қатарына кіретіні сөзсіз. Өте жақсы әдеби шығармалар қалдырған жазушылардың кейбір ұрпақтары халық сүйіп оқыған әкесінің мұрасын қазақша түсінбейтінін айтып жатады. Бұл, әрине, бізді қынжылтатын көрініс. Оған қоса, кейде әдеби және ғылыми жиындарға қазақша бірауыз сөз білмейтін зиялылардың орыстілді ұрпақтары қатысады. Біз онда елдің болашағы, әдебиеттің келешегі, ел тәуелсіздігі жайлы айтып жатсақ, ол кісілер маған басқа әлемнен қазір ғана ортамызға тап болып отырғандай сезіледі. Бұл пікірімнің әдеби немесе ғылыми ортадағы қазақша түсінетін, ауызекі стильде қарым-қатынас жасай алатын, бірақ орыстілді ұрпақтарға қатысы жоқ.

Екіншіден, Совет Одағында (әсіресе, 1960 жылдардан кейін) орыс тілі қызметте алға ілгерілеудің, өсудің кілті саналғаны жасырын емес. Бұл қазіргі уақытта орыс тілімен қоса ағылшын тілін білуді артықшылық санайтынымыз іспетті. (Өз ана тілінде сөйлейтін қазақтардың шет тілдерін білуі өте маңызды екенін де айтып өткім келеді). Сол жылдарда ата-аналар саналы түрде балаларын орыс мектептерінде таңдап оқытқаны айтылады.

Үшіншіден, Совет Одағында білім беру мен ғылым саласындағы қажетті еңбектер орыс тілінде жазылғаны белгілі. Сондықтан сол кездегі ұрпақтарға орыс топтарында білім алған ыңғайлы болғаны сөзсіз. Соңғы жылдарда ғана қазақ тілінде сапалы кітаптардың орны ақырындап толығып келеді. Сонымен қатар, орыстілді кеңістіктің ұлғаюына тың игеру жылдарында сырттан көшіп келушілердің де ықпалы болды деп есептеймін. Түптеп келгенде зиялы қауымның ұлы мен қызының немесе жалпы қазақтардың белгілі бір бөлігінің өз ана тілінде сөйлемеуі отарлау саясатының әр салада тамыр жаюымен және Орталықтан орыс тілі арқылы басқарылуымен түсіндірілетін жағдай болса керек.

Жалпы айтқанда зиялылар ұрпағының қазақ тілін білмеуіне отарлық кезеңіндегі орыстандыру саясатының жоғарыдағы белгілері себеп болды деп есептеймін. Ал қазіргі уақыт зиялыларының ұрпақтары (бәрі болмаса да) өз ана тілін де, орыс тілін де жақсы меңгергені байқалады. Оларды өсірген зиялылар: ғалымдар, қоғам қайраткерлері, медиа саласының мамандары, қаламгерлер, т.б. Бұдан ауызша-жазбаша коммуникация, оның ішінде басқару жүйесі мен ғылым тілі қазақшаланғанда және жағрафияларда қазақылық кең қанат жайғанда қазақ тілінің қолданыс аясы артатынын байқай аламыз.

Abai.kz

0 пікір