Сәрсенбі, 25 Маусым 2025
Аласапыран 842 0 пікір 25 Маусым, 2025 сағат 13:31

12 күндік соғыс: Кім жеңді?!

Сурет: smotrim.ru сайтынан алынды.

Сонымен Израиль бастаған, АҚШ қостаған Орта Шығыстағы әлемді алаңдатқан кезекті қақтығыс тыншығандай болды. Нетаньяху мен Трамп әлемге жар салған парсы билігін атомсыздандыру операциясы өз дегеніне жетті ме?

Израиль мен Ақ үй басшысы өздерінің жеңісіне сенімді.

Нетаньяху: «Жоспарлы шабуыл қатесіз деген мақсатына жетті, Ираннан келетін зымыран соққысы мен атом қаупі де жойылды», - деді.

Трамп та өзінің арқасында, АҚШ әскерінің құдыреттілігінің арқасында: «Иран ислам билігін атом құрылғыларынан жұрдай қылдық», - дейді.

Иран тарабы да жұрт ойлағандай жеңілісін мойындап отырған жоқ. Бұлар да: «Кәпірлерді тәубесіне келтірдік, бетін қайтардық», - деп отыр.

Әлемдік сарапшылар бұл жолғы соғыста Иран, Израиль, АҚШ – үш тараптың қайсысы жеңді, қайсысы жеңілді, деген сұраққа қызу пікірлесуде. Соғыс шығыны тұрғысынан Иран жеңілді. Израиль бірден әуе қорғанысы мен зымыран жүйесін ілікке алғысыз етіп, стратегиялық тұрғыдан басымдыққа ие болды. Бірақ Иран да қарап қалған жоқ. Қарымта соққы жасап үлгерді.
Нетаньяхудың ертегісіне сенген жөйттер жер астына тығылып, әуе соққының қандай болатынын шынайы сезінді. 20 айдан бері соққының астында келе жатқан күнәсіз Газа жұртының кебін киді. Ал Иранның АҚШ әскери базасына жасаған шабуылынан ештеңесі қираған жоқ.

Бұл жолғы Израиль бастаған соғыстың басты себебі Нетаньяху ойлап тапқан Иран ислам билігінің бірер айда ядролық оқтұмсықтар өндіруге шақ қалғаны делінген еді. Трамп та онымен сыбайлас болды.

Мәселеге соғыс мақсатына жетті ме, Иранның жер астындағы уран байыту қондырғылары бүкілдей қирап, атом бомбасын жасау арманы күлге айналды ма, деген сұрақ тұрғысынан қарасақ Израиль мен АҚШ Иранды жеңе алмады.

Американың солшыл басылымдары Ақ үй мен әскери сарапшылардың қортындысына сүйеніп, бұл жолғы шабуылдың Иранның атом қондырғыларына айтарлықтай нұқсан келтіре алмағанын, бірер айда қалпына келтіруге болатын қиындықтар тудырумен ғана шектелгенін жазуда. Жасанды жер серігінен түсірілген суреттерде Иранның 19 ядролық оқтұмсық жасауға жеткілікті делінген 60 пайыз байытылған уран қорының басым бөлігін құпия орындарға жөткеп үлгіргенін көрсеткен.

Ал Иранның диктатор билігін аударамыз деп даурыққан АҚШ пен Израильдің «ондай ойымыз болған жоқ» деп, өз айтқанын өзі жоққа шығарып, неге шегінді?

Бұның жауабы - экономикалық факторға байланысты екені анық. Иранның әлемдегі мұнай мен газ тасымалының 20 пайызы өтетін Ормуз бұғазын жабуға шешім қабылдауы – стратегиялық шешім болды.

Нетаньяху мен Трамп озық қаруын айтып мақтанғанымен, оның ауадан жасалмайтыны анық. Мақсатарына жету үшін миллиардтаған доллар жұмсады. Оның бәрі экономикаға салмақ. Экономика кері кетсе халықтың сеніміне селкеу түседі. Бұның белгілері Ираннан бұрын Израиль мен Америкада анық байқалды. Иран президенті атап өткендей бұл жолғы соғыста жөйіттердің ақпараттық шабуылына ермеген, жойқын қаруынан қаймықпаған, ел шетіне жау келгенде бірлігін жоғалтпаған Иран халқы жеңді.

Abai.kz

0 пікір